Құдайбергенова Айжамал ибрагимқызы


«1917-1939 жж. Қазақстандағы көші-қон үдерістері: түрлері, демографиялық дамуға тигізген әсерлері»



бет12/27
Дата01.04.2022
өлшемі371.5 Kb.
#456557
түріДиссертация
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   27
«1917-1939 жж. Қазақстандағы көші-қон үдерістері: түрлері, демографиялық дамуға тигізген әсерлері» деп аталатын екінші тараудың «Қазақстандағы Кеңес өкіметі қарсаңындағы ахуал және көші-қонның негізгі үрдістері» деп аталатын бөлімінде кеңес дәуірі қарсаңындағы қазақ жерінде жүрген көші-қон үдерістері мен халықтану мәселесінің неден бастау алғаны сараланады. Кеңес дәуірі қарсаңында сақталған әкімшілік-аумақтық өзгерістерге, Қазақстанның саяси-экономикалық ахуалына қысқаша шолу жасалып, елдің демографиялық жай-күйі мен көші-қон қозғалыстарын туғызған факторлар анықталады.
Кеңес өкіметі орнау қарсаңындағы көші-қонның ерекшелігі - ішке Ресейдің орталық аймақтарынан келген шаруалар көші-қонының жалғасуы мен 1916 ж. көтерілісті басып-жаншу шараларынан қашқан қазақтардың сыртқа көші-қонының бұған дейін қалыптасып қалған көші-қон маршруттары арқылы жүзеге асуы. Диссертациялық зерттеудің бастау алар негізгі шекарасы болған 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілістің демографиялық салдарлары қарастырылады.
«1917-1939 жж. әкімшілік-аумақтық өзгерістер және көші-қон үдерістерінің басқарылуы» деп аталатын бөлімде халықтың орналасуы мен тығыздығына, сандық және сапалық көрсеткіштерінің динамикасы мен демографиялық көрсеткіштердің өзгерістеріне тікелей әсер ететін әкімшілік-аумақтық өзгерістер, осы кезеңдегі көші-қон үдерістерінің құқықтық қамсыздандырылуы, үдерісті басқарушы мемлекеттік органдардың түрлері мен қызметтері талданды.
Кеңес үкіметі орнаған кезде патшалық қоныстандыру саясатының салдары мен нәтижесі өз күшінде еді. Қазақстандағы қоныс аударатын бес аймақта ашылған қоныстандыру мекемелерінің көші-қон үдерісін реттеудегі отарлаумен ұштастырылған әдіс-амалдары мен қолданылатын терминдері кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында ерекше өзгеріске ұшырамады. Көші-қонға қатысты қабылданған қарар-құжаттарда қоныстандыру-отарлау термині жапсарлас қолданылса, көші-қон үдерісіне қатысты мемлекеттік органдар да патшалық кезеңнен халық санасына сіңірілген қоныстандыру-отарлау деген атаулармен қызмет жасады. Яғни, көші-қон үдерісіне қатысты ұғымдар ХХ ғ. 20 жж. ортасына дейінгі барлық кеңес үкіметінің декреттерінде, қаулылары мен шешімдерінде отарлау деген сөзбен баламаланып, ашық қолданылып отырды. Тек, ұлттық езгіні жою мүддесіне қайшы келуіне орай, қоныстандыру ұғымын отарлау ұғымымен теңестіруге болмайтындығы туралы пікірлердің әсерінен соң, 1925 ж. көші-қон үдерісін бақылап-реттеуші орган – Орталық отарлау комитеті (Центрколком) Бүкілодақтық қоныстандыру комитеті болып, Мемлекеттік отарлау ісі ғылыми-зерттеу институты (Госколонит) – Жерге орналастыру және қоныстандыру институты болып атауларын өзгертті. Бірақ, ғасырлар бойы отарлаудың арқасында жүргізілген қоныс аударулар бірдей мағынада қолданыла берді. Мысалы, Қазақ Егіншілік халық комиссариаты жанындағы қоныс аудару ісімен айналысатын Жерге орналастыру бөлімінде Отарлау бюросы, Отарлау және қоныстандыру бюросы немесе Қоныстандыру бөлімшесі деп атауын бірнеше рет өзгерткен бөлімше қызмет жасады. Ал, жергілікті жерлерде отарлау мен қоныс аудару ісімен айналысатын облыстық және губерниялық жер басқармалары мен осы мақсат үшін арнайы құрылған отарлау экспедициялары, қоныс аудару пункттері, орталық өкілдік берген агенттер қызмет жасады [19, 19 б.]. Яғни, кеңес үкіметіне дейін империяға бағынышты халықтардың санасын деформациялаған отарлаушылардың үстем идеологиясы кеңес билігі орнағаннан кейін де қазақ жеріне қоныстандыру ісінде басымдық танытты. Қазақстанға сырттан келімсектердің келуі күшейген сайын, қазақ ұлтының дербестігіне нұқсан келетінін, езілген халын жақсарта алмайтынын түсінген ұлт зиялылары қазақ халқын рухани сақтау мен жаңғыртудың бір жолы ретінде қазақ жеріне орыс шаруаларының қоныс аударуларын тоқтатуды ұсынып, көші-қоншыларды келтіруге әртүрлі деңгейде қарсылық жасап отырды. 1916 ж. ұлт азаттық көтеріліс, кеңес өкіметінің орнауы мен азамат соғысы жылдарында Қытайға кеткен босқындарды қайтару шаралары 1925 ж. аяқталды. 1924-1925 жж. Қазақ ОАК мен ХКК Қазақстанға сырттан көшіп келушілер мен өз ішіндегі көшіп-қонуды тоқтату туралы шешімдер қабылдайды [20]. Бірақ, өлкелік партия басшылығына Голощекин келгеннен кейінгі шешім-шаралар көші-қон үдерісінің жаңа кезеңін бастап береді.
«1917-1926 жж. көші-қон үдерістері: негізгі факторлары, түрлері және халық құрамына тигізген әсері» деп аталатын бөлімде 1917 ж. мен 1926 ж. Бүкілодақтық халық санағы арасын қамтыған бірінші кезеңдегі көші-қон үдерістерінің негізгі факторлары, түрлері мен халықтың құрамына тигізген әсерлері, демографиялық салдарлары талданады.
Бұл кезеңде саяси оқиғалардың ықпалымен және нәтижелерімен тұтасқан экономикалық, әлеуметтік, мәдени, діни, этностық және тұрмыстық факторлар кешені көші-қон қозғалысының белсендірілуіне ерекше әсер етті.
1916 ж. ұлт азаттық қозғалысқа қатысқандарды қудалаудан қашқандардан басталған қазақтар көші-қоны кеңес өкіметінің жеңісінен кейін де байқалды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1917-1918 жж., 1921-1922 жж. ашаршылықтар нәтижесінде сыртқы көші-қондағы тұрғылықты халықтың көші-қоны Қазақстаннан сыртқа қарай бағытталса, европалық ұлт өкілдерінің көші-қоны, керісінше, Қазақстанға ағылуын жалғастырды. Бұл кезеңде бұрынғы патша өкіметінің отарлауынан бастау алған көші-қон жаңа кеңестік түрге ауысты, бірақ патша өкіметі кезіндегідей көші-қоншылардың лек-легімен келуі өндірістендіру басталғанға дейін тоқтатылды. Қазақстанға өз бетінше көші-қонға тыйым салынды. Соған қарамастан, орыс, украин және т.б. ұлт өкілдерінің қазақ жеріне көші-қоны тоқтаған жоқ. Бірақ, Қазақстанға қарай бағытталған көші-қон қарқынының саябырсуына орай, бұл кезеңде қазақтар халық құрамындағы артықшылық үлесін сақтады. 1926 ж. санақта – 58,5% болды. Сондықтан, бұл кезеңді, салыстырмалы түрде, Қазақстанға сырттан бағытталған көші-қонның саябырсу кезеңі деп атаймыз.
1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі халықтың сыртқа көші-қоны
1917-1918 жж. Түркістан Республикасын жайлаған аштық пен 1921-1922 жж. Қазақстан аумағын түгел қамтығын ашаршылықтан туындаған стихиялы көші-қонмен ұласты. Бұл кезеңде де Қазақстаннан сыртқа қашқандар – қысым көрген жергілікті ұлт өкілдері де, сырттан келгендер – патшалық билік кезеңінен отарлық қоныстандыру ұғымы бойына сіңген европалық көші-қоншылар.
1917-1918 жж. Түркістан жеріндегі ашаршылық пен оның халыққа әкелген демографиялық апатты салдары, халықтың табиғи және механикалық қозғалысының барысы, бағыттары, нәтижелері осы бөлімде талдауға түсті.
Сонымен бірге, жұмыста көші-қоншылардың сырттан ағылуын тоқтатуға қатысты мәселеде мүдделес болған М. Тынышбаев, Т. Рысқұлов, С. Қожанов, О. Жандосов, Ж. Мыңбаев, С. Садуақасов және т.б. ұлттық саяси элита өкілдерінің көші-қонға байланысты көзқарасы мен іс-шаралары ашылады.
Осы жерде Столыпиндық қоныс аударулардан кейін 1925 ж. дейін ірі көші-қон ағындары болған жоқ және 1920 жж. көші-қон үдерістері Қазақстанның халық санының өзгерістеріне ерекше әсер етпеді деген кейбір тарихшылардың пікірімен келіспейтіндігімізді айта кетейік [21]. Себебі, 1926 ж. санақ 1,6 млн. көші-қоншыларды тіркесе, оның 800 мыңы 1916-1926 жж. көшіп келген. Яғни, жылына орта есеппен 80 мыңнан адам келіп отырған. Ал, 1897-1916 жж.
1301,4 мың адам немесе жылына орта есеппен 68,5 мың адамнан келген еді. Яғни, 1925 ж. дейін де көші-қон қозғалысына түскен көші-қоншылар аз болмады. Соның ішінде, қазақтардың да сыртқа және ішке көші-қоны бар.
1917 ж. кейінгі есептерде жаппай көшіп-қонбағанымен, көрші республикаларға көшкен қазақтар саны көрсетіледі. Сонымен бірге, 1920-1921 жж. ашаршылық кезіндегі өлім-жітім мен сыртқа көші-қон елдегі шаруашылықтың 14%-ын (119970) жойды: 1920 ж. 857480 болса, 1921 ж. 737510 шаруашылық қалды.
Бұл кезеңге тән сипат – туудың төмендігі, өлім-жітімнің көбеюі және халық өсімінің азаюы. Бірақ, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда, табиғи өсім біршама көтерілді. 1924 ж. орыстар мен қазақтардың табиғи өсімі, тиісінше, 25‰ мен 16,1‰, 1927 ж. 32,9‰ және 27,1‰ болды.
1926 ж. санақ материалдарын халық құрамын жастық-жыныстық белгілеріне сәйкес талдау республиканы әртүрлі кезеңде тітіренткен тарихи оқиғалардың әсерін көрсетеді. Ғасырдың саяси, экономикалық катаклизмдері жылдары туылғандар мен сол кезеңді басынан өткізгендер, өздерінен кейін туылғандарға қарағанда, санақ материалдарында аз мөлшерде болды: 0-4 жастағы
1923-1926 жылғылар 1921-1922 жж. аштықтан кейінгі компенсаторлық кезеңде туылғандар басқа жас топтарындағылардан анағұрлым көп. Ал, 1921-22 жж. балалар мен кәрі жастағылар көп өлген. Бұдан кейінгі санақтарда да
1921-1922 жж. туылғандар мен ерлер үлесі төмен болды. Ашаршылық пен жұт жылдарының нәтижесі санақтарда құлдырау кезеңдері болып көрінеді.
1921-1922 жж. ашаршылықтан кейін, жаппай сипат алмағанымен, Қазақстанның көптеген аймақтарында халықтың ашығуы тоқтамады. 1920-жж. өн бойындағы саяси-экономикалық реформалардан еңсесін көтере алмаған қазақ елі 1920-жж. соңында осы үдерістің шарықтау шегі болатын ашаршылыққа ұшырады.
1917-1926 жж. көші-қон үдерісін зерттегенде анықтағанымыз, осы кезеңдегі көші-қон құбылыстарының патшалық дәуірден мұралыққа қалған қоныстандырудың бағыттарымен, нәтижесі мен саяси мәнімен ұқсастығы. Таптық езгіні жоюға бағытталған жаңа қоғам орнату жолындағы күрес барысында Қазақстанға бағытталған көші-қон қазақ ұлты мен ел халқының қалыптасуы мен дамуында, халық құрамындағы сандық және сапалық көрсеткіштер мен үлестік арасалмақта дәуірлік өзгерістер туғызды. Ал,
1917-1926 жж. саябырсыған көші-қон үдерісі өлкелік партия басшылығына Голощекиннің келуімен жаңа қарқын алып, көші-қон үдерісіндегі жаңа кезеңнің басталуына әкелді. Сонымен, 1917-1926 жж. бұрынғы патша өкіметінің отарлауымен тұтасқан көші-қон саясаты жаңа кеңестік түрге ауысты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет