Калий гексанитритокобальтатының (ІІІ) алынуы. Сынауыққа 3-4 тамшы қаныққан кобальт (ІІ) тұзының ерітіндісін және калий нитритінің бірнеше кристалын салыңдар. Оған 1-2 тамшы 2 н сірке қышқылын қосыңдар. Қоспаны қыздырыңдар. Қандай газ бөлінеді? Тұнбаға не түседі? Реакция теңдеуін жазыңдар.
Комплексті катиондармен қосылыстары.
Кобальттың аммиакты комплексінің алынуы. Кобальт хлориді ерітіндісіне аммоний хлориді ерітіндісін және концентрлі аммиак ерітіндісінің артық мөлшерін қосыңдар. Не байқалады? Сынауықты шайқай отырып (не үшін?) кобальт тұзының аммиакты ерітіндісін қайнатыңдар. Оның түсінің өзгеру себебін түсіндіріңдер. Реакция теңдеуін жазыңдар.
Никельдің аммиакты комплексінің алынуы. 2 см3 суда 0,5 г 6 молекула суы бар никель (ІІ) хлоридін ерітіңдер де, оған түзілген тұнба (құрамы қандай?) ерігенше тамшылатып 25% аммиак ерітіндісін қосыңдар. Одан әрі дәл сол көлемде концентрлі аммиак ерітіндісін, қаныққан аммоний хлоридін қосыңдар. Не болады? Реакция теңдеуін жазыңдар.
Сулы ерітіндіде қандай комплексті ион тұрақты болады: 1)[Fe(NH3)6]2+, 2)[Co(NH3)6]2+, 3) [Nі(NH3)6]2+? Қандай элемент үшін (Fe, Co, Nі) [Э(NH3)6]CІ2 + 2H2O = Э(OH)2 + 4NH3 + 2NH4CІ реакция тепе-теңдігі максималды түрде оңға ығысқан? Кобальт (ІІ) қосылыстарына қарағанда кобальт (ІІІ) қосылыстарының аммиакты комплекстері тұрақты екенін мысал келтіре отырып, түсіндіріңдер. Егер комплексті иондардың [Co(NH3)6]2+ - парамагнитті, [NіF6]3- - диамагнитті, [Co(NH3)6]2+ - диамагнитті, [NіF6]4- - парамагнитті, [Fe(CN)6]3- - парамагнитті, [Fe(CN)6]4- - диамагнитті екені белгілі болса, онда атомдық орбиталдардың гибридтену типі қандай?
Достарыңызбен бөлісу: |