ҮЙТЕНТЕК сын. Мінезі шәлкес, еркетотай. Қазан бұзар, үйтентек толып
жатыр, Қайратымды бар дұшпан, алыс білсін (Қозы Көрпеш.).
686.
ҮЙІРГІШ сын. Үйіріп әкеткіш, өзіне тартқыш. Кезсем де әлемнің қай қиырын
мен, Күндіз-түн кетпейсің бір бүйірімнен, Тартасың түу қияннан мені өзіңе, Үйіргіш
лебің күшті пірімнен (С.Сейітов, Жаңғырық). Бір қалтасында көкала қағаз, екінші
қалтасында шокалад, кәмпит секілді тіл үйіргіш тәттілер толып жүретін (О.Сәрсенбаев.
Сағым.).
687.
ҮЙІРСЕК ауыс. Кісіге, іске жақын, үйір, бауырмал (адам). Жиырмаға биыл
ғана іліккен Гауһардың өзімсінген, сенген адамдарына үйірсектігі, оларға түгелдей
ашықтығы маған мәлім (Ә.Тәжібаев, Жданов әңгімелері). Ол жұрттың бәрімен тез тіл
таба кететін үйірсек жан еді (С.Мәуленов, Шыңдағы шұғыла). Қыз атаулы шешеге
үйірсек келеді ғой (О.Сәрсенбаев, Сағым.).
688.
ҮЙІРШІЛ сын. Үйірін, тобын іздегіш, үйірқұмар. Мен де жел көңіл, үйіршіл
жанмын, мінезім ұқсас жылқыға, Аузыңда мойным, аузыңда жалым, Теп мейлі мені,
жұлқыла! (Е.Ибрагим, Жас ғұмыр). Қойлар көнбісті, үйіршіл дағдысынан жаңылып
дегеніне көнбейді (Т.Ахтанов, Дала сыры). Мен қазақпын – Үйіршіл үнімде қараша
қаздай қиқу бар. Ежелден елмін дос пейіл, Дастарханымда сиқыр бар (Е.Ибрагим, Жас
ғұмыр.)
689.
ҮЙІРІЛГІШ сын. Үйірілуге құмар, үйірілімпаз. Үрейдің бұлты да тез үйірілгіш
келеді (Ә.Әбішев, Сәуле.). Жастар да оның төңірегіне үйірілгіш болатын («Білім және
еңбек»). Кептерлер менен гөрі Арыстанды іш тартатын тәрізді. Төбет көсіліп шуақ
өтіне жата кетсе-ақ соның маңына үйірілгіш, топырлағыш (М.Қабанбаев, Кермек дәм).
690.
ҮЙІРІМДІ сын. 1. Үйіріп әкететін, орамды, жанасқыш. Сақина көзінен
өтердей үйірімді, қу аяқ жеңгетайдың орайы келмей жүрген-ді (М.Сүндетов, Құмда.).
Ол үлкен-кішіге бірдей жанасқыш, үйірімді кісі (З.Қабдолов, Жалын.). 2. Орамды,
жағымды. Жұрттың артын ала, Мұқаң сөйледі, оның байсалды, үйірімді қоңыр үні
құлағымда (С.Мәуленов, Үркер.).
691.
ҮЛГІЛІ сын. 1. Өнегелі, тәлім-тәрбиелі. Мал баққан шаңды аяқ нәсілсізден
Қоясың есіктегі құлыңды әкім. Үлгілі қасиеті болмаған соң, Табылсын қай жерінен
білім, ақыл (Кердері Әбубәкір, Қазағым.). Сондықтан біз әрбір үлгілі өмірден талант
іздейміз, әсіресе жиырма-ақ жаста дүниеден қайтқан Бернияздың өмірінен үлгі іздеу,
әрине, қисынсыз (М.Жұмабаев, Шығ.). Һәр елді өз көзіммен көрейін деп, Себеп боп
мұталиғам ашылатын. Үлгілі жақсылардан өрнек алып, Мақсұдпен арттыруға
мәғрифатым (М.Дулатов, Шығ.). Бұл өмірдің қызығы махаббатпен Көрге кірсең үлгілі
жақсы атақпен, Арттағыға сөзің мен ісің қалса, Өлсе де өлмегенмен боласың тең (Абай,
Тол. жин.).
692.
Достарыңызбен бөлісу: |