4. Еңбекті қорғау, қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік
қауіпсіздік
4.1 Адам организміне зиянды өндірістік факторлар
Өндірістік жағдайда адамға зиянды әсер ететін қауіпті фактор улы заттар болып табылады. Олар әр түрлі агрегаттық күйде: қатты, сұйық, бу және газ түрінде болады.
Қазіргі уақытта химиялық заттардың 5 млн. астам түрі белгілі, соның ішінде 60 мыңдайы өнеркәсіпте кеңінен қолданылады. Жыл сайын әлемдік тәжірибеде 500-ден 1000-ға дейінгі химиялық заттар және олардың қосылыстары синтезделіп жатыр, сондықтан жұмыс орындарының улы заттармен ластану қауіпі күннен күнге өсіп келеді.
Соңғы уақытта еңбек гигиенасының бөлімі - өндірістік токсикология деген жаңа ғылым пайда болды. Ол зиянды заттардың адам организміне әсерін, олардан қорғанудың профилактикалық шараларын қарастырады. Бұл ғылымның негізгі зерттейтін мәселелері: биологиялық және өндірістік ортада сақталатын зиянды заттардың гигиеналық мөлшерін анықтау, улы заттарды гигиеналық сараптау, шикізат пен өнімді гигиеналық стандарттау.
Адам организміне кері әсер ететін және қалыпты тіршілік етуінің бұзылуын болдыратын зиянды факторлардың әсер етуі нәтижесінде жұмысшылар қатты және созылмалы түрде улануы мүмкін.
Қатты улану зиянды заттардың организмге белгілі бір мөлшерде түсіп, қысқа мерзім ішінде әсер етуі нәтижесінде болады.
Созылмалы улану зиянды заттардың организмге аз мөлшерде түсіп, жайлап ұзақ әсер етуі нәтижесінде болады.
Көп жағдайда созылмалы улану қауіпті болып келеді, себебі организмге енген улы заттар уақыт өте келе кәсіптік ауруға әкеп соқтырады.
Кәсіптік ауру деп қызметкердің өз еңбек (қызмет) міндеттерін орындауына байланысты оған зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған созылмалы немесе қатты ауруды айтады.
Өндірістік улар организмге тыныс алу жолдары, ішек - қарын жолы, тері және көздің шырышты қабығы арқылы енеді. Тыныс алу жолы арқылы улы заттар ішке аэрозольді, бу және газ түрінде дем алғанда енеді. Бұл удың ішке енуінің өте қауіпті жолы. Тыныс алу жүйесінің шырышты қабығы арқылы у қанға сіңеді.
Ішек - қарын жолы арқылы улар организмге мұрынның шырышты жұтқыншағынан жұтыну арқылы, сондай-ақ су, тамақ ішу кезінде жеке гигиеналық талаптарды сақтамаудан түседі.
Асқазан сөлінің қышқыл ортасының әсерінен химиялық заттардың улылығы артады. Мысалы, суда қиын ерітілетін қорғасынның қосындысы асқазан сөлінде оңай ериді және оны жұтуға және қанға түсуге мүмкіндік береді. Тері жамылғысы арқылы ең алдымен майда және суда жақсы еритін заттар кіреді. Мысалы, кейбір металдардың тұздары ( мырыш, қорғасын және т.б ). Терінің зақымдануы удың организмге енуінің артуына әкеп соқтырады.
Улы заттарды организмнен біржола жою өкпе, бауыр, ішек - қарын жолы және тері арқылы жүргізіледі.
Зиянды заттардың улылық әсері адамның жынысына қарай әр түрлі болады. Кейбір уларға әйел организмі өте сезімтал, ал кейбіріне ерлер сезімтал болады. Мысалы, әйел организмі бензол әсеріне өте сезімтал. Соған қоса жүктілік кезінде улану қауіпі жоғарылайды, оның ағымы өте ауыр пішінге ие болады.
Удың организмге әсері адам жасына байланысты. Кейбір улар жас организмге үлкен улылық әсер көрсетсе, басқасы – егде кісілерге, ал енді бірі организмге жас мөлшеріне тәуелсіз әсер етеді.
Зиянды заттардың улылық әсері еңбекшілердің денсаулығының жағдайымен анықталатын организмнің жеке сезімталдығына байланысты. Қан ауруымен ауыратындар – қанды улайтын удың, өкпесі ауыратындар – шаңның және түршіктіргіш заттардың әсеріне сезімтал болып келеді.
Орындалып жатқан жұмыстың сипаты мен ауырлығы организмнің уға сезімталдығына ықпал етеді. Физикалық ауыр жұмыстар кезінде улы заттардың организмге түсуіне себепші болатын тыныс алу және қан айналым жүйесі күшейеді. Улы заттардың организмге әсері метеорологиялық жағдайға және өндірістік факторларға байланысты. Жоғарғы және төменгі температура, ауаның ылғалдылығы, қысымның өзгерісі, шу, діріл, әр түрлі сәулелердің бөлінуі көп жағдайда улы заттармен улану қауіпін күшейтеді.
Кейбір зиянды өндірістік факторлар өзіндік табиғатына сәйкес, әр түрлі топтар қатарына жатады. Кейбір қауіпті факторлардың тек адамдарға ғана емес, қоршаған ортаға да әсер етуі мүмкін. Зиянды заттар белгілі бір элементтерге тікелей әсер етсе, жүйенің басқа элементтеріне жанама әсер етеді.
Адам организміне әсер етуіне байланысты зиянды заттар қауіптілігіне қарай төрт класқа бөлінеді;
1. Аса қауіпті;
2. Жоғары қауіпті;
3. Орташа қауіпті:
4. Қауіптілігі аз.
Заттардың қауіптілік класы әр түрлі белгілеріне қарай анықталады. Негізгі белгілеріне жұмыс орнындағы ауаның зиянды заттарының (мг/м³) шектік мүмкін концентрациясы (МШК) жатады.
Жұмыс аумағындағы мүмкін шектік концентрациясы деп - бүкіл еңбек барысында күніне 8 сағат жұмыс істеген кезінде немесе жұмыс кезеңінің бір бөлігінде әсер ететін зиянды заттардың, адам денсаулығына зиян келтірмейтін немесе ауруға әкеліп соқтырмайтын шектік мөлшерін айтады.
Достарыңызбен бөлісу: |