Бекітілген қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ішкі қызмет жарғысы


Батальон (3-дәрежелі кеме) командирі



бет8/25
Дата09.06.2016
өлшемі1.48 Mb.
#125322
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   25

Батальон (3-дәрежелі кеме) командирі

135. Батальон (дивизион, эскадрилья, жеке рота, жеке батарея, 4-дәрежелі кемелер дивизионы) бұдан әрі - батальон, командирі бейбіт және соғыс уақытында: батальонның жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі (кеменің жауынгерлік әзірлігі) және олардың жауынгерлік міндеттерді табысты орындауы; жеке құрамның жауынгерлік даярлығы, әскери тәрбиесі, тәртібі мен моральдық-психологиялық жай-күйі; батальондағы (кемедегі) ішкі тәртіпті ұстау; батальондағы (кемедегі) қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, зымырандардың, оқ-дәрілердің, жанар, жағар май материалдарының және басқа да материалдық құралдардың сақталуы мен жай-күйі үшін жауап береді.

Батальон (кеме) командирі бригада (кемелер дивизионы) командиріне бағынады және батальонның (кеменің) барлық жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.

136. Батальон (3-дәрежелі кеме) командирі:

батальонның (кеменің) жеке құрамының жауынгерлік даярлығына және әскери тәрбиесіне басшылық жасауға, ал жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде батальонды (кемені) шебер басқаруға;

батальонның (кеменің) жауынгерлік даярлық жоспарын әзірлеуге және орындалуына басшылық жасауға;

батальон (кеме) штабымен және офицерлерімен сабақтар, батальон (кеме) бөлімшелермен оқу-жаттығулар мен бақылау сабақтарын өткізуге;

батальонның (кеменің) әрбір офицері мен сержантының (старшинасының) іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін, сондай-ақ әскери атағын, тегін, атын, атқаратын лауазымын, отбасы жағдайын білуге, олармен құқықтық, әскери тәрбие, педагогикалық машықтарын, кәсіби даярлығын жетілдіру жөніндегі жұмысты ұдайы жүргізуге;

әскери ұжымдарда әлеуметтік әділдікті, әскери қызметшілер арасындағы өзара сенімді орнатуға, бөлімшелерде кемшіліктерге, немқұрайлылық пен енжарлыққа төзбеушілік жағдайларын қалыптастыруға;

келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау үшін, сондай-ақ әскери оқу орындарына түсу, курстық даярлыққа жіберу үшін кандидаттарды іріктеуді жүзеге асыруға;

лауазымдарға тағайындау, жоғары лауазымдарға ұсыну кезінде әскери қызметшілерді іріктеудің дұрыстығын тексеруге;

жарғылық ішкі тәртіпті ұстауға, батальон (кеме) орналасқан жерді күзетуді ұйымдастыруға және батальон (кеме) жеке құрамының қарауылдық және ішкі (кемеде - кезекшілік және вахталық) қызметтерді атқаруын тексеруге;

ай сайын жауынгерлік даярлық, әскери тәртіп, ішкі және қарауылдық қызметтердің жай-күйінің қорытындысын шығаруға;

батальон (кеме) бөлімшелерінде бар қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, зымырандарды, оқ-дәрілерді және басқа да материалдық құралдарды білуге;

қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, зымырандарды, оқ-дәрілерді, басқа да материалдық құралдарды дұрыс пайдалануды, эвакуациялауды, жөндеуді, сақтауды және қызмет көрсетуді ұйымдастыруға және кемінде екі айда бір рет олардың болуын, жай-күйі мен есепке алынуын жеке өзі тексеруге (кеме командиріне кемінде екі айда бір рет кемені қарауды, кемінде айына бір рет оның қару-жарағын, оқ-дәрілері мен техникалық құралдарын, күн сайын кемені қарап шығуды жүргізуге), тексеру нәтижелерін тексеру кітабында көрсетуге және олардың нәтижелері туралы бригада командиріне жазбаша баяндауға;

әскери және басқа техникалардың аварияларының, апаттарының, бұзылуларының алдын алу (кеменің төзімділігі мен оның жүзуінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету) жөніндегі іс-шараларды жүргізуге, қару-жарақпен, әскери және басқа техникамен, зымырандармен, оқ-дәрілермен, қызмет жануарларымен жұмыс кезінде, сабақтар, оқ атулар, оқу-жаттығулар мен жұмыстар жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;

батальон үшін бөлінген барлық ғимараттар мен үй-жайларды ұстауға және дұрыс пайдалануға, батальонға бекітіліп берілген аумақ учаскесін, объектілерді, соның ішінде парк аумағының учаскесін, парк үй-жайларын (кемеде - тұрғын және қызметтік үй-жайларды тексеруге, кеме корпусының ақаусыз жай-күйін ұдайы бақылауды жүзеге асыруға) тазалықта ұстауды, батальондағы (кемедегі) өртке қарсы іс-шараларды өткізуді бақылауды жүзеге асыруға;

батальонның (кеменің) шаруашылығына басшылық жасауға;

батальон (кеме) бөлімшелерінде есепке алуды, есептілікті ұйымдастыруға және бақылауға міндетті.

Батальон командирінің орынбасары

137. Батальон командирінің орынбасары бейбіт және соғыс уақытында: батальонның жауынгерлік даярлығын ұйымдастыру және сабақтарды сапалы өткізу; әскери тәртіп пен жарғылық ішкі тәртіпті ұстау; оқу материалдық-техникалық базасын ақаусыз жай-күйде ұстау, оны жетілдіру және оқыту кезінде дұрыс пайдалану; батальонда сыныптық мамандарды даярлау; спорттық жұмыс үшін жауап береді.

Ол батальон командиріне бағынады және батальонның барлық жеке құрамның тікелей бастығы болып табылады. Батальон командирі болмаған кезде ол оның міндеттерін атқарады.

Штатында батальон командирі орынбасарының лауазымы көзделмеген батальондарда оның міндеттерін штаб бастығы орындайды.

138. Батальон командирінің орынбасары:

батальонның жауынгерлік даярлық жоспарын әзірлеуге және орындалуын ұйымдастыруға;

офицерлермен және сержанттармен жауынгерлік және кәсіби даярлық бойынша көрсету, нұсқаулық-әдістемелік, бақылау сабақтарын, сондай-ақ батальон бөлімшелерімен тактикалық және атыс даярлығы бойынша сабақтарды, бақылау сабақтары мен оқу-жаттығуларды кезең-кезеңмен өткізуге;

сабақтарды, оқ атуларды, оқу-жаттығуларды жүргізу, қару-жарақты, әскери, басқа техниканы, зымырандарды пайдалану, оқ-дәрілермен, жарылғыш заттармен және улы техникалық сұйықтармен жұмыс кезінде, сондай-ақ өртке қарсы іс-шараларды орындауда қауіпсіздік талаптарын ұйымдастыруға және орындалуына қол жеткізуге;

батальондағы дене дайындығына басшылық жасауға мен спорттық іс-шараларды өткізуге;

батальон бөлімшелерінде жауынгерлік даярлықты ұйымдастыруды және барысын тексеруге, анықталған кемшіліктерді жоюға шаралар қабылдауға және бөлімше командирлеріне сабақтар ұйымдастыруда және өткізуде көмек көрсетуге;

батальонның әрбір офицері мен сержантының (старшинасының) іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін, сондай-ақ әскери атағын, тегін, атын, атқаратын лауазымын, отбасы жағдайын білуге, олармен құқықтық, әскери тәрбие және педагогикалық машықтары мен кәсіби даярлығын жетілдіру жөніндегі жұмыстарды ұдайы жүргізуге;

әскери қызметшілерді іріктеуге, орналастыруға және аттестаттауға, жоғары лауазымдарға, келісімшарт бойынша әскери қызметке ұсыну және әскери оқу орындарына түсу, мамандықтар бойынша курстық даярлыққа жіберу үшін кандидаттарды іріктеуді жүзеге асыруға қатысуға;

батальонда сыныптық мамандарды даярлау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және жеке өзі жүргізуге;

батальонның оқу материалдық-техникалық базасын ақаусыз жай-күйде ұстауға және жетілдіру жөнінде шаралар қолдануға және оны оқытуда дұрыс пайдалануға бақылауды жүзеге асыруға;

батальон бөлімшелерінде қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, оқ-дәрілерді, жарақтар мен мүлікті ұстауды және сақтауды бақылауға, кемінде айына бір рет олардың болуын, жабдықталуын және жай-күйін, ал оқу-жаттығу және оқу-жаттығу жауынгерлік пайдалану топтарының барлық машиналарына - апта сайын ішінара тексеру жүргізуге;

батальонның бөлімшелерінде ішкі тәртіптің, әскери тәртіптің сақталуын тексеруге, тәуліктік нарядтың даярлығын және қызмет атқаруын бақылауға;

батальондағы өнертапқыштық және рационализаторлық жұмысқа басшылық жасауға міндетті.

Батальон штабының бастығы

139. Батальон штабының бастығы бейбіт және соғыс уақытында: батальонның жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі мен батальонның жауынгерлік міндеттерді табысты орындауы; батальон бөлімшелерін басқаруды ұйымдастыру және ұстау; жауынгерлік даярлықты жоспарлау және есепке алу; оған тікелей бағынысты жеке құрамның даярлығы, әскери тәрбиесі, тәртібі мен моральдық-психологиялық жай-күйі; батальонның жеке құрамын, қару-жарағын, әскери және басқа техникасын, зымырандарын, оқ-дәрілері мен басқа да материалдық құралдарын есепке алудың жай-күйі үшін жауап береді.

Ол батальон командиріне бағынады, оның орынбасары және батальонның барлық жеке құрамы үшін тікелей бастық болып табылады.

Батальон командирінің шешімдерін өмірде іске асыру кезінде штаб бастығы қажет болған жағдайларда батальон командиріне бағыныстыларға оның атынан өкімдер беруге құқығы бар. Штаб бастығы берілген барлық неғұрлым маңызды өкімдер туралы батальон командиріне баяндайды.

140. Батальон штабының бастығы:

бригада жоспарының және батальон командирі нұсқауларының негізінде батальонның жауынгерлік даярлық жоспарын әзірлеуді және оның орындалуын бақылауды ұйымдастыруға;

жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі құжаттарын әзірлеуге, оларда көзделген іс-шаралардың орындалуын бақылауға;

жауынгерлік даярлықтың, сондай-ақ қылмыстардың, оқиғалар мен тәртіптік теріс қылықтардың есебін жүргізуге;

батальонның жеке құрамымен сабақтар өткізуге, оған тікелей бағынысты бөлімшелердің даярлығына басшылық жасауға;

батальон штабының әрбір офицері мен сержанттарының, сондай-ақ оған тікелей бағынысты бөлімшелердің жеке құрамының іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін, сондай-ақ әскери атағын, тегін, атын, атқаратын лауазымын, отбасы жағдайын білуге, олармен құқықтық, әскери тәрбие және педагогикалық машықтары мен кәсіби даярлығын жетілдіру жөніндегі жұмыстарды ұдайы жүргізуге;

әскери қызметшілерді іріктеуде, орналастыруда және аттестаттауда; жоғары лауазымдарға, келісімшарт бойынша әскери қызметке ұсыну және әскери оқу орындарына түсу; мамандығы бойынша курстық даярлыққа жіберу үшін кандидаттарды іріктеуге қатысуға;

батальонды келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтау және келген толықтыруды бөлімшелер бойынша бөлу жөніндегі жұмысты жүргізуге;

батальон бөлімшелерінің нақты жағдайы мен жай-күйін, сондай-ақ оларға қойылған міндеттерді орындау барысын ұдайы білуге;

батальон командирінің және үлкен бастықтардың барлық бұйрықтарын уақтылы және дұрыс жеткізуді қамтамасыз етуге, олардың орындалуын тексеруге;

батальондағы байланысты уақтылы ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге, байланыс құралдарының жай-күйі мен жауынгерлік қолдануға әзірлігін тексеруге, жасырын басқару жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және олардың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға;

батальондағы ішкі қызметтің атқарылуын ұйымдастыруға, жауынгерлік кезекшілікке, жауынгерлік қызметке, тәуліктік нарядқа тағайындалған адамдардың даярлығын, олардың қызмет атқаруын тексеруге;

батальон бөлімшелеріндегі жеке құрамның болуын, офицерлердің, келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің қызмет уақытының, оларды апталық қызмет уақытының белгіленген ұзақтығынан артық әскери қызмет міндеттерін атқаруға тарту уақытының есебін жүргізуге, сондай-ақ оларға қосымша демалыс күндерін (демалыс уақытын) беруге;

кемінде айына бір рет бөлімшелерде қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, зымырандардың, оқ-дәрілердің, жанар, жағар май материалдарының, жабдықтардың, жалпыәскери жарғылардың, нұсқаулықтардың, оқу құралдарының, әдебиеттің және басқа да мүліктің жай-күйін және есепке алынуын, ал апта сайын жеке құрамның есепке алынуын тексеруге;

әскери қызметшілермен қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі сабақтардың сапасын және сабақтарда, жұмыстарда және тәуліктік нарядта, жауынгерлік кезекшілікте және жауынгерлік қызметте қызмет атқару кезінде оларды сақтауды бақылауға;

бригада штабына жауынгерлік даярлықтың, әскери тәртіптің жай-күйі туралы және офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді белгіленген апталық қызмет уақытының ұзақтығынан артық әскери қызмет міндеттерін орындауға тарту уақыты туралы, сондай-ақ басқа да қажетті жеткізілімдерді әзірлеуге және уақтылы жіберуге міндетті.



Батальон (3-дәрежелі кеме) командирінің тәрбие және

әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары

141. Батальон (3-дәрежелі кеме) командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары бейбіт және соғыс уақытында: батальондағы (кемедегі) тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды ұйымдастыру және жай-күйі, жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйін және батальондағы (кемедегі) әскери тәртіпті нығайту жөнінде өткізілетін іс-шаралардың тиімділігі; жауынгерлік даярлық міндеттерін шешуде, батальонның ұдайы жауынгерлік әзірлігін ұстауда және жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде тәрбие жұмысының пәрменділігі үшін жауап береді.

Ол батальон (кеме) командиріне бағынады және батальонның (3-дәрежелі кеменің) барлық жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.

142. Батальон (3-дәрежелі кеме) командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары:

батальонның жауынгерлік даярлығы жоспарын әзірлеуге және орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі іс-шараларын орындауға қатысуға;

оны батальонның (кеменің) жауынгерлік даярлық міндеттерін табысты шешуіне, жауынгерлік әзірлігін ұдайы ұстауға, жауынгерлік міндеттерді орындауға, дара басшылықты құқықтық негізде нығайтуға бағыттай отырып, тәрбие жұмысын жоспарлауға, ұйымдастыруға және жүргізуге;

жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік, қарауылдық және ішкі (кемеде - кезекшілік және вахталық) қызметтер міндеттерін орындау жөніндегі тәрбие жұмысын ұйымдастыруға және жүргізуге;

бөлімшелердің белсенділерін іріктеуді, орналастыруды, тәрбиелеуді және оқытуды ұйымдастыруға, ақпараттық-тәрбие жұмыстары, қабырға баспасөзі редакциясы алқасы бөлмелерінің жұмысын бақылауға;

әскери қызметшілердің бойында жоғары қырағылық, мемлекеттік құпияларды қатаң сақтау ұғымын, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы игеруге және ұдайы жауынгерлік әзірлікте ұстауға, әскери мүлікті сақтауға жеке жауаптылық сезімін тәрбиелеуге;

батальон (кеме) бөлімшелерінде жарысты ұйымдастыру және жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеудің озық тәжірибесін насихаттау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға, олардың бойындағы бастама мен белсенділікті дамытуға;

батальонның (кеменің) жеке құрамын Қазақстан Республикасының халқына және Президентіне адалдық, ұлтаралық келісім, қазақстандық патриотизм, заңдарды сақтау, әскери борышына және әскери антқа адал болу, жалпыәскери жарғылар мен командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарының талаптарын мүлтіксіз орындау рухында тәрбиелеу жөніндегі жұмысты жүргізуге;

әскери ұжымдарды топтастыру, әскери дәстүрлерді, достық пен жауынгерлік жолдастықты ұстау және дамыту жөнінде белсенді жұмыс жүргізуге;

әскери қызметшілерге мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын, әскери-саяси жағдайды түсіндіруге және оларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүддесін қорғауға ұдайы әзірлікке тәрбиелеуге;

жеке құрамды ақпараттандыруды, мемлекеттік-құқықтық даярлық жоспарлары бойынша әскери қызметшілермен сабақтар өткізуді ұйымдастыруға және өткізуге;

офицерлердің іскерлік қасиеттерін зерделеуге және қалыптастыруға, батальонның (кеменің) әрбір офицері мен сержантының (старшинасының) іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін, сондай-ақ әскери атағын, тегін, атын, қызмет мерзімін, атқаратын лауазымын, отбасы жағдайын білуге, олармен құқықтық, әскери, адамгершілік тәрбие және педагогикалық машықтары жөніндегі жұмыстарды ұдайы жүргізуге;

бөлімше офицерлері мен сержанттарын оқытуға және бағыныстылармен жеке тәрбие жұмысын ұйымдастыруда әдістемелік көмек көрсетуге;

әскери қызметшілерді іріктеуге, орналастыруға және аттестаттауға, жоғары лауазымдарға, келісімшарт бойынша әскери қызметке ұсыну және әскери оқу орындарына түсу, курстық даярлыққа жіберу үшін кандидаттарды іріктеуге қатысуға;

әскери тәртіп пен құқық тәртібін нығайту, жеке құрамның арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, әскери ұжымдарды топтастыру, әскери қызмет қауіпсіздігі жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға және жүргізуге;

әскери қызметшілерге, олардың отбасы мүшелеріне қатысты әлеуметтік әділдік принциптерін сақтауды қамтамасыз етуге, олардың мұқтаждықтары мен сұраныстарын білуге, олардың ұсыныстары мен өтініштерін шешу жөнінде шаралар қабылдауға;

батальонның жеке құрамының денсаулығы, тамақтануы, материалдық-тұрмыстық жағдайларын жақсарту туралы қамқорлық көрсетуге;

жеке құрамның бос уақытын мәдени өткізуін ұйымдастыруға, батальонды мерзімдік басылымдармен қамтамасыз етуге шаралар қабылдауға;

техникалық тәрбиелеу құралдарын және тәрбие жұмысының мүлкін дұрыс пайдалануды, сақтауды ұйымдастыруға;

батальон (кеме) командиріне және бригада командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарына жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі, өткізілген тәрбиелік іс-шаралар, батальондағы әлеуметтік-құқықтық жұмыстар мен әскери тәртіптің жай-күйі туралы күн сайын баяндауға міндетті.

Батальон командирінің қару-жарақ жөніндегі (техникалық

бөлім) орынбасары

143. Батальон командирінің қару-жарақ (техникалық бөлім) жөніндегі орынбасары бейбіт және соғыс уақытында: бағынысты бөлімшенің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі; қару-жарақпен, әскери, басқа техникамен, басқа да материалдық құралдармен жабдықталуы, техникалық жай-күйі және жауынгерлік қолдануға әзірлігі; оларды дұрыс пайдалану, қызмет көрсету, сақтау, эвакуациялау және жөндеу; батальонның жеке құрамын техникалық даярлау, өз мамандығы бойынша механик-жүргізушілерді (жүргізушілерді) даярлау; бағынысты жеке құрамның жауынгерлік даярлығы, әскери тәрбиесі, тәртібі және моральдық-психологиялық жай-күйі үшін жауап береді. Ол батальон командиріне бағынады және батальонның барлық жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.

144. Батальон командирінің қару-жарақ (техникалық бөлім) жөніндегі орынбасары:

батальонның жауынгерлік даярлығы жоспарларының тиісті бөлімдерін әзірлеуге және өз мамандығы бойынша олардың орындалуын ұйымдастыруға;

батальонның қару-жарағының, әскери, басқа техникасының, зымырандарының, оқ-дәрілерінің, басқа да материалдық құралдарының құрылымын, пайдалану тәртібі мен ережелерін, эвакуациялауды, сақтауды, қызмет көрсетуді және жөндеуді, олардың болуын, техникалық жай-күйі мен тұрған орнын білуге;

батальонды техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға және басшылық жасауға;

батальонның жеке құрамын техникалық даярлауға басшылық жасауға; батальонның офицерлерімен, сержанттарымен және механик-жүргізушілерімен (жүргізушілерімен) техникалық даярлау, жүргізу бойынша сабақтар өткізуге, техникалық мамандықтардың жеке құрамын даярлау және олардың сыныптық біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларды өткізуге;

оған тікелей бағынысты бөлімшелер әскери қызметшілерінің іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін, сондай-ақ әскери атағын, тегін, атын, атқаратын лауазымын, отбасы жағдайын білуге; олармен әскери тәрбие және кәсіби даярлығын жетілдіру жөніндегі жұмыстарды ұдайы жүргізуге;

кемінде айына бір рет батальонның қару-жарағының, әскери, басқа техникасының, зымырандарының, оқ-дәрілерінің және басқа да материалдық құралдарының болуын, сақталуы мен техникалық жай-күйін (көлік және оқу-жаттығу-жауынгерлік пайдалану тобының машиналарын - апта сайын) тексеруге және жылына кемінде екі рет бөлімшелердегі қаруды нөмірлік тексеруді жүргізуге;

емделуге, қызметтік іссапарларға және демалысқа кететін батальонның әскери қызметшілерінің қаруы мен оқ-дәрілерін бригаданың зымырандық-артиллериялық қоймасына уақтылы тапсыруын бақылауға;

жөндеуге тапсыру және басқа да бөлімшелерге беру үшін қару-жарақты, әскери және басқа техниканы дайындауды ұйымдастыруға;

қару мен оқ-дәрілердің есебін жүргізуге, айына бір рет бригаданың бөлімшелерімен және зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қызметімен салыстырып тексеруді жүргізуге;

оған бағынысты бөлімшенің даярлығы мен қызметіне басшылық жасауға;

батальонның қару-жарағын, әскери, басқа техникасын, зымырандарын, оқ-дәрілерін және басқа да материалдық құралдарын, сондай-ақ оқу-жаттығу құралдарын дұрыс пайдалануды, эвакуациялауды, қызмет көрсетуді және жөндеуді ұйымдастыруға, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі жұмыстарға басшылық жасауға; техникалық даярлық бойынша оқу материалдық-техникалық базасын жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауға;

батальонға бекітіліп берілген парк үй-жайлары аумағы мен учаскелерін көркейту және жабдықтау жөніндегі жұмыстарға басшылық жасауға, сондай-ақ оларда ішкі тәртіпті ұстауды қамтамасыз етуге;

қару-жарақты, әскери, басқа техниканы, зымырандарды, оқ-дәрілерді далалық жағдайларда (сабақтарда, оқу-жаттығуларда) қолдануға және пайдалануға дайындауды бақылауға, өткізгіштігін арттыру және эвакуациялау үшін оларды жабдықтармен және құралдармен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға; оқ атуларды жүргізгеннен кейін негізгі қару-жарақты тексеруді жүргізуге;

оқ атулар жүргізілгеннен кейін гильзаларды, ыдыстарды (сауыттарды), жұмсалмаған зымырандар мен оқ-дәрілерді бригаданың зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қоймасына уақтылы тапсыруды бақылауға; бригада командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына (зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қызметінің бастығына) зымырандарды жіберудің іске аспағандығы, сондай-ақ оқ-дәрілердің ақаулығы туралы баяндауға;

қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың апаттарының, аварияларының, бұзылуларының, оқиғаларының алдын алу жөнінде шаралар қабылдауға, олардың себептерін талдауға, олар туралы және қабылданған шаралар туралы батальон командиріне дереу баяндауға;

қару-жарақты, әскери, басқа техниканы, зымырандарды пайдалану, қызмет көрсету, эвакуациялау және жөндеу, оқ-дәрілермен және улы техникалық сұйықтармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауды орындауды, сондай-ақ парктегі және машиналардағы өртке қарсы іс-шараларды орындауды қамтамасыз етуге;

бөлімшелердегі жанар, жағар май материалдары мен арнайы сұйықтарды дұрыс пайдалануға және үнемді жұмсауға бақылауды жүзеге асыруға;

машиналар жұмысының есебін (моторесурстар шығысын) жүргізуді бақылауға және апта сайын батальонның қару-жарағын, әскери және басқа техникасын пайдалануды талдауды жүргізуге;

формулярларды (паспорттарды), техникалық және жол құжаттарын дұрыс жүргізуді бақылауға;

белгіленген есеп пен есептілікті жүргізуге міндетті.

Батальон командирінің тыл (жабдықтау) жөніндегі орынбасары

145. Батальон командирінің тыл (жабдықтау) жөніндегі орынбасары бейбіт және соғыс уақытында: оған тікелей бағынысты бөлімшелердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі; батальонды тыл қызметтері бойынша материалдық және техникалық қамтамасыз ету; батальонға бекітіліп берілген казармалық-тұрғын үй қорын ұстау; бағынысты жеке құрамның жауынгерлік даярлығы, әскери тәрбиесі, тәртібі мен моральдық-психологиялық жай-күйі үшін жауап береді.

Ол батальон командиріне бағынады, батальонның барлық жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.

146. Бригада командирінің тыл (жабдықтау) жөніндегі орынбасары:

батальонның жауынгерлік даярлық жоспарының тиісті бөлімін әзірлеуге және оның өз мамандығы бойынша орындалуын ұйымдастыруға;

бағынысты бөлімшенің қызметіне және жауынгерлік даярлығына басшылық жасауға;

оған тікелей бағынысты бөлімшелердің әрбір әскери қызметшісінің іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін, сондай-ақ әскери атағын, тегін, атын, атқаратын лауазымын, отбасы жағдайын білуге, олармен әскери тәрбие және кәсіби даярлығын жетілдіру жөніндегі жұмыстарды ұдайы жүргізуге;

әскери қызметшілерді іріктеуге, орналастыруға және аттестаттауға; жоғары лауазымдарға, келісімшарт бойынша әскери қызметке ұсыну және әскери оқу орындарына түсу; курстық даярлыққа жіберу үшін кандидаттарды іріктеуге қатысуға;

батальон тылының жеке құрамымен тылдық қамтамасыз етуді ұйымдастыру және роталар командирлерімен және старшиналарымен рота шаруашылығын жүргізу жөнінде сабақтар өткізуге;

батальон бөлімшелерін материалдық құралдармен, ал жеке құрамды дұрыс сапалы тамақпен уақтылы қамтамасыз етуді ұйымдастыруға; тиісті жабдықталым нормалары мен материалдық құралдардың әрбір әскери қызметшіге және қызмет жануарларына жеткізілуін, сондай-ақ жауынгерлік кезекшіліктегі, жауынгерлік қызметтегі, тәуліктік нарядтағы және оқу-жаттығулардағы әскери қызметшілердің тамақтануын бақылауға;

батальон бөлімшелеріндегі тыл қызметтері техникасының болуы мен жай-күйін білуге, оны дұрыс пайдалануды, қызмет көрсетуді, эвакуациялау мен жөндеуді қамтамасыз етуге;

кемінде айына бір рет бөлімшелердегі тыл техникасының, материалдық құралдар қорларының болуы мен техникалық жай-күйін тексеруге, батальон бөлімшелеріндегі тыл қызметтерінің барлық техникасы мен мүлкін түгендеуге қатысуға;

жанар, жағар май материалдарын және арнайы, улы, техникалық сұйықтарды дұрыс пайдалануға, үнемді жұмсауға және олармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;

батальон бөлімшелеріне материалдық құралдардың барлық түрлерін, суды жеткізуді, тиеу-түсіру жұмыстарын механикаландыруды, сондай-ақ жеткізетін автомобиль көлігінің жұмысын жоспарлауды ұйымдастыруға;

барлық тұрғын және тұрғын емес ғимараттар мен құрылыстарды, коммуникациялық желілерді, казармалық мүкәммал мен жиһазды дұрыс пайдалануды және уақтылы жөндеуді ұйымдастыруға, кемінде айына бір рет оларды қарауды жүргізуге; батальонға бекітіліп берілген аумақты тәртіпте ұстауды бақылауды жүзеге асыруға; өртке қарсы қауіпсіздік талаптарының және қоршаған ортаны қорғау мен табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шаралардың орындалуын тексеруге;

батальон жеке құрамының сыртқы пішіні туралы ұдайы қамқорлық көрсетуге, киім-кешекті уақтылы алуды, оны дұрыс пайдалануды, шақтап пішу мен жөндеуді ұйымдастыруға, әскери киім нысанын киіп жүру ережелерін сақтауды талап етуге;

батальон бөлімшелерінің жеке құрамына монша-кір жуу қызметін көрсетуді ұйымдастыруға;

батальон бөлімшелерінде экономикалық жұмыс жөніндегі іс-шараларды өткізуге;

жөндеу және шаруашылық жұмыстарын жүргізу, тыл техникасына қызмет көрсету мен пайдалану, сондай-ақ өртке қарсы іс-шараларды орындау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге;

батальон бөлімшелерінде тыл қызметтері бойынша белгіленген есеп пен есептілікті жүргізуді ұйымдастыруға және бақылауға міндетті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   25




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет