Науқастың жалпы тұлғасын зерттеу.
Бұл тәсілді науқастың денесінің жалпы кейпі мен күйлілік дәрежесін, бойының ұзындығы мен салмағын, кеуде қуысының көлемі мен бітімін және тұлғаны жалпылай сипаттауға қажетті т.б. белгілерді қамтиды. Әр адамның жалпы тұлғасында морфологиялық, әрі функциялық ерекшеліктер болады. Осыған байланысты М,В, Черноруцкий адамның жалпы тұлғасын нормостениялы, гиперстениялы және астениялы деп үш түрге бөлген.
Жалпы тұлғасы астениялы адамның бойы мен көлденең өлшемін салыстырғанда бойының өлшемі басымдау, бет пішіні сопақтау, кеудесі ұзынша, құшықтау, иықтары салбыраңқы, қолтық шұңғылдары терең, құрсақүсті бұрышы 900 –тан кем, кеуде-іш көкеті төмендеу орналасып, қабырғалары омыртқа жотасымен сүйір бұрыштана жалғасқан, қаңқа бұлшықеттері нашар жетілген, денесі арық болады. Бұл топқа жататын адамдарда ішек-қарын, жүйке, өкпе жүйесінің сырқаттары жиі кездеседі.
Нормостения тұлғалы адамның бойы мен көлденең өлшемдері сәйкес, қолтық шұңғылдарының тереңдігі орташа, құрсақүсті бұрышы тік бұрышқа жуық, иықтары тіктеу, бұлшықеттері қуатты әрі серпімді келеді.
Тұлғасы гиперстениялы адамның бойы аласа, денесі толық, етженді, аяқ-қолдары мен мойны қысқа, иықтары тік, кеудесі шалқақтау, құрсақүсті бұрышы 900-тан артық, доғал, қолтық шұңғылдары тайыз, жауырыны жалпақ, кеуде-іш көкеті жоғары орналасып, қабырғалары омыртқа жотасымен тік бұрышқа жуықтана жалғасқан, ал бет-келбеті дөңгелек жүзді. Бұл топқа жүрек аурулары, гипертония, тас түзілу, сезімдік сияқты сырқаттар тән.
Науқас адамның бет пішінінен жігерлі-жігерсіздігін, мамандығының әсерін байқауға болады. Сұңғақ тұлға, еркін және жеңіл қимыл-қозғалыс көңіл-күйдің жақсы екендігін көрсетсе, тұлғаның түрлі өзгерістері сырқаттықты бейнелейді. Мысалы, туберкулез процесі омыртқа жотасын қисайтса немесе іш шеменінен кеуде тым керіліп, асқақтап кетуі мүмкін: миына қан құйылған адам аяғын сүйрете басса, дене қызуы тым көтерілген науқас теңселсе, ортан жіліктің ұршығы шыққан бала үйректің балапан жүрісімен жүреді.
Науқастың дене күйін көзбен шолып және тері астындағы шел майды қолмен байқап анықтауға болады. Ол үшін иықтың орта тұсының, қолтықтың, іштің немесе санның алдыңғы жағының терісін үш саусақпен қапсыра ұстап, қалыңдығын өлшеу керек. Оның қалыңдығы 2 см дей болса, науқастың дене күйі жақсы болғаны. Әдетте ішек қарын ісігімен, туберкулез, қалқанша без ауруларымен сырқат адамдар жүдесе, мешкейлер, дене қимылын аз жасайтындар, ми қосалқысын ісік шалған адамдар семіреді.
Бойды өлшеу үшін бойөлшегіш қолданылады. Бойөлшегіш-өлшемдік белгілері бар, жылжымалы қалақшамен жабдықталған ұзын, ағаш қазықша. Бойын өлшегенде науқас аяқ киімін шешіп, бойөлшегіштің қазықшасына шүйдесін, жауырын ортасын, екі өкшесін тигізіп тұруы керек. Жылжымалы қалақша науқастың төбесіне тірелген деңгей, яғни қазықшадағы цифр-оның бойының ұзындығын көрсетеді. Жас шамасы 25-30-дардағы әр адамның орташа бойы 165-180 см, ал әйел адамның-155-170 см. Мидың кейбір қосалқылары, мысалы гипофиз зақымдалғанда, бірде алыптық гигантизм, енді бірде, керісінше, ергежейлілік байқалуы мүмкін.
Науқастың салмағы ол ауруханаға түскен күні, кейін әр күн сайын, әдетте, таңертең, ашқарынға өлшенеді. Бұл тәсіл науқастың дене күйін анықтауға ғана емес, кейбір аауруларда оған қолданылған емнің әсерін бақылау үшін де қажет. Мысалы, жүрек немесе бүйрек ауруында денеге жиналған артық сұйықтықтың шығарылу деңгейін анықтап, зәршығару жолдарының қызметін қадағалау үшін.
Дененің орта салмағын өлшемей анықтауға да болады. Ол үшін бойдың ұзындығынан100-ді шегеру керек. Сонда, мысалы бойы 170 см адамның орта салмағы 70кг тең болғаны.
Достарыңызбен бөлісу: |