Лауазымды адамдардың, сарбаздар мен матростардың міндеттері
Бригада (1-дәрежелі кеме) командирі
90. Бригада командирі (полк, шекара жасағының, авиациялық базаның және оларға теңестірілгендердің, бұдан әрі - бригада (кеме) бейбіт және соғыс уақытында:
жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі, жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтары, жеке құрамның әскери тәрбиесі, тәртібі, моральдық-психологиялық жай-күйі және әскери қызмет қауіпсіздігі;
Жауынгерлік Тудың, қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, оқ-дәрілердің, жанар және жағар май материалдарының және басқа да материалдық құралдардың жай-күйі мен сақталуы; бригаданың (кеменің) жауынгерлік міндеттерді табысты орындауы;
жарғылық ішкі тәртіп және әскерлер қызметінің жай-күйі;
әскери объектілердің, ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйі мен сақталуы; барлық жауынгерлік, тылдық және техникалық қамтамасыз ету түрлері;
шарттық және талап-арыз жұмысы;
әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік-құқықтық қорғау үшін жауап береді.
Бригада (кеме) командирі бригаданың (кеменің) барлық жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.
91. Бригада (кеме) командирі:
бригаданың (кеменің) жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ететіндей жай-күйде ұстауға;
жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің іс-шараларын жоспарлауға және өткізуге, жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтары жоспарларын әзірлеуге және олардың орындалуын бақылауға басшылық жасауға; бригаданың (кеменің) мақсатын білуге және оны кез келген жағдайда шебер басқаруға;
бөлімдермен (бөлімшелермен) оқу-жаттығулар өткізуге, бригада штабының даярлығын жүргізуге, бөлімдер (бөлімшелер) командирлерімен, олардың орынбасарларымен, әскер тектері мен бригада қызметтерінің бастықтарымен (кемеде - жауынгерлік бөлімдер командирлерімен, көмекшілерімен, орынбасарларымен және қызметтер бастықтарымен) сабақтар, сондай-ақ бригада (кеме) бөлімдерімен (бөлімшелерімен) сабақтар өткізуге;
күн тәртібі мен қызмет уақытының регламентін белгілеуге, ішкі тәртіпті сақтауды талап етуге, орындалатын міндеттер мен сабақтар кестесін ескере отырып, жеке құрамның киім нысанын айқындауға;
бөлімнің, рота және одан жоғары бөлімшенің әрбір офицері мен сержантының (старшинасының) іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін, сондай-ақ әскери атағын, атын, әкесінің атын, атқаратын лауазымын, мамандығын, отбасы жағдайын білуге; офицерлермен құқықтық, әскери тәрбие, педагогикалық дағдыларын, кәсіби даярлығын жетілдіру жөніндегі жұмыстарды ұдайы жүргізуге;
бригададағы (кемедегі) мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз етумен істердің нақты жай-күйін білуге, құпия ақпараттың жария болуы мүмкін болатын арналарды анықтау және жабу жөніндегі ұдайы жұмысты ұйымдастыруға;
жаңадан келген буынды бөлімшелер (командалар, жауынгерлік бөлімдер) бойынша бөлуге басшылық жасауға және оған әскери ант қабылдатуға;
кадрларды іріктеуге және орналастыруға басшылық жасауға;
бригаданы келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтауды және азаматтық персоналды қабылдауды ұйымдастыруға және жүргізуге;
әскери оқу орындарына түсу, курстық даярлыққа жіберу, жоғары лауазымдарға ұсыну үшін кандидаттарды айқындауға, бұл ретте әскери ұжымның пікірін, тұрақты әрекеттегі аттестаттау комиссиясының ұсыныстарын ескеруге;
әскери қызметшілердің тұрмысын жақсарту, олардың денсаулығын сақтау және нығайту жөніндегі шараларды қабылдауға, бір аптаға азық-түліктерді тарату мәзірін қарауға және бекітуге, тамақ берудің сапасына және толықтығына күн сайынғы бақылауды жүзеге асыруға, апта сайын тамақ дайындау сапасын жеке өзі тексеруге;
белгіленген қорларды ұстау, қару-жарақты, әскери және басқа техника мен басқа да материалдық құралдарды сақтау, ақаусыз жай-күйде ұстау және дұрыс пайдалану жөніндегі шараларды қабылдауға, олардың болуын, жай-күйі мен жауынгерлік әзірлігін жиі тексеруге; кемінде жылына екі рет барлық қару-жарақты, әскери және басқа техниканы тексеруді жүргізуге, тексеру нәтижелерін бригада бойынша бұйрықта жариялауға (кеме командирі екі айда кемінде бір рет кемені тексеруді, кемінде айына бір рет - оның қару-жарағын, оқ-дәрілері мен техникалық құралдарын тексеруді, күн сайын кемені аралап шығуды жүргізуге);
құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шараларды қабылдауға, ал олар жасалған жағдайда аға командирге (бастыққа) баяндауға, құқық қорғау органдарын жасалған қылмыстар туралы хабардар етуге, қызметтік тексеру жүргізуге;
адамдардың қаза табуы мен мертігуіне немесе өзге де ауыр салдарларға әкеп соқтырған аварияларды, апаттарды және басқа да оқиғаларды тексеруге, сондай-ақ жалпыәскери жарғылармен айқындалған әскери қызметшілердің арасындағы өзара қарым-қатынас ережелерінің бұзылу жағдайларын тексеруге жеке өзі қатысуға;
бағыныстыларға қару-жарақпен, әскери және басқа техникамен және оқ-дәрілермен, қызметтік жануарлармен жұмыс кезінде, сабақтар, оқ атулар, оқу-жаттығулар мен жұмыстар жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын уақтылы жеткізуге, ал қажет жағдайларда белгілеуді және оның орындалуын бақылауды жүзеге асыруға (кеме командирі, одан басқа, кеменің төзімділігі мен оның жүзуінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдауға);
аумақтық және азаматтық қорғаныс ерекшеліктерін ескере отырып, бригаданың (кеменің) жеке құрамын, қару-жарағын, әскери және басқа техникасы мен басқа да материалдық құралдарын жаппай қырып-жою қаруының зақымдаушы факторлары мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларынан қорғау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
бригаданың (кеменің) қажеттіліктерін, қаржылық, шарттық, талап-арыз жұмыстарын, шаруашылық қызметін қамтамасыз ету үшін ақшалай қаражатты жоспарлауға басшылық жасауға; материалдық және ақшалай қаражатты уақтылы игеру, заңды, мақсатты, тиімді және үнемді жұмсау жөнінде шаралар қабылдауға;
бригаданың қызметтік-тұрғын үй қорын, коммуналдық ғимараттары мен жер телімдерін ұстауға және дұрыс пайдалануға (кемеде - тұрғын және қызметтік үй-жайларды тексеруге, кеме корпусының ақаусыз жай-күйін ұдайы қадағалауға), сондай-ақ өртке қарсы қорғаныстың жай-күйіне бақылауды жүзеге асыруға. Жылына кемінде екі рет әскери объектілерді, ғимараттарды, құрылыстарды және жер телімдерін тексеруді жүргізуге, тексерудің нәтижелерін актілерде көрсетуге және бригада (кеме) бойынша бұйрықта жариялауға;
бригада (кеме) орналасқан жердің күзетін ұйымдастыруға;
қарауылдық және ішкі (кемеде - кезекшілік және вахталық) қызметтерді бақылауды жүзеге асыруға, оларды атқаруды жеке өзі тексеруге және ұйымдастыруға;
машиналардың (командалардың, лектердің) жетекшілеріне гарнизоннан тыс рейстерге кетер алдында нұсқама беруге;
жеке өзі лауазымды адамдарды және комиссияларды тартумен қызметтер бойынша әскери мүліктің, сондай-ақ ақшалай сомалар мен құндылықтардың болуына жоспарлы және кенеттен тексерулер жүргізуге; мемлекетке келтірілген материалдық зиянды анықтаған кезде қызметтік тексеру тағайындауға және кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту туралы шешімді уақтылы қабылдауға;
әскери ұжымдарда жариялылық, әлеуметтік әділдік, әскери қызметшілер арасында өзара сенім орнатуға, бөлімшелерде кемшіліктерге, селқостық пен енжарлыққа төзбеушілік жағдайын қалыптастыруға;
офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің жыл сайынғы демалысының графигін және ай сайын қызмет нарядтарының кестесін бекітуге және оларды орындауды бақылауды жүзеге асыруға;
жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтарының, әскери тәртіп пен ішкі тәртіптің жай-күйін талдауға, сондай-ақ кемінде айына бір рет тәуліктік нарядтың қызмет атқаруын қорытындылауға және оларды жақсарту жөнінде шаралар қабылдауға;
Қазақстан Республикасының Президентін, тікелей бастықтарды, армия генералдарын, генерал-полковниктерді, адмиралдарды және инспекциялау (тексеру) жүргізуге басшылық жасау үшін тағайындалған адамдарды осы Жарғымен айқындалған тәртіппен қарсы алуға, баяндауға және бригада орналасқан жер бойынша (кемені қарап шыққан кезде) ілесіп жүруге;
темір жол (әуе, теңіз, өзен) көлігімен келіп жеткен материалдық құралдарды уақтылы түсіруді және әкетуді ұйымдастыруға;
бригаданың (кеменің) жауынгерлік даярлық іс-шараларын жүргізу кезінде және күнделікті қызметінде қоршаған ортаны қорғау және табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану жөнінде шараларды қабылдауға;
кемінде айына бір рет әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелері мен азаматтық персонал адамдарын жеке мәселелері бойынша қабылдауға;
жоғары тұрған штабтарға және жабдықталым органдарына белгіленген жеткізілімдер мен есептерді ұсынуды, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен шақыру бойынша офицерлердің істер мен лауазымды уақтылы қабылдауын (тапсыруын) бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
92. Бригада (кеме) командирі әрбір оқу кезеңі басталар алдында жалпыәскери жарғылардың оған регламенттеу құқығы берілген ережелерін орындау тәртібін айқындаумен жазбаша бұйрық береді (10-қосымша).
Одан басқа, бригада (кеме) командирі саптық бөлім бойынша белгіленген мерзімде, сондай-ақ қажеттілігіне қарай жауынгерлік даярлық бойынша, жеке тыл, техникалық бөлім және басқа да мәселелер бойынша жазбаша бұйрықтар шығарады.
Тыл, техникалық бөлім бойынша бұйрықтарға бригада (кеме) командирі, тиісінше оның тыл жөніндегі орынбасары немесе қару-жарақ жөніндегі орынбасары қол қояды.
Саптық бөлім, жауынгерлік даярлық және басқа да мәселелер бойынша бұйрықтарға командир және бригада штабының (кеменің) бастығы қол қояды.
Бригада командирінің орынбасары
93. Бригада командирінің орынбасары бейбіт және соғыс уақытында: жауынгерлік даярлық бойынша сабақтарды ұйымдастыру және сапалы өткізу; оқу материалдық-техникалық базасын жасау, жабдықтау, оны ұдайы жетілдіру және ақаусыз жай-күйде ұстау; сыныптық мамандарды даярлау; спорттық, өнертапқыштық және рационализаторлық жұмыстар; ішкі тәртіп пен жеке құрамның әскери тәртібін ұстау үшін жауап береді.
Ол бригада командиріне бағынады, оның бірінші орынбасары және барлық жеке құрамның тікелей бастығы болып табылады.
Бригада командирі болмағанда, ол оның міндеттерін орындайды.
Штатында бригада командирі орынбасарының лауазымы көзделмеген бригадаларда оның міндеттерін штаб бастығы орындайды.
94. Бригада командирінің орынбасары жауынгерлік даярлықтың тікелей ұйымдастырушысы болып табылады. Ол:
жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі жоспарларын әзірлеуге және орындауға қатысуға;
бригаданың жауынгерлік даярлық жоспарын әзірлеуге;
офицерлер және сержанттар құрамымен сабақтар, сондай-ақ бригаданың бөлімдерімен (бөлімшелерімен) оқу-жаттығу және бақылау сабақтарын өткізуге;
бөлімнің, рота және одан жоғары бөлімшенің әрбір офицерінің, сержантының (старшинасының) іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін, сондай-ақ әскери атағын, тегін, атын, атқаратын лауазымын, мамандығын, отбасы жағдайын білуге, офицерлермен құқықтық, әскери тәрбие және педагогикалық машықтары мен кәсіптік даярлығын жетілдіру жөніндегі жұмыстарды ұдайы жүргізуге;
дене дайындығы мен спорт жұмыстарына басшылық жасауға;
бригада бөлімдерінде (бөлімшелерінде) жауынгерлік даярлықты ұйымдастыруды және жай-күйін тексеруге, бөлімдер (бөлімшелер) командирлеріне анықталған кемшіліктерді жоюда, сабақтарды ұйымдастыру мен өткізуде көмек көрсетуге;
сыныптық мамандарды даярлау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және жеке өзі өткізуге;
озық тәжірибені зерделеу, жинақтау және жауынгерлік оқуға енгізу жөніндегі жұмысқа басшылық жасауға;
сабақтар, оқ атулар мен оқу-жаттығулар жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын, қоршаған ортаны қорғау нормалары мен ережелерін орындауды тексеруге, бригада жеке құрамының қаза табуы мен жарақаттануының алдын алу жөніндегі комиссия жұмысына басшылық жасауға;
оқу материалдық-техникалық базасының объектілерін жабдықтау және жетілдіру жөніндегі жұмыстарға, осы мақсаттар үшін қажет етілетін ақшалай қаражат есебін әзірлеуге, бригада бөлімшелерін жауынгерлік даярлық үшін арналған материалдық құралдармен, оқу және көрнекілік құралдарымен уақтылы қамтамасыз етуді, оларды есепке алуды және ұстауды бақылауға, оқу материалдық-техникалық базасының объектілерінде экономикалық жұмыстар жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және олардың орындалуын қамтамасыз етуге;
келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау, әскери оқу орындарына түсу, жоғары лауазымдарға ұсыну және курстық даярлыққа жіберу үшін кандидаттарды іріктеуге қатысуға;
әдістемелік жұмыстарға, сондай-ақ бригададағы өнертапқыштық және рационализаторлық жөніндегі комиссияға басшылық жасауға;
әскери (кеме) шаруашылығының жай-күйін білуге;
кемінде аптасына бір рет тәуліктік нарядтың даярлығын және олардың қызмет атқаруын, сондай-ақ бригадада және оның бөлімдеріндегі (бөлімшелеріндегі) ішкі жарғылық тәртіпті сақтауды жеке өзі тексеруге;
полигондар мен атыс алаңдарын жарылмаған оқ-дәрілерден тазалау жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға міндетті.
Бригада штабының бастығы
95. Бригада штабының бастығы бейбіт және соғыс уақытында: бригаданың жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі; бөлімдерді (бөлімшелерді) басқаруды ұйымдастыру және ұстау; жауынгерлік және жұмылдыру даярлығын жоспарлау; бригаданы басқаруды қамтамасыз ететін штаб пен бөлімдердің (бөлімшелердің) даярлығы; штабтың және оған тікелей бағынысты бөлімдердің (бөлімшелердің) жеке құрамының әскери тәрбиесі, тәртібі мен моральдық-психологиялық жай-күйі, оларды қару-жарақпен, әскери және басқа техникамен қамтамасыз ету; бригаданың жеке құрамын, қару-жарағын, әскери және басқа техникасын, зымырандарын, оқ-дәрілерін, аспаптарын, жанар, жағар май материалдарын және басқа да материалдық құралдарын жабдықтау мен есепке алудың жай-күйі; бригаданың жауынгерлік міндеттерін табысты орындауы; бригададағы әскерлер қызметін ұйымдастыру; бригаданың лауазымды адамдары мен бөлімдерінің (бөлімшелерінің) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі жұмысын ұйымдастыру және бақылау; метрологиялық қамтамасыз ету; заңнаманың, берілген және алынған бұйрықтардың орындалуын бақылау үшін жауап береді.
Бригада штабының бастығы әскери шаруашылықтың жай-күйін білуі және оны жүргізу мәселелері жөніндегі командирдің бұйрықтарының орындалуын бақылауы тиіс.
Бригада штабының бастығы бригада командиріне бағынады, оның бірінші орынбасары және барлық жеке құрам үшін тікелей бастық болып табылады.
Бригада командирінің шешімдерін өмірде іске асыруда штаб бастығы қажет жағдайларда бригада командиріне бағынысты адамдарға оның атынан бұйрықтар (өкімдер, бұйырымдар) беруге құқығы бар. Берілген барлық анағұрлым маңызды бұйрықтар (өкімдер, бұйырымдар) туралы штаб бастығы бригада командиріне баяндайды.
96. Бригада штабының бастығы:
жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі құжаттарын әзірлеуге және оларға жіберілген лауазымды адамдардың жұмысына басшылық жасауға, олардың орындалуын бақылауға;
штаб жұмысын ұйымдастыруға және оған күнделікті басшылық жасауға, бригада командирлері орынбасарларының, әскер тектері мен қызметтер бастықтарының жұмысын ұйымдастыруға және келісуге;
бригада бөлімдерінің (бөлімшелерінің) нақты жағдайы мен жай-күйін ұдайы білуге, оларға қойылған міндеттердің орындалу барысын бақылауға;
бригада командирінің нұсқауы бойынша жауынгерлік даярлық жоспарын әзірлеуді ұйымдастыруға және оның орындалуын бақылауға;
бригада командиріне тікелей бағынысты лауазымды адамдар мен штаб офицерлерінің бөлімшелер мен қызметтердің жай-күйін тексеру жоспарын, келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің жыл сайынғы демалыстар мен қызметке ай сайынғы нарядтар графигін әзірлеуге және олардың орындалуын бақылауға;
бригададағы байланысты ұйымдастыруға, байланыс құралдарының жай-күйі мен жауынгерлік әзірлігін тексеруге;
бригада командирінің және аға командирлердің (бастықтардың) барлық бұйрықтарын (өкімдерін, бұйырымдарын) бөлімдер (бөлімшелер) мен қызметтерге уақтылы және дұрыс жеткізуді, сондай-ақ олардың орындалуын бақылауды ұйымдастыруға; ең маңызды бұйрықтарды (өкімдерді, бұйырымдарды) жеке өзі беруге және олардың орындалуын тексеруге;
бригада штабы офицерлерімен сабақтар өткізуге, батальондар штабтарының және штабқа тікелей бағынысты бөлімдердің (бөлімшелердің) даярлығына басшылық жасауға;
штабтың және оған тікелей бағынысты бөлімдердің (бөлімшелердің) әрбір офицерінің, сержанттарының іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін, сондай-ақ әскери атағын, тегін, атын, атқаратын лауазымын, мамандығын, отбасы жағдайын білуге, олармен құқықтық, әскери тәрбие және педагогикалық машықтары мен кәсіптік даярлығын жетілдіру жөніндегі жұмыстарды ұдайы жүргізуге;
бригаданы келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтау жөніндегі жұмысты жүргізуге, бригадаға келетін толықтыруды бөлімдер (бөлімшелер) бойынша бөлуге;
әскери қызметшілерді іріктеуде, орналастыруда және аттестаттауда, жоғары лауазымдарға, келісімшарт бойынша әскери қызметке ұсыну және әскери оқу орындарына түсу, мамандықтары бойынша курстық даярлыққа жіберу үшін кандидаттарды іріктеуде қатысуға;
жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтарының, қылмыстардың, оқиғалар мен тәртіптік теріс қылықтардың есебін жүргізуге;
бригаданың Жауынгерлік Туының, ордендерінің, вымпелдары мен оларға құжаттардың дұрыс сақталуы мен ұсталуын ұйымдастыруға;
бригададағы қарауылдық және ішкі қызметтердің даярлығы мен атқарылуын ұйымдастыруға және кемінде аптасына бір рет жеке өзі тексеруге;
жеке құрамның болуын, қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, басқа да материалдық құралдардың болуы мен жай-күйін ұдайы тексеруге, бригадада оларды есепке алуды жүргізуге басшылық жасауға;
жедел кезекшіге, бригада бойынша кезекшіге, оның көмекшісіне, қарауыл бастығына, кезекші бөлімшенің командиріне, бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшіге және штаб бойынша кезекшіге нарядқа түсер алдында, сондай-ақ гарнизон шегінде рейстерге кетер алдында машиналар жетекшілеріне, іссапарға кететін бөлімдер (бөлімшелер) командирлеріне, командалар бастықтарына, нұсқама беруге және осы бөлімдердің (бөлімшелердің), командалардың барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілуін тексеруге;
жоғары тұрған штабтарға және жабдықталым органдарына белгіленген жеткізілімдер мен есептерді уақтылы ұсынуды, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен шақыру бойынша офицерлердің істер мен лауазымды қабылдауын, тапсыруын бақылауға;
бригаданың тарихи формулярын (тарихи анықтамасын) жүргізуге;
қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, басқа да материалдық құралдардың барлық қолда бары мен жай-күйін, оған тікелей бағынысты бөлімдерде (бөлімшелерде) олардың сақталу тәртібін ұйымдастыруға және кемінде жылына екі рет тексеру жүргізуге;
материалдық құралдардың есепке алынуын, қозғалысын және сақталуын бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ тексеру актісін жасаумен олардың болуы мен жай-күйіне кенеттен тексерулер ұйымдастыруға;
іс-шараларды әзірлеуге және бригада жеке құрамының әскерлерді жасырын басқару жөніндегі талаптарды орындауына бақылауды жүзеге асыруға, басқарудың автоматтандырылған құралдарын енгізуге;
мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі жұмыстарды жеке өзі басқаруға және шешілетін міндеттер мен жағдай шарттарын ескере отырып, құпия ақпараттың жария болуы мүмкін арналарды жабу жөнінде шаралар қабылдауға;
бригаданы жаппай қырып-жоятын қарудың зақымдаушы факторлары мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарларынан қорғау жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге;
комиссиялардың жұмысын және қызметтер бойынша қару-жарақты, әскери және басқа техника мен басқа да материалдық құралдарды жыл сайынғы түгендеуді жүргізуді бақылауға;
бригаданы метрологиялық қамтамасыз ету іс-шараларын уақтылы жүргізуді ұйымдастыруға;
әскери қызметшілермен сабақтарда және жұмыста қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі сабақтардың сапасын бақылауды ұйымдастыруға міндетті.
Бригада (1-дәрежелі кеме) командирінің тәрбие және
әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары
97. Бригада (1-дәрежелі кеме) командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары бейбіт және соғыс уақытында: тәрбие, әлеуметтік-құқықтық және психологиялық жұмыстың ұйымдастырылуы мен жай-күйі; жеке құрамның әскери тәртібі мен моральдық-психологиялық жай-күйін нығайту жөніндегі жүргізілетін іс-шаралардың тиімділігі; бригаданың жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін ұстауда, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығы міндеттерін шешуде, сондай-ақ жауынгерлік міндеттерді шешуде тәрбие жұмысының пәрменділігі үшін жауап береді.
Ол бригада командиріне бағынады және бригаданың барлық жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.
98. Бригада (1-дәрежелі кеме) командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары:
бригаданың (кеменің) жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі, жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтары жоспарларын жоспарлауға және орындалуын қамтамасыз етуге қатысуға;
тәрбие және әлеуметтік-құқықтық құрылымдардың жұмысын ұйымдастыруға және басшылық жасауға;
тәрбие құрылымдары офицерлерін іріктеуді және оқытуды жүзеге асыруға, оларды орналастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге;
оны бригаданың (кеменің) ұдайы жауынгерлік әзірлігін ұстауға, жауынгерлік міндеттерін, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығы міндеттерін табысты орындауға, жеке құрамның әскери тәртібі мен моральдық-психологиялық жай-күйін, құқықтық негіздегі дара басшылықты нығайтуға бағыттай отырып, тәрбие жұмысын жоспарлауға және жеке өзі жүргізуге;
ұлттық, психологиялық, діни ерекшеліктерін және әскери қызметшілердің білім деңгейін ескере отырып, жеке құрамның оқу-жаттығу және жауынгерлік міндеттерін орындауды моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға, олардың бойында жоғары жауынгерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін қалыптастыруға;
әскери қызметшілердің бойында қару-жарақты, әскери және басқа техниканы игеруге және қолдануға ұдайы әзірлікте ұстау үшін, әскери және мемлекеттік мүлікті сақтау үшін жеке жауаптылық сезімін тәрбиелеуге;
бригададағы (кемедегі) жарысты ұйымдастыру және жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеудің озық тәжірибесін насихаттау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға, бастама мен белсенділікті дамытуға;
бригаданың жеке құрамын Қазақстан халқына және Президентіне адалдық, ұлтаралық келісім, қазақстандық патриотизм, заңдарды сақтау, әскери борышы мен әскери антқа адалдығы, жалпыәскери жарғылар мен командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарының талаптарын мүлтіксіз орындау рухында тәрбиелеу жөніндегі жұмысты жүргізуге;
әскери дәстүрлерді, жауынгерлік достық пен жолдастықты ұстау және дамыту жөнінде шаралар қабылдауға;
мемлекеттік-құқықтық даярлықты ұйымдастыруға және жүргізуге, әскери қызметшілер мен азаматтық персоналды әлемде және Қазақстан Республикасында болып жатқан оқиғалар туралы ақпараттандыруды жүргізуге, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын, әскери-саяси жағдайды және олардан туындайтын жеке құрамның міндеттерін түсіндіруге;
оқу және әдістемелік әдебиетпен, оқытудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге; мемлекеттік-құқықтық даярлық топтары басшыларының теориялық және әдістемелік даярлығын, азаматтық персоналды экономикалық оқытуды жүзеге асыруға, оларға өз міндеттерін орындау үшін жағдайлар жасауға;
бригада орналасқан өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайды білуге, жастарды және жеке құрамды патриоттық және адамгершілік тәрбиелеу, әскери қызметтің беделі мен әскери қызметші мамандығының абыройын арттыру, азаматтарды әскери қызметке даярлау және оны халық арасында насихаттау мақсатында жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен, заңнамаға сәйкес әрекет ететін қоғамдық және ардагерлер ұйымдарымен байланыс орнатуға және ұдайы ұстауға;
әскери тәртіп пен құқық тәртібін нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, әскери ұжымдарды топтастыру, әскери қызметтің қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға және жүргізуге;
офицерлермен және сержанттармен тәрбие жұмысын жеке жүргізуге, рота және одан жоғары әрбір офицердің, сержанттардың (старшиналардың) әскери атағын, тегін, атын, атқаратын лауазымын, отбасы жағдайын, олардың іскерлік және моральдық-психологиялық қасиетін білуге, әскери қызметшілерді іріктеуде, орналастыруда және аттестаттауда, жоғары лауазымдарға, келісімшарт бойынша әскери қызметке ұсыну үшін, әскери оқу орындарына түсу, курстық даярлыққа жіберу үшін кандидаттарды іріктеуде қатысуға;
офицерлерді, сержанттарды тәрбие жұмысын жүргізу практикасына оқытуға, оларға жеке тәрбие жұмысын ұйымдастыруда және өткізуде әдістемелік көмек көрсетуге;
жауынгерлік міндетті орындайтын, ішкі нарядтарда қызмет атқаратын бөлімшелердің жеке құрамын іріктеуге, орналастыруға қатысуға. Кемінде аптасына бір рет қарауылдық және ішкі қызметтерді даярлауды және атқаруды жеке өзі тексеруге;
бос уақытты мәдени өткізу орталықтары мен кітапханалардың жұмысын ұйымдастыруға, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәдени және рухани дамуы үшін жағдайлар жасауға;
әскери қызметшілерге, олардың отбасы мүшелеріне, азаматтық персоналға қатысты әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жүргізуге, олардың мұқтаждықтары мен сұраныстарын білуге, негізді ұсыныстар мен өтініштерді уақтылы шешуге, сондай-ақ бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге шаралар қабылдауға;
жеке құрамның денсаулығы, тамақтануы, материалдық-тұрмыстық жағдайларын жақсарту туралы қамқорлық көрсетуге;
өз мамандығы бойынша бригаданың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ақшалай қаражатты жоспарлауға және оларды уақтылы игеруге қатысуға;
техникалық тәрбиелеу құралдарын және мәдени-ағарту мүлкімен уақтылы қамтамасыз ету, ақпараттық-тәрбие жұмыстары, психологиялық жеңілдеу және көрнекілік үгіт бөлмелерін безендіру жөнінде шаралар қабылдауға;
әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелері мен азаматтық персонал адамдарын жеке мәселелері бойынша қабылдауға;
жоғары тұрған штабтар мен жабдықталым органдарына белгіленген жеткізілімдер мен есептерді уақтылы ұсынуға;
бригада командиріне және жоғары тұрған әскери басқару органына жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі, жүргізілген тәрбие және бос уақытты мәдени өткізу іс-шаралары, әлеуметтік-құқықтық жұмыстар мен әскери тәртіптің жай-күйі туралы уақтылы баяндауға міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |