Авторлық құқық – интеллектуалдық меншікке қатысты құқықтық қатынастарды реттейтін азаматтық құқық саласы. Авторлық құқық – осы Заңға сәйкес интеллектуалдық меншікті қорғау саласындағы негізгі ұғым. Авторлық құқық ғылым, әдебиет, өнер туындыларын жасау мен қолдануға байланысты заңнамалық актілердің жеткілікті тұтас жиынтығын білдіреді.
Меншік құқығы үш маңызды компоненттен тұрады. Олар:
• билік ету құқығы – тек ақпарат иесі, яғни субъектінің ғана ақпараттың кімге берілуі мүмкін екендігін айқындауға құқығы бар;
• иелену құқығы субъект-ақпарат иесіне ақпараттың өзгеріссіз түрде сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Одан басқа ешкім оны өзгерте алмайды;
• қолдану құқығы субъект-ақпарат иесіне оны тек өз мүддесіне қолдану құқығын береді.
Кез келген субъект-қолданушы өзіне қажетті ақпараттық өнімді қолданбас бұрын сатып алуға міндетті. Меншік құқығы саласындағы кез келген заң субъект-иесі мен субъект-қолданушы арасындағы қатынастарды реттейді. Заңдар меншік иесінің құқықтарын, сондай-ақ ақпараттық өнімді заңды жолмен сатып алған иелерінің құқықтарын қорғауы тиіс.
Қауіпсіз АТ (ақпараттық технология) инфрақұрылымының негізін құпиялылық, тұтастық пен қолжетімділік сияқты үш сервис құрайды.
Әрбір ұғымды толығырақ қарастырайық.
• тұтастық – ақпараттың өзгеріссіз, дұрыс әрі дәлме-дәл болатындығына кепілдік беру. Мысалы, пошта хабарламасының өзгертілмей жіберілуі;
• қолжетімділік – авторланған қолданушылардың оларға қажетті ақпараттық активтермен, ресурстармен және жүйелермен жұмыс істей алатынына әрі оларды қолдана алатынына кепілдік беру. Бұл ретте қажетті өнімділік қамтамасыз етіледі.
Оған қолжетімділікті қорғау мен пошта сервисінің өткізгіштік қабілетін қамтамасыз ету мысал болуы мүмкін;
• құпиялылық – ақпаратпен танысып, онымен жұмыс істеуге осы ақпаратқа қатысы бар адамдар ғана мүмкіндік алатынына берілген кепілдік.
АЖ-да ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кедергі, қолжетімділікті басқару, криптография әдістері, зиянды программалардың шабуылдарына қарсы іс-қимыл, регламенттеу, мәжбүрлеу мен ынталандыру сияқты әдістер қолданылады.
Осылайша, ақпараттық қауіпсіздік – ақпараттық кеңістіктің қорғалуы, ақпараттық саладағы жеке азаматтың, қоғам мен мемлекеттің құқықтары мен мүдделерін шынайы және әлеуетті қауіптерден қорғау.