ӨРКЕНИЕТ (лат. сіvіles – азаматтық) – тарих, антропология, мәдениеттануда кеңінен қолданылатын ұғым. Ө. ұғымы антикалық қоғамның жабайы ортадан сапалық ерекшелігінің анықтамасы ретінде сонау көне дәуірде пайда болды. XІX ғ. Ағарту дәуірінде әлеуметтік мәдени дамудың ең биік сипаттамасы ретінде қолданылады. XX ғ. О. Шпенглер мен А.Тойнби еңбектерінде бұл термин анық көрінген ерекшелігі бар жергілікті қауымдастық мағынасы, яғни “тарихи өркениеттер” (Қытай, Вавилон, Түркі, Мұсылман, орта ғасыр т.б.). Алайда өркениетті классификациялаудың бірегей өлшемдері мен ұстанымдары әлі күнге дейін жасалған жоқ. Соңғы кездері өркениетті бір аймақта тұратын халықтардың тарихи тағдырластығы, олардың арасындағы ұзақ та тығыз мәдени байланыс нәтижесінде әлеуметтік ұйымдасуы мен реттелудің — заңдық және саяси жүйелерде, шаруашылық түрлері формаларында, дін, философия, ғылым, білім жүйесі, көркем шығарм–та – этноаралық жергілікті қауымдастық деген анықтама кеңінен тарап отыр. Ө. категориясы мәдени типтерді зерттеу немесе мәдени–тарихи типологияны жасауда қолданылады. Сондай–ақ өркениет типтерін: шығыстық және батыстық деп бөледі, “глобальды өркениет” және “техногендік өркениет” ұғымдары жұмыс істейді. Мәдениеттанушылар Ө–ті “мәдениет” ұғымын салыстыра қарастырады.
Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.
ПАРЫЗ адамды өз болмысын адамгершіліктік құндылықтарға сай қалыптастыруға мәжбүрлейтін, ол үшін ішкі міндетке айналатын рухани қажеттілікті бейнелейтін философиялық–этикалық категория. Маңыздылығы жағынан П–ды ар–ұжданмен қатар қоюға болады. Ар–ұждан секілді П. да адамның адамгершілік санасын, тәртібін бақылап және реттеп отыратын ішкі механизм. Тұлғаның П–ын атқаруын сыртқы моральдық санкциялардың көмегімен бақылауға да болады. П–ды осы экстроверттік жолмен, сыртқы жағдайлардан (ол жалпы қоғам, оның мүшелері, қоғамда қабылданған салт–дәстүрлер, әдеп–ғұрып, қоғамдық пікір, белгілі бір моральдық нормалар болуы мүмкін) қорқып–сескенгеннен, басқаша айтсақ, “П–ды орындау” сезімінің басқаруымен атқару да кездеседі. Мұндай жағдайда көзге бәрі дұрыс секілді көрінгенмен, тұлғаның ішкі жан дүниесінде тыныштық болмай, адам тіпті күйзеліс пен қамығуға ұшырауы мүмкін. Ал интроверттік сипатқа ие П. адамның ішкі дүниесінің, ақыл–ойының талабынан туындайды, оған адам саналы түрде, еш қысымсыз, өз еркімен келеді. Сана деңгейінде түсініліп атқарылған осындай П. ғана адамға өзінің рухани–адамгершілік қуатын ашуға, өзін өз тағдырының қожасы ретінде сезінуге, өзін–өзі жасап–қалыптастыруға, өзінің табиғи сезімдерін шектеп, олардан ақыл–ойын жоғары қою арқылы адамшылық бастауларын дамытуға, сөйтіп, адамзат пен өзінің алдындағы П–ын атқаруына мүмкіндік береді. Яғни, саналы түрде, рационалдық деңгейде орындалған П. ғана адамның философиялық–антропологиялық сипатын аша алады. Қазақ халқы П. ұғымын осы, адам болу, адамшылық пен адамгершілікке жету мақсатымен тығыз байланысты қарастырады. Ақыл–ой адамға басқа тіршілік етуші мақұлықтар секілді инстинктер деңгейінде өмір кешу үшін емес, жоғары адами мақсаттарды орындау үшін берілген, сондықтан да өзінің табиғи қасиеттерін ақыл–ойдың көмегіне сүйене отырып жан–жақты дамыту, адам деген қасиетті атаққа сай болу адамның басты П–ы.
П. – ар өлшемі, адамгершіліктің жоғары талабы. Жер бетіндегі жанды туындылардың ең жоғары тұғырда тұрғаны – адам. Ұлы Абай айтқандай, құдай адамзатты өз махаббатымен жаратқан. Адам үшін тіршіліктің ең қиыны, күрделісі – нағыз адам болу. Біз адам деген ардақты атқа кір келтірмеу үшін, күнделікті тыныс – тіршілікте осы мақсатқа жету үшін күресу қажет. Әйтпесе, адамдық қабілеттері жоғалып, хайуанға ұқсап кетуі ғажап емес. Мұндай жағдайда адам өзінің кісілік қасиеттерінен айырылып қалады. «Адам болар баланың кісіменен ісі бар» деген халқымыз. Ал кісілік – имандылық дейтін үлкен ұғымның бел баласы сияқты ұлағатты қасиет. П.– адамзат жануарлар дүниесінен бөлініп шыққаннан бері қалыптасқан моральдық сезімдердің бірі. Ол ар–ұят сияқты адамның өзін–өзі бақылауының құралы. П. – адамгершілік негіздерін сақтайтын итермеші себеп, рухани әдептілік талабының «бұйрық» түріндегі көрінісі. Амалдардың бірлесіп, қоғамдасып өмір сүруінің қарапайым ережелері, бұл тұлғалық санада парыз деңгейінде бейнеленеді. П. діні мен тілі, шаруашылық және әлеуметтік дамуы әр түрлі елдерге ортақ ұғым. Күш көрсетуге тыйым салу, кісіні өлтірмеу, біреуге қиянат көрсетпеу, үлкенді сыйлау, жақсыны бағалау, өтірік айтпау, т.б. осы сияқты адамгершіліктің П –дары кез келген ұлттың рухани мәдениетінің төрінен орын алады. Ең үлкен П –дың бірі – «адамгершіліктің алтын заңында» жарияланған: «Өзіңе не тілесең, басқаға да соны тіле!». Бұл тарихи даму нәтижесінде кейіннен діни мазмұнға ие болып, имандылық талаптарына айналған П. ұғымының қысқа да, нұсқа мазмұны.
Қоғамның негізгі бастамасы, ілкі ұясы – отбасы. Отбасының енді бір баламасын «жанұя» деп халық бекерге айтпаған. Нағыз терең әдептік сезімдер мен ұғымдар отбасында қалыптасады. Шын мәнісінде өз ата–анасын құрметтемейтін, олардың алдындағы парызы мен қарызын ұмытып кеткен адамнан өткен имансыз жоқ. Әке шешесін сыйламайтын адам басқаны да жарылқай қоймайды. «Бала – адамның бауыр еті», деп халық бекер айтпаған. Ата–ананың парызы құдайдан тек бала тілеп алумен шектелмейді. Мұндағы ең басты П. – балаларының адамша өмір сүруіне қажетті дұрыс тәрбие беру, ұрпағы алдындағы үлкен жауапкершілікті түсіну. Дұрыстап тәрбилей алсаң, ғұлама Абай айтқандай, баланың жақсысы – қызық. Егер балаң жаман болса онда әке–шешенің өмірі тозаққа айналады, онда олар құдайдан бала емес, бәле тілеп алған болып шығады.
Әсіресе, қазіргі кездегі жағдайда кейбіреулер ата–аналық П–ды тек күнкөріс пен байлыққа теліп қоюда. Бұдан ұлттық салт–дәстүрді сыйламайтын, тек алып – сатарлық әдістерді жақсы меңгерген, әдеп – инабатқа немқұрайды қарайтын «іскерлер» туындайды. Олар дүниенің барлығын сатып алуға болады деп, тіпті, ата–ана алдындағы қарызды теңгемен өтесекте жетеді деп ойлайды. Кейбіреулер ата–аналарын қарттар үйіне тапсыруға дейін барып жүр. Отбасында дұрыс тәрбие алмағандар немесе қазіргі кездегі жұмыссыздық салдарынан босқа сенделіп жүргендерден ата–ана алдындағы П–ды табу қиын. Қазірде кейбір жастардың үлкендерге дөрекі сөйлеуі, әйел жұртын сыйламау, жанжалқойлық, батыс мәдениетінің теріс жақтарына ұмтылу (есірткі, маскүнемдік, күш көрсету, нәпсіқұмарлық) секілді келеңсіз, теріс қылықтары ата–аналарды қатты ойлантып жүр. Ата–ана алдындағы парызды өтеуде етектен тартып жүрген тағы бір қырсық, кейбір отбасындағылардың өз перзенттерін ана тілінде тәрбиелемеуі.
Баланы нағыз толыққанды азамат етіп тәрбиелеу – ата–ананың басты П–ы болса, оларды қадір тұтып, қастерлеу, қартайғанда бағып–қағу перзенттік қарыз. Құдайдан «баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін», «өзімді алып, баламды аман қалдыр» деп жалбарынған ата–ананы қалайша сыйламауға болады? Бұл қарызды ешқандай қаржымен, дүние–мүлік молдығымен өтеуге болмайды. Ата–ана алдындағы П–ды түсіну – бұл жас ұрпақтың мәдениеттілігінің, адамгершілігінің, инабаттылығының белгісі. Осы қарыздың түйіні – ана сүтін ақтау. Ол жөнінде халқымыз «Ана алдындағы П–ыңды, оны Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де өтей алмайсың» деген. Бала ата–ана өмірінің жалғасы, олардың орындалмаған арман–тілектерінің жүзеге асу үміті. Кішіпейіл, ақжарқын, мейірімді болып өскен ұл–қыз ата–ананың қас–қабағына қарап, хал–жағдайларын айтқызбай аңғарып, олардың күнделікті тыныс–тіршілігін қадағалап, сәл нәрсенің өзінен көңілін тауып, мерейін өсірмей ме?
Перзенттік П–дың негізі – ата–ананы риза қылып, олардың үнемі алғысын, ақ батасын алу. Ата–ана алдындағы П. сияқты адам үшін ең қастерлі және жауапты П –дың бірі – туған жер, атамекен, Отан алдындағы перзенттік П.. Туған жердің, бабаларыңның қаны мен тері сіңген қасиетті топырақ – ұрпақтар үндестігінің куәсі. Адам үшін одан аяулы, қымбатты сезім бар ма? Ана мен Отанды халық бір–біріне бекерден бекер теңемейді. Әр заман ойшылдары Отан туралы тебіреніп, тамаша пікірлер айтқан. Қаз дауысты Қазбек би: «Алтын ұяң – Отан қымбат ... туып өскен елің қымбат, кіндік кесіп, кір жуған жерің қымбат», десе, Бауыржан Момышұлы: «Отан үшін отқа түс – күймейсің» дейді. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ» – деп ер, «қайратыңа мін – дағы, өрге бас» деп тебіренеді.
Кісі өз анасын басқаның зорлық – зомбылығынан қалай қорғайтын болса, өз Отанын да шексіз сүйіп, оны ата жауынан жан аямай қорғауы тиіс. Бұл оның қасиетті П–ы. Кешегі Желтоқсан оқиғалары (1986) кезінде осындай П–дың озат үлгісін шыбын жанын халқы үшін пида еткен Қайрат Рысқұлбеков көрсеткен жоқ па? Өз Отанын қорғауға дайын болу тек азаматтық П. емес, сонымен бірге ер жігіттің ар–намысымен де байланысып жататын кең мағыналы ұғым. Бала ер жетіп, жігіт болғаннан соң өзінің, туыстарының, елінің намысын қорғай білуге міндетті.
Ата–анасын ардақтау, өнер үйрену, білімді азамат атану, әділетті болу, біреуге кіріптар болмау, кісіге қиянат жасамау, әйел адамды құрметтеу, т.б. осы сияқты ізгі қасиеттерді бойға сіңіру парыз болып табылады. Адамдық П –дың ішінде ерекше орын алатыны «көрші ақысы», «көрші қарызы» дегендер. Халқымыздың «ұлың өссе – ұлы жақсымен ауылдас бол» деген нақыл сөзінің мол тәрбиелік маңызы бар. Халық «үй сатып алма – көрші сатып ал» деп тегін айтпаған. Мұсылмандық рәсімде де туысқандық хақысынан кейін көрші хақысы келеді. Оның мәні – көршілерді ренжітпеу, олардың мұқтаждықтарын ескеріп, шамасы жеткенше бір–біріне қарасу, оларға ешқандай зиян тигізбеу. Қазақ халқының дәстүр салтында П. бен қарыздың неше алуан түрлері бар. Олар: ұстаз алдындағы қарыз, табиғатты аялау, меймандостық қарыздары т.б. Адамға өз ісін жетік білу де басты П.. Ол үшін көп оқып, көп білу керек. Себебі, немістің ұлы ақыны Гете айтқандай: «Білімсіз тәжірибе – соқыр, ал тәжірибесіз ғылым жемісі жоқ ағаш секілді жалаң». Пайғамбар хадистерінде: «Үйретуден сараңдық қылмадым, үйренуге қорланбадым, әркімнен үйрендім, әркімге үйреттім» деген ұлағатты сөз қалған.
Ғылым – адамзаттың қазынасы, ал білім қазынасының кілтін тауып, құпиясын ашу қажет. Қалай ашу керектігін сұраған адам сауапқа батады, яғни ізденген, білім жолын білгісі келген кісі адамгершіліктің биік деңгейіне көтеріледі. Шәкірттің ғылым сарайына енсем деп армандағаны – адамгершілік парыз. П. орындаған адам обал–сауапты жақсы біледі. Халық адамдық П–дарын орындамағандарды күнәһар деп есептейді.
ПРЕЗИДЕНТГІК МӘДЕНИЕТ ОРТАЛЫҒЫ – Астанадағы көп қызметті мәдени–ағарту мекемесі. 2000 жылдың 24 қазанында ашылды. П. м. о. ның кешені мұражай, кітапхана және концерт залынан тұрады. Мұражай ғыл.–зерттеу және мәдени–ағарту жұмыстарын атқарады. БҰҰ басқармасьның 2002 ж. шешімі бойынша П. м. о–ның кітапханасы БҰҰ–ның Депозитарлық кітапхана жүйесіне енген. Қазіргі кезде П. м. о. Астана тұрғындары мен қонақтарына мұражайлық, көрмелік, кітапханалық–ақпараттық және концерттік–сахналық қызмет көрсетіп отыр.
Рахат– адам жанының немесе тәнінің ләзәтті күй кешу сезімі. Ертедегі грек ойшылы Эпикур адам рахаттану үшін өмір сүруі қажет деген екен. Р. бақыттың ажырамас бөлігі болса, азап бақытсыздықтың серігі. Р. шынайы және жалған болуы мүмкін, шынайы рахат адамның рухани өмір сүруінің басты арқауы. Шынайы Р–тың бірнеше түрі бар. Олар дене қажеттіктерін өтеу (тамақтану, сусындау, ұйқы, т.б.). Оларды тән Р–тары деп атауға болады. Бұлар хайуанаттар әлемінде де кездеседі. Р–тың енді бір көрінісі – жан Р–ы. Ол білсем, көрсем, үйренсем екен деген түсінік. Бұл екеуі де бала кезден ерекше байқалып жүрген Р–тың түрі. Кішкентайдан қалыптасқан жан Р–ы, ес кіріп, етек жапқан кезде тән Р–ының құлына да айналып кетуі адам мүмкін. Осыдан барып басқаның азабына рахаттану, нәпсіқұмарлық, қатыгездік, өзін–өзі қинаушылық пайда болып, жалған Р–тар адам өміріне қайғы мен қасірет әкелетін кездері де болады.
Рахымдылық–қайырым, мейірім, ізгілік сипаты. Қайырымдылықпен егіздің сыңарындай болып келетін жақсы қасиет – Р. Иманды адамның басты қасиеті – оның Р–ғы. Қасиетті Құран Кәрімде: «Рахым, рахмет – жақсылық, ізгілік, мейірім, қамқорлық» делінген. Үйде де, түзде де басқаларға ерекше бір мейірімділікпен қарау, олардың қамын ойлау, жан ашырлық пен қамқорлық жасай білу–Р. Үлкеннің кішіге қамқорлығы, кішінің үлкен алдындағы ізеттілігі, баланың ата–анаға деген мейір–шапағаты Р–тың тамаша көріністері. «Ағасы бардың жағасы бар», «інісі бардың тынысы бар» дегенмен кісінің Р–ғы тек өзінің жақын туған–туыстарына ғана емес, сонымен бірге бүкіл адамзатқа арналуы тиіс. Әсіресе, мүгедек, әлжуаз, жарлы–жақыбай кісілерге Р. жасау керек. Құранда да ондай кісілерге жәрдемдесу қажеттілігі ерекше ескерілген. Р–қа қарама–қарсы жаман қасиет – рахымсыздық. Ондай адам басқалардың тыныс–тіршілігіне немқұрайды қарайды. Ол тек өзі үшін, өзінің жеке басының баюы үшін ғана өмір сүруді ұнатады. Р–сыздықтың тағы бір көрінісі – адамға жаны ашымаушылық. Р–сыз бала ата–анасымен, ұстазымен, басқалармен дөрекі сөйлеседі, бейпілауыз келеді. Ол көп жағдайда өз қылығының әдепсіз екенін біле тұра, айылын жимайды, әдеп, ұят дегенді жинап қояды. Р–сыз атаулыдан сақтану керек. Әр кезде басқаға Р–ды болуға тырысу қажет.
.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОРЕЙ МУЗЫКАЛЫҚ КОМЕДИЯ ТЕАТРЫ – мәдени–сахналық мекеме. Ресейде Владивосток қ–нда 1932 ж. "Корей өлкелік театры" деген атпен көркемөнерпаздар үйірмесі негізінде ұйымдастырылды. Қазақстанға XX ғ–дың 30–жылдарының аяғында қоныс аударып, Корей муз. драма театры деген атпен жұмыс істей бастады. 1937–41 және 1959–68 жж. Қызылорда қ–нда, 1942–59 ж. Алматы обл. Үштөбе қ–нда орналасып, 1968 ж. Алматы қ–на түпкілікті қоныс аударды. Театр репертуарынан корейдің ұлттық классикасынан бастап шет ел, орыс (Ли Ден Ним, Ен Сен Нен, Тен Дон Хек, Хан Дин; У.Шекспир, Ф.Шиллер, К.Гольдони, Ж.Б. Мольер, А.Н. Островский, Н.В. Гоголь, т.б.) және қазақ, қырғыз, өзбек драматургиясының туындылары да (М.Әуезовтін "Еңлік – Кебегі" (1962) мен "Қарагөзі" (1970); Ғ.Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш – Баян сұлуы" 1949, 1975; Қ.Байсейітовтың "Беу, қыздарайы", 1965; Қ.Мұхамеджановтың "Бөлтірік бөрік астындасы", 1967; О.Бодықовтың "Қарақұм трагедиясы", 1970; Ш.Айтматовтын "Арманым, Әселім" мен "Ана–Жер–анасы" бойынша, 1967, 1972; Х.Хамзанын "Бай мен баты–рағы", 1971; т.б.) орын алды. Театр ұжымының шығарм. жағынан қалыптасып өсу жолында актерлер Ким Дин, Н.П. Ли, Ли Хам Дек, Ли Гер Су, Пак Чун Себ, Цой Бон До, В.Е. Ким, И.Ким, режиссерлер мен суретшілері Ен Сен Нен, Мен Дон Ук, Те Ден Гу, Тхай Дян Чун, Цай Ен, Г.М. Кан, К.Е. Пак, т.б. мол үлес қосты. Театр ұжымы 1966 ж. респ. театр дәрежесін алды, 1978 жылдан қазіргі атымен белгілі. Театр құрамында "Ариран" эстрада ансамблі (1967 жылдан) мен ұлттық бишілер тобы жұмыс істейді. 1982 ж. театр ұжымы "Құрмет белгісі" орденімен марапатталды. 1990 жылдан театрдың көркемдік жағын В.Е. Ким басқарды. Театр ұжымы гастрольдік сапармен Ресейде (Сахалинде, Мәскеуде), Өзбекстанда және Қырғызстанда болып, өнер көрсетті.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ НЕМІС ДРАМА ТЕАТРЫ – мәдени–сахналық мекеме. Теміртау қ–нда 1980 ж. 26 желтоқсанда тұңғыш рет шымылдығын А.Реймгеннің "Алғашқылар" спектаклімен ашты. Театрдың актерлік труппасының негізін Мәскеу театр училищесінің түлектері құрады. 1989 ж. театр Алматы қ–сына қоныс аударды. 1990 ж. ұжым Алматыдағы Неміс театр академиясының түлек–терімен толықты. Театр репертуарында орыс және неміс классиктерінің шығармалары: Г.Э.Лессингтің "Эмилия Галотти", Ф.Шиллердің "Зұлымдық пен махаббат", Н.В. Гогольдің "Үйлену", Б.Брехтің "Үш тиындық опера", Дюрренматтың "Физиктер", А.В. Вампиловтың "Провинция анекдоттары", В.М. Шукшиннің "Жүрек қалауы", т.б. және импровизацияға құрылған "Ғажайып алаңы", "Уникуп", "Байқоңыр", т.б. спектакльдер бар. Театр ағылшын, неміс, орыс, тілдерінде спектакльдер көрсетеді. Театр ұжымы гастрольдік сапармен Германия, Швейцария, Ресей, т.б. елдерде болып өнер көрсетті. Көркемдік жетекшісі – Б. Атабаев (2004 жылдан).
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ҰЙҒЫР МУЗЫКАЛЫҚ КОМЕДИЯ ТЕАТРЫ, Қ.Қожамияров атындағы – мәдени–сахналық мекеме. 1934 ж. 24 қыркүйекте Д.Асимов пен А.Садыровтың "Анархан" атты музыкалық драмасымен тұңғыш рет өз шымылдығын ашты. Алғашында Ұйғыр муз. драма театры деп аталды. (Алматы обл.) орналасып, 1961 ж. Алматы қ–на қайта қоныс аударды. Театр труппасы 1940–50 жылдары ұлттық драматургиямен катар аударма, муз., драм. шығармаларға да ден койды. Актерлер М.Бақиев, М.Семятова, С. Саттарова, А.Шәмиев, А.Ақбаров, З.Ақбарова, Қ.Әбдірәсілов, Р. Илахунова, Н.Мәметова, Ж.Асимов, Т.Бахтыбаев, Ғ.Жәлелов, М.Зайнаутдинов, Х.Илиева, А.Супиев, Р.Тохтанова, реж. А.Ибрагимов, А.Марджанов, Д.Садырова, С.Башоян, Б.Омаров, Қ.Жетпісбаев, театр суретшілері К.Пак, И.И6рагимов, композиторлар Қ.Қожамияров, Ғ.Зайнаутдинов, И.Масимов, И.Исаев, т.б.–лар театрдың нығайып қалыптасуына, өсіп дамуына елеулі үлес қосты. 20 ғ–дың 60–80– жылдары ұйғыр жазушыларының драм. шығармалары қойылып, театрдың ұлттық бағдары айқындала түсті. 1964 ж. Респ. ұйғыр муз. драма театрына айналды, 1967 жылдан қазіргі атымен белгілі. Әр жылдары театр репертуарынан орыс (Н.В. Гоголь, М. Горький, И.Ф. Попов, В.С. Розов т.б.), өзбек (Х.Хамза, К.Яшен, А.Каһар, С.Ахмад), қырғыз (ІП.Айтматов, М.Байджиев), башқұрт (М.Кәрім) және қазақ жазушыларының (М.Әуезовтің "Айман – Шолпаны", Ғ.Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш –Баян сұлуы" мен "Қыз Жібегі", С.Мұқановтың "Қашғар қызы", Ш.Құсайыновтың "Шолпаны" мен "Қайран Гәккуі" т.б.), шет ел драматургиясының (У.Шекспир, А.В. Вальехо) туындылары да орын алды. Театр жанынан "Яшлық" және "Нава" ансамбльдері құрылды. Театр труппасы гастрольдік сапармен Мәскеу қ–нда (1981), сондай–ак Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан, Египетте болып, өнер көрсетті. Театр ұжымы 1984 ж. "Құрмет белгісі" орденімен марапатталды.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
Рух–тіршілік тынысы, жоғарғы ақиқатты танушы адамдық қасиет.Қоғамның рухани саласы – ең күрделі, сонымен қатар, бір қарағанда байқалмайтын құбылыс. Біз желдің бар екенін білеміз. Бірақ, ол көзге көрінбейді. Сол сияқты жалпы Р–ты ешкім ешқашанда көрген жоқ. Бірақ, оның бар екеніне ешкім күмәндәнбайды. Егер “Р.” деген ұғымның шыққан тегін қарасақ, онда грек тілінде ол “пневма” – яғни, ауа, тыныс, үрлеу – деген сөздерге жақын, латын тіліндегі “спиритус” – көрінбейтін, жеңіл, тыныс деген сөздерге жақын мағына береді, ал орыстың “дух” деген сөзінің төркіні “дуновение”, “дыхание”– деген сөздерге жақын. Дүниеге ең жалпы түрде қарағанда біз материя мен Р–ты ғана табамыз. Олар бір–біріне контрарлы, қарсы, сонымен бірге, бір–бірінен бөлек өмір сүре алмайды. Ал осы екеуінің қайсысы дүниенің негізінде жатыр деген сұрақ – әрқашанда ашық, жоғарыда көрсеткеніміздей, оған ойшылдар әр–түрлі жауап береді. Болашақта да бұл сұрақ ашық болып қала бермек, өйткені, болмыстың шегіне жеткен негіздерін ашсақ, онда біз құдайлық дәрежеге көтерілген болар едік. Алайда, адам Құдай емес, ол кеңістік пен уақытта шектелген пенде, ал дүние – шексіз. Сондықтан да көп жағдайда қарапайым адамдар Р–ты дінмен ұштастырып, оның түп–тамырын Құдайдың күш–құдіретімен байланыстырады. Әрине, бұл ғылыми талдауды талап етпейді, оған тек сену керек. Сондықтан да, бүгінгі адамзат қандай білім мен техниканың биік дәрәжесінде болғанымен, миллиардтаған адамдар Құдайға сенеді. Бұл сенім оларға күш–қуат беріп, дүниедегі қиындықтарға тойтарыс беруге көмектеседі. Құдайдан адамды өзіне тартып алу үшін Мефистофель (зұлымдықтың символы) адамға: “Сен маған жан–дүниеңді берсең, мен саған мәңгілік өмір, өлместік берер едім” – депті дейді Гете өзінің әйгілі шығармасында. Мұндай жағдайда, әрине, адам дене ретінде сақталғанмен, өзінің нағыз адами өзегінен айырылып, зұлым пендеге айналар еді. Алайда, бүгінгі адамды көп жағдайда діни көзқарас қанағаттындыра алмайды. Егер Құдай идеясын жақшаның ішіне алсақ, онды біз бәрібір Р–ты табамыз. Ол – адам. Оның шаттық пен қасіретке, үрей мен қиялға, махаббат пен риясыздыққа т.с.с. толы ішкі өмірі бар. Енді осы адами тұрғыдан Р–ты талдап көрейік.
Адамның денесі болғанымен, ол ең алдымен – Р. Өткен замандағы және қазіргі ойшылдардың бәрі де адамның рухани пенде екенін қажымай айтып келеді. Кең түрде алғанда, Р. деп біз адамның психикалық өмірінің ең биік, санамен байланысты оны жетілдіруге, кемеліне келуге итермелейтін, дүние мен қоғамды бірлікке, үндестікке шақырып, осы жолда оны өзгертуге бағытталған көріністерін айтамыз. Р–тың қайнар көзі материалдық дүниенің терең қабаттарына кетеді. Ол заттардың біртұтастығын және бір–бірімен байланыстарын қамтамасыз етіп, оларды жетілуге итермелейтін күш. Уақытында П. де Шарден айтқандай, оны біз молекуланың өз ішкі тартуынан ақ байқауымызға болады. Оны Платон “морфе” (заттың болмыс формасы), Аристотель қайсыбір дененің “энтелехиясы” ( оның болмысын анықтайтын ішкі мақсат–мұраты), В.Г.Лейбниц “монада” (көзге көрінбейтін рухани күш),– деп атап кеткен болатын. Егер өлі және тірі табиғатта оның осы ішкі күштері денесінен бөлінбей өмір сүрсе, адам дүниеге келіп, абстрактылық ойлау мүмкіндіктері пайда болысымен–ақ, олар оның санасында бейнеленіп, неше–түрлі категориялар, принциптер, нормалар, идеялар т.с.с. құндылықтарды тудырады.
Аса ескеруге алатын нәрсе – адам Дүниенің заңдылықтарын өз санасында тек бейнелеп қана қоймай, оны өзгертуге, жетілдіруге, кемеліне келген модельдерді қалыптастыруға, бүгінгі өмірде жоқ, бірақ, болуға тиістіні ойлап шығаруға тырысады. Міне, осының арқасында қоғам өмірінде тиістілік, болуға тиіс,– яғни, құндылықтар әлемі дүниеге келеді. Ол – Ізгілік пен Әсемдік, Ақиқат пен Шындық, Әділеттілік, Еріктік пен Теңдік, Сүйіспеншілік, т.с.с. құндылықтар. Мұны Р–тың ең биік қызметі деп айтсақ та болады. Ол тұлға өмірінің мән–мағнасын құрап, соны өмірге еңгізуге бағытталған күш–жігерді тудырады. Алайда іргетасты өмір қайшылығы мынада: ешбір рухани құндылық, идеал, т.с.с. ешқашанда толығынан өмірде іске аспайды. Оны ойшылдар сонау көне заманда байқап “бәрі де әбігерлік, әбігерліктің әбігерлігі” – деген болатын. Сондықтан, ол Р–тың шынайы дүниедегі адамдар пендешілігіне қарап зарығып, зұлымдыққа былғанып жатқан дүниеге қарсы шығып, оқтын–оқтын көтерілуіне әкеледі. Егер дүние кемеліне келіп жетілсе, онда ол барлық қайшылықтарды жойып, яғни, өз–өзін жоқ қылатынын біз ақыл–ой арқылы түсінеміз. Ал, мәңгілік бақытты өмір осы тұрғыдан алғанда тозақтың ең жаман түрі болар еді. Алайда, ақыл–ой оны түсінгенмен, Р. оған қанағаттанбайды, ол қол астындағы кемшілікке толы болмысты Ізгілік пен Әсемдік, Ақиқат пен Сүйіспеншілік т.с.с. құндылықтардың негізінде қайта өзгертіп жетілдіргісі келеді. Қайсыбір дін осы жолда ертелі–кеш зұлымдыққа тойтарыс беріліп, жақсылық, ізгіліктің болашақтағы жеңісіне сенуді уағыздайды. Әрине, ол адамның көңілінен шығады. Сондықтан, көп жағдайда нақтылы өмірде зұлымдық өз тойын тойлағанмен, ақырында жақсылықтың жеңетініне адамзаттың көпшілігі сенеді. Сонымен қатар, адам Р–ының кемеліне келген дүниеге деген іңкәрі мыңдаған жылдардың шеңберінде орсан–зор Өнер Әлемін тудырады. Оған әдебиет пен поэзия, қыл–қалам мен мүсін, сәулет пен әуен, сымбат т.с.с. өнер түрлерін жатқызуға болады. Өнер әлемі бізді аз уақыт болса да нақтылы болмыстан жоғарылатып, рухтың кереметтігін көрсетіп, жан–дүниеміздің ластанған жағын тазарып, біздің Ақиқат, Әсемдік, Сүйіспеншілікке деген сенімді нығайтады.
Қарапайым сана деңгейінде көп жағдайда “жан” мен “Р–ты” бір мағынада пайдаланады. Алайда, олар әр–түрлі ұғымдар. “Жан” (псюхе, анима) – деп біз адамның ішкі әлеміндегі өмірге деген іңкәрін, оның күнбе–күнгі қуанышы мен зардабын, оның жарқын, я болмаса күңгірт ұмтылуларын, жалпы алғанда, өмір сүруге (витальдық) бағытталған күш–қуатын айтамыз. Яғни, оны адамның дене құрылысымен өте тығыз байланысты сезімдік–психикалық құбылыстардың жиынтығы деуге де болар еді. Тарихи жан адаммен бірге дүниеге келеді. Ал Р–қа келер болсақ – ол адам психикасы дамуының соңғы жетілген сатыларымен байланысты. Енді жеке адамның өмір сатыларына келер болсақ, онда да Р. жаннан кейін қалыптаса бастайды. Егер жан деп біз адамның организм ретіндегі өмірге деген интенциясын (ұмтылысын) айтсақ, Р–тың өмір сүруі тікелей адамның дене құрылысымен байланысты емес. Р. қалыптасу заңдылықтарына сүйенеді, өз–өзін адам өмір шеңберінің аяғына дейін дамытып, кейбір кезде тіпті адамның дене ақуалын ауырлатып та жіберуі мүмкін. Қорыта келе, адамды рухани пенде десек те болғаны. Оның ішкі тебіреніс, үміт, сенім, т.с.с. құндылықтарға толы шегі жоқ өз рухани Ғарышы бар. Оның өзегі – адамның өзіндік санасында. Адам санасы арқылы өз–өзінен алшақтап, өзіне сындық рухани көкей көзімен қарай алатын мүмкіндікке жетеді. Ешбір жануардың мұндай қасиеті жоқ.
Сонымен, адам – дене және Р. Денесіз рух, рухсыз – дене жоқ. Дүниенің қызығына салынып, Р–ты аяққа басып, я болмаса, Р–ты биік ұстап, дене қажеттіліктерімен санаспауға тағы да болмайды. Р–тың негізгі мақсаты – дүниенің бірлігін, үндестігін қамтамасыз ету, оны жетілдіру болғанымен, шынайы өмірде біз бұрмаланған, қирату, бөлу, қарсы қойу, жоюға бағытталған Р–ты да байқауымызға болады. Оны халық “зұлым Р.” – дейді. Руханияттыққа келер болсақ, ол өмірді толыққанды безендіру, материя мен Р–ты бір–біріне қарсы қоймай, бірге жетілдіру, үндестікке жеткізу, адам өмірінің жан–жақтылығын, мейлінше бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету.
. Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008
Рухани бастаулар – а) адам болмысының табиғаты мен оның тұтастығынан, адам дүниесінің тұрлаулы байлығынан, адамның тұрмыс–салттағы болмысының ережелерінен туындайтын төл құндылықтар; ә) адамды Құдайға жақындату, Жаратқан сый еткен байлықты адамзаттың берекесін келтіруге, мәртебесін көтеруге жарату жолдары; б) әрі–сәріден түңілдіретін ауызбірлік пен өзара ықпалдастықта. Р. б. – адамгершіліктің тұнығында, адамзаттың бітімінде, әлемнің руханият тұрпатында, құдіретке құлшылық етуде. Б.– бастаулардың мұндай шоқтығында шындық пен шымырлық, тазалық пен табандылық, жақсылық пен жарасымдылық астасады; өмірлік кеңістіктің кеңдігі мен үдемелі талпыныстың теңдігі тұрақты ұстанымға айналады; сезім мен сенімнің тереңдігі біртұтастық пен серіктестіктен демеушілік табады; еркіндік пен жігерлілік тұлғалықтың тұрақты табандылығын құрайды.
Р. б–да: а) көзбен көретін бейнелік және ұйып тартатын ұғымдық ағымдар тоғысты; ә) адамның жасампаз күшінің қайнар көзі ашылды, индивидтің тұлғалық бейнесі жасалынды; б) ішкі және сыртқы агрессияшыл пиғылдың өрісі тарылды; в) өткеннің азғындығын тоқтатуға болады деген сенім мен болжам жалпы ұғым мен қағидаятқа айналды. Бейне, ұғым, тіл, мәтіндегі басым да бағдарлы қатынастар үйлестігі, әрі дүниетанымдық маңызы айқын ұстанымдар Р.б–лардың негізі мен құндылығын қалыптастырды. Бағдарлы ұстаным деп отырғанымыз: психикалық қызметтің түрлерін – түйсіктің, қабылдаудың, көңіл назардың, естің, түсініктің, ойланудың, қиял–арманның байланыстарын реттеу; қобалжу мен қуаныш барысында адам болмысындағы құдіреттікті іздеу; әлем мен адамның руханият тұрпатын толықтыру; басқа рухани перспективаларды ескеру. Іргелі ұстанымда – бастама мен бағыт түптес, руханилық шептес. Жаңа қағиданың қуаты – өзара түсіністік пен құрметтеушілікте.
Р. б. – ұтымды ұғымда. Ұтымдылық, алдымен бас қосуда, яғни, жаңашылдыққа құлақ түруде, жүйені жаңғыртуда. Ұғымдылық – ой–жарыстардың рухани жетістіктерінде, жеңілдіктерінде, жарасуға жетекшілікте. Жаңа түсініктер – өмірлік әлеуетті өзектендіруге арналған ынта–ықыластар. Ұтымды ұғым мен ұстаным әлемдегі күшпен қысымдау саясатын құрықтауда, бітімгерлік идеясын алға тартты. Қысымның қай түрінде болмасын зорлық–зомбылық, берекесіз атыс–шабыс, рухани азғындық адамзаттың үрейін күшейтті, санасын улады. Адамгершілікке сүйенген бітімгерлік идеясында Р. салауаттылық бағыттар, адамгершілік ұстанымдар ұлағатталынды. Р. б–лар мен бағыттар: а) адам мен әлемнің әлеуетін құлдыратпай күшейтті; ә) тар жолға, кикілжіңге ұрындырмады, б) адамдардың алуан мәдени–діни ортада бір–бірімен ымырада өмір сүруге үйретті.
Р.б. тазалық адамның өзін және қауымдастығын танып, олармен еркін және есті тілдесуге жол ашты. Содан адамгершіл тәрбиенің өміршеңдігі және адамның жасампаз және жауынгер рухты өмірі аумақтала түсті. Рухтанған жан жоғарғы құндылықтарды қабылдауға талпынды.
Қожа Ахмет Йасауи хақты, Р.б–лықты тануға ерекше мән берген халықтың қалаулысы. Оның өсиеті бойынша Тарихатты тану сегіз жүйеден – тәубашылдықтан, ғибадатшылдықтан, махаббаттан, сабырлылықтан, шүкіршіліктен, ризашылдықтан, заһидшілдіктен (анықтықтан), ғаріптіктен тұрады. Р.б. тазалықтың бұл тіректері – кісілік қасиеттердің мұраты мен көрсеткішін, қуаныш көріністері мен адамның жоғары құндылықтарға іштей бейімделуін білдірді. Қатынастағы тазалық қуат әкелгенде: «Адамның ғазиз досы жаннан артық» деген сөз қанаттанды. Бұл қасиеттер іштей ынталылықты, ұқыптылықты, тәртіпті үйлестірді. Адамның өзіне бекемдігі мен сенімділігі, өзге көзқарастарға төзімділігі осы бастаулардан нәр алды және әдептік ұстанымдарға тірек болды.
Қазақ халқының қанына туа біткен қасиеттер, оның дүниетанымының бірегей бітімі, өзіндік болмысы мен құндылықтары бар. Ол – адам болу, ел–жұрт болу, ортамен тыныштықта өмір сүру. Қазақ халқының ұраны мен ұстанымы қалыптасты: «адам болу керек», «ел–жұрт болу, бітімді келісімге қол жеткізу қажет». Адалдық, ақыл, адамдық, ақиқат – қазақ дәстүрі мен қазақтық деңгейдің бағыт–бағдары. Бұл өлшемдер, біржағы, адамгершілік жарастығының жалғасы, бір жағы, хақты, руханилықты, тазалықты тануға апаратын ізденіс жолы. Содан өзара түсінісу, бір–біріне сену сыңайы ыңғай табады, ағартушылық жұмысы тәрбиеге бағытталынады.
Оң бастаулар – әлемдік діндерді жақындастыру әрекетіне лайықты, діни өсиеттерді сабақтастыруға және заңдастыруға бағытталған, адамзаттың игілігіне арналған ықпалдастық. іргесі – ірілікте. Қысқасы, рухани бастау – тұтас та іргелі ірілік. Әзірге осы бағыттағы оң ниеттер кейде аяқсыз қалуда. Оған себеп: а) әлемдік, өлкелік кикілжіңнің бастаулары – лаңкестік, кедейлік, аштық, қатыгездіктің ошақтары сөнбеуде, құқық бұзар қылмыстар басылмауда; ә) ядролық қатер, жаһандық экономикалық қаржы дағдарысы, экологиялық қауіп тыныштықтың тұнығын ылайлауда. Қатерлік мұнымен шектелмейді.
Ізгі бастаулар адамдар арасындағы тұтастық пен бірлікті дамытуға ыңғайлы, ықпалды. Тең тұрмыс, әділ әрекет халықтардың өзара ықпалдастығын арттыратын, асқақтататын жетістікті қомақтады. Р.б. байлықты қоғамдық болмыстан, қарым–қатынастан бөле–жара қарауға болмайтынын ұғынушылық нығайды. Өмірдегі құдіреттілікті іздеу дегеніміз діни төзімсіздікке ұрынбау, әділетсіздікке көнбеу, күш көрсетуге немесе өзінше азып–тозуға берілмеу.
Рухани бапкерлік – қайраткерлік. Р. б–ң беделі адамның жасымен немесе шенімен емес, оның жанашыр жасампаздығымен және жетекші күш–қуатымен бағаланады. Бапкерлік, алдымен, адамның еркін де озық көзқарасымен және өнімді де өтімді ісімен өлшенеді. Басты құндылықтарды бағдар ретінде жүзеге асыратын, сол бастамаларды қолдайтын әрекеттерде саяси лидерлік, рухани бапкерлік пен рухани қайраткерліктің рөлдік, ұстаздық құны артуда. Рухани құндылық – өмірдегі сапалы жетістіктің өлшемі, жарасымды да жасампаз күштердің өрісі. Еңселі елдің үлгісі – лидердің бапкер, бапкердің қайраткер болатын, олардың үлгісі артық ұлағатында. Ұлағат: а) өзіндік бақылаудан, өзіндік сыннан, өзіндік шектеуден басталады; ә) азаматтың өзіндік және ұлттық абыройын сақтаудан білінеді; б) болмысты тірілтетін жасампаз күште, өрелі өнерде жалғасады; в) ұлттық бәсекеге ұйытқы және өлшем болатын білгірліктен қолдау табады. Ерлік пен елдікті танытатын мұндай ерен істер адамгершіліктің түбірін қалыптастырады. Адамгершілік мәдениетін тарататын рухани бапкерге, қайраткер ұстаздыққа мұқтаждық артуда.
Р.б–тың әлеуметтік және мәдени мәртебесін танытатын өлшемдер адамның ар–ұятын, өзгелер алдындағы адамгершілігін, аруақ пен Аллаға деген адалдығын толастататын іс–әрекеттерден құралады. Р. б. ақ ниеті, адал ісі арқылы ұятын ұлықтайды, нәпсісін құрықтайды, есі мен зердесін ардақтайды; ізгілікті іскерлігімен табиғатқа, қоғамға, адамға жасалмақ зияндықтан пендені арашалайды, зиянкестік жасаудан сақтандырады; адамгершіліктің мәртебесін көтеруге және құнттауға үнемі қызмет етеді. Р. б–ді ізетті, икемді, іскер деп жатады. Оның құндылығы – шындыққа бағытталған, адамгершілікті әрдайым жаңғыртатын және әділдікті жоғары ұстайтын нақты іс–әрекетте. Әділдікке қызмет еткендер арлы, адал, аршынды келеді, қайсарлығымен елді өзіне қаратады. Арлы бапкер сатылмайды, сайланбайды, тағайындалмайды. Ол асыл қасиетімен, ұлағатты мінезімен көтеріледі, өзгені өзіне қаратады.
Р.б.– сауатты, салауатты, сыйымды. Өз ісінде риясыздық, ұстанымдылық, әділдік, адалдық, айқындылық, қол бастаушылық танытады. Адам болмысын жетілдіретін рухани қасиеттер мен факторларды қолдайтындар адамды шектеу, жатсыну жүйесінен арыла түседі; жеке басының ұпайын көбейтуді бас мақсатқа айналдырмайды. Р. б. адамның құпия күшін өзіндік санадан ашады, азаматтық қоғамның қажетіне жаратылған құндылық пен ізгілікті иемденуден білінеді. Р. Б–ті ұстаздығы ұлағатты, діндарлығы демеулі, қайсарлығы қайратты, өздерін тындырымды ұстауға жатыққан таңдаулы тұлғалар құрайды. Қабілет–қасиетімен өнегелі іштей мығым жайдарлы жандар өзіне де, өзгеге де ұстаздығын танытады. Рухы таза, ой–өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылық үлгісін көрсетушілер – жаңашылдықты үдететін қайраткер ұстаздар. Қайраткер ұстаз – жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Ұстаздықтың даралығы мен даналығын көне қытай ойшылдары былай сипаттаған: «Маған жәй айтсаң – ұмытамын, көрсетсең есімде сақтаймын, ал өзімді іс–әрекетке қатыстырсаң үйренемін».
Көпті көрген көсемдер, бапкерлігімен өскендер. Дін басшылары әр өркениет пен ұлттардың өкілдері болса да, адамзаттың мәдени құндылықтарын жеке саяси, әлеуметтік, экономикалық факторлардың мағынасынан жоғары қойды. Бапкерлік құндылығы – өзара сыйласудан, бір–біріне серіктестіктен, руханилықтың күш–қуатын ұғынушылықтан білінді. Діндарлар деп отырғанымыз білімдар зерттеуші, бапкер абыздар, ұйымдастырушы қайраткерлер, өмірді парасатпен пайымдаушылар. Оларға тән қасиеттер: адам болмысы мен қоғамдық өмірге біртұтас мән–мағына енгізбек құштарлықта; адам мен қоғамға жақындай түсуге ықылас танытуда; жаңа заманның көптеген озық идеялары мен мүддесін бойына сіңіре алуда.
Рухани қайраткерлердің қабілет–қасиеті бейімделуімен ұшталуда. Діндарлар рухани қазынаны өздерінше өндіру, тұтыну, тарату жұмыстарына араласуда. Дін адам болмысындағы жаңа күш–қуатты икемдеді, ал мәдениет оларды келісіммен игерді. Рухани келісім – имандылық пен гуманистік дәстүрдің жаңа сапалық сәті. Имандылық пен гуманизм үйлестігі – исламның басты ұстанымы және бағдары. Елін сүйген, елі сүйген заман айбары – қажымас қажыр–қайрат иесі әрі исламның рухани қайраткері. Рухани қайраткерлер адамзаттық құндылықтар мен қасиеттерді бойына жинады, тәрбие арқылы жалғастырды. Адам құқығының теңдігін мойындау және адамзат баласына ізгілік пен ізеттілік қасиеттерін қалыптастыру, сүйтіп адам баласын бір–бірінен жоғары қоюшылыққа, діни кемсітушілікке тиым салу – рухани кемеңгерліқтің айғағы. Рухани кемеңгерлік – көңілдегі қуаттылық, сенімдегі табандылық. Ұлттың рухани басшысы – көреген қамқоршы, алаңдыққа арашашы. Президент Н. Назарбаев дін жолын қуғандардың арасындағы ежеғабыл түсіністік идеясын дер кезінде қолдады. Ол ІІ съезде: «Өзара қабылдаудың қасаңдықтарынан бас тарту», «басқаның тылсым саласына баса–көктеп кіруден саналы түрде бас тарту», «әлемдік және дәстүрлі діндердің жаңа, қалыпты емес қатерлерге бірлескен жауабын» діни қауымдастықтардың басты ұстанымдары деп атап өтті. Ұстаным: а) бейбіт өмірге бағытталған, ә) дүниенің тұрақтылығы – адамдардың татулығында екендігін уағыздайды.
Рухани жаңару – адамның өзін–өзі жетілдіруге және мәнді ортақ мақсатқа тынымсыз ұмтылыс; мәдениет, дін, ғылымның өзара ықпалдастығының айшығы және ауқымы; дінаралық үнқатысу дәстүрінің сарыны әрі нәтижесі. Жұрттың бәріне, алдымен өз ділі мен сеніміне берілген діндарлардың жүріс–тұрысына, ойына баяу сіңетін, биязы мінез–құлқы мен өмірлік нәзік көзқарасын толықтыратын айналым кереметі; Р. ж. төзімді рух пен адамдықты үздіксіз ширатып айналымға енеді. Бабаларымыз үшін төзімді рух: а) күшті де төзімді, өзін құрметтетуге қабылетті шыңдау, оның күш–қуатын нағыз қиындықтар мен ауыртпалықтарды көтеру барысында жетілдіру; ә) өзіне артық жүкті арту, оны көтере алатын күшімен масаттану; б) қиындықтарды көтере отырып еркіндік алуды, өз іс–әрекетінің қожасы болуды қалау; в) «сен тиіссің» деген талап пен сұранысты «Менің қалауым» болды деген тоқтамда түйіндеу; г) жаңа ерікке, мақтанышқа, арманға үйретті. Р. ж–дың ең ұлысы: “Барлық заттардың құндылығы менде жарқ–жұрқ етеді”, сондай еркіндікті жеңіп алуға дайынмын дегізетін ұстанымға жеткізу. Әлем де, адам да осылайша рухани жаңаруға, жұғысуға мүдделі.
Р. ж–дың шарттары: шабуылға шығатын сананы құптамау, қолдамау; күдікті, келіспеушілікті, білмегенді іште сақтау; басқаның арына тиетін сынға ашық, қатаң, бара бермеу. Имандылық жолын жоғары тұтқан беделділер бір–бірінің көзқарасы мен қылықтарына ашық қарсы келмей, ақиқатты бұрмалап шектеуге бармады. Р. ж – дінаралық әріптестіктің жемісі мен болашағында. Дінаралық байланысты ұлтаралық, мәдениетаралық диалогпен толықтыру және қоғамдық қажеттілік аясында мазмұндау – дінаралық әріптестіктің айғағы. Озық ойлы діни қайраткерлер бір–бірін түсінуге ұяң ниет білдіріп қана қоймай, этномәдени және рухани бастауларды тиянақтауға батыл және нақты бетбұрыс жасады. Бетбұрыс: а) жаңа көзқарас, жаңа түсінік, тың талғам мен талдаудан; ә) жаңадағы шындық пен ақиқаттың жаңа арқауын ширатуда төзімділік танытудан білінеді. Өмір шындығына жеткізетін, адамдар арасында теңдікті орнықтыратын, қоғамда екі немесе көпжақты келісімді нығайтатын төзімділік ынтымақтасудың жаңа беттері мен рухани перспективасын ашты. Рухани перспективаның тірегі: а) әр әлеуметте адамдарға қайырымдылық пен діни төзімділік мінәжатын тікелей арнай алатын мүмкіндікте; ә) діни және зайырлы әлемдердің жаһандық үнқатысу арнасы мен дәстүрінде; б) сезім мен ойдың, сөз бен сенімнің өмірлік мағынасын жоғары тұтуда. Байыптасақ, рухани перспектива: а) кісілік қасиеттерде, ә) адам құндылығына деген әділеттілікте, б) өз елін, жерін сүйетін, қорғайтын ынта–ықыласта, в) адамдар мен елдер арасындағы ынтымақта екендігіне тарих әрқашан көзімізді жеткізуде.
Р. ж–ң бастауы – адамдық және әлеуметтік құндылықтарда. Адамдықтың киелі қасиеттері – әділеттілік, игілік, ізгілік, мейірімділік, үлкенге құрмет, кішіге ілтипат орныққан сайын а) әдепті кемсітушілік азайып, азғындық тарылмақ; ә) ұрпақтық, әлеуметтік, әлемдік нысандарға айналуда. Адамзатқа ортақ құндылықтар – барлық адамның жүрегіне жақын, тарихи танымға тірек, қарқынды диалогқа бастау болатын өрелі бағытқа демеулігін арттыруда. Жаңғыртудың тетігі – адамның саяси және азаматтық теңдігінде, сол теңдікті орнықтыратын ұқыптылықта. Ұқыпты ұсыныстар мен жауапкершіл сезімді қоғамдық сұраныс тудырады. Әр елдің қуаты – оның бірігу өресінде, бірлесу құралында.
ХХІ ғасырда Р.ж. азғындылық асқындап, адамзатты құрдымға тартатын қауіпті қатер асқындауда. Р.ж. азғындық – адамдық қасиетті ұсақтауда. Бейбіт те бітімгер қарым–қатынасқа сенімін арттырған гуманистік–діни дәстүрдің өкілдері өздерінің байырғы біржақты көзқарастарын байыппен зерделеуге бейімделді, бірлікте ірілік екенін ескерушілік түрлі ортада белең алды; адамның ой–ниеттеріне, көңіл–күйлеріне бағытталған әрекетте қасиетті сезімдерді қорламау, күштеу қағидатын қолданбау түсінігі түптелуде; адамдардың құқықтарына құрметпен қарау қажеттілігі қоғамдық қолдау табуда.
Сабырлық – адамның өзін–өзі билеуі, байсалды ерік–жігер күшінің көрсеткіші, орынсыз асып–саспауы. С–лы адам қызбалық пен ұрдажық, ұшқалақтыққа салынбайды. Әр істің ақырына көз жібереді, ісін ойланып, орындайды, ашуды ақылға жеңдіреді. Өмірде реніш те, қуаныш та, бейнет пен рахат та алма–кезек келіп отырады. Сондықтан осындай жағдайларды ескеріп, сабырлы болып, істің артын күту қажет. С–лы кісі басқа түскен ауыртпалықты көтере біледі. Өйтпеген жағдайда оның тез сағы сынып, мойырылып қалуы мүмкін. Адам ізгі тілек, үмітпен ғұмыр кешеді, оның кеудесінен үміт оты өшпейді. Қанағат пен ынсап сабырдан қолдау табады. С. адамды жауапкершілік сезімге тәрбиелейді. Жеңілтек, ұшқалақ адам сабырсыз келеді, ол орынсыз күйіп – піседі, өзін демде отқа да, суға да тастайды, қайғы– қасіретке салынады, ұнжырғасы түсіп кетеді, тез сағы сынады, кейде бостан–босқа абыржып, арамтер болады, өз ерік–жігерін билей алмай әуре–сарсаңға салынып, орынсыз ашуланып, қызба, жеңілтек мінез көрсетеді.
Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.
САЛ–СЕРІ – әнші, күйші, ақын, өнерпаз. С.–с–лік дәстүрі бірте–бірте ұмытылып халық жадында тек Ақан сері, Сегіз сері, Біржан сал секілді өнерпаздарға байланысты ғана сақталып отыр. Салдардың елден ерекше өзгешеліктері, олардың көзге ұрып тұрар айрықша белгісі – киім киісінде. Ә.Диваев сипаттап бергендей, "Сал өзінің үстіне киген киімі халық кимеген түрден болады. Егер ол киген киімді халық кисе, оны кимей, қарақұрым киізден киім қылып киеді екен". Салдар киімдерінің жұрт назарын аударатындай күлкілі, сайқымазақ болуын қатты қадағалаған. Ел аузында салдардың паң жүрісі, тәкаппар мінездері, киім киістері, сән–салтанаты хақында аңыз–әңгімелер көп. Мәселен, Жетісу өңірінде "Дәурен салдың белбеуіндей ұзын" деген мәтел сөз сақталған. Ол Ілені кешіп өткенде белбеуінің бір ұшы арғы жағада екінші ұшы бергі жағада қалады деген әңгіме бар. Салдардың аттарына шөп орнына мейіз, су орнына бие сүтін беретінін халық әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Халқымыздың ежелгі салттарының бірі – салдық салыстыру. Бәсекеге түскен салдардың іс–әрекет, қылықтары басқа адамдар үшін ақылға сыйымсыз, ерсі, ұятты болуы мүмкін. Бәсеке кезінде астындағы атын әп–сәтте бауыздап тастау, тіптен тыр жалаңаш шешініп ауыл–үйді тегіс аралап шығу т.с.с. сал үшін әбестік емес. Салдық салыстыру кезінде кісілік, жомарттық, мәрттік, өнер, т.б. да сыналып отырған. Салдар кейде сайқымазақ, кейде қу–әзілкештер тәрізді елді күлдіріп, думан қылып жүрген. Жоғарыда сипатталған салдарға тән ерсі мінез, елден ерекше күлкілі киімдер кию тәрізді іс–қылықтар серілер бойынан табыла бермейді. Серілер таза, әдемі киіну, кербез, паңдык мінездерімен өз ортасынан оқ бойы озық тұрады, олар жомарттық, білімдарлық касиеттерімен айналасына өнеге шашатын, тек өнер жолына беріліп, сауық құрып, аңшылық–саятшылықпен айналысып жүрген. С.–с–дің топтасып жүріп, ауыл–ауылды аралаған сәті тұтас ансамбльді елестетеді. Олардың арасында ақын, әнші, балуан, т.б. өнерпаздар жүретін. Серілердің бірдей ат мінуі, бірдей киім киюі, салдардың елден ерек, алабажақ киімі, басындағы үкісі де көшпелі дала әртістеріндей әсер қалдыратын. Салдардың ауыл сыртына келіп құлауы, қыздардың көтеріп кетуінің белгілі дәрежеде эстет. мәні болды, халықтық драма өнеріндегі ойын–сауықтың бір түрі қызметін атқарады. С.–с. акын, комп., әнші болудың үстіне артистік, бишілік, көзбайлаушылық, т.б. өнерді бойына жинақтаған жан–жақты өнерпаздар болған. Қазақта Шашубай Қошқарбайұлы, Тайжан Қалмағанбетұлы, Берікбол Көпенұлы, Назар Жүндібайұлы, Балуан Шолақ, т.б. белгілі С.с. болған.
«Сал» – сұлулықтың символы, көптің көзіне түсіретін қылықтар ұстанымы: сылқымдық, кербездік, киімді әдемі киіну, өзімен қатар жүретін адамның бәрінен де қияпатымен де, киімімен де артық болу, асып түсу; киімді салпаңдатып кең тігуден шыққан сал, салпаң; еуропа тілімен айтқанда эксорталық, болмаса өз бағытымен жүретін бір аяулы адам; сопылық рәсім–салтта – рухани кемелдену жолы. «Сері» сөзі серпілуден шыққан, бой жазу, серпер осы сөзбен үйлес шалқыту, үндес асқақтау; өз заманының атақты кісілердің елеулі жүріс–тұрыстары мен киіну салтын әдет қылған ойшыл да, өнегелі жандар. С–ктің бейнесі мен әдетін алғаш қалыптастырушының бірі – Иоллық деген кісі. Ол ғажайып аңшы мергендігімен, атты әдемілеп ұстайтын сейілдігімен, асқан ақын–жыраулығымен әйгілі болған. Тағы бір аңызда Қорқыт – ескі дәуірдегі серілікті бастаушының бірі. Аңыздарда Қорқыт атақты шешен, ақын–жырау, күйші, бірінші қобыз жасаушы, көптің алдында сөз бастаушы, ел қиналғанда қол бастаушы ретінде бейнеленеді. Қорқыт өзі тектес тынымсыздар туралы: «Елден, ерге, бектен бекке, қобызын артып қосына, ұзындар (ақын–Ж.М.) жүр ел кезіп» дейді.
С.–с. арқылы сопылық дәстүрі қазақ даласы мен елінде кең танылды. Түрлі шапқыншылықты басынан кешкен қилы–қилы ауыр кезеңдерде С.–с–ң жағдайында рухани іліммен қоса, әскери тәжірибелерде берілген сын. С.–с–дің қатарында – Бекташ, Асанқайғы, Есената сияқты аттары аңызға айналған сопылар аз емес. Есімдері ел аузында жатталынған ірі тұлғалар жауынгерлік, ақындық, сопылық машайықты бір–бірімен үйлестірген алаш ұлдары бірде жеке, бірде топтаса өнерлерін ел алдында паш еткен. «Сыршы молда» дастанында мынандай көрініс суреттеледі:
Алдында қырық өнерпаз бар жігіті,
Көрген адам ақылы қалмас тіпті.
Ханның ұғылын көрген соң, ханышаның
Ақылы қалмай басында сауал етті.
ХІV ғ. аяғы мен ХV ғ.–ң басында қазақтың батыс және орталық өңірінде тарихаттың жолына түскен алаш ұлдарының тобы көбейді. ХVІ ғ. ортасында қазақ мемлекеттілігі құлдырай бастаған дәуірде қолдарына домбыра ұстаған, халықтың еркесі, құты атанған арқалы жандар – «С.– с–лер» ел арасында таныла бастайды. Қиын қыстау кезеңде арқалы ақын–жыраулар ел–жұрт арасында ерліктің теңдесі жоқ үлгісін, үлкен рухани және психологиялық көмек көрсетті. Қол бастап жүрген батырлар: «Әне, С.–с–лер жауға сауыт кимей шапқанда, сауыт киіп, темір құрсанған сен неден қорқасың» деп қаннан шошынып тұрған жас ұландардың көңілін демеген.
Қазақ ордасы ұлы империяның теліміне түскеннен кейінгі жерде С.–с–р бұрынғы мәртебесінен айырылып, басқа сапаға өтті. Тұлғалық беделден арылған С.–с–р туралы түсініктер де әрқалай түрленді. ХІХ ғ. Маңғыстау жерінде ел аралап, ән айтып, күй тартқан, жыр жырлаған жеті өнерпаз құрған серілік дәстүр ерекше құрметке бөленді. Оларды халық «жеті қайқы» деп атап, жеті өнердің басын қосқан С.–с–ке ерекше ілтипат көрсеткен. Ақыл иесімен, халықты өзінің әдемі көрінісімен, шешен сөзімен, шырқап салған әнімен, сыбызғымен сыздатқан әуенімен қуантқан, мәрт мінезімен таңырқатқан С.–с–лер ел арасында қатарын түзей бастады. Той–томалық күтіп, соның соңына түскендер туралы Майқы би: «Шаруадан тыс қаларсың, Бәрің бірдей сал болсаң» деп текке ескертпегендей. Байыбына барсақ, С.– с–лер – рухани бай, жан–тәні мен зердесі кемелденген жандар, атажұртының нағыз патриоттары. Акад. Ә. Марғұлан: «Серілер, біріншіден, атақты мерген, екіншіден, саятшы, сұңқармен, лашынмен, тұйғынмен қызық көруші, тұлпар аттың ең жүйрігін қадірлеп баптаушы. Онымен қабат халықтың рухани тірлігіне, ойын–сауығына ерекше қуат беріп, оны биікке көтеруші» – дейді. Тұлпар десе, Әзіретті Әлидің Дүлділі, Ақан с–ң Құлагері, сұлу ән айту Дәуіт пайғамбардың сүннетінен, сұңқар, лашын, тұйғын баптау Қожа Ахмет Ясауиден үлгі болса керек. Олардың әлеуметтік–мәдени ықпалы мұнымен шектелмейді. Атақты этнограф–мәдениеттанушы А. Инан С.– с–тің қазақ мәдениетіндегі маңызына тоқтала келіп: «Қазақтар, Моңғолстан, Алтай аймағынан Еділ (Волга) жағалауларына, Ауғанстан мен Иран шекарасынан Тобыл–Ертіс аңғарына, Памирден Орал тауларына дейін созылып жатқан кең байтақ кеңістікте өмір сүргенімен, ортақ бір тілде сөйлейді. Заңы мен әдет–ғұрпында ешқандай өзгешелік жоқ. Мұншалықты дәрежедегі бірліктің себебі С.–с. деп аталатын ақын–жыраулары мен өнерпаз–алып ерендерінің бүкіл қазақ даласын толассыз аралап, ру–тайпалар арасында жүргізген ғибраттық–насихат дәстүрлерінен болса керек», – дейді. Орынды уәж, ойып айтылған шындық. С.–с–лік –ақын–жыраулығы ерендердің үлгісі, ел–жұрттың елеулі белгісі. ХХ ғ. С.–с–ң тоқырауға ұшырап, тарих сахнасынан кете бастаған уақытына тұспа–тұс келеді. Ел аузында олардың айтып кеткен әндері, күйлері, жырлары сақталды, аңызға айналды. С.–с. дәстүр елімен бірге жаңғыруда.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
Достарыңызбен бөлісу: |