Білім беру бағдарламасы: «6В01701 Казахский язык и литература»



бет16/18
Дата17.04.2024
өлшемі319.59 Kb.
#499029
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
multi-463 x392119109 (1)

Интернет көздері:
1. https://library.ksu.kz/-ҚарУ ғылыми кітапханасы
2. https://webirbis.ksu.kz – электронды каталог
3. https://rep.ksu.kz/-ҚарУ репозиториі
4. http://rmebrk.kz/ - Республикалық халықаралық электронды кітапхана

9-дәріс. Неомифологизм ағымы


Жоспар:
1. Немифологизм – мифтің жаңа трансформациясы
2. Қазақ әдебиетіндегі неомифологзм поэтикасы

1. Мифопоэтика әлем мен болмысты тұтас түсіндірудің көркемдік құралы ретінде қазіргі әдебиетте кең қолданысқа ие болып отыр. Еуропада көркем ойлаудың ойлаудың мифологиялық түрі XIX ғасырдың соңында символистер шығармашылығында болды. Шетел әдебиетінде мифті мәдени-саяси дағдарыстарды жеңу құралы ретінде және көркемдік тәсіл ретінде пайдалану ХХ ғасырда пайда болды. Олар мифтік романдар мен антимифтік романдарда көрініс тапты. Роман-мифтің ең ірі өкілдері – Дж. Джойс, Т. Манн, Маркес. Олар ежелгі мәдениетке, діндер тарихына саналы түрде жүгін арқылы «әдеби мифологиялауды» жүзеге асырды деуге болады. Джойстың поэтикасы жаңа символдар мен образдар арқылы әдебиетті мифтендірудің үлгісі болды. Т.Манның шығармашылығы мифологиялардық-рәсімдік модельдері 30-жылдардағы әдеби сынның зор қызығушылығын туғызды. Содан барып рәсімдік-мифологиялық мектеп бой көтерді. Оның өкілдері: Робертсон Смит, Дж. Фрейзер, Д.Харрисон, А.Б. Кук, Ф.М. Корнфорд және т. б. Миф жасаушы жазушылардың жарқын өкілдері Ф.Кафка, Дж. Апдайк мифологиялау поэтикасында айрықша із қалдырды.


Мифтің әдебиетке ықпалын зерттеу әдебиеттану ғылымында үлкен қызығушылық тудырады. Әсіресе «мифтің» терминінің біржақты еместігі көптеген даулардың туындауына себеп туғызады. Мәселен олар иллюзияны, өтірікті, фантастиканы, конвенцияны және жалпы қиялдың өнімін білдіреді десе, кейбір жағдайларда кез-келген дәстүр мифологиямен теңестіріледі. Миф – абстрактілі ұғымдардың әлсіз дамуы, қарапайым және тылсым күш арасындағындағы айырмашылықтардың болмауы, метафоралығы және нақты сезімталдық сипат.
Әдебиетте мифтің көрініс беру ерекшеліктерін анықтау және нақтылау үшін ненізінен мифтің бастапқы мәніне көз жіберіп, нақты түсінік қалыптастырған жөн. Егер бастапқы кезіне оралып, оның ерекшеліктерін рет-ретімен айтар болсақ, мифология ежелден адамзаттың, қоғамның рухани мәдениетінің өзегі болып табылады. Атап айтқанда, миф – қоғам мен жаратылыс, дін және өнер туралы ғылыми идеялардың бірлігі болды. Ал бұдан гөрі дамыған мифологияда алғашқы ата-бабалардан құдайға көшу өту кезеңі жүреді. Әлемді жаратушылар, жасаушылар құдайлар болып табылды.
Әдебиетте мифтерге тән бірнеше жалпы белгілерді атап өтуге болады:
- мифтер көбінесе нақты өмірде болған сияқты айтылады. Бұл әңгімелер ақылға қонымды етіп жеткізіледі, сондықтан оқырмандар бұл оқиғалардың шынайы екендігіне сенеді.
- мифтерге құдайлар немесе құдіретті күштер кіреді, және олар көбінесе табиғаттан тыс күштерге ие болады.
- мифтер әлемдегі кез-келген құбылыстың қалай пайда болғаны туралы әңгімелейді. Алайда мұндай мифологиялық құбылыстардың ғылыми түсіндірмелері жоқ.
- кез келген миф тәрбиелік мәнге ие.
Осы белгілерге сүйене отырып, әдебиетте мифті – көбінесе діни шығу тегі бар, табиғи құбылыстарға түсінік беретін, моральдық түсінік беретін және табиғаттан тыс тіршілік иелерін қамтитын әңгімелер деп түсіндіруге болады.
Әдебиеттегі миф – бұл тарихи дамудың белгілі бір кезеңінде белгілі бір қоғамда пайда болған ауызша бейнелі-поэтикалық дәстүрдің егжей-тегжейлі баяндалуы, қайталануы немесе ауысуы болып табылатын көркем шығарма. Мифология әдебиетке ертегі, батырлық эпос, бейнелеу өнері, халықтық таным-түсініктер мен рәсімдер т.б. арқылы ықпал етеді. Дүниені мифтік қабылдаудың әдебиетке ықпалы антикалық трагедияның басында-ақ Эсхил, Софокл, Еврипид шығармаларында байқалса, орта ғасыр әдебиетіне пұтқа табынушылық және христиан мифологиясы әсер етеді. Мысалы, Данте Алигьеридің «Құдайдың комедиясы» - бұл христиан дініне жатпайтын және христиан мифтерінің қоспасы сияқты (Alighieri, D. 2013. The Divine Comedy. London: Penguin Books).
Орта ғасырларда адамның құдаймен байланысы ең жоғары құндылық ретінде анықталды. Құдайдың символы ретінде қарастырылған адамның табиғатпен байланысы туынды ретінде бағаланды. Ал, қайта өрлеу дәуірінде дүниетаным қайта бағдарланады. Адамның табиғатпен байланысы бірінші орынға шығады, ал оның Құдаймен байланысы туынды ретінде түсіндіріледі. Негізгі құндылықтар-табиғат пен адамның өзі. Табиғат көркем-эстетикалық және танымдық қызығушылықтың негізгі объектісіне айналады. Демек, қайта өрлеу дәуірінде мифологияның әсері артып келеді, бұл Дж. Бокаччоның «Фьезолан нимфалары», А.Полицианоның «Орфей туралы аңыз», Л.Медичи «Бахус пен Ариаднаның триумфы» және т. б.
Әдебиет пен мифтің тұрақты өзара әрекеттестігі мифтің әдебиетте бейнелеу өнері, салт - дәстүрлер, халықтық мерекелер, діни жұмбақтар арқылы, ал соңғы ғасырларда мифологияның ғылыми тұжырымдамалары, эстетикалық және философиялық ілімдер мен фольклор арқылы көрініс беру түрінде тікелей және жанама түрде жүзеге асады. Бұл өзара іс-қимыл әсіресе фольклордың аралық саласында белсенді жүзеге асырылады. Осының негізінде әдебиет пен мифтің өзара әрекеттесу процесіне фольклордың ықпалы зор деген қорытынды жасауға болады.
Миф пен көркем әдебиеттің арақатынасын екі аспект бойынша, атап айтқанда эволюциялық және типологиялық аспектілер бойынша қарастыруға болады. Эволюциялық аспект мифтік сананың белгілі бір кезеңі ретінде, жазбаша әдебиеттің пайда болуына дейінгі идеяны тарихи тұрғыдан қарастырады. Типологиялық аспект мифология мен жазбаша әдебиеттің бір уақытта және өзара әрекеттесуде болатын және белгілі бір дәуірлерде әр түрлі дәрежеде көрінетін әлемді көру мен сипаттаудың екі түбегейлі әр түрлі әдісі ретінде салыстырылатындығын білдіреді.
Миф бар жерде ол туралы пікірталастар да қатар жүреді.Мұндай пікірталастардың болуы мифті жақсы түсінуге ғана емес, сонымен бірге миф туралы және мифтерді тудыратын тарихи қалыптасқан қателіктерге негізделген шектен шығуға әкеледі. Мифті зерттейтін ғылымның негізгі бағыттарына қысқаша шолу жасай отырып, бұл талдаудың басты міндеті әр түрлі ғылыми сала өкілдерінің көзқарастары мен тұжырымдарындағы айырмашылықтарды көрсету емес, жалпы мифті зерттеуге қосқан үлесін бөліп көрсету және жинақтау болып табылады. Мифті түсіну бір қарағандағыдан әлдеқайда күрделі және көп қырлы мәселе. Зерттеушілер арасында әлі күнге дейін мифтер туралы жалпы қабылданған анықтама жоқ екенін атап өткен жөн.
Атап өткендей, мифологияны зерттеуші ғалымдарды белгілі бір бағыт көлемінде қарау мүмкін емес. Сол себепті белгілі бір сала өкілдерінің көзқаратарын тарихи-мәдени көзқарас, философиялық, психологиялық, лингвистикалық, әлеуметтік және т.б. сияқты жеке топтарға бөліп қарастыруды жөн көрдік.
Әдебиеттегі мифтің трансформациясын зерттеген ғалымдардың еңбектерінде жаңашылдық бір жағынан, көне поэтикалық формалар мен символдарды талдау мен қайта қарастыру болса, екінші жағынан, неомифологиялық немесе мифтік роман дегеніміз не және оның діни, идеологиялық, философиялық романнан айырмашылығы неде деген сұраққа жауап іздеу болды. А.В. Мироновтың пікірінше, неомифологиялық роман «өмір», «өлім», «қорек», «неке» және т. б. негізгі метафоралардың бірігуінен тұратын архаикалық сана құрылымдарын қолданады. Бұған діни романдардағыдай құдайлық идея, идеологиялық романдардағыдай қалыпты өмір сүруге қажетті әлеуметтік әділететтілік, философиялық романдардағыдай логика арқылы ақиқатты тануға ұмтылу керек емес. (Миронов А. В. Принципы исследования неомифологического романа ХХ века (жанровый аспект) Литературоведение. Межкультурная коммуникация // Вестник Нижегородского университета им. Н. И. Лобачевского, 2010, № 4 (2), С. 903–906.)
Мәдениеттанушы, «ХХ ғасыр мәдениеті» сөздігінің авторы В.Руднев «неомифологизмні» жаңашыл поэтикасын атап өтеді. Зерттеуші неомифологиялық сананы ХХ ғасырдың мәдени менталитетінің негізгі бағыты деп атайды. Алайда, постмодернизм дәуірінде неомифологиялық сана жанданып қана қоймай, сонымен бірге, ХХ ғасырдың ортасында болған «өте құнды культтік рөлінен» айырылғанын айтады. (Словарь культуры XX века: Ключевые понятия и тексты / В. П. Руднев. — М.: Аграф, 1999. —С 184).
Кейінгі жылдары жаңа неомифологиялық поэтиканың классикалық үлгілері деп қабылданатын Джойс, Кафка, Фолкнерлердің интеллектуалды шығармаларымен қатар, бұқаралық әдебиет жанрлары да назарға алынып жүр. Осындай жанрлардың бірі – мифтік элементтер мол қамтылатын фентези. Фентези жанрында бейнеленген неомифологиялық шындықтың жарқын үлгісі Дж. Р.Р.Толкиннің «Сақиналар әміршісі». Жазушы әрі фольклортанушы өз мифін жасай отырып, мифологияның негізгі принциптері мен қызметіне сүйенді.
Оның шығармашылығы – өзі жасаған мифологиялық сюжеттері мен солтүстік сюжеттерінің синтезі. Толкин неміс, скандинав және кельт эпостарының тілдерін қайта өңдеді. Сонымен қатар, «Сақиналар Әміршісінің» мифологиялық қабаттарында Киелі кітаптағы мотивтердің маңызы айрықша. Көркем дизайнға сәйкес Толкин заманауи мифологияны жасауға тырысты.
Неомифологиялық мазмұн мәселесі Дж.К.Роулингтың «Гарри Поттер» циклдық романдарына қатысты да айтылып жүр. Атап айтқанда, жазушының қаһармандық мифті қолдануы, кейіпкер саяхатының мифтік сюжеттік және көркемдік уақыт құрылымын қолдануы сияқты мәселелер де неомифологизм поэтикасына сай қарастырылуда.
Әдебиеттің мифологиялануын ғалымдар әр түрлі ракурстан зерттеп келе жатыр. Мысалы, лингвистикалық (А. Потебня), ритуализм (А.Веселовский, М.М.Бахтин, В.Я.Пропп), «жанрды жады» идеяларын дамыту (О.М. Фрейденберг, М.М. Бахтин), этнологиялық талдау (С.А.Токарев), символизм (А.Ф.Лосев, Я.Э. Голосовкер), структурализм (В.Н.Осоров). А.Ф.Лосев «Миф диалектикасы» кітабында мифосананың мәнін былай тұжырымдайды: миф, оның пікірінше, бір жағынан объективті шындық, екінші жағынан ғажайып. «Миф – бұл алғашқы фантастика емес, ғажайыпқа сенуді көздейтін дүниетанымның әмбебап түрі». Мұндағы ғажайып шындықтың бір түрі ретінде түсініледі. А.Ф. Лосевтің айтуы бойынша, мифтің өзі ой мен өмірдің қажетті категориясы, онда кездейсоқ, қажетсіз немесе ойдан шығарылған ештеңе жоқ. Оның ойынша қасиетті құбылыс ретінде мифке бойлау әлемнің неомифологиялық бейнесін түсінудің кілті.
Неомифологиялық мектептің зерттеушілері ХХ ғасырдағы неомифологизм әдебиетінің өздерінен бұрынғы әдебиеттен ерекшелігі мифті тұтастай игеруге деген ұмтылысы екенін атап өтеді. Олар авторлық мифті дүниеге әкелді. Бұрын тек миф элементтері (бейнелер, мотивтер және т.б.) ғана қолданылатын еді. Модернист жазушылар реалистер сияқты әлем бейнесін қазіргі шындыққа сай қайта құруға ұмтылған жоқ. Модернист жазушы өзінің шындығын қалыптай отырып, өз мифін жасау үшін мифке жүгінеді.
Қазіргі әдебиеттегі мифтің қызметі мәселесі әлі де ашық күйінде қалып отыр. Зерттеулерде, әдетте, ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасыр басындағы көркем прозадағы мифтердің жеке тек жұмыс істеудің жеке мәселелері қозғалады. Қазіргі әдебиеттегі мифология негізгі екі жолмен жүзеге асырылады: біріншісі – көркем шығармаға мифологиялық реминисценцияларды қосу, екіншісі – классикалық мифпен диалог-полемика арқылы мифтік ойын поэтикасын қолдану.
Неомифологизм – ХХ ғасырға тән көркем ойлау формасы, ол мифологиялық сюжеттерге, бейнелерге және символдарға ерекше қатынасты білдіреді, олар қайта жасалу арқылы қазіргі заманмен байланысты жаңа мифтер пайда болады. Осылайша, ХХ ғасырдың неомифологиялық өнері ең көне үлгілерге үнемі иек артады. Мысалы, Т.Маннның «Доктор Фаустусында әртүрлі аңыздар мен ХVI ғасырда өмір сүрген және жанын шайтанға сатқан сиқыршы Иоганн Фауст туралы көркем шығармалар (К.Марло, И.В.Гете) миф ретінде көрінеді.
Әлемдік әдебиетте мифтің, мифтік сарынның басқа сюжеттік-образдық формаларына, оның ішінде әдебиетке мифологияланған жарқын образдар бере алғандығын, ол желінің Эсхилдің «Орестеясынан» Булгаковтың «Мастер и Маргаритасына» дейін тартылып, әлі үзілмегендігін айтатын Н. Будур мен И. Панкеевтердің: «Миф, өзіндік құндылық ретінде, толық қалыптасқан жүйе ретінде өмір сүруін жалғастырып қана қоймай, толыса түсу және басқа құрылымдарды байыта түсу арқылы өмір сүру кеңістігін ұлғайтып келе жатыр», – дегеніне келісеміз (Будур Н., Панкеев И. К читателю. // Мифы и легенды народов мира. – Москва: «ОЛМА-ПРЕСС», 2000. –С.3-26.). Ал неомифологизмді таза модернистік әдебиеттің еншісіндегі құбылыс екенін айтатын Е. Мелетинский, З. Минц, Ю. Лотман тұжырымдары дау туғызбайды. Мифологияға жаңаша интеллектуалдық қатыныс тұрғысынан үңіліп, мифтік қолданыстарға жаңаша эстетикалық қуат дарыту айнала келгенде мифологизмді дүниетанымның өзегіне айналдырудан туындайды.
Мифологиялық сана жазушылар үшін әлі де үлкен қызығушылық тудырып отыр. Бұл қызығушылықтың себебі де өзгерген жоқ. Р.Барт айтпақшы, миф өткеннің тірі жады ретінде қазіргі заманның ауруларын емдеуге қабілетті. Мифология – ХХ ғ. және ХХІ ғасырлардағы әдебиет пен мәдениет құбылысы, дүниетанымдық, көркемдік құрал ретінде аса маңызды болып отыр. Сондықтан да қазіргі гуманитарлық ғылымдар – филология, философия, мәдениеттану мифопоэтика мәселелеріне үлкен мән береді.

2. 1970-80 жылдардағы қазақ прозасында модернистік эстетиканың әбден орнығуы неомифологизммен тығыз байланысты. Қазақ әдебиетінде ескі аңыздары қайта жандандыра отырып көркем игеру, мифтік сюжеттерді көркем сюжетке айналдыру тарихы ХІХ ғасырдың басталады. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде аңыздарды көркем құралдар арқылы игеру дәстүрін қалыптастырған М. Жұмабаев, С. Сейфуллин шығармашылықтарында поэмалық сюжет жасаудың үлгілері түрінде көрінді. Ұлттық прозада бұл орайдағы Ғ. Мүсіреповтің сәтті бастамалары («Ер Қаптағай», «Жеңілген Есрафил» тәрізді әңгімелері) мифологиялық ойлаудың, мифологиялық мәтіндерге, кейіпкерлерге иек артудың мысалдары ретінде көзге түседі. Біз қарастырып отырған кезеңдегі проза ертедегі және классикалық аңыздарды көркем шығарма құрылымына батыл енгізе отырып, оларды трансформациялау, стилизациялау арқылы жаңаша мән үстеуге деген ізденістерімен айрықшаланды. Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, О. Бөкей, Т. Нұрмағамбетов, С. Жүнісов, Д. Досжанов, Р. Сейсенбаев, Ә. Тарази т.б. жазушылардың шығармашылығындағы мифопоэтикалық форманың өріс алуы әдебиеттанушылардың назарын соңғы кездерде ерекше баурап келе жатқаны рас. Қазақ прозасында айқындала көрінген бұл құбылысты архетип категориясы тұрғысынан талдаған А. Исмақова: «Миф поэтикасы қазіргі әлемді ауқымды уақыттық мүмкіндіктер арқылы бейнелеулермен байытып, қолданыстағы мәдени метафоралар мен ассоциациялар қорын кеңейтеді. Өз мағыналарын бұрын да танытып үлгерген поэтикалық формулалардың (архетиптердің) «қайта тірілуі» байқалады», – деген пікірді алдыға тартса, мифологизмнің нақты бір жазушы (О. Бөкей) поэтикасы арқылы зерделеген Ж. Аймұхамбетова «Қазіргі қазақ ақын-жазушылары авторлық позициясын танытуда, шығарманың идеясын ашып, көркемдік айшықтарын бедерлей түсуде мифтік сюжеттерді, мифологиялық түсініктерді, оның ішінде мифтік құбылушылықты мақсатты түрде пайдаланып, шығармашылықпен дамыта қолданғанын байқауға болады», – деген тұжырымын ұсынады. Кейінгі зерттеулерде мифопоэтиканың реминесценциялар, мотивтер, сюжеттер, тәмсіл сөздер (притчи), аллегориялар, дәйек сөздер, аллюзиялар формаларындағы нақты көріністерін саралау қолға алына бастады.


Қазақ прозасының бұған дейінгі даму сатысында мифтік желілерді, аңыздық сюжеттерді қоғамдық-әлеуметтік ойдың тірегі түрінде, экспрессивтік әр үшін, таза реалистік мақсатта қолданылып келгендігін таныған болар едік. Мәселен, көпшілік ғалымдар модернистік поэтиканың ілкі көрінісі сипатында талдап жүрген «Қорғансыздың күніндегі» Күшікбай аңызы кейіпкер ахуалына бастайтын жол, сюжет дамытылуына тығыз байланыстырылған, фабула шеңберінен тысқары шықпайтын шығарма құрылымының тірек-компоненті қызметін атқарады. Бұл аңызды қолдануда модернистік мүддеден гөрі реалистік ұмтылыстар басым. Сондай-ақ С. Мұқановтың «Ботакөз» романының финалында көзге түсетін мифологизм элементтері де жазушының саяси идеалдарына негізделіп, реалдық ситуациялардың қосымша күшейткіші мәнін иеленген. «Сұлушаш» романындағы мифологемалар көбінесе романтикалық пейзаж қалыптастыру үшін алынады. Осындайлық сипат М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, Ғ. Мүсірепов сынды қабырғалы жазушыларға да тән еді. Бүгінгі өмірдің шындығы мен өткен тарихты сабақтастыруда мифологиялық құрылымдар ХХ ғасыр ортасынан бастап қаулай дамыған тарихи прозада өрісін кеңейтті. Оның жарқын мысалы – І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы Абылай хан, Кенесары образында түс жору мотивтеріне көрінетін мифологиялық ойлау дәстүрі. Кейін мифтік ойлауға негізделген архетиптік сана Ә. Кекілбаевтің «Үркер», «Елең-алаң» романдарының поэтикасында да маңыз алды.
Фольклорлық мұралардан нәр алып, қазақ әдебиетінің классиктері қалыптастыра алған мифологиялық ойлау жүйесі із-түзсіз жоғалып кеткен жоқ. Ол дәстүр 1970-80 жылдар прозасында жаңа мән иеленіп, реалистік принциптер аясынан табыла бермейтін сипат алды. Енді аңыздық желілер, мифологиялық кестелер тарихи-реалды уақытқа негізделген түрде ғана емес, шығарма логикасынан шет тұра да беретін автономдық мағынасын күшейте бастады. Сонымен қатар мифологияланған образдар архаикалық сананың қайта жаңғыруы ғана емес, түрленуі кейпінде көрініс тапты. Мифологизмді енді қазақ жазушылары болмыс жұмбақтары мен өмірдің мәнісі туралы философиялық ой айтудың тәсілі тұрғысынан өрістетті. Бір сөзбен айтқанда, неомифологизм құбылысы аталмыш кезеңнің модернистік сипатын толықтыра түскен тәуелсіз әдеби ағымдардың біріне айналды.
Қазақ прозасының аса айқын түрде көрінген «мифологиялану» үдерісі туынды құрылымы мен бейнелеу, баяндау сипаттарына ірі өзгерістер ала келгенін өзіміздің ғалымдар да жүйелі зерттей бастады. Зерттеуші А. Жақсылықов Р. Сейсенбаевтің шығармашылығын талдай отырып айтқан: «Шайтанның тағы» романындағы мифтің, аңыздың рухани энергиясын пайдалану арқылы адамды психологиялық ракурсте терең ашу – соңғы он жылдағы әдеби техника мен поэтиканың белгілі стильдік тенденцияларынан хабар береді», – деген ойы да осы өзгерістердің жекеліктен гөрі жалпылық сипат алғандығын танудан туындағаны анық (Жақсылықов А. Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в казахской литературе. Типология. Эстетика. Генезис. –Алматы: Қазақ университеті, 1999. –С.3).
Ә. Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», «Күй», «Ханша-дария хикаясы», О. Бөкейдің «Айпара-ана», «Жасын», «Құм мінезі», «Сайтан көпір», «Қар қызы», «Жетім бота», Р. Сейсенбаевтың «Шайтанның тағы», «Өлілер құмды кезіп жүр», С. Санбаевтың «Ақ аруана», Т. Әбдіковтің «Тозақ оттары жымыңдайды», М. Ысқақбаевтың «Ұят туралы аңыз», «Ғажайып бала» т.б. туындыларында мифологиялық жүйелер мен аңыздық құрылымдар арқылы адамзаттың мәңгілік рухани құндылықтары турасында философиялық жинақтаулар жасалып отырды.
Ә. Кекілбаевтың «Күй» повесі мен «Аңыздың ақыры» романындағы асқан дәулет пен мансапқа қол жеткізген, айналасын қаһарлы зәрімен билеп-төстеген тиран-кейіпкерлердің шексіз трагедиясы өткен ғұмырдың баянсыздығы мен тіршілік тұрлаусыздығын саналаудан туады. «Бірін-бірі жалмап жатқан бір дүние. Үлкені кішісін жоқ қылады; күштісі әлсізін жоқ қылады. Ертең ол үлкенге одан да үлкен, ол күштіге одан да күшті жолығады. Сөйтіп, шеті жоқ, шегі жоқ бірінің басын бірі алып жатқан аласапыран тірлік. Сонда мынау мігірсіз қимыл-қыбырдың, итжығыс алыс-жұлыстың мәні не?» деген сипаттағы тұйық ситуация – Жөнейіттің психологиялық-мінездік бітімін бүткіл қалтарыстарымен ашылуының кепілі (Ә.Кекілбаев «Күй»). Қаһарманның жан-дүние қозғалыстарының психологиялық дәйектемесі шебер үйлесіп жатқанымен, Жөнейіттің қарама-қайшылықты тұлғасына «логикалық дәлелдеме жетіспей жатқандай әсер етеніні» де рас. Алайда модернистік әдебиетте өмір шындығын бейнелеу дәлдігі, уақыт пен кеңістік теңдігі негізгі шарт емес-ті. Жазушы сюжет, образ логикасынан тыс монологтық формалар арқылы өзінің эстетикалық концепциясын айғақтай алады. Осындайлық көркемдік модель «Аңыздың ақыры» романында да іске асады. Романда сюжет доминанты мүлде сезілмейді. Нақты шындықтан қол үзуге дейін баратын сана ағымы көрінісі туындының жүлге-жұлынын ұстап тұратын басты тәсілге айналады. Бұл шығармалардағы сана ағымы эгоцентристік тұлғаның психикалық үдерістері түрінде беріледі. (М. Мағауиннің «Көк мұнар», Д. Исабековтың «Қарғын» романдарында да осындай тәсіл жүзеге асады). Ой толқындары көркем бейненің өткендегіні таразылау, яғни жадыда қатталып қалған мәліметтерді ояту, сол арқылы жаңа ақиқаттарға (ол абсурдты болса да) көз жеткізу күйінде бейнеленеді. Бұл жердегі «сана ағымы» «өзіндік сана ағымына» айналады. Жер-жаһанның жартысын тітіренткен Алмас ханның өткен күн мен бүгінгі халді салыстырудан тапқан жаңалығы – «аспан мен жердің арасындағы баянсыздықтан басқаның» болмауы. «Мынау көл-дария аспанның астында кімнің болмасын мәңгі серігі құлазыған жалғыздық екенін де енді ғана ұққан сияқты».
Қазақ прозасындағы неомифологизм үрдісінде айрықша бөліп айтуға тұратын тәсілдердің бірі – мифтік құбылушылық. Адамзаттың балаң санасы тудырған архаикалық мифтердегі адамның басқа заттардың кейпіне ене алуы турасындағы сенімдері кейінгі жылдар прозасында жаңа стилизацияға түсті. Адам мен табиғат, адам мен жануарларды тұтастандыра қарайтын сарынның жаңа уақыт өңдеуіне, интеллектуалдық сүзгіге түсуі қазақ әдебиетінде анималистік прозаның өрістеуіне де мұрындық болды. О. Бөкейдің «Бурасы», «Кербұғысы», М. Мағауиннің «Тазының өлімі», «Жүйрігі», Ә. Кекілбаевтың «Бәйгеторысы», С. Санбаевтың «Ақ аруанасындағы» хайуанаттарға адами сипаттар берудің өткір философиялық-эстетикалық астарлары болды. Мифологизмнен тамыр тартатын анималистік образдар адамның болмыспен қарым-қатынасын тереңдей зерделеудің ұтырлы тәсіліне айналды (Бұл жерде дидактикалық сипаты бар, балалар санасына лайықталып жазылатын анималистік шығармалар мен анималистік-философиялық туындыларды шатастыруға да болмайды). Өмір құбылыстарының мәнісіне тереңдеу арқасында туған анималистік проза баяндау үдерісіне «төртінші жақты» әкелді. Авторға айналадағы ақиқатқа бірнеше позициялардан үңілу мүмкіндігі туды.
Әлемдік модернистік әдебиеттегі мифтік құбылушылықтың классикалық үлгісін көрсеткен жазушылардың бірі – Ф. Кафка. Әсіресе оның «Басқаға айналу» («Превращение». Ғалымдарымыз бұл шығарма атауын «Құбылушылық» деп аударып жүр. Алайда бұл шығарма логикасына тым үйлеспейтін сәтсіздеу аударма деп білеміз. «Құбылу» ұғымына бір ахуалдан басқа ахуалға ауысып тұрудағы циклдық тән). Ш. Айтматов та «Боранды бекеті» мен «Ақ кемесіндегі» мифтік құбылушылықты өзінің философиялық концепциясына сай дамытты. Ал қазақ прозасындағы бұл тәсілдің ең үздік көрінісі О. Бөкейдің «Атау-кересі» болды. Ж. Аймұхамбетова «Оралхан Бөкей прозасындағы мифологизм мәселесі» зерттеуінде мұндайлық ұқсас тәсілдерді және қазақ жазушысының өзіндік ізденістерін нақты түрде айқындап көрсетті деп ойлаймыз. Қазақ халқының байырғы мифтік сюжеттерінде адамды басқаға айналдыру жаза түрінде қолданылғаны белгілі. Оралхан танымында да архаикалық мазмұн іздері жоқ емес. Ерікті сонаға айналдыру – оны шексіз жалғыздыққа тастау. Модернистік әдебиеттегі трагедиялық санаға бастайтын жай – адамның абсолютті жалғыздығы. Кафка шығармасында Грегор Замзаның жәндікке айналуы детальды тұрғыда суреттеледі. Новелладағы Замзаның бұл халіне қатты қайғырған қалпын көрмейміз. Қырқаяқ жәндігіне тән тықырмен бөлме кезіп жүрген Замза оқырманға тітіркеніс сезім тудырады. Алайда жазушы сентменталистік сарыннан мүлде алшақ. Бұл метаморфозаны ғалымдар әр түрлі түсіндіреді. Соның ішінде көңілге қонымдысы Д. Затонскийдің пікірі деп білеміз. Ғалым: «Грегор Замзаны қырқаяққа айналдыру арқылы жазушы адамның әлемдегі нақты алатын орны оның трагедиялы әрі жеңіп шыға алмайтын жалғыздығымен белгіленетінін көрсетуге ұмтылатындай. Индивид белгілі бір ортада, қоғамда өмір сүреді... Бірақ мұның бәрі – алдамшы, ақылға сыймайтын иллюзия. Шындығында адам нағыз шөлде, дәлірек айтқанда ваккумда, жылтыр колбаның ішінде өмір сүреді, сондықтан да ол өзінің қорқынышты түрмесінің қабырғаларын көрмейді, – дей отырып, пікірін былай түйіндейді: Кафка үшін жалғыз жол нақты шындықты «қиратып бұзу» болды, сонымен бірге оның шегінен шықпауға тиіс. Ол дәл солай жасады: Замзаны әлеммен байланыстырып тұрған барлық жіпті үзді (қаһарманды жәндікке айналдырды), бірақ оны өз отбасынды қалдырды» (Затонский Д.В. Франц Кафка и проблемы модернизма. – Москва: «Высшая школа», 1965. –С.88-89). Реалды шындық шекарасын аттап өтпей-ақ, сол шындықты «бөлшектеу» – «Атау-кере» финалына да тән жағдай.
Адамзатқа ортақ мифтермен қатар, әр ұлттың өзіне тән мифтері болатыны да белгілі. Классикалық деп жүрген антикалық дәуірдегі мифтерді де, ұлттық наным-сенім, көне мифтерді жаңа таным сүзгісінен өткізіп, оларды дәуір ерекшелігіне сай стилизациялаған және авторлық мифтерді өз шығармашылығының өзегі еткен қазіргі қазақ әдебиеті өкілдері баршылық. ХХ ғасырың екінші жартысында неомифолгизм ағымына тән эстетикалық принциптерді бірқатар туындыларында ұстанған Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, О.Бөкей, С.Санбаев, А.Жақсылықов, Р.Сейсенбаев, Т.Нұрмағанбетов сынды қаламгерлерді білсек, қазіргі неомифологизм ағымының өкілдері ретінде Т.Әсемқұлов, А.Алтай, Р.Мұқанова, Д.Амантай, А.Кемелбаева, Д.Рамазан, Л.Қоныс, С.Сағынтай, Қ.Мүбәрак, М.Мәліков, А.Мантай, Н.Қабдай т.б. жазушыларды атай аламыз. Бұл қаламгерлердің әдеби сюжеттерінің негізінде түрлі мифологиялық тақырыптар, образдар, кейіпкерлер маңызды рөл атқарады. Сондықтан да неомифологизм XX ғасыр әдебиетіне ғана тән құбылыс деп айтуға болмайды. Адам санасындағы мифологиялық қабаттардың жаңғыруы қазіргі драматургия, поэзия және проза жанрларында айқын көрініс тауып отыр.
ХХ ғасырда біз «ремифологизация» ұғымымен бетпе-бет келеміз. Бұл адам баласының мифке қайта қайылыуы, қайтадан көне мифтерді ой сарабына салудан туындайды. Қазіргі кезеңде мифология модернизм құбылысы ретінде мәдениет дағдарысын жалпы өркениет дағдарысы ретінде түсінуден туындайды. Әлеуметтік-тарихи шеңберден шығуға деген ұмтылыс модернизмге көшу сәттерінің бірі болды. Мифология жеке және әлеуметтік мінез-құлықтың мәңгілік үлгілерін, әлеуметтік және табиғи кеңістіктің кейбір заңдылықтарын сипаттауға ыңғайлы болып шықты.
Мелетинский өзінің «Миф поэтикасы» кітабында ХХ ғасырға тән «мифтің қайта туылуы» туралы ойын айтады. Ол мұнда негізінен әдеби мәтіндерге сүйенеді. Ф. Шеллингтің айтуынша, «Мифология кез - келген өнердің қажетті шарты мен материалы болып табылады және әрбір ұлы ақын әлемнің өзіне ашылған бөлігін бір нәрсеге айналдыруға және оның материалынан өзінің мифологиясын жасауға жаратылған». Осылайша, автор нақты және шынайы емес кейіпкерлерді еркін сезінетін шығарма жасайды.
Неомифологиялық сананың мәні бүкіл мәдениетте классикалық және архаикалық мифтерді зерттеуге деген қызығушылық болып табылады. Қазіргі әлемде болып жатқан оқиғалар, бүгінгі уақыт, жүріп жатқан әртүрлі үдерістер адам санасының мифологиялық қабаттарының жандануына ықпал етеді деп айтуға болады. Бұл қабаттарды кез-келген қоғамда және әлеуметтік дамудың әртүрлі кезеңдерінде табуға болады, өйткені бұқаралық сананың элементтерінің бірі оның мифологиясы болып табылады.
Мифологиялық тақырыптардың, мотивтердің, бейнелердің, кейіпкерлердің барлық түрлері қазіргі әдеби сюжеттердің генезисінде үлкен рөл атқарады. Қазіргі дәуірде неомифологизм әдебиеттің негізгі ерекшелігіне айналады деп айтуға толық негіз бар. Қазақ әдебиетіндегі неомифологизм құбылысын зерттеуші Э.Т.Жанысбекованың айтуынша, «қазіргі әдеби процестің мүмкін формаларының бірі ретінде мифке қарай жылжу біртіндеп жүргенін көрсетеді. Миф шығармалардың құрылымын ұйымдастыру үшін қолданылады, мифологиялық бейнелерде өзіндік архетиптік мазмұн және автор үшін қажетті идея бар. Шығармалардың құрылымында техникалар (метафоралар, рәміздер, бейнелеу құралдары) және т.б. соңғы онжылдықта жазушылардың мифті қолдану тәсілдері ғана емес, сонымен бірге осы ұғымның мазмұны да өзгерді».
Адамзаттың тарихи даму жолында қалыптасқан көне және классикалық мифтер мен аңыздарды қайта зерделеуге, оны қазіргі көркем таныммен астастыру, қайта түлетуге деген ұмтылыстардың артуы – неомифологизмнің қазіргі әдеби үдерістегі маңызын айғақтайды. Демек, миф қазіргі әдебиеттегі тың тақырыптар мен образдардың сарқылмас көзіне айналып отыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет