Кеңестік тарихнама. Ресейлік тарихи ғылымның дамуының кеңестік кезеңі кедендік іс пен кедендік саясат мәселелеріне қызығушылықтың жоғалу кезеңі ретінде сипатталады. Бұл бұрыңғы протекционисттік үлгіні түбегейлі бұзу мен сыртқы сауданың монополиясының орнауымен түсіндіріледі. Жеке меншік пен жеке сауда мәселелеріне біржақты жағымсыз көзқараста болған кеңестік идеалогия сауданы реттеу мен бақылаудың құралы болған кедендік институттардың да рөлін төмендетуге тырысты. Сыртқы сауда іс-әрекетін реттеу кедендік саясат саласынан тыс жүзеге асатын қарапайым басқарушылық процедураға айналды. Ал кедендік бақылаудың функциялары жолаушыларды, жүктерді өткізу мен бақылау-инспекторлық қызметтерді атқарумен шектелді. Ғылыми көзқарас тұрғысынан кеңестік мемлекеттің кедендік саясатының болуы туралы сұрақ қою мағынасыз деген тұжырыммен де келіспеуге болмайды. Шартты түрде кедендік саясат пен кедендік іс мәселелеріне арналған кеңестік тарихнаманы үш кезеңге бөлуге болады: 1 кезең – 1917-1930-шы жылдардың ортасы аралығы; 2 кезең – 1930-шы жылдар ортасы мен 1950-ші жылдардың ортасы; 3 кезең – 1950-ші ортасы мен ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының аяғы.
Кеңестік тарихнаманың бірінші кезеңі Қазан төңкерісі нәтижесінде ел басқаруға қол жеткізген жаңа мемлекеттік биліктің революцияға дейінгі кедендік органдар жүйесіне және кедендік іс тұжырымдамасына күдікшілікпен қарауымен сипаталды. Сыртқы саудадағы мемлекеттік монополия туралы лениндік идеяларды жүзеге асыру кедендік қызмет пен кедендік іске жағымсыз қатынастың орын алуына әкелді. Кедендік-тарифтік реттеуге жол берілмей, кедендік бақылау жүйесі қосалқы құралға айналды. Тіпті кедендік мекемелерді жабу туралы ұсыныстар да болды. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы ЖЭС-қа көшу кедендік жүйенің белсенді құрылымдық дамуына әкеліп, кедендік-тарифтік істі қалпына келтіру қажеттілігін тудырды. Алайда, ЖЭС-ты жоққа шығарып, елдегі әміршілдік-әкімшілдік жүйенің күшеюіне қарай кедендік жүйенің маңызы да төмендейді. Осының барлығы кедендік іске арналған ғылыми жұмыстар көлемінің қысқаруын, кедендік саясат мәселелеріне арналған ғылыми басылымдар санының аз болуын түсіндіреді [29, 10-11бб.]. 1924 жылы Н.Н. Шапошниковтың қайта басылған «Протекционизм және еркін сауда» (1915 жыл) монографиясымен қатар оның кеңес мемлекетінің сыртқы сауда саясатының жол салушысы ретінде протекционизм саясатын тарихи негіздеуге тырысқан «Революцияға дейінгі және одан кейінгі Ресейдің кедендік саясаты» атты кітабы жарық көрді [30].
20-шы жылдары революцияға дейінгі кезеңнен кедендік саясат мәселелері бойынша еңбектерімен белгілі ғалымдар белсенді зерттеу қызметтерін жалғастырды. 1928 жылы Н.Н.Шапошников, И.М.Кулишер, М.Н.Соболев және тағы басқалардың қатысуымен ұжымдық монография атағына сай «Экономика және сыртқы сауда саясаты» атты ғылыми еңбек жарық көрді. Онда экономикалық мағынадағы мақала-бөлімдермен қатар Англия, Германия және революцияға дейінгі Ресейдің сыртқы сауда саясатына арналған бөлімдер енгізілген [31]. 1933 жылы Қытай мен Жапонияның кедендік саясатына арналған жеке мақалалар бар «Шығыс елдерінің кедендік саясаты» атты мақалалар жинағы жарық көрді. Бүгінгі күнге дейін өзінің түрі жағынан ерекше, жалғыз болып келетін басылымда көп дәрежеде халықаралық экспансия әсерімен дамып келе жатқан Шығыс елдерінің кедендік саясатының спецификасы туралы тарихи материал жүйеленді [32]. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы барлық ғылыми публикациялар тарихнаманың «бұрынғы мектебіне» сай академизм мен теорияға ерекше назармен сипатталады. Тарихи экскурс қазіргі кедендік саясаттың негізгі формаларының эволюциясы мен генезисін байқауға көмектесе отырып, қосымша рөл атқарады. Әрине, ресейлік кедендік саясаттың аймақтық нұсқаларының мәселелері бұл еңбектерде қарастылмаған. Осыған қоса, 1922-1927 жылдары Мемлекеттік кеден басқармасының бастығы болған А.И. Потяевтың теориялық еңбегін, А.П. Винокурдың кедендік іс туралы зерттеуін атап өткен жөн [33-34]. А.И. Потяев кедендік-тарифтік саясатты сыртқы сауда монополиясының құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, оған қосалқы рөл бөледі. Біршама қызығушылықты Ресейдегі кедендік істің тұрақталу үдерісін еуропалық елдердегі аналогиялық үдеріспен байланыстырып қарастырған И.М. Кулишердың еңбектері де тудырады [35-36].
Кеңестік тарихнаманың екінші кезеңі кедендік іс мәселесін зерттеу үшін ең қолайсыз кезең болды. Бұл тарихи ғылымның жағдайымен және кедендік құрылымдардың өзінің маңызды функцияларын жоғалтып, фискалдық мекемелер рөлін атқаруды тоқтатуымен байланысты болатын. Осы кезеңде кедендік мәселелер бойынша зерттеу белсенділігі төмендеді. Кеңестік тарихшылар кедендік саясат пен кедендік құрылымдар тарихын зерттеуге өз үлестерін қосты, алайда, жоғарыда аталғандай олар көбінесе, сауда мәселелері аясында өрбіді, яғни, арнайы кедендік мәселелерге арналған ғылыми зерттеу жұмыстары аз еді. Олардың арасында ерекше – С.А. Покровскийдың монографиясы – марксисттік методология негізінде жазылған ресейлік кедендік саясат бойынша алғашқы зерттеу жұмысы болды [37]. «Сыртқы сауда саясаты» түсінігін пайдалану сыртқы сауданың монополиясы жағдайында өзінен-өзі заңды болып келеді. Сыртқы сауда саясаты кеңестік мемлекеттің сыртқы экономикалық саясатының бөлігі ретінде, ал оның тарихы «Ресейдің өзінің экономикалық тәуелсіздігі үшін күресі тұрғысынан» сарапталды [37, 3б.].
Кеңестік тарихнаманың үшінші кезеңі ресейлік және отандық тарихшылар тарапынан мәселеге біршама қызығушылықтың жандануымен ерекшеленді. Ресейлік кедендік саланың жалпы тарихына байланысты зерттеулермен қатар кедендік сала тарихын шолып өтетін қиылыстық бағыттарда да зерттеулер жүргізілді. Кедендік сала тарихы орыс-қытай экономикалық, дипломатиялық байланыстары, патша үкіметінің сауда саясатының тарихы, шекаралық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму тарихы, патша үкіметінің және Цинь биліктерінің Орта Азиядағы геосаяси қарым-қатынастары аясында қосалқы түрде өрбіді.
Ресейдің Қытаймен шекара бойындағы кедендік саясатының кейбір тұстары ажыратылған тарихи зерттеулердің жеке бағыты – екіжақты орыс-қытай экономикалық байланыстарының тарихы бойынша зерттеулер болып табылады. Кедендік мәселелерді ең көлемді қарастырған М.И. Сладковскийдың зерттеуі болып табылады. Сауда-экономикалық байланыстар мәселелерін ол кең хронологиялық шеңберінде - XVII ғасырдың басынан 1917 жылға дейінгі аралықта қарастырады [38]. Сыртқы сауданың статистикасының негізінде ол алғаш рет екіжақты қатынастар қарқынын көрсетіп, XVIII-ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы орыс-қытай саудасын реттеуге қолданылған ресейлік тарифтер сипаттамасын береді. Орыс-қытай келісімдері мен Құрлықтық сауда үшін ережелердің оқырман үшін қол жеткіліксіз және бейтаныс мәтіндері осы кітапта қосымша мәліметтер ретінде берілгені оның маңыздылығын көрсетеді.
М.И. Сладковский еңбегінің құндылығы тек оның Қытайға деген қызығушылығының академиялық сипатта болуында ғана емес еді. Оның зерттеу жұмысы Ресей мен Қытай арасындағы екіжақты қатынастар мәселелерін кейінгі зерттеуге маңызды әсер еткен. Шетінен бұл әсер ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы Ресей мен Қытай арасындағы экономикалық қатынастар тарихына арналған Г.Н. Романованың зерттеу жұмысында сезіледі [39].
ХХ ғасырдың 70-80 жылдары кедендік мәселе тарихи елтануда да көрініс тапты. Бұл ретте ең алдымен О.Е. Непомнинның Қытайдың экономикалық тарихы бойынша арнайы еңбектерін атап өту қажет [40-41]. Дәл осы еңбектерде ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қытайлық кедендік жүйенің ерекшеліктері, Қытайдың кедендік табыстарына шетелдік бақылаудың орнауы және оның кедендік автономия дәрежесін жоғалту үдерістері көрсетілген.
ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдарының аяғында Орта Азиядағы халықаралық байланыстар, геосаяси мәселелеріне арналған Н.А. Халфинның «Политика России в Средней Азии», Б.П. Гуревичтың «Международные отношения в Центральной Азии в XVII - первой половине ХІХ века» еңбектері жарық көрді [42-43]. Осы жұмыстарда Ресей, Қытай және Англияның Орта Азияда шоғырланған геосаяси мүдделері кеңінен талқыланып, оның қатарында сауда саясатының қарама-қайшы үдерістері сипатталады.
Осы кезде әлеуметтік тарихты, таптар, партиялар және қоғамдық қозғалыстар тарихын зерттеуге назар күшейді. Ресейлік зерттеушілердің бірқатар еңбектерінде өнеркәсіптік саясат, оның қалыптасуына және басымдықтарды анықтауға әртүрлі әлеуметтік күштердің әсері мәселелері көтерілді. В.Я.Лаверычевтың еңбегінде орыс буржуазиясының және жеке өнеркәсіптік топтардың кедендік саладағы мемлекеттің саясатына әсері мәселелері көтеріліп, кедендік реттеу саласындағы өнеркәсіптік топтар үшін тиімді шешімдерді қабылдау механизмдері берілген [44]. Осының барлығы ХХ ғасырдың басындағы қызығушылық тудырған мәселелерге қайта оралуды білдірді.
Кедендік саланың теоретикалық зерттеулері оның тариха да біршама назардың аударылуына әкелді. Бұл бағытта Ю.И. Зелинский, Л.Н. Марковтардың жұмыстарын атауға болады [45-46]. Кедендік құқықбұзушылықтың бір түрі ретінде контрабанда мәселесін зерттеуге Б.М. Угаровтың монографиясы арналған [47]. Автор контрабанданың туындауы мен дамуын мемлекеттің енгізген шектеулері мен кедендік бөгеттеріне қарсы бағытталған әрекет ретінде бағалап, осымен қатар кедендік қызмет пен кедендік заңнаманың қалыптасу мен даму тарихы беріледі. Л.Н. Марковтың қысқаша тарихи жұмысын ерекше бөліп көрсетуге болады. Зерттеу жұмысында құқықтық тұрғыдан тарихи материалдар негізінде Ресейдің кедендік қызметтің қалыптасу мен дамуын сараптаудың алғаш талпынысы жасалды.
Орыс-қытай сауда-экономикалық байланыстар тарихнамасының бір ерекшелігі – екі еле арасында саудадағы басты сауда бағыты болған Кяхта саудасы мен Кяхтадағы сауда-кедендік мәселелерге арналған зерттеулер басымдық танытты. Аталған зерттеулер орыс-қытай қарым-қатынастарының жалпы, ортақ тенденцияларын анықтау, салыстырмалы түрде сауда бағыттарының маңыздылығын айқындау үшін қажет. Кеңестік кезеңде осы бағытта Е.П. Силин, Н.Е. Единархова, Ш.Б. Чимитдоржиев, А.Н. Хохлов және тағы басқалар зерттеулер жүргізді [48-52].
Осы кезеңдегі отандық тарихнамада да жалпыкеңестік тарихи ғылымға ортақ үдерістер жүріп жатты. ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарындағы аймақтық экономикалық мәселелерге қызығушылықтық өсуі В.С. Кузнецовтың, Э.М. Мамедованың зерттеулерінің туындауына негіз болды [53-54]. ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы патша үкіметінің өлкедегі сауда саясаты, орыс-қытай қарым-қатынастары, керуендік сауда тарихы, аймақтық тарих мәселелері секілді отандық тарихтың көкейсекті мәселелеріне арналған еңбектер жарық көрді. Қазақстандағы Батыс Қытаймен шекарадағы кедендік мәселелер Ж.Қ. Қасымбаевтың, Н.А. Алдабекованың мақалары жарық көрді [55-58].
Ерекше атап өтетіні 80-ші жылдардың аяғында Ж.Қ. Қасымбаевтың «Семипалатинский таможенный округ в системе торговли России с империей Цин в 90-е годы XIX века» атты мақаласы Батыс Қытаймен шекарадағы кедендік істі зерттеу объектісіне айналдырған алғашқы мақалаға айналды [59]. Автор Қазақ КСР-ның Орталық мемлекеттік мұрағатының тың деректерін алғаш рет айналымға енгізе отырып, өлкедегі кедендік құрылымдарды ұйымдастыру үдерісін, олардың қызметінің деңгейін және орыс-қытай саудасындағы рөлін айқындауға тырысады. Дәл осы мәліметтер кеңестік кезең тарихнамасының соңғы кезеңдерінде Ж.Қасымбаевтың Шығыс Қазақстан қалаларының тарихына арналған «Города Восточного Казахстана» атты еңбегінде сауда тарихын зерттеу барысында жарық көрді [60]. Қасымбаевтың зерттеулерімен қатар, Шыңжаңдағы 1871-1881 жылдардағы саяси жағдайға қатысты орыс-қытай қарым-қатынастары аясында сауда мүдделерін қозғайтын А.К. Сүтееваның ғылыми диссертациясы шықты [61].
Кеңестік тарихнаманы сараптай келе, кедендік сала тарихы ғалымдардың зерттеу объектісіне айналған ірі еңбектері туындаған жоқ, ал оның ішінде Қазақстан территориясында кедендік істің тарихы аймақтық орыс-қытай саудасының тарихын зерттеу тұрғысынан қозғалып, арнайы зерттеу жұмысының объектісіне айналмады деген қорытынды жасауға болады.
Тәуелсіздік кезеңіндегі тарихнама. Тәуелсіздік жылдарындағы тарих ғылымындағы кеңестік идология мен таптық көзқарастан арылу ХІХ ғасырдағы Ресейдің Қазақстандағы жүргізген саясатына объективті баға беру қажеттілігін тудырды. Осы кезеңде әкімшіліктік институттар тарихына арналған Б.М. Абдрахманованың еңбегі жарық көреді [62]. Елдегі экономикалық өзгерістер, Қазақстанның нарықтық қатынастар жүйесіне өтуі ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы экономикалық тарихқа ерекше назардың өсуін білдірді. Тәуелсіздік жылдары осы бағытта Қ.Ж. Абиловтың кәсіпкерлік тарихына арналған еңбегі жазылады [63]. Кедендік іс пен кедендік саясат тарихына қызығушылық оның алдына мемлекеттің қойған міндеттерімен анықталды. Кедендік органдардың қызметін толық қалпына келтіру, қазынаның кірістік бөлігін толықтыру бойынша оның жүзеге асыратын ерекше рөлі – осының барлығы Қазақстандағы кедендік іс пен кедендік саясат тарихы мәселелеріне белсенді қызығушылықты тудырып, оның жеке мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерттеудің қажеттілігін жоғарылатты. Алайда, кедендік істің тарихы осы күнге дейін ғылыми негізге қойылған ірі зерттеулердің объектісіне айналған жоқ. Кеңестік кезеңде басталған Ж.Қасымбаевтың Ресей империясы мен Қытай арасындағы Шыңжаң арқылы сауда байланыстары бойынша зерттеулері отандық тарихымыздың жаңа кезеңінде де жалғасты. Ғалым кедендік мәселелерге арналған ізденістерін «Казахстан – Китай: караванная торговля в ХІХ – начале ХХ веков» атты еңбегінде жариялады [64]. Осы еңбекте автор кедендік сала бойынша аймақтағы оның туындауының объективті және субъективті себептерін анықтап, Семей кедендік аймағының орыс-қытай саудасындағы қызметін сипаттайды. Орталық мемлекеттік мұрағаттағы жинақталған №800 қордағы, сонымен қатар №64 қорлардың деректерді, Петербордағы Ресей мемлекеттік тарихи мұрағаттың, Омбы облысының мемлекеттік мұрағатының деректерін кеңінен ғылыми айналымға енеді. Алайда, автордың зерттеу объектісі кедендік саланың қалыптасуы мен дамуы болмағандықтан, мәселе автордың еңбектерінде шолу ретінде көтеріледі. Бірақ осыған қарамастан, өлкедегі кедендік саланың қалыптасуы мен дамуының тарихын зерттеген алғаш дарынды ғалым Ж.Қ.Қасымбаев мәселені зерттеуге негіз салып, болашақ зерттеудің бағытын, негізгі мәселелерін айқындап берді. Ж. Қасымбаевтың еңбектерімен қатар Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі тарихнамасында қазақ даласы арқылы орнаған орыс-қытай сауда байланыстары аясында зерттеулер де туындаған болатын. Олардың негізгілері – С.Б. Кожированың және В.В. Галиевтың зерттеулері еді [65-66]. Егер де бірінші ғалымның «Российско-китайская торговля в Центральной Азии (Вторая половина ХІХ- начало ХХ вв.)» атты еңбегінде Ресейдің Батыс Қытайдағы сауда мүдделері және оның орыс-қытай келісімдерінде орын алу мәселелері қарастырылса, В.В. Галиевтың «Казахстан в системе росийско-китайских торгово-экономических отношении в Синьцзяне (конец XIX - начало XX вв.)» атты зерттеу жұмысында өлкедегі кедендік саланың қалыптасуы мен дамуының тарихына бір бөлімше арналады. Автор Ж.Қ. Қасымбаевтың алдыңғы кездегі тәжірибесіне негізделе отырып, мәселенің ауқымын кеңейтуге тырысады. Ол 1899 жылы кедендік жүйені қайта құру үдерісіне басым назар аударып, мәселе бойынша ғылыми айналымға бірқатар еңбектерді қосады. Алайда, В.В. Галиевтың зерттеу бағыты мен объектісі кедендік сала мен саясат мәселелері болмағандықтан, оның сауда мәселелеріне арналған еңбегінде кедендік мәселелер жанама түрде қозғалады. Қазақ-қытай қарым-қатынастары аясында өзара экономикалық байланыстар тақырыбын көтерген Н. Мұхаметханұлының еңбегін, Орта Азиядағы қытай дипломатиясына арналған К.Ш. Хафизованың зерттеу жұмысын атап өту қажет [67-68]. Тәуелсіздік кезеңіндегі кедендік саланың маңызды мемлекеттік институт ретінде қалыптасуына байланысты оның таихына біршама қызығушылықтың өсуіне әкелді. Отандық тарихнамада кедендік саланың тарихына арналған А.И. Шалтықов пен Н.Х. Тілемесовтің оқу құралдары жарық көрді [69-70]. Аталған оқулықтардың 1868-1917 жылдардағы Қазақстан территориясында кедендік іс тарихын зерттеу деңгейі төмен, кедендік іс тарихын ашуда жалпыресейлік мәліметтер қолданылады.
ХХ ғасырдың ақырғы онжылдығы тарихи ғылымда кедендік іс пен кедендік саясат тарихы деген дербес пәндік сала қалыптаса бастады. Оның қалыптасуы кедендік саладағы өзгерістермен байланысты болды. Сыртқы сауда монополиясынан бас тарту мен осы мәселе төңірегінде қоғамдағы біршама босаңсу қазіргі заманға сәйкес және мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кедендік жүйені жетілдіру мәселесін шиеленістірді.
Дәл осындай бағыттағы тенденциялар көршілес ТМД елдерінде де жүріп жатты. Ресейде 90-шы жылдары көптеген жылдардағы үзілістен соң ресейлік протекционизм тарихы бойынша арнайы зерттеулер туындады. Кедендік істің қазіргі тарихнамасы қоғамның барлық салаларындағы түбегейлі өзгерістер аясында дамыды. Сыртқы сауданы либерализациялау және ТМД елдеріндегі, оның арасында Қазақстандағы кедендік қызметті қалыптастыру кедендік мәселені ғылыми, оның ішінде тарихи зерттеулердің көкейкесті бағыттарының қатарына шығарды. Ресейде кедендік мәселелерді В.А. Моисеев, А.Д. Воскресенский орыс-қытай қарым-қатынастарының дипломатиялық тарихы, В.С. Мясников орыс-қытай шекарасын қалыптастыру тарихы шеңберінде қарастырды [71-74]. Шекарадағы кедендік күзетті ұйымдастыру мәселесін орыс-қытай шекарасының тарихын зерттеуге В.Г. Дацишен енгізді [75-76], нақты мәліметтердің аздығы және аймақтағы кедендік саясаттың нақты келбетінің жоқтығы біршама тарихи оқылықтардың кетуіне әкелді. В.Н. Разгонның Сібір көпестерінің тарихын зерттеуге арналған еңбегінде Шыңжаңдағы сауда барысы аясында өлкенің сауда-кедендік мәселелері көтеріледі. Сауданың барысы дипломатиялық келіссөздермен тығыз байланыста қарастырылады [77]. Сібірмен шекаралас Моңғолиядағы орыс-моңғол және орыс-қытай сауда-экономикалық байланыстар тарихын арнайы ғылыми зерттеудің объектісіне айналдырған А.В. Старцевтың еңбегі құнды болып келеді [78]. Старцев орыс-моңғол саудасын тіркеумен айналысқан кедендер қызметінің тиімділігі туралы зерттеу жасайды.
Қазіргі кезде ресейлік тарихнамада ресейлік протекционизм тарихы бойынша арнайы зерттеулер туды. Л.В. Куприянованың монографиясында ХІХ ғасырдың 40-80 жылдар шеңберіндегі үкіметтің «өнеркәсіптік-кедендік протекционизм» саясатының маңызды жақтары, экономикалық курстың жалпы және жеке тұстары, оның қалыптасуы кезіндегі ірі капитал мен биліктің өзара әрекеттестігі, отандық буржуазияның салалық және аймақтық топтары арасындағы күресі зерттеледі [79]. Азиядағы саясат мәселелері жұмыста қозғалмаса да автордың жасаған тұжырымдары оған тікелей байланыста. Олардың қатарына ресейлік кедендік саясаттың қарама-қайшылығы туралы тұжырымды жатқызуға болады.
Ресейдегі кедендік сала тарихын зерттеуде қозғаушы рөлді кедендік органдар үшін кадрларды дайындау мен қайта дайындау жүйесін дамыту және онымен байланысты бірқатар жоғарғы оқу орындарының және қайта құрылған Ресей кедендік академиясының оқу үдерісіне «Кедендік іс пен кедендік саясат тарихы» оқу пәнін енгізуі атқарды. Бұл саладағы алғашқы зерттеулер Ю.Г. Кисловский мен Н.М. Блинов монографиялары болды [80-82]. Екі еңбек те кедендік істің туындау кезеңінен ХХ ғасырдың аяғына дейінгі кезеңді қамтиды. Біріншісінде пролемалық-тарихи әдіс арқылы қазіргі кедендік саясат үшін қағидалық маңызға ие мәселелерге ғана тоқталады. Екінші монографияда Ресейдің көпғасырлық тарихы бар кедендік саясаттың эволюциясын көрсетудің ұмтылысы жасалады. Соңғы онжылдықтың бірқатар зерттеулері ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Ресейдің кедендік саясатына арналған. Олардың арасында жалпыресейлік мәліметтер негізінде жасалған М.М. Шумилов, В.Н.Крихунов, Я.В.Бутовтың еңбектері, сонымен қатар С.Д. Калашниковтың оқу құралы бар [83-86]. Осы кезеңде Ресейдің мерзімді басылымдарында, әртүрлі ғылыми журналдарда кедендік жүйе мен кедендік саясат мәселелеріне арналған бірқатар мақалалар жарық көрді. Олардың қатарына И.И. Мушкеттың, Н.П. Обуховтың, Р.А. Марченконың, Е.М. Смирнованың және Г.Н. Романованың мақалалары жатады [87-94]. Сонымен қатар, ерекше маңызға Ресей кедендік академиясының тұсында авторлардың бірлескен еңбегі – кедендік сала бойынша тарихи деректерді жинақтап, ғылыми айналымға қосқан көптомдық еңбек болды [95]. Осы жарық көрген еңбектердің барлығының жалпы белгісі ретінде кедендік заңнаманың материалдары, кедендік статистика материалдарын кеңінен қолдану, кедендік-тарифтік реттеу мәселелеріне назар аудару, кедендік саясаттың міндеттері мен нәтижелеріне «мемлекеттік» көзқарас болды деп атап өтуге болады.
Идаралық зерттеулермен қатар, соңғы жылдары тарихи ретроспективті сараптамаға негізделген Ресейдің аймақтық кедендік саланың және саясатының тарихына арналған күрделі зерттеу жұмыстары да туындауда. Олардың қатарында біздің зерттеу жұмысымызға географиялық жағынан жанама қатысы бар И.Ю. Кисловский, К.Е. Иванов, Н.А. Беляева, И.Г. Матвиенко, Т.В. Иванова, А.Н. Пилипенко [96-101] зерттеулерін атауға болады. Бұл еңбектер ғылыми негіздерде жасалған зерттеулер қатарына жатады.
Алғашқы ресейлік онбесжылдық посткеңестік тарихнаманың сараптамасы кедендік іс пен саясаттың өзіндік «идаралық тарихнамасының» қалыптасуы туралы қорытындыға итермелейді. Тағы бір атап өтетін жайт, идаралық тарихнамадағы кедендік іс пен саясат мәселелері бойынша қазіргі зерттеулердің жалпы сипаты - оның «еуропоцентризмдік» бағыттылығы болып табылады. Тіпті аймақтық мәселелер Орталық Ресейдің мысалында ашып көрсетіледі. Ортаазиялық өлкедегі кедендік іске қатысты материалдар жоқтың қасы. Идаралық тарихнамамен қатар, соңғы жылдардағы жалпы және өлкелік кедендік сала тарихын кәсіби тұрғыдан зерттеу талпыныстары жасалуда. Ал отандық тарихнамада мәселе бойынша жоғарыда аталған жанама зерттеулерден басқа өлкелік кедендік іс мәселесіне арналған арнайы зерттеу жұмысы туындамаған. Сондықтан, мәселе бойынша жинақталған ғылыми материалдарды жинақтап, белгілі бір дәрежеде жүйелілеу қажеттілігі туындап отыр.
Жалпы Қазақстан территориясындағы 1868-1917 жылдар аралығында кедендік іс тарихының жалпыресейлік және отандық тарихнамасын сараптай келе, мәселеге тікелей байланысты көлемді зерттеулер жоқ, мәселенің тарихнамасы тек жанама зерттеулермен: Ресейдің жалпыкедендік саясатына, сауда-экономикалық байланыстар тарихына, орыс-қытай саяси-дипломатиялық қарым-қатынас тарихына арналған еңбектермен шектеледі. Бұл зерттеулерде Қазақстан территориясындағы 1868-1917 жылдар аралығында кедендік іс тарихы зерттеу объектісі болмағандықтан, мәселе күрделі және негізделген саралаудан өткен жоқ.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері.
Зерттеу мақсаты - 1868-1917 жылдар аралығында Қазақстан территориясындағы кедендік істің қалыптасу мен дамуын нақты, кешендi әрi жан-жақты тарихи тұрғыда зерттеу.
Осы мақсатқа жету бірқатар зерттеу міндеттерін шешу арқылы жүзеге асырылады:
- өлкедегі кедендік саясаттың жалпыресейлік кедендік саясаттағы тенденцияларымен байланысын, спецификалық ерекшеліктерін, оның сипатын айқындаған экономикалық және геосаяси себептер жиынтығын анықтау;
- 1876-1890 жылдар аралығындағы жаңа теорриторияларда Жетісу мен Семей облыстарының жергілікті әкімшіліктері тұсында кедендік функциялардың жүзеге асу деңгейін сараптау;
- орыс-қытай келісімдеріндегі кедендік-тарифтік мәселелердің реттелу ерекшеліктерін, оның саяси-экономикалық аспектілерін айқындау;
- Семей кедендік аймағындағы кедендік құрылымдарды қаржылық, материалдық-техникалық, кадрлық қамтамасыз ету деңгейін зерделеу;
- ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстан территориясындағы кедендік құрылымдардың атқарған қызметін зерттеу.
Зерттеу жұмысының объектісі - кедендік функцияларға бөленген билік органдары мен кедендік құрылымдар болып табылады.
Жұмыстың зерттеу пәніне - Қазақстан территориясында 1868-1917 жылдар аралығында кедендік саланың қалыптасу және даму үдерістері жатады.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Диссертацияда қазақстандық тарихнамада алғаш рет Батыс Қытаймен шекарадағы кедендік саланың тарихы мәселелеріне кешенді, жан-жақты және объективті зерттеу ұмтылысы жасалды. Жұмыста бұрын-соңды арнайы зерттеу жұмысының пәні болмаған мәселелер қатары сарапталады. Жұмыстың ғылыми жаңалығы келесідей нәтижелермен сипатталады:
- кедендік саясаттың жалпы, азиялық және аймақтық деңгейлерінің өзара байланысы, ортақ тенденциялары және спецификасы көрсетіледі;
- алғаш рет кедендік мәселелердің орыс-қытай келісімдерінде реттелу үдерісі сарапталады;
- алғаш рет 1876-1890 жылдардағы Семей және Жетісу облыстарында жергілікті әкімшіліктер тұсындағы кедендік қызметтің тиімділік деңгейіне баға беріледі;
- Семей, Жетісу өлкелеріндегі кедендік құрылымдардың құрылу және қызмет ету мәселелеріне жан-жақты, объективті және кешенді зерттеу жүргізілді;
- ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстан территориясындағы кедендік құрылымдардың қызметінің бағыттары, кедендік қызметті іске асыру барысындағы кездескен қиыншылықтар, жағдайлары мен шарттары, тиімділік деңгейі анықталды.
Достарыңызбен бөлісу: |