ҚУЛЫҚШЫ зат. сөйл. Қу, айлакер, алдамшы, қулықшыл адам. Қулықшы
Досмағамбет мені тағы бір айтысқа салып жіберді (С.Мұқанов, Менің мектеб.). Балуан да,
домбырашы да, әнші де, қулықшы да болған Қауқарды атқа мінген шағында Айғаным
атқосшы ғып қасынан тастамайды екен (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз).
611.
ҚУЛЫҚШЫЛ сын. Қу, айлакер, тәсілқой, алдамшы. Алдар көсе кісінің ойыншы,
қулықшыл, келемежшіл болатынын көрсетеді (С.Сейфуллин, Шығ.). Парикмахер
қолтоқпақтай ғана денелі, бүкіштеу, өзінен мұрны мен мұрты үлкен, кішірек шүңірек көк
көзді, қулықшыл шал екен, өзі қазақшаға судай (С.Мұқанов, Балуан Шолақ). Оның осы
қылығын қалт жібермей бақылап отырған қулықшыл бір құрдасы басына келді де, малдас
құра жайғасып, «Зәуреш» әніне сала өлеңдете жөнелді (М.Хасенов, Алғашқы.). Бұрынғы
Семей уезіне қарасты Мұқыр болысының адамы Рахымберлі деген ойыншы, өлеңші,
өнершіл, қулықшыл, тапқыр болған деседі (Шопан серігі).
612.
ҚУШЫКЕШ сын. Қу, айлакер, күлдіргі. – Бізде шофер көп, машина жоқ, әйтпесе біздің
Әукен де үш жыл оқып алған правосы қалтасында тұр, – деп қалды бір қушыкеш жігіт
(С.Досымов, Директор.). Қушыкеш шал қазақшаға судай екен. Тек кейбір дыбыстарды
бұзғаны болмаса, мүдірмейді (Қ.Мұханбетқалиев, Тоғай.).
613.
ҚУЫС БАС Ақылсыз, мисыз, топас. Айтамын мұны жастарға, Таза арақ ішкен
мастарға, У ішіп, қулық жинаған, Айтпаймын қуыс бастарға (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Шоқанның Омбыда қуыс бастар тобына қоспайтын екі-ақ чиновнигі бар: бірі – Майдел,
екіншісі – Гутковский (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз).
614.
ҚУЫС КЕУДЕ 1. Қолынан ешнәрсе келмейтін, бос; дәрменсіз, жігерсіз. Ал өзіңізді
жұрттан ала бөтен қуыс кеуде, топастардың қатарына қоссаңыз, ерік сіздікі (К.Тоқаев,
Түнде.). – Ажарына қызығып алды-артымды байқамаппын. Сезімі, мейірімі жоқ қуыс
кеуде екен (Т.Ахтанов, Боран). Жүйрікпін қара өлеңге желмейтұғын, Қырандай ұшқан
сайын өрлейтұғын. Жел өкпе, қуыс кеуде мақтаншақты, Мен болам қара өлеңмен
емдейтұғын (Қара өлең). – Жоқ! – Кесенің түбі столға тақ етті. – Сізді кетіреді. Бізге
сандалбай қуыс кеуделердің керегі жоқ (М.Мағауин, Өмір жыры). 2. Су жүрек, қорқақ.
Әзберген қырсық мінезді, қыршаңқы тілді болғанмен, қуыс кеуде қорқақтың бірі болатын
(М.Әуезов, Қараш.).
615.
Достарыңызбен бөлісу: |