Білім көздерінің әдістері. Оқыту әдістерін оқушылар алатын білімнің қайнар көздері бойынша топтастырғанда, оған сөздік әдісі, көрнекілік және практикалық жұмыс әдістері енеді. Ал, бұл әдістердің өз ішіндегі бастауыш сыныптардағы қазақ тілін оқыту сабақтарында пайдалануға ең қолайлы деген түрлері іріктеліп алынады. Әйтпесе, сөздік әдісінің бірі лекцияны төменгі сыныптарда қолдану жас балалардың ақыл-ойының даму деңгейіне : білім қорына, практикалық тәжірибесіне мүлде лайық келмейді, сол себепті бірінші – үшінші сыныптарда сөздік әдісінің ішінде мұғалімнің түсіндірмесі, оқулықпен жұмыс істеу түрлері ғана қолданылды.
Ал, көрнекілік әдіс түрлерін қолданғанда методикалық шеберлік керек. Мұнда көрнекіліктің көбіне заттық бейнелі түрін, қала берді символды көрнекіліктің ішінде таблицаны пайдаланған тиімді. Ондай таблица әрі ықшам, әрі негізгі тілдік деректерді тануға қолайлы етіліп өрнектеледі.
Мұғалім тақта бетінде сабақ материалын баяндап білім беруімен бірге, сол тақтаны ұқыпты пайдаланатын шеберлігімен, көзтартарлық көркем жазуымен оқушыларға үлгі-өнеге көрсетіп, оларды іскерлікке тәрбиелейді. Сонымен бірге тұтас сыныптың және әрбір оқушының көңіл-күйін қалт еткізбей, қадағалап отырады, дер кезінде көмек көрсетеді. Көрнекілік әдісімен бірге сөздік әдісін қолданып, оқушылардың оқып үйреніп отырған материалды дұрыс түсінуіне бағыт береді.
Практикалық әдіс бойынша, негізінде, ауызша және жазбаша жаттығу жұмыстары орындалатыны белгілі. Мұғалім бұл әдісті қолданғанда, әлбетте, әр сыныптың тұрақты оқулықтарындағы практикалық жұмыстарға арналған тапсырмалардың шарттарын орындатады. Мұғалім бұл арада ең алдымен, сол тапсырманың мазмұнына, оның тіл құбылысын қаншалықты аша түсетініне зер салады. Оқулық материалына осылайша сын көзімен қарау мұғалімді бірқатар олқылықтан, тіпті ықтимал қателіктерден сақтандырады. Соның нәтижесінде оқушыларға әрі дұрыс, әрі айқын ұғым беріледі. Екіншіден, практикалық жұмыс тапсырмаларын орындау шарттары бақылауға алынады. Бұл жағдайда оқушылардың тәжірибелік жұмысы бір сарынды қалыпқа түсіп кетпеуі қадағаланады. Демек, тапсырмалардың орындалуы оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға тиімді әсер етерліктей етіледі.
Сөз болып отырған әдістер тобында сөздік әдіс жетекшілік роль атқарады. Көрнекілік әдісімен не практикалық әдіспен сабақ жүргізгеннің өзінде де сөздік әдіс пайдаланылмай қалмайды. Өйткені тілсіз, сөзсіз, түсінік берілместен практикалық жұмыс орындалмақ емес.
Достарыңызбен бөлісу: |