ЖАҺАНДАНУ – (глобализация, ағылшын сөзі, global – әлемдік, дүниежүзілік, жалпы) ғаламдану әлемдік ауқымдану, жалпы әлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастықтың құрылуы үрдісі. Терминді ғылыми айналымға алғаш рет америкалық экономист Т. Левита енгізген (1983 ж.). Ж–дың жаңа сатысының түрлі қырларын ХХ ғ. ортасынан бастап Уолт Ростоу, Дэниел Белл, Алвин Тофлер, Питер Дракер, Джон Нейсбитт, Лестер Туроу зерделеп, ғылымға «ақпараттық қоғам», «техникалық революция» «ақпараттық жарылыс», «ғаламдық мекен» ұғымдарын енгізеді.
ХХ ғ–дың 40–50 жылдары әлемдік тәртіп, жаһандық инфрақұрылым құру идеясы АҚШ–тың: Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесі (ХҚК), «Рэнд» корпорациясы, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығында тұжырымдалады. Ж. әлемдік өркениеттің аса маңызды өлшемдерінің жалпыадамзаттық құндылыққа ие болуы, сан – алуан әлемнің біртұтастыққа айналуы логикасы біріктіретін өзгерістер жиынтығы деп түсіндіріледі. Ж. әлеуметтік феномен ретінде көп қырлы және көптеген құрамдас бөліктері бар: 1) Дәстүрлер, діндер, мәдениеттер мен идеологиялардың «ұқсастығы» негізінде пайда болған «менталдық» немесе мәдени Ж. Мұнда желілік мәдениет, кибермәдениетпен ұштасқан ежелгі мәдени дәстүрлердің (классик. еуропалық, америкалық, шығыстық, мұсылмандық және үнділік) синтезі негізінде біртұтас, жалпыадамзаттық мәдениет нышандары көріне бастады. Бұл жағдайда әрбір ұлттың, халықтың өзіне тән ділі мен мәдениетін сақтап қалуы өзекті мәселеге айналады; 2) экономикалық Ж. екі үрдістің – нарық саласы (капитал, еңбек ресурстары, тауарлар және қызмет көрсетулер) және экономика нысандары, экономиканың ұйымдық құрылымдары жиынтығы ретінде, компаниялардың, фирмалардың, корпорациялардың іріленуімен түсіндіріледі; 3) аймақтық Ж., мұның жоғары мәнін мемлекетаралық құрылымдардың күшеюі, мемлекетаралық экономикалық және әскери–саяси одақтар көрсетеді; 4) ақпараттық–коммуникациялық Ж. қазіргі заманғы интеграциялық үрдістердің ішінде аса ықпалдысы болады. Оған: коммуникациялық мүмкіндіктерді дамыту және ғарыштық кеңістікті ақпарат тарату үшін пайдалану, жаһандық ақпарат желілерінің пайда болуы және тез дамуы, адамзат тұрмысындағы көптеген үрдістердің компьютерленуі жатады; 5) этникалық Ж. планета халқы санының өсуі және әртүрлі этникалық топтардың өзара ассимиляциясы сынды екі бөліктен тұрады.
Ж. неғұрлым жылдамырақ экономикалық даму, техникалық жаңалықтар мен басқару дағдыларын жедел енгізу және тарату, елдегі өмір деңгейінің жоғарылауы, жаңа экономикалық мүмкіндіктер туғызуды көздейді. Ол тұңғыш рет әлемдік экономиканың барлық құрамдас бөліктерін – өндірісті, ғылымды, қаржыларды, тұтынуды біріктіріп, кері айналмас сипатқа ие болып, экономикалық дамудың шартына айналуда.
Ж–мен бірдей өз болмысын айғақтап отырған даралану (локализация) құбылысы туралы да айтуға болады. Бұл Ж. нәтижесінде жетістікке қол жеткізген мәдениеттердің өзіндік құндылықтарын паш етіп, басқаға мойындатқысы келген ойдан, өзіндік ерекшелігін сақтағысы келуден туындайды. Қазақстанның Ислам, Ресей және Қытай, АҚШ өркениеттерінің әсерін сезінетіні қоғамдық өмір салаларынан тікелей көрінеді. Мұның, әрине жағымды да, теріс те жақтары бар. Бір жағынан, алдыңғы қатарлы мәдениет жетістіктерін қабылдаса, екіншіден, ұлттық құндылықтардың шайқалуына алып келетін мәңгүрттік, дүбаралық белгілер ұлғайды. Мәңгүрттік белгілердің ұлғаюы ел дамуының болашағына теріс ықпалын тигізеді, сондықтан елімізде қабылданып отырған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын, көне мәдени мұраларды жаңа заман талабына сай жаңғырту деп қабылдауымыз керек.
ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ – 1986 жылы, 17–19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл–әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдары. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің 1–хатшысы Г.В. Колбинді ҚКОК–нің 1–хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8–де қаладағы Л.И. Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300–дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Жастардың алаңға шығу себептері әртүрлі. Олардың, кейбіреулері мұнда талай жылдар бойғы шовинистік кеудемсоқтыққа өкпе–наразылығын білдіргілері келсе, басқалары «ұлттық намысты қорғау» ұранына еліктей аттанды. Шеру саяси сипатта өтті және ол басқа халықтарға, соның ішінде орыстарға қарсы бағытталмады. 17 желтоқсанның кешіне дейін шеруге қатысушылар шектен шықпады, ешбір заңды бұзбады. Осы арада ерекше айта кететін бір жәйт, алаңда қазақ жастары басым болғанымен, олардың қатарында орыс, украин, ұйғыр және басқа ұлттардың өкілдері де болды. Оны сол кездегі ішкі істер органдары тіркеген тізім де растайды. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап–тілектері аяқ асты етіліп, «бұзақыларды» күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ–нің бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын — 86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды. 18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды. Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Бұлардың ішінде Алматының соттары 326 адамды әкімшілік жазаға кесті, қылмыстық тәртіп бойынша – 99 жас сотталды, екі адам ату жазасына тартылды. Тек қана Желтоқсан оқиғасына байланысты Қарағанды университетінен 25 студент комсомолдан шығарылып, 11–і университеттен қуылды.
Алматы сәулет–құрылыс институтының бұрынғы студенті Қ.Рысқұлбеков түрмеде қаза тапты. Студент қыз Л.Асанова жұмбақ жағдайда көз жұмды. Мұндай қайғылы мысалдар аз емес. Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында бұлардан өзге Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, М.Әбдіқұлов сынды ержүрек қазақ жастары бар. Желтоқсанның 19 — 23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты. 1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті «Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы» арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы ешуақытта ұлтшыл болып көрген емес еді. Мәселені әрі қарай тексеріп, болған фактілерді Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған комиссия егжей–тегжейлі тексерді. Оның барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демократия және жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың болғандығы ашып көрсетілді. КСРО–ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды. Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Желтоқсан көтерілісі туралы шындық қалпына келтіріліп, бұл жөнінде «Желтоқсан. 1986. Алматы.» (құрастырылған Т.Өтегенов, Т.Зейнәбілов), «Желтоқсан құрбандарын жоқтау», «Ер намысы — ел намысы» жинақтары, К.Тәбейдің «Мұзда жанған алау», Т.Бейісқұловтың «Желтоқсан ызғары» кітаптары мен «Желтоқсан» (бас редакторы Х.Қожа–Ахмет) газеті жарық көрді, «Аллажар», «Қызғыш құс» (1991, реж. Т.Теменов) кинофильмдері түсірілді. 1991 жылы осы оқиғаның 5–жылдығы тұсында, яғни 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылданды.
«ЖЕТІ ЖАРҒЫ» – Тәуке хан (1678 – 1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдеп–ғұрып заңдарының жинағы. XVII ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп–ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолы» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Ж. ж–ға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау–жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Ж. ж–дан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Ж. ж–ның өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол–жобалары мен қағидалары XX ғасырдың басына дейін қолданылып келді. (Мысалы, бұл қағидаларға Абай да үлкен мән бергені және кезінде өзі жасаған заң жобасында ескергені белгілі.) Ж. ж., қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, негізінен, афоризмдерден, мақал–мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Бұл жүйені мазмұндық–кезеңдік жағынан «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолына» негізделген және Тәуке ханның өз дәуіріне, саясатына сай енгізілген өзгерістер деп үшке бөлуге болады. Ж. ж–ның толық нұсқасы сақталмаған. Кейбір үзінділері К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806), А.Левшиннің (1832) жазбаларында кезігеді. Олардан басқа Н.Гродеков, Л.А. Словохотов, А.П. Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулері мен айтқан ой–пікірлері шежіреші Ә.Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді. Аталған нұсқада Ж. ж–ның аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалынған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады.
Онда жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық–қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдеп–ғұрып заңдары көрініс тапқан. «Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, дәл де әділ айырудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық: «Қара қылды қақ жарған» деп мадақтайды. Ол заманда бас кетсе де әділ сөйлеген.
Бізге белгілі, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Ж. ж–сы» осы хан кеңесінің шешімі арқылы жарыққа шығып, елге таралған. Жәңгір ханның ұлы Тәуке «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелердің жеті түріне күрделі өзгеріс енгізгендіктен, ол өзгерістер «Тәуке ханның Жеті жарғысы» («Жеті жарлығы») аталып кеткен делінеді.
«Ж. ж–ның» баптары:
Бірінші жарлығы: «Халықтың ханы, сұлтаны, пірі–әзіреті қасастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін»;
Екінші жарлығы: «Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлтірілсе, олардың әрқайсысына (ақсүйектің, пірдің тұқымы деп) екі кісінің құны төленуі тиіс»;
Үшінші жарлығы: «Сырттан келген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан біреуді теуіп өлтірсе «бүтін құн», үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе «жарты құн», ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе тек «ат–тон» айып тартады».
Төртінші жарлығы: «Ата–анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп қол жұмсаса, онда ол баланы ата–анасы өлтіремін десе де ерікті, сұраусыз болады».
Бесінші жарлығы: «Кәмелетке жеткен баласы туған ата–анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) – қара сиырға немесе қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, бүкіл ауылды айналдыру керек».
Алтыншы жарлығы: «Құда түсіп, құйрық–бауыр жескеннен соң – ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалың мал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалың малы төленсін».
Жетінші жарлығы: «Ұрыдан айыр түйеге – нар, атқа – аруана, тайлаққа – атан, тайға – ат, қойға – тана төлетеді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді».
ЖОМАРТТЫҚ – адамның риясыз кеңпейілдігін, қолымықтылығын қамқорлығын қайырымдылығын білдіретін, оң моральдық сапасын белгілейтін этикалық категория. Жарлыға, жарымжанға, жасқа, кәріге, мүгедек жандарға, яғни басқаның жәрдеміне мұқтаж адамдарға ешқандай ақысыз, пайда күтпестен көмекке келу Ж–тық мінез санатына жатқызылады. Ж. – бір адамның екінші адамға немесе оның тобына қарымтасыз, міндеттеусіз қызмет жасап, жақсылық жасауға шын пейілділігі, нақты ісі арқылы көрініс табатын оң моральдық сапасы. Тым шашылу Ж.–тан көрі ысырапшылдыққа жақын. Құранда: “Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да, бүтіндей ашпа да. (Өте сараң болма, барыңды да жайып салма). Онда сөгіске ұшырап таршылыққа қаласың” (Исра сүресі, 29–аят). Жасаған қайырымың Ж.–қа жатуы үшін алдымен, ниетің таза, түзу болуы, Алланың ризашылығын ойлап, ешқандай пайда, рахмет, мақтау күтпей жасалуы шарт. Адамзат тарихында мұндай Ж.–ты Пайғамбарлар және оның сахабалары жасаған. Мұхаммед пайғамбардың “Мың бір хадисінде”: “Ж. кісінің қателіктерін кешіріңдер, себебі Алла тағала, ол сүрінген сайын қолынан ұстап, құлатпайды. Төмендегі алушы қолдан, жоғарыдағы беруші қол жақсы” –деп айтылған. “Ж–тан асқан нарлық жоқ” (Қожбанбет би), “Ж. болар кісіні табағынан танимын. Бай болатын жігітті пейілінен танимын” (Балпық би), халық мақалы “Кең болсаң кем болмайсың”–дегендерден Ж.–тың адамды дұрыс мінезге қарай бағыттайтын әрі оң іс–әрекетті көрсететін моральдық жүйенің бір ұшы екендігін аңғартады. Жомарт адамның әлеуметтік беделі үстем болып, халық оны құрметтеген, ол тек пенденің сүйіспеншілігіне ғана ие болмаған, сонымен бірге, Алланың да махаббатына ие болған. Хадисте: “Жомарт кісі Аллаға жақын, жәннатқа жақын, адамдарға жақын және жәһанном отынан ұзақ” (Тиризми сүресі, 40–аят). “Дүниеде ең бақытты адам кім?” –дегенге, бұрынғының даналығы: “Өзінің әділдігімен, Ж–ғымен көзге түскен адам” – деп жауап берген. Бұл – жақсылық басқалардың да басында болсын деп қана қоймай, солай болуына іс жүзінде көмектесіп, шаттық сыйлау қабілеті. Ж. адам оңайлықпен бұл мінезін тастай алмайды. Ондай кісі қолында беретін ешнәрсесі болмаса да бұл мінезден ажырай алмайды, яғни адамның қолында ештеңесі болмаса да жомарт болуы әбден мүмкін. Сіз танымайтын адамның жанынан өтіп бара жатып, онымен өзіңіздің жылы шырайыңызбен бөлісе білсеңіз, онда сіз – жомартсыз. Біреудің қайғысын бөлісіп, көңілін ауласаңыз, онда ол – жомарттық. “Жомарттың қолын жоқ байлайды” – деген халық мақалы осыдан болса керек. Өзінің пайдасы үшін біреуге жақсылық жасаса ол жомарттыққа жатпайды. Ж. – бар жақсылық өз басымда ғана болсын, “Менің арбам жүре тұрсын, басқанікі тұра тұрсын” – дейтін мінезге қарама–қарсы, адамды биік мұратқа ұмтылдыратын қасиет қуаты. Ж. қоғам мүшелері арасындағы өзара сыйымдылықты, үйлесімділік пен жарасымдықты, сыйластықты, бірлік пен татулықты, сүйіспеншілікті нығайтуда маңызы зор моральдық құндылық, адами интеллект күші болып табылады. Қазақ мақалы: “Ж. дос көбейтеді, сараң мал көбейтеді” – дейді. Ұлықпан Хәкімнің патша–уәзір жайындағы әңгімесінде патша: “Ж–тың шегі қайда?” –дегенде, уәзірі: “Барын беру” – деп жауап беріпті. Қазақты: “Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – нар кісінің ісі” – деген мақалындағы “нар кісі” – Ж–тық қасиетті білдіреді. Ж. – адам болмысын құраушы элемент. Болмысыңмен болыс, басқаға жәрдем қолың соз, басқаға сүйіспеншілікпен қара, солай істесең, сен – Ж–сың. Ахмет Йүгінеки: “Ж. – ер, халайықтың құрметтісі” –десе, қазақ мақалы: “Ж–та жоқ болса да – тоқ” –деп айтылады. ХІ ғасыр ойшылы Қайқаустың пікірінше, адам ақыл, жомарттық және туралықсыз жұмыс істей алмайды, өйткені бұл үш қасиет болмайтын адам жоқ, бірақ салғырттық, енжарлық, парасатсыздық және даурықпалық адамға сол ұлы жолды жауып қояды. Оның айтуынша, жомарт адамдардың бірнеше өнері болуы керек: 1) ер жүректілік, мәрттік пен сабыр, қанағат, айтқан уәдеде тұру, көңіл тазалығы, шыншылдық; 2) өз пайдасын көздеп басқаларды азаптамау, оларға қамқорлық жасап, жәрдем беру; 3) жамандардың жамандығынан жақсыларды сақтай білу, тура сөз сөйлеу, әділ болу, жақсыларға жамандық жасамау және зиян келтірмеу. Сонымен бірге, ол Ж–тың шарттарын да анықтауға тырысады. Олар: 1) дауыс көтеріп дауласып біреудің бетін жыртпайды; 2) жұртты ант ішіп, талап қоюға әдеттендірмейді; 3) халыққа қатал емес мейрімді, ғаріп–ғасірлердің қатесіне кешірімді болып, бақыл болмау керек; 4) бұзық адамдардың жаман істерін жарияламайды және көпшілік алдында біреуге жекелей үгіт–насихат айтпайды; 5) біреудің қанын төгуді мақсат етпейді, халықты жаман іске үйретпеу керек; 6) менмендіктен, кесапаттықтан, біреуге қастандық жасаудан аулақ болу басты шарт.
ЖҰРТШЫЛЫҚ – бір–бірімен өзара тікелей қарым–қатынас жасамаса да, белгілі бір ортақ мүдде жолында біріккен, алайда ресми түрде ұйымдаспаған топ, көпшілік қауым. Қазақтың дәстүрлі түсінігінде кездесетін Ж–лық ұғымын, әлеумет және діни ұғымда қолданылатын жамиғат түсініктеріне синоним ретінде қарастыруға болады. Ол жалпы тобыр ұғымына сай келе бермейді. Көптің жүрген жерінде дау–дамай мен бас араздықтың қоса жүретінін білген Абай, көптің сауатсыз билігін дұрыс көрмейді. Ретіне қарай ақылға, жөнге салынуы керек жетесіз, билікке көнбеген тобыр – ессіз қара күш. Ақын пікірінше, ақылсыз тобыр – есінен айрылып, басқаның жетегіне ергендер. Сондықтан, “көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел” – дейді.
ЖІГЕР –қажыр–қайраттан бастау алатын батылдық, тапқырлықпен ұштас қасиет. Қазақ ұғымында жігерлі адам – қайратты, өзінің алған бетінен қайтпайтын, көздеген мақсатына жетпей тоқтамайтын, ерік күші, рухани болмысы мықты адамдар айтады. Жігерлі болудың негізі рухтың мықтылығымен, сенімнің тереңдігімен астасып жатады. Сондықтан Ж. адами болмысты жетілдіруге қажетті қасиеттердің бірі.
ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕР –Қымбат және түсті металдарды зерлеп асыл немесе жартылай асыл тастармен әшекейлеуге негізделген. сәндік қолөнердің ежелгі түрі. 3. ө–ге әсемдік бұйымдар мен ыдыс–аяқ, қару–жарақ пен ат–әбзелдерін өрнектеу де жатады. 3. ө–де шыңдау, құйма, тегістеу, біліктеу, көркем шекіме, канфаренье (өтпейтін бізбен шекіме жасау арқылы металдың үстіне бүршіктік және күңгірт әсер беру), бастырма, оймыштау, нақыштау, оброн (сурет айналасын ойып тастау техникасы), сым–кәптау (филнгрань), бүршік, карала, тыныке (финифть), инкрустация, қырнау, жылтырату және т.б. тәсілдер қолданылады. Қазақстандағы тех. әрі әсемдік жағынан жетілген 3. ө. алғашқы темір дәуірінен басталады. Жетісуда жануарлар – таутеке, қабан бейнесі бедерленген мыс қазандар мен құрбандык құралдары (б.з.б. 5–4 ғғ.), сақ жауынгер–көсемінің алтынмен апталған сауыт–саймандары (Есік қорғаны, б.з.б. 4 ғ.), әйелдің алтын бас киімі (Қарғалы қазынасы, б.з.б. 11 ғ.), т.б. табылған. Бұлар полихромдық стильге жатқанымен оларды бірін–бірі толықтыратын тех. тәсілдері – сіркелеу, қақтау, әшекейлеу, кіріктіру, т.с.с. қамтиды. Орта ғасырда 3. ө. жекелеген шеберлердің ықпалынан шығып, қолөнерлік өндіріске ай–налды. Сөйтіп, Оңт. және Орт. Қазақстан калаларына тарады. Осы кезенде кең етек алған тәсілмен ат әбзелдерін өрнектеу (күмістеу, асыл, жартылай асыл тастармен әшекейлеу, бедерлеу, бұрау), қару–жарақтар, күнделікті тіршілік құралдары – қола шырағдандар, ыдыс–аяқ (Оңт. Қазақстан, 10–13 ғ.) жасалған. Қазақстанда 3. ө. 17 ғ. мен 20 ғ–дың алғашқы жарты–сында металды әшекейлеу өз алдына қолөнерлік өндіріске айнал–ды. Зергерлік шеберлік әкеден балаға мүра ретінде қалып отырған. Қазақстанның әрбір аймақтарында 3. ө–дің жергілікті мектептері калыптаскан. Қазіргі заманғы 3. ө. жүмыстары әр түрлі техникалардың көмегімен жасалады. Зергерлердің қолдан жасаған дара бүйымдары әлі күнге дейін жоғары бағаланады. Қазакстанда белгілі 3. ө–дің шеберлері ретінде А.Қошқарбергенов, А.Абылаев, Қ.Дүйсенқұлова, Қ.Смағұлов, Нұржанов, А.Есалиев, М.Төлегенов, И.К. Брякин, Ғ.Жалмұқанов, Д.Шоқпарұлы, В.С. Савченков, Г.И. Иванов, т.б. атап айтуға болады.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ЗЕРДЕ –мақсатты әрекетке бағытталған, парасат адам танымының негізін құрайтын пайым ретінде көрініс. Ол заттардың объективті құрылымын, заңды байланыстарын білдіретін, ойлаудың ең жоғарғы түрі. Заттардың бүтіндей құрылымын жүйелі түрде көрсететін теориялар З. танымының жемісі. Логика мен методология З. танымы тәжірибесінің филос. қорытындысы қызметін атқарады. З. тұлғаның рухани әлемінің қалыптастыратын өзіндік санасының құралы, өз өмірін ой елегінен өткізу тәсілі, демек парасатты ой мәнділіктерінің қуаты, қызметі болады.
Ұйымдастыру саласында З. адам өмірінің қайнар көзі, нормативті бастау, ретке келтіруші әрекет ретінде алға шығады. Мұнда З. қызметі көпшіліктің өзара ұйымдаспаған қызметін саналы реттеушіге айналады, қоғамдық құрылымдар жасаудан көрініс табады.
Еңбек қызметіндегі әмбебап шығармашылық принцип ретінде З. материяны рухани ой елегінен өткізген, оны көптеген түрлердегі заттарға айналдыра алатын адам қабілеті ретінде көзге түседі. Жетілген еңбек құралдары, епті қолдармен жұмыс істейтін конструктор, шебер, суретші З–сіне игерілуі керек материалдық болмыс қарсы тұрады. Философия түріндегі З–нің көптеген көріністерін қорытындылаған адам, өзін жан иесі ретінде бүтіндей жетілдіру үшін, оның барлық шығармашылық қуатын толық пайдаланады. Сондықтан да, антика философиясында З. мен философия тең өлшемде құдайдың берген сый ретінде қарастырылды. Қазақ ұғымында З. тікелей тұлғаға байланысты қолданылады, зерделі жан, яғни парасатты адам ұғымын береді.
ЗИЯЛЫЛЫҚ (ағл. сөзі intellectualism – интеллигенттік) – кәсіби түрде ой еңбегімен, шығармашылықпен, мәдениетті дамыту, таратумен (ғылым, өнермен шұғылданатындар, заңгерлер, инженерлер, дәрігерлер, журналистер және т.б.) айналысатын адамның қасиеті. Адамның жоғарғы мәдениетін, ақыл–парасаты мен адамгершілігінің жиынтығын біріктіретін З. тұлғаның ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды тарихи тұрғыдан түсініп, бағалай білуі, әлемдік және ұлттық мәдениет туындыларын талғампаздықпен белсенді игеруі, ізгілік және әділеттілік сезімдерінің молдығы, басқа жанға, жалпы адамзат баласына сүйіспеншілігі, өзге ой–пікірге төзімділігі және т.б. қасиеттерінен аңғарылады. ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының бір тобы қазақ қоғамының саяси мәдениетінің қалыптасуының негізін қалады.
Интеллигенция жөнінде көптеген теориялар бар. Егер шығыстық дәстүрде зиялы қауым деп белгілі патша айналасында топтасқан аздаған ойшылдары, ақындары бар сарай қауымы есептелсе, Батыста бұлай деп өзін тек ой, өнер жұмыстарына, рухани ізденіске арнаған топты атаған. Батыста зиялыны интеллектуал десе, Ресейде интеллигенция деген. Орыс интеллигенциясы әрдайым қарапайым халық жағында болып, өзін билікпен ымырасыз күресте қалыптастырған. Қазақ даласындағы Алаш қозғалысының өкілдері де сондай болған. Кеңес дәуірінде кеңес үкіметіне берілген партиялық интеллигенция пайда болды. Бұл таза идеологиялық, қолдан жасаған құбылыс еді. Қайта құру дәуірінен бері кеңес интеллигенциясының ең үздіктерінің Батысқа көшуі басталды. Қазіргі посткеңестік интеллигенция өзінің бұрынғы қадірлі мәртебесін орнықтыруға талпынуда.
ИГІЛІК – адамның белгілі бір қажеттерін қанағаттандыратын, оның ниеттеріне, мақсаты мен мүддесіне сәйкес келетін, рухани және материалдық байлықты білдіретін жалпы ұғым. И. табиғи және қоғамдық болып бөлінеді. Табиғат И–тері – табиғи үдерістердің, мысалы, топырақтың құнарлылығы, жер асты пайдалы қазба байлықтары. Қоғамдық И–тер – адам қызметінің нәтижелері. Екі жағдайда да И. ненің болса да әлеумметтік анықтамасы, оның адам үшін пайдалылығы маңызды болады.
Материалдық және рухани И. сұраныс, қажеттерді қанағаттандыру шарттарына байланысты ажыратылады. Сондықтан материалдық И–ке азық түлік, киім–кешек, баспана, өндіріс құрал жабдықтары және т.б. жатса, рухани игілікке – білім, рухани мәдениеттің жетістіктері, адамның мінез–құлқынан көрінетін адамгершілік қасиеттері және т.б. жатады. Адам бойындағы жасампаздық мүмкіндіктер ең жоғарғы И. болып табылады.
ИМАНДЫЛЫҚ – жалпы алғанда адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс–әрекеттерін белгілі–бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш қадыр–қасиеті, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Мұсылмандық дүниетаным бойынша–дінге ден қойған тақуа адамның қасиеті. Ал, иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни И. – Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті – иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған. Ең соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.у.) «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» – деу арқылы әлемдегі тәлім–тәрбие мен И–тың қаншалықты маңызды екенін көрсеткен, И–қа өзі бірінші үлгі болған. Алла тағала адамды иман мен имандылық үшін жаратқан, сондықтан: «Алланың мінезінен үлгі–өнеге алыңдар» (Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар) – деп уағыздалды. И–тың негізін мұсылмандар Құранда деп біледі. Құран Кәрімнен ең көп үлгі алған Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың мінезі жайлы Хазіреті Айша: «Оның мінезі – Құран», – деп жауап берген. Құранда: «Негізінен иман етіп ізгі іс жасағандар, намазды толық орындап, зекет бергендерге Раббыларыңның жанында сыйлық бар», – делінген (Бақара, 2/277). Бұл аяттағы ізгі істер, діни ұғым бойынша имандылық болып табылады. Қазіргі зайырлы өркениетті қоғамда да имандылық – аса қастерлі, биік адамшылық қасиет ретінде ұғынылады. И–қа қарама–қарсы жағымсыз сипат – имансыздық.
И–тың шыққан тегі дінде болса, кейін бұл ұғым әдептілік пен кісілікті білдіретін басты құндылыққа айналды. Иман дегеніміз ардан аспау, ақылдан алжаспау. Тілмен жеткізіп, сөзбен сипаттау. Арқылы жететін иман: көркем сөз, куәлік сөз, бірлеу сөз, тойтару сөз, тілеу сөз және ұлықтау сөз. Алланың қасиеті мен сипатын арлау. Олар: оның барлығы, мәңгілігі, періштелері, пайғамбарлары, бірлігі, жекелігі, ақырет күні, тірлігі, білуі, есітуі, көруі, қалауы, күші жетуі, жаратуы, сөйлеуіиманның түрлері: тілмен айтып, жүрекпен бекітетін иман; шешімге келетін қорытынды иман; риясыз иланатын толық иман, не сенімсіз күй кешетін әлсіз иман өмір сүреді. Ал аталмыш иманның ақ–қарасын білу үшін адам мен хайуанды һәм жақсылық пен жамандықты айырып, ажалдың уақыт әмірі екендігін мойындап, зұлымдық пен өтіріктен сақтанып, мінез мінін кетіріп, адам өзін өзі таныса құдайын да ұмытпасы хақ. Сонда ғана адам іске икемді, мінезге бай болары анық.
И.– ар өлшемі екендігі даусыз. Ел шетіне жау тиіп, ер намысын қайраған сол қилы заманда тұлпар мініп, ту алған біртуар ұлдар, алдаспанын ата жауының қанына суарып, шөліне орман, жұртына қорған болумен қатар, суырып–салма ақын, жыраулық өнерді қатар алып жүріп, қанатты сөздерімен, ақиқат өткір жырларымен өздерінен кейінгі буынға үлкен үлгі–өнеге бола білді.
Әдебиет: Ахмад ибн Ханбал – Муснад, Веһби Уылдыз – Илһам қайнаклары, 1977. Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; М. Иса (ҚҰЭ – 4 том, 246 бет).
ИМПРОВИЗАЦИЯ, суырып–салмалык (лат. іпргоvіsus – кеңеттен, тұтқиылдан) – көркем туындыны орындау кезінде өнерпаздың аяқ астынан туындыға өз жанынан жаңалық қосып, оны орындауды жалғастырып әкетуі. И. поэзияда, музыкада, театрда, биде, т.б. кездеседі. Кәсіби өнердегі И–ның тууы, иегізінен, халық шығарм–ғымен тығыз байланысты. Ежелден–ақ көптеген халықтарда айрықша белгілерін көрсететін суырып салушылар болған. Қазақ халқын ақын–жыраулары, шешендері, күйшілері, әншілері И–ның озық үлгісіи көрсеткен. Өзге түркі тілдес халықтарға қарағанда қазақта И. жалпы ұлттық сипат алған. Муз. И. алғашында ортағасырлық Еуропада (вокалдық діни музыка) тарады.
19 ғ–да көрнекті композиторлар (Л.Бетховен, Н.Паганини, Ф.Лист, т.б.) шығармаларында басты орын алды. И. қазақ музыкасында көне заманнан белгілі. Халық музыканттары И. молынан пайдаланды. Олар қалыптасқан ойға, әуен–ырғаққа сүйене отырып, музыканы еркін вариациялап, оны байытып, дамытып отырды. Қазіргі кезде И. джаз музыкасында өрістеп келеді. Комп–лык шығар–қта да И. муз. бейнелерді дамыту, сомдау үшін қолданылады. "Фантазия", "Экспромт", "Прелюдия", "И.", "Вариация" сияқты туындылар И–мен біршама байланысты. Мыс, М.Сағатовтың виолончель мен фортепьяноға арналған "Импровизациясы", Е.Рахмадиев, С.Мұхамеджанов, Н.Меңдіғалиев, М.Қойшыбаев, т.б. композиторлардың халық әндері тақырыбына жазған вариациялары. Б и д е г і И. – ежелгі дәуірлерден–ақ үлттық ойын–сауықтардың басты шарттарының бірі болып саналады. Шығыста би И–сы халық ойындарында ғана емес, кәсіби би өнерінде де сақталған. 20 ғ–дың 2–жартысында И. көпшілік билерінің басты элементтерінің біріне айналып, бал, спорт билерінде (чарлстон, твист, шейк, брейк, аэробика, ырғақты гимнасти–ка, т.б.) кең өріс алды. Театрдағы И. – мәтінсіз сахналык сауықтарда актердің алдын ала дайындықсыз–ақ өзі ойнайтын рөлінің сөздерін жанынан шығаруы. Халық театр шығарм–ғында туған И. Ежелгі Шығыс (қазіргі театрларда да кездеседі), көне, ортағасырлық, Қайта өркендеудегі театрларда да бой көрсетті.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
Достарыңызбен бөлісу: |