«М. С. С.»
Сарыбастауда оқып жүріп жаттым.
Мұндағы бастауыш мектеп төрт кластық. Қостөбедей емес, бала саны мол, көңілді. Пионер ұйымы дегенің шақшақ етеді. Сабақтан тыс уақытта ойын-сауық үйірмесі, қабырға газетін шығарту, т. т. қол тимейді. Әйтеуір қалай болғанда да күнде кешке қарай мектепке жиналамыз. Тым болмағанда, әр түрлі ұлт ойындарын ойнап қайтамыз. Мектеп ол біздің әрі көңіл көтеруге баратын клубымыз тәрізді.
«Көзден кетсе, көңілден болады ұмыт» деп, қазекем бекер айтпаса керек. Майра, менің Майрам енді ұмыт бола бастады. Көңілдің көбелегін өзіне магниттей тартып тұратын басқа гүл табылды. Ол – Күлән еді. Мен үшін енді дүниедегі ең сұлу, ең сүйкімді қыз осы Күлән.
Күлән менімен бірге оқиды. Менімен бір партада отырады. Мен оны басқа біреудің қасына отыруға қимаймын. Күрең шашын дәл желкеден желбіретіп қиып қойған, сұңғақ бойлы, аққұба, әдемі қыз.
– «Жүз қызға ғашық болдым мен» деп, Расул Ғамзатов айтқандай мен-дағы өмірімде жүз қызға ғашық болдым. Соның әрқайсысы дүниедегі ең сұлу қыздар еді. Күлән соның бірі.
Күлән екеуміз сабаққа бірге келеміз. Сабақтан бірге қайтамыз. Мен жүретін Мырзатай үйімен Күлән үйі көрші. Күләннің әкесімен Мырзатай ағайындас адамдар. Жай уақытта да Күлән бұл үйге келіп-кетіп жүреді. Күләнді жарты сағат көрмесем елегізіп тұратын едім. Соны сезгендей Күлән, кенет, жарқ ете қалады. Әйтеуір бір сылтаумен Мырзатай үйіне жетіп келеді. Күләнді көргенде, кішкентай жүрегім күмбірлеген қуанышқа толып кетеді.
Сабақта отырмыз. Мұғаліміміз Қатубаев деген өңі суық қара сұр адам. Күләнмен менің сөзім таусылған ба! Оған бірдеңені сыбырлай айтып отырмын. Жарты назарым сабақ түсіндіріп тұрған мұғалімде болса, жарты назарым Күләнда.
Күләнда көбірек.
Мұғалім сөйлеспей, тыныш отырыңдар деп, бір рет ескертті. Екі ескертті. Өліп-өшкен «ғашықтарға» бұл ескертулер әсер ете қоймады. Бастарымыз одан бетер түйісіп, сыбырымыз жалғаса берді.
Қатубаев енді одан бетер қатуланды:
– Сен екеуің шығыңдар кластан! Далаға барып сөйлесіңдер!
Бізді бүкіл класс болып көздерімен ұзатып салды.
Бұндағы мектеп үйі екі ғана кластық, яғни екі бөлме. Ортада дәліз. Біз дәлізде бүрісіп біраз тұрдық. Дала қар, күн суық. Қарсыдағы класқа құлақ түріп байқасақ, тым-тырс. Ешбір сыбыс естілмейді. Есікті ақырындап ашып көрсек, бос. Мұндағы оқушылар тарап кетіпті. Күлән екеуміз қуанып, жылы класқа кіріп алдық.
Екеуден-екеу оңаша, әңгімелесіп отырмыз. Құдай тілекті берді, енді не айтсақ та еркіміз. Жай уақытта менің Күләнға айтсам-ау дейтін сөздерім көп болатын.
Күлән екеумізді осылай мәңгі-бақи оңаша қамап қойса, мен өкінбес едім. Құдай әркімнің бір тілегін беремін десе, мен тек осыны тілер едім.
Әлгі арадан бір жыртым ақ қағаз тауып алдым. Қалтамда бір тұтам қарындашым бар.
– Күлән, мен саған бірдеңе жазайын ба? – деп, қулана қарадым.
– Не жазасың?
– Бірдеңе...
– Жаз.
Мен жазбақ болдым. Жүрегім лүпілдеп, қолым дір-дір етеді.
– Сен қарама, – дедім.
– Қарамаймын, – деп Күлән ары бұрылды.
Мен қағазға «м. с. с.» деген үш әріпті асығыс жаздым да, Күләнға ұсындым.
– Бұл не?
– Тап өзің.
Күлән қайдан білейін дегендей иығын қомпаң еткізді. Мен енді өзім талдап айта бастадым.
– Мынау «м» мен деген сөз.
– «с» ше?
– Сені деген сөз.
– Ал мына «с»?
Менің тілім байланып қалды. Маңдайымнан бұрқ етіп тер де шығып кетсе керек. Өйткені пәленің бәрі осы соңғы «с» да жатыр еді.
– Ал айт? Бұл не деген сөз?
– Тап өзің?
Дәл осы кезде қоңырау сыңғыр ете қалады. Сабақ бітті.
Жамыраған қозыдай боп, қазір оқушылар жүгіріп шығады. Күлән екеуміздің оңашалық өміріміз бітеді. Жұмбақтасып тұруға енді уақыт жоқ. Айтсам, ақырына дейін айтып қалуым керек.
– Бұл ма... бұл «сүйемін» деген сөз...
Дүниеде теңдесі жоқ ерлік іс істедім. Күләнға айтарымды айтып салдым. Күлән өз құлағына өзі сенбегендей маған тесірейіп қарапты да қалыпты. Кенет ол менің қолымдағы қағазды жұлып алды.
– Мұғалімге беремін, – деді де жүгіріп шығып кетті.
Төбемнен тас құлағандай мелшиіп отырдым да қалдым.
Күләннің аузынан мұндай сөз естігенше, жеті қат жердің астына түсіп жоғалғаным мың есе артық еді.
Пәленше қызға хат жазыпты...
Сүйемін депті...
Оқушылардың арасынан мұндай сөз естілуі мектепке өрт шыққанмен бірдей. Кім жазыпты, кімге жазыпты? Жұрт лезде біліп алады да, екеуін де ағаш аттың басына мінгізіп қояды. Бұдан соң өмір сүргеннен де сүрмеген артық.
Әлгі минуттан – Күлән қолымнан қағазды жұлып алып, жүгіре жөнелген минуттан бастап, менде зәре қалмады. Ажал сағатын күткен тұтқын тәрізді іші-бауырым қалтырап күтудемін. Менің ендігі өмірім санаулы.
Бір күн өтті, тыныш.
Екі күн өтті, тыныш.
Бұның бәрі де мен үшін азапты күндер еді. Сабақта бұрынғыша Күләннің қасында отырамын. Бірақ тілдеспеймін. Сабақтан тыс уақытта оған жоламаймын. Мұғалімді немесе вожатыйды көрген жерде жүрегім зу ете қалады. Міне, осы тап қазір:
– Өй, ұятсыз, сен не істеп жүрсің? – деп, жерлей бастайтын тәрізді.
Сабақта отырғанда да мұғалім бетіме қараса, жаным тырнағымның ұшына келеді.
Қара қарындашпен асығыстау болып «м. с. с.» дейтін үш қана әріп жазылған, умаждалған бір жыртым жаман қағаз – менің күндіз-түн ойлайтыным тек осы. Күлән мұғалімге беремін деді, яғни берді. Мұғалім оны қалтасына салып алып, енді әдейі үндемей жүр. Менің жанымды қинай түскісі келеді. Қайда кетер дейсің? Ерте ме, кеш пе жазасын тартады дейтін шығар.
Бұл күндері менің ішкенім ірің, жегенім желім. Күтудемін! Күте-күте тіпті жалықтым. Енді не болса да, болса екен! Құртатын болса, құртса екен. Бірдеңені күндіз-түні қалтырап күтуден жаман іс жоқ.
Мұғалім атымды атаса, дір ете қалам.
– Тақтаға шық, – деді. Өлім сағаты жетті, құрыдым деп ойлаймын. Балалардың алдына шығарып алып, жер етпек қой.
Жоқ, тыныш. Әңгіме «м. с. с.» жайында емес, сабақ жайында.
Вожатый шақырып жатыр десе де зәрем қалмайды. Е, сол үшін шақырып жатыр ғой деймін. Қашан жетіп, естігенше ішіме қан құйылғандай болам.
Сөйтсем тыныш.
Бүйткен тыныштығы бар болсын. Бір өлем-ау деп, мың өліп, әбден қор болдым.
Және бірнеше күн өтті. Көңілім аздап орнығайын деді. Үйде жалғыз отыр едім. Күлән кіріп келді. Келі сұрай келген екен. Артынан есік алдына ере шықтым. Маңайда ешкім жоқ екенін көріп:
– Күлән, – дедім.
– Не?
– Сен әнеукүнгі қағазды бермеші мұғалімге...
– Қай қағазды... А! Оны мен баяғыда-ақ жыртып тастағам.
Уһ! Жүрегім орнына жаңа түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |