Оқыту әдістерін топтастыру
Оқыту әдістері қолданылу мақсаттарына қарай әрі олардың атқаратын қызметтері тұрғысынан бір-біріне принциптік ұқсастығы бойынша төмендегі үш түрге топтастырылады.
1. Оқу процесін ұйымдастыру әдістері.
2. Оқушылар үйренетін білім көздерінің әдістері.
3. Нақтылы оқу міндеттерін белгілейтін әдістер.
Оқу процесін ұйымдастыру әдістері. Бұл топқа мына әдіс енеді: 1) Мұғалімнің оқу материалын өзара байланысты түрде баяндау әдісі; 2) Мұғалімнің оқушылармен жүргізетін әңгіме әдісі; 3) Мұғалімнің басшылығымен жүргізілетін оқушылардың өзіндік жұмыс әдісі.
Осы әдістерді қолдана отырып сабақ материалы бойынша жұмыс жүргізгенде, мұғалім мен оқушылар арасындағы педагогикалық қарым-қатынас әрі кері байланыс амалдары ұштастырылады, сонымен бірге ұстаз бен шәкірттер арасындағы жұмыстардың бірлігі айқын көрініс береді. Аталған әдістердің маңыздылығы тап осында.
Оқу жұмысын ұйымдастыру методтары тобындағы әдістер қазіргі мектеп тәжірибесінде кең тараған. Сондықтан қай пәннің мұғалімі болсын және қай сыныпта сабақ жүргізсін, ол осы әдістерді қолданады. Мұғалім оқу процесінде оқушылардың жасына әрі даярлық дәрежесіне, сондай-ақ тақырып бойынша сыныппен жасалатын жұмыстың кезеңдеріне, сабақтың нақтылы міндеттеріне қарай бұл әдістердің ең тиімді дегендерін пайдаланып отырады.
Баяндау әдісімен сабақ түсіндіргенде мұғалім жоғары немесе орта буын сыныптарда оқушылардың таным қабілетінің даму деңгейінде оқу материалының мазмұнын белгілі шамада кеңейте баяндауы мүмкін. Мұны бастауыш сыныптарда істеуге болмайды, бұл олардың психологиялық ерекшеліктеріне байланысты.
Әңгіме әдісі – бастауыш сыныптарда қолданылатын әдістердің ең негізгі түрі. Бұл әдіспен сабақ жүргізгенде, мұғалімнің сұрағы мен оқушылар жауабы түрінде диалог пайда болады. Осы кезде оқу материалының мазмұны ашылады, оқушының түсіну дәрежесі айқындалады. Оның үстіне оқушыларды сабақта еркін сөйлеу процесіне қатыстыру арқылы тіл байлығын жетілдіру мақсаты жүзеге асырылады. Әңгіме әдісін қолданғанда мұғалім сұрақ қоюға ерекше көңіл бөледі. Сұрақ қысқа да түсінікті, қызғылықты және методикалық жағынан дұрыс құрылған болуы керек. Өйткені жете ойластырылмаған сұрақ балаларға қиындық келтіреді. Сондықтан сұрақ қоюға аса жауапкершілікпен қараған жөн. Әңгіменің тартылымдылығын арттыру жағы да ойластырылады.
Қазіргі кезде оқушылардың өздігінен орындайтын практикалық жұмыстарын ұйымдастыруға елеулі мән беріледі. Оқушылар өзіндік жұмысты орындау барысында жеткілікті дағды алуға тиіс. Әр оқушы өзінің қандай тапсырманы орындайтынын, нені тындыратынын және қандай тәсілдерді қолданатынын білгені дұрыс. Сонда ғана оқушының еңбегі нәтижелі болады. Оқушылардың өздігінен орындаған сынып жұмысы сол бойда-ақ тексеріліп, жіберілген қателер ұқыпты түрде түзетіледі әрі себептері түсіндіріледі. Оқушының өз бетімен орындаған жұмысының сапалы болуына мұғалімнің көмегі және оқушылардың өзін-өзі тексеру әрекеті елеулі ықпалын тигізеді.
Ескеретін бір методикалық мәселе – жоғарыдағы әдістердің біреуі сабақ процесінде басым роль атқаруы мүмкін. Солай екен деп әдіске ерекше артықшылық беріп, сабақтың басым, көп уақытын сол әдіс арқылы ұйымдастыру сабақ сапасына нұқсан келтіреді. Ондай сабақтан, әсіресе төменгі сыныптарда, тиімді нәтиже шығуы екіталай. Сабақтың бір сарынды жүргізілуі оқушыларды жалықтырады, енжарлық сезімге бөлейді.
Достарыңызбен бөлісу: |