Бекітілген қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ішкі қызмет жарғысы


-тарау. Жауынгерлік кезекшілік пен жауынгерлік қызмет



бет14/25
Дата09.06.2016
өлшемі1.48 Mb.
#125322
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   25

3-тарау. Жауынгерлік кезекшілік пен жауынгерлік қызмет.

Парктердегі, әскерлер полигондарда (лагерьлерде)

орналасқан кездегі және тасымалдау кезіндегі ішкі

қызметтің ерекшеліктері

1. Жауынгерлік кезекшілік пен жауынгерлік қызмет

319. Жауынгерлік кезекшілік - арнайы бөлінген күштер мен құралдарды жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізуге (қамтамасыз етуге) немесе кенеттен туындаған міндеттерді атқаруға белгіленген әзірлік дәрежелеріне келтіруді көздейтін кезекшіліктің ерекше түрі. Бейбіт және соғыс уақытында жүзеге асырылады.

Жауынгерлік кезекшілік жауынгерлік міндетті атқару болып табылады. Кезекші күштер мен құралдардың құрамына:

командалық пункттердің, басқару пункттерінің, байланыс тораптарының кезекші жауынгерлік есептоптары (ауысымдары);

кезекші бөлімшелер (жауынгерлік есептоптар, кезекші ауысымдар), постылар, пункттер, кемелер мен ұшу аппараттарының экипаждары;

кезекші күштердің жеке құрамы мен күшейту бөлімшелері;

шекара нарядтары;

төтенше жағдайларда міндеттерді орындау үшін тағайындалатын ішкі әскерлер бөлімдерінің құрама жасақтары, кезекші бөлімшелері;

жауынгерлік кезекшілікті атқаруға (қамтамасыз етуге) тағайындалған қару-жарақ, әскери және басқа техника, сондай-ақ бөлінетін зымырандар мен оқ-дәрілер;

жауынгерлік қамтамасыз ету және қызмет көрсету күштері мен құралдары кіруі мүмкін.

320. Жауынгерлік кезекшілікті әскери бөлім командирі ұйымдастырады.

Ол кезекші күштер мен құралдардың міндеттерін орындауына жауап береді.

Әскери бөлім (кезекші бөлімшелер) командирінің орынбасарлары, әскер тектері мен қызметтер бастықтары кезекші күштер мен құралдардың жауынгерлік әзірлігіне, қамтамасыз етілуі мен даярлығына, оларға қатысты бөлігінде жауап береді.

ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен 321-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

321. Кезекші күштер мен құралдардың құрамы, олардың міндеттері мен жауынгерлік әзірлік дәрежесі, жауынгерлік кезекшілікті атқару ұзақтығы, тәртібі, жеке құрамды, қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы жауынгерлік кезекшілікке түсуге даярлау тәртібі және оларды ауыстыру осы жарғының, Қорғаныс министрі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары, Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, әскерлер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің қолбасшылары және арнайы әскерлер бастықтары бұйрықтарының талаптарына сәйкес әскери бөлім командирінің бұйрығымен айқындалады.

Әскери бөлімнің кезекші күштері мен құралдары әскери бөлім командирі мен штаб бастығына бағынады.

322. Жауынгерлік кезекшілікке:

әскери ант қабылдамаған, тиісті даярлық бағдарламаларын белгіленген көлемде меңгермеген және жауынгерлік кезекшілікті атқаруға жіберілуге сынақ тапсырмаған, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексімен көзделген әрекет белгілерінен тұратын теріс қылықтар жасаған, олар бойынша тергеу жүргізіліп жатқан және сырқат әскери қызметшілерді;

қару-жарақтың негізгі түрлерінен жауынгерлік оқ атулар жүргізумен жауынгерлік үйлестіруден өтпеген негізгі бөлімшелерді тағайындауға тыйым салынады.

323. Жеке құрамды жауынгерлік кезекшілік атқаруға даярлау әскери бөлім командирі бекіткен жоспар негізінде жауынгерлік кезекшілікке әрбір түсер алдында бөлімшелер, жауынгерлік есептоптар (ауысымдар, экипаждар) құрамында жүргізіледі.

Ол міндеттердің сипаты мен көлемін, әскери бөлімнің, бөлімшенің ерекшелігін, жауынгерлік кезекшілікті атқару уақыты мен орнын ескере отырып, әскери бөлім (бөлімше) командирінің басшылығымен жүргізіледі.

Жауынгерлік кезекшілікке түсуге және атқаруға қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, зымырандарды, оқ-дәрілерді дайындау алдын ала жүргізіледі, ал рұқсат ету техникалық қызмет көрсету (жоспарлы регламенттеу жұмыстары) жүргізілгеннен кейін жүзеге асырылады.

Кезекші күштер мен құралдарды даярлау жөніндегі барлық іс-шаралар олардың жауынгерлік кезекшілікке түсуге және атқаруға әзірлігін тексерумен аяқталады. Әзірлікті тексерудің қорытындылары бойынша жеке құрам, қару-жарақ, әскери және басқа техника зымырандардың, оқ-дәрілер мен басқа да материалдық құралдардың белгіленген қорларымен жауынгерлік кезекшілікті атқаруға әскери бөлім командирінің бұйрығымен жіберіледі.

ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен 324-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

324. Жауынгерлік кезекшілікке түсу тәртібі Қорғаныс министрінің, Қарулы Күштер Бас штабы бастығының, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар тиісті басшыларының, әскер түрлері бас қолбасшыларының, әскерлер тектері, өңірлік қолбасшылықтар әскерлері қолбасшыларының және арнайы әскерлер бастықтарының бұйрықтарымен айқындалады.

325. Жауынгерлік кезекшілікке түсу туралы жедел кезекші, басқару пункті бойынша кезекші, кезекші жауынгерлік есептоптардың (ауысымдардың, пункттердің, постылардың) бастықтары (үлкендері), кезекші бөлімшелердің командирлері команда бойынша әскери бөлім командиріне және жоғары тұрған командалық пунктке (басқару пунктіне) баяндайды.

Жедел кезекші, басқару пункті бойынша кезекші, кезекші жауынгерлік есептоптардың (ауысымдардың, пункттердің, постылардың) бастықтары (жетекшілері), кезекші бөлімшелердің командирлері жағдайды егжей-тегжейлі білуге, батыл және табанды әрекет жасауға, қабылданған шешімдер үшін жауаптылықты өзіне алуға және жауынгерлік міндеттерді орындауға міндетті.

326. Жаттығуларды өткізудің бекітілген жоспарына сәйкес жауынгерлік кезекшілікті атқару барысында жедел кезекші, басқару пункті бойынша кезекші, кезекші жауынгерлік есептоптардың (ауысымдардың, пункттердің, постылардың) бастықтары (жетекшілері), кезекші бөлімшелердің командирлері кезекші жауынгерлік есептоппен (ауысыммен, экипажбен, бөлімшемен) бөлек және кешенді жаттығулар (олардың бір бөлігі - бақылау) өткізеді.

Кезекші бөлімшелердің (экипаждардың) жеке құрамымен жауынгерлік кезекшілік міндеттерін орындауға әзірліктің белгіленген дәрежесін төмендетпей, әскери бөлім командирі бекіткен кестеге сәйкес жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар өткізіледі. Осы жағдайда сабақтар жауынгерлік кезекшілікті атқару орындарына тікелей жақын маңда өткізіледі.

327. Жедел кезекшіге, басқару пункті бойынша кезекшіге, кезекші жауынгерлік есептоптардың (ауысымдардың, пункттердің, постылардың) бастықтарына (жетекшілеріне), кезекші бөлімшелердің командирлеріне жеке құрамға оны жауынгерлік кезекшілік атқару бойынша міндеттерді орындаудан алаңдататын және жауынгерлік міндеттерді орындаудың бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін бұйрықтар беруге тыйым салынады.

Жауынгерлік кезекшілік атқару кезінде кезекші ауысымның (есептоптың) жеке құрамына:

жедел кезекшінің, басқару пункті бойынша кезекшінің, кезекші жауынгерлік есептоптар (ауысымдар, пункттер, постылар) бастықтарының (жетекшілерінің), кезекші бөлімшелер командирлерінің рұқсатынсыз жауынгерлік кезекшілік атқару бойынша міндеттерді орындауды кез келген адамға, уақытша болса да тапсыруға;

алаңдауға, жауынгерлік кезекшілік атқару жөніндегі міндеттерді орындаумен байланысты емес істермен айналысуға;

жауынгерлік постыны немесе жауынгерлік кезекшілік атқарудың басқа да орнын өз бетімен тастап кетуге;

қару-жарақта, әскери және басқа техникада олардың белгіленген әзірлігін төмендететін жұмыстар жүргізуге тыйым салынады.

ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен 328-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

328. Лауазымды адамдардың жауынгерлік кезекшілікті тексеру өкілеттіктерін, кезеңділігі мен тәртібін Қорғаныс министрі, Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары айқындайды.

Жауынгерлік кезекшіліктің атқарылуын тексеруді Қорғаныс министрі, Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, әскерлер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің қолбасшылары, арнайы әскерлер бастықтары, әскери бөлімдердің командирлері немесе олардың тапсырмасы бойынша адамдар жүзеге асырады, ол үшін жауынгерлік кезекшіліктің атқарылуын тексеру жоспары әзірленеді.

Жеке құрам жауынгерлік кезекшіліктен ауысқаннан кейін қызмет атқаруды талдау жүргізіледі. Әскери бөлімде жауынгерлік кезекшілікті талдау және қорытынды жасау ай сайын жүргізіледі, оның жағдайы әскери бөлім командирінің бұйрығында көрсетіледі.

329. Жауынгерлік қызмет - бұл әскери қызметшілердің қарауыл, әскери наряд құрамында, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қарулы Күштерге жүктелген міндеттерді атқару үшін тартылған әскери бөлімдер мен бөлімшелердің құрамында әскери қызмет міндеттерін орындауы.

Жауынгерлік қызмет атқару жауынгерлік міндетті атқару болып табылады.

330. Күзет жүйесінің негізгі элементі қарауылдар, әскери нарядтар болып табылады.

Әскери наряд - бұл объектілерді күзету және қорғау жөніндегі, төтенше жағдайлар кезіндегі, қоғамдық тәртіпті күзету жөніндегі, сондай-ақ арнайы операциялар жүргізу кезіндегі міндеттерін атқару үшін тағайындалған әскери қызметшілердің немесе бөлімшелердің топтары.

Әскери нарядқа: іздеу топтары, іздестіру топтары, тосқауылдаушылар, торуылдаушылар, арнайы жүктерге ілесіп жүру жөніндегі әскери нарядтар, шолғыншылар, қадағалау постылары, жасырын топтар, бақылау-өткізу пункттері, маневрлік және ұтқыр топтар, лектерге ілесіп жүру топтары, айдауылдар, патрульдер, тәртіпті сақтау постылары, із кесу топтары, іздестіру постылары және басқалар тағайындала алады.

331. Командир (бастық) жауынгерлік қызмет міндеттерін орындау үшін бөлінген топтардың жауынгерлік әзірлігі, уақтылы даярлығы және күштер мен құралдарды дұрыс қолдану үшін жауап береді.

Жауынгерлік қызмет міндеттерін табысты орындау мақсатында оларды іс-әрекеттерге күні бұрын және тікелей даярлау жүргізіледі.

Күні бұрын даярлау күнделікті қызмет іс-қимылы процесінде ұдайы және үздіксіз жүзеге асырылады.

Тікелей даярлық нақты міндетті алумен басталады.



3. Парктердегі ішкі қызметтің ерекшелігі

332. Парк деп қару-жарақты, әскери және басқа техниканы сақтау (қою), техникалық қызмет көрсету, жөндеу және жауынгерлік қолдануға әзірлікке келтіру үшін жабдықталған аумақ.

Орналасу жағдайына байланысты парктер тұрақты және далалық болуы мүмкін.

Тұрақты парктер әскери бөлімдердің тұрақты орналасқан орындарында және оқу орталықтарында (полигондарда, лагерьлерде) жабдықталады. Бұл ретте қару-жарақ, әскери және басқа техника жабылатын сақтау орындарында немесе қалқалардың астында, сондай-ақ сенімді қоршалған алаңдарда орналастырылады. Паркте парк бойынша кезекшіге, бақылау-техникалық пункті бастығына, арналған үй-жайлары бар бақылау-техникалық пункті, қозғалыс қауіпсіздігі, жүргізушілерге, машина жетекшілеріне және парк бойынша нарядқа нұсқама беру сыныбы; май құю пункті, тазалау және жуу пункттері, күнделікті қызмет көрсету пункті (алаңы), техникалық қызмет көрсету және жөндеу пункті; қару-жарақты, әскери және басқа техниканы сақтау орындары, олардың жауынгерлік қолдануға әзірлігін қамтамасыз ету объектілері, көлік құралдарының кезекшілері үшін жылытылатын үй-жайлар, техникаға қызмет көрсетуге арналған басқа да объектілер (орындар) мен қажетті тұрмыстық үй-жайлар жабдықталады.

Далалық парктер әскери бөлімнің (бөлімшенің) далалық жағдайларда уақытша орналасуы кезінде ұйымдастырылады.

Парктің орналасуы мен жабдықталуы машиналардың тез және ыңғайлы шығуын қамтамасыз етуі тиіс.

333. Парк аумағы бөлімшелерге бекітіліп берілген учаскелерге бөлінеді.

Учаскелер шекаралары көрсеткіштермен белгіленеді. Тұрақты парк аумағы қоршалады, техникалық күзет құралдарымен, қоршаған ортаны қорғау нормалары мен ережелерін қамтамасыз ететін құрылғылармен жабдықталады, көгалдандырылады және жарықтандырылады.

Парктің барлық ғимараттары, ғимараттардың қақпалары мен парктің қақпалары нөмірленеді.

334. Паркке, сондай-ақ парктің ішіндегі үй-жайларға және арнайы құрылыстарға жолдар салынуы тиіс және қозғалыс үшін жарамды жай-күйде ұсталатын кіреберістер белгіленеді. Жаздыгүні құрғақ ауа райында жолдарға су себіледі, ал қыста қардан тазартылады.

Парк аумағы бойынша жолдан шығып жүруге тыйым салынады. Парктегі барлық жолдарға бағыт және машина қозғалысының жылдамдығын көрсеткіштер, сондай-ақ басқа да жол белгілері орнатылады.

335. Парктегі ішкі қызметті ұйымдастыру және оның жай-күйі, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы дұрыс ұстау, арнайы құрылыстарды, қоймаларды ұстау, тазалықты ұстау және өртке қарсы және табиғатты қорғау іс-шараларын орындау үшін әскери бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары (бөлімнің техникалық қызметтерінің біреуінің бастығы) жауап береді.

Қару-жарақты, әскери және басқа техниканы дұрыс ұстау және сақтау, бөлімшеге бекітілген парк үй-жайлары мен аумағы учаскелерін таза ұстау және оларда өртке қарсы, табиғатты қорғау іс-шараларын орындау үшін бөлімшелер командирлері жауап береді.

336. Машиналарға техникалық қызмет көрсету олар әр рейстен қайтып келгеннен кейін, сондай-ақ белгіленген жүру (жұмыс істеу) және сақтау нормативтерінен кейін жүргізіледі. Одан басқа, машиналарға маусымдық техникалық қызмет көрсету жүргізіледі.

Қару-жарақты, әскери және басқа техниканы қарап тексеру және қызмет көрсету, сондай-ақ паркті толық жабдықтау және көріктендіру парк, парктік-шаруашылық күндері және қару-жарақты, әскери және басқа техниканы күтіп-ұстау үшін бөлінген уақытта жүргізіледі.

Әскери бөлім командирлері қару-жарақты, әскери және басқа техниканы қарап тексеруді жүргізу кезінде сонымен бірге парктердің жай-күйін тексеруді жүргізеді.

Қызмет көрсетілген қару-жарақ әскери және басқа техника қоймаларға (тұраққа) қойылады. Жылдың суық уақытында ауа температурасы +50С градустан төмен кезде парктің жылытылмайтын сақтау орындарында және ашық алаңдарында қозғалтқыштарды суыту жүйелерінен суы ағызылады, ал ауа температурасы -200С градустан төмен кезде қару-жарақтан, әскери және басқа техникадан аккумулятор батареялары алынады. Бұл ретте оларға «Суы ағызылған», «Аккумулятор батареялары алынған» деген жазу ілінеді.

Қызмет көрсетілмеген қару-жарақты, әскери және басқа техниканы сақтау орындарына (тұраққа) қоюға тыйым салынады.

Оқ-дәрілер мен басқа да материалдық құралдар тиелген және қоймалар аумағында қарауыл күзетіндегі машиналарды қоспағанда, машиналарды парктен тыс сақтауға тыйым салынады.

337. Машиналар парктен лауазымды адамдар жасаған өтінімдер бойынша әскери бөлім командирі алдын ала бекіткен машиналарды пайдалану наряды бойынша, техникалық жағынан ақаусыз және қызмет көрсетілген, жүргізушінің жеке басын және машинаны жүргізуге құқығын куәландыратын құжаттары бар, рейс алдындағы медициналық қараудан өткен және рейске бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары қару-жарақты, әскери және басқа техниканы пайдалануға жауапты лауазымды адам) қол қойған және бақылау-техникалық пункті бастығының ақаусыз жай-күйі туралы белгісі, сондай-ақ парк бойынша кезекшінің спидометрдің көрсеткіштері мен парктен шығарылған уақыты туралы белгісі бар ресімделген жол қағаздарымен олар бекітіліп берілген жүргізушілермен шығарылады. Машиналарды пайдалану жүргізушілерге машиналарға тиісті қызмет көрсету, оларды рейске дайындау және демалу үшін қажетті уақыт беруді ескерумен жоспарланады.

Нарядпен көзделмеген машиналарды шығару ерекше жағдайларда және тек әскери бөлім командирінің бұйрығымен жүзеге асырылады.

Машиналарды қолайсыз ауа райларында (тұман, көк тайғақ, қалың қар және басқа да) шығару шектеледі.

Демалыс және мереке күндері машиналарды парктен шығару ең аз мөлшерге дейін қысқартылады.

338. Рейске екі машинадан және одан да артық жіберілетін кезде лек бастығы тағайындалады.

Лек құрамында да, жеке машиналармен де жеке құрамды және жарылу қаупі бар жүктерді тасымалдау кезінде әрбір машинаға машина жетекшісі тағайындалады. Басқа жағдайларда қажет болған кезде машиналар жетекшілері әскери бөлім командирінің шешімі бойынша тағайындалады.

Лек бастығы (машина жетекшісі) жол қауіпсіздігі ережелерін білуі бойынша сынақтар тапсырған офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден тағайындалады. Ол: қойылған міндеттерді белгіленген мерзімде атқару, машинаны (машиналарды) дұрыс пайдалану, жүргізушінің (жүргізушілердің) жол қозғалысы ережелерін, машиналардағы (машинадағы) жеке құрамның тәртіпті сақтауы және олардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы үшін жауап береді.

Лек бастығы (машина жетекшісі):

машиналар (машина) қозғалар алдында адамдарды отырғызу және жүктерді тиеу нормаларын сақтауды тексеруге; жеке құрамды (жүкті) машиналарға (машинаға) отырғызу (тиеу), түсіру және орналастыру кезінде тәртіпті бақылауға;

машиналардың (машинаның) қозғалысы барысында бағытты, белгіленген қозғалыс жылдамдығын сақтауды, жүргізушінің (жүргізушілердің) жол қозғалысы ережелерін, ал машиналардағы (машинадағы) жеке құрамның әскери тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын орындауын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

Лек бастығына (машина жетекшісіне) машинаны өзі жүргізуге немесе жүргізушіні машинаны басқа біреуге жүргізуге беруге мәжбүрлеуге; жүргізушінің (жүргізушілердің) жол қозғалысы ережелерін бұзуға және белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттыруға мәжбүрлейтін команда беруге тыйым салынады.

Осы тасымалдауды ұйымдастырушы лауазымды адамдар немесе олардың тікелей бастықтары лек бастықтары (машиналардың жетекшілері) мен жүргізушілеріне тапсырмалардың мақсаты, орындалу тәртібі, мерзімдері туралы немесе қозғалыс қауіпсіздігі талаптарын орындау жөнінде нұсқама береді. Машиналардың жүргізушілеріне, одан басқа бөлімше командирлері машиналарды пайдалану ережелерін, жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы және рейстегі тәртібі туралы нұсқама береді.

Жүргізушілерге машинаны жүргізуді кез келген адамға беруге үзілді-кесілді тыйым салынады.

339. Машиналарды шығаруға дайындау бөлімшелер командирлерінің немесе олардың қару-жарақ жөніндегі орынбасарларының (техникалық бөлім бастығының, автомобиль қызметтері бастықтарының, батальондар техниктерінің, аға техниктер немесе рота техниктерінің) басшылық жасауымен жүргізіледі.

Парктен шығарылатын және паркке қайтып келген машиналардың техникалық жай-күйіне бақылауды бақылау-техникалық пунктінің бастығы жүзеге асырады.

340. Парктегі ішкі тәртіп пен жұмыс тәртібі әскери бөлім бойынша оқыту кезеңіне арналған бұйрықта жарияланады.

Бұйрықпен белгіленбеген уақытта паркке жіберу және онда жұмыс істеу тек әскери бөлім бойынша командирдің рұқсатымен жүргізіледі.

341. Паркте жұмыс істеу және сабақ өткізу үшін белгіленген уақытта жеке құрам паркке саппен офицерлердің немесе сержанттардың (старшиналардың) командасымен жіберіледі.

Өз әскери бөлімінің әскери қызметшілері - офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер паркке жұмыс істеу үшін белгіленген уақытта жеке куәліктері бойынша жіберіледі. Жеке тәртіппен қызмет мәселелері бойынша паркке келген мерзімді әскери қызметтің сержанттары (старшиналары) мен сарбаздары (матростары) паркке әскери билеттері бойынша бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарының рұқсатымен жіберіледі, ол туралы соңғы парк бойынша кезекшіні хабардар етеді.

Машиналарды алып шығуға келген экипаждар (жүргізушілер) паркке жол қағаздарын көрсетуі бойынша жіберіледі.

Өз әскери бөлімінікі емес адамдар паркке тек бөлім командирінің рұқсатымен, бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары қол қойған бір жолғы рұқсаттамалар бойынша және арнайы тағайындалған әскери қызметшінің ілесіп жүруімен жіберіледі (24-қосымша).

Паркте тұрған машиналарға және басқа техникаға тек олар бекітіліп берілген әскери қызметшілер қоймалар мен парктер үй-жайларын ашуға рұқсат етілген адамдардың рұқсатымен жіберіледі.

Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру жағдайында машиналарға және басқа техникаға жіберу тәртібін бөлім командирі белгілейді және тиісті нұсқаулықтарда айқындалады.

342. Машиналар люктерінің, кабиналарының, парк үй-жайлары мен парк қақпаларының кілттерін сақтау және беру тәртібі машиналардың парктен уақтылы шығуын қамтамасыз етуі, сондай-ақ жеке құрамның оларды өз еркімен пайдалану жағдайын болдырмауы тиіс.

Кілттер:


машина люктері мен кабиналарының кілттері: бір жиынтығы - парк бойынша кезекшіде; екіншісі - рота (батальон, бөлімшелер) бойынша кезекшіде мөрленген жәшікте әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру жағдайына жол қағаздарымен бірге;

парк үй-жайлары мен парк қақпаларының кілттері: бір жиынтығы - парк бойынша кезекшіде; екіншісі - әскери бөлім бойынша кезекшіде мөрленген жәшікте сақталады.

343. Паркте ішкі қызметті атқару және ішкі тәртіпті ұстау үшін парк бойынша кезекші, тәуліктік кезекші және өрт шыққан жағдайда кезекші тартқыштың механик-жүргізушілері (жүргізушілер) тағайындалады. Тәуліктік кезекшілер паркке кіретін есіктердің алдына, ал жұмыс жүргізу уақытында парк аумағында да парк бойынша кезекші болып қойылады.

Тұрақты және далалық парктерді сақшыларды қоюмен қарауылдар тәулік бойы күзетеді. Паркті сенімді жұмыс істейтін техникалық күзет құралдарымен жабдықтаған кезде ол қарауылдар мен сақшыларды қоймай-ақ күзетіледі.

344. Әскери бөлімдер парктерінде, сондай-ақ оқ-дәрілер арсеналдарының, базаларының қоймалар аймағында (техникалық аумағында) кезекші тартқыштың, өрт сөндіру машиналарының, санитарлық көлік құралының тұрағы үшін бақылау-техникалық (бақылау-өткізу) пунктіне жақын жерде жеке жылытылатын үй-жай жабдықталады.

345. Қару-жарағы, әскери және басқа техникасы бар барлық сақтау орындарын, алаңдарды мөрлеу (пломбалау) тәртібін, сондай-ақ паркке келген қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, оны қарауылға күзетке тапсырғаннан кейін күзету тәртібін әскери бөлім командирі белгілейді.



3. Әскерлер оқу-жаттығу орталықтарына және полигондарға

(лагерьлерге) орналасқан кездегі ішкі қызметтің ерекшеліктері

Жалпы ережелер

346. Әскерлер оқу орталықтарына, полигондарға (лагерьлерге) жеке құрамның далалық дағдысы деңгейін арттыру және моральдық-психологиялық және жауынгерлік қасиеттерін, бөлімдердің (бөлімшелердің) әр түрлі жағдайда жауынгерлік іс-әрекеттерді жүргізу және тағайындалуына сәйкес міндеттерді орындау қабілеттерін нығайту мақсатында шығады. Көрсетілген іс-шаралар жауынгерлік жағдайға барынша жақындатылған, күштердің анағұрлым жоғары шоғырлануын, әскери қызметшілердің білімдері мен дағдыларын іс-жүзінде қолдануын талап ететін жағдайларда пысықталады.

Әскерлердің оқу орталықтарына, полигондарға (лагерьлерге) шығу тәртібі жауынгерлік даярлық жоспарымен немесе аға командирдің (бастықтың) бұйрығымен айқындалады.

347. Әскерлер оқу орталықтарында, полигондарда (лагерьлерде) үй-жайларда немесе лагерь болып (шатырларда) орналастырылады.

Штабтар, медициналық пункттер, шеберханалар, қоймалар, тыл қызметтері (объектілері) көбінесе үй-жайларда орналасады. Қару-жарақ, әскери және басқа техника далалық парктерде орналастырылады.

348. Оқу орталықтарында, полигонда (лагерьде) болған кезде әскери бөлімдегі және оның бөлімшелеріндегі ішкі қызмет осы Жарғыда жазылған талаптарға сәйкес ұйымдастырылады.

Әскери бөлім командирі күн тәртібін, әскери қызметшілердің қызмет уақытының регламентін, сарбаздар (матростар) мен сержанттарды (старшиналарды) мерзімді әскери қызметтен полигоннан (лагерьден) сейілдемеге босату тәртібін және басқа да ішкі тәртіп ережелерін айқындай отырып, бөлімшелердің далалық дағдысын арттыру, олардың орналасу ерекшеліктері жөніндегі міндеттерді, сондай-ақ оқу орталығында, полигонда (лагерьде) аға командир (бастық) белгілеген жалпы ережелерді ескеруі тиіс.

349. Оқу орталығында, полигонда (лагерьде) әр түрлі құрамалардың (әскери бөлімдердің) әскери бөлімдерінің (бөлімшелерінің) жиынын өткізу кезінде ішкі қызметке басшылық жасау үшін аға командир (бастық) лагерьлік жиын бастығын тағайындайды, ал қажет кезде басқа да лауазымды адамдар тағайындалады.

Әскери бөлім (бөлімше) оқу орталығында, полигонда үй-жайларда немесе лагерь болып (шатырларда) орналастырылады. Әр түрлі құрамалардың (әскери бөлімдердің) бірнеше әскери бөлімдері немесе бөлімшелері бірлесіп орналасқан кезде олардың арасында аумақ пен үй-жайларды аға командир (бастық) немесе лагерьлік жиынның бастығы бөледі.

Лагерьлік жиынның бастығы: жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру және барысы; әскери тәрбие мен тәртіп, жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі; жиынға тартылған әскери бөлімдердегі ішкі тәртіп және олардың қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтауы үшін жауап береді.

Ол жиынның барлық бөлімдерінің (бөлімшелерінің) жеке құрамы үшін тікелей бастық болып табылады. Лагерьлік жиынның бастығы өз міндеттерін осы тарауға қатысты бригада командирінің міндеттеріне сәйкес орындайды.

350. Тәуліктік нарядқа лагерьлік жиын бастығының бұйрығымен лагерьлік жиын бойынша кезекші тағайындалады, ол әскери бөлім бойынша кезекшінің міндеттеріне сәйкес міндеттерді орындайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   25




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет