Сталиндік қуғын сүргін
Иосиф Сталин – ХХ ғасырдағы ең танымал есімдердің бірі. Ол КСРО-ны 1922-1953 жылдар аралығында – 31 жыл басқарды. Сталиннің тұсында адамзатқа қарсы талай қуғын-сүргін болып, оның тұлғасына табыну шарықтау шегіне жетті.
Сталин өзінің алғашқы қуғын-сүргінін 1925 жылы бастады. 1927 жылы кеңес-британ қарым-қатынасы бұзылып, Англия КСРО-мен сауда және дипломатиялық қарым-қатынасын үзеді. КСРО-да бұл "шетелдік интервенция" саналып, Сталиннің бұйрығымен жаппай қудалау басталды.Бірінші кезекте шетелден елге оралған бұрынғы мигранттар қамауға алынады. Содан кейін помещиктерді, көпестерді, дін жолындағы адамдар, бай-құлақтарды түрмеге қамады. 1932 жылы КСРО-да астық түсімі өте төмен болды, колхоздар белгіленген жоспарды 15-20 пайызға ғана әрең орындады. Күзде астықтың аз болатынын білген КСРО басшылары астық егетін аудандарда астық өсіруге жауаптылар мен диқандарды жазалайтын.
"Астық ісі" бойынша барлығы 5 мың партия қызметкері мен 15 мың шаруа жазаланады. Көптеген вокзал басшылары мен жұмысшылары да жазадан кенде қалмады.1937-1938 жылдары жалпы – 1 575 259 адам түрмеге қамалды. Олардың 681 692-сі тергеуден кейін ату жазасына кесіледі.Орталық Азия республикаларында түрмеге жабылып, атылғандарға "пантүркист", "ұлтшыл", "діншіл", Украинада "бандерашылар" ал, Ресейде "троцкийшіл", "меньшевиктер", "бандит" деген айыптар тағылған.1937 жылы НКВД № 00447 бұйрығын (Бұрынғы байларды, қылмыскерлерді және басқа да жат элементтерді жою туралы") КСРО елдегі барлық құрылымдарына жіберді.
КСРО-ға немістер басып кіргеннен кейін бәрі қорғаныс жұмыстарымен айналысып, ел ішіндегі саяси қуғын-сүргін аяқталды.
1943 жылдың күзінде КСРО-ның соғыста қолы үстем келіп, немістер шегіне бастағанда қуғын-сүргіннің жаңа толқыны басталды. Сталиннің бұйрығымен түрлі ұлттар мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен үйлерінен қуылды.
1943 жылы 12 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының РКФСР Қарашай автономиялық облысында тұратын қарашайларды Қазақстан мен Қырғызстанға жер аудару туралы шешімі жарияланды.
1943 жылы 27 желтоқсанда қалмақтар, 1944 жылы 29 қаңтарда шешен-ингуш, 24 ақпанда болгарлар, 10 мамырда қырым татарлары, 24 шілдеде месхет түріктері отанынан қуылып, жер аударылды.
Ол кезде жер аударылғандарды жүк вагондарымен алып кететін. Олардың көпшілігі ауыр жағдайда қаза тапты. Сталин өлгеннен кейін олардың кейбіреулеріне отанына қайтуға рұқсат берілді.
Е. Бекмаханов талантты тарихшылардың бірі еді. 1947 жылы Е. Бекмаханов "XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан" атты іргелі ғылыми монографиясын дайындады. Асыра сілтеу, бұрмалау және күдікшілдік бел алған осы тұста бұл еңбекке пікір айтушылардың кейбіреулері оны Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсеткен еңбек деп бағалап, оны буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеуші деген саяси кінә тағады. Сол себепті 1952 жылы Е. Бекмаханов 25 жылға сотталып, тек И. Сталин өлгеннен кеиін ғана, 1954 жылы көктемде ақталады. Саяси айып тағылып, ғалымдар қатарында А. Жұбанов, Қ. Жұмалиев, Б. Сүлейменов, Қ. Мұхамедханов, жазушы Ю. Домбровский және т.б. қудаланды. Қ. Сәтбаев пен М. Әуезов саяси қысымның нәтижесінде еріксіз Қазақстаннан Мәскеуге кетуге мәжбүр болды.
Достарыңызбен бөлісу: |