3. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне
Келтіру
280. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының басшылары осы құқықты берген командирлер (бастықтар) жүргізеді.
281. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру оны белгіленген мерзімде жауынгерлік міндеттерді орындауға даярлау мақсатында жүргізіледі. Міндеттерді орындауға әзірлік мерзімі жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге белгі алынған сәттен бастап саналады. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде әскери бөлімнің жеке құрамы оған тиесілі қару-жарақпен, әскери техникамен және басқа да материалдық құралдармен тұрақты орналасу пунктінен белгіленген (көрсетілген) аудандарға шығарылады.
282. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру тәртібі әскери бөлім командирінің тікелей басшылық жасауымен штаб әзірлейтін және аға командир (бастық) бекітетін жоспармен айқындалады. Онда:
жеке құрам мен бөлімшелерді хабарландыру тәртібі;
әскери бөлім бойынша кезекшінің (жедел кезекшінің) және тәуліктік нарядтың басқа да адамдарының іс-әрекеттері;
кезекші күштер мен құралдардың іс-қимылы;
әскери бөлімнің жиын ауданы, бөлімшелердің жиын пункттері және оларға жеке құрамды шығару, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, басқа да материалдық құралдарды әкелу (әкету) тәртібі;
әскери бөлімді шоғырландыру аудандары және олардағы бөлімшелердің орналасу орындары, сондай-ақ әскери бөлімнің бастапқы шебі (пункті), бағыттары мен қозғалу тәртібі;
әскери бөлімді жан-жақты қамтамасыз ету жөніндегі іс-шара;
басқаруды және байланысты ұйымдастыру;
әскери бөлімнің Жауынгерлік Туын алып шығу (әкету) тәртібі;
қаруды, оқ-дәрілер мен басқа да материалдық құралдарды беру тәртібі;
жиын және шоғырландыру аудандарына шығу кезінде коменданттық қызметті ұйымдастыру;
бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге құқығы бар лауазымды адамдар;
басқа да қажетті іс-шаралар көзделуі тиіс.
283. Барлық әскери қызметшілер жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде өздерінің іс-қимыл тәртібін, оларға қатысты бөлігінде бөлімшенің, әскери бөлімнің іс-қимыл тәртібін қатаң білуі тиіс.
Істер мен лауазымды қабылдау кезінде әскери бөлімнің барлық лауазымды адамдары жергілікті жерде міндеттерді нақтылаумен жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезіндегі іс-қимыл тәртібін оларға қатысты бөлігінде зерделеуге міндетті.
Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру жөніндегі іс-шараларды орындау барысында жеке құрам белгіленген мерзімде барлық бүркемелеу түрлерін, қауіпсіздік талаптары мен қару-жарақты, әскери және басқа техниканы пайдалану ережелерін сақтай отырып, тез және ұйымдасқан түрде әрекет етуге міндетті.
ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен 284-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
284. Әскери бөлімдердің (бөлімшелердің) жауынгерлік әзірлігін тексеру бөлімнің (бөлімшенің) тағайындалуына сәйкес белгіленген мерзімде міндеттерін орындау қабілеттерін айқындау мақсатында жүргізіледі.
Тексерулерді Қорғаныс министрі, Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, әскерлер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің қолбасшылары, әскери бөлімнің командирі немесе олардың тапсырмасы бойынша адамдар кенеттен және белгіленген шектеулермен жүзеге асырады.
Тексерулерді жүргізудің кезеңділігі мен мерзімдерін Қорғаныс министрі мен Қарулы Күштердің бірінші басшылары айқындайды. Осы мақсаттарда тиісті лауазымды адамдар жауынгерлік әзірлікті кенеттен тексеру жоспарын әзірлейді.
Жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру барысында әскери бөлім командирінің, штабының, бөлімшелер (қызметтер) командирлерінің (бастықтарының), жеке құрамның қойылған міндеттерді орындауға даярлық деңгейі, бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезіндегі бөлімнің басқару органдарының іс-шараларды орындауды қамтамасыз ете білуі, қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, зымырандардың, оқ-дәрілер мен материалдық құралдар қорларының жай-күйі тексеріледі.
4. Әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мен нығайту
Жалпы ережелер
285. Әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мен нығайту, дене бітімін дамыту - оларды өзінің әскери борышын орындауға даярлаудың маңызды да ажырамас бөлігі. Командирдің (бастықтың) бағыныстылардың денсаулығы туралы қамқорлығы оның әскери бөлімнің (бөлімшенің) ұдайы жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
286. Әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мен нығайтуға:
командирлердің (бастықтардың) қызметі мен тұрмыс жағдайларын сауықтыру жөніндегі іс-шараларды жүргізуімен;
оларды жүйелі шынықтырумен, дене дайындығымен және спортпен жиі шұғылдануымен;
санитарлық-гигиеналық, індетке қарсы және емдеу-алдын алу іс-шараларын жүзеге асырумен қол жеткізіледі.
Әскери қызметшілердің қызмет және тұрмыс жағдайларын
Сауықтыру
287. Әскери қызметшілердің күнделікті қызметі жалпыәскери жарғылардың және басқа да басшылық құжаттардың олардың қызметі мен тұрмысы жағдайларын сауықтыру туралы талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте орындалатын міндеттердің ерекшелігі, әскери бөлім орналасқан аудандағы климаттық жағдай, экологиялық жағдай, материалдық қамтамасыз ету және казармалық-тұрғын үй қорының жай-күйі ескеріледі.
288. Командирлердің (бастықтардың) әскери қызметшілердің қызметі мен тұрмысы жағдайларын сауықтыру жөніндегі қызметінің негізгі бағыттары:
қажетті қауіпсіздік талаптарын белгілеу және әскери қызметшілерге уақтылы жеткізу, олардың орындалуын қамтамасыз ету;
санитарлық нормалар мен ережелерді, жалпыәскери жарғылардың әскери қызметшілерді орналастыру, олардың тамақтануын ұйымдастыру, сумен жабдықтау, жылумен және материалдық, тұрмыстық қамтамасыз етудің барлық түрлерімен қамтамасыз ету жөніндегі талаптарын қатаң орындау;
күн тәртібі мен қызмет уақытының регламентін нақты орындауды ұйымдастыру;
әскери қызметшілерге тиісті жабдықталым нормаларын уақтылы және толық жеткізу;
әскери қызметшілердің денсаулығына зиянды факторлардың әсерлерін жою немесе белгіленген шектерге дейін төмендету, әскери бөлім (бөлімше) орналасқан аудандағы санитарлық-эпидемиялық және экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізу болып табылады.
Әскери қызметшілердің шынығуы, дене дайындығымен және
спортпен айналысуы
289. Әскери қызметшілердің шынығуы, дене дайындығымен және спортпен айналысуы олардың ағзасының қоршаған ортаның физикалық факторларының әр түрлі күрт өзгеруіне, әскери қызмет ерекшеліктерімен және жауынгерлік міндеттерді орындаумен байланысты жағдайларға төзімділігін арттыру мақсатында жүргізіледі.
290. Әскери қызметшілерді шынықтыру жөніндегі іс-шараларды олардың командирлері (бастықтары) медицина қызметі бастығының және дене дайындығы мен спорт бастығының, сондай-ақ командир (бастық) тағайындаған басқа да адамдардың жүйелі бақылау жасауымен жүргізіледі. Осы шараларды жоспарлау кезінде әскери қызметшілердің денсаулық жағдайы, олардың жасы және жергілікті жердің климаттық жағдайы ескеріледі. Жылдың суық уақытында әскери қызметшілердің тоңуы мен үсуінің алдын алу жөніндегі іс-шараларға, ыстық уақытта - ағзаның қызуының, күнге күю мен ыстық өтудің алдын алу жөніндегі іс-шараларға ерекше назар аударылады.
291. Әскери қызметшілерді шынықтыру су, күн және ауа факторларын дене дайындығы және спорт сабақтарымен үйлесімділікте кешенді пайдалану жолымен жүйелі және үздіксіз жүргізілуі тиіс.
Әскери қызметшілерді шынықтырудың негізгі тәсілдері:
күн сайын таза ауада таңертеңгі дене жаттығуын орындау;
белуарына дейін суық сумен жуыну немесе аздап салқын душ қабылдау;
күн сайын ұйқыға жатар алдында аяқты суық сумен жуу;
қысқы кезеңде шаңғы жаттығулары мен сабақтарын өткізу;
кейбір жұмыстарды жеңіл киіммен орындау;
жазғы уақытта сабақтар мен спорттық іс-шараларды жеңіл киіммен өткізу, күн ванналарын қабылдау және сабақтан және жұмыстан бос уақытында, демалыс күндері ашық су тоғандарында шомылу және душ қабылдау болып табылады.
292. Ағзаның әр түрлі жүктеме түрлеріне төзімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар дене дайындығы бойынша сабақтар уақытында, таңертеңгі дене жаттығуларында, оқу-жаттығу жауынгерлік қызмет процесінде, әскери қызметшілермен спорттық жұмыстар уақытында, сондай-ақ әскери қызметшілердің Қарулы Күштердің түрі мен әскер тегіне тиістілігін, жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, жаттығудың әр түрлі тәсілдерін пайдаланумен өз бетінше жаттығулар және дене жүктемесін мөлшерлеу барысында жүргізіледі.
Санитарлық-гигиеналық және індетке қарсы іс-шаралар
293. Әрбір әскери қызметші өзінің денсаулығы мен айналасындағылардың денсаулығы туралы қамқорлық көрсетуі, медицина қызметкерлерінен сырқатын жасырмауы, жеке және қоғамдық гигиена ережелерін қатаң сақтауы, зиянды әдеттерден аулақ болуы тиіс.
294. Жеке гигиена ережелеріне:
таңертең белуарына дейін салқын сумен шайынуы және тісін тазалауы;
тамақ ішер алдында қолын жууы;
ұйқыға жатар алдында жуынуы, тісін тазалауы және аяғын жууы;
уақтылы қырынуы, шашын және тырнағын алуы;
іш киімі мен төсек-орнын, шұлғауы мен ұйықтарын ауыстырумен апта сайын моншада жуынуы;
киім-кешегін, аяқ киімі мен төсек-орнын таза ұстауы, жаға астарларын уақтылы ауыстыру кіреді.
Әскери қызметшілердің шаш үлгісі, мұрты мен сақалы (егер олар бар болса) ұқыпты болуы, гигиена талаптарына жауап беруі және жеке қорғаныс құралдарын пайдалануға және жарақтарды алып жүруге бөгет жасамауы тиіс.
Сақал қоюға тек офицерлерге рұқсат етіледі.
295. Қоғамдық гигиена ережелеріне:
ұйықтайтын үй-жайларда, дәретханаларда және басқа да жалпы пайдаланылатын бөлмелерде тазалық сақтау;
үй-жайларды жиі желдету;
көпшілік орындарда, сондай-ақ әскери бөлім (бөлімше) орналасқан аумақта тазалық сақтау кіреді.
296. Әскери қызметшілердің жұқпалы ауруларды жұқтырмауын қамтамасыз ету үшін алдын ала егу жұмыстары жүргізіледі. Егулер жоспарлы және індеттік көрсетулер бойынша болуы мүмкін.
Жоспарлы сақтандыру егулері әскери бөлімнің (бөлімшенің) барлық жеке құрамын алдын ала егулердің күнтізбелік жоспарына сәйкес, ал індеттік көрсетулер бойынша аға командирдің (бастықтың) бұйрығымен жүргізіледі.
Індеттік көрсетулер бойынша егулерден әскери қызметшілер тек дәрігерлердің қорытындысы бойынша босатылады.
Егулер туралы белгілер медициналық кітапшаларына және әскери билеттеріне енгізіледі.
297. Әскери қызметші өзінде немесе онымен бірге бір пәтерде (жатақхана бөлмесінде), сондай-ақ казармада тұратын адамдар арасында жұқпалы аурудың туындағаны туралы медицина қызметкеріне баяндауға және медицина қызметі бастығының қорытындысы бойынша өзінің тікелей командирінің (бастығының) рұқсатымен қызметтік міндеттерін орындауы тиіс.
298. Әскери бөлімде жұқпалы аурумен сырқаттанушы табылған кезде медицина қызметінің бастығы бұл туралы дереу командирге (бастыққа) және үлкен медицина бастығына баяндайды, сырқаттанғандарды белсенді анықтауды, оқшаулауды және госпитальға жатқызуды, бөлімшелерді залалсыздандыруды, сырқаттанғанмен қарым-қатынаста болған адамдарды қадағалауды жүргізеді және санитарлық-гигиеналық бақылауды күшейтеді.
Қажет болған кезде әскери бөлімде қадағалау режимі немесе карантин енгізіледі, азаматтық тұрғындармен қарым-қатынас тоқтатылады немесе шектеледі, әскери бөлімнің ішінде жеке құрамның жиналысына және мәдени көпшілік іс-шараларына тыйым салынады, қосымша оқшаулағыштар өрістетіледі.
Емдеу-алдын алу іс-шаралары
299. Негізгі емдеу-алдын алу іс-шаралары әскери қызметшілерді амбулаториялық, стационарлық, санаторлық-курорттық емдеу және диспансерлеу болып табылады.
Жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу мақсатында медицина қызметі ұсынатын емдеу-алдын алу іс-шаралары барлық әскери қызметшілер үшін міндетті.
300. Диспансерлеу үрдісінде:
әскери қызметшілердің денсаулық жағдайына медициналық бақылау;
ауруларды белсенді түрде ерте анықтау;
әскери қызметшілердің қызмет жағдайы мен тұрмысын зерделеу, олардың денсаулығына теріс әсер ететін факторларды анықтау;
алдын алу және емдеу-сауықтыру іс-шараларын жүргізу;
әскери қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттауды жүргізу іс-шаралары жүргізіледі.
301. Әскери қызметшілердің денсаулық жағдайын медициналық бақылау:
күн сайын жауынгерлік даярлық процесінде және тұрмыста жеке құрамға медициналық бақылау;
әскери қызметшілерді медициналық қарау;
әскери қызметшілерді тереңдетілген және бақылаулық медициналық тексерулер;
әскери қызметшілердің денсаулық жағдайына диспансерлік динамикалық қадағалау жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
302. Медициналық тексеруге:
әскери бөлімнің (бөлімшенің) барлық жеке құрамы - алдын алу егулерді жүргізу алдында;
мерзімді әскери қызметтің барлық әскери қызметшілері - моншада жуынар алдында;
қарауылдың, кезекші күштердің (ауысымның) жеке құрамы - қарауылға және жауынгерлік кезекшілікке (жауынгерлік қызметке) түсер алдында;
жұмысы қолайсыз факторлардың мүмкін болатын әсерімен байланысты әскери қызметшілер, сондай-ақ диспансерлік динамикалық қадағалаудағы адамдар - олар үшін белгіленген мерзімдерде;
асханаларда, азық-түлік қоймаларында, сумен жабдықтау объектілерінде, наубайханаларда, моншаларда, кір жуу орындарында тұрақты жұмыс істейтін адамдар мен санитарлар - аптасына бір рет;
асхана бойынша нарядқа тағайындалған жеке құрам - тәуліктік нарядты таратқанға дейін;
әскери бөлімге жаңадан келген, сондай-ақ демалыстардан, іссапарлардан және сауығуы бойынша емдеу мекемелерінен келген, басқа әскери бөлімдерге кеткен барлық әскери қызметшілер - әскери бөлімге келген күні, бірақ оларды бөлімшеге жібергенге дейін;
жүргізушілер - рейске шығар алдында;
спорттық жарыстарға қатысушылар - жарыстар алдында алынады.
Одан басқа, аптасына бір рет әскери бөлім командирі белгілеген уақытта бөлімшенің мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің денесін қарау жүргізіледі.
303. Тереңдетілген медициналық тексерулер:
мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері үшін - жылына екі рет, оқу-жаттығу кезеңі басталар алдында;
офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер үшін - төртінші тоқсанда жүргізіледі; екінші тоқсанда бақылау медициналық тексеру жүргізіледі.
Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді тереңдетілген медициналық қарауға медициналық мекемелерден дәрігер-мамандар тартылады.
304. Әскери бөлімнің (бөлімшенің) әскери қызметшілерінің денсаулық жағдайын медициналық бақылау жөніндегі іс-шараларды жүргізу уақыты, тәртібі және орны бөлім бойынша бұйрықта жарияланады. Медициналық тексеруді демалыс күндері белгілеуге тыйым салынады.
305. Бөлімшенің жеке құрамын медициналық тексеруде барлық офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қатысуға міндетті.
Бөлімшені медициналық тексеруге бөлімше командирі, ал медициналық қарауға рота старшинасы апарады. Олар дәрігерге бағыныстылардың денсаулық жағдайын өздерінің қадағалаулары туралы хабарлауы тиіс.
Бөлімшенің жеке құрамын медициналық тексеру және қарау нәтижелерін дәрігер медициналық кітапшаларға енгізеді. Денсаулық жағдайы бойынша диспансерлік динамикалық қадағалауды қажет ететін әскери қызметшілер есепке алынады және бақылаулық медициналық тексерулерге жиі тартылады. Бөлімшенің (ротаның) командирі жеке құрамды толық медициналық тексеру үшін жауап береді.
306. Қандай да бір себеппен медициналық тексеруде болмаған әскери қызметшілерді бөлімше командирі мүмкіндік болған кезде осы үшін әскери бөлімнің медициналық пунктіне (медициналық ротаға) жібереді.
307. Әскери бөлімнің жеке құрамын медициналық тексерудің нәтижелері, сондай-ақ қажетті емдеу-сауықтыру іс-шараларын жүргізу жөніндегі ұсыныстарды әскери бөлімнің медицина қызметінің бастығы әскери бөлімнің командиріне баяндайды.
308. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін амбулаториялық қабылдау әскери бөлімнің медициналық пунктінде және гарнизонның әскери-медициналық мекемелерінде әскери бөлім командирі мен гарнизон бастығы белгілеген сағатта жүргізіледі.
Кенеттен сырқаттанған немесе жарақат алған әскери қызметшілер әскери бөлімнің медициналық пунктіне немесе гарнизонның әскери-емдеу мекемесіне тәуліктің кез келген уақытында дереу жіберіледі.
309. Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері әскери бөлімнің медициналық пунктіне (медициналық ротаға) рота бойынша кезекшімен ротаның санитарлық нұсқаушысымен немесе бөлімше командирі тағайындаған үлкеннің командасымен жіберіледі. Рота старшинасының қол қойған сырқаттарды жазу кітабы бөлімнің медициналық пункті (медициналық рота) бойынша кезекшіге амбулаториялық қабылдау басталғанға дейін екі сағаттан кешіктірілмей ұсынылады.
Дәрігер ротаның сырқаттарды жазу кітабына енгізілген барлық әскери қызметшілердің медициналық пунктке (медициналық ротаға) келуін бақылайды.
Медициналық пункттен (медициналық ротадан) тыс дәрігерді шақыру және сырқатты қарау жағдайында сырқаттанғандар сырқат сипатына байланысты емделу үшін әскери бөлімнің медициналық пунктіне, бөлімнен тыс емдеу мекемелеріне (госпитальға, ауруханаға) жіберіледі немесе оларға амбулаториялық емдеу тағайындалады.
Дәрігерлердің қорытындысы бойынша офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер үй жағдайында емделу үшін қалдырылуы мүмкін.
Дәрігер сырқаттарды қарау нәтижелері, көрсетілген медициналық көмектің сипаты және тағайындаулар туралы медициналық кітапшаларға тиісті белгілер жасайды, ал қорытындыны әскери қызметші медициналық қамтамасыз етілуде тұрған әскери бөлімнің медицина қызметі бастығының қорытындысын бекітумен сырқаттарды жазу кітабына тіркейді.
Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері медициналық көмек алғаннан кейін ротаға санитарлық нұсқаушының немесе үлкеннің командасымен қайтып келеді. Команданың үлкені сырқаттарды жазу кітабын рота бойынша кезекшіге береді, ол оны рота командиріне береді. Рота старшинасы сырқаттарды жазу кітабында бар дәрігердің қорытындысы бойынша рота командирінің шешіміне сәйкес қажетті нұсқаулар береді.
310. Сырқаты бойынша әскери қызмет міндеттерін орындаудан уақытша босату, сабақтар мен жұмыстардан ішінара немесе толық босату туралы қорытындыны анықтама түрінде дәрігер, ал штатында дәрігер көзделмеген әскери бөлімдерде фельдшер кемінде үш күнге береді (Қазақстан Республикасы азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы уәкілетті орталық атқарушы органының бұйрығымен белгіленген тұмаумен жаппай ауыру кезеңінде - алты күнге).
Берілген мерзім өткеннен кейін әскери қызметшілер, қажет болған кезде, егер олар осыған мұқтаж болса, қайта медициналық тексеруге жіберілуі тиіс және қайта босатылуы мүмкін.
Алты тәулік өткеннен кейін, емдеуді жалғастыру қажет болған жағдайда сырқат емдеу мекемесіне тексерілуге жіберіледі.
Дәрігердің (фельдшердің) әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) орындаудан ішінара немесе толық босату туралы ұсынымдары лауазымды адамдардың міндетті түрде орындауына жатады.
Босату туралы құжаттарды ресімдеу дәрігер (фельдшер) емдеу үшін айқындаған уақытты қысқартпауы тиіс.
Әскери қызметші қызметке келе алмаған жағдайда өзінің ауырғаны туралы командирге (бастыққа) кез келген мүмкін болатын тәсілмен хабарлауға міндетті.
Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) атқарудан босату туралы және олардың сауыққаннан кейін қызметке шығуы әскери бөлім бойынша бұйрықта жарияланады.
Дәрілер қабылдау және басқа да емдеу процедураларын жүргізу үшін амбулаториялық емдеу тағайындаған сырқаттар, сондай-ақ медицина мамандарының кеңесін қажет ететіндер әскери бөлімнің медициналық пунктіне (медициналық ротаға) дәрігер сырқаттарды жазу кітабында (медициналық кітапшасында) көрсеткен күндері және сағатта жіберіледі.
311. Емдәмдік тамақтануды қажет ететін мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерін және әскери оқу орындарының курсанттарын тіркеу әскери бөлім командирінің бұйрығымен бөлімнің медицина қызметі бастығының қорытындысы негізінде үш ай мерзімге жүзеге асырылады.
312. Әскери бөлімнің медициналық пункті (медициналық ротаның) лазаретінде сырқаттарды стационарлық емдеу он төрт күн емдеу мерзіміне дейін жүргізіледі.
Лазаретке түскен кезде сырқаттар санитарлық өңдеуден өтеді.
313. Әскери қызметшілерді әскери бөлімдерден тыс орналасқан стационарлық емделуге дәрігердің қорытындысы бойынша бөлім командирі, ал дәрігер болмағанда жедел көмек көрсету үшін медициналық пункт (медициналық рота) бойынша кезекші фельдшер (санитарлық нұсқаушы) бір уақытта әскери бөлімнің медицина қызметінің бастығына және бөлім бойынша кезекшіге баяндаумен жібереді.
Сырқаттарды емдеу мекемесіне жеткізу фельдшердің (санитарлық нұсқаушының) ілесіп жүруімен әскери бөлімнің санитарлық немесе өзге көлігімен жүзеге асырылады.
Әскери қызметшілер әскери бөлім орналасқан жерден тыс емделуге жіберілген кезде жыл мезгіліне сәйкес нысанда киінуі және өзімен бірге емделуге жіберу туралы бөлім бойынша бұйрықтың көшірмесі, бөлім командирі қол қойған жол қағазы, медициналық кітапшасы, жеке басын куәландыратын құжаты, жеке гигиена заттары, қажетті жеке заттары мен азық-түлікке аттестат, қажет кезде жарақаты туралы анықтама мен медициналық сипаттамасы, ал гарнизоннан тыс емделуге кеткен кезде, одан басқа, медициналық мекеме орналасқан жерге дейін және кері жолда жүру құжаттары болуы тиіс.
Әскери қызметшіні шұғыл госпитальға жатқызу кезінде медициналық мекемеге құжаттарды ұсыну жөніндегі міндет оның тікелей бастығына жүктеледі.
Командир (бастық) стационарлық емделудегі әскери қызметшілерге баруды ұйымдастыруға, сондай-ақ олардың емдеу мекемелерінде болуын бақылауға міндетті.
314. Әскери бөлім орналасқан жерден тыс стационарлық емделуге түскен барлық әскери қызметшілер туралы, сондай-ақ оларды сауығуы бойынша шығару туралы әскери-медициналық мекеме (бөлім) бастығы (командирі) сол күні осы әскери қызметшілер келген бөлімнің командиріне хабарлауға міндетті.
Келіп түскен сырқаттан жұқпалы ауру табылғаны туралы және уланумен, жарақаттармен келіп түскен сырқаттар туралы әскери-медициналық мекеме (бөлім) бастығы (командирі) сырқат келіп түскен әскери бөлім командирін, ал жұқпалы ауру туралы, одан басқа жақын маңдағы санитарлық-эпидемиологиялық мекемені дереу хабарландыруға міндетті.
Демалыс немесе іссапар кезеңінде ауырған әскери қызметшілер шұғыл медициналық көрсетулер болған кезде олар қызмет өткеріп жатқан әскери бөлім командирлерін әскери полиция органдары немесе жергілікті әскери басқару органдары (жергілікті атқарушы органдар) арқылы дереу хабарландырумен госпитальға жата алады.
Сауығып шыққаннан кейін әскери қызметшілер әскери госпитальдан немесе ауруханадан команда бойынша берілетін тиісті құжаттарымен әскери бөлімге жіберілді.
Монша-кір жуу қызметін көрсету
315. Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері мен әскери оқу орындарының курсанттары кемінде аптасына бір рет моншада жуынуы, ал аспазшылар, наубайшылар және от жағушылар, одан басқа күн сайын душ қабылдауы тиіс. Механик-жүргізушілер (жүргізушілер), қару-жарақты, әскери және басқа техниканы пайдаланумен және қызмет көрсетумен байланысты басқа да әскери қызметшілер қажеттілігіне қарай душ қабылдайды.
Моншада жуыну (душ қабылдау) кезінде мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері мен әскери оқу орындарының курсанттары сабынмен, орамалдармен, залалсыздандырылған жөкелермен (22-қосымша) қамтамасыз етіледі. Моншада жуыну уақыты күні бұрын айқындалады, ал бір әскери қызметшінің жуыну ұзақтығы кемінде отыз минут болуы тиіс.
Жазғы уақытта ауа температурасы жиырма бес градус және одан жоғары болған кезде әскери бөлім командирлері әскери қызметшілердің осы үшін арнайы жабдықталған орындарда душ қабылдауын ұйымдастырады.
316. Рота моншаға рота старшинасының (үлкеннің) командасымен жіберіледі. Жауынгерлік кезекшіліктегі, жауынгерлік қызметтегі, тәуліктік нарядтағы мерзімді қызметтің әскери қызметшілері немесе қандай да бір себептермен болмағандар, сондай-ақ іссапарлар мен демалыстардан келгендер моншаға рота старшинасымен, басқа уақытта үлкеннің командасымен жіберіледі.
Бөлімшенің моншаға келуі мен моншадағы тәртіпті қадағалау үшін сержанттардан монша бойынша кезекші және мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінен кемінде екі тәуліктік кезекші тағайындалады. Одан басқа, медициналық және денесін қарау, жеке құрамның жуынуы кезінде медициналық көмек көрсету үшін дәрігер (фельдшер) тағайындалады. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің моншада жуынуын есепке алуды бөлімше жеке құрамының моншада жуынуын, іш киімдері мен ұйықтарын (шұлғауларын) ауыстыруды есепке алу кітабына рота старшинасы монша бойынша кезекшімен бірлесіп жүргізеді (23-қосымша).
Жуынушылардың әрбір ауысымынан кейін моншаның үй-жайын жинау және оларды залалсыздандыру үшін монша бойынша кезекшінің қарамағына әскери қызметшілердің қажетті саны тағайындалады.
Жуынудан кейін монша бойынша кезекші киім-кешек бастығына (бөлім командирінің тыл жөніндегі орынбасарына) моншада жуыну кезінде болмаған әскери бөлім бөлімшелерінің әскери қызметшілерінің саны мен тектері туралы мәлімет береді.
317. Кір жуу кір жуатын орындарда жүргізіледі. Кір жуу тәртібін бөлім командирінің тыл жөніндегі орынбасары белгілейді.
Кір жуатын орындарда оны жуу мүмкіндігі жоқ жерде мерзімді қызметтің әскери қызметшілерінің өздеріне киім-кешектер мен ұйықтарды жууға осы үшін арнайы бөлінген жабдықталған үй-жайларда (орындарда) рұқсат етіледі. Киім-кешекті кептіру киім-кешек пен аяқ киімді кептіруге арналған бөлмелерде немесе осы үшін бөлінген орындарда жүргізіледі.
Іш киім мен төсек-орын, орамалдар мен ұйықтар аптасына бір рет, жуынатын күні моншада ауыстырылуы тиіс, аспазшылар мен наубайлардың іш киімі аптасына екі реттен кем емес ауыстырылады. Кір киім тікелей моншада тапсырылады.
Қажет болған жағдайда іш киімді, орамалдарды, шұлғауларды, ұйықтарды ауыстыру жиі жүргізіледі.
318. Киім-кешекті, іш киімді, төсек-орын керек-жарақтарын арнайы өңдеу әскери бөлім командирінің ерекше бұйрығы бойынша жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |