Гүлді өсімдіктің құрлысы.
Тамыр өсімдіктің өстік, көп симметриялы жер асты мүшесі. Ол ұзақ уақыттар бойы ұзындыққа шексіз өсіп отырады. Тамырдың ұшын тамыр оймақшасы қорғап тұрады. Тамыр еш уақытта жапырақ түзбейді. Оның бұтақтануы, бүршіктенуі ішкі жағынан басталады (эндогенді).
Тамыр әртүрлі қызметтер атқарады: суды және онда еріген минералды тұздарды, кейде тіптен органикалық заттарды да топырақтан өз бойына сіңіріп, сабаққа жеткізіп отырады. Өсімдікті жерге бекітіп тұрады, кейбір органикалық заттарды синтездейді, өсімдіктің топырақтағы микроорганизмдермен (саңырауқұлақтармен, бактериялармен) байланысын қамтамасыз етеді, артық қор заттарының жиналатын орны болып табылады, өсімдіктің вегетативтік жолмен көбеюін қаматамасыз етеді.
Тамырдың түрлері:
Бүйір тамыр - негізгі тамырдың жанынан өсіп шыққан тармағы.
Тірек тамыр - бірқатар өсімдіктердің діңінен, бұтағынан қосымша шыққан тамыр. Оның бір бөлігі жер бетінде болады.
Түп тамыр - тамыр тармақтарының ең үлкені.
Тыныс тамыр - сулы жердегі өсімдіктердің сыртқа шығып тұратын тамыры. Ол тыныс алу қызметін де атқарады.
Шашақ тамыр - шашақ сияқты тарамдалып өскен тамыр.
Жуан тамыр - қоректік зат жиналатын етті тамыр.
Кіндік тамыр - дараланып, жуан болып өскен тамыр.
Сабақ қалыпты жағдайда шексіз өсетін полисимметриялы өстік мүше болып табылады. Оның ұзындыққа өсуін төбелік және қыстырма меристемалары қамтамасаз етеді. Бұтақтануы және бүршіктерінің пайда болуы сырт жағынан (экзогенно) жүзеге асады. Сабақта жапырақтар мен бүршіктер орналасады.
Сабақ жапырақтар мен тамырдың арасын байланыстырып тұрады, жақсы жетілген ассимиляциялық системаның түзілуіне мүмкіндік туғызады және жапырақтардың оларға күннің сәулесі жақсы түсетіндей жағдайда орналасуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге сабақ артық қор заттарының жиналатын орны болып табылады.
Ағаштардың сабақтары мен тамырлары 4-6 мың жыл өмір сүре алады (мамонт ағашы, айдахар ағашы). Кейбір шөптесін өсімдіктердің сабағы 30-45 күн ғана өмір сүреді (эфемерлер).
Достарыңызбен бөлісу: |