Осы дәйекті деректік тұрғыда тарату үшін Дінше Әділовтың 1928 ж. ОГПУ тергеушісіне берген жауабына назар аударайық. Ол былай дейді: «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақметшіт қалдасының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Қалай атау [жаңа астананы], жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш Қожықов ойлап тапты. Одан неге? деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс дегенде айтты. «Қызыл» – демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек, ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік... Қожанов съезд төралқасынан кезектен тыс сөз алып ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау, екіншісі Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады».2
Дәстүрлі қазақ қоғамында «орда» ұғымы мемлекет құрылымының өмір сүру түрі ретінде кеңінен қолданылғаны әргі-бергі тарихтан белгілі. Ұлттық тарихымыздың мазмұнында Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ Ордасы сияқты мемлекеттік құрылымдар берік орын алған. Қазіргі қазақ мемлекеттілігінің тарихын осы аталған «ордалардың» тарихымен тығыз байланыстырамыз. Ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуындағы тарихи үдерісте мемлекеттіліктің өмір сүру түрі ретінде «орда» ұғымы негізге алынған. Осы тарихи мемлекеттер тізбегін кеңестік билікпен таласа өмірге келіп, ұлттық тәуелсіздік идеясын ту етіп көтерген Алаш Орда үкіметі аяқтайды. Ал кеңестік билік тұсында орда ұғымы Қазақ елі мемлекеттігінің түрі емес, оның саяси орталығы, астанасының аты Қызылорда деген мазмұнға ие болды.
Мәселеге осы тұрғыда мән берер болсақ, дәстүрлі қоғамда барынша ауқымды мағынаға ие болған «Орда» атауын біршама тар мағынада – астананың атауы түрінде сақтап қалу – ғасырлар бойы елдің кәдесіне жарап келген ұлттық мемлекеттіктің ұлттық сипат пен ұлттық мазмұн атаулыны таптық, коммунистік өлшемдердің қауызына тықпалаған кеңестік билік тұсында жаңа мазмұнда жаңғыруы деп білеміз.
Жаңа астанаға «Ақмешіт» атауы саяси мән-маңызы бойынша мүлдем сай келмейтін еді. «Ақ» пен «қызылға» бөлінген саяси күрес жағдайында және жауынгер атеизмнің діни идеологияға қарсы бітіспес күресі басталған тұста қаланың атауы анохронизмге айналғандығын ұлт зиялылары жақсы түсінді. Оның үстіне Ақмешіт атауының жаңа мемлекеттің астанасына лайық саяси салмағы да жоқ екендігі белгілі.
Ресейдегі азамат соғысының рәмізіне айналған «ақ» пен «қызылға» бөліну кеселі қазақ зиялыларын да айналып өткен жоқ. Алашордашыларды, жалпы ұлттық құндылықтарды саяси бағдар етіп ұстанған зиялыларды «Ақтар» деп айыптау сол кезеңнің саяси терминологиясына айналып, тарихи әдебиеттерден берік орын алды.
Түркістан республикасында Жанша Досмұхамедов бастаған ұлтжанды тұлғалар қазақтар коммунизмді түсінбейді, соданда ақ та, қызыл да емес деп республикалық биліктің баспасөз органына «Ақ жол» деген атауды ұсынады. Бұл дәйек «қызыл» атауына жатырқай қараған алашордашыл қайраткердің көзқарасын танытады. И.Сталиннің Қазақ Өлкелік партия комитеті бюросының мүшелеріне жолдаған «Ақ жол» газеті туралы» хатында «Шоқаевтың ақ гвардияшыл баспасөздегі кейбір мақалаларына» деректік негіз болған «көлемді материал берді» деген айып тағылады. «Ақ жол» газеті және оның төңірегіне топтасқан ұлт зиялылары туралы жоғарғы билікке жүгінген қазақ большевиктері басылымның атының өзінен ілік іздеген. Айталық, С.Сейфуллин 1937 ж. Л.Мирзоянға жазған хатында Н. Төреқұловтың Ташкентте «Ақ жол» газетін ұйымдастырғандығы, оның басшылығына М.Дулатовты шақырғандығы жөніндегі хабарына «газетіңнің аты да ақгвардияшыл, оның басшысы Дулатов та ақгвардияшыл» деп жауап қайтарғандығын жазады.1 Демек, билік басындағы большевиктік ұлттық интеллигенция қоғамдық-саяси әрекетінде «ақ» атаулыға қаншалықты үрке қараса, «қызыл» сөзіне соншалықты үйірсек болғандығын көреміз.
Қызылорда қаласының аты мемлекеттілік түрінің дәстүрлі мазмұны мен жаңа қоғамның саяси құндылықтарын бойына сіңірген тарихи атау болып қалыптасты. Қызыл империяның бодандығында болған қазақ мемлекеттілігінің Қазақ Кеңестің Социалистік республикасы деген қазіргі заманғы атауын дәстүрлі ұғымға көшірсек қазақтың Алтын Ордасы, Ақ Ордасы, Алаш Ордасының жалғасы болып шығар еді. Демек, Қызылорда атауы қанша бой тартсақ та ел тарихының тұтас кезеңін айғақтайтын тарихи-мәдени ескерткіш болып қала бермек.
АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ ОҢТҮСТІК ҚАНАТЫНЫҢ ТАРИХИ АЛҒЫШАРТТАРЫ
Түркістан өлкесіндегі Алаш қозғалысының мазмұны мен сипатының ерекшелігін айқындау мақсатында танымдық шарттылықтарға сүйеніп, оның қызметі мен құрылымын «Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты» деп негіздеген орынды болатындай. Бұл жерде басын ашып айтатын мәселе, ғылыми танымда «Шығыс Алашорда», «Батыс Алашорда» деген орныққан тарихи тұжырымдарға балама құбылыс іздестіру емес, қайта ол құбылыстардың мазмұндық құрылымына жаңа кеңістік ашу басты мақсат екендігі. Бұндай тұжырым жасауға деректік және дәйектік негіздер жеткілікті. Алғаш рет бұл тұжырым Түркістандағы партия-кеңес органдарының ресми құжаттарында «Алаш Орданың» түркістандық бөлімі «Бірлік туы» газеті органымен аттас ұйым болды. «Бірлік туы» газеті 1917 ж. маусымынан Ташкентте шыға бастады. Аталған газетті ұйымдастырушылардың тұғырнамасы дәлме-дәл алашордашылардың тұғырнамасындай еді»1 деген сипатта негізделді. Түркістандағы Алаш қозғалысының тарихи дерегін қалыптастырғандығы және оның тарихнамасына негіз қалағандығы үшін отандық тарих ғылымы көрнекті қайраткер Т.Рысқұловқа қарыздар болып келеді. Өйткені, оның осы мәселеге қатысты тарих ғылымына жасаған бұл қызметі осы кезге дейін тарихшылар тарапынан лайықты бағасын алған жоқ. Оның Түркістандағы Алаш қозғалысының қызметі туралы ойлары мен тұжырымдары 1923 ж. маусымда «Советская степь», 1935 ж. 18 мамырда «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған және тб. еңбектерінде одан әрі өрбітілді.
Бұл деректер Түркістандағы ұлт-азаттық күрес тәжірибелерін талдау арқылы Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатын дербес тарихи таным нысаны ретінде қарастыруға негіз болады. Оңтүстік қанаттың нақты ұйымдық құрылымы болмағанымен оның қызметінің мазмұны қазақ жеріндегі тарихи құбылыстың құрамды бөлігі болып саналады. Сонымен бірге Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының құрамында өлкедегі жергілікті ұлт зиялыларымен тығыз бірлікте жұмыс жасағандықтан оның саяси қызметінің мазмұнында аймақтық, конфессиялық және идеялық сипаттағы ерекшеліктері болды. Түркістандағы жергілікті халықтардың арасында отарлыққа қарсы күрестегі мұсылмандық, түркілік бірлік идеялары Алаш қозғалысымен байланыста болған М.Тынышпаев, С.Лапин, М. Шоқай, Қ.Қожықов, С. Өтегенов және тб. қайраткерлердің саяси қызметінде жаңа қырынан танылып, қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың мазмұнын байытты. М.Тынышпаев, С.Лапин, М. Шоқайдың өлкедегі саяси қозғалыстың және Түркістан Мұхтарияты ұлттық мемлекетінің басшылығында болуы Алашорда үкіметімен тығыз байланыс жасауына мүмкіндік беріп, олар қазақ мемлекетінің тұтастығы мәселесін алғаш рет ұлттық идея ретінде күн тәртібіне қойды. Алашордашыларға кешірім жасалғаннан соң Түркістанда билік басындағы ұлттық саяси элита өкілдері Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Асфендияровтар алашшыл қазақ зиялыларын түрлі қызметтерге тартты. Өлкедегі қазақ облыстарында жер-су реформасын жүргізуде алаштық идея жалғасын тапты. Олардың басшылығымен Ташкент қаласына топтасқан қазақтың саяси, шығармашылық элитасы өкілдерінің қызметі мәдениет тарихындағы аса бір сәтті де шығармашылық тұрғыда жемісті кезең болды. А. Байтұрсынов, М.Дулатов. Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С. Асфендияров, М.Әуезов, Ж. Аймауытов, Қ.Кемеңгеров т.б. қайраткерлердің 1924 ж. ұлттық-территориялық межелеуге дейінгі мәдени-ағартушылық қызметі кеңестік билік жағдайында Алаш қозғалысы көтерген ұлттық идеяларды батыл іске асыруымен ерекшеленді. Түркістандағы жартылай жария, жартылай жасырын жағдайдағы Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатының қызметі арқылы Алаш қозғалысының географиялық ауқымы кеңейді және оның уақыттық шегі ұзара түсті.
Түркістан ұлт-азаттық қозғалысындағы қазақ зиялыларының рөлі осы күнге дейін толық та жан-жақты бағасын ала қоймауы бұл тақырыпты игеруде кеңестік тарихнаманың әдіснамалық бағдарға алынып келуінен деп білеміз. Маркстік-лениндік тұжырымдар әдіснамалық басшылыққа алынғандықтан ол еңбектерде мәселе біржақты қарастырылды. Отандық тарихшылар К.Нұрпейіс, М.Қойгелдиев, О.Қоңыратбаев, С.Шілдебай, Х. Тұрсұн және т.б. ғалымдар, сол сияқты өзбекстандық С.Ағзамқожаев, Р.Абдуллаев, Д. Алимова, А.Голованов, С.Тілеуқұловтар ұлт зиялыларының Түркістан ұлт-азаттық қозғалысындағы орны мен рөліне шынайы баға беруде батыл тұжырымдар жасай алды.
Г.Сафаров Түркістан Мұхтарияты үкіметін құруда қазақ зиялылары белсенді рөл атқарғандығын атап көрсеткен. 1917 ж. ақпан төңкерісіне дейін Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қалың ортасында жүрген саяси дайындығы мол М.Тынышбаев, М.Шоқай, С.Лапин, Ә.Оразаев, С.Ақаев, Қ.Қожықов және тб. этноэлита өкілдері 1917-1918 жж. Түркістандағы тарихи оқиғалардың алдыңғы сапына шықты.
Қазақ зиялыларының саяси күрестің алдыңғы сапына шығуының терең тарихи алғышарттары болды. Осыған байланысты «Түркістанда 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін ұйымдасқан саяси кемелдікке қазақ зиялылары қалай қол жеткізді?» деген сауалға жауап іздеп көрейік.
Түркістандағы Алаш қозғалысының тарихи дерегін қалыптастырушылардың бірі Түркістанда және Қазақстанда бірқатар жауапты қызметтер атқарған Дүйсенбай Нысанбаев болатын. Оның деректері Түркістан өлкесінде 1917 ж. қоғамдық-саяси сілкіністерге дейін жұмыс жасаған қазақ зиялыларының «Кеңес» атты саяси үйірмесінің қызметіне ғылыми талдау жасауға мүмкіндік береді.
Ташкент қаласындағы қазақ зиялыларының басын біріктірген астыртын «Кеңес» ұйымы және оның қызметін айқындайтын деректік құжаттардың бірі Д.Нысанбаевтың 1925 ж. 31 қаңтарында РК(б)П Қырғыз облыстық Бақылау Комиссиясына С.Қожанов туралы жасаған мәлімдемесі.1 Құпия хат түрінде жазылған бұл құжаттың деректік құндылығы өте жоғары. Өйткені, өлкелік партиялық басшылыққа, ОГПУ органдарына жасалған мәлімдемемен бірге Түркістандағы алашордашылардың қызметіне қатысты айғақ ретінде түрлі хаттамлар, газет тігінділері сияқты қомақты деректер ұсынылған. «Кеңес» астыртын үйірмесінің қызметі туралы біршама мәліметтер баяндалған құжатта Д. Нысанбаев үйірменің төрағасы генерал Сейітжапар Асфендияров болғандығын атайды. Түркістан генерал-губернаторлығының кеңсесінде, елшілік қызметте болған генерал С.Асфендияровтың танымалдығы және биік билік лауазым иеленген, қазақ қоғамындағы дәстүрлі билеуші әулеттен шыққан харизмалық тұлғасы оны үйірменің басшылығына алып келген.
Төрағаның орынбасары ретінде аталатын М.Шоқай білім жолын Ташкент ерлер гимназиясынан бастап, Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде жалғастырған, оның Түркістан өлкесіндегі қызметі кеңінен таныла бастағаны осы кезең. Ресейдің ІV Мемлекеттік думасы мұсылмандар фракциясының хатшысының беделі өлкедегі 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілістің патша өкіметі әскерлері тарапынан аяусыз басып-жаншылуының салдарын тексеруге келген Мемлекттік дума комиссиясының жұмысына араласуы арқылы кең танымалдыққа ұласқан. Оның үстіне комиссия төрағасы, Мемлекеттік думадағы демократияшыл күштердің серкесі А.Ф.Керенскиймен жолдастығы өлкедегі билеуші элитаның арасында М.Шоқайдың «өз адамы» ретінде қабылдануына қолайлы жағдай еді.
Төрағаның екінші орынбасары Садық Өтегенов аталған құжатта «С. Қожановтың қоғамдық-саяси тұрғыда қалыптасуындағы ұстазы, ең жақын кеңесшісі» деп сипатталады. Ақпан төңкерісінен соң Түркістан қаласында, Сырдария облысында Уақытша үкіметтің уездік, облыстық комитеттерінде жауапты қызмет істеген С.Өтегенов өлкедегі Алаш қозғалысының белді өкілдерінің бірі ретінде Алаш съездеріне қатысқан, өлкелік деңгейде танылған ұлт зиялылары арасындағы беделді тұлға.
Деректе айтылғандай «Кеңес» астыртын үйірмесін басқаратын басшылық органды үйірменің бюросы атқарғандығына қарағанда үйірменің өлкеде кең таралған желісі және көпсанды мүшелері (тілектестері) болған. Бюро мүшелерінің әрқайсына жекелеген жұмыс салалары бөлінген. Дерек авторының да қолында үйірменің қызметіне қатысты нақты құжаттар болмағандықтан бюро мүшелерінің тікелей қандай жұмыстармен айналасқандығына талдау жасалмаған. Үйірме мәжілісінің хаттамалары, бағдарламалық құжаттарының ғылыми айналымға шықпауы оның қызметі туралы ғылыми болжамдар жасауға итермелейді.
Үйірменің бюро мүшесі Қоңырқожа Қожықов Түркістан мұғалімдер семинариясының түлегі, халық мұғалімі, мектеп, медреселерде дәріс берген. Оны өлкеге танымал еткен Романовтар әулиетінің билік басына келуінің 300 жылдығына арналған еңбекті қазақ тілінде жариялауы болды. Д. Нысанбаев Қ.Қожықовтың осы еңбегі үшін қомақты сыйақы алғандығын жазады.1 Қ. Қожықов та 1917 ж. ақпан төңкерісіне кейін қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, Түркістан мұхтарияты Уақытша үкіметінің құрамына енген. Бірнеше рет Түркатком мүшелігіне сайланып, жерге орналастыру басқармасының басшыларының бірі ретінде Жетісудағы жер-су реформасына басшылық жасаған.
Астыртын үйірменің келесі бюро мүшесі Санжар Асфендияровты Д. Нысанбаев «бюрократиялық өмір жағдайында тәрбиеленген», «оған пролетариат мүддесі барлық кезде де жат болған, оның үстіне ол өзін осы мәселеге қатысты революцияға дейінге кезенде ешқандай жағынан да көрсете алмады» деп көрсеткенімен оның Жоғарғы әскери-медициналық академияны бітіруі, Ташкенттегі атқарған қызметі өз төңірегіне ұлт зиялыларын топтастыра алатындай танымалдыққа негіз болады. Саяси күреспен Ресейдің орталығында танысқан, өлкедегі европалық демократиялық күштермен етене араласқан қайраткерді қоғамдық-саяси үдеріс жас ұлттық саяси күштердің алдыңғы легіне шығарады. Үйірмедегі қызметі С.Асфендияровтың саяси қайраткерлігінің ұлттық мүддеге сай қалыптасуына бастапқы негізі болды. Оның эсерлер партиясына мүше болуы, тылдың қара жұмысынан оралғандардың саяси қозғалысына басшылық жасауы кеңестік биліктің кезінде биік лауазымдар атқаруына кедергі бола қойған жоқ. Ал «Кеңес» үйірмесімен байланыстылығы большевиктік биліктің биік лауазымдарында жүргенде де таптық мүддеден ұлттық мүддені жоғары қойған ұлтжандылығынынан көрініс тапты.
Саяси үйірме бюро мүшелерінің бірі, Түркістан мұғалімдер семинариясының түлегі, өлкеде мұғалімдікпен айналысып, халық соты қызметінде істеген Серікбай Ақаев туралы «Бұл қызметі азамат Ақаевтың шалқып өмір сүруіне және дүниетанымы мен жалпы дамуына, үйірменің өзге мүшелерінің алдында артықшылықтарға ие болуына мүмкіндік берді, оның үстіне жергілікті қырғыз халқының арасында кеңінен танымал етті» 2 деген сипаттама беріледі. Ол Бүкілтүркістан мұсылмандарының 1917 ж. 26 қарашадағы ІV съезінде жарияланған Түркістан мұхтарияты Уақытша Халық кеңесінің мүшелігіне сайланған.
Кеңестік кезеңде алашордашылықтар жағында ақ офицер ретінде соғысып, Ақтөбе майданында қызыл әскердің тұтқынына түсіп, атылған Мұзарап Қасымов та бюро мүшелерінің бірі ретінде аталады. Бюро мүшелерінің бірі Әлимұхамед Көтібаров та Санкт-Петербургте әскери-медицина академиясын бітірген, өлкедегі жоғары білімді қазақ саяси элитасының бірі. Ол М.Шоқаймен тығыз байланысты болған. М.Шоқай 1914 жылы 27 маусымда Петербургтен Ташкенттегі округтік соттың аудармашысы Ә.Көтібаровқа 15-25 маусым аралығында өткен Бүкілресей мұсылмандарының съезі туралы хат жазып былай дейді: «Съезд постановил о желательности в Туркестанском крае отдельного муфтиата, ... в числе пожелании о предоставлении киргизам Туркестанского края и степных областей права представительства в Государственной думе. Конечно, это пожелания имеет лишь академический характер».1 Бұл дерек Ә. Көтібаровтың өлкедегі қоғамдық-саяси үрдісте елеулі салмағы болғандығын айғақтайды. Бюро мүшесі Алдабек Мангелдин, үйірменің хатшысы Зұлқарнайын Сейдалиндер де өлкедегі ұлт-азаттық қозғалысқа араласқан саяси тұлғалар еді. .
1917 жылға дейін қызмет жасаған үйірме қызметінің өзегі ұлт-азаттық күресте саяси тәсілдерге сүйенуімен ерекшеленеді. Осы аталған үйірме мүшелерінің Мұстафа Шоқаймен идеялас болғандығы аңғарылды. Үйірменің қандай жағдайда қызметін тоқтатқандығы белгісіз болғанымен оның тәжірибесінен өткен қайраткерлер 1917 ж. қарбалас оқиғаларға қызу араласып, өлкедегі саяси күрестің алдыңғы легіне шықты. Үйірме басшыларының саяси қызметі қазақ облыстарына да танымал болды. 1917 ж. 15 наурызында майданның қара жұмысына алынған қазақ жастарының арасында жұмыс жүргізген Ә.Бөкейханов бастаған зиялылар Минск қаласынан «Қазақ» газеті арқылы елдегі игі жақсыларға жеделхат жолдаған.2 Жеделхат қазақ жеріндегі танымал қайраткерлермен бірге Түркістан өлкесіндегі тоғыз қайраткерге жолданған. Олардың арасында «Кеңес» үйірмесінің мүшелері Түркістан қаласындағы С. Өтегенов, Андижандағы Қ.Қожықов, Ташкенттегі Ә.Көтібаров, Қоқандағы С.Ақаевтар бар. Аласапыран кезеңде саяси күрестің бағыт-бағдарын айқындаған жеделхаттың осы қайраткерлерге жолдануы олардың өлкедегі саяси үдерістерге қызу араласқан белсенді әрекетін танытады.
Үйірменің мақсаты мен міндеттерін айқындайтын құжаттар қолға түспегендіктен оның саяси тұғырнамасы, ұстанған бағыты туралы мынадай қисындық болжам жасауға болады. Үйірме Ресейдің орталығындағы демократиялық күштердің қызметін ұйымдық тұрғыда үлгіге алған, үйірменің төрағасы, төрағаның орынбасарлары, бюро мүшелері болып қызмет бөлісуі осындай тұжырым жасауға жетелейді. Екіншіден, үйірменің жұмыс мазмұны оның отаршылыққа қарсы күреске бағытталған демократиялық құндылықтарға негізделгендігін танытады. Д.Нысанбаев үйірме басшыларының билеуші ортадан шыққан әлеуметтік негізіне баса назар аударуы олардың таптық құндылықтардан алыс тұрғандығына дәлел болады. Үшіншіден, үйірме жұмысының басты бағдары жергілікті халықтың өзін-өзі билеуіне қол жеткізу болған. Астыртын үйірменің осы сипатты белгілері оның қызметі «Шуро-и Ислам» ұйымына емес, Алаш партиясының ұстанған саяси бағытына етене жақын болғандығына көз жеткізеді.
Түркістандағы қазақ саяси элитасының бастамашылығымен құрылып, жұмыс жасаған «Кеңес» астыртын үйірмесінің қызметі ұлт зиялыларының саяси күрестегі алғашқы тәжірбиесі болды. Қысқа мерзім жұмыс істеп, қызмет ауқымын кең өрістете алмағанымен олардың әрекеті ізсіз кеткен жоқ. Оның басшылары 1917 ж. «Шуро-и Ислам» және Алаш партияларының ұйымдық тұрғыда қалыптасуына белсене араласып, өздерінің саяси күресін осы жылы мамырдан бастап жарық көре бастаған «Бірлік туы» газеті арқылы одан әрі жалғастырды. М.Шоқай, С.Қожанов, Қ. Болғанбаевтар редакторы болған «Бірлік туы» газеті Түркістан мұхтариятының қазақ тілді баспасөз органына айналды. Оның бетінде өлкедегі ұлт-азаттық қозғалыстың тыныс-тіршілігі көрініс тауып жатты.
Большевиктік билік орныққанға дейін Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатының өкілдері өлкедегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсене араласып, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қазақ қоғамын жаңартуда ұлттық мүдде үшін күреске араласудың осындай үлкен дайындығынан өтті.
ТОПШЫЛДЫҚ – ҰЛТТЫҚ ЭЛИТАНЫҢ САЯСИ КҮРЕС ТӘСІЛІ
Қазан төңкерісінен кейінгі кеңес өкіметінің «салтанатты шеруі» большевиктерді әлемдік революцияның дайындық алаңы ретінде Шығыс мәселесіне қатысты жан-жақты саясат жүргізуге итермеледі. Осы саясатты іске асырудың аса маңызды тетігінің бірі ретінде жергілікті ұлт өкілдерінің арасынан коммунист кадрлар тәрбиелеуге баса мән берілді. Сол кездегі саяси лексикада жиі қолданылған «шығыс коммунистері» немесе «ұлт коммунистері» ұғымы негізінен Еділбойы, Кавказсырты, Орта Азия мен Қазақстанның түркі-мұсылман халықтарының арасынан шыққан коммунистердің жинақтаушы атауы болып қалыптасып, диалектикалық дамуда одан әрі кең мағынаға ие болған. Әрине, ұлттық кұрамы, әлеуметтік тегі әртүрлі, мәдени деңгейі мен дүниетанымы да ала-құла болғанымен олардың ұлттық құндылықтарды әспеттеуге құрылған саяси көзқарастарында ұлт-азаттық идеялар басым болатын. Содан да, шығыс коммунистерінің дербестікке ұмтылған бұндай әрекеттері Наркомнац басшысы Сталинді 1920 ж. өзінде қатты мазасыздандырып, олардың саяси көзқарастары «панисламизм» және «пантюркизм» деген саяси айдарлармен айыптала бастады. Бұл ағымдар большевиктік биліктің аймақтардағы басты қарсыласы болады деген қауіп болды. Осы саяси бағыттың жолын кесу үшін 1920 ж. тамызында Түркістандағы мұсылман коммунистерінің саяси ұйымы Мұсбюроны таратып, оны Орталық билікке тікелей тәуелді Өлкелік партия комитетімен алмастыру; мұсылман бөлімдері командирлерін босату және тағайындауға құқылы М.Сұлтанғалиев басқарған Наркомнац жанындағы Орталық Мұсылман әскери коллегиясын тарату; жалпы федерациялық орталықтың билік өкілдігіне кедергі болатын Түркістан республикасының конституциясына өзгерістер енгізу туралы шешімдер қабылдады.1
Ұлт коммунистері жетекшілерінің бұқара арасындағы беделі мен ықпалын, ұйымдастырушылық қызметін ақгвардияшыл қозғалыс пен шетелдік басқыншылыққа қарсы күресте шебер пайдаланған большевиктерге кеңес үкіметі нығайған кезде кеңестік Шығыстағы ұлт-азаттық қозғалыстың теоретигі, саяси күрестің басшысы ретінде танылған М.Сұлтанғалиев сияқты саяси тұлғалар қажет болмай қалды. Ресейдің мұсылман халықтарына көптеген жеңілдіктер беру арқылы оларды «шектен тыс еркелеткен» орталық билік өздерінің ерекше ықыласы арқылы шығыс коммунистерін де «тым еркелетіп» жіберді. Ұлт коммунистерімен қарым-қатынасты реттеудегі бұндай қиғаш көзқарас Сұлтанғалиевтың тағдырына касіретті қолтаңбасын қалдырды: ол партия қатарын «пантүркизм» мен «панисламизмнен» тазарту шарасындағы ең оңтайлы және ең алғашқы ірі саяси нысанаға айналды. Л.Троцкийдің сөзімен айтар болсақ М.Сұлтанғалиев осы күрестегі «Бас хатшының алғашқы құрбандығы» 2 болды.
Осыған байланысты РК(б)П ОК ұлт республикалары өкілдерінің IV кеңесінде С.Орджоникидзенің «Мен жолдас Каменевпен сөйлестім, ол Сұлтанғалиев Қазан түбінде біздің катарымызда соғысты, Колчакка қарсы отрядтар дайындады – дейді. Бұл маңызды ештеңені білдірмейді, әрбір прогресшіл мұсылман зиялысы Колчактың қара түнек реакциясына қарсы шығады, өйткені ол мұсылман зиялысына жат... Реакцияға қарсы ол немесе басқа мұсылман зиялысының күресі... әлі де ештеңені дәлелдемейді. Бұл коммунист болу дегенді білдірмейді... Бұл біздің тек сапарласымыз дегенді білдіреді - дей келіп - Сұлтанғалиев менің ойымша біздің ұлт саясатымыз қанша дұрыс болса да кеңес өкіметін мүлде мойындамайтын түркішіл, панисламшыл зиялылардың бірі» деп өрекпуі көп сырдың бетін ашады. Сталиннің жақын серігінің аузымен айтылған бұл сөздер Сұлтанғалиев бейнесіндегі барлық Шығыс коммунистері де большевиктердің коммунизм идеяларын іске асыру жолындағы «сапарластары» ғана деген көзқарасты танытатын еді. Әрине, бұндай ащы шындык партия көсемдерінің сөздерінде көп жағдайда бүркемеленіп айтылатын.
Ұлт мәселесімен тікелей айналысқан Наркомнацтың жүргізген үлкен жұмыстарының бірі көпұлтты кеңестік Ресейдің үлт аймақтары үшін басшы қызметкер кадрлар дайындау болды. Мысалы, 1917 ж. қазан төңкерісіне дейін шығыс халықтары арасында коммунистік партиялық ұйымдар мүлдем болған жоқ, оның есесіне 1918 ж. Наркомнац және оның Мұсылмандар Комиссариаты көмегімен мұсылман коммунистерінің жүзден аса партиялық ұясы (ұйымы) құрылды. Қалыптасқан жағдай бұл үдерісті одан да қарқынды жүргізуді талап етті. Кейінгі кезде Түркістан жағдайында партиялық-мемлекеттік номенклатураның ұлттық бөлігін қалыптастыру, тәрбиелеу және орналастыруды РК(б)П ОК және Орталық өкіметтің эмиссарлық органы – Түрккомиссия өз қолына алды. Осы мақсатты жеделдетіп іске асыру үшін 1919 ж. қараша айының бас кезінде Түрккомиссия Түркістанға өзімен ілестіріп 117 партия және кеңес қызметкерлерін ерте келді, ал желтоқсан айында олардың 150 адамдық екінші тобы шақырылды.1 Бұл қуатты топ Шығыс халықтарының санасына большевиктік саяси құндылықтарды орнықтыруға шұғыл кірісті.
Осындай келімсек топтың күшіне арқа сүйеген Түрккомиссия ұлт коммунистері арасындағы саяси қозғалысты жіті қадағалап, олардың даму барысына түзетулер енгізіп отырды. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың есебі орталыққа берілетін. Осыған байланысты Түрккомиссияның 1920 ж. 1-15 маусым аралығындағы атқарылған жұмыстар бойынша Мәскеуге жөнелткен ақпарына назар аударайық. Ол құжатта өлкедегі партия үйымдарының басында тұрған мұсылман саяси қызметкерлерінің арасындағы жағдайларға тоқталады. Онда ұлттық элита өкілдерін біріктіретін «ешқандай жетекші партиялық орталық жоқ» екендігі атап көрсетіліп, өлкедегі құрылған большевиктік ұйымдардың саяси-әлеуметтік негізіне талдау жасалған. Түркістанда «мұсылмандық партия және кеңес ұйымдарын құрған элементтер – орыстар мен жергілікті халық арасындағы байланыстырушылар (тілмаштар, адвокаттар, писарьлар), сауда қатынасы негізінде орыстанған (приказшілер, делдалдар т.б.) мұсылмандар құрайды. Бұл элементтердің бәрінің де коммунистік партиямен идеологиялық байланысы жоқ» деп қалыптасып келе жатқан ұлттық саяси элита құрамының большевиктік идеялардан алшақ екендігін мойындайды. Сонымен бірге «олардың билік, лауазым үшін бітіспес күрес жолында жекелеген топтарға бірігетіндігіне» назар аударады. Әйтсе де ұлттық мүддені айқындау, ортақ идея қалыптастыру жолындағы элитааралық күрестегі ұлттық құндылықтар, этникалық мүдделер төңірегіндегі тартыстарға таптық, топтық сипат береді. Бұндай сарынды құжаттағы мына жолдар айғақтайды: «Түрлі кеңестік лауазымдар, әсіресе провинцияда тұрғындарды ашық түрде тонау үшін пайдаланылады. Үлесті бөлу мүддесімен топтасқан бұл топтар бірін-бірі қорғаштайды», «Олардың көпшілігі өте бай немесе ірі байлар және саудагерлермен байланысқан адамдар. Әдетте, бұндай топтардың Түркаткомда және Өлкелік комитетте қолдаушылары бар». Осы сипаттар негізінде ұлт коммунистерінің кеңес билігіне қарсы мынадай нақты әрекеттері атап көрсетілген: «Бұл топтар мұсылмандар арасында танылған шынайы коммунистік элементтерге үлкен өшпенділікпен қарайды. Олар коммунистік партия қатарында болмаса да өлкедегі шынайы еңбекшілер арасын қорған сияқты бөліп тұр».1 Осы ақпараттың мазмұнынан мұсылман халықтары арасындағы ұлттық менталитеттен туындаған ерекшеліктер мен нақты саяси жағдай европалык құндылықтарға сай бағаланғандығы аңғарылады.
Түркістан коммунистерінің, әсіресе оның басшылығындағы кадрлардың әлеуметтік тегінің әртектілігі соншалықты үлкен жаңалық емес, ол қалыпты құбылыс еді. Бұл мәселе саяси номенклатураның құбылуына қарай әр кезде бұрқылдап қайнаған саясат қазанының бетіне көбіктей қалқып шығып отырды. Большевиктік саяси қағидаларды бойына сіңірген ұлт коммунистерінің өзі шығыстық мәселелерге батыстық талғаммен қарай бастады. 1924 ж. Түркістаннан Мәскеуге, Коминтернге қызметке ауысқан Т. Рысқұлов та осы мәселеге арнайы тоқталады. «Соңғы кезде Түркістанда патша өкіметінің тілмаштары деп аталатындарға қатысты мәселе өткір қойылып отыр. Халықтың, тарихтың және бәрінің көзі жеткен ақиқат, патша өкіметі кезінде уезд бастықтары мен приставтарға тек патша әкімшілігіне тұрғындарды қанауға көмектескендер ғана тілмаш бола алды» дей келіп, тілмаштарды парақор, мәдениеті төмен, биліктің былығына белшесінен батқандар деп сипаттайды. Ең бастысы осы кәсіп иелеріне «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде патша өкіметінің жақтаушылары болды, жазалаушылармен бірге тұрғындарды атуға қатысты» деп қылмыстық айып тағады. Ұлттық мүддеден таптық мүддені жоғары қойған осындай тұжырымдарды алға тарта отырып ол ұлт коммунистерін өз ұлтына қарсы айдап салған И.Сталинге «Сондықтан да тілмаштар туралы партиялық көзқарасты анықтап алу керек»2 деген ұсыныс жасайды. Субъективік сипаты басым бұндай саяси тұжырымды Т.Рысқұлов Түркістандағы өзінің саяси қарсыласы, сол кездегі Түркатком төрағасы И. Қыдырәлиевке қатысты колданады. «Ондаған жыл тілмаш болған», «патша охранкасына қатысы бар» Қыдырәлиев 1919 ж. ғана партия мүшелігіне өткен. Сол сияқты Түркістандағы жоғары лауазымды қызметкерлер Б.Аралбаев (Ішкі істер халкомы), Н.Рүстемовтерді (Түркатком хатшысы) бұрын тілмаш болған еді деп атайды.3 Олар да партия катарына 1919 ж. кейін өткен ұлт коммунистері еді. Бұл ұсыныс ұлт коммунистерін таптық белгіге қарай жіктеп, саяси қуғындауға ықпал жасаған көп әрекеттердің бірі ғана.
Түркістанда кеңес өкіметі жеңіске жеткен бастапқы кезде билік басындағы большевиктер қатарында ұлт өкілдері өте аз болды. Орталықтың берген кең өкілеттігіне сүйеніп, өлкеде большевиктік үлгідегі автономия орнатуға тікелей басшылық жасаған П.А.Кобозевтің сенімді серігі, өлкеде көптеген жауапты қьзметтер атқарған, 1917 ж. партия мүшесі Дүйсенбай Нысанбаев В.И.Ленинмен кездескенде былай дейді: «Мен Ташкентте қазақтан шыққан коммунистердің саны 20-дан астам екенін, облыстарда да олардың аз екенін, әйтсе де бұл жолдастардың бәрінің де тегі кедей екенін айтып бердім. Ұсақ буржуазия тобынан шыққан интеллигенция реакцияшыл ұлтшылдықтың ықпалында қалып отырғанын, сөйтіп, солшыл-эсерлер партиясына бет бұратынын, кедейлер мен жұмысшылар большевиктердің соңынан ілесіп отырғанын, соның нәтижесінде большевик партиясы мүшелерінің қатары толығып келе жатқанын айттым».1 Бұл 1919 ж күзіндегі әңгіме. Қаншалықты партиялық сүзгіден өткенімен естеліктің мәселеге қатысты екі жағдайды нақылауға септігі тиеді. Біріншіден, қазақтар арасынан шыққан большевиктердің өте аз болғандығына, екіншіден, ұлттық интеллигенцияның большевиктерді колдамағандығына көз жетіземіз.
Түркістанда жүмысшылардың партиясы ретінде большевиктік идеяларға әлеуметтік негіз жоқ екендігі жергілікті ұлттың жұмысшы тобының қалыптаспағандығымен түсіндіріледі. Оның есесіне большевиктер саяси дайындығы жоғары ұлттық интеллигенцияны өз қатарына тартуда аса сақтық танытты. Сұлтанғалиев сияқты коммунистік идеяға кұлай берілген ұлт коммунистерінің өзі Ресейдегі ұлт мәселесінің шешілмеуі, әлемдік революцияның іске аспай қалуы сияқты себептермен коммунистік идеялардан кейін шегіне бастады. Ұлттық элита өкілдерінің большевизмнен сырт айналып, ұлт мәселесіне ден қоюының шынайы себебі Ресейдегі түркі халықтарының арасында революцияның жетекші әлеуметтік негізі пролетариаттың аздығы немесе мүлдем жоқтығына байлайысты өрбіген саяси пікірталаста айқындалды. Большевиктер жағына шыққан ұлттық элита өкілдері Кеңес өкіметінің «пролетариат диктатурасын орнату мақсаты және ондай жағдайда тек ресейлік большевиктік партия атымен орыс пролетариатының ғана диктатурасы орнауы мүмкін деген ұстанымды мойындады. Мәселеге айқындық беру үшін сол кезде Шығыс халықтары арасында революциялық күрестің ең алдыңғы шебінде көрінген татар пролетариаты мен большевиктерінің саны жөнінде М.Сұлтанғалиевтың пікіріне назар аударайық. Ол былай деп жазады: «Батыс Еуропалык ұғымдағы яғни білікті жұмыс күші, ұлттық-ұйымдасқан жұмыс күші түріндегі пролетариат болған жоқ. Түркі-татар коммунистері революция кезінде ғана өмірге келді. Олар көбіне коммунистік партияға таптық күрес және таптық революция ұрандары үшін емес, тек ұлттардың өзін-өзі билеу ұрандары үшін ұсақ енбек интеллигенциясы арасынан шыққан кездейсоқ адамдар еді».2 Шығыс коммунистерінің саяси серкесі бұл сөзді өзінің бай тәжірибесіне сүйеніп айтып отырғаны белгілі. Оның осы сөздері арқылы ұлт коммунистері үшін ең жоғары саяси құндылық әлеуметтік теңдік емес, ұлттардың өзін-өзі билеу, тәуелсіздік екендігі ашық айтылды.
Осындай саяси құндылықтарды ұлықтаған ұлт зиялыларының коммунистік партия қатарына өтуге деген ұмтылысына большевиктік басшылық басқаша баға береді. Мысалы, РК(б)П ОК Кавказ бюросының пленумы (3 маусым 1921 ж) қарарында «Үкіметтік партия ретінде коммунистік партияға пайдакүнемдік, мещандық және интеллигенттік ұлтшылдық рухын арқалаған пролетариатқа жат элементтер ұмтылуда»1 деген пікір тұжырымдалды. Түркомиссияның да пікірі осы саяси тұырымнан алыс емес болатын.
Кеңестік билік ұлт аймақтарындағы дәтүрлі қоғамдық жүйені патша отаршылығы кезіндегіден де күрделі дағдарысқа алып келді. Соған байланысты қоғамның жаңа жүйеге сәйкестенуі этникалық санадағы түбірлі өзгерістерді талап етті. Ал жаңа қоғамдық жүйенің маңызды кұрауышы ретінде саяси құндылықтар Түркістан жағдайында қандай жолмен болса да билікке ұмтылған ұлттық элитаның әрекетін реттеуге ықпал жасағанын аңғарамыз. Ұлттық тәуелсіздік, әлеуметтік теңдік, сөз, ождан бостандығы сияқты демократиялық құндылықтардың субъектісі ретінде ұлттық саяси элитаның өзі құрылымдық-мазмұндық сапаларын жаңалаумен бірге ұлттық мүддені көздеген саяси ұрандар қалыптастыру және насихаттау арқылы бұқаралық санаға ықпал жасай бастады. Кез-келген мемлекет пен халықтардың тарихында әлеуметтік қызметке соны серпін беріп, түпкі нәтижеге елеулі ықпал жасаған саяси, діни, демократиялық құндылықтар аз емес. Соның мысалы ретінде бір кездері протестанттық құндылықтардың нарықтық қатынастарды қалыптастырудағы рөлін атауға болады.
Әлемдік деңгейде болмағанымен Түркістан жағдайында осындай ұлттық құндылықтар да белгілі шамада идеологиялық мазмұнға ие болды. Үлкен әлеуметтік топтардың, этностардың түпкі мүддесін танытатын идеялардың жүйесі ретінде идеологияны қалыптастыру, насихаттау және іске асыруда ұлттық элита әлеуметтік әртектілігіне қарамастан кеңестік билікке балама позиция ұстанды. Отаршылыққа, кеңестік билік тұсында большевиктік өктемдікке қарсы тұғырнамада ұлттық маңыз алған саяси құндылықтар негізінде орныққан тұтастыққа көп ұзамай сызат түсті. Түркістан қозғалысындағы жәдиттер мен улемашылар, большевиктерге жуық иттифоқшылар мен «үшжүздіктер» және Алашорданың Оңтүстік бөлігі түріндегі саяси ағымдар билеуші ұйымға айналған Түркістан компартиясының қызметіне ықпалын тигізбей қалған жоқ. Осы ағымдардың өкілдері мүше болып енген ұйымның ұлт мүддесін көздеген қызметін РК(б)П ОК қатты сынға алды. «Түркістан компартиясы өзгерген жағдайды, партиялық жұмысты соған сәйкес жүргізуді ескере алмады, ол өз жұмысының бар ауыртпалығын әлдеқашан шешілген және мәнін жоғалтқан отаршылық туралы әңгімеге бұра береді. Компартия бұрынғыдай үздік пролетарлық және жартылай пролетарлық элементтерді өзінен бездіретін берекесіз қызметтің, топаралық күрестің алаңы болып отыр».2 РК(б)П ОК 27 қыркүйек 1922 ж. Түркістан компартиясына жолдаған хатта айтылған бұл мәселе ұлт коммунистерінің қызмет қырларын толық ашып бере алмайды.
Ұлттық құндылықтар ретінде отаршылыққа қарсы көңіл-күйдің кеңестік билікке қарсы сипат алуы партиялық саясаттың алысты болжаған мақсатты бұрмалауымен ұлт коммунистерінің топаралық күресі ретінде бағаланды. Бұл баға Орталықтың ұлт коммунистеріне коммунизм идеяларына шексіз беріле алмайды деген сенімсіздігінің көрінісі еді. Осы сенімсіздік кеңестік биліктің нығаюы барысында ұлттық элита өкілдерін ұлт мүддесін кеңестік құндылықтармен ұштастыруға жасаған әрекеті үшін солшылдық пен оңшылдыққа, ауытқушылық пен ұлтшылдық сияқты айыптаулармен саяси қуғындауға негіз болды. Кеңестік билік осылайша қоғамдық дамудағы өзі мойындағысы келмегеп ұлттық құндылықтардың өмір сүру құқы түріндегі ақиқатты түрлі саяси айла-шарғылармен бүркемелеуден оны ашықтан-ашық терістеуге қарай ойыса берді. Большевиктік биліктің ұлт саясатындағы бұл бетбұрысы қоғамды тоталитарлық жүйеге итермелеген басты факторлардың біріне айналды.
Жаңа экономикалық саясат жағдайында ұлттық саяси элита өзінің қоғамдық-саяси қызметін біршама жандандыра алды. 1922-1923 ж.ж. партиялық және мемлекеттік билік құрылымдарында жоғары лауазымдарға қолы жеткен ұлт коммунистері кеңестік биліктің ұлт саясатына наразылықтарын ашық білдіре бастады. 1922 ж. соңында Т. Рысқұловтың алғысөзімен «РК (б)П Мұсбюросы Түркістанда» деп аталатын кітапша жарық көрді. Осы жылдың 21 желтоқсанында қабылданған арнайы қаулымен РК(б)П ОК ұлттық саяси элита өкілдерінің кітапшада көтерген идеяларын «РК(б)П Мұсбюросын қалпына келтіру идеясын орнықтыру әрекеті» деп бағалады. Өз кезінде партиялық құрылыста жергілікті халықтар үшін маңызды рөл атқарған Мұсбюро Орта Азияның барлық комунистері мен еңбекшілерін интернационализм қағидалары төңірегіне біріктіру мақсатына кедергі жасайды деп топшыланды. Содан да РК(б)П ОК Ортаазиялық Бюросына интернационализм қағидаларын мүлтіксіз іске асыруды ұсынып, Рысқұловқа партияның теориясы және практикасымен сыйыспайтын идеяларды дәріптегендігі бетіне басылды.1 Т. Рысқұлов бұл жолы партиялық биліктің қаһарынан жеңіл үркітумен құтылғандай болды.
Экономиканы ырықтандыру әрекетімен бірге саяси идеологиялық ахуалдың да біршама демократиялық сипат алуына байланысты жандана түскен ұлт коммунистерінің белсенді әрекетінен қауіп ойлаған партиялық басшылық республикалық партия ұйымдарындағы ауытқушылық аталуымен күресті күшейту мақсатында ұлт коммунистерінің ІV кеңесін ұйымдастырды. РК(б)П ОК мен ОБК 26 мүшесі мен мүшелікке кандидаты, ұлт республикалары мен облыстары партия ұйымдарының 58 өкілі, сонымен бірге Наркомнац, Коминтерннің Шығыс бөлімінің жауапты қызметкерлері қатысқан Кеңестің саяси өкілеттігі барынша жоғары болды. Бұл Кеңеске Түркістан ұлттық саяси элитасының алдыңғы қатарлы өкілдері Қ.Атабаев, А.Икрамов, С.Қожанов, А.Рахымбаев, Т.Рысқұловтар бастаған қайраткерлер тобы қатысты.
РК(б)П ОК партиялық форумға қатысты ұйымдық және саяси мәселелерді бірнеше рет талқылады. 24 мамырда кеңеске қатысушылардың тізімі бекітілсе, кеңес басталар қарсаңында Саяси бюро Секратариат ұсынған РК(б)П ОК тұғырнамасын бекіткен болатын. Осы саяси құжатта кеңестің алдында тұрған басты міндеттердің бірі былай тұжырымдалды: «Партияның түбірлі мақсаттарының бірі ұлттық республикалар мен облыстарда жергілікті тұрғындардың пролетарлық және жартылай пролетарлық элементтерінен жас коммунистік ұйымдар дайындау және дамыту, бұл ұйымдардың аяғынан тұрып кетуіне жан-жақты көмек көрсету, шынайы интернационалистік коммунистік тәрбие беру, бастапқы кезде аз болса да шынайы интернационалистік коммунистік кадрларды топтастыру».1 Демек ІV Кеңесте партиялық биліктің алға қойған басты міндеттерінің бірі орыс емес халықтардың өкілдерінен сыннан өткен интернационалист кадрларды дайындау болғандығы айқын аңғарылады. Бұл тұжырымның астарында бұғып жатқан үлкен саяси мақсат – большевиктік басшылық ұстанған шовинистік, кеудемсоқ саясатқа қарсы ұлттық элитаның әрекеттерін ұлтшылдық-ауытқушылық деп бағалап, ұлтшылдық ой-пікірлерді пролетарлық интернационализммен алмастыру болатын. Кеңестің басты міндеттерінің бірі ұлтшылдық идеологиясының ірі теоретигі М.Сұлтанғалиевті идеялық тұрғыдан талқандау болды. Сценарийін Сталиннің өзі жазған бұл саяси ойынның нәтижесі белгілі. Соның бір көрінісін саяси ойынға ұлттық мүдденің қорғашысы болып қатысқан Т. Рысқұловтың ойыннан айыпкер болып шыққандығынан көреміз.
ІV Кеңес шешімдері Түркістан КП ОК пленумында (28 шілде 1923 ж.) талқыланып, ХІІ съезде ол шешімдердің «Түркістан жағдайында партия жұмысын анықтау және одан әрі дамытуда негізге алынуы тиіс» 2 екендігі атап көрсетілді. Дегенмен, республика партия ұйымы басшылығының күшпен қабылдатқан бұл шешіміне наразы ұлттық саяси элитаның бір топ өкілдері РК(б)П ОК-не хат жолдап, «...жергілікті халық революцияны тек жерге қатысты деп қабылдады, ...белгіленген іс-шаралар іске асырылмады, іске асырылса да бір ғана ұлттың (өзбектердің) мүддесін көздеді және осы ұлттың ауқатты билеушілерін қамтыды»3 деген тезисті алға тартты. Хатта көтерілген мәселелерді қолдаушылар еңбек ұжымдарымен өткізген кездесулерінде ТКП ОК ұлт саясатын аяусыз сынады. Ұлттық саяси элитаның қандай әрекетін болса да жіті қадағалап отырған Ортаазиялық бюро 1923 ж. 13 желтоқсанында бұл топтың әрекетін ұлтаралық қатынасты шиеленістіру, кеңес өкіметіне зиян келтіру деп бағалаған шешім қабылдады.1
Ұлттық элита арасында топтық күрестің кең етек алуының терең саяси-әлеуметтік астары бар еді. Ұлттық мүдделерге топтасқан элитаның аса ірі тобы кеңестік билікке елеулі қауіп төндіретін күшке айналды. Қауіптің алдын алуға байланысты Түрккомиссия, кейіннен Ортаазиялық Бюро отаршыл биліктің сыннан өткен «бөліп ал да билей бер» идеясы бойынша әрекет жасап, түркістандық бірлікке жол бермеу бағытын ұстанды. Бұл бағытта жүргізілген саяси қитұрқылық шаралары республикадағы ұлттық теке-тіреске дейін ұласып, ұлттық-аумақтық межелеу кезінде этноэлиталық топтар арасындағы өткір саяси күреске ұласты. Оның есесіне жекелеген саяси топтардың мүддесіне біріккен топшылдық большевиктік билікке аса көп қауіп төндіре қоймады. Бұл топтардың алдын-ала дайындаған саяси бағдарламасы болмағанымен өздеріне лайық ұрандары мен мақсаттары болды. Жекелеген ұлтшылдық күштердің дем беруімен әрекет жасаған бұл топтар билікке ұмтылу, жауапты қызметтерге өз жақтасарын орналастыру сияқты әрекеттерімен танылды. Содан да осы сипаттағы топтардың күресі әсіресе, жергілікті және орталықпартия, кеңес органдарын сайлау, басшы кадрлар жасақтау кезінде өрши түсетін. Топшылдықтың ең басты қаупі, олардың тұтас партия ұйымдарын өз ықпалына тартып, идеялық сенімсіздік түрінде ішкі партиялық күреске айналуы еді. Бұл саяси құбылысқа С.А. Назаров былай баға береді: «Топшылдық күрес республиканың экономикалық және мәдени дамуына елеулі тежеу болды, коммунистерді социалистік құрылыстың кезек күттірмейтін міндеттерінен алаңдатып, партия қатарының бірлігіне орасан зор зиян келтірді».2
1921 ж. желтоқсанында облыстық, губерниялық партия комиттері хатшыларының кеңесі шақырылып, РК(б)П ОК топтық күрестің принципті емес сипаттағы мәселелер бойынша ұрыс-керіс пен дау-жанжал өрбітіп және оған партия бұқарасын тартуы «партияны жікке бөлуге бағытталған ауыр қылмыс» деп сыныпталып, оған кінәлілерді қатаң жауапкершілікке тартуды талап етті.3 Дегенмен, әлеуметтік тамыры терең бұл саяси құбылыс жойылып кете қойған жоқ. РК(б)П ОК ақпараттық есептерінің бірінде Сырдария және Жетісу облыстық ұйымдарының кейбір партия мүшелері топшылдықпен айналысып кеткені соншалықты бай-манаптарды қолдап және қуттап, экономикалық тұрғыда нығая түскендігі анықталғанын жазады. Бұл күрес ұлттық-мемлекеттік межелеу кезеңінде барынша шиеленісіп, оны шешуге 1924 ж. жазында РК(б)П ОК тікелей араласуға мәжбүр болып, Әулиеата, Шымкент уездері мен Арыс аудандарындағы топтық күреске белсене араласқан жауапты қызметкерлерді өз қарамағына шақырып алған.1
Қазақстандағы топшылдықтың қызығына да, шыжығына да белшесінен батқан, өзін осы топшылдықпен күрестің аса ірі білгірі санаған Ф. Голощекин 1926 ж. сөйлеген сөздерінің бірінде былай дейді: «Топшылдықтың себебі неде?.. Біреулер руды, екіншілері ауданды, үшіншілері интеллигенцияны кінәлі деп атайды, төртіншілері топшылдықтың себебін өнеркәсіптік пролетариаттың жоқтығынан көреді және т.б. Біріншілер де, екіншілер де, үшіншілер де дұрыс, бірақ жекелей алғанда емес. Оның негізгісі, біз көріп отырғанымыздай, бұқарадан қол үзу-міне, мәніс қайда?».2 Бұл жерде кәсіпқой революционердің ұлттық қызметкерлер арасындағы топшылдықтың сыртқы түрін біршама дәл анықтап отырғандығын айта кетуіміз керек.
Билік құрылымдарының қызметтеріне араласқан ұлт кадрларының теориялық және интеллектуалдық дайындық деңгейінің төмендігі, саяси жұмыстардағы тәжірбиесіздігі оларды отарлық әкімшілік жүйесінде қалыптасқан жағымсыз дәстүрлерге жүгініп, оны кеңестік билік жағдайында түрлендіріп пайдалануға итермеледі. Бұл жағымсыз көрініс элита қалыптасуындағы инкубациялық кезеңге тән белгілер еді. Ұлттық мүддеге тиімді даму, басқару әдіс-тәсілдер жүйесін іздестіруге қызмет еткен топшылдықтың мәні Голощекин анықтағандай, «бұқарадан қол үзу емес», қайта біртұтас ұлттық сана қалыптасып үлгермеген бұқараның жекелеген саяси, әлеуметтік жіктерінің кеңестік билікке деген көзқарасы мен қатынастарын білдірумен ерекшеленетін. Саяси элитаның кемелденуі барысында ұлттық идеяларға топтасып, қуатты күшке айналатын бұл қозғалысты ыдырату мақсатында партия органдары ондай топтардың жағымсыз сипаттарын жасанды түрде өршітті. Жоғары органдар кейде ашық, кейде жасырын өршіткен топшылдық күрестің бұл белгілері партия құрылысынан да бұрын ұлттық топтасу мүддесіне көбірек кедергі келтірді. Осыған байланысты Т.Рысқұлов «Түркістанның жергілікті қызметкерлері арасында топтық күрес неге жасанды түрде қуатталды (мысалы, Бүкілтүркістандық ХІІ Кеңестер съезі және одан кейін), мысалы, ОК Ортаазиялық бюросы тарапынан болса да» деп партияның топтық күресті өршітуге қатыстылығын жақауратып болса да айтып өтеді. Одан әрі «Егер әртүрлі ағымдардың пікірлерін салыстыру, дұрыс жолды табу үшін әр шет аймақта бірнеше топтың болғаны пайдалы болса және егер бұл белгілі бір саяси жүйе болса, онда бұл іске кейде партияда үлкен рөл атқаратын сауда капиталы агенттері мен түздік байлар неге тартылады?» - деген сұрақ қоюы арқылы мәселенің таптық сипатына назар аударады. Т.Рысқұлов қалыптасқан жағдайдың оңтайлы шешілуіне байланысты нақты ұсыныс жасаудан тартынған жоқ. «Неге ондай оппозицияны өз табымыз-жұмысшылардан жасақтамасқа. Бұл әлдеқайда түсінікті және табиғи болар еді. Оның есесіне нағыз жұмысшылар, мысалы, өзбектер арасында, өзбек сауда капиталының ерекше құлдығында отыр»1 деп практикалық маңызы зор ұсынысын Түркістандағы қалыптасқан топшылдық күрестің салдарымен дәйектейді. 1924 ж. қаңтарда өткен ТКП ХІІ съезінде Т.Рысқұлов Халкомкеңес төралығынан босап, Түрікатком мүшелігіне сайланбай қалады. Рысқұловты Түркістаннан ығыстыруды ойластырған РК(б)П Ортаазиялық бюросы бұл мақсатқа топшылдық күресті пайдаланды. Тұрардың айтуы бойынша, «маған мына үштік одақ: өзбек саудагерлері, аудармашылар және Алашорда ұйымы қарсы шықты деп есептеймін».2 Бұл топшылдық күресті Орталықтың өз мүддесіне пайдалануының алғашқы ірі мысалы ретінде тарихи танымда өз бағасын алуы тиіс дәйек.
Партиялық басшылық ұлт саясатын басқаруда осындай тәсілдермен ұлт зиялылары арасындағы топшылдықты өз мүддесіне шебер пайдалана білді. Осы мәселеге байыпты талдау жасай отырып М. Қойгелдиев «Қазақстандағы саяси ахуалға Орталықтың білек сыбана араласуына жол ашып берген себептердің бірі және бірегейі – ұлттық интеллигенция арасындағы өзара алауыздық. Сыртқы түрі рушылдық, жершілдік сияқты феодалдық сипат алған бұл топаралық күрестің түптеп келгенде, негізі қызмет үшін талас жатқан болатын. Өкінішке орай, құжаттардың көрсетуіне қарағанда топаралық күрестің өршіп отыруына ресми орындар да түрткі болған»3 деп баға береді. Ал кезі келгенде бұл топшылдық құбылысқа саяси айдар тағып, оған қатысқан ұлттық саяси элита өкілдерін жазықты-жазықсыз қудалау құралы ретінде де пайдаланды. Т.Рысқұловтың саяси күрестегі ұстанымдар жүйесіне осы тәсілмен «рысқұловшылық» деп айдар тағылды. Сол сияқты Қазақстанда үлкен саяси айыптауларға ұласқан «Қожанов тобы» шын мәнінде ұлттық элита құрамын ұлттық мәселелерден шеттетуге бағытталған саяси даңғаза еді. Кеңестік қоғамда ресми билік топшылдыққа қатысты: «Сәдуақасов, Ходжанов, Мыңбаев және басқалардың тобы шын мәнінде және күрес әдісі бойынша ауылдағы ауқатты топтардың ықпалын бейнелейтін әрекеттегі топ екендігін көрсетті...», «20-жылдардың басынан бастап республикада басты қызметтерде болған С. Ходжановтың тобы да осындай ұлтшылдық позицияда болды.., Ходжановтар негізінен «Ақ жол» газетінің төңірегіне топтасып, онда өздерінің ұлтшыл-уклонистік көзқарастарын жарнамалады»4 деген ұстанымда болып, ұлттық идеялардың қалыптасу негіздерін бұрмалады. «Ақ жол» газетіне қатысты Сталиннің хатына байланысты қабылданған партиялық шешімнің ықпалы ұлттық элитаның саяси қызметіне берілген теріс бағаны қоюлата түсті.
Б.Аралбаевқа партия қатарынан шығарылғанында «Ұзақ уақыт бойы топшылдыққа қатысқан» деген айып тағылған. 19 тамыз 1929 ж. өзін партия қатарына қайта қабылдау жөнінде жазған өтінішінде топшылдықтың қалыптасуы, қызметінің сипаты жөнінде кең көлемде мәлімет береді. Бұл құжаттың саяси қысым жағдайында жазылғандығын ескерер болсақ, ондағы ақпараттың бәрін шынайы деп қабылдауға болмас еді. Дегенмен, құжатта айтылғандарды өзге мәліметтермен салыстыра қарастырар болсақ, онда Түркістандағы қазақ саяси элитасының өкілі ретінде оның айтқандарынан бірқатар мәселелерге айқындық табамыз. Ол «Түркістанда қазақ қызметкерлері арасында «қожановшылар» және «рысқұловшылар» деп аталатын екі топ болды. Сірә, қандай да бір топқа қосылмаған бірде-бір қазақ қызметкері болмаған да уақыттар болған деп айтсам қателеспейтін болармын. Ол кезде ТКП ОК сияқты РК(б)П ОК Түркбюросы да топқа қосылуды үлкен айыпқа санамағандығын айтуым керек, керісінше Түркбюроның жекелеген мүшелері топтық сипаттағы жабық жиналыстарды басқаратын. Мысалы, РК(б)П ОК Түркбюросының мүшелері Сафаров пен Томский жолдастар Түркістан Компартиясының VІ съезі кезінде солай жасады. 1921 немесе 1922 жылы болуы керек, РК(б)П ОК Түркбюросының төрағасы Томский жолдас Қожановты Түркістан ОК құрамынан шығарып тастау үшін топшылдық жиналыс шақырды. Ал ж. Сафаров та Қырғызағарту ғимаратында қожановшылардың жиналысын өткізді» деп жазады. Бұл сөздер Г.Сафаровтың алашордашылармен идеялық тұрғыда жақын қарым-қатынаста болғандығын тағы да айғақтайды.
Аралбаевтың көрсетуі бойынша Ташкентте топшылдыққа қатысқандығы үшін партиядан шығарылған жағдай болмаған, есесіне топ көсемдері айыпкер болып, қызметтен босаған кезде оның ізімен тобындағылардың бәрі де қызметтерінен босап, бір топтан екінші топқа өтіп кететін «епті қашқындардан» басқасы қуғындауға ұшыраған. Оның айтуына қарағанда «Қожанов тобы Ташкентте 1920 жыл мен 1925 жылдардың аралығында жекелеген тыныштық кезеңдерін айтпағанда (1922 жылы Рысқұловтың ТАКСР ХКК төрағасы болып келген кезі) билеуші топ болды да ешқандай қуғындауға ұшырамаған». Ол осы сөздері арқылы Түркістандағы топшылдыққа да біршама айқындық беруге тырысады.
Рысқұлов пен Қожанов тобының айырмашылығы туралы «Менің пікірім бойынша шын мәнінде ешқандай айырмашылық болмады және болған да жоқ: Қайсысы болса да басшылық үшін күресті, бұл мақсаттарын іске асыру үшін шынайы берілген адамдарды өздеріне тартты және алғашқы мүмкіндікте-ақ оларды уездік атком төрағалығы мен уездік партия комитеті хатшылығына және т.б. қызметтерге жоғарылатты. Қысқасы, оларды бұқараны игеруге қызмет жасайтын лауазымдарға қоюға ұмтылды» дей келіп, «Қожанов тобының және топтық күрестің негізгі мәні неде? Менің жеке өз басым оның мәні ең алдымен партия комитетінен тыс және кейіннен соның бекітуі арқылы портфель бөлісу деп түсінемін.
1925 жылдың өзінде ж. Голощекин топшылдыққа байланысты сөйлеген сөздерінің бірінде былай деген «Орталық Комитеттің Есепкеалутаратуынан (бөлімінен) басқа үйдегі Есепкеалутарату (бөлімі) бар». «Үйдегі Есепкеалутаратуды» Қожанов та қолданды, барлық жеке мәселелер партия комитетінде талқыланғанға дейін Қожановтың сүзгісінен өтетін. Облатком төрағасы болып тұрған кезеңде менің өзім жеке мәселелерді онымен алдын-ала келісіп барып, содан кейін ғана тиісті органдардың талқылауына ұсынатынмын»1 деп топтық күрестің тактикалық тәсіліне өз қызметінен нақты мысал келтіреді.
Партиялық жұмыста кең өріс алған топшылдықтың сырын оның әлеуметтік негізінен іздеген де мәселеге қатысты ақиқатқа сәуле түсіреді. Мысалы, Ұ.Құлымбетов 1926 ж. қазан айында Өлкелік Бақылау комиссиясына жазған хатында 1919-20 жж. Қазақстандағы партия ұйымдарының құрамын негізінен интеллигенция, интеллигенцияның біліксіз төменгі тобы және аз санды жұмысшылар мен шаруалар құрады деген пікір айтады. Одан әрі интеллигенцияның құрамы «а) бывшие народные учителя б) бывшие переводчики и письмоводители царских чиновников в) сыновья баев и влиятельных лиц (казаков), только что окончившие или учившиеся в средних и высших учебных заведениях г) участники национальной партии «Алаш-Орды». Плюс к этим разношерстным элементам совершенно политически неграмотные, но революционно настроенные рабочие и сыновья трудящихся из категории, так называемых, недоучек»2 сияқты элементтерден тұратындығына баса мән береді.
Республикалық басшылықтың жоғарғы эшелонында қызмет істеген Ұ. Құлымбетовтың 1925 ж. кейінгі кезеңдегі топшылдыққа берген бағасы мынадай: «В связи с присоединением трех южных районов и отходом Оренбургской губернии, наша организация изменяет свою физиономию, именно вливаются коммунисты с разделением на 2 группы (для ясности назову их вождей), Ходжановской группы и второй Рыскуловской. Не беру смелость точно характеризовать, но должен заявить (помоему мнению) эти две группы не имеют принципиального разногласия, а вели борьбу за портфеля и за первенство Ходжанова или Рыскулова, а идеологически они оба были одного происхождения... В последнее время есть, правда, зафиксированное мнение тов. Рыскулова взятой им линии, но это заставляет нас пожелать провести это на деле, а у Ходжанова своеобразная программа, которую, я лично, не смог понять, но одно понятно: «работай для казаков», конечно, это тоже есть отход от линии партии».3 Оның бағалауымен толық келіспегенімізбен де Қожанов тобының ұлтшылдық бағытына қатысты тұжырымы күмәнмен айтылса да мәселеге нақтылық береді.
Сол кезеңнің өзінде партия-кеңес қызметкерлері тарапынан топшылдықты ұлттық және таптық мүддеден туындайды деген пікірлер айтылмай қалған жоқ. Бұндай батыл пікірлерді теріске шығара отырып, Өлкелік Бақылау комиссиясының сұрауына 1926 ж. 12 желтоқсанында М. Қайыпназаров былай деп жауап қайтарады: «Некоторые т.т. склонны объяснять наличие группировок влиянием родовых, межнациональных и территориальных отношений на работников. Правда, бываеть случай особенно на местах, когда можно обьяснить группировку этими моментами. Но группировку краевого актива этими моментами объяснить нельзя. Она объясняется тем, что я говорил выще т.е. борьбой между собой за первенство, за власть, за влияние и т.д.». Ол осыған байланысты жергілікті жерлерде «қоныс аударушылардың жаңа толқынын болдырмау үшін» орыстарға қарсы және қазақ жерін тартып алушыларға қарсы «барлық қазақтар бірігіңдер» деген ұрандарды топшылдардың «көсемдері» топшылдық мақсаттар үшін көтеретіндігіне тоқталады. Сонымен бірге топшылдықтың әлеуметтік негізіне М. Қайыпназаров мынадай сипаттама береді: «Группировщикам можно дать такую характеристику что они большей частью социально чужды нам люди и большей частью служилцы Николаевского времени, они находятся под влиянием Алаш-Ордынск. нац интеллигенции и казакского байства отражая их идеологию в партий».1 Ол өзінің осы тұжырымын олардың арасында топшылдыққа кездейсоқ тартылып жүргендер де болуы мүмкін, оларды қайта тәрбиелеуге болады деген сөздермен аяқтайды.
Өлкелік Бақылау комиссиясының 1926 ж. қыркүйектің 21 күнгі сұратуы бойынша А.Лекеров «БК(б)П қазақ ұйымдарындағы топшылдықтың пайда болу себептері және оларды жоюдың тәсілдері» деген тақырыппен көлемді жазбаша мәлімет дайындаған. Ол топшылдық күрестің сырын тура мағынасында ұлттық және таптық идеялардан іздейді. «1917 ж. соң ұлтшыл-интеллигенттердің басқаруымен ұлтшылдардың партиясы және «Алашорда» үкіметі құрылды, ақпан және қазан төңкерісі аралығындағы қоғамдық қозғалыста олардың идеологиясы үстем болды, қазан төңкерісінен соң қазақтардың арасынан революцияны қолдаушылар шықты – дей келіп, – Қазақ-большевиктердің саяси тұғырнамасы алашордашыларға мүлдем қарама-қарсы позицияда болды, осылайша бір-біріне жауыққан қарама-қарсы екі саяси топ құрылды. Қазақ қоғамында бұрыннан тамыр жайып қалған және дәстүрлі байланыстары мықты алашордашылардың салмағы большевиктерден басым болды» деген қорытынды жасайды. Оның тұжырымы бойынша алашордашылардың «қазақ халқының мүддесі», «ұлттың мүддесі» дегендері бос сөз, бөспелік, бетперде ғана, шындығында олар үшін нағыз еңбекші халықтың мүддесі мүлдем жат болды, олар үшін тек қана байлардың мүддесі болды. Топшылдыққа таптық тұрғыда осындай саяси бірбеткейлікпен баға берген А.Лекеров «Алаш-Орда» умерла политическою смертью и похоронена в 1919-20 г.г. и с тех пор она является покойной»2 деген қорытынды жасайды.
Қазақ өлкесіндегі партиялық қызметте орын алған топшылдық әрекеттерге қатысты оның жасаған тұжырымдарынан жеке тұлғалардың атымен аталған «шылықтардың» бірінің сипаттамасын кездестіреміз. Ол 1920-1924 жж. аралығында саяси билік бұрынғы тілмаштар мен болыс басқарушылары тобының қолында болды дей келіп: «Группа переводчиков, управителей господствовало в течении 4-5 лет. Это было до некоторой степени неизбежно, закономерно, ибо в переходный трудный период, в период неразберихи всегда моментом пользуются грязные элементы и они выступают на сцену. Принципиалом и идеологом этой группы был Мендешев, поддерживаемый тогдашним секретарем Обкома ВКП (б) товарищ Корестелевым. Этот период по моему войдут в историю казакской организации, как эпоха Мендешева-Корестелева» деген тұжырым жасайды. Бұл тұжырым «меңдешовшіліктің» сырын ашуға бағытталғаны белгілі. Оның топшылдықтың қалыптасуы жөніндегі бағасы да қызғылықты. Осы мәселеге қатысты былай дейді: «Причину возникновения группировок можно формулировать так: внутренные и внешние противоречия Казакстана порождают разногласия, группировка есть борьба мнении и взглядов по принципиальным вопросам, при чем она переплетается с родовыми и национальными моментами, которые затушевывают вопрос и придают ему своеобразную специфическую форму».1 Таптық көзқараста жасалған Лекеровтың бұл тұжырымы қазіргі таным талаптарына сай таратуды қажет етеді. Әсіресе топшылдықтағы рушылдық фактордың әсеріне қатысты мәселе. Дәстүрлі қоғамда рулық қатынастар қоғамдық өмірдегі реттеуші, үйлестіруші тетік болғаны рас. Бірақ бұл үйлестіруші тетік кеңестік билік жағдайында іргесі сөгіліп, өзінің бұрынғы мәнінен айрылған еді. Ауылдық, болыстық, әрі кеткенде уездік деңгейдегі саяси үрдістерде белгілі дәрежеде ықпалын сақтап қалған рулық қатынастар ұлттық деңгейдегі мәселелерде шешуші мәнге ие бола алған жоқ. Алаш қозғалысының басшылары ұлттық идея төңірегінде тастүйін тұтастық танытуына дәстүрлі қоғамдағы рулық бөліністер ықпал еткен жоқ. Ал республикалық деңгейде орын алған топшылдық күрестерден рушылдық ықпалын іздеу қате болар еді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында таптық және ұлттық мүдде элиталық топтардың пайда болуы мен қызметінде басты үйлестіруші фактор болды. Олардың қызметінде қазақ қоғамын жаңыртудың тәсілдері мен түрлерін таңдаудағы көзқарас айырмашылығы билікке қол жеткізу үшін күреске ұласты. Демек, элиталық топтардың қалыптасуында партиялық билік басты мән беретіндей рулық қатынастар шешуші фактор болған жоқ, ол тек қосалқы мәнге ие болды.
Тіпті топшылдыққа қатысты Өлкелік партия комитетінің сауалына жауап берушілердің қатарында «Мы знаем, как на группировках отыгрывался всякий преступник и всякий идиот пристав к одной из группировок, тем самым прикрывая свою преступность, объясняя все что угодно «родовым» и «группировочными» моментами. Мы знаем, как из-за групировок стиралась грань между буржуазными националистами и коммунистами, нередко первые руководили, последили в их внутрипартийной борьбе. Так эксплоатировали партию и власти эта последняя категория лиц»2 деген ұшқары пікірлер де орын алды. Бұл пікірден аңғаратынымыз, партиялық билік ел ішіндегі азаматтық, қылмыстық құқықтармен шешілетін жайттарды да топшылдық күреске тықпалау арқылы Қазақстанда жүргізген саясатының саяси-әлеуметтік негізінің қасаңдығын танытты.
Голощекиннің Қазақстанда саяси ұйымдардағы топшылдық ағым ретінде кеңінен «насихаттаған» «қожановшылық» үшін Сұлтанбек Қожанов өзін саяси айыптаудан қорғап, 1927 ж. 12 ақпанында ВК(б)П Өлкелік Комитетіне арнайы хат жолдайды. Осы құжатта оның «Группировка в моей политической жизни, как указывал выше, являлась результатом моего активного реагирования на окружающую политическую среду, а отнюдь не плод моего личного творчества. Поэтому я с не меньшей категоричностью и торжественностью, чем любой из бывших группировщиков, как тт. Исаев, Садвокасов и другие, заявляю, что я всегда осуждал и ныне осуждаю группировки и всецело солидарен с решением Казкрайкома о группировках»1 деген мәлімдемесі топшылдық пайда болуының саяси тетіктеріне назар аударуға мүмкіндік береді. Солай дей отырып С. Қожанов өткен уақытта өзінің де топшылдыққа қатысының болғандығын, топшылдықтың Қазақстанның мүддесі үшін зияндығын алғашқылардың бірі болып «айғайлап» айтқандығын еске салады. Сонымен бірге топшылдықтың өзі республика партия ұйымы басшыларының бірі болған кезінде жойылмағандығы «менің кінәм емес, ол менің сорым: өйткені беделді басшы болмады» деп мәлімдейді. Қожановтың «беделді басшы болмады» деген сөзі одан әрі тарқатуды қажет етеді.
Қазақстандағы топшылдық күрестің сипаты және салдары туралы оның өзі былай дейді: «В такой обстановке группировки были неизбежны, и они в Казахстане приняли форму узаконенного метода партийной работы. Об этом очень многое могли бы рассказать тт. Ежов и Нанейшвили, все руководящее влияние которых тогда было построено главным образом на учете соотношений групп и умелом "сбалансировании" групп. Я всегда протестовал против узаконения групп, но это всегда невольно принимало форму требования монопольного господства своей группы, поскольку на деле выходило, что я сам руководил одной из групп. Не хватало бесспорно авторитетного, без сомнения, вне группы и выше группы стоящего руководителя. Об этом в своем письме на имя т. Сталина и т. Куйбышева 6 июня 1925 г. я писал следующее: "По-моему основы работы должны заключаться в учете местных условий, выявлении нужд мест и обслуживании их, проводя в то же время без зигзагов общеполитическую линию партии, преподаваемую в директивах ЦК».2 Ол өз хатында топтардың арасында «Өлкелік Комитеттің тепе-теңдік ұстауы, тығылмашақ ойнауы және дипломатиялық сыпайылық жасауы жағдайында, сенімсіздік ахуалы мен қателіктерді таяқтың ұшымен және дөрекі тәсілдермен» топшылдықты жеңу мүмкін емес екендігін атап көрсетеді.
Қазақстандағы топтық күресті БК(б)П ОК қызметінде орын алған саяси күреспен салыстыруға болады. Орталықтағы және аймақтардағы билеуші саяси элитаның басым бөлігін «ескі гвардия» құрағанымен 1920 жылдан 1930 жылдардың басына дейін биліктің жоғарғы эшелонының өз ішінде жікшілдік сипатты белгіге айналған. Мемлекеттің өмір сүруіне қауіп төндіреді деген бұндай жікшілдікті жою үшін басқару аппаратын тазарту қажеттілігі айқын сезілді. Партияның Х съезінде (1921 ж.) «Партияның бірлігі туралы» қаулы қабылданып, онда партия қатарында фракция ұйымдастыруға тиым салынды, кез келген деңгейдегі сайланбалы орган басшыларын үштен екі дауыспен партия қатарынан шығаруға Орталық Комитет пен Орталық Бақылау комиссиясына құқық берілді. Съезд шешімдерінде экономикалық бағыт жұмсартылғанымен саяси тәртіп күшейе түсті. 1930 ж. Саяси Бюро құрамынан А.Рыков пен С.Сырцов шығарылғаннан кейін биліктің жоғарғы эшелонында тек басты бағытты жақтаушылар ғана қалды. Солай дей тұрғанымен де саяси элитаның ішкі құрылымы іштей топтасқандық сипат ала алмады, қайта ол саяси алыс-беріс жасайтын алыпсатарлар қауымдастығына көбірек ұқсады. Осыған байланысты В.Молотов Лениннің кезінде-ақ «Саяси Бюроның әрбір мүшесінің арқасында өз жақтастарының тобы»1 болатын еді деп еске алады. Осылайша жікке бөлініп тұрған жоғары басқару эшелонындағы бірлікті Лениннің беделі сақтап тұрғандай еді. Лениннің қазасынан соң билеуші номенклатураның арасындағы ішкі қарама-қайшылық күшейе түсті. Алғашқы кезде элитаішілік күрестің басты себебі елдегі модернизацияны іске асыру концепциясы және билік үшін күрес түрінде маңызды сипат алса, Саяси Бюро құрамы оппозициялық күштерден тазарған кезде бұл күрес асқынғанда ведомстволық мүдде үшін қақтығыспен шектеледі. Бұл жағдай биліктің жоғары эшелонындағы алауыздық және тартыс мақсаттарының ұсақтығы түрінде көрініс тауып, элита қызметінің тиімділігін барынша төмендетіп жібереді. Орталық биліктің қызметінде орын алған даму барысында айналып өтуге болмайтын бұндай саяси ахуал қазақ қоғамында жоғарыда айтылғандай топшылдық күрес түрінде барынша түрленіп, көрініс тапты.
Демек, ұлттық саяси элита өкілдерінің топшылдық күресінің мәні мен мақсаттарына берілген партиялық билік бағасының негізсіздігін әшкерелей келе осы саяси құбылысқа жаңаша көзқарас қалыптасуы қажеттілігіне көз жеткіземіз. Ол көзқарас топшылдықты саяси құбылыс ретінде кемшілік, жетістігімен бірге саяси элитаның кеңестік билік жағдайында ұлттық мүддені қорғауға бағытталған күрес тәсілі ретінде қарастыруға негіз болады.
АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНДАҒЫ «АҚ ЖОЛ» ГАЗЕТІНІҢ РӨЛІ
Түркістандағы ұлттық элитаның бастамашылығымен 1920-25 жж. ТКП ОК және Түркаткомның баспасөз органы ретінде жарық көрген «Ақ жол» газетіне С.Қожанов, С.Оспанов, Н.Төреқұлов, С.Асфендияров, М.Дулатов, И.Тоқтыбаев, Қ.Күлетов, М.Қайыпназарұлы, С.Сәдуақасов, Ж.Арыстанов, Ө.Тұрманжанов сияқты азаматтар бірі басшы, бірі қосшы болып, басшылық жасады. Бұл аталған азаматтардың бәрі дерлік алаштық идеяның туын көтерген ұлттық элитаның көрнекті өкілдері болатын. Олар өздерінің ұлттық тұтастықты ұлықтағын саяси көзқарастары, дәстүрлы мәдени-рухани құндылықтардан бастау алған қазіргі заманғы ілгерішіл дүниетанымы бойынша кеңестік билік жасақтаған партиялық-мемлекеттік номенклатураның өлшеміне сыймайтын еді. Олардың қазақы рухты бойына сіңіріп, жаңа қоғамда ұлттық құндылықтарды таптық құндылықтардан жоғарғы қойған бағыт-бағдары газеттің саяси-идеялық мазмұнын айқындады. Ал, газетте жауапты қызмет істеген М.Дулатовпен бірге Қ.Кемеңгерұлы, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Қ.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Мәшһүр Жүсіптің баласы Әмин Жүсіпов сияқты көптеген ұлтжанды қаламгерлердің тұрақты автор болып қатысуы да газеттің ұлттық өзегін нығайта түскені белгілі. Газет шын мәнінде Түркістандағы алаштық үлгідегі ұлттық элитаны топтастырушы идеялық орталыққа айналды. Осы газет арқылы көрнекті қайраткерлердің көтерген ұлттық идеялары Түркістандағы қалың қазақ бұқарасына жол тартып, қолдау тауып жатты.
Түркістанда «Ақ жол» газетінің халыққа кеңінен танымал болуы оның «Қазақ» газетінің ұлттық бағыттағы идеялық дәстүрін жалғастыруына байланысты деп білеміз. М. Әуезов 1923 жылы 4 ақпанда «Ақ жол» газетінде «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын»1 деп берген бағасын осы ізгі дәстүрлерді кеңестік билік жағдайында жалғастырған «Ақ жол» газетіне де қатысты айтуға болар еді. Төрт жылдан астам шығып тұрған газет таралымының жоғары болуы оның тілінің жатықтығымен ғана емес, газет бетінде көтерген мәселелерінің ұлттық мүддені ұлықтаған өткірлігінен, халықтың көңіліндегіні айтуынан еді.
Кеңес қоғамындағы партиялық әдебиетте мемлекеттік биліктің жоғары эшелонындағы ұлттық басқару элитасының қызметіне сыңаржақ бағалар берілген. Әйтсе де, ол бағалардың арасында ақиқатқа сәуле түсіретін тұжырымдар да кездеседі. Айталық, «Ходжановтар негізінен «Ақ жол» газетінің төңірегіне топтасып, онда өздерінің ұлтшыл-уклонистік көзқарастарын жарнамалады»2 деп топшылдыққа ұлтшылдық идеялардың негіз болғанына назар аударады. «Ақ жол» газетіне қатысты Сталиннің белгілі хатының ықпалымен жасалған бұл партиялық тұжырым ұлттық элитаның қызметіне берілген саяси бағаның өзегіне айналды. Осылайша «Ақ жол» газетіне кеңестік қоғам тарихшылары біржақты баға беріп, биліктің идеологиясы мәселені ұзақ жылдар бойы жабық тақырыпқа айналдырды.
Тарихшы ретінде Т.Рысқұлов қазақ басылымдарына мынадай баға береді: «кладет начало оформлению литературного казахского языка, очистки казахской литературы и языка от всех посторонных наслоений и т.д.», выступает против панисламистского уклона».1 Т.Рысқұловтың кейіннен ұлттық басылымдарға берген бұл бағасын өзгертуін Д.Аманжолова тарих ғылымында сталиндік көзқарастың орнығуынан туындаған шарасыз әрекет деп бағалайды. Әрине, Т.Рысқұловтың бұл әрекетінде аталған фактор басты рөл атқарғанымен «Ақ жол» газетіне қатысты ұстанымы оның коммунистік идеяға негізделген саяси көзқарасының ықпалынан туғандығына көз жеткізеді.
«Ақ жол» газетінің ұлтшылдық бағытын айыптап, өзінің саяси күресінің дәлелі ретінде пайдалануға Әліби Жангелдиннің жол салып бергендігі де тарихи дәйек. Осыған байланысты Д.Аманжолова мынадай деректі ұсынады: «Для таких же верных ленинцев-сталинцев и давних врагов Алаш, как А. Джангильдин, сам факт участие в демократической национальной печати небольшевистского направления служил верным доказательством контрреволюционности, о чем он доносил В.И. Ленину в апреле 1921 г., касаясь биографии Н.Тюрекулова и С.Ходжанова – руководителей Советского Туркестана».2
Ал Т.Исмағамбетовтың тұжырымы бойынша «Айқап» пен «Қазақ» газеттерінің арасындағы «өткір пікірталастың» барасында «Айқап» журналының барынша радикалды, сын көзқарасы мен «Қазақ» газеті редакциясының көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылық укладын біртіндеп қайта құруға негізделген барынша ұстамды көзқарасының арасындағы айырмашылық айқындала түскен. «Айқаптың» радикализмы оның редакторы және шығарушысы М.Сералиннің отырықшыландыруды жерсіз және жері аз қазақтарға жер бөліп беру арқылы шешу мәселесін қуаттаған ұлт зиялылары өкілдерін қолдаған позициясынан туындаған. Қоғамдық өмірдің мәселелерін шешудің осы радикалды және эволюциялық жолы кейіннен Ресейдегі 1918-1920 ж.ж. қазақ интеллигенциясының арасындағы және 20-жылдардағы қазақ коммунистерінің арасындағы күрестегі саяси межеленудің негізіне айналды3. Бұл тұжырымды ұлттық интеллигенцияның саяси межеленуінің бір ғана, онда да қосалқы сипаттағы мысалы ретінде қарастырған жөн сияқты. Әйтсе де, ол мысал ұлт зиялыларының қарама-қарсы лагерьлерге топтасып, тоталитарлық билік жағдайында аяусыз тартысқа түсуінің бастапқы тетіктерін айқындауға қызмет ете алады. «Айқап» пен «Қазақ» басылымдары төңірегіне топтасқан ұлт зиялыларының көзқарасы қазақ елінің болашағын айқындайтын тәсілдерді таңдауда екіге жарылған болса, кеңестік билік нығайған сайын ұлттық мүдде таптық мүддеге ойыса берді. Оның мәні, ұлттың өзін қанаушы мен қаналушыға бөлген кеңес қоғамының саяси тұғырнамасынан туындаған еді. «Бақытты қоғамда өмір сүруге тек жарлы-жақыбайлар ғана құқылы, жаңа қоғамда «қанаушыларға» орын жоқ. Міне, осы қағида ұлт зиялыларының қазақ қоғамын жаңалаудағы көзқарас айырмашылығын терең жарға айналдырды. Оның үстіне «социализм дамыған сайын тап күресі күшейе түседі» деген сталиндік тезис қазақ қоғамында ұлт зиялыларының арасындағы саяси тартыста барынша аяусыз сипат алды. Қазіргі тарихи танымда басы ашылып, айқындалуы тиіс тұжырым осы.
Осылайша Алаш қозғалысының кеңестік тарихнамасында «Ақ жол» газеті кеңестік билікке тартылған ұлт зиялыларын алаштық қайраткерлермен байланыстыра отырып, ұлтшылдыққа айыптаудың басты дәлелдерінің біріне айналды. И.Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы хаты алашордашылардың қызметіне баға беруде тоталитарлық биліктің саяси ұстанымдарын орнықтырды. Хатта негізделген ұстанымдар Алаш қозғалысы тарихнамасының теориялық-әдіснамалық негізін салып берді.
Осыған байланысты 1937-1938 жж. үлкен террорға дейінгі кезеңдегі Алаш қозғалысы тарихнамасында ұлт зиялылары М.Атаниязов, Ә.Байділдин, О.Исаев, І.Қабылов, Ғ.Тоғжанов, Ш.Тоқжігітов, Ә.Жанкелдин, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Х.Габилуллин, А.Кенжин және т.б. еңбектері мен мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалаларының бәрі бірдей сталиндік тәртіптің саяси қысымынан яки арнайы тапсырыспен жазылды деп үзілді-кесілді тұжырым жасау асығыстық болар еді. Аталған авторлардың көпшілігі қазақ қоғамының болашағын коммунистік мұраттармен байланыстырған, таптық-партиялық сенімдегі зиялылардың өкілдері еді. Олардың арасында таптық көзқараспен жазылған, теориялық дайындығы жоғары еңбектермен бірге, осы күресті желеу етіп мансапқұмарлық мақсатпен немесе жеке азаматтық қатынастары бойынша есе қайтаруды көздеген еңбектер де бар екендігі белгілі. Демек, тарихнамалық, деректанулық талдауды қажет ететін бұл деректер Алаш қозғалысының шынайы болмысын қалпына келтіруге септігі тиеді. Ал И.Голощекин бастаған А.К.Богачев, С.Брайнин, О.Исаев, И.Тимофеев, С.Мещеряков, Ғ.Тоғжанов және т.б. партиялық коменклатура өкілдерінің мақалалары мен еңбектері тарихи танымда И. Сталин хатынан кейінгі Алаш қозғалысы туралы ұстанымды орнықтыруға және онан әрі насихаттауға қызмет еткені белгілі.
Осыдан он жыл бұрын «Қазақ» газетінің материалдары жеке жинақ болып басылып шықты. Ал, әзірге «Ақ жол» газеті өзінің ізашары сияқты тұтас дереккөзі ретінде жан-жақты ғылыми танымның нысаны бола қойған жоқ. Бұл жағдай, әсте де газеттің еліміздің мәдени тарихындағы рөлінің, атқарған қызметінің төмендігінен емес. Кейбір зерттеушілердің зерттеу тақырыбына сай басылым беттерінен нақты деректер тауып, оған деректік талдау жасаған ғылыми ізденістері бар. Бірақ ол әрекеттер осындай ауқымды мұраны игеру үшін тым жеткіліксіз.
Осы мәселеге алғашқылардың бірі болып назар аударған академик С.Қасқабасов былай дейді: «тарихымыздың осынау қаралы беттерінде И.Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы хатының ел ішінде зобалаң туғызған сүреңсіз рөлі әлі де нақты айқындала қойған жоқ. Мұны терең зерттеу осы хаттың ауыр салдарына ғылыми баға беру тарихшыларымыздың үлесі».1 Ғалымның ұсынысын қуаттай отырып, мәселеге барынша айқындық беру үшін И. Сталин хатының салдарын емес, ең алдымен оның жазылу себебін анықтаудың ғылыми маңыздылығын айта кеткеніміз орынды болар.
«Қазақ» газеті 1918 жылдың 16 қыркүйегінде ең соңғы 265 санынан соң өз шығуын тоқтатты. Оның көп себептерінің ең бастысы кеңестік биліктің қысымы болғандығы белгілі. Ал 1920 ж. 18 сәуірден бастап жарық көріп, 7 желтоқсаннан бастап «Ақ жол» атымен шыға бастаған газет «Қазақ» көтерген алаштық идеяның жығылған туын іліп әкеткендей еді. «Ақ жол» – кеңес өкіметінің езілген ұлттарға теңдік пен бостандық беруге уәде еткен саяси мәлімдемесінен бұрын жаңа қоғамдық тәртіпте ұлт мүддесін қорғаған ұлттық элитаның саяси еркінің жемісі болатын. Осы тұрғыда қарастырғанда ұлттық-демократиялық және таптық-партиялық саяси құндылықтарды ұлықтауы бойынша жікке бөлінген екі жақтың мүддесі тоқайласқандай болғанымен, олардың қарым-қатынасында жақындасудан бұрын кейін аяусыз саяси тартысқа ұласқан жатырқаушылық әрекеттер басым түсіп жатты.
Екі газеттің жарық көрген уақыты мен қоғамдық ортасын салыстырар болсақ, «Ақ жол» газеті жаңа жағдайда ұлттық саяси ойды сапалық жаңа деңгейге көтере алды деп бағалауға болады. Өйткені, «Қазақ» газетінде көтерілген идеялар «Ақ жолдың» қызметінде большевиктік билік нығайған кеңестік қоғамның нақты өмір шындығымен бетпе-бет келіп, іс жүзінде сыннан өтіп жатты. Отарлық биліктің езгісінен ұлттық мүддені қорғап, саяси күрес майданына шыққан «Қазақ» газетімен салыстырғанда «Ақ жолдың» жағдайы бір жағынан жеңіл, екінші жағынан күрделі болды. Жеңіл болатыны, газет республикадағы саяси билік пен өкіметтің ресми органы болғандықтан оның материалдық-техникалық жарақтануы біршама жоғары болғаны рас. Оның өзі де баспасөз төңірегіндегі ұлтжанды азаматтардың жанқиярлық еңбегінің нәтижесі.
Газет жағдайының күрделілігі Түркістандағы қалыптасқан саяси ахуалдың қарама-қайшылықты сипатынан туындады. Өлкеде өз саяси қарсыластарын түрлі жолдармен ығыстырған большевиктер жеке дара билікке қол жеткізді. Ұлттық элитаның саяси күресінде басымдыққа ие болған түркілік, мұсылмандық, түркістандық бірлік идеялары бөздей сетінеп, этносаяси мүддеге қарай ойыса берді. Кеңестік билікпен келісімге келе алмаған ұлттық күштердің басым бөлігі басмашылық қозғалысқа бет бұрса, Түркістан ұлттық элитасының Мұстафа Шоқай бастаған үркердей тобы саяси мұғажырлық жағдайда коммунистік билікке қарсы бітіспес күрес бастады. Ал жаңадан қалыптасып келе жатқан паритялық номенклатураның ұлттық кадрлары саяси әрекетте таптық, интернационалдық талаптарды батыл қоя бастады да отарлыққа қарсы бірлікті таптық төзімсіздікпен алмастырды. Міне, осы саяси процестердің бәріне де «Ақ жол» газеті үн қосып, солардың арасынан ұлттық мақсат пен мұратты қалың бұқараға жеткізіп отырды. Осындай күрделі саяси ахуалда қиыннан жол тауып, халықтың үлкен сұранысына ие болған «Ақ жол» газеті өлкедегі алаштық элитаның қолдауына сүйеніп, кең тарауға мүмкіндік алды. Әйтсе де, газет үшін бұндай қолайлы жағдай тым ұзаққа созылған жоқ.
Өлкеде күшейе түскен большевиктік билік баспасөзге партиялық басшылық түрінде өз үстемдігін орнатуға бағытталған тегеурінді әрекет жүргізді. Осы партиялық бағытты топшылдықпен күрестегі өз мүддесіне ұтымды пайдаланған Т.Рысқұлов ұлттық бағыттылығы айқын «Ақ жол» газетін айыптайды. Оның 1924 ж. сәуір айында И.Сталинге жазған хаттарында «Ақ жол» газетіне қатысты келтірген деректері осындай тұжырым жасауға итермелейді. Т.Рысқұлов ұлттық элита өкілдерін «бірліктуылықтар», «алашордашылар», ұлтшылдар және контрреволюционерлер деп айыптауы арқылы 1924 ж. өзінде Түркістанда алаштық идеяның белсенді жұмыс жүргізгендігін куәландырып отыр. Ал қазіргі уақытта оның осы жазбалары тарихи құбылыстың сырын ашатын құнды дерек маңызына ие болды.
Ғылыми айналымға ұсынылып ортырған Т.Рысқұловтың деректетіне талдау жасау Алаш қозғалысындағы «Ақ жол» газетінің атқарған рөлін айқындауға қызмет етеді. Тарихи танымға тосын естілетін өткір дәйектердің Алаш қозғалысының тарихи болмысын қалпына келтіруге септігі тиеді. Халықтың жүрегіне жақын газетке ат қоюда коммунистер әлдеқандай коммунистік есім ұсынған, ал Жанша Досмұхамедов бастаған ұлтшыл тұлғалар қазақтар коммунизмді түсінбейді, содан да оған ақ та, қызыл да емес «Ақ жол» деген атау беруді ұсынады. Осы мәселеге қатысты Т. Рысқұлов “Ақ жол” яғни тура жол немесе жарық жол дегенді білдіреді, қазақтар, мысалы қырғыз дәруіштері-дуаналар ақ дегенді құдаймен теңдестіреді»1 деп партиялық билік пен жазалаушы орган басшылығының назарын газет атының діни мазмұнына қарай бұрады. Газеттің атауы жөнінде осы күмән 1925 жылы Өлкелік партия комитеті тапсырмасымен Нахымжанның «Ақ жол» газеті туралы арнайы жазған пікірінде қалқып шығады. Ол «Ақ жол» «белый путь» па, әлде «светлый путь» па анық емес» деген желеумен газет атын өзгертуді ұсынған.2 Бұл деректерден газет атауының халыққа өте ұғынықты болуымен бірге ондағы көтерілген мәселелердің де соншалықты түсінікті болғандығын көреміз. Оның себебі қайсы дегенде, газеттің идеялық бағытын белгілеген ұлттық элитаның халықтың қалың ортасынан шыққандығы, содан да олардың қоғамды жаңартудағы ұстанымдары қазан төңкерісінің таптық идеяларынан әлдеқайда түсінікті болуынан дейміз.
М.Дулатов 1 қаңтар 1929 ж. тергеу хаттамасында 1920 ж. қарашасында Ташкентке келіп, «Ақжол» газетіне хатшы болып жұмысқа кіріскендігін, ол газеттің мазмұны жөнінде баспасөз беттерінде түрлі әңгімелер мен пікірталастар өрбігенімен олардың өзі қызмет істеген кезеңге қатысты жоқ екендігін жазады.1 Міржақыптың тергеушіге белгілі себептермен жалтара жауап беруі түсінікті. Т.Рысқұлов оны Қожановтың жақын досы, бұрын бірге жұмыс жасаған, қазір де олар идеялық және практикалық байланыста дей келіп,
Достарыңызбен бөлісу: |