Әскери қызметшілердің лауазымдық және арнайы міндеттері
21. Әрбір әскери қызметшінің лауазымдық міндеттері бар, ол атқаратын лауазымына сәйкес оған тапсырылған қызметтер мен міндеттердің іс жүзінде орындалу көлемі мен шектерін айқындайды. Лауазымдық міндеттер тек қызмет мүддесінде қолданылады.
Осы міндеттер жалпыәскери жарғылармен, тиісті басшылықтармен, ережелермен, нұсқаулықтармен немесе тура бастықтардың жазбаша бұйрықтарымен айқындалады.
22. Жауынгерлік кезекшілікте, жауынгерлік қызметте, тәуліктік және гарнизондық нарядтарда болған кезде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жою үшін тартылатын әскери қызметшілер арнайы міндеттерді орындайды. Бұл міндеттер және оларды орындау тәртібі заңнамамен, жалпыәскери жарғыларымен белгіленеді.
Арнайы міндеттерді орындау үшін әскери қызметшілерге заңнамалық актілермен және жалпыәскери жарғыларымен айқындалатын қосымша құқықтар берілуі мүмкін.
Әскери қызмет қауіпсіздігі
23. Әскери қызмет қауіпсіздігі әскери қызмет өткеру процесінде әскери қызметшілерге зиянды және қауіпті әсерді болдырмайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген әскери қызметшінің қорғалу жай-күйі болып табылады.
24. Командирлер (бастықтар) әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылауды жүзеге асырады.
25. Әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыттарына:
әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, ережелерді, нормаларды әзірлеу және қабылдау;
қайғылы оқиғалар мен кәсіби ауруларды есепке алудың бірыңғай жүйесін белгілеу;
әскери қызмет қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құқықтық актілер, бұйрықтар талаптарын сақтауды бақылау жатады.
26. Әскери қызмет қауіпсіздігі саласындағы негізгі принциптер:
қызметтік іс-қимыл нәтижелеріне қатысты әскери қызметшінің өмірі мен денсаулығының артықшылығы;
нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау арқылы әскери қызмет қауіпсіздігі саласындағы бірыңғай талаптарды белгілеу;
әскери қызмет қауіпсіздігінің жай-күйі туралы ақпараттың жариялылығы, толықтығы және анықтығы болып табылады.
27. Әскери қызмет қауіпсіздігі жөніндегі талаптар барлық әскери қызметшілердің, олардың әскери қызмет өткеру кезеңінде орындауы үшін міндетті.
28. Әскери қызметші:
әскери қызмет қауіпсіздігі жөніндегі нормалар, ережелер мен нұсқаулықтар, бұйрықтар талаптарын, сондай-ақ командирдің (бастықтың) әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі талаптарын сақтауға;
адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жағдай туралы өзінің тікелей бастығына дереу хабарлауға;
нормативтік актілермен көзделген жағдайларда міндетті кезеңдік медициналық қараулардан және куәландырудан өтуге;
арнайы киімді, жеке және ұжымдық қорғау құралдарын арналуы бойынша пайдалануға міндетті.
29. Командирдің:
өз өкілеттіліктері шегінде әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша бұйрықтар, нұсқаулықтар, ережелер шығаруға;
әскери қызметшілерден қару-жарақты, әскери және басқа техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды талап етуге;
әскери қызметшілерді қызметтің қауіпсіз жағдайларын жасау жөніндегі рационализаторлық ұсыныстары үшін көтермелеуге;
әскери қызмет қауіпсіздігі талаптарын бұзған әскери қызметшілерге шаралар қолдануға құқығы бар.
30. Командир:
әскери қызметтің қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз етуге;
қойылған міндеттерді орындау кезеңінде мүмкін болатын зиянды факторлар туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға және жүргізуге;
әскери қызметшілерді ережелер мен нормалар талаптарына сәйкес әскери қызмет өткеру кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде оқытуды және даярлауды жүргізуге;
бағынысты әскери қызметшілерді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға және арнайы киімді, аяқ киімді және зиянды (қауіпті) өндіріс факторларынан жеке (ұжымдық) қорғау құралдарын, оларды киюдің белгіленген мерзімінде арналуы бойынша пайдалануды, жөндеуді бақылауды жүзеге асыруға;
қойылған міндеттерді орындау кезінде қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуге жауапты әскери қызметшілермен және мамандармен әскери қызмет қауіпсіздігі мәселелері бойынша нұсқамаларды, сабақтарды, оның ішінде көрнекі сабақтарды және білімін тексеруді ұйымдастыруға және жүргізуге;
әскери қызметшілерді міндетті кезеңдік медициналық қараулар мен медициналық куәландырудан өткізуді қамтамасыз етуге;
әскери қызметшілерге қажетті санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасауға, белгіленген нормаларға сәйкес профилактикалық өңдеу құралдарымен, жуу және залалсыздандыру құралдарымен, медициналық аптечкалармен, сүтпен, емдеу-алдын алу тағаммен қамтамасыз етуге;
жоғары тұрған әскери басқару органына әскери қызмет қауіпсіздігінің жай-күйі туралы қажетті ақпаратты ұсынуға;
қайғылы оқиғалар мен кәсіби ауруларды тіркеуді, есепке алуды және талдауды жүзеге асыруға;
қайғылы оқиғаларға қызметтік тексеру тағайындауға және жүргізуге;
тергеу басталғанға дейін қайғылы оқиғаның орнын, жағдайды, егер бұл басқа да адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмесе, апаттық жағдай тудыруға әкеп соқтырмаса, ол оқиға болған сәтте қандай болды, сол күйде сақтау жөнінде шаралар, ал оны сақтау мүмкін болмаған жағдайда қалыптасқан жағдайды тіркеу жөнінде шаралар (схемалар жасауға, бұл ретте фото және бейне түсірілімдерді пайдалануға) қабылдауға;
жоғары тұрған әскери басқару органына қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі топтық (екі және одан да көп адам) қайғылы оқиға, ауыр қайғылы оқиға не өлімге әкеп соқтырған қайғылы оқиға және қатты улану оқиғалары туралы дереу баяндауға міндетті.
Әскери қызметшілердің жауапкершілігі
31. Әскери қызметшілер әскери атағы мен лауазымына қарамастан заң алдында тең және өзінің құқықтық жағдайының ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген жауаптылықта болады.
32. Әскери қызметшілер әскери тәртіп бұзумен байланысты теріс қылықтары үшін Тәртіптік жарғымен белгіленген негізде және тәртіппен тәртіптік жауаптылықта болады.
33. Әскери қызметшілер қылмысы және өзге де құқық бұзушылықтары үшін заңнамаға сәйкес қылмыстық, әкімшілік немесе материалдық жауаптылықта болады.
34. Теріс қылық жасаумен байланысты тәртіптік жазаға тартылған әскери қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген жауаптылықтың басқа түрлерінен босатылмайды.
Материалдық зиян келтірумен байланысты құқық бұзушылық жасаған жағдайда әскери қызметші жауаптылықтың өзге де түрлеріне тартылуына немесе қоғамдық ықпал ету шараларын қолдануға қарамастан зиянды өтейді.
Жауаптылыққа тарту кезінде әскери қызметшінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қысым жасауға жол берілмейді.
2. Әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынас
Дара басшылық. Командирлер (бастықтар) мен бағыныстылар.
Үлкендер және кішілер
35. Дара басшылық Қарулы Күштер құрылымының, оларға басшылық жасаудың және әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастың негізгі принципі болып табылады. Ол командирге (бастыққа) бағыныстыларға қатысты айқындалған құқықтар беруден және оған әскери бөлімнің, бөлімшенің және әрбір әскери қызметшінің өмірі мен қызметінің барлық жақтары үшін мемлекет алдында дербес жауапкершіліктің жүктелуінен тұрады.
Дара басшылық командирдің (бастықтың) жағдайды жан-жақты бағалауынан шыға отырып, жеке-дара шешім қабылдау, заңнаманың, жалпыәскери жарғылардың талаптарына қатаң сәйкестікте тиісті бұйрықтар беру мен олардың орындалуын қамтамасыз ету құқығынан көрінеді.
Бұйрықты талқылауға жол берілмейді, ал бұйрыққа бағынбау немесе басқадай орындамау әскери қылмыс болып табылады.
36. Өзінің қызметтік жағдайы мен әскери атағы бойынша бір әскери қызметшілер басқаларға қатысты бастықтар немесе бағыныстылар болуы мүмкін.
Бастықтың бағыныстыға бұйрық беруге құқығы бар және олардың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға міндетті. Бастық бағынысты үшін әдептілік пен ұстамдылықтың үлгісі болуы тиіс. Бағыныстының адамдық қадір-қасиетін қорлайтын іс-қимылы үшін бастық жауапты болады.
Бағынысты бастықтың бұйрықтарын мүлтіксіз орындауға міндетті.
37. Өзінің қызметтік жағдайы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті (Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы), азаматтық персонал қатарынан Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басшылары, атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша қызметтік міндеттеріне сәйкес бағынысындағыларға басшылық жасауды жүзеге асыратын әскери қызметшілер бастықтар болып табылады.
Командир қызметі бойынша оған бағынысты әскери қызметшілерге бастық болып табылады.
38. Қызметі бойынша әскери қызметшілер уақытша болса да бағынатын бастықтар тура бастықтар болып табылады.
Бағыныстыға жақын тура бастық тікелей бастық болып табылады.
39. Қызметі бойынша бағыныстылық тәртібімен байланысты емес
мынадай әскери қызметшілер өзінің әскери атағы бойынша бастықтар болып табылады:
армия генералдары - барлық әскери қызметшілер үшін;
генерал-полковниктер, адмиралдар - барлық аға және кіші офицерлер, сержанттар (старшиналар), сарбаздар (матростар) үшін;
генерал-лейтенанттар, вице-адмиралдар, генерал-майорлар, контр-адмиралдар, полковниктер, 1-дәрежелі капитандар - барлық кіші офицерлер, сержанттар (старшиналар), сарбаздар (матростар) үшін;
офицерлер - сержанттар (старшиналар), сарбаздар (матростар) үшін;
сержанттар (старшиналар) - олармен бір әскери бөлімдегі сарбаздар мен матростар үшін.
40. Өзінің қызметтік жағдайы және әскери атағы бойынша (38, 39-тармақтар) басқа әскери қызметшілерге қатысты олардың бастықтары немесе бағыныстылары болып табылмайтын әскери қызметшілер үлкендер немесе кішілер болуы мүмкін.
Үлкендік әскери қызметшілердің атағымен айқындалады. Әскери атағы бойынша үлкендер кішілер әскери тәртіпті, қоғамдық тәртіпті, мінез-құлық, әскери киім нысанын киіп жүру ережелерін және әскери сәлемдесуді орындауды бұзған жағдайда олардан осы бұзуларды жоюды талап етуі тиіс. Атағы бойынша кішілер үлкендердің осы талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті.
41. Бір-біріне бағынысты емес әскери қызметшілер міндеттерін бірлесіп орындаған кезде командир (бастық) олардың қызметтік өзара қарым-қатынастарын айқындамаған болса, олардың лауазымы бойынша үлкені, ал тең лауазымдарда әскери атағы бойынша үлкені бастық болып табылады.
Бұйрық, өкім, бұйырым. Оларды беру, орындау және
бақылау тәртібі.
Әскери қызметшілердің бастамасы
42. Бұйрық - бұл командирдің (бастықтың) қызмет бойынша қандай да бір іс-қимылды орындау немесе тоқтату туралы талабы.
Бұйрық әскери қызметшілердің біреуіне немесе тобына жазбаша, ауызша немесе байланыстың техникалық құралдары арқылы берілуі мүмкін.
Жазбаша бұйрық әскери бөлімдер командирлерінің дара басшылық құқықтарында шығарылатын әскери басқарудың негізгі қызметтік басқару құжаты (құқықтық актісі) болып табылады. Жазбаша бұйрықтар беру құқығын әскери бөлім командирі және одан жоғары командирлер (бастықтар) пайдаланады.
Ауызша бұйрықтарды барлық командирлер (бастықтар) береді.
43. Өкім - бағыныстыларға міндеттерді жеткізу нысаны.
Бұйырым - жеке мәселелер бойынша бағыныстыларға міндеттерді жеткізу нысаны.
Өкім мен бұйырымды әскери бөлім командирі атынан бөлімнің штаб бастығы немесе гарнизон бастығы атынан гарнизонның штаб бастығы ауызша жеткізеді, сондай-ақ жазбаша құжаттарда болуы мүмкін.
44. Командир (бастық) бұйрық берер алдында жағдайды жан-жақты бағалауға және оны орындауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға міндетті. Кейіннен командир (бастық) оның орындалуына бақылауды жүзеге асыруға міндетті. Командир берілген бұйрыққа және оның салдарларына, бұйрықтың заңнамаға сәйкес келуіне, сондай-ақ билікті асыра пайдаланғаны және берілген бұйрықтағы билікті немесе қызметтік өкілеттіліктерін асыра пайдаланғаны үшін және оны орындау жөнінде шаралар қабылдамағаны үшін жауаптылықта болады. Бұйрық қысқа және түсінікті жазылуы, екіұдай түсінуге жол бермеуі және бағыныстының күдігін тудырмауы тиіс.
45. Бұйрықтар бағыныстылық тәртібімен беріледі. Ерекше қажет болғанда үлкен бастық оның тікелей бастығын жанай, бағыныстыға бұйрық бере алады. Бұндай жағдайда ол бағыныстының тікелей бастығына бұл туралы хабарлайды, ал бағынысты өзінің тікелей бастығына баяндайды.
46. Командирдің (бастықтың) бұйрығы мүлтіксіз, тура және мерзімінде орындалуы тиіс. Әскери қызметші бұйрықты алып «Құп болады» деп жауап береді, одан кейін оны орындайды.
Қажет кезде командир (бастық) өзінің берген бұйрығын дұрыс түсінгеніне көз жеткізу үшін оны қысқаша қайталауды талап ете, ал бұйрықты алған әскери қызметші командирге (бастыққа) оны қайталауды сұрап өтініш жасай алады.
Алынған бұйрықтың орындалуы туралы әскери қызметші бұйрық берген бастыққа және өзінің тікелей бастығына баяндауға міндетті.
47. Егер бұйрықты орындаушы әскери қызметші қызмет жағдайы бойынша басқа үлкен бастықтан жаңа бұйрық алып, оны орындауға бірінші бұйрық кедергі жасаса, ол бұл туралы екінші бұйрық берген бастыққа баяндайды және ол қолдаған жағдайда соңғысын орындайды.
Жаңа бұйрық беруші бірінші бұйрықты берген бастыққа бұл туралы хабарлауға міндетті.
Командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарына шағымдану оларды орындауды тоқтатпайды. Бағынысты алынған бұйрыққа оны орындағаннан және бұйрық берген адамға баяндағаннан кейін шағымдануға құқылы. Бағынысты командирдің (бастықтың) көрінеу заңсыз берілген бұйрығын, егер ол заңнамаға анық қайшы келсе, орындамауы тиіс. Алынған бұйрықты орындау мүмкін болмаған жағдайда бағынысты бұл туралы себептерін көрсете отырып, командирге (бастыққа) баяндауға міндетті.
48. Әскери қызметші оған қойылған міндеттерді табысты орындау мақсатында дұрыс бастама танытуға міндетті. Ол, әсіресе жағдай әскери қызметшінің алынған міндетті орындау мүддесінде тез іс-қимыл жасауын талап еткенде қажет.
Әскери әдептілік пен әскери қызметшілердің мінез-құлқы туралы
49. Әскери қызметшілер әрдайым жоғары мәдениеттің, қарапайымдылық пен ұстамдылықтың үлгісі ретінде қызмет етуі, өзінің қадір-қасиетін қорғауы және басқалардың қадір-қасиетін құрметтеуі тиіс.
Олардың мінез-құлқына қарап тек олар туралы ғана емес, тұтас Қарулы Күштердің абыройы туралы пікір туындайтынын олар есте сақтауы тиіс.
Әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынас өзара сыйластық негізінде қалыптасады. Қызмет мәселелері бойынша олар бір-біріне «Сіз» деп тіл қатуы тиіс.
Офицерлер бір-біріне әскери атағы мен тегі немесе атағына «Мырза (ханым)» деген сөзді қоса отырып тіл қатады.
Мысалы: «Полковник Сыдықов», «Капитан ханым».
Бастықтар мен үлкендер бағыныстылар мен кішілерге қызметі бойынша тіл қатуда, оларды әскери атағы мен тегі немесе тек атағы бойынша атайды.
Мысалы: «Қатардағы жауынгер Омаров», «Қатардағы жауынгер», «Сержант Қалиева», «Сержант».
Бағыныстылар мен кішілер қызметі бойынша бастықтар мен үлкендерге тіл қатуда оларды әскери атағы бойынша мырза, ханым» деген сөздерді қоса отырып атайды. Мысалы: «Бірінші сыныпты сержант мырза».
Әскери оқу орындарының әскери атақтары жоқ сержанттар (старшиналар) құрамының курсанттарына (оқушыларына), сондай-ақ әскери оқу бөлімдерінің (бөлімшелерінің) курсанттарына тіл қату кезінде «Курсант» деп немесе «Курсант» сөзіне тегін қосып атай отырып «Сіз» деп сөйлеседі. Мысалы: «Курсант Қалиев».
Оларға бастық немесе үлкен тіл қатқан кезде әскери қызметшілер, сырқаттарды қоспағанда, саптық қалыпты қабылдайды және өзін таныстырады: өзінің лауазымын, әскери атағы мен тегін атайды. Қол алысу кезінде үлкен қолын бірінші береді. Егер үлкен қолғапсыз болса, кіші қол алысар алдында оң қолының қолғабын шешеді. Бас киімсіз әскери қызметшілер қол алысумен қоса басын жеңіл иеді.
Ұлан әскери бөлімдерінің әскери қызметшілеріне тіл қатқан кезде әскери атағының алдына «ұлан» сөзі қосылады.
Мысалы: «Ұлан полковнигі мырза».
Саптан тыс әскери қызметшілер бір-біріне тек әскери атағы бойынша ғана емес, аты мен әкесінің аты бойынша да тіл қатыса алады.
Әскери атақтарды бұрмалау, әдепсіз сөздерді, лақап және мазақ аттарды қолдану, дөрекілік және әдепсіз сөйлесу әскери қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиеті ұғымымен сыйыспайды.
50. Саптан тыс, бұйрықтар берген немесе алған кезде әскери қызметшілер саптық қалыпты қабылдауға міндетті, ал бас киімі бар кезде бұйрық беруші оған қолын апарады.
Әскери қызметші баяндауда немесе баянат қабылдауда баяндау аяқталысымен қолын бас киімінен түсіреді. Егер баяндаудың алдында «Тік тұр» командасы берілсе, онда баяндаушы бастықтың «Еркін тұр» командасы бойынша оны қайталайды және қолын бас киімінен түсіреді.
51. Командир (бастық) немесе үлкен болғанда басқа әскери қызметшіге тіл қатқан кезде одан рұқсат сұрауы қажет.
Мысалы «Полковник мырза. Майор Ахматуллинмен сөйлесуге рұқсат етіңіз».
52. Қоғамдық орындарда және көлікте бос орын болмаған кезде әскери қызметші өз орнын әскери атағы бойынша үлкенге беруге міндетті.
Егер кездескен кезде бастықтың (үлкеннің) еркін өтіп кетуі мүмкін болмаса, бағынысты (кіші) жол беруге және сәлемдесіп, оны өткізіп жіберуге міндетті.
Әскери қызметшілер азаматтық тұрғындарға қатысты әдептілік сақтауы, егде адамдарға, әйелдерге және балаларға ерекше көңіл бөлуі, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға ықпал етуі, сондай-ақ оларға қайғылы оқиғаларда, өртте және табиғи және техногендік сипаттағы жағдайларда көмек көрсетуі тиіс.
53. Әскери қызметшілерге қолын киімінің қалтасында ұстауға, бастық (үлкен) болған кезде оның рұқсатынсыз отыруға тыйым салынады.
54. Әскери киім нысаны - әскери қызметшілердің Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тиістілігін айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген погоны бар нысанды киім (киім-кешек) мен жабдық.
Қарулы Күштердің әскери киім нысаны мен айырым белгілерін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Әскери киім нысанын киіп жүру ережелерін Қорғаныс министрі, ал әскери киім нысанының жекелеген заттары мен айырым белгілерін тағу ерекшеліктерін басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бірінші басшылары белгілейді. Әскери киім киіп жүру құқығына барлық әскери қызметшілер, сондай-ақ әскери жиынға шақырылған әскери міндеттілер мен запастағы немесе отставкадағы және оны киіп жүру құқығымен әскери қызметтен босатылған азаматтар ие болады.
Қарулы Күштердің әскери қызметшілері үшін киім нысандарының мынадай түрлері белгіленеді: салтанатты, күнделікті, далалық, жұмыстық. Бұл нысандардың әрқайсысы жазғы және қысқы болып бөлінеді.
Жазғы немесе қысқы киім нысанына көшу гарнизон бастығының бұйрығымен белгіленеді.
Әскери қызметшілерге (мерзімді әскери қызметтен басқа) әскери бөлім орналасқан жерден тыс, демалуда немесе демалыста, сондай-ақ арнайы қызметтік міндеттерін орындау кезінде әскери киім нысанын кимеуге рұқсат етіледі.
55. Әскери әдептілік, мінез-құлық ережелері мен әскери сәлемдесуді орындау, сондай-ақ запастағы немесе отставкадағы азаматтар үшін олардың әскери киім нысанын киіп жүруі кезінде міндетті. Олар оны киіп жүрудің белгіленген ережелерін сақтауы тиіс.
Әскери сәлемдесу
56. Әскери сәлемдесу әскери қызметшілердің ұйымшылдығының үлгісі, өзара сыйластығының куәсі және жалпы мәдениетінің көрінісі болып табылады.
Барлық әскери қызметшілер кездескен (озып өткен) кезде Қарулы Күштердің саптық жарғысымен (бұдан әрі - Саптық жарғы) белгіленген ережелерді қатаң сақтай отырып, бір-бірімен сәлемдесуге міндетті.
Бағыныстылар мен әскери атағы бойынша кішілер бірінші болып, ал олардың жағдайлары тең болған кезде бірінші көрген сәлем береді.
57. Әскери қызметшілер одан басқа:
Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін болған ұрыстарда, әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштері мен қабірлеріне;
әскери бөлімнің Жауынгерлік Туына, сондай-ақ әскери кемеге келгенде және одан кеткен кезде Әскери-теңіз жалауына;
әскери бөлімшелер ілескен қаралы топқа тағзым етуге міндетті.
58. Әскери бөлімдер мен бөлімшелер сапта тұрған кезде команда
бойынша:
Қазақстан Республикасының Президентіне;
барлық тікелей бастықтарға, армия генералдарына, генерал-полковниктерге, адмиралдар, сондай-ақ әскери бөлімде (бөлімшеде) инспекциялау (тексеру) жүргізуге басшылық жасау үшін тағайындалған адамдарға;
Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін болған ұрыстарда, әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштері мен қабірлеріне;
әскери бөлімнің Жауынгерлік Туына, ал әскери кемеде Әскери-теңіз жалауына, ол көтерілген және түсірілген кезде;
әскери бөлімшелер ілескен қаралы топқа;
кездескен кезде бір-біріне сәлемдеседі.
59. Саптан тыс болған кезде сабақтар уақытында және сабақтан бос уақытында әскери бөлімдердің (бөлімшелердің) әскери қызметшілері
Бастықтарға «Тік тұр» немесе «Тұр. Тік тұр» командалары бойынша
сәлемдеседі.
Саптан тыс сабақтарда, сондай-ақ тек офицерлер ғана қатысып отырған кеңес уақытында командирлерге (бастықтарға) әскери сәлемдесу үшін «Офицер мырзалар» деген команда беріледі.
«Тік тұр», «Тұр. Тік тұр» немесе «Офицер мырзалар» командасын қатысушы командирлердің (бастықтардың) үлкені немесе келген командирді (бастықты) бірінші көрген әскери қызметші береді.
Осы команда бойынша барлық қатысушылар орындарынан тұрады, келген командир (бастық) жаққа бұрылады және саптық қалыпты қабылдайды.
Қатысушы командирлердің (бастықтардың) үлкені келушіге жақындап, оған баяндайды. Мысалы: «Полковник мырза. Бөлімнің офицерлер құрамы кеңеске жиналды. Бөлім штабының бастығы майор Артықов».
Келген командир (бастық) баянатты қабылдап, «Еркін тұр» немесе «Офицер мырзалар» командасын береді, ал баяндаушы осы команданы қайталайды, бұдан соң барлық қатысушылар «еркін тұр» күйін қабылдайды.
60. «Тік тұр» немесе «Тұр. Тік тұр» командасын беру және командирге (бастыққа) баяндау ол әскери бөлімге немесе бөлімшеге осы күні алғаш келгенде жүзеге асырылады. Кеме командиріне "Тік тұр" командасы оның кемеге әрбір келуі (кемеден түсуі) кезінде беріледі.
Аға командир (бастық) болған кезде кішіге әскери сәлемдесу үшін команда берілмейді және баяндау жүзеге асырылмайды.
Сыныптық сабақтар өткізу кезінде «Тік тұр», «Тұр. Тік тұр» немесе «Офицер мырзалар» командасы әрбір сабақ алдында және ол аяқталған кезде беріледі.
«Тік тұр», «Тұр. Тік тұр» немесе «Офицер мырзалар» командасы командирге (бастыққа) баяндау алдында, егер бұл ретте басқа да әскери қызметшілер қатысып отырған жағдайда беріледі, ал олар болмаған кезде командирге (бастыққа) тек баяндалады.
61. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны (бұдан әрі - Мемлекеттік Әнұран) орындалған кезде сапта тұрған әскери қызметшілер командасыз саптық қалыпты қабылдайды, ал взвод және одан жоғары бөлімшелердің командирлері қолдарын бас киіміне апарады.
Саптан тыс тұрған әскери қызметшілер Мемлекеттік Әнұран орындалған кезде саптық қалыпты қабылдайды, оң қолының алақанын кеудесінің сол жағына (осы рәсімді орындауға кедергі келтіруі мүмкін қарумен және жабдықпен тұрған жағдайларды қоспағанда) қояды.
62. Әскери бөлімдер мен бөлімшелерге әскери сәлемдесуді орындау үшін:
әскери бөлімді немесе бөлімшені жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде, маршта, сондай-ақ тактикалық сабақтар мен оқу-жаттығуларда;
басқару пункттерінде, байланыс тораптарында және жауынгерлік кезекшілік пен жауынгерлік қызмет атқару орындарында;
оқ ату (жіберу) уақытында атыс шебі мен атыс (бастапқы) бекінісінде;
ұшуларды жүргізу уақытында әуеайлақтарда;
құрылыс, шаруашылық жұмыстарын немесе оқу-жаттығу мақсатындағы жұмыстарды орындау уақытында, сондай-ақ шеберханаларда, парктерде, ангарларда, зертханаларда;
спорттық жарыстар мен ойындар барысында;
тамақ ішу кезінде, «Ұйқыға» белгісінен кейін және «Тұрыңдар» белгісіне дейін;
моншаларда және сырқаттарға арналған үй-жайларда команда берілмейді.
Санамаланған жағдайларда бастық немесе үлкен келген бастыққа тек баяндайды.
Мысалы: «Майор мырза, төртінші танк ротасы оқу-жаттығу оқ атуларының екінші жаттығуын орындауда. Рота командирі капитан Жотабаев».
Қаралы топқа қатысушы бөлімшелер әскери сәлемдесуді орындамайды.
63. Әскери бөлімде өткізілетін салтанатты жиналыстарда, конференцияларда, сондай-ақ спектакльдерде, концерттер мен кинода әскери сәлемдесу үшін команда берілмейді және командирге (бастыққа) баяндалмайды.
Жеке құрамның жалпы жиналыстарында әскери сәлемдесу үшін «Тік тұр» немесе «Тұр. Тік тұр» командасы беріледі және командирге (бастыққа) баяндалады.
Мысалы: «Подполковник мырза. Батальонның жеке құрамы жалпы жиналысқа келді. Батальон штабының бастығы майор Манабаев».
64. Бастықтың немесе үлкеннің «Сәлеметсіздер ме, жауынгерлер (офицер мырзалар)» деген сәлемдесуіне сапта немесе саптан тыс тұрған барлық әскери қызметшілер «Сәлеметсіз бе» деп жауап береді; егер бастық немесе үлкен «Сау болыңдар, жауынгерлер (офицер мырзалар)» деп қоштасса, онда әскери қызметшілер: «Сау болыңыз» деп жауап береді. Жауаптың соңына «мырза (ханым)» сөзі және әскер тегі немесе қызметі көрсетілмей, әскери атағы қосылады.
Мысалы: «Сәлеметсіз бе, кіші сержант мырза», «Сау болыңыз, бас старшина мырза», «Сау болыңыз, лейтенант мырза».
65. Егер командир (бастық) қызмет тәртібімен әскери қызметшіні құттықтаса немесе оған алғыс айтса, онда әскери қызметші командирге (бастыққа): «Қазақстан Республикасына қызмет етемін» деп жауап береді.
Егер командир (бастық) әскери бөлімді (бөлімшені) құттықтаса, ол созылыңқы түрде үш дүркін «Урамен» жауап береді, ал егер командир (бастық) алғыс айтса, әскери бөлім (бөлімше) «Қазақстан Республикасына қызмет етеміз» деп жауап береді.
Достарыңызбен бөлісу: |