«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты



бет7/29
Дата08.06.2016
өлшемі2.41 Mb.
#122994
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   29

ҒЫЛЫМ(арабша: علم‎ — тану; латынша scientia — білім) – зерттеу жолымен жинақталған жүйелік табиғат пен қоғам туралы обьективті білім жүйесі, адам танымының жоғары формасы.

Негізінен Ғ–дарды екі санатқа бөледі: Жаратылыс құбылыстарын (биологиялық өмірді қоса) зерттейтін жаратылыстану ғылымдары және адамзаттың әлеуметтік өмірі мен қоғамдық қатынастарын зерттейтін гуманитарлық ғылымдар. Бұл санаттар эмпирикалық ғылымдар болып табылады, яғни ондағы білім табиғатта көруге және зерттеушілердің әлдебір шарттарда тәжірибе арқылы тексеруге болатын құбылыстарға негізделген. Кейде фундаменталды ғылым деп аталып үшінші санатқа жатқызылатын математика ғылымының жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдармен ұқсастығымен қатар айырмашылықтары да бар. Ұқсастығы — объективті, ұқыпты және жүйелі әлдебір білімді зерттегенінде болса, айырмашылығы білімді тексеру тәсілінде: ол эипирикалық емес, көбінше априори тәсілдеріне жол береді. Статистика мен логистика ғылымдарына жататын фундаменталды ғылымдар эмпирикалық ғылымдар үшін өте маңызды. Фундаменталды ғылымдардыың ірі жетістіктері физика және биология ғылымдарына да жиі ірі жетістіктер әкеледі. Фундаменталды ғылымдардағы теориялар нәрселердің қалай жұмыс істейтінін (жаратылыстану ғылымдары) ашу мен сипаттауда, сонымен қатар адамдар қалай ойлап, қалай әрекет ететінін (гуманитарлық ғылымдар) сипаттауға маңызды гипотезалар, теориялар және заңдылықтар құруда үлкен рөл атқарады. Ғ.–мен өзара тығыз байланыста болатын ғылыми зерттеулер нәтижелерін адамзат мұқтаждығына пайдалану болып табылатын қолданбалы ғылымнан ажырату үшін кейде тәжірибелік ғылым болып аталады.

Тұтас Ғ. жүйесін құрайтын ғылыми пәндерді шартты түрде жаратылыстану, әлеуметтік және техникалық ғылым деп үлкен үш топқа бөлуге болады. Бұлардың арасында қатаң шекара жоқ, бірқатар ғылыми пәндер аралық жағдайда қалыптасқан. Мысалы, техникалық ғылым мен әлеуметтік ғылымның түйіскен жерінде – техникалық эстетика, жаратылыстану ғылымы мен техникалық ғылымының түйіскен жерінде – астроботаника, ал жаратылыстану ғылымы мен әлеуметтік ғылымның түйіскен жерінде экономикалық ғылымдар қалыптасқан. Ғ.–ның ерекше маңызды рөл атқаратын салалары – математика, ақпараттану және басқару теориясы болып табылады. Ғ–ның белгілі бір саласында дәстүрлі зерттеулер жүргізілуімен қатар, пәнаралық, кешенді зерттеулер жүргізу қазіргі Ғ–ның ерекше даму бағыты болып табылады. Мысалы, табиғатты қорғау мәселелерін зерттеуде осы бағыттың маңызы айқын болып отыр. Мұнда биология мен техникалық ғылымдар, жер туралы ғылым мен медицина, экономика мен социология түйісіп, мәселені бірге зерттеуде. Өзінің алған бағыты, тікелей өмірге қатынасына байланысты Ғ.–ды іргелі және қолданбалы деп бөлу дәстүрі қалыптасқан. Іргелі ғылым саласының міндеті қоғамды, дүниені, табиғатты түсіндіретін заңдарды тану. Бұл заңдар мен құрылымдар «таза күйінде» зерттеледі, оларды тікелей пайдалану мүмкіншілігі шартты емес. Қолданбалы ғылымның тікелей мақсаты – іргелі ғылымның ашқан жаңалықтарын танымдық, әлеуметтік–практикалық мәселелерді шешуге қолдану болып табылады. Яғни оның міндеті – ақиқатты тану ғана емес, әлеуметтік сұранысты қанағаттандыру. Қолданбалы ғылым теориялық та, практикалық та бағытта дамуы мүмкін. Мысалы, қазіргі физикада электрдинамика мен кванттық механика іргелі ғылым саласы, ал осыған қосымша нақтылы пәндік саланы тану үшін теориялық қолданбалы физиканың түрлі салалары (металл физикасы, шалаөткізгіштер физикасы, т.б.) қалыптасқан. Ал олардың нәтижесін одан әрі практикада қолдану үшін, әр түрлі практикалық қолданбалы ғылым (металтану, шалаөткізгіш технологиясы, т.б.) пайда болды, бұлар тікелей өндіріспен байланысты қалыптасқан. Барлық техникалық ғылымдар қолданбалы ғылым саласына жатады. Қазақстанда Ғ–ды ұйымдастыру алғашқыда әр түрлі ғылыми–зерттеу мекемелерінде және бірқатар жоғары оқу орындарында шашыраңқы күйде жүргізілді. 1945 ж. Қазақстан Ғылым академиясы құрылғаннан кейін, ғылыми–зерттеу институттарының бірыңғай тұтас жүйесі қалыптасты. Ғылым академиясы құрылғаннан бергі уақытта онда үлкен зерттеу жұмыстары жүргізілді; өндіріске құнды жаңалықтар енгізілді.

Ғ– адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымының ең жоғарғы пішімі, оның практикалық қызметінің бір саласы. Адамзат қоғамының дамуы барысында Ғ. сол қоғамның маңызды әлеуметтік институтына және тікелей өндірістік күшіне айналды. Ғ.–ның басты мақсаты – Ғ. заңдарының негізінде ашылып отырған болмыс құбылысы мен процесін болжау, түсіндіру және жүйелеп мазмұндап беру.



Орта ғасырларда Ғ.–ның дамуына Шығыс, араб елдері Орта Азия ғалымдары (әл–Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Ибн Рушд, Бируни, Махмұт Қашқари, Жүйнеки т.б.) елеулі үлес қосты. Олар Ежелгі Грекияда қалыптасқан ғылыми таным жетістіктерін сақтап қана қойған жоқ, оны көптеген салаларда толықтырып, дамытты. Шығыста әл–Фарабиді Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» деп таныды. Орта ғасырларда араб елдері мен ислам діні тараған басқа да аймақтарда философия, медицина, эстетика, математика, астрономия т.б. Ғ. салалары қауырт дамып, бұл құбылыс кейін Ислам Ренессансы деп аталды. Мысалы, Омейя әулеті халифатында ғылым үйі болды, онда ғалымдар ежелгі грек ғылымының барлық жетістіктерін араб тіліне аударды, Ғ–ның ерекше формасы, «фәлсафа» қалыптасты. Еуропада бұл дәстүрді кейін схоластар дамытты. Ғ–ның қалыптасуына негіз болған тағы бір тірек алхимия мен астрологияның дамуы болды. Алхимия табиғи заттар мен қоспаларды тәжірибе жасау арқылы зерттеп, химияның қалыптасуының алғышартын жасады. Астрология аспан денелерін зерттеу арқылы астрономияның дамуына ықпал етті. Қайта өрлеу дәуірінде діннің басымдылығы әлсіреді, Ғ. рухани өмірдің дербес факторы болып, дүниетанымның (Леонардо да Винчи, Николай Коперник т.б.) негізгі тірегіне айналды. Сондай–ақ Ғ. табиғат құбылыстарын жан–жақты зерттеп, адамзат танымының көкжиегін кеңейте түсті. XVI – XVII ғасырларда Ғ–да болған терең өзгерістер алғашқы ғылыми революцияға (Галилео Галилей, Иоганн Кеплер, Уильям Гарвей, Рене Декарт, Христиан Гюйгенс, Исаак Ньютон және т.б.) алып келді. Ғ.–ның қарқынды дамуы, дүниенің жаңа бейнесін қалыптастырудағы рөлінің артуы, жаңа дәуірде Ғ.–ды жоғары мәдени құндылық ретінде тануға, көптеген философиялық мектептер мен бағыттардың Ғ–ға қарап бой түзеуіне ықпал етті. Механикадағы жетістіктер XVII ғасырдың аяғында жүйеленіп, толығып, әлемнің механикалық бейнесі туралы түсінік қалыптастыруда шешуші рөл атқарып, кейін әмбебап дүниетанымдық (Леонард Эйлер, Жан Даламбер, Пьер Лаплас, т.б.) маңызға ие болды. Осы бағыттың шеңберінде физика, химия салаларымен бірге биологиялық құбылыстар да зерттелді, соның ішінде адам тұтас организм (Жюльен Ламетридің «адам – машина» тұжырымдамасы) ретінде қарастырылып түсіндірілді. Энергияның сақталуы мен айналуы заңының ашылуы (Роберт Майер, Джеймс Джоуль, Герман Гельмгольц) физика мен химияның барлық тарауын ортақ негізге қоюға мүмкіндік берді. Клетка теориясын тұжырымдау (Теодор Шванн, Маттиас Шлейден) барлық тірі организмдердің біртекті құрылымын көрсетті. Биологиядағы эволюциялық ілім (Чарльз Дарвин) жаратылыстануға даму идеясын енгізді. Элементтердің периодтық жүйесі (Дмитрий Менделеев) заттың барлық белгілі түрлерінің ішкі бірлігі барлығын көрсетті. XIX ғасырдың ортасында әлеуметтік дамудың ғылыми теориясын жасау үшін әлеуметтік–экономикалық, философиялық және жалпы ғылыми жағдай қалыптасты; физика саласында бірқатар ғылыми жаңалықтардың (электрон, радиоактивтілік, т.б.) ашылуына қол жеткізді. Ғ–дағы дағдарыс физикада басталған жаңа ғылыми революциямен (Макс Планк, Альберт Эйнштейн, Нильс Бор) шешілді және қазіргі заманғы Ғ–ның барлық негізгі салаларын қамтыды. XX ғасырдың басында жаратылыстану ғылымында алдыңғы қатарға биология шықты, онда ДНК–ның молекулалық құрылымы белгіленіп, генетикалық кодтары айқындалды. XX ғасырда Ғ.–ның даму қарқыны оның түрлі салаларының ұштасып, қазіргі кезеңнің кешенді, ірі мәселелерін жаңа бағдарда шешуге бағытталған мәселелерде (материалдар мен энергияның жаңа көздерін қалыптастыру, адам мен табиғат қатынастарын тиімділендіру, үлкен жүйелерді басқару, ғарыштық зерттеулер, т.б.) ерекше байқалды. III мыңжылдықтағы Ғ. дамуының басым бағыты біздің бүкіл әлемді, оның ішінде, адамның ішкі әлемін жан–жақты, тұтас қарастыру болмақ.
ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ – ғылыми–зерттеу мекемесі немесе ғылыми–зерттеу мекемелерін біріктіретін қоғамдық ұйым. Ғ. а. ұқсас мекемелер б.з.б. IV ғ. бастап болған (Ежелгі Грекияда Платон ұйымдастырған Академия). Ал Еуропада XV – XVI ғасырларда көптеген ғылыми қоғамдарға академия атауы берілген. Қазіргі кезде дүние жүзінің көптеген елдерінде (мысалы, АҚШ, Англия, Италия, Қытай, Франция, Қазақстан, т.б.) ұлттық ғ. а.–лары жұмыс істейді. Ғ. а.–лары әр елде түрліше аталады (мысалы, Ұлыбританиядағы Корольдік қоғам) әрі олардың құрылу принципі, құрылымы, мүше саны, т.б. әр түрлі болып келеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы (1993–1996, 1999–2003) ҚР Президентінің 1993 ж. 21 қаңтардағы Жарлығымен («Республиканың ғылымын ұйымдастыруды және ғылыми–техникалық қуатын дамытуды жетілдіру жөніндеғі шаралар туралы» ҚР Президентінің 1993 ж. 21 қаңтардағы № 1090 Жарлығы (Ағымдағы мұрағат) Ғылым академиясы (Қазақ КСР ҒА) ретінде 1946 ж. 1 маусымынан жұмыс істеп келеді.) Қазақ КСР ғылым академиясы қайта ұйымдастырылуының нәтижесінде құрылды (1993–2000 жж. кезеңдегі мемлекеттік органдар туралы мәліметтер: қараңыз–Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары (1991 ж. 16 желтоқсан – 2001 ж. 1 қаңтар). Анықтамалық. ҚР ПМ. – Алматы: БҮ «Эдельвейс», 2004. 572–573 б.). ҚР Президентінің 2001 ж. 6 қарашадағы Өкімімен («Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының кейбір мәселелері туралы» ҚР Президентінің 2001ж. 6 қарашадағы № 247 Өкімі (Ағымдағы мұрағат)). ҚР Ұ. Ғ. а.–сына мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын фундаментальды ғылыми зерттеулер бағдарламалары шеңберінде орындалатын жұмыстарын сараптау функциялары жүктелді. ҚР Үкіметінің 2002 ж. 22 мамырдағы қаулысымен («Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің 2002 ж. 22 мамырдағы № 550 қаулысы (ҚР ПҮАЖ, 2002, № 14, 150–бап))[ «ҚР Ұлттық ғылым академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің Жарғысы бекітілді.

Жарғыға сәйкес ҚР Ұ. Ғ. а. Ғ. а.–сының мүшелерін (академиктерді), корреспондент–мүшелері мен Қазақстанның жетекші ғалымдарын біріктіретін мемлекеттік ғылыми мекеме болып табылды. Ғ. а. басқарушылық, ғылыми–техникалық, әлеуметтік–мәдени және басқа функцияларды жүзеге асыруға құрылған республикалық мемлекеттік мекеме болып табылды. Ғ. а.–ның мемлекеттік органы, сондай–ақ мемлекеттік меншік құқығы субъектісінің оған қатысты функцияларын жүзеге асыратын органы ҚР Білім және ғылым министрлігі болып табылды. ҚР Ұ. Ғ. а. қызметінің мақсаты мен негізгі бағыттары мыналар болып табылды: ғылыми–зерттеу қызметі; ҚР ғылымының жай–күйін талдау және дамуын болжау; ғылымды дамыту мен ғылыми кадрларды даярлаудың басым бағыттарын айқындау; ғылыми–сараптамалық қамтамасыз ету; ғылыми зерттеулер бағдарламаларын қалыптастыру және орындалуын үйлестіру; өз құзіреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты, инновациялық және инвестициялық қызметті дамытута жәрдемдесу.

Ұ. Ғ. а. жалпы басшылықты және қызметін үйлестіруді уәкілетті орган (министрлік) жүзеге асырды. Ғ. а. басқармасының атқарушы органы ҚР ҒА президенті болып табылды. ҚР Президентінің 2003 ж. 21 қазандағы Жарлығымен («Қазақстан Республикасында ғылыми қызметті ұйымдастыру жүйелерін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2003 ж. 21 қазандағы № 1208 Жарлығы (Ағымдағы мұрағат)) «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесі таратылып, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігі құрылды (Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары (2001–2005 жж.).

1946 жылы 1 шілдеде Қазақстан Ғылым академиясы салтанатты түрде ашылды. Ғ. а.–ның тұңғыш президенті болып көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қазақстандық геология мектебінің негізін салушы, академик, әлемге танымал ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сайланды. Қазақстан Ұ. Ғ. а.–ның құрылуы республиканың табиғи ресурстарын неғұрлым толық зерттеуге және пайдалануға, оның экономикасының, ғылымы мен мәдениетінің өркендеп өсуіне кең мүмкіндіктер ашты. 1995 жылы 31 желтоқсанда Ғ. а.–ның ғылыми–зерттеу институттарында ғылыми қызметкерлердің саны 2996–ға жетті, оның ішінде 408 ғылым докторы және 1289 ғылым кандидаты; ал 2009 жылы ҚР Ұ. Ғ. а.–нда 172 толық мүше, 21 құрметті мүше және 14 шетелдік мүшесі болды. Ғ. а.–ның құрамында 5 ғылыми бөлімше (1999): физика–математикалық ғылымдар, Жер туралы ғылымдар, химия–технологиялық ғылымдар, биология және медицина ғылымдары, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімшелері, сондай–ақ ғылыми–ұйымдық және халықаралық бөлімшелер жұмыс істеді.


Әдебиет: Казахская ССР: краткая энциклопедия / Гл. ред. Р. Н. Нургалиев — Алма–Ата: Гл. ред. Казахской советской энциклопедии, 1991. Анықтамалық: Екінші шығарылым./Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты. – Жауапты редактор: В.Н. Шепель; Алматы: «Эдельвейс» Баспа үйі: 2007. ISBN: 9965–602–37–9).
ҒҰН ДӘУІРІНІҢ ЕСКЕРТКІШТЕРІ – Қазақстан, Орт. Азия, Бат. Сібір, Орал мен Еділдің оңт. өлкелеріндегі түрлі жәдігерлерді және IV–V ғ–ларға Еуропаға барған ғұндардан калған қабірлер мен көмбелерді қамтитын ғылымдағы жиынтық ету. Шығыстағы тарихи ғұн мәдениетінін таза сипаттағы ескерткіштері бұл өлкелерге тән емес. Жергілікті қаңлы, үйсін, сармат, т.б. мәдениеттердің ескерткіштері тараған. Бұларға шығыстық ғүн элементтері қосылып, кей өлкелерде "кеңқол" тәрізді аралас сипаттағы ескерткіштер тобы пайда болған. Жалпы, шығыстық элементерден, әсіресе, қару–жарақтағы, қыш ыдыстағы, жекелеген бұйым түрлеріндегі ықпалдарды айтуға болады. Жерлеу ғұрпында да өзгерістер байқалады. Оларды А.Бернштам, Ю.Заднепровский, С.Сорокин, К.Ақышев, И.Қожамбердиев, А.Максимова, М.Қадырбаев, Б.Нұрмағамбетов, Л.Левина, В.Могильников, И.Засецкая, М.Мошкова, О.Обельченко, т.б. зерттеді. Кеңқол ескерткіштері Шу мен Таластың жоғ. алқаптарында ашылды, олардың кейбір ықпалдары Оңт. Қазақстандағы Жамантоғай, Шәушіқүм, Бөріжар зираттарынан байқалады. Сонымен катар, ғұн әсері бар Жетіасар мәдениетінің (Арал маңы), Құлажорға (Шығ. Қазақстан), Қорғантас (Орт. Қазақстан) кезеңдерінің ескерткіштері зерттелуде. Жетісудағы Қарғалы, Теңдік зираттарынан көптеген сәнді алтын бұйымдар, Ақтастағы қоныс пен зираттан құнды деректер алынған. Батыс өлкелердегі сармат тайпаларының соңғы кезеңдеріндегі ескерткіштерінде шығыс ғұндар ықпалы байқалады. Қазақстаннан бастап Қара т., Дунай, Карпатқа дейін тараған IV–V ғ–ларға жататын ескерткіштер ерекше топты құрайды. Айрықша белгілері – полихромды стильмен жасалған бағалы бұйымдар. Олар шығыс ғұндарының мәдениетінде жоқ, кейін қалыптасқан дәстүрге жатады. Асыл тастар, түсті шынылар орнату, сіркелеу (зернь), сым кептеу (скань), бөгетті эмаль және алтын–күмістеу тәсілдерін колданып жасаған сәнді бұйымдар Қазақстанда (Бурабай, Қарағаш, Қанаттас, Батыр), одан әрі батысқа қарай Еуропа жерлерінен көптеп табылды. Шығыс ғұн ескерткіштері мен Еуропаға барған ғұндарға қатысты ескерткіштердің арасындағы тікелей сабақтастық ғылымда дәлелденбеген. Кейбір байланыстар тек жекелеген бұйымдардан ғана байқалады.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
Дағдыадамның мақсатты әрекетті атқаруда қайталап, жаттығу нәтижесінде, машықты түрде орындауы атайды. Қозғалыстың автоматталуының өрістеуі іс–қимылды саналы реттеудің ұлғаюымен қатар жүреді. Іс–қимылдың автоматтануының нәтижесінде оның құрылымдары өзгеріске ұшырайды. Іс–қимылды игеру нәтижесінде қажет емес қозғалыстар жоғалады. Яғни, қозғалысты орындау ырғағы жеделдетіледі. Сонымен, іс–қимылды атқаруда дәйектілік, үйлесімділік және қозғалыс жылдамдығы артады. Іс–қимылды сенсорлы бақылау әдістері өзгереді. Іс–қимыл нәтижелерін бақылау үшін маңызды бағдарларды жылдам ажырату мен айқындау қабілеті дамиды. Іс–қимылды орталық реттеу әдістері өзгереді. Д. – бұл саналы машықтандырылған іс–қимыл. Д–ны қалыптастыруда басты құрал адамның бақылайтын және орындайтын іс–қимылын сөзбен жеткізу болып табылады. Сонымен қатар, идеалды іс–әрекет – жүзеге асырылу тиіс іс–қимыл бейнесін «ақыл–ойында» бейнелеу. Адам дағдысы саналы автоматтандырылған іс–қимыл ретінде пайда болады. Д. іс–қимылды орындаудың машықты тәсілі ретінде қызмет атқарады. Адам дағдысының қалыптасуына адамның бұрынғы тәжірбиелері де ықпал етеді. Әрбір Д. адамдағы Д–лар жүйесіне өзара әрекеттестік негізінде қосылады. Д. іс–әрекеттің қай түрінде де маңызды орын алады. Д–ланған іс–қимыл шапшаң және жылдам атқарылады. Д–ның нәтижесінде атқарылатын іс–қимыл нәтижелі болады. Д–ның нәтижесінде адам санасы іс–әрекеттің маңызды, шешуші сәттеріне жұмылдырылады. Д–ны бірнеше түрге бөліп қарастыруға болады. Мысалы, жазу, оқу, есептеу, спорт түрлеріне байланысты дағдылар, еңбек, мамандық машықтары және т.б.
ДАЛА ӨРКЕНИЕТІ – түркі тектес халықтардын, соның ішінде қазақтардын материалдық және рухани құндылықтарының даму сатысы; этномәдени жүйенін қалыптасуындағы табиғи–тарихи тұрпат. Белгілі орыс археологы, акад. А.П. Окладников (1908 – 1981) зерттеу еңбектерінде далалыктардың этномәдени жүйесін "Батыс Сібір өркениеті" деп атап, "ежелгі түркі Сібірі шығысқа қарағанда батыспен тығыз байланыста болған сияқты. Оның мәдениеті бұрын болжағанымыздан әлдеқайда бай" екендігін жазды. Ә.Марғұлан, К.Акышев, Қ.Байпақов, т.б. ғалымдар "көшпелілер өркениеті" атауын жиі қолданса, Л.Н. Гумилев, О.Сүлейменов оның қайта өрлеу дәуірінде, б.з.б. IX ғ–дан б.з. XI ғ–ы аралығында, Жерорта т. жағалауы және Қиыр Шығыс елдерімен салыстырғанда жасампаздық эволюцияны бастан өткергенін дәлелдеді. Соның нәтижесінде еур. астамшылық пен таптық уағыздамаға негізделген кеңестік тарихнама мансұқ еткен Еуразия кеңістігіндегі тарихи–мәдени ерекше құбылыс ғылымға "Д. ө." деген атпен ене бастады. Азия мен Еуропа арасындағындағы алып кеңістік деп ежелгі Дешті Қыпшақ төсінде эвол. жолмен қалыптасқан мәдени–экон., рухани тұтастықты, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы тұрмыс кешкен дала тұрғындарының этнотарихи жүйесін Д. ө. атауға толық негіз бар. Климат құбылмалылығына жаппай әрі тікелей тәуелді күйдегі көшпелі мал ш. далалықтардың геоэкон., гео–саяси, геомәдени икемділігін белгілі бір дәрежеде шектегенімен, тұйыққа қамай алмады; керісінше, солт.–еуразиялық кеңістік тұрғындарының өзіндік ерекшелікке толы әлеуметтену процесі мен нәсілдік–генетик. бірігуіне жол ашты. Жабайы жылқылар мен түйелерді қолға үйретіп, осыған орай арба мен әбзел ойлап табуы көшпелілерді өркениет даңғылына жетелеген алғашқы, тың қадам болды. Металл өңдеу, қыш ыдыс жасау, мата тоқу, зергерлік кәсіп қарқынды дамып, "жұлдыз барлап, жол табу" арқылы алғашқы астрон., ғарыштық түсініктері орныға бастады. Қандық–туыстық байланыстар мен әлеум. ұжымдасудың жан–жақты, қатаң түрде сатыланған жүйесі қалыптасты. Осынау прогрестік нышандардың бәрі көшпелілердің "мәдени өркені өнбей семіп қалғандығы, олардың етекбасты қабілетсіздігінің диалектик. даму қалыбына қайшы келетіндігі" туралы әркилы пікірлерді теріске шығарып кана қоймайды, сонымен қатар Д. ө–нің жалпы адамзаттық өркениетке өлшеусіз үлес қосқанын көрсетеді. Еуразиялық көшпелілер ортасында қалыптасқан тәңіршілдік, зара–туштуралық, манихейлік дүниетаным көп ұзамай Алдыңғы Азия елдеріне діни қағидаттар, мифтік және эпостық сарындар ретінде жетіп, идеол., этик.–эстетик. тағылым дарытты. Жинақы тұрғын үй құрылымы, соған сәйкесті үй мүліктері мен киім–кешек үлгілері, тіпті, еуропалықтар тұрмысына да дендеп енді. Еуразия жазығының шығыстан батысқа қарай көсілген ендігінде олар ру тайпалық бірлестіктен бастап өзара конфедеративті қарым–қатынасқа негізделген көшпелі империялар құруға дейінгі саяси интеграцияның күрделі процестерін өткерді. Әсіресе, мыңдаған жылдарға созылған нәсілдік генетик. комбинациялардың, геосаяси және әлеум.–мәдени байланыстардың мекені болған апайтөс кеңістіктің батысы мен шығысын тұтастырған Тұран жазығының тұрғындары – протоказақтардың өте ерте кезеңдерден көшпелілікті отырықшылық тұрмысқа, мал бағуды егіншілікке үйлестіре жүргізгені көне қытай жазбаларында мазмұндалған. Көне түркілердің өзіндік ерекшелігі бар "өркениеттік деңгейдің басты шарты" – төл сына жазуы қалыптасты. Алтай өңірінен, Шығ. Түркістан мен Жетісу жерінен, Хакас және Тыва өңірлерінен табылған 200–ден аса ежелгі түркі жазуының ескерткіштері б. з. 1–мыңжылдықтың соңы мен 2– мыңжылдықтың бас кезіндегі (V–VI ғ–лардағы) түркі тектестердің аса қуатты мәдени–тарихи даму үрдісіне дәлел боларлықтай. 20 ғ–дың басына шейін өзіндік өрнегі мен эт–ник. бітімін жоғалтпаған осынау ерекше мәдени–тарихи тип Д. ө. екендігі белгілі қазақ зерттеуші–ғалымдар М.Қозыбаевтың, Ә.Кекілбаевтың, Т.Ғабитовтың, А.Сейдімбековтің, М.Барманқұловтың, т.б. еңбектерінде негізделген. Д. ө. уақытпен кеңістік өрісінде геогр.–ландшафттық бөгеттерге (өткелсіз су айдындарына, ну жынысты ормандарға, асусыз тау сілемдеріне) қамалып, томаға–тұйық күй кешкен реликтілік құбылыс емес, динамик., футуристік мән–мазмұны қанык жүйе ретінде ерекшеленеді. Кез–келген көшпелі, қарапайым дала тұрғыны өз халқының бүкіл тарихи–мәдени, адамгершілік тәжірибесі жинақталған ауыз әдебиеті нұсқаларын – жыр–толғауларды, аңыз–өпсаналарды, т. б. жатқа білді. Сол арқылы әлемдік өркениеттің тарихи ауқымымен біте қайнасып, өзіндік бітім–тұрпатқа ие деңгейде өмір сүріп жатты. Ислам Ренессансын бастан өткеріп, әлемдік ғылымдар мен ғыл.–танымдық ізденістердің бастауына (әл–Хорезмидің "әл–Жебрасы", Ұлықбектің астрон. зерттеулері, Омар һайямның аспан денелерінің картасы, Әбу Әли Ибн Синаның дәрігерлік канондары, т.б.) айналған түркі әлемінің ішкі тұтасуының саяси–экон., мәдени және этногенетик. үрдістері Шыңғыс хан империясы шапкыншылығы кезінде күрт тоқырауға ұшырады. Түркілердің бірсыпыра бөлігі байырғы аумак шегінен тысқары кетуге мәжбүр болды. Сөйте тұра, олардың бір бөлігі Шыңғыс хан империясының саяси құрамын, әлеум.–құқықтық негіздерін жетілдіруге ат салысып, ұлан–ғайыр кеңістікке қанат жаюына тікелей жәрдемдесті. XV ғ–дың 60–жылдары құрылған Қазак хандығының тағдыры ұлы Түркі қағанаты және Шыңғыс хан империяларының тарихымен тамырласып, Шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісу мен Түркістан аумағындағы сан ғасырлық әлеум.–экон., этносаяси үрдістердің заңды жалғасы ретінде өрбіді. Аралас, яки көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы егін шаруашылығы қатар дамыған, дәстүрлі қала мәдениеті бар өлкенің табиғи топтасуы негізінде XIV– XV ғ–ларда біртұтас экон. аймақ құру үрдісі бүкіл қазақ жерін бірегей саяси құрылымға біріктіруге жағдай жасады. Үш жарым ғасырдай Орт. Азияда елеулі рөл атқарған Қазақ хандығы мемлекеттілік нышандарын жетілдіріп қана қойған жоқ, қазақ ұлтын тұтастырып, оның этник. жер аумағын нығайтып, рухани және материалдық мәдениетін дамытты. Әлемдік шаруашылык жүргізу тенденцияларының өзгеруі Еуразия ендігіндегі геосаяси ахуалға қаяу түсірді. Елдің солт–нде өз тауарларын өткізу нарығын әрі арзан шикізат көзін иемдену, әділетсіз экон. айырбасқа жол ашу мүддесі көкейін тескен Ресей империясы ентелеп тұрды. Адамзат дамуындағы ерекше тарихи–мәдени бітім Д. ө–нің бесігі болған Орт. Азия елдері сияқты Қазақстан да осы кезеңнен бастап сол империяның геосаяси мүдделерінің орбитасына айналды. Әскери–әкімш. шаралардың ғана емес, сондай–ақ, идеол. аппараттың көмегімен отаршылдар этномәдени тұтастықты бұзып, ұлттық нигилизмге, тарихи жадысыздыққа дем берді. Кез келген ұлттың өркениеттілігі, мәдени бітімі сол елдің тәуелсіздігі аясында өрбиді. Егемен ел – тәуелсіз Қазақстан жағдайында жалпы адамзаттық құндылықтарға қол жеткізіп, біртұтас мәдени жүйе қалыптастыру үшін өткен тарихты, жеткен жетістікті бағалай білу шарт.
ДАНАЛЫҚ – адамзаттың сан ғасырлық таным процесі мен өмір тәжірибесі нәтижесінде жинақталған рухани ілім–білімді игеріп, оны ұрпақтан ұрпаққа ұлағатты ой пікір, өнегелі түсінік, ізгілікті іс–әрекет түрінде жеткізе білетін адам қасиеті. Д.– ауқымы кең, күрделі құбылыс, оған бір жақты, кесімді анықтама беру мүмкін емес. Ол әдетте, надандыққа қарсы мәнде қолданылады. Д. мән–жайын алғаш зерттеп, ашып беруге философия талпынған. Өйткені, «философия» деген сөздің өзі грекше «даналықты сүю» мағынасын білдіреді. Басқа ғылым түрлері тәрізді философиялық ілімдер де д–тан бастау алады. Сократтың «Менің білетінім – өзімнің ештеңе білмейтіндігім, өзгелер оны да білмейді» деуінде үлкен мән бар. Білмейтінін біліп, түсінуге, әлем ақиқатын танып, ой түюге ұмтылу – адамды рухани кемелдікке, данышпандыққа бастайтын жол. Қазақ ойшылы Абай да «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деп толғайды; ештеңені біліп–тануға ұмтылмайтын, қарны тойып, құлқыны тоят тапқанына мәз хас надандықты, тоңмойын тоғышарлықты мансұқ етеді. Қазақ халқында «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген сөз қарғыстың ең жаманы саналады. Дүниенің, өмірдің және өз табиғатының сырын танып, білу үшін адам баласы оқу білімге ұмтылады, ғылымға ден қойып, логикаға, методологияға сүйенеді. Д–тың, көбінесе, білімділікпен, оқымыстылықпен шендестіріле қаралатыны сондықтан. Бірақ Д. білім аясында шектеліп қалмайды; оның негізгі өлшемі – түсінік. Әр нәрсені білу бір басқа да, түсіну – басқа: яғни білім оқумен келсе, түсінік оқығанды көкейге тоқумен, өз еркімен жақсылыққа ұмтылып, ой қорытумен, игілікті қам–қарекетпен қалыптасады. Білім – өткінші, уақытша, салыстырмалы, даналық яки түсінік жүйесі – мәңгілік нәрсе. Білімділер қай заманда да көп болған, қазіргі кезде де жетіп артылады, а дана кісілер, данышпандар бұрын да, қазір де аз. Гераклит «Көп білгеннен дана болмайсың» деп осы шындықты меңзеген. Ұлы Абай да «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» дейді. Д–тың тарихи бастауы – мифтік аңыздар мен діни әпсаналардың желілерінде, өнер туындылары мен әдеби, философиялық шығармаларда жатыр. Қорқыт ата, Асан қайғы, Толағай, сондай–ақ Прометей, Сизиф, т.б. мифтік тұлғалардың ой–толғам, іс–әрекеттерінде өмірдің өкіншілігіне қарсы күрес, мәңгілік өріне – даналық тәліміне талпыныс бар. «Дүние, қудым сені жалықпай–ақ, Ұстатпайсың судағы балықтай–ақ, Көрсетіп бірде алдыңды, бірде артыңды, Қойдың ғой дидарыңды танытпай–ақ» деген қазақтың қара өлеңінде халықтық пәлсапаның – өзін қоршаған әлемді, өмірді, дүниедегі өзінің орнын тануға құштарлықтың, экзистенциалдық түсініктің сарыны жатыр. Жалпы, дәстүрлі қазақы дүниетанымның өзі –.Д, Ғ. Қараш айтқандай, «өмір пәлсапасына», ізгі түсінікке, рухани кемелдік аңсарына негізделген.

Д. танудың тәсілдері – ақыл, логикалық ойлау, рухани білім, медитация, рухани тәжірибе әрқалай және өзара сабақтас. Д–тың ерекшелігі – оның танымдық, моральдық–этикалық, гуманистік сипатында, қоғамдық мұратында, ұлттық менталитеттің бастауында. Д–тың түрлері: құдайлық, теологиялық, метафизикалық (Ф. Аквинский), адамды өзінен жоғары көрсету, дүниеге көзқарастың өткірлігі мен өміршеңдігін үйлестіру. Даналықтың өлшемі – ақыл–парасаттан туындаған талпыныс пен сенім, қарапайым сананың ерекше көрінісі мен қызметі, ар–намыс пен ұят тұғыры.

Даналық білім арқылы қалыптасатын, оралатын рухани күш, адамның ізін және дүниені танытқызатын рухани күш–қуат; «адам–әлем» жүйесінде өмір сүру философиясы, тұтастық пен туралық идеясына қызмет ету, дүниетанымның рухани негізі мен тұғыры. Даналықты тану негізінде тұтастық тұрғысынан жүзеге асады. Ол әр нәрсенің шегін, межесін білуге үйретеді. Д–тың сипаты, жамандықтан, тексіздіктен, алауыздықтан, зұлымдықтан, озбырлықтан, қанағатсыздықтан сақтану, қауіптің көзін дер кезінде пайымдай білу, қауіп–қатерден құтылудың жөн–жосығын ұсыну; жалтақтық пен жағымпаздыққа, көрсеқызарлыққа тосқауыл қою.

Д–тың бір көрінісі, өзінің ұлттық дәстүріңді құрметтеу, содан нәр алу; жеке және ұлттық сананың арқауы мен бастауларын халықтың ментальдық ерекшеліктерімен ұштастыра білу; Адамгершілікті, оның атрибуттарын – имандылықты, парасаттылықты, кісілікті қадірлеп–қастерлеуге тәрбиелеу; ұрпақтың рухани жолын ар–намыс, қайрат–жігер, сүйіспеншілік өлшемімен және өрісімен толықтыру, өрбіту.

ҚҰЭ. Т.3, 142–143 бб.
ДАРЫНДЫЛЫҚ – адам қабілетінің қабілетінің ерекше дамыған түрі. Д. адамның белгілі бір ғылым, өнер т.б. салаларда ерекше жетістіктерге жетуінен байқалады. Д–тың жалпы және нақтылы екі түрі болады. Ақыл–ойы ерекше дамыған адамның қай салада еңбек етсе де тындырымды іс атқарып, сапалы нәтижемен аяқтай білуі Д–тың жалпы түріне жатады. Ал дарындылықтың нақты түрі ғылымның, өнердің, т.б. қызметтердің жеке, белгілі бір саласында ерекше жетістікке жеткендердің еңбегінен көрінеді. Сәбидің ерекше қабілетін дер кезінде байқап, жетілдіре түссе шынайы Д. иесіне – талантқа айналады, ал дұрыс бағдар беріп, баулымаса, тәрбиелей алмаса, қабілеті өшіп, ерекше қасиет–қарымын жоғалтуы мүмкін. Психологтардың (Б.М. Теплов, Н.С. Лейтес, т.б.) зерттеулері бойынша, балалардың осындай ерекшеліктері жоғары жүйке қызметінің туабітті қызметіне (мидағы уақытша байланыстардың тез жасалып, берік орнығуы, қозу және тежелу процестерінің, алмасу қабілетінің молдығы, динамикалық стереотиптердің шапшаң жасалып, жақсы орнығуы, т.б.) байланысты екенін көрсетті.

ҚҰЭ. Т.3, 155 б.


ДӘСТҮР (лат. traditio – тапсыру, жүктеу) – әлеуметтік–мәдени құндылықтарын сақтап қалу, орнықтыру және сабақтастығын үзбей жеткізу үрдісі. Д. қазіргі нақты қызмет жүйесінде бұрынғы заманның уақыт сынынан өткен рухани нұсқаларды қайта түлетуді қамтамасыз етеді, яғни, ол осы шақпен болар шақты өткен шақ арқылы байланыстырып, құндылықтарымен негіздейді. Тар мағынада Д. дегеніміз мемлекет нұсқауынсыз өзінен өзі тірлік ететін құндылықтар жүйесі. Дәстүрлі таным өзіне ешбір мақсат, немесе, бағыт–бағдар қоймайды, себебі оның мақсаты өз ішінде өзімен бірге қызмет етеді. Ешкім Д.–дің себебін іздемейді, өйткені ол бұрында бар болған, ал оның өнімділігі үйреншікті нұсқаға дәлдігімен анықталады.

Д. бүкіл құрамы символикалық мағынаға толы, белгілі мәдениетте бекіген мағына мен архетиптерге сілтеме жасайды. Шынайы Д. ритуалдық нұсқасы түпкі мағынасын жоғалтқанда әдет–ғұрыпқа айналады. Өте ерте замандардың өзінде, Ежелгі Шығыс, немесе антикалық қоғамдарда Д. өзгеріске түсіп, ақылға көнуге икемделіп, мамандар жасайтын мәдениеттің қолына түседі. Мұнда ол әріптік–таңбалық нұсқаға ауысып, белгілі мәтіндерде сақталады. Осындай өңдеуден өтіп, Д. қайтадан нақты рәсімге айналады да, осы шақтағы тірі субъектердің ұстамы ретінде қызмет етеді. Сөйтсе де, ол дәстүртанушы тұлғаның мұқтажына байланысты түрлі сипатқа ие болады. Оны тұтынушы, немесе, жаратушы тұлғалар пайдалануы мүмкін. Соңғы жағдайда авторлық Д. пайда болып, жаңаша тәжірибе қалыптастырады. Міне, осындай жағдайларда шынайы және бастапқы емес, екінші дәрежедегі Д–ді. сөз етуге болады. Бастапқы және екінші дәрежедегі Д. қосындысы кең мағынадағы Д. ұғымын құрайды. Д. бұл екі түрін біріктіретін нәрсе, олардың сыртқы күштің қатысуынсыз өз бетінше тірлік етуіне, ал айырмасы екінші дәрежедегі авторлық Д. жекетұлғалық ой елегінен (рефлексия) өтуіне байланысты. Дәстүрлі қоғам деп өзгеріске түсуге құлықсыз, тек Д. шеңберінде тірлік ететін қоғамды атайды.

Д – әрбір тарихи кезеңде, қоғамдық өмірде әлеуметтік тәжірибенің қалаулы элементтерін орнықтырудың, нығайтудың, сақтаудың қалыптасқан жалпылама түрі; өмірлік құндылықтардың әлеуметтік–мәдени кеңістіктегі тарихи–этникалық сабақтастығын тұрақты қамтамасыз ететін тәсілдердің қалыптасқан жиынтығы; адамзаттың өмір сүруіне қажетті ақпарат көлемін – қор, мұра, құндылықтар мен ұстанымды жеткізетін арнайы институт, оған әлеуметтік мән–мағына енгізетін тәртіптің интегралды бөлімі. Д. – адамзат тарихындағы көне әрі көп қырлы құбылыс, ұрпақ болмысындағы елеулі дәурен. Оны рәсім–салт, фольклор, аңыз–әңгіме ұғымдарымен бірге қолдану барысында, көне Д–ден сабақталып келе жатқан соқыр сенім, бедел, білім қазіргі күнделікті өмірде жалғасын табуда. Д–лік көріністер, оның әлеуметтік–мәдени дүниенің бір жағы, жалғасы екендігін аңғартады. Д. – өткенді түсіндіретін адам болмысының қыры, адам қызметінің арнайы деңгейі. Іс–әрекеттегі адам өмір сүрудің осы қызметімен, тәсілімен және кеңістігімен тікелей араласады, сондықтан өмірлік маңызы зор, жағымды, тұрақты құндылықтарды ұрпақтан–ұрпаққа жеткізеді. Д. ұрпақ ішіндегі, ұрпақ арасындағы қарым–қатынастың іріктелген мұралық түрлерін өңдейді, өрбітеді, оларға жинақталған ортақ түсініктерді таратады. Ол бір ұрпақтың мұрасын басқаларға бірде ауызша береді, бірде нақты тілмен, қимыл–әрекетпен тасымалдайды. Осылайша ұрпақтың бүгіні мен болашағын өткенімен өңдеп, оның әлеуметтік–мәдени белсенділігін жалғастыруға жағдай тудырады. Д. әлеуметтік–мәдени тәжірибені ұйымдастыруға икемді демеулік етеді, өмірлік құндылықтарды талқыдан өткізеді, өмірлік жолды нақты жағдай мен тәжірибеге орай айқындайды.

Д. – адамның өткен шағы ғана емес, бүгінмен өткеннің жанды байланысы, болашаққа көпір. Олай дейтініміз нақты, тар мағынада Д. адам қызметі мен әлеуметтік тәжірибені қашанда болмасын өздігінше ұйымдастыратын, өзінше реттейтін қарым–қатынастың қалыптасқан тұрмыстық түрі. Д–ге деген тұрмыстық бейімделушілік ежелден етек жайған, шығыста қауымдық тіршілік ұрпақ болмысының құрамдас жүйесін құрды. Ал қоғамдық қызығушылық Батыс Еуропада ХҮІІІ–ХІХ ғғ. кең таралып, түрлі кезеңнен өтті, алуан реакция тудырды. Ағартушы ойшылдар Д–ді ескілікпен, соқыр сеніммен, керағарлықпен біржақты теңестіріп, оны түбегейлі жоюдың мүмкіндіктерін ашық іздестірді. Олар аңыз–әңгімелер мен дінде де білімнің нышандары бар екенін мойындамады, білімнің жаңа, жасампаз идеясына біржақты жүгінді, жаңашылдықты шабыттана қолдады. Бұл Д–ден босану, құтылу жолдарын іздестірумен бірдей. Мұндайда Д. рухани өмір сүрудің тиянақты түрі екені; адамның ойлану әрекетін қолдайтын, өзара қарым–қатынасты сабақтайтын, адамгершілікке жетектейтін ықпалдастық екені толық және дұрыс ескерілмеді.

Д–ді қолдаудың және қолданудың жолдары жалқы емес: билікпен араласқан қоғамдық–саяси институттардың рәсім–салтты ұйымдастырып реттейтін қызметі артты, әлеуметтік–мәдени тәжірибенің қажетті түрлерін бір–бірімен ұштастыру іс–шараларына арнайы араласуы күшейді; мәдениеттануда – рәсім–салт және рухани мұра аясында белгілер мен мағыналар жүйесін таратудың нақышы мен жолдары кең таралды; әлеуметтануда – бұрыннан қызмет атқарып келе жатқан әлеуметтік институттардың құрылымын жаңғырту, әлеуметтік философияда – тарихи ағымға қарсы тұра алатын тұтас әлеуметтік нормаларды қабылдаушылық, гуманистік салада – адамдардың тіл табысуы мен өзара түсіністігін нығайтатын ағартушылық үлгілері мен жаңарту рухы орын алды. Гуманистік бағыт олқылықтардың орнын толтыруға, адам беделін қалыптастыруға күш салды. Д–лі құбылыста, М. Хайдеггер ескерткендей, болмысқа араласқан адамдар қатынасы мен әлеуметтік коммуникацияның түрлері айқындала түсті. Қоғамға, ұрпаққа іштей тән Д. алғашқы аңыз–әңгіме мен әдет–ғұрыпқа негізделген, рефлексивті санаға сүйене бермейді. Аңыз–әңгіме мен әдет–ғұрыпқа негізделген түсініктерде Д–дің не себептен өзгеретініне, жеке бас пен әлеуметтік өмірдің жаңа талабы мен қажеті қандай болмақ деген сауалдарға арнайы талдау жасалмады. Д. тілінде айтылған, ұққан, қабылдаған жәйттер, өңделіп кейінгі ұрпаққа жеткен қағидалар молшылық. Тілдегі Д–де білмегендік пен белгісіздіктің ауқымын тарылтатын әрекет, бөтендікті жақындататын ізденіс, үйлес сана–сезім қалыптастырмақ талғам үдемелі үрдіске айналады. Тіл д.–і деп отырғанымыз мәтінді талдау, мұраны түсіндіріп сезімдік деңгейде жеткізу ғана емес, ол адамның дүниеге деген көзқарасын шындыққа жетелейтін, адам беделі мен мәдени қоғамдастықты қорғайтын әлеуметтік–мәдени тәжірибе мен байланыстың төл діңгегі.

ХХ ғ. адам мен қоғам өміріне, мәдени Д–ге қауіп–қатерді күшейтті. Бүгінгі әлеуметтік топтардың өмірлік салты мен рухани қажетін ескермеушілік, халық рәсім–салтындағы ырым, наным, әдет–ғұрып сияқты архетиптерге біржақты, өзгеріссіз сілтеме жасай салушылық әдетке айналды. Қысым да, үстірт қараушылық та Д.–дің сабақтастығын, әлеуметтік бағдарын үзді, мәдениеттің жаңа мән–мағынасын жеткізбеді, өркениетті дамудың қарқынын үйлестірмеді. Берекесі кеткен ортада Д. ұрпақтар, тіпті адамзат мәдениетінің мән–мазмұнын тасымалдаушы тетік екенін ұмытушылық, еске алмаушылық белең алды. Д. инновацияға қарсы қойылды. Инновация еркіндікке үйрететін, өмір құндылықтарын бір–бірімен жарастыратын, ақырында ұрпақты мәдениеттпен үйлестіретін Д–н сабақтасуы немесе оны жаңғыртуы керек. Онсыз Д. жағымсыз, инновацияның заттық және әлеуметтік маңызы қалыптаспайды.

Қазаққа салтпен Д–ді ұлықтау өзін жоғалтпау үшін жасалған ұлы түйсік, өзінің ерекше келбетін сақтау үшін арналған шаралы іс. Кісіні де, кішіні де жатырқамайтын қасиет. Д–ге айналған, ұқыптылық, тәртіптілік – жарастылық пен жағымдылыққа ұйтқы, үлгі. Ата Д–нен бастау алған жүрекке жылы қасиеттер кең пейілмен астасып жатады. Ақиқаттан аттамау, тура жолдан қайтпауға баулиды.

ДӘСТҮРЛІ МӘДЕНИЕТ – әлеуметтік этностық ортада дәстүр негізінде қалыптасқан саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени қарым–қатынастар жүйесі. Осы жүйе негізінде әлгі әлеуметтік не этникалық қоғамдардағы тарихи сабақтастық жүзеге асып, кез келген ұлттың өзіндік бітім–болмысы сақталып қалады. Мәдениет өзінің кең мағынасында бір ұрпақтың келесі ұрпаққа жолдаған өмір сүру тәсілі болғандықтан, осы жалғастықты, мұрагерлікті жүзеге асыратын салт–дәстүрлер жүйесі мәдениет өзегін құрайды. Жазу–сызу болмаған ерте заманда мәдениет ырымдар мен сәуегөйлікке, сенім–нанымдарға, дәстүрлі түсініктерге иек артқан. Ғасырлар бойғы күнделікті іс–тәжірибе негізінде сұрыпталған, салт–дәстүрлер мен әдет–ғұрыптар мәдени мирас қалдырудың және оны жалғастырудың жалғыз ғана жолы еді. Азаматтық қоғам әлі қалыптаспаған тұстағы ырымдар мен әдет–ғұрыптардан қазіргі ұлттық мәдениеттің архетипін байқауға болады. Әдетте, Д.м. уақыт ағымына, замана ырқына бағынбайды. Жас ұрпақ, жана буын мәдени дәстүрлерді өзгертуді мұрат тұтпайды да, әлеуметтік ортала берік орныққан салт–дәстүр адамдардың сапасына да уақыттан тысқарылық сезімін қалыптастырады. Осылайша ресми жоралғылар, жосындық үрдістер бұлжытпай сақталып, заң ретінде қабылданады. Әр ұлттың Д. м. оның тарихи даму барысында ұстанған діни сенімдері, дүниетанымы, мүдделері, тұрмыстық ерекшеліктері, өзге елдермен саяси, экономикалық және мәдени қарым–қатынастары негізінде қалыптасып, орнығады. Д. м.–тердің бір–бірімен ықпалдасуы нәтижесінде жеке ұлттың Д. м.–нің дамуы немесе өзге мәдениеттер арасында жоғалып кетуі де мүмкін. Қазіргі заманғы жаһандану кезінде әр ұлттың өзінің Д. м. сақтай отырып, оны ғылыми–технологиылық жаңалықтарға бейімдеуге, жалпы адамзаттық құндылықтармен ұштастыруға ұмтылуда.


Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005.
ДЕГУМАНИЗАЦИЯ, бейгумандық — қоғамдық өмірдегі рухани, адамгершілік және гумандық құндылықтарды жоғалту немесе мойындамау, қабылдамау, адамдарды сыйламау, оның адамгершілік қасиетіне менмендік таныту. Өнердегі Д. ұғымын ғылыми айналымға енгізген — Ортега–и–Гассет. Өнер шығармаларынан бейгумандық әсер қалдырар деген жерлерін алып тастау керек деген ой Ницшенің “тіпті қарабайыр, адам өмірін бейнелеуде сол өмірдің өзін сүреңсіз қалпында бере салған” деген тұжырымымен түйінделеді. Д. өнерде ХХ ғ–да пайда болған авангардтық–модернистік ағымға социологиялық және эстетикалық талдау жасау барысында кеңінен қолданады.
Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы, 2007.

Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006;


Демократия (грек. – халық және билік) – қоғамды, мемлекеттік билікті саяси және әлеуметтік ұйымдастырудың негізгі пішімдерінің бірі; ұдайы дамып, жетіліп отыратын саяси режим. Қазіргі кезде демократия атауы бірнеше – мағынада: мемлекеттің тұрпаты мен жалпы саяси жүйесін; мүшелерінің теңдігіне, басқару органдарының сайланбалылығына және көпшілік дауыспен шешімдер қабылдау принциптеріне негізделген кез–келген ұйымның сипатын; қоғамдық құрылымның мұраттарын және соны жақтайтын саяси көзқарастар желісін бейнелеу үшін қолданылады. Тіпті демократияның көпшілік мойындаған бірегей анықтамасы да қалыптаспаған. Әр дәуірде өмір сүрген ойшылдар демократияны өз заманының құндылықтары, нақты бір әлеуметтік ортаның аңсар мұраттары тұрғысынан түсіндіруге тырысты. Адамзат тарихында Д. қоғамның саяси әлеуметтік құрылымның бастапқы ұйымдық пішіні ретінде пайда болған. Мыс., алғашқы қауымдық Д. әскери– тайпалық Д. Осы заманғы Д. – ұзақ мерзімді тарихи дамудың жемісі, ол қоғамның өзін әлеуметтік экономикалық үрдістер негізінде дамытуға орай қалыптасты. Бірнеше кезеңнен тұратын тарихи процесс ретінде Д. ежелгі дәуірлік, классикалық және осы заманғы теориясы түзілген. Ежелгі дәуірлік Д.ның теориясы – ежелгі грек топырағында, Афина республикасында б.з.б. 5 ғ–да дүниеге келді. Мұнда жоғары билік тұрақты шақырылып тұратын Халық кеңесінің қолында болды. Оған 20 жасқа толған әрбір афиналық еркін азамат ретінде қатысқан. Өйткені полис – мемлекеттегі әрбір еркін азамат ел билеуге қақылы әрі міндетті санаған. Ал Д.– терминінің өзі алғаш рет грек тарихшысы Геродоттың шығармаларында ғана қолданылған. Ежелгі философ Платон мемлекеттік құрылымды 3 түрге: монархия, аристократия және демократияға бөліп, олардың әрқайсысы «заңды және заңсыз болуы мүмкін» дейді. Оның пікірінше Д. ел басқарудың жақсы және жаман пішімдерінің, яки бір жағынан – монархия мен аристократияның, екінші жағынан – тирания мен олиграхияның арасында өмір сүреді. Жаңа дәуір ойшылдары енді Д–ның негізгі екі қағидасына еркіндік пен теңдік принциптеріне көңіл бөліп, адамның өзіндік Д. идеяларын негіздеуге талпынды. Әсіресе Д–ның классикалық теориясын қалыптастыруға Ж.Ж. Руссо мен автриялық социолог И. Шумпетер (1883–1950) елеулі үлес қосты. Шумпетердің ойынша, қоғамды басқаратын халық емес, кәсіпқой топтар. Көпшілік тек солардың біреуіне, әдетте, жетекшісіне дауыс береді. Мұнда халық емес, жеке адам басым тұрады. Тұлғаның еркіндігі, барлық азаматтардың саяси теңдігі мен ажырамас құқыларының сақталуы, т.б. маңызды саналады. Осы заманғы Д. ұғымына плюрализм (алуан түрлілік) және элита (таңдаулы топ) теориялары жолбасшылық жасап, жаңа мазмұн білдіріп отыр. Яғни, алғашқы теориясы бойынша, қоғамда өзіндік мүдделерін көздеген әр түрлі топтар көбейген сайын олардың арасында тек біреуінің оқшау шығып, жеке дара үстемдік ету қаупі азаяды, сөйтіп, өзге топтардың биліктен өгейсітілуіне жол бермейді.

Қазақстанда демок. үрдістердің пайда болуы, қалыптасуы мен дамуының өзіне тән ерекшеліктері бар. Қазақ хандығындағы мемлекеттік басқару жүйесінде негізгі билік үш жүзге ортақ ханда бола тұра, мемлекеттік маңызы бар мәселелер барлық уақытта Хан Кеңесі арқылы шешімін тапты. Бұл бір жағынан хан билігін белгілі бір мөлшерде шектеудің көрінісі болса, екіншіден Хан Кеңесіне мүше адамдардың өз ой–пікірлерін жоғары билікке ашық жеткізуіне мүмкіндік береді. Сондай – ақ, үш жүздің хандарын сайлап қою және оларға өз хандығы аумағында дербес шешім қабылдауға құқық берілуі жергілікті мемлекеттік басқарудың жетілген үлгісін көрсетеді. Құрылымдық жағынан хандықтан төмен болып саналатын., алайда қажет уақытта ханға да қарсы келуге, өз руының мүддесін қорғауға құқы бар рубасы ақсақалдар билігі жергілікті өзін–өзі басқару әдісін қалыптастырған еді. Сонымен қатар, тәуелсіз сот билігі – билер соты қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мәдениетінің ажырамас бөлігі болып қалыптасты. Қазақ түсінігінде сөз бостандығы мен пікір еркіндігінің шарықтау шегін білдіретін «Дат» ұғымы қазақ қоғамында ерте кезден–ақ қалыптасқан дала Д–ның дамығандығын аңғартады. Отарлаған қазақ даласын басқаруды патшалық Ресейдің реформалауынан кейін (1867–1868) басталған демократиялық үрдістердің тежелеу процесі Кеңес үкіметі орнатқан тоталитарлық қоғамның ыдырауына дейін созылды. 1991 жылдан бастап Қазақстан әлемдік мемлекеттік басқару жүйелерінде тиімділігімен танылған демократиялық даму жолына түсті. Дүние жүзі мемлекеттері тарапынан бірыңғай мойындалатын халықар. Қауымдастықтар мен демок.Ұйымдарға мүше болып енді. Қазіргі заманғы Д.–ның классик. үлгісіне сай келетін мемл. басқару жүйесін, экон. құрылымын, әлеуметтік кепілдіктер нормаларын қалыптастырып, саяси, экономикалық және құқықтық реформаларды жүзеге асырды. Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жазылып еліміз дамуының басты стратег. бағыттары айқындалаған.


Әдебиет: Философский энциклопедический словарь. М., 1983; Философиялық сөздік. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1996.
Дербестік жеке тұлғаның, халықтың, ұлттың, т.б. әлеуметтік ортаның ешкімге тәуелсіз болмысы, бітімі, ұстанымы. Д. ғылымы жеке тұлғаға қатысты оның субъектілігін, кісілік қасиетін көрсетеді, кемелділік деңгейіне көтерілгенін байқатады.

Қазақ халқында «көппен көрген ұлы той» деген нақыл сөз бар. Дүрмекке еріп, көптің бірі ретінде өмір сүру, әрине жеңіл, жеке жауапкершілігі аз болады. Кеңес дәуірінде де адамның көпшілдігі, ұжымшылдық жоғары бағаланды. Көптің пікірі қашан да дұрыс деп есептелді. Жеке адамның уәжі қаперге алынбады. Ал шындығында, көпшілік – Абай айтқандай – «топ, тобыр дүрмек». Көп ойланбайды, қайда айдасаң, сонда ығады. Көптің сүйенері – қоғамда үстемдік құратын идеология мен психология, көп жағдайда нақты мәселенің мәнісін байыптап жатпайды. Д. ұғымы халыққа, ұлтқа, мемлекетке және т.б. әлеум. Ортаға қатысты сол әлеум. Қауымдастықтың ешкімге тәуелсіздігін, өзгелермен қарым–қатынаста, өз мүддесінен туындайтын немесе жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтау принципіне негізделген саясат ұстанатынын білдіреді. Д – салыстырмалы түрде алынған ұғым. Дүниеде өзгелермен байланыссыз, өзімен–өзі оқшаулана өмір сүретін ештеңе жоқ. Бәрі бір–бірімен байланысты. «Адамның күні адаммен» дейді халық даналығы. Бірақ айналаңмен тең дәрежеде қарым–қатынас жасап, «өзгелерді өзің сыйлап, өзіңді өзгелерге сыйлату» (М.Шоқай) үшін адамға да, қоғамға да қажет Д. Д–ке ұмтылу өмір сүрудің мәні, тіршілік заңы.



Таным процесінде құбылыстардың өзара байланысын, бір–біріне ықпалын көрсету және олардың өзіндік сипатын, Д.–гін ашу негізгі міндеттердің бірі болып табылады.
ДИАСПОРА – әлеуметтік ғылымдарда – ұлттың ата жұрты болып табылатын елден тысқары өмір сүретін бір бөлігі. Д. күштеп көшірудің, геноцид қатерінің, экон. және геогр. факторлардың әсері салдарынан пайда болады. «Д.» термині алғаш рет еврейлердің Палестинадан тысқары жерлерде тұруына қатысты, әсіресе, оларды б.з.б. VI ғ–дың басында Вавилон патшасы Навиходоносор ІІ–нің, одан соң б.з. І–ІІ ғ–ларында римдіктердің қудалауына байланысты қоныс аударуынан кейін қолданыла бастаған. Кейінірек «Д.» термині басқа этн. қауымдастықтар мен діни қауымдастықтарға да қатысты қолданылатын болды. Д. өзі тұрып жатқан елде аз этн. топ болып табылады да, әрдайым өзінің тегі шыққан елмен рухани және шаруашылық байланыста болуға тырысады. Бүгінгі таңда 40 мемлекетте 5 млн.–ға жуық қазақ Д–сы тұрып жатыр.
Әдебиет: Қазақ диаспорасы: бүгіні мен ертеңі. Астана: Елорда, 2005. – 352 б.
«ДОСМҰҚАСАН» — эстрадалық вокальді аспаптар ансамблі. 1967 жылы Қазақ политехнологиялық иниститутының (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) жанынан құрылды. Ансамбль аты оны ұйымдастырушылар (Д.Сүлеев, М.Құсайынов, Қ.Санбаев, А.Литвинов) есімдерінің (Досым, Мұрат, Қамит, Саня) алғашқы буындарынан құралған. Ансамбльдің аталған алғашқы құрамына кейіннен М.Молдабеков, Қ.Әжібаева, Ш.Омаров, Б.Жұмаділов, Н.Құсайыновтар қосылды. Репертуарынан электронды музыкалық аспаптар сүйемелімен орындалатын қазақтың халық әндері («Назқоңыр», «Ахау, бикем», «Он алты қыз», «Сұлу қыз», «Құдаша», «Аулың сенің іргелі» және т.б.) халық композиторларының (Естай, Ақан сері, Мәриям Жагорқызы және т.б.) әндері және қазіргі қазақ композиторларының әндері («Сағындым сені» – Е.Хасанғалиев, «Алатау», «Куә бол» – Н.Тілендиев, «Жыр жазамын жүрегімнен» – Ұ.Жұбанов, «Шофер келді қырманға» – С. Мұхамеджанов және т.б.) сондай–ақ, ансамбльдің өз мүшелерінің шығармалары («Той жыры», «Күт мені» – Сүлеев, «Қайдасың» – Молдабеков, «Қуанышым менің», – М.Құсайынов) орын алды. Д. дәстүрлі фольклорлық–музыкалық туындыларды өз кезеңіндегі эстрадалық музыка мәнеріне сай өңдеп, жаңа сипат беріп, құлпырта орындады. Бұл сипат, әсіресе, «Жерұйық» рок–операсы (1980), «дала және ғарыш» (1985) сияқты күрделі шығармалардан айқын аңғарылды. Д. халыққа кеңінен танылды, жастарға үлгі таратты. Д. — бүкілодақтық «Халықтар достығы» фестивалінің (Ташкент, 1971), кәсіби орындаушылар байқауының (Минск, 1973), сонымен қатар 1973 жылы Берлинде, 1985 жылы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің халықаралық фестивальдерінің, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты (1974). Ансамбльдің көркемдік жетекшісі — 1972 жылдан бері композитор М. Құсайынов. Ансамбль құрамы екі рет (1975, 1985) жаңарды. 1997 жылы Д–ның құрылғанына 30 жыл толуына байланысты «Әуен» музыка студиясынан «Той жыры» деген атпен ансамбльдің 1967 — 75 жылдары орындаған ең таңдаулы әндерінің «үнтаспа–альбомы» шығарылды.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005; Қазақ ұлттық энциклопедиясы.
Достық – адамдардың бір–біріне қарым–қатынасын білдіретін әлеуметтік ұғым. Достық мақсат мүдденің ортақ болуы, өзара мейірбандылық, бірін–бірі құрмет тұту сияқты шынайы сезімді білдіретін адамдар арасындағы ең жоғарғы гуманистік қатынасқа негізделеді. Бұл ұғым адамзат қоғамының ғасырлар бойындағы қарым–қатынасының даму тарихында цивилизация мен гуманизмнің дамып, кемелденуі нәтижесінде қалыптасқан. Ұлы ойшылдар мен гуманистер достық идеясын әрдайым уағыздап отырған. «Пікір бірлігінен достық туады». (Демокрит). «Уақыт та, арадағы шалғайлық та достықты әлсірете алмайды» (Герцен).

Әдебиет: Философиялык энциклопедиялық сөздік. М, 1983.


ДҮНГЕН МӘДЕНИЕТІДүнгендер (қытайша атауы — лаохуэй, хуэйминь, хуэйцзу — қытай тілінен аударғанда «мұсылмандар» деген ұғымды білдіреді) — негізінен Қытайдың Нинся — Хуэй автономиялы ауданын қоныстанған халық. Түркі халықтары оларды дүнген, дунған деп атайды. Дүнгендер Қазақстан (36,9 мың адам, 1999 жылғы санақ бойынша) мен Қырғызстанда (Шу өзенінің аңғарында), Өзбекстанда (70 мың адам) да тұрады. Қытайдағы саны 8 млн. (1999 ж.). Антропологиялық кескін–келбеті жағынан дүнгендер моңғол нәсілінің қиыр шығыстық түріне жатады. Мұсылман дінінің сүннит тармағын ұстанады. Қытай тіліне жақын әр алуан диалектіде сөйлейді. Жетісудағы дүнгендер —Цин өкіметі билігіне қарсы ұлт–азаттық күресте жеңіліске ұшырап (1862–1877), Шэньси, Ганьсу, Шыңжаң провинцияларынан пана іздеп келгендердің ұрпақтары. Жаңа мекенде дүнгендер бұрынғы жерлестік ретін сақтап, жинақы қоныстанды. Қазақстандағы Қарақоңыз, Шартөбе жерлеріне — шэньсиліктер, Қырғызстанның Ырдық ауылына — ганьсулықтар, Александровка елді мекеніне шыңжаңдықтар орналасты. Қытайдағы дүнгендер солтүстік, оңтүстік–батыс (юньнань — сычуан) және оңтүстік–шығыс (гуандун) аталатын үш этнографиялық топқа бөлінеді. Негізгі кәсіптері — суармалы егіншілік. Күріш, арпа, бидай, жүгері, бау–бақша егеді, сиыр, жылқы, құс өсіреді. Кірпіш пен каркастан қалап, сабан қосылған балшықпен сыланған үйлерде тұрады. Бөлмені жылытатын жатаған кең пеш (кан) салады, аласа үстелде тамақтанады. Ерлер мен әйелдердің ұлттық киімдерінің үлгісі ұқсас келеді. Желбегей киетін кеудеше, кең балақ шалбар, матамен қапталған аяқ киім киеді. Әйелдер киімі кестемен әшекейленеді. Ұлттық тағамдары: ет араластырып майға қуырған ұн, көкөністер. Сүйікті тағамдары — дүнген кеспесі мен палау. Алдымен шай ішіп, соңынан сұйық тамақ ішеді. Тағамдарын таяқшамен жейді және бұрыш, сарымсақ, сірке қышқылын көп пайдаланады. Туыстық қатынасқа ерекше көңіл бөледі. Дүнгендер фольклоры өте бай. Қазақстанда дүнген ұлттық мәдениеті орталығы жұмыс істейді. Ұлттық музыка ансамбльдері, т.б. өнер ұжымдары бар.
ДҮНИЕ – тұтас алғандағы бүкіл объективтік шындықта бардың бәрі. Д–ге бірлік, біртұтастық тән. Д–нің бірлігі оның бар болғанында емес, яғни оның болмысында емес; ол, әрине, бар, өмір сүреді, оның болмыс екендігі рас, бірақ болмыс оның бірлігінің алғы шарты ғана. Философия мен ғылымды Д. мен Адамның қарым–қатынасы мәселесі қызықтырады. Адам да сол Д–нің бір бөлігі, бірақ Адам сонымен бірге Д–мен барабар: ол Д-ні сезінеді, тұтас қабылдайды, танып–біледі, өзгертеді, оған тереңдеп бойлайды, оның тұтас суреттемесін жасайды, меңгереді. Адам әмбебап жан иесі ретінде Д–мен теңгеріледі, сол Дүниеде еркін өмір сүруге ұмтылады. Адамзат практикасының дамуы бұл еркіндік дәрежесінің барған сайын арта түсуіне әкеліп соғады. Дүние ұғымымен қатар кейде Әлем, Ғарыш (Космос) ұғымдары қолданылады. Әлем ұғымы астрономиялық мағынасы бар ұғым, ол галактика, мегагалактика сияқты ұғымдармен нақтыланады. Космос ұғымы антикалық философияның жемісі: онда миф пен логос, хаос пен космос қарама–қарсы қойылады. Космос хаостан мүлде бөлек, ол белгілі бір тәртібі, ішкі заңдылығы бар біртұтас Д. сондықтан антикалық философиясының басты ерекшелігі оның космоцентризмінде делінеді. Яғни бәрі, табиғат та, қоғамда да, адам баласы да, сол бір Космос, сонымен қамтылады, сонымен анықталады. Бүкіл дүние макрокосмос делінсе, адам микрокосмос деп есептеледі. Қазіргі ғылымда космос ұғымы астрономиялық (аспан, аспан денелері) мағынасында қолданылады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет