Бұл басылым «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының құрылғанына 10 жыл толуына арналады



бет3/27
Дата09.06.2016
өлшемі7.75 Mb.
#124270
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27
Қожықов Қоңырқожа (1880-1938). Ол Ақмешіт қаласында туған. Қаладағы 4 сыныптық орыс-бұратана мектебін, 1905 ж. Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Перовск, Андижан қалаларында, Қарнақ қыстағында жәдиттік мектептер ұйымдастырып, қазақ мектептеріне арналған тұңғыш «Әліппені» 1912 ж. Орынбор қаласында Фатих Каримидің баспасынан жарыққа жарыққа шығарды. 1912 ж. осы баспадан А.Қасымов, С.Жәңгіровпен бірге «Русие патшалығында Романов нәсілінен хүкімранлық қылған патшалардың тарихлары» атты еңбегі жарық көрді. Оның қоғамдық-саяси қызметі Түркістан өлкесімен тығыз байланысты болды. «Кеңес» үйірмесінің бюро мүшесі ретінде Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына белсене араласады.

Т.Рысқұлов Қ.Қожықовқа: «Қырғыз ақсүйектері «қожадан» шыққан. Бұрынғы Қоқан автономиялық үкіметінің мүшесі. Көрнекті алашордашыл, Шоқаевтың көмекшісі. 1913 ж. Романовтар әулетінің мерекесі кезінде қырғыз тілінде патшаның портретімен кітапша шығарған. Керенскийдің Уақытша үкіметінің Ферғана аудандарының бірінде комиссары болған. 1921 ж. Жер істері халкомына мүше, кейіннен орынбасары болып, Жетісу облысындағы жер реформасын басқарды және елдің бәріне орыстарды «табысты тоқпақтаудамыз» деп айтады. 1922 ж. жерге орналастыруды басқарды, қазір Жерге орналастыру басқармасында жұмыс істейді. Қожықов Қожановпен бір пәтерде тұрады. Осы Қожықов, Қожанов, Асфендияров, Тоқтыбаевтар танымал Лапиннің қыздарына үйленген және олар қырғыз халқын ең алдымен осы туыстық белгісі бойынша бірлесіп басқарады. Қожықов бірнеше рет Түркатком мүшелігіне сайланды және «Қосшы» Орталық Комитеті басшыларының бірі. 1921 ж. Қожанов пен Асфендияровтың кепілдемесімен тіпті партия қатарына өтті, бірақ кейіннен оны есептен шығарды. Қазір Қожановты дәл осы Қожықов басқарады. (Ол өте тәжірбиелі адам). Қызметкерлер Қожановқа келгенде, ол оны алдымен мәселеге келісіп алу үшін Қожықовқа жұмсайды, оған көбіне үкіметтік, тіпті партиялық хаттамалар да пікір сұрау үшін беріледі» деген саяси мінездеме береді.

Қоңырқожа Қожықовтың ОГПУ басшыларына өз қолымен жазған өмірбаянынан оның отаршылыққа қарсы тәуелсіздік жолындағы күресі туралы мәліметтерді кездестіреміз. Ресей Министрлер кабинетінің төрағасы С.Виттенің атына бірнеше петиция жазып, Түркістан өлкесіне ішкі басқару істерін өзі шешу құқын беруді өтінуі Қ.Қожықовтың өз заманындағы саяси күрес тәсілін меңгерген кемелдігін танытады. Ол осындай тәсілді кейін де қолданған. Мысалы, «генерал Куропаткинге жазалау отряды мен орыс мұжықтарының мейрімсіз және аюандық іс-әрекеттерін баяндап жазып жібердім. Сонымен бірге редакцияның ұсынысына (Ташкентте эсер В. Чайкиннің редакторлығымен шығып тұрған «Голос Туркестана» газеті – Х.Т.) қосылып, Түркістанға Мемлекет Думасының мұсылмандар фракциясының уәкілдерін шақырып, көтерілістен кейінгі репрессия нәтижесімен танысуды талап етім. Осыған байланысты күз айларының бірінде (1916 ж. тамыз-қыркүйек айлары – Х.Т.) Тевкелеев, Керенский және Шоқаев келді. Соңғы екеуіміз Чайкиннің үйінде кездестік, сөйтіп оларға қолымдағы бар құжаттарымды тапсырдым»1 деп жазады. Бұндай тәсілге кеңестік билік жағдайында да жүгінуге мәжбүр болған Қ. Қожықовтың «Сонымен қатар ашаршылық мәселелерімен айналастым. Кейін біздің баяндамамыз бойынша ТурЦИК және СНК комиссиясының жанындағы ашаршылықпен күресу туралы арнайы комитет құрылып, оның төрағасы болып Тұрар Рысқұлов сайланды» деген жазбасынан оның ұлтжанды рухы танылады.

Оның есімі жоғарыда Алаш қозғалысы тарихының деректерінде жиі аталады. Өмірбаянында өзі алашордашылардың қатарында болғандығын жасырмайды. «1917 жылы мен екінші рет Ташкентте өткен қазақ съезіне қатыстым, Қоқан автономиясы талқандалғаннан кейін Тынышбаевпен бірге коммунистік отрядтардан қашып, тау ішінде жасырынған кезім де болды».

Осы дереккөзде ол 1918 ж. қаңтардағы Түркістан қаласындағы Сырдария облысы қазақтарының съезі туралы «Орынбордағы алашордалықтар ұйымдастырған еді. Мен олардың саясатын мақұл көргенмін, бір мәселені өз тарапымнан үзілді-кесіді қойдым. Ол – Қазақстанның орталығы ретінде Оңтүстіктегі қалаларының бірі болсын деген ұсынысым еді. Бірақ алашордашыл Дулатов менімен келіспей, ренжіп, Орынборға кетіп қалды» – деп жазады. Осы жерде мәтіннің мазмұнына кішкене түзету жасай кеткен орынды болар. Қ.Қожықов 1933 ж. тұтқынға алынып осы өмірбаянды жазған кезде М.Дулатов алашордашыларды қуғындаған алғашқы лекпен 1930 ж. сотталып кеткен. Содан да оған салқын қабақ танытқан болып, Қазақстанның орталығын таңдау жөніндегі алауыздықты алға салып, ұлттық бірлік идеясын көтерген Түркістан съезінің басты мәселесінен тергеушілердің назарын басқа жаққа аударуға әрекет жасаған деген болжам жасауға болады. Аталған деректен Т.Рысқұловтың оған таққан айыптарының біріне жауап табылады. «Мен жергілікті әкімшілік орындарының үстінен көптеген арыздар мен петицияларды Петербургке қайта-қайта жолдап отырдым, соған байланысты мені бір уезден екінші уезге ауыстырып отырды. Әкімшілікке қайтсем жағам деген оймен Романовтардың үйі жайында қазақ тілінде еңбек жаздым. Бұл, әрине мен үшін масқаралық жұмыс болды. Бұл еңбекте қазақ халқының патшаға бағынуы насихатталған еді. Бірақ мұнымен мен әкімшілік орнының ықыласын өзіме аудара алмадым...» деп өкініш білдіреді.

Қоңырқожа Қожықов 1917 ж. 2-5 тамызда Ташкент қаласында өткен Түркістан қазақ-қырғыздарының съезінде съезд төралқасына сайланып, Құрылтай жиналысына Сырдария облысынан депутатыққа кандидат болып ұсынылады. 1917 ж. 26 қарашада жарияланған Түркістан мұхтарияты Халық Кеңесінің құрамына енген. Түркістан өлкесіндегі Алаш қозғалысының өкілі ретінде жоғарыда аталған Сырдария қазақтарының съезіне қатысып, онда қабылданған шешімдерге елеулі ықпал жасаған. Кеңестік билік тұсында бірнеше рет Түркатком мүшелігіне сайланып, республикалық жерге орналастыру басқармасы басшыларының бірі ретінде Жетісудағы жер-су реформасына басшылық жасаған. Өлкедегі «Қосшы» одағын ұйымдастырушылардың және басшыларының бірі. 1918 ж. қарашада Ташкент қаласында тұңғыш қырғыз педагогикалық курсы ашылғанда Перовскіден Қ.Қожықов оқытушылыққа шақырылған. Сол сияқты осы алғашқы оқу орнындағы оқытушылар құрамында «Кеңес» үйірмесінің С. Өтегенов, С.Қожанов сияқты мүшелері де аталады. Ташкенттегі Қазақ ағарту институтын ұйымдастырушылардың бірі, әрі осы оқу орнында дәріс берген. Түркістан республикасы Халық ағарту халкомы алқасының 1920 ж. 21 тамыздағы хаттамасында Қырғыз ағарту институтының комитеті құрамында И.Тоқтыбаев төраға, Бабабек Есенов төраға орынбасары, мүшелері қатарында Х.Досмұхамедов, К.Көшербаевтармен бірге Қ.Қожықов та аталған. Өлкелік Халық ағарту комиссариаты құрған Мемлекеттік ғылыми комиссияның жанындағы «Талап» қоғамының мүшесі ретінде халық ағарту ісіне араласқан. С.Асфендияров пен П.А.Кунтенің редакциясымен 1936 ж. жарық көрген «Прошлое Казакстана в источниках и материалах» жинағын құрастырушылардың бірі. Қуғындалған. 1938 ж. Алматы қаласында тұтқындалған.

Алдабергенов Серқұл – Алаш қозғалысының қайраткері. Ол 1883 ж. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Төменарық ауылдық округінің аумағында туған. Әкесі Алдаберген қажылық сапарында дүние салған. Серқұл сегіз жасында Жөлектегі орыс-бұратана мектебінде білім алады. 1893 ж. Ташкенттегі ер балаларға арналған сегіз жылдық гимназияға оқуға түскен. Оқу орынын он сегіз жасында «Суды пайдалану және жерді игеру» мамандығы бойынша бітірді. Туған жері Төменарыққа келіп, елдің ісіне араласып, арық қаздырып, халыққа егін ектіреді.

С.Алдабергенов 1904-1912 жж. Перовскіде уезд бастығының орынбасары қызметін атқарды. Ол уездегі отарлық биліктің құрамына тартылған жергілікті ұлттың өкілі ретінде Сыр бойындағы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз мүмкіндігінше үлес қосты. 1912 ж. Төменарық болысының басқарушысы болып сайланды. Ташкентте Мұстафа Шоқай арқылы «Кеңес» үйірмесінің жұмысына қатысып, саяси жұмыстарға тартылады. Сол кезде С.Өтегенов, Қ.Қожықов, С.Ақаев, А.Оразаев, С. Қожанов және т.б. ұлт зиялыларымен араласады.

Ол 1917 ж. Орынборда өткен бірінші Жалпықазақ съезіне Сырдария облысының атынан М.Шоқаймен бірге қатысып, съезд аяқталған соң Түркістанға бірге қайтқан, ежелден дос-сырлас адамдар еді.

1917 ж. большевиктердің Ташкентте билікті күшпен тартып алып кеңестік билік орнатуы өлкедегі ұлтжанды қайраткерлерді ұлттық бірлік, мемлекеттік тұтастық идеялары бойынша шұғыл әрекетке көшуге итермеледі. Осыған байланысты Қоқан автономиясы үкіметінің басшысы М. Шоқайдың бастамасымен және Алашорда үкіметі басшылары қолдауымен 1918 ж. 5-9 қаңтары аралығында Түркістан қаласында Сырдария облысы қазақтарының съезі өтті. Бұл съезд өзінің мәртебесі бойынша Алаш қозғалысының съезі болды. Түркістан өлкесі қазақтарының Алаш автономиясына қосылуы мәселесін күн тәртібіне қойған бұл съездің қабылдаған шешімдері біртұтас қазақ мемлекетігін қалыптастырудағы ұлттық элита қызметін айшықтай түсті.

Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласы жаңа жағдайда ұлттың рухани орталығы болып танылған тарихи миссиясын осы жолы да атқарды. Алаш зиялылары съезде ұлттық мемлекетіліктің аса маңызды белгісі – территориялық тұтастыққа қол жеткізу идеясын алғаш рет көтерді.

Осы съезді шақыруға байланысты Ә.Бөкейханов пен М.Шоқайдың «Қазақ» газетінде жарияланған «Сырдария облыстық съезін шақыру туралы» жеделхатында «съезге болыс басы бір кісінің үстіне мына кісілер арналып шақырылды» – деген тізімде С.Алдабергеновтің есімі кездеседі.

Қазақ ұлтының тәуелсіздік мәселесін қараған 5-13 желтоқсан 1917 ж. Орынбор қаласында өткен Жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысында Сырдария облысынан қатысқан делегаттарының қатарында С.Алдабергенов те болады. Осы съездің делегаттары Алаш автономиясын жариялау туралы мәселеге дауыс беруде екі жікке бөлінеді. С.Алдабергенов «Алаш автономиясы күні бүгін ресми иғылан етілсін деп тас салғандар» арасында болды.

С.Алдабергенов Ташкенттегі ерлер гимназиясында Жорабек Есеновпен (Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Шахмардан Есеновтың әкесі) қатар оқыған. Екеуі Перовск уездік атқару комитетінде бірге қызмет істеген. Ол жер бөлімінің бастығы болса, Ж. Есенов уездік милицияның бастығы болған. Жергілікті халыққа өте жайсыз тиген уезд бастығы шовинист И. Гержод қызмет істеген жылдары билікке араласқан ұлт зиялыларын террорлық жолмен қуғын-сүргінге ұшыратқан. Ж. Есеновтың көмегімен атылудан аман қалған С.Алдабергенов өзінің ағайын-туыстарымен Қызылқұмға, одан әрі Өзбекстанға көшіп кетеді.

И.Сталиннің Қырғыз өлкелік партия комитеті бюросының мүшелеріне жазған «Ақ жол» газетін қайта құру туралы хатында эмиграцияда жүрген М. Шоқайдың Қазақстандағы интеллигенциямен байланысы сөз болып, оларды партиялық және баспасөз қызметінен аластау мәселелері көтеріледі. Осы қаһарлы хаттың ықпалымен Қазақстандағы М.Шоқаймен араласқан зиялылардың бәрі де қара тізімге алынып, құқық қорғау органдары тарапынан қуғындауға түсті. С.Алдабергенов Алаш қозғалысына қатысқандығы және М.Шоқаймен байланысы үшін қуғындалды.

1934 жылы 28 маусымда С.Алдабергенов қамауға алынып, оған контрреволюциялық ұйымның басшысы болды, жергілікті халықты ауа көшіруге әрекет жасады деген айып тағылып, 1935 ж. 25 наурызда КСРО НКВД-ның айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Оның кейінгі тағдыры белгісіз. Бұл қылмыстық іс бойынша Алдабергенов Серқұлмен бірге, Созақ ауданының тұрғыны, бұрынғы болыс Исаев Жанәділ де жауапқа тартылған.

Тоқтыбаев Иса Тоқтыбайұлы (1894-?) – Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері, ағартушы, көсемсөзші, Алаш партиясының мүшесі. Қызылорда облысы Тереңөзек ауданында туған. 1916 ж. Ташкент мұғалімдер семинариясын бітірген. Ташкенттегі «Кеңес» астыртын үйірмесінің мүшесі. 1920 ж. дейін Түркістан өлкесі Халық ағарту комиссариаты төралқасының мүшесі, Қазақ ағарту Институтының алғашқы директоры, Халық ағарту комиссариаты жанындағы Мемлекеттік ғылыми кеңестің, 1922 жылы 13 желтоқсанда «Қазақстан мәдениетін көркейтушілердің» «Талап» қоғамының бірінші жалпы жиналысында басқарма мүшелігіне сайланған, мектептерге арналған «Алғашқы басқыш мектептеріне арналған бастапқы география», «Түркістанның географиялық очерктері» оқулықтарының авторы. «Ақ жол» газетінің жауапты редакторы, ТүркОАК мүшесі. Орынбордағы ТүркОАК өкілі ретінде шовинист И.Гержодты әшкерелеуге белсене араласқан. 1926 ж. дейін ҚазАКСР Халық ағарту комиссариаты алқасының мүшесі. 1929 ж. Ленинградтағы Ғылыми педагогикалық Мемлекеттік институттың аспирантурасында оқыды. 1932 ж. Ленинградтағы Кеңестік Шығыс аз ұлттары институтының директоры әрі Толмачев атындағы Әскери-саяси академияның оқытушысы. 1933 ж. 23 тамызда Ленинградта тұтқынға алынып, 1934 ж. 29 наурызында «Революцияға қарсы ұлтшылдық орталықтың» басшысы ретінде РКФСР ҚК 58-7, 58-10, 58-11 баптары бойынша 10 жылға сотталып, Қарлагтің Бөзшакөл учаскесінде айдауда болды. 04693 іс бойынша оған «Иса Тоқтыбаев басқарған ленинградттық қазақ студенттерінің контрреволюциялық тобына» басшылық жасады, «Бірыңғай жасырын орталық басқарған конттреволюциялық ұлтшылдық құрылымдарды» басқарды деген айыптаудың бір тармағы «жастарды ұлтшыл алашордашылардың рухында тәрбиелеу» болып сыныпталған.1 Қызметтес болған С.М.Кировтың көмегімен 1935 ж. босанған. 1939 ж. қайтадан тұтқынға алынып, 1947 ж. қайтадан босаған. 1949 ж. үшінші рет сотталып, 1948 ж. 27 қаңтарында қамауға алынып, Красноярск өлкесі Енисей ауданы Хохлово лагеріне жер аударылған. 1954 ж. мерзімінен бұрын босатылған. Өмірінің соңына дейін Қызылорда облыстық мұражайының директоры болып қызмет істеді.

Оның есімі Алаш қозғалысының деректерінде, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Асфендияров және т.б. қайраткерлерге қатысты істерде алаш қозғалысының өкілі ретінде аталады.



Аралбаев Бегайдар Жантөреұлы (1896-1949) – Түркістан ұлттық әкімшілік элитасының көрнекті өкілі. 1896 ж. қарашаның ортасында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының қазіргі Сүттіқұдық ауылдық округіне қарасты жерде туған. 1905-1910 жж. Жаңақорған стансасындағы орыс-бұратана мектебінде, 1910-1914 жж. Перовск (Ақмешіт) қалалық училищесінде білім алған. 1917 ж. дейін болыстық, уездік мекемелерде түрлі қызметтер істеген. Осы жылдың наурызында Уақытша Үкіметтің Шиелі болысына милиция комиссары болып тағайындалып, осы қызметті 1918 ж. шілдесіне дейін атқарады. Қыркүйек 1918 – қаңтар 1920 жж. Жаңақорған болысында жер бөлімінің бастығы, Шиелі болысында халық соты болып қызмет істеді. 1920 ж. қаңтар-сәуір аралығында Перовск уездік атқару комитеті саяси бюросы меңгерушісінің орынбасары, 1920 ж. сәуірінен 1921 ж. қыркүйегіне дейін Сырдария облаткомының бөлім меңгерушісі, хатшысы болып қызмет істеп, қыркүйек айындағы кеңестердің облыстық съезінде облатком төрағалығына сайланады. Ал 1922 ж. қарашасынан 1924 ж. шілдесіне дейін ТАКСР Ішкі істер халкомы, Түркіатком Төралқасының мүшесі, 1923 ж. ақпан-сәуір аралығында Түркіатком төрағасының міндетін атқарды. 1924 ж. шілде-қыркүйек аралығында ТАКСР Жоғарғы Сотының төрағасы. Қараша 1924 – сәуір 1925 жж. аралығында Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы, сәуір айында Қызылорда қаласында өткен республика кеңестерінің V съезінде Қазақ Орталық Атқару Комитетінің хатшысы болып сайланады.

Кәмпеске науқаны барысында «шыққан тегін жасырды» деген желеумен мемлекеттік қызметен шеттетіліп, 1928-1932 жж. ҚАКСР Орталық банкасы басқарушысының орынбасары, 1932-1933 жж. Ақтөбе облыстық мемлекеттік банкасының басқарушысы қызметінде болды. Осы жылы 3 қарашада қамауға алынып, 1934 ж. 29 наурызында «Революцияға қарсы ұлтшылдық орталықтың» басшысы ретінде РКФСР ҚК 58-7, 58-10, 58-11 баптары бойынша Қ. Баймұхаметов, Алашорданың Батыс бөлімшесінің мүшесі Ғибат Нығметіллаев және Иса Тоқтыбаевпен бірге сотталып, Қарлагтің Бөзшакөл учаскесінде, Мордваның Темников лагерінде айдауда болды. Айыптау қорытындысында оған «1920 ж. алашордашыл ұлтшыл-буржуазиялық ұйымға тартылып, 1920-1933 жылдары оның қызметіне белсене араласты, осы ұйым басшыларының бірі болды, ұйым мүшелерін контрреволюциялық қызметтің жетекші учаскелеріне орналастыру үшін қызмет бабын пайдаланды» деген айыптар тағылды. С.Мұқанов «Мөлдір махаббат» романында оны алашордашыларға коммунистік партияның билетін таратушы етіп бейнелейді.

1946 ж. наурызында босатылып, Самарқанд қаласында Жібек маталар фабрикасының директоры, кейін Ташкент облысының Шыназ ауданында ферма басқарушысы, мұрап болып қызмет істеді. 1948 ж. 27 қаңтарында қайтадан қамауға алынып, жер аударылды. 1949 ж. 29 қарашасында Красноярск өлкесі Енисей ауданы Хохлово лагерінде қайтыс болды.1

«Бегайдар Аралбаев дәулетті адам болған. Кейін уезд, облыстан бастап Ішкі істер халкомы лауазымына дейін жауапты қызметтер атқарды. Жақында үйленді және әйелі үшін, «қалың мал» төледі (яғни, коммунист бола тұра әйелін сатып алды). Бүкілтүркістан Кеңестерінің ХІІ съезінде съездің басым бөлігі оған қарсы болды, оған негіз бар еді. Бірақ бәрібір оны жауапты лауазымда қалдырды» деген Т.Рысқұловтың И.Сталинге берген мәліметіндегі Б.Аралбаевтың «сатып алған әйелі» М.Шоқаймен достық, туыстық байланысы үшін қуғындалған Жорабек Есеновтың қызы Сайыпжамал болатын. Бұл қуғындаудың әсері Б.Аралбаевқа да тиеді.

Оның есімі 1933-1938 жж. ұлт қайраткерлерін ұлтшылдықпен айыптаған құжаттарда аталады.

Қазақ КСР Жоғары Сотының Қылмыстық істер коллегиясы 1957 ж. 17 тамыз және 10 қыркүйек күнгі мәжілісімен істі қысқартты. ҚКП ОК бюросы 30 мамыр 1990 ж. (Хаттама №112, 15 бап) оның 1919 ж. партия мүшелігін қалпына келтірді. Республика Бас прокуроры Б.Ж.Аралбаевқа қатысты №04693 істі қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартты. ҚР Министрлер Кабинетінің қаулысымен (сәуір 1996 ж.) Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы №52 орта мектепке оның есімі берілді.

ҚЫЗЫЛОРДА – ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІҢ ДӘСТҮРЛІ АТАУЫ

Тарихи атау ретінде қалыптасқан Ақмешіт қаласының атын «Қызылорда» деп өзгерту кеңестік қоғамға тән асығыстықпен немесе жоғарыдан келген пәрменмен бір сәтте іске аса қойған жоқ. Ел астанасының аты мемлекеттің таптық сипаты мен қоғамдық өмірдегі өзгерістердің мазмұнын айқындайтын саяси мәнге ие болуы тиіс сындарлы сәтте алаштық үлгідегі саяси элита астана атауына ұлттық мазмұн беруге ұмтылды. «Қызылорда» атауы бір-біріне қарама-қарсы таптық және ұлттық құндылықтардың арасынан ең ұтымды деп таңдалған ымыралық шешім болды.

Социалистік революцияның, коммунистік қоғамының айнымас рәмізіне айналған қызыл түсті кеңестік идеология насихат құралы ретінде кеңінен пайдаланды. Жаңа қоғамның жетістігі, жеңісі жер-су, елді мекен, көшелер мен ұжымдардың атауына ауысып, дәстүрлі қоғамның құндылықтарына қарсы қойылды. Соған сәйкес қызыл түс кеңестік Қазақстанның картасын қаптап кетті. Әрине, ең басында елдің астанасы Қызылорда тұрды.

Тіпті, қызыл түс Кеңес Одағының ауқымынан шығып, шет елдің де мемлекеттік рәміздерінің қатарынан орын алды. 1924 ж. Моңғол Халық Республикасы құрылып, «Өргөө» – «Богдын Өргөө» (Богдыханның ордасы деген мағынада – Х.Т.) қаласын жаңа мемлекеттің астанасы етіп белгілегенде Боғданың ордасы болып келді, енді моңғол сияқты батыр халықтың астанасы болады» – деп Урганы Баторға ауыстыруды жөн көреді. Сонда Құрылтайды ұйымдастырушылардың бірі, Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі Тұрар Рысқұлов «Моңғол халқының өмір тіршілігі астана қаласына байланысты. Сондықтан астананың атын өзгерту туралы пікір дұрыс. Астанаға заман ағымына байланысты Улаан баатар қаласы (город красного богатыря) деген ат берсек қайтеді? Дегенмен халық қалай қарайды. Батыр Шыңғыс дүниені жаулап алды. Улаан баатар езілген батыр халыққа бостандық әкеледі»1 деген ұсыныс жасайды. Моңғол Халық Республикасының тұңғыш Конституциясын жасап берген Т.Рысқұловтың Мәскеуге арқа сүйеген беделі бұл ұсынысты қабылдаттырады. Бұл әрине, сол кезең үшін қазақ ұлты өкілінің өзге мемлекеттің ұлттық рәмізіне жол салып бергендігі айта қаларлықтай қызмет.

Дегенмен, кеңестік биліктің ықпалынан арылып, тәуелсіз даму жолына түскен Моңғол Ұлттық Хуралының мәжілісінде билік басына келген демократиялық күштер 1990 ж. ел астанасы Улан Батордың атын «күштеп таңған атау» деп, оны өзгертуге ұсыныс жасайды, ол ұсыныс қызу саяси пікірталас туғызған. Бұл әрекет моңғол халқының санасында ұлттың ішкі ісіне қол сұққан коммунистік билікке қарсы дәлелдің біріне айналып, демократиялық қағидаларды орнықтырумен бірге ұлттық құндылықтарға да қайта оралудың қажеттілігін талап еткен қоғамдық-әлеуметтік ойдың сілкінісі деп бағаланады. Осындай әрекет Қызылорда атауына да қатысты жиі көтеріледі. Қала атын өзгертуді ұсынушылар большевиктік биліктің символына айналған «қызыл» ұғымына үрке қарайды. Олар «Қызыл империяның бодандығынан құтылдық. Енді оның қала атауындағы таңбасынан да арылайық» – деген дәлелді алға тартады. Құптарлық пікір. Әйтсе де осы атаудың тарихи мәніне де назар салып көргеніміз орынды болар.

Осы жерде ерекше атап айтар мәселе – Ақмешіт қаласының атын Қызылорда деп өзгертуді Т. Рысқұловтың еңбегі еді деген түбірінен жаңсақ пікірлер айтылып қалады. Қандай мақсатпен айтқандарын өздері білер, бұл пікірді қаланың 190 жылдығы аталып өткен жиындардың бірінде академиктер Ә.Нысанбаев, С.Сартаевтар айтып қалды. Тарихшы ретінде бұндай дәйек тарихи ақиқатқа мүлдем жуыспайтындығына назар аударғым келеді. Т.Рысқұлов 1924 ж. наурыз-мамыр айларында жаңадан құрылатын Қазақ кеңестік автономиялық республикасының бірінші басшылығына қол жеткізу үшін қанша әрекеттенсе де Орталық оны Қазақстанға жібермеді. Тіпті оның алдындағы қазақ жерінің тұтастығына негіз қалаған ұлттық-территориялық межелеудің қым-қуыт саяси тартысына да араласа алмады. Шындығында, Түркістандағы батыл да бастамашыл әрекеттерінің Қазақстанда қайталануынан қауіп ойлаған сталиндік басшылық оны бұндай ұлт тағдыры шешілетін маңызды науқанға араластырмады, 1924 ж. жазында Монғолияға Коминтерннің өкілі етіп жіберді.

Ал тарихи деректер жаңа астанаға «Қызылорда» атауын беру алаштық үлгідегі ұлттық саяси элитаның ұжымдық ой-пікірінің жемісі екендігіне куәлік жасайды.

1924 ж. қарашаға дейін Қырғыз кеңестік автономиялық облысы Халком кеңесінің төрағасы болып қызмет істеген С.Сейфуллин 1925 ж. сәуірдің соңында Қызылорда қаласында өткен Қырғыз Өлкелік V съезінен соң И. Сталинге қазақ партия-кеңес қызметкерлерінің өзара қарым-қатынасы жайлы жазған құпия хатында өлкеде қалыптасқан таптық күрестің жайына талдау жасаған. Ол осы көлемді хатында большевиктік және алаштық лагерьге бөлінген ұлттық интеллигенцияның Ақмешіт атауын Қызылорда етіп өзгерту мәселесіне де тоқталады. Революцияның «қызыл қыраны» большевиктер көсеміне V съездің Алашорда Батыс бөлімшесінің құран аяттарымен көмкерілген жасыл туы астында өткендігін, «қырғыздар үшін қызыл, жасыл, ақ түстің» ешқандай мәні жоқ, ең бастысы Орда сөзі сақталып қалса болды»1 деп алашордашылар Ақмешітті Қызылорда атандырғандығын үлкен таптық қырағылықпен баяндайды.

С.Сейфуллин бұл жерде бүкіл қазақты ақ пен қызылға, бай мен кедейге бөлмей біртұтас бірлікте қарастырған алаштық зиялылар үшін «қызыл» атаудан «орда» ұғымының маңызды болғандығын тап басып тани алған. Солай дей отырып, «орда деп бай және ақсүйек адамдардың үйін, ал кедейлер мен кембағалдардың үйін баспана және лашық деп атаған» – деп «орда» ұғымын тұрмыстық деңгейде сипаттап, оған таптық мазмұн береді. Бұл, әрине жалаң түсінік екендігі белгілі. Әлде, ұлтын өзінше сүйген Сәкен ақын Ресей тарихында жағымсыз мазмұн алған Алтын Орда мен Ноғай Ордасын Сталиннің есіне салуды әдейі айналып өтті ме екен?!

Ұлттық-территориялық тұтастығы қалыптасқан қазақ мемлекетінің астанасын таңдау туралы С.Қожанов 1924 ж. 17 желтоқсанында «Ақ жол» газетінде жарияланған мақаласында мынадай тұжырым жасайды: «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жақын болуы керек. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын».1

Осы дәйексөздегі «орда» сөзіне әдейі назар аударып отырмыз. С. Қожанов орда сөзін дәстүрлі мемлекеттің түрі ұғымында емес, жаңа қоғам орнатқан ұлттың астанасы мағынасында қолданып отыр. Осы идея V съезге дейінгі аралықтағы жаңа астана таңдау, оны қалай атау жөніндегі пікірталастың өзегіне айналды. Билік басындағы ұлттық элитаның дәстүрлі орда ұғымына таптық мазмұнды айшықтаған «қызыл» сөзін қосақтаудан құралған ұғымды ұсынуы партия билеушілерінің де, жұртшылықтың да көңілінен шыққан мәмілегерлік тарихи шешім болды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет