2.2 Жобаларды топтастыру (классификациялау)
Жерге орналастыру жобалардың көп түрлілігімен ерекшеленеді. Олардың мазмұны мен құру әдісі жерге орналастыру түрлерімен, әр түрлілігімен және формаларымен анықталады, жерді пайдалану қарқындылығына және ауыл шаруашылық өндірісінің интенсификациясы деңгейіне, аумағын орналастырудың кеңістік жағдайына, сала аралық масштабтағы қойылған мәселелеріне байланысты болады. Жерге орналастыру жобалары жерге орналастыру түрлеріне сәйкес үлкен үш топқа бөлінеді - шаруашылық аралық, шаруашылық жерін орналастыру және учаскелік.
Жерге орналастыру объектісіне қарай екі түр тармаққа ажыратылады. Олардың біреуі ауылшаруашылық кәсіпорындарының жер пайдаланушылықтарын құруға, қайта құруға, реттестіруге және жетілдіруге, екіншісі - әр түрлі мемлекеттік, қоғамдық және жеке шаруашылық мұқтаждықтарға (өнеркәсіптік, азаматтық, энергетикалық, гидротехникалық және басқа құрылыстарды жүргізуге, қорғаныс, транспорт, байланыс, ғылым, мәдениет және т.с.с.) жер бөліп беруге байланысты. Демек ауылшаруашылық емес кәсіпорындардың жер пайдаланушылықтарын құру.
Жерге орналастыру құрамында оның тек екі түрін белгілегенде жер категориялары мен жерге орналастыру іс-қимылдарының мазмұны толық қамтылмайды, өйткені олардың кейбіреулері халық шаруашылығы салалары мен әкімшілік-территориялық бірліктерге, ал кейбіреулері тек жеке кәсіпорындарға қатысты.
Қазіргі жерге орналастыру сала аралық сипаттағы, жалпы республика, сонымен бірге халық шаруашылығының жеке салаларының көлемінде, жердің пайдалануын ұйымдастыруға бағытталған іс-қимылдарды қамтиды. Шаруашылық аралық жерге орналастырудың бұл түрі арқылы жер қорының категорияларға бөлінуі, соңғыларының көлемінде арнайы мақсаттағы жер қорларының (осылардың қатарында ауданның әкімшілік жанындағылары мен оралмандарға арналғандары) құрылуы, елді мекендердің, басқаша айтқанда, ішінде жер иеленушіліктер мен жер пайдаланушылықтар орналасқан агромелиорация шептерінің жүргізілуі жүзеге асырылады. Елді мекеннің жер массиві мен межелері әкімшілік-территориялық бірлік немесе ауыл округінің бір бөлігі болып табылады. Сала аралық жерге орналастыруға облыстар мен аудандардың шекараларын белгілеу, тіпті мемлекеттік шекараны делимитациялау жөне демаркациялау жөніндегі іс-қимылдар жатады.
Жерге орналастырудың екінші түрі – шаруашылық аралық жерге орналастыру (ШАЖО}бір топ шаруашылықтың, ал кейбір кезде бүтін аудандардың территориясында жүргізіледі, бірақта тек жеке саланың (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және т.с.с.) шеңберінде. Нақтылы түрде ШАЖО әртүрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың мүдделерін, олардың жер иеленушіліктері мен жер пайдаланушылықтарын құру немесе қайта құру арқылы қанағаттандырып отырады. Оның түр тармақтары ауылшаруашылық және ауылшаруашылық емес жерлерде жүргізілуіне қарай ажыратылады.
Ішкі шаруашылық жерге орналастыру (ІШЖО) тек ауылшаруашылық кәсіпорындарының, серіктестіктердің, кооперативтердің және шаруа (фермерлік) қожалықтарының (Ш(Ф)Қ) шеңберінде ғана жүргізіледі. Оның негізгі масаты жерді өңдеудің жаңа технологияларын енгізуге, топырақты әр түрлі техногендік және табиғи теріс ықпалдардан қорғауға, мәдени ландшафттарды жойылудан сақтап қалуға және жаңаларын қалыптастыруға қолайлы территориялық реттілік жасау.
Шаруашылық жерін орналастыру формаларының бөлінуі тәлімі және суармалы егіншілік аймақтарында жобалық міндеттердің әр түрлі әдіс-тәсілдері арқылы орындалуымен себептеледі.
Тәлімі егіншілік аймақтарында жер учаскелерінің пайдалануы топырақ қорғау жүйесін, эрозия (жел, су немесе олардың қосыла әсер етуі) қауіптілігін,жердің сортаңданғандығын және басқа да осы тәріздес теріс ықпалдарды ескере отырып ұйымдастырылады. Осымен қатар басқа территориялардың да (аридтік және маусымдық жайылымдар) ерекшеліктері ескерілуі мүмкін. Суармалы егіншілік дамыған аймақтарда ішкі шаруашылық территорияны реттестіру суару жөне коллекторлық-дренаждық жүйенің, оның жеке элементтерінің орналасуымен, суды пайдалану мәселелерімен тығыз байланысты.
Учаскелік жерге орналастыру жеке учаскенің немесе алқап түрінің шеңберінде жүргізіледі. Жерге орналастырудың бұл түрінде жұмыс жобаларының типтеріне қарай мынадай түр тармақтарын белгілеуге болады:
1-ауылшаруашылық алаптарды жақсарту;
2-бүлінген жерлерді қалпына келтіру (рекультивация);
3-жаңа жерлерді игеру;
4-культуртехникалық шараларды жүргізу;
5-эрозияга қарсы шараларды жобалау;
6-мелиоративтік шараларды жоспарлау.
Достарыңызбен бөлісу: |