Бекітілген қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ішкі қызмет жарғысы


Командирлерге (бастықтарға) және инспекциялау



бет3/25
Дата09.06.2016
өлшемі1.48 Mb.
#125322
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25

Командирлерге (бастықтарға) және инспекциялау

(тексеру) үшін келген адамдарға таныстыру тәртібі

66. Әскери бөлімге келген аға командирге (бастыққа) тек бөлімнің командирі ғана таныстырылады. Басқа адамдар аға командир (бастық) өздеріне тікелей тіл қатқан кезде ғана әскери лауазымын, әскери атағы мен тегін айта отырып, өзін таныстырады.

67. Әскери қызметшілер өздерінің тікелей бастықтарына:

әскери лауазымға тағайындалған кезде;

әскери лауазымды тапсырған кезде;

әскери атақ берген кезде;

орденмен немесе медальмен наградтаған кезде;

іссапарға, емделуге немесе демалысқа кеткенде және қайтып келгенде таныстырылады.

Өзін тікелей бастығына таныстыра отырып, әскери қызметшілер өзінің әскери лауазымын, әскери атағын, тегін және таныстыру себебін айтады.

Мысалы: «Майор мырза. Бірінші мотоатқыштар ротасының командирі капитан Тайыров. Маған капитан әскери атағы берілу жағдайына байланысты өзімді таныстырамын».

68. Бөлімге жаңадан тағайындалған (бөлім, батальондар, роталар) офицерлері, сержанттары бөлім командиріне және оның орынбасарларына, ал батальонға немесе ротаға тағайындау алған кезде батальон командиріне, рота командиріне және олардың орынбасарларына өзін таныстырады.

Бөлім командирі жаңадан келген офицерлерді бөлімнің офицерлер құрамына офицерлердің жақында өтетін кеңесінде немесе бөлім сапқа тұрғызылғанда, ал бөлім мен батальон сержантын бөлім сапқа тұрғызылғанда таныстырады.

Әскери бөлімді инспекциялау (тексеру) кезінде оның командирі инспекциялауға (тексеруге) басшылық жасау үшін тағайындалып келген адамға, егер ол бөлім командирімен тең әскери атақта тұрса немесе атағы бойынша одан жоғары болса өзін таныстырады; егер инспекциялаушы (тексеруші) атағы бойынша бөлім командирінен кіші болса, онда ол бөлім командиріне өзін таныстырады.

Инспекциялау (тексеру) басталар алдында әскери бөлімнің командирі инспекциялаушыға (тексерушіге) инспекцияланатын (тексерілетін) бөлімшелердің командирлерін таныстырады.

69. Инспекциялаушы (тексеруші) бөлімшелерге келген кезде осы

бөлімшелердің командирлері оны қарсы алады және оған баяндайды.

Егер инспекциялаушы (тексеруші) бөлімшеге әскери бөлім командирімен бірге келсе, онда бөлімше командирі инспекциялаушыға (тексерушіге) егер соңғы әскери бөлімнің командирімен әскери атағы тең болған немесе атағы бойынша одан жоғары болған жағдайда баяндайды.

Егер инспекциялау (тексеру) уақытында аға командир (бастық) келсе, онда оған әскери бөлімнің (бөлімшенің) командирі баяндайды, ал инспекциялаушы (тексеруші) өзін таныстырады.

ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен 70-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

70. Әскери бөлімге (кемеге) Қазақстан Республикасының Президенті және тікелей бастықтар келген кезде әскери бөлім (кеме) командирі осы адамдарды қарсы алады, баяндайды және әскери бөлімнің (кеменің) орналасқан жері бойынша ілесіп жүреді.

Қорғаныс министрлігі, Қарулы Күштер Бас штабы департаменттерінің, бас басқармаларының (басқармаларының), басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың орталық басқару органдарының бастықтарын, сондай-ақ әскери бөлімге шақырылған құрметті келушілерді әскери бөлім (кеме) командирі қарсы алады, өзін таныстырады және оларға әскери бөлімнің (кеменің) орналасқан жері бойынша ілесіп жүреді.

Құрметті келушілердің әскери бөлімде (кемеде) болғаны туралы естелік үшін оларға тиісті жазба қалдыруға Құрметті келушілер кітабы ұсынылады (2-қосымша).

71. Әскери қызметшілер аға командирлердің (бастықтардың) жекелеген қызметтік тапсырмаларын орындау үшін әскери бөлімге (бөлімшеге) келген кезде әскери бөлім (бөлімше) командирі өзін тек әскери атағы бойынша үлкенге таныстырады. Қалған жағдайларда келушілер әскери бөлім (бөлімше) командиріне өзін таныстырады және өзінің келу мақсаты туралы баяндайды.

Инспекциялаушылардың (тексерушілердің) немесе аға командирлердің (бастықтардың) жекелеген қызметтік міндеттерін орындаушы әскери қызметшілердің барлық нұсқаулары әскери бөлім командирі арқылы беріледі. Аталған адамдар әскери бөлімнің (бөлімшенің) командиріне инспекциялау (тексеру) немесе оларға жүктелген қызметтік міндеттердің орындалу нәтижелері туралы хабарлауға міндетті.

Әскери бөлімнің (бөлімшенің) әскери қызметшілеріне сұрақ қою кезінде инспекциялаушылар (тексерушілер) осы Жарғының талаптарын басшылыққа алады (3-қосымша).

3. Әскери бөлім командирлерінің (бастықтарының)

және негізгі лауазымды адамдарының міндеттері

Командирлердің (бастықтардың) жалпы міндеттері

72. Әскери бөлім (бөлімше) командирі дара басшы болып табылады және оған бағынысты әскери бөлімнің (бөлімшенің) жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі үшін мемлекет алдында дербес жауапты болады. Ол:

жеке құрамның жауынгерлік және жұмылдыру даярлығы, әскери тәрбиесі, тәртібі, моральдық-психологиялық жай-күйі мен әскери қызмет қауіпсіздігі;

қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, зымырандардың, оқ-дәрілердің, жанар, жағар май материалдары мен басқа да материалдық құралдардың жай-күйі, пайдаланылуы мен сақталуы;

әскери объектілердің, ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйі;

шарттық және талап-арыз жұмысы;

әскери бөлімнің (бөлімшенің) жауынгерлік міндеттерді табысты орындауы;

мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз ету;

жарғылық ішкі тәртіп;

жауынгерлік, тылдық және техникалық қамтамасыз етудің барлық түрлері үшін жауап береді.

Командир бөлімдегі (бөлімшедегі) істердің нақты жай-күйін жан-жақты білуі, оның жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыруға барлық шараларды қабылдауы тиіс.

73. Командир (бастық) мемлекет саясатын өмірде нық және жүйелі іс жүзіне асыруға:

бөлімнің (бөлімшенің) жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін қойылған міндеттерді орындауды қамтамасыз ететін жай-күйде ұстауға;

жеке кәсіби даярлығын және әскери бөлімді (бөлімшені) басқару әдістерін жетілдіруді, қызметтік міндеттерін орындауда бағыныстылар үшін үлгі болуға, осы үшін өзінің қызмет уақытын тиімді пайдалануға, өзінің іске деген қарым-қатынасымен және өзінің мінез-құлқымен әскери ұжымда тұрақты және оң моральдық-психологиялық жағдай жасауға ықпал етуге;

далалық машықтануды арттыруға, бөлімшелерді жауынгерлік әзірліктің әр түрлі дәрежесіне келтіру жөніндегі сабақтар мен іс-қимыл жаттығуларын жүргізуге;

жеке құрамның өз міндеттерін білуіне және орындауына қол жеткізуге;

жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін ұстау және жетілдіру жөніндегі іс-шараларды жоспарлауға және олардың орындалуына қол жеткізуге;

жоспарларға қажетті өзгерістер мен нақтылауларды уақтылы енгізуге;

қару-жарақтың, әскери және басқа техника мен басқа да материалдық құралдардың тізімдік және қолда бар құрамы туралы, болуы мен жай-күйі туралы ұдайы нақты мәліметтері болуға, олармен толық қамтамасыз етілуге қол жеткізуге;

мемлекеттік құпияларды қорғау жөнінде шаралар қабылдауға;

қызметтік ақпаратты пайдакүнемдік және өзге де жеке мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге;

кадрлармен жұмысты шебер жүргізуге міндетті.

74. Командир (бастық) бағыныстылардың жауынгерлік даярлығына тікелей басшылық жасауға:

жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру жөніндегі міндеттерді жоспарлауға және уақтылы қоюға;

бағынысты командирлердің кәсіби білімін, әдістемелік шеберлігін және педагогикалық мәдениетін ұдайы жетілдіруге;

жеке құрамды жауынгерлік оқу-жаттығумен толық қамтуға қол жеткізе отырып, оқу-жаттығулар мен сабақтарды өзі өткізуге;

сыныптық мамандарды даярлауды ұйымдастыруға және бақылауға;

жауынгерлік даярлық барысында бағыныстыларға бақылауды ұйымдастыруға және қажетті көмек көрсетуге;

жауынгерлік оқу-жаттығуға жарысты, бағыныстыларды оқыту мен тәрбиелеудің тиімділігін арттыруға ықпал ететін барлық жаңаны, озықты енгізуге;

жауынгерлікке барынша жақындатылған оқыту жағдайларын жасау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге;

оқу материалдық-техникалық базасын жетілдіруге міндетті.

75. Командир (бастық) бағыныстыларды ұдайы тәрбиелеуге:

олардың бойында Қазақстан Республикасын қорғауға моральдық және психологиялық әзірлігін, Қарулы Күштерге тиістілігі үшін мақтанышын және жауапкершілігін қалыптастыруға және ұстауға;

әскери қызметшілердің бойында әскери борышын орындау үшін қажетті қасиетті, әскери анттың қасиеттілігі мен бұлжымастығы түсінігін, ержүректілікті, ұстамдылықты, тапқырлықты, қырағылықты, жауынгерлік жолдастық пен өзара қол ұшын беруді, заңдарға деген құрметті дамытуға, осы мақсаттарда тәрбиелілігінің, қызметіне адал қараудың жеке үлгісін, сондай-ақ әскери жоралғыларды (4-9-қосымшалар) белсенді пайдалануға;

қарым-қатынас мәдениетін жетілдіруге;

әскери ұжымды топтастыру және әскери қызметшілер арасындағы достықты нығайту туралы қамқорлық көрсетуге, шыққан тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, қызмет мерзіміне, тұрғылықты жеріне және өзге де жағдайларына қарамастан олардың ұлттық сезімін, дәстүрлері мен ғұрыптарын ескеруге және құрметтеуге, көрсетілген белгілер бойынша кемсіту әрекеттеріне жауынгерлік әзірлікке зиян тигізуші ретінде төзбеушілік танытуға;

бағыныстыларға кішіпейілділік пен ілтипаттылық танытуға, өзара қарым-қатынастарда әдепсіздік пен дөрекілікке жол бермеуге, олардың жеке басының қадір-қасиетін құрметтеумен жоғары талап қоюшылықты және принципшілдікті үйлестіруге;

әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің тұрмыстық мәселелерін шешу мен құқықтық және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге шаралар қабылдауға;

шығармашылығын, мәдени өсуін дамыту және демалу, денсаулығы мен дене бітімінің өсуін нығайту үшін жағдайлар жасауға, қажет кезде үлкен бастықтардың алдында бағыныстыларды қолдауға міндетті.

76. Командир (бастық) жеке құрамның мықты әскери тәртібін және жоғары моральдық-психологиялық жай-күйін ұдайы ұстауға міндетті.

Командир (бастық) өзіне берілген құқықтар шегінде дербес әрекет етуі; өзі үлгі көрсетуі және бағыныстылардан сергектік пен төзімділікті, мінсіз мінез-құлықты талап етуі, заңнаманы, әскери антты, жалпыәскери жарғыларды, өзінің қызметтік міндеттері мен бұйрықтарды нақты орындауы; бағыныстыларды танытқан дұрыс бастамасы, ынта-жігері, ерлігі және қызметте ерекшеленгені үшін көтермелеуі, әділетті болуы және әскери тәртіпті бұзушыларды қатаң жазалауы тиіс.

77. Командир (бастық) жеке құрамның қаза табуы мен жарақат алуын болдырмау жөніндегі шараларды қабылдауға, жауынгерлік кезекшілікте, жауынгерлік қызметте, тәуліктік нарядта, қару-жарақпен, әскери және басқа техникамен, қызмет жануарларымен жұмыс кезінде, марш жасау, оқу-жаттығуларды, жауынгерлік оқ атуларды (жіберулерді) жүргізу, ұшулар, кемелер жорықтары, арнайы сабақтар немесе жұмыстар кезінде, қарауылдық және ішкі (кезекшілік және вахталық) қызметтерді атқару кезінде қажетті қауіпсіздік талаптарын сақтауға және белгілеуге, осы қауіпсіздік талаптарын бағыныстыларға уақтылы жеткізуге және олардың орындалуын талап етуге міндетті.

Сабақтар, жұмыстар немесе қызметтік іс-әрекеттердің басқа да іс-шараларын бастар алдында командир бұл үшін қауіпсіздік шараларының жасалғандығына және қамтамасыз етілгендігіне, бағыныстылардың оларға жеткізілген қауіпсіздік шараларының талаптарын меңгергендігіне және оларды орындауда жеткілікті практикалық машықтанғанына өзі көз жеткізуге міндетті. Командирдің (бастықтың) жеке құрамның қаза табуы мен жарақат алуын болдырмау жөніндегі қабылдаған шаралары жауынгерлік міндеттерді орындауды бұзуға әкеп соқтырмауы тиіс.

78. Командир (бастық) бағынысты бөлімде (бөлімшеде) жарғылық ішкі тәртіпті қамтамасыз етуге:

штабтың және бағынысты командирлердің (бастықтардың) қызметін барлық әскери қызметшілердің жалпыәскери жарғылардың талаптарын зерделеуін және орындауын ұйымдастыруға бағыттауға;

әскери қалашықтағы бөлімшелердің және үй-жайлардағы әскери қызметшілердің дұрыс орналасуын ұйымдастыруға;

әскери бөлімнің күнделікті қызметінде уақыттың мақсатты бөлінуін көздеуге;

жеке құрамды тәуліктік нарядта қызмет атқаруға жан-жақты даярлауды жүргізуге;

ішкі қызметті атқаруға бақылауды ұйымдастыруға;

қарауылдарды тексеруге жеке өзі қатысуға;

тәуліктік наряд қызметінің жай-күйін жақсарту жөнінде ұсынымдар әзірлеуге;

әскери қызметшілерге келу, мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің әскери бөлім орналасқан жерден сейілдемеге шығу тәртібі мен өткізу режимін белгілеуге және сақтауды талап етуге;

паркте, полигонда және бөлімше уақытша болатын басқа да орындарда жарғылық ішкі тәртіпті ұйымдастыруға және сақтауға міндетті.

79. Командир (бастық) қару-жарақты, әскери, басқа техниканы және басқа да материалдық құралдарды ақаусыз және сақтаулы жай-күйде ұстауға, техникалық, материалдық, медициналық, қаржылық, әлеуметтік-құқықтық және тұрмыстық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға;

әскери бөлімге (бөлімшеге) келіп түскен қару-жарақты, әскери және басқа техниканы қабылдауды және іске қосуды ұйымдастыруға, жеке құрамның оларды қабылдауға және пайдалануға әзірлігін жеке өзі тексеруге;

қару-жарақты, әскери және басқа техниканы пайдалануды жоспарлауға, олардың техникалық жай-күйі мен пайдаланылуына бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға, бұзылулардың, оқиғалардың апаттар мен авариялардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүргізуге, машиналардың (командалардың, лектердің) жетекшілеріне гарнизондардан тыс рейстерге шығар алдында жеке өзі нұсқама беруге;

қару-жарақты, әскери және басқа техниканы есепке алуды және сақталуын ұйымдастыруға, материалдық құралдарды алуды, сақтауды және есепке алуды, оларды жеткізуді және бағыныстыларға беруді уақтылы талап етуге және ұйымдастыруға;

әскери мүліктің жоғалуын, жетіспеуін, бүлінуін және ұрлануын болдырмауға, кінәлі адамдарды жауапқа тартуға;

жеке құрамға тиісті ақшалай және басқа да жабдықталым түрлерін толық жеткізуді қамтамасыз етуге;

материалдық және ақшалай қаражатты үнемді және мақсатты жұмсауды, қаржылық тәртіпті (барлық бөлімдер (кемелер), мекемелер мен лауазымды адамдар үшін міндетті қаржылық қызметті жүзеге асыру тәртібін) сақтауға;

штаттық тәртіпті (әскери бөлімнің (кеменің), мекеменің жеке құрамын орналастыру, штат бойынша лауазымға тағайындау және лауазымдық міндеттерін орындау тәртібін) сақтауға;

әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау және нығайту жөніндегі шараларды қабылдауға, жеке құрамды медициналық қамтамасыз етуді жетілдіруге;

бағыныстыларға сауда-тұрмыстық қызмет көрсетуді жақсарту туралы ұдайы қамқорлық көрсетуге (Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің, олардың отбасы мүшелерінің, жұмысшылары мен қызметкерлерінің әскери тауарлардың түр-түріне, азық-түлікке, киім-кешек, киім мен аяқ киім тігуге (жөндеуге), тұрмыстық қызмет көрсетулер ұсынуға қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған іс-шаралар), бұл ретте әлеуметтік әділдік пен жариялылық принциптерін сақтауға;

әскери шаруашылықты ұйымдастыруға және оған штаб, өзінің орынбасарлары, әскер тектері мен қызметтер бастықтары арқылы жеке өзі басшылық жасауға;

әскери бөлімнің (бөлімшенің) іс-қимылы ауданында қоршаған ортаны қорғау, бекітіліп берілген жер телімдерін мақсатты және ұтымды пайдалану жөнінде шаралар қолдануға міндетті.

80. Командир (бастық) жеке өзінің кәсіби даярлығын және әскери бөлімді (бөлімшені) басқару әдістерін жетілдіруге:

өзінің әскери, педагогикалық және құқықтық білімін арттыруға;

өзінің қызметтік іс-әрекетіне қатысты нормативтік құқықтық актілерді, жалпыәскери жарғылардың ережелерін білуге, оларға сәйкес әрекет етуге және бағыныстылардан оларды сақтауды талап етуге;

қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, оларды жауынгерлік қолдану, пайдалану, жөндеу және эвакуациялау тәртібін білуге;

өзінде және бағыныстыларда мақсаткерлікті, жеке жауаптылықты, іскерлікті, алдын ала болжау және сақтық сезімін қалыптастыруға, өз жұмысының нәтижелеріне сын көзбен қарауға;

жеке құраммен үздіксіз байланыс орнатуға, жұмыста бағыныстылардың ұсынысын ескеруге, олардың арасында жұмысты және міндеттерін шеберлікпен бөлуге, бұйрықтардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;

берілген құқықтар шегінде дербес, мемлекеттік басқару органдарымен, қоғамдық бірлестіктермен, кәсіпорындардың, ұйымдардың ұжымдарымен, соғыс және Қарулы Күштер ардагерлерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, әскери бөлімнің (бөлімшенің) дәстүрлерін ұстай және еселей әрекет етуге. Осы мақсатта оларға ардагерлерді, халықты, оның ішінде жастарды, қоғам өкілдерін және әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін шақырумен жиналыстар, кездесулер, әскери жоралғылар, спорттық, мәдени-көпшілік және басқа да іс-шаралар өткізуге;

дара басшылықты барынша нығайтуға, офицерлер мен сержанттар құрамдарына арқа сүйеуге, олармен бірлесіп жеке құрамның барлық күш-жігерін қойылған міндеттерді орындауға бағыттауға;

жеке құрам мен бағынысты бөлімшелер арасында жарыстар ұйымдастыруға, әскери қызметшілерді әскери бөлім (бөлімше) шешетін міндеттерді орындауға жұмылдыру мақсатында оларға басшылық жасауға;

бағыныстылармен жауынгерлік даярлықтың, әскери тәртіп пен құқық тәртібінің жай-күйі, ішкі тәртіпті ұстауды жүйелі қорытындылауға және оларды жақсарту жөніндегі шараларды айқындауға;

әскери қызметшілердің жалпы жиналыстарында өмір сүру және тұрмыс мәселелерін жиі қарауға, оларда жасалған ұсыныстарды әскери бөлімнің (бөлімшенің) тиісті міндеттерін шешу кезінде ескеруге міндетті.

81. Командир (бастық) кадрлармен шеберлікпен жұмыс істеуге:

жеке құрамды олармен жеке қарым-қатынас жасау жолымен және мінездеме беретін құжаттар бойынша жан-жақты зерделеуге;

бағыныстылардың іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін білуге, оларды тәрбиелеумен күнделікті айналысуға;

бұған өз орынбасарларын, әскер тектері мен қызметтер бастықтарын тарта отырып, тұрақты әрекеттегі аттестаттау комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып, офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді іріктеуді, орналастыруды және аттестаттауды жүзеге асыруға;

келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау, жоғары әскери лауазымдарға ұсыну, әскери оқу орындарына түсу, курстық даярлыққа жіберу үшін кандидаттарды іріктеуге басшылық жасауға;

әскери қызметшілердің көзделген ауыстыруының жариялылығын қамтамасыз етуге, кадр резерві мен тәжірибелі және жас кадрларды үйлестіру жолымен басшылық жасауды сабақтастыру үшін жағдайлар жасауға;

өзінің бағыныстыларымен жеке өзі әңгімелесулер жүргізуге;

бағыныстыларды жетістіктері мен танытқан дұрыс бастамасы, ынта-жігері мен қызметте ерекшеленгені үшін көтермелеуге міндетті.

Одан басқа, әскери бөлім командирі кемінде айына бір рет күн тәртібімен белгіленген уақытта әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін жеке мәселелері бойынша, ерекше жағдайларда және басқа да уақытта азаматтарды, ал бөлімше командирі өз бағыныстыларын жауынгерлік кезекшіліктен, жауынгерлік қызметтен, тәуліктік нарядтағы міндеттерін орындаудан және сабақтардан бос уақытында қабылдауы тиіс.

82. Командир (бастық) өнертапқыштық, рационализаторлық және спорттық жұмыстарға басшылық жасауға:

міндеттерді айқындауға, ғылыми, өнертапқыштық, рационализаторлық және спорттық жұмыстар жоспарының орындалуын ұйымдастыруға және бақылауға, олардың материалдық-техникалық жағынан орындалуын қамтамасыз етуге, әскери қызметшілердің шығармашылығын әскери бөлімнің (бөлімшенің) алдында тұрған міндеттерді шешуге бағыттауға;

ғылыми, өнертапқыштық, рационализаторлық және спорттық жұмыстарда жеке өзі қатысуға;

озық тәжірибені зерделеуге, жинақтауға және таратуға;

конференциялар, кеңестер, байқаулар, көрмелер мен спорттық жарыстар, ойындар өткізуді ұйымдастыруға және оларға қатысуға;

үздік шығармашылық және спорттық нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшілерді көтермелеуге міндетті.

83. Командир (бастық) азаматтық персоналдың еңбек әрекетімен байланысты мәселелерді шешу кезінде еңбек туралы заңнаманы және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алуға, азаматтық персоналдың жұмысын ұйымдастыруға, еңбек өнімділігінің өсуі, еңбек және өндіріс тәртібін қамтамасыз ету, еңбекті қорғау ережелерін сақтау, еңбек пен тұрмыс жағдайларын жақсарту үшін жағдайлар жасауға міндетті.

84. Командир (бастық) уақытша кеткен жағдайда өзінің міндеттерін орындау үшін орынбасарларының біреуін немесе басқа да лауазымды адамдарды тағайындайды, бұл туралы аға командирге (бастыққа) баяндайды және әскери бөлім бойынша бұйрықта жариялайды.

Лауазымға кірісу тәртібі

85. Әскери бөлімнің жаңадан тағайындалған командирі аға командирдің (бастықтың) нұсқамасы немесе бұйрығы негізінде қолбасшылыққа кіріседі. Қолбасшылыққа кірісу туралы әскери бөлім командирі бұйрықта жариялайды және аға командирге (бастыққа) баяндайды.

Әскери бөлімнің (бөлімшенің) жаңадан тағайындалған командирін әскери бөлімнің (бөлімшенің) жеке құрамына аға командир (бастық) таныстырады.

86. Әскери бөлімдердің (бөлімшелердің) рота командирі (4-дәрежелі кемеден) және одан жоғары жаңадан тағайындалған командирлері лауазымды қабылдау кезінде кейіннен оларды шешу үшін, олардың ұсыныстарын, шағымдарын, арыздарын анықтау мақсатында әскери бөлімнің (бөлімшенің) әскери қызметшілеріне сұрақ қояды.

87. Командирлер (бастықтар) қызметі бойынша ауысқан, бір ай уақыттан артық мерзімге уақытша кеткен кезде істер мен лауазымды акт жасаумен тапсыруға және қабылдауға міндетті: бригада командирінің істер мен лауазымды қабылдау және тапсыру мерзімі он бес күнге дейін, полк және жеке батальон (1 және 2-дәрежелі кемелер) он күнге дейін, бригада (полк) командирінің қару-жарақ және тыл жөніндегі орынбасарлары жиырма күннен артық емес, батальондар мен роталар (3 және 4-дәрежелі кеме) командирлері бес күннен артық емес, взвод командирі үш күннен артық емес, әскерлер тектері мен қызметтер бастықтары он бес күннен артық емес белгіленеді. Арсенал, база командирінің (бастығының), сондай-ақ басқа да лауазымды адамдардың істер мен лауазымды қабылдау, тапсыру мерзімін аға командир (бастық), бірақ бір ай мерзімнен артық емес айқындайды.

Істер мен лауазымды қабылдауды (тапсыруды) аяқтау деп аға командирдің (бастықтың) тиісті актіні бекітуі саналады. Актіні белгіленген тәртіппен уақтылы бекітпегені үшін аға командир (бастық) жауапты болады.

88. Әскери бөлім командирі істер мен лауазымды қабылдауды, тапсыруды жеке өзі аға командирдің (бастықтың) өкілінің қатысуымен жүргізеді.

Одан басқа, істер мен лауазымды қабылдау және тапсыру үшін аға командирдің (бастықтың) бұйрығымен комиссия тағайындалады, ол әскери бөлімнің жалпы жай-күйін, Жауынгерлік Тудың, қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, оқ-дәрілердің болуы мен жай-күйін және оларды есепке алуды жеке, сондай-ақ әскери бөлімнің әскери және қаржылық шаруашылығын жеке тексереді және акт жасайды.

Істер мен лауазымды қабылдау және тапсыру туралы актіде: әскери бөлімнің тізімдік және бар құрамы; жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің, жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтарының, оқу материалдық-техникалық базасының жай-күйі; жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі және әскери тәртіптің жай-күйі, құпия құжаттардың болуы көрсетіледі.

Қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, оқ-дәрілерді және басқа да материалдық құралдарды қабылдау және тапсыру туралы актіде: штат бойынша тиісті, құжаттар бойынша есептегі саны, нақты болуы, сапалық және техникалық жай-күйі, ұстау және сақтау жағдайы көрсетіледі.

Әскери және қаржылық шаруашылықты қабылдау және тапсыру туралы актіде: пәтер-тұрмыстық жағдайы, ғимараттардың, құрылыстардың, мүкәммал мен жабдықтың болуы мен жай-күйі; жанар, жағар май материалдарының, азық-түліктің, киім-кешек, техникалық мүлік пен ағымдағы жабдықталымдағы және жұмсалмайтын қордағы материалдық құралдардың, сондай-ақ ақшалай қаражаттың болуы, жай-күйі, жұмсау заңдылығы, есепке алу және сақтау тәртібі көрсетіледі.

Актілерге қабылдайтын және тапсыратын командирлер, комиссия мүшелері қол қояды және аға командирге (бастыққа) бекітуге ұсынады.

89. Бөлімше командирі істер мен лауазымдарды қабылдауды (тапсыруды) әскери бөлім бойынша бұйрық негізінде жеке өзі жүргізеді.

Бөлімше командирінің істер мен лауазымды қабылдауы үшін бөлімде комиссия тағайындалады.

Істер мен лауазымды қабылдағаны (тапсырғаны) туралы бөлімше командирі әскери бөлім командиріне команда бойынша жазбаша баяндайды.

Лауазымды қабылдаушы баянатпен бірге бөлімшені қабылдағаны туралы акт ұсынады, онда: бөлімшенің тізімдік және бар саны; жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің, жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтарының жай-күйі; жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі және әскери тәртіптің жай-күйі; қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың болуы мен жай-күйі; әскери қызметшілердің тұрғын үй және тұрмыстық жағдайларының жай-күйі көрсетіледі.

Актіні комиссия мүшелері, лауазымды тапсырушы және қабылдаушы жасайды және қол қояды, белгіленген мерзімінен кешіктірмей бөлім командирі бекітеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет