Дәріс №1. Кіріспе. Ауылшаруашылық малдарының төлдерін өсірудің ерекшеліктері. (1сағат)


Тәжірибелік сабақ №1-2. Буаз малдарды күтіп-бағу, азықтандыру және жас төлдердің туғанға дейінгі, туғаннан соңғы мезгілдеріндегі күтіп-бағу ерекшеліктері



бет5/12
Дата16.06.2016
өлшемі0.83 Mb.
#139857
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Тәжірибелік сабақ №1-2. Буаз малдарды күтіп-бағу, азықтандыру және жас төлдердің туғанға дейінгі, туғаннан соңғы мезгілдеріндегі күтіп-бағу ерекшеліктері.
Мал қораларының микроклиматы ондағы қоршаған ортаның ауасының физикалық, химиялық және биологиялық көрсеткіштері мен (температура, ылғалдық, ауа қозғалысы, жарық сәулесі, газдық құрамы, микроорганизмдер мен шаң-тозаңдар мөлшері т.б.) сипатталады.

Ірі қара малдарына арналған қалыпты микроклимат олардың жасы, өнімі және ұстау тәсілдеріне тікелей байланысты болады. Сондықтан әрбір малдардың түрі, жынысы, жасы және физиологиялық ерекшеліктеріне (буаз, қысыр, тұқымды т.б.) сай келтіріп микроклимат мөлшері белгіленеді (кесте 5). Ондай мал организміне сай микроклиматты қорада әртүрлі жолдармен қалыпқа келтіреді (желдету, жарықттандыру, жылыту, тазалау т.б.)

Микроклимат көрсеткіштерінің ішіндегі ең басты анықтағыш фактор болып ауаның төменгі және жоғарғы температурасы саналады. Ауа температурасы (1-6 градусқа дейін) төмендесе жас малдардың, әсіресе бұзаулардың өсуі 15-20 пайызға, сиырдың сүт өнімі – 15-30 % кеміп, ал азықтың шығыны – 15-50 пайыға артады.

Мал қораларының микроклиматының қалыпты шамада болуы пайдаланған құрылыс материалдарының қасиеттеріне байланысты. Қора бөлшектері шыдамды, берік болуымен қатар, жылу ұстағыш, бойына су сіңірмейтін, ауа өткізгіш, жеңіл, жоғарғы температураға төзімді материалдардан жасалуы қажет. Себебі, әсіресе қыс айларының суық мезгілдерінде қораның ішкі жылуының 30-45 пайызына таяуы оның бөлшек беттері арқылы тарап кетеді де, ішкі ауа температурасының төмендеуіне апарып соғады. Неғұрлым қора бөлшектерінің беті суық болса, солғұрлым мал денесінен булану және өткізгіштік жолдарымен жылу тарауы жоғарғы болады. Көбінесе қыс мезгілдерінде булану арқылы жылудың денеден тарауы қораның ұзын қабырғаларына, есік-қақпа, терезелерге таяу орналастырылған малдарда болады. Мысалы, қораның ортасындағы клеткаларға орналастырылған бұзаулардың денелерінен жылудың тарауы, қораның басы, ұзын қабырға, қақпа-терезелерге таяу қойылған клеткалардағы төлдермен салыстырғанда 10-25 пайызға кем болатындығы дәлелденген.

Гипотермия малдардың, әсіресе жас төлдердің төзімділігін (резистенттілігі) төмендетеді. Ол кезде организм де қарсы дене (антител) түзілуі төмендеп, лейкоциттер мөлшері азайып және олардың фагоцитарлық қарқыны (активность) кеміп, жұқпалы және жұқпайтын әртүрлі аурулардың шығуына апарып соғады. Ортаның жоғарғы температурасы да организмнің резистентілігін төмендетіп, әлсіретіп, өнімі азайып гипертермия ауруының (дене температурасының жоғарлауы) тууына әсер етеді. Мысалы, ауа температурасы 27-32 градусқа көтерілсе, сиырдың сүті 10-30 %, ал 38 градуста – 50-60 пайызға төмендеген. Бұл кезде малдың тәбеті төмендеп, су ішуі артып, дем алуы мен қан тамырының соғуы жиілейді.

Қора ауасының жоғарғы ылғалдылығы да, температураның көрсету шамасына байланысты организмдегі жылу алмасу процесстеріне айтарлықтай әсерін тигізеді, яғни орта температурасы төмен болса, жоғарғы ылғалдық денеден жылудың тарауын арттырып, организмді суыққа ұрындырса, ауа температурасы жоғары болғанда, денедегі жылудың тарауын тежеп, ыстық соғу ауруына ұшырайды. Сиыр қораның ауасының ылғалдылығы жоғары болғанда (салыстырмалы ылғалдық 85 % тен 95 %-ға жоғарлағанда) мал сүтін 9-12 % төмендетеді. Ірі қара малдарын бордақылау орындарының ауасының ылғалдылығы жоғары болғанда азықтың шығыны 20-35 % артып, тәуліктік салмағының өсуі 12-28 % төмендеп және жас төлдердің өлім-жітімге шалдығуы 2-3 есе артатындығы анықталған. Қораның ылғалды ауасында зиянды газдардың (аммиак, күкіртті сутегі т.б.) мөлшері көбейеді. Ондай жағдайда малдардың өкпе ауруына (туберкулез) шалдығуы жиілейді. Бордақыда тұрған малдардың қора ауасындағы аммиак газының қалыптан жоғары болуы салмағының 25-28 % төмендеуіне апарып соғады.

Жоғарғы ылғалдық пен ауадағы зиянды газдардың және микроорганизмдердің мөлшерінің артуы жас төлдердің төзімділігін айтулы төмендетіп, олардың арасында жаппай аурулардың шығуына әсер етеді де, онымен күресуге қыйындық туғызады. Мұндай жағдайда ол аурудың алдын алу тек қора ауасының тазалығында ғана болады. Мысалы, бұзауларды ауасы ластанған қорадан жекелеме клеткаға тұрғызып күту бұл аурулардың тоқталуына әсер етеді. Ірі қара малдарына арналған қоралардың жарықтану шамасыныңда мал организміне айтулы әсері болады. Мысалы, қораның жарықтану мөлшерін 5-10 люкстен 70-100 люксе жоғарлауы бұзаулардың ауруын 9-12 % төмендетіп, дене салмағының, тәуліктік өсуін 6-10 %, сиырдың сүт өнімінің 5-15 % көбеюіне апарып соғады.

Сыйыр қораларының жарықтану мерзімін тәулігіне 6-7 сағаттан 14-18 сағатқа дейін ұзартса (жасанды түрде) малдың сүті 6-15 % жоғарлап, ұрықтануы 15 % артып, сервис мезгілі 10 тәулікке қысқарады (кесте 6).

Мал қораларының жарықтануын қалыпқа келтіру арқылы буаз сиырлардың қанының биохимиялық және иммунологиялық көрсеткіштерінің жоғарлап, туған төлдердің денсаулығының артуына әсерін тигізетіндігі дәлелденген. Сондықтан ірі қара малдарын ұстау жүйелері, өнімділігі, физиологиялық ерекшеліктеріне негізделіп қалыпты (нормативті) микроклимат көрсеткіштері (параметрлері) белгіленген (кесте). Ірі қара малдарын қалыптанған микроклиматы бар қораларда ұстаған кездерде сиыр сүті 10-20 %, жоғарлап, азық шығыны 12-35 % кеміп, және малдардың ауруға шалдығуы 2-3 есе азаяды. Мұнымен қоса сүт өнімінің жағымсыз иістері жоғалып, қышқылдығы азайып, микроорганизмдермен ластануы төмендеп, сапасы артады.

Мал қораларындағы микроклиматты қалыптау үшін бірнеше, ветеринариялық-зоогигиеналық шаралардың жинағын жасау қажет. Олар қоралардың жоспарлап салу шешімдері мен оған керек құрылыс бөлшектерін таңдау, тиісті құрылыс материалдарының, әр аймақтардың жер орайы мен ауа райларына сәйкестіріп, қасиеттерін ескеріп, малдарды ұстаудың жаңа технологиясын еңгізу, қораның ауасын алмастыру, көңнен тазалау т.б. шаралар жатқызылады.


Тәжірибелік сабақ №3-4.Суалтылған сиыр мен құнажындарды күтіп-бағу мен азықтандыру гигиенасы.
Суалтылған сиырлар мен құнажындардың гигиенасы. Сауын сиырларды суалту мерзімі шамалы қысқа (45-60 тәулік) болғанымен мал организмінің шындалып аналықтың өнімінің артуына және болашақ төлдің ширақ аман тууына өте зор маңызы болады. Анасының жатырындағы төлдің өсуі 6-7 айлығына дейін өте жай жүреді де, ол туған кездегі тірі салмағының 15-20 пайызындай ғана болады. Буаздықтың соңғы екі айында жатырдағы төлдің тәуліктік өсу жылдамдығы 600-900 гр болады. Сондықтан осы мерзімде буаз сиырдың жатырындағы төлдің ағзалары мен мүшелерінің қалыпты өсіп дамуына қажет белоктар мен минералды заттарға сұранысы жоғарлайды. Соған байланысты сиырдың тууына 45-60 тәулік қалғанда малды саууды тоқтатады. Неғұрлым бұл мерзім аз болса, солғұрлым болашақ төлдің өсіп дамуына теріс әсерін тигізіп, әлсіз, салмағы кем бұзау алынады.

Сиырды суалту процессі, алдын ала рационнан концентратты (құрама) және сулы азықтарды шығарып тастап, 4-6 тәуліктің ішінде жүргізіледі. Бұл мезгілдерде тәулігіне 1-2 рет желінің әр бөлігінен сүтін сауып, оның саулығын тексереді. Өйткені суалтылған сиырлардың желінсау (мастит) ауруларына шалдығуы осы мерзімнің алғашқы екі аптасында, желін бездерінің микроорганизмдерге қарсы тұру қабілетінің төмендеуіне байланысты, жиі кездеседі. Желін сау ауруының шығуына бұл кезде малды дұрыс суалтпай, көп мөлшерде сулы азықтар беріп (сүрлем, қант қызылшасы т.б.), мал қораларының санитарлық тазалықтары сақталмау т.б. әсер етеді. Егер сиыр арасында желінсау аурулары кездессе, ондай малдарды жекелеп күтімге алып, емдеу қажет.

Желінің ауру бөлігінің секретін арнайы бақылау табақшаларының шұнқырына сауып алып, оның көлемі, түсі, мөлдірлігі, тұнбасы, консистенциясы, біркелкілігі т.б. анықталады. Желінің сау бөлігінен сынама сауыннан 3-5 мл көлемінде секрет алынады. Оның консистенциясы, мөлдір сұйық түстен қою, түсі сұр сарғышқа дейін жұққыш болып келеді. Егер бөлінетін секреті сұйық, көп мөлшерлі жұққыш емес, клегейлі және ірің түйіршіктері болса, ол желінсау ауруының белгісі болып саналады.

Суалтылған буаз сиырларды тууына 2 ай, құнажындарды 3 ай қалғанда мал қораларының жеке бөлігіне тұрғызады. Ол малдарға жекелеме күтім жасап, физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты азықтандырып, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай жағдайлар жасауға мүмкіндік туғызады.

Көбінесе алғашқы бұзаулаған құнажындардан алынған төлдер жиі және ауыр ауруға шалдыққыш келеді. Мұндай алғашқы бұзаулаған құнажындардың уыздарында ортаның микроорганизмдеріне қарсы тұратын иммундық глобулиндер жоқ болады.

Алғашқы бұзаулайтын құнажындарды дер кезінде, тууына 90 тәулік қалғанда негізгі табынға қосса, олардың уызында иммуноглобулиндердің мөлшері жоғарлап, төлдің организміне түсіп, олардың төзімділігін арттырады. Буаздықтың барысында сиыр организміндегі зат алмасу процесстері жоғарлап, аналықтың ең басты органдарына ауыр салмақ түсіреді. Сондықтан буазықтың жүруіне байланысты аналықтың жатырындағы төлдің өсіп-дамуына ғана әсер етіп қоймай төлдің тууына, қайта аналық органдарының қалыптасуына, жалпы болашақ өнімділігіне де көп әсер тигізеді.

Малды суалту кезеңінде желін бездерінің қайта өзгерістері болады. Онымен қоса, буаз малдарының организміне оның тууына, жыныс органдарының қалыптасуына және алдағы өнімінің жоғарлауына, яғни уыз құрамының түзілуіне қажетті көректі заттардың қорлары болуға тиіс.

Сондықтан буаз сиырлардың суалтқан кезеңдерінде организмде белок, қант, витамин және минералды заттардың жеткілікті болуы ең маңызды мәселе болып саналады. Буаздықтың соңы кезеңінде, аналық организмінде қанттың бауырда, шуда (плацент) және төл денесінде жиналуының нәтижесінде, оған сұранысы артады. Қанттың азық пен жеткіліксіз организмге түсуі аралық ас алмасу процесстерінің бұзылуына апарып соғып, қанда толық ыдырамаған улы заттардың қалдығы ацетон, ацетонды сірке және бета-окси май қышқылдарының пайда болуына әсер етіп-кетоз ауруының шығуына себепші болады. Кетонды денелер шу қабатынан еркін өтіп, қанға түседі де, төлдің бауырында, бүйректерінде тағы басқа ішкі мүшелерінде морфологиялық және функционалдық өзгерістер туғызып уландырады. Мұндай сыйырдан туған бұзаудың сыртқы әртүрлі факторлардан табиғи қорғанысы төмендеп, көбінесе іш ауруы (диспепсияға) – тышқаққа шалдығады. Буаздықтың соңғы кезеңдерінде сиыр малының организмінде белоктар мен аминқышқылдарына сұранысы жоғарлайды. Өйткені, белок туатын төлдің дене мүшелерінің түзілуіне қажет құрылыс материалы болып саналады. Белоктың бұл мезгілде, көптеген мөлшері шуға, жатырға және желін безінің құрамына түседі. Буаздықтың соңғы айларында аналық организмінің минералдық заттарға сұранысы жоғарлайды. Буаздықтың соңғы кездерінде дененің бұлшық еттерінде кальцидің қоры түзіледі. Малдың төлдеуі кезіңде жатыр органдарының қозғалыс механизмінде кальции иондары маңызды роль атқарады. Сондықтан кальцидің денеде жетіспеушілігі туу функциясының нашарлап, шудың мезгілінде бөлінуіне теріс әсер етіп, туған малдың жыныс органдарының уақытында қалпына келуіне кедергі жасайды.

Организмдегі микроэлементтердің (марганец, иод, мыс, цинк, молибден, фтор т.б.) жетіспеушілігі де көптеген аурулардың пайда болуына апарып соғады. Мысалы, марганецтің жетіспеушілігі іш тастауды жиілетіп, бұзаудың аяқтарының дәнекер, қыйсық болуына әсер етеді. Кобольт пен селенаның тапшылығы іш тастатып, сиырдың қысыр қалуына апарып соқса, иод жетіспеген кезде сиырдың жыныс органдарының бұзаулағаннан кейін қалыпқа келуін ұзаққа созады.

А, В, С, Д, Е витаминдері буаздықтың қалыпты жүріп, жатырдағы төлдің өсіп-дамуын қамтамасыз етеді. Суалтылған кезеңдерде буаз сиырлардың А-витаминдарына сұраныстары артады, өйткені, көбінесе малдың туына қысқы, жазғытұрғы – бауырдағы олардың қоры таусылған мезгілге келеді. Онымен қоса организмді витамин – А мен қамтамасыз ете алмаудың себебі – қыс айларындағы жүгері сүрлемінің құрамындағы фермент каратиназаның аз болып, нитраттардың көп болуынан каратиннің витамин А-ға ауыса алмайтындығынан болады да, сиырдың уызы мен сүтінің құрамында да А-витамині жеткіліксіз болады.

Суалтылған сиырлардың рационының негізгі құрамы шөптен тұрады. Шөптің ең аз нормасы әр 100 кг дене салмағына шаққанда 1 кг-нан кем болмауы керек. Сүрлемнің ең сапалы түрін тәулігіне әр центнер салмағына 2,5-3,0 кг беріледі. Құрамы жақсы қалыптанған рациондағы аналықпен төлдің организміне зиянды әсер тигізбейді. Егер сүрлемнің сапасы төмен болса, оны рацион құрамынан алып тастайды. Сиырдың тууына екі, бұзаулағаннан соң екі апта бойына рационнан сүрлемді шығарып тастап, оның орнына сапалы шөп кіргізеді. Буаз сиырлар үшін өте бағалы азық қатарына тамыр-түйнектер жатады. Олар организмнің сілтілік қорының сақталуын қамтамасыз етіп, каратинді қортуды арттырып, ацетонды қалдықтардың түзілуін тежейді. Ондай тамыр түйнек азықтарды малдың рационында сүрлемнің бөлігі көп болған жағдайда пайдаланған жөн. Буаз сиырларды құнарсыз азықтармен азықтандырғанда жатырдағы төлдің мезгілінен ерте дамып, уақытына жетпей тууына апарып соғады. Бұл процесс плаценттің өсуімен жалғаспай, бұзаулағаннан соң шуы бөгеліп түспей, жыныс ауруын (эндометрит) тудырады. Аналық сиырларды толық азықтандырмау туған төлдің иммунитінің төмендеуіне әсер етеді.

Туатын төлдің жатырда жатқан кездегі барлық кемшіліктері оның туғаннан кейінгі ауруларының себебі болып есептеледі. Мұндай кездерде әлсіз-жетілмеген төлдер (гипотрофик) туып, олардың дене мүшелері толықтай өсіп-дамымай, физиологиялық процесстері қалыпты жүрмейді.

Суалту кезіңде желінсаумен ауырған сиырлардың уызы биологиялық көрсеткіштері бойынша құнарсыз болады. Ондай уыз көбінесе улы заттар мен жұқпалы аурулардың қоздырғыштарының көзі болып, жас төлдердің ауруға жалдығуына апарып соғады.

Көптеген улы заттар азық пен су мен буаз сиырлардың организміне түскенде, олардың желніне одан соң сүт пен уызға қосылады. Мұндай жағдайда жаңа туған бұзаулар жақсы өсіп-дамыған болуы мүмкін, бірақ бірінші енесінің сүтін қабылдағаннан соң оларда уызбен улану (молозивый токсикоз) пайда болады. Ондай улануға бұзаулардың желінсау мен ауырған сиырлардың сүтін қабылдағанда ұшрайтындығы дәлелденген (ондай сиырдың сүтінде бактериалды токсиндер көп болады). Мұндай сиырлардың арасында улану, аул шаруашылығында химиялық тыңайтқыштардың, арам шөптерге қарсы қолданатын гербициттердің, жәндіктерді үркітетін инсектицидтер және сыртқы ортаны ластайтын өндіріс қалдықтарының қоспаларынан болады.

Туғандағы салмағы 30 кг оданда жоғары дені сау бұзаулар және сиырлардың сүтінің жоғарғы болуы бұзаулаудың алдындағы екі айдың ішінде 50-60 кг, яғни тәулігіне 0,8-1,0 кг салмақ қосқанда кездеседі. Буаз сиырларды құнарсыз азықтармен көректендіргенде олардан физиологиялық жетілмеген, әлсіз, төменгі салмақты әртүрлі ауруларға шалдыққыш және көбінесе туғаннан кейін алғашқы күндердің ішінде-ақ өлім жітімге ұшырайтын бұзаулар алынады. Буаз сиырларды құнарлы азықтармен қамтамасыз етумен қатар, олар үшін серуендетудің тұрғызып қолда ұстаған кезде (3-4 сағат тәулігіне) өте зор маңызы болады. Қозғалыс шектелген кезде, немесе жоқ болса (гиподинамия) малдардың газалмасу процесстері нашарлап, ферменттік қарқыны төмендеп жыныс органдарының өсуі әлсіреп, гипотонияға ұшырайды. Буаз сиырларда серуендету жоқ болса, қалыпты тірі салмағы бар, тіпті үлкен бұзаулар тууы мүмкін. Бірақ шала дамып, жетілмеген болады. Мезгілді серуендету сиырдың жеңіл бұзаулауына әсер етіп, желінінің іспеуіне және туғанан соңғы аурулардың болмауына көмектеседі. Тек дені сау аналықтан ғана сау төл алуға болады. Аналық сиырлардың қандай ауруы болмасын, тіпті ерте уақытта болса да, оның туған төлінің қалыпты өсіп-дамуына жағымсыз әсерін тигізеді.
Тәжірибелік сабақ №5. Бұзаулату гигиенасы, қойылатын гигиеналық талаптар мен микроклимат көрсетекіштері
1) Сиырларды бұзаулату гигиенасы.

Алынатын болашақ төлдің денсаулығына суалтылған сиырларды бұзаулауға дайындаудың маңызы өте зор. Буаз сиырларды туардан 7-10 тәулік бұрын бөліп алып, сиыр бұзаулайтын бөлімге орналастырады. Сиыр бұзаулайтын бөлменің сиымдылығы шаруашылықтың жағдайлы және ондағы аналық малдардың санына байланысты болады.

Ірі сүт өндіретін шаруашылықтарында сауын сиырлардың санына байланысты бөлінген орындардың 30-35 пайызын бұзаулайтын бөлмеге қаратады да, оны 2-3 секцияға бөліп, әрқайсысын кезекпен пайдаланады. Егер сиыр бұзаулайтын орын екі секциялы болса, технологиялық циклдің ұзақтығы 28-29 күнге, ал үш секциялы да – 21 тәулікке созылады. Ондай секцияларды 15-10 күнде толтырады.

Типтік тәсілде салынған бұзаулау бөлімдері негізгі 3 бөліктен тұрғызып, біріншісінде буаз сиырларды туардың алдында 7-10 күн бұрын, екіншісінде тұғызу үшін, ал үшіншісінде туғаннан соң 10-12 күн ұстауға негізделеді. Сиырларды туардың алдындағы және туғаннан соң ұстайтын бөлімдерде ұзын байлауыш пен ұзын тұрақтарда (ұзындығы 2 м, ені – 1,5 м), ал мал туатын жерге жекелеме бөлме бокстарда бұзаулатады. Әр бокстың размері 3 м × 3,5 м жандарында тұтас, жеңіл материалдардан жасалған қабырғаларының еденнен биіктігі 1,7 м болып, 20×30 см қарап, бақылауға арналған терезе қалдырылады.

Бұзаулаудың алдында (7-10 күн) ұстауға арналған секцияға ауыстырарда арнайы станоктарға тұрғызып, сиырдың терісін тазалап, қатты ластанған жерлерін жылы сумен жуып, аяқтарын 1 % креалин немес 0,5 % формалин ертінділері мен түяқтарын тазалап, дезинфекциялайды.

Сиырдың бұзаулауына 12-24 сағат қалғанда үрпінен уыз шығып, сыртқы жыныс органдарынан клегей сұйық шығып белгі береді және тууы таяғанда сиыр жан-жағына жиі қарап, біресе жатып, біресе тұрып мазасыздана бастайды. Осы уақыттарда сиырдың сыртқы жыныс органдарын тазалап 1:1000 қатынасындай марганцовка, 1:5000 – фурацилин, 0,5 % хлорамин ертінділерінің бірімен дезинфекциялайды да малды таза жарық дезинфекциядан өткен боксты бұзаулайтын орынға ауыстырады. Бұзаулайтын бокста сиырды байламай бос ұстайды. Сиыр бұзаулайтын кезде тәжірибелі кезекші қойылады. Сиырдың бұзаулау кезінде тыныштық сақталып, малды мазамалауға тырысу қажет. Ол кезде онда бөтен адамдар кірмеуі керек, жұмысшылар таза халат киіп, дезинфекциялауға қолайлы аяқ киімдері болуы қажет. Егер сиырдың азықтандыруы мен күтіп бағуы қалыпты болса туу жеңіл және тез болады (1 сағаттан ұзақ емес). Аналық арық, кәрі ауру болса тууы қыйындап, ұзаққа созылса малдәрігерлік көмек көрсетіледі. Бұзаудың арқасы жоғары қарап, екі алдыңғы аяғы созылған, арасында басы орналасқан болса дұрыс бұзаулаудың белгісі болып саналады. Сиыр бір-екі ышқынып күшенгеннен соң шарана шығып жатыр суы бөлінеді, бұзау көріне бастайды. Сол кезде сақтықпен сиырдың бауырына бағыттап, төлдің аяғынан тартып көмек көрсеткен жөн. Егер шаранасы жарылмаса, бұзау тұншығып қалмас үшін саусақтың үшімен жарып суын шығарады. Жаңа туған бұзаудың ауыз маңайындағы клегей сұйықтарды сүртіп, егер кіндігі өздігінен үзілмесе, оны бұзау қарнынан 10-15 см қашықтықта қолмен үзіп, иод ертіндісімен өңдейді. Бұзауды құрғақ таза төсенішке жатқызып, енесіне жалатады. Ол кезде сиырдың бүдірлі тілінің әсерінен бұзаудың қан айналысы жақсарып, дем алысы, жүрек соғысы қалыптасып, үсті тез құрғайды. Бұзаудың үстін жалағаннан соң аналықтың шуының бөлінуі жақсарып және жыныс органдарының тез қалыпқа келуіне әсерін тигізеді.

Егер аналық сиыр бруцеллез, туберкулез немесе басқа жұқпалы аурулардан сау болмаса, бұзауын жалатпай, таза дәкемен немесе соломамен сүртіп құрғатады. Көбінесе жаңа туған бұзауды бұзаулайтын орында 1-2 тәулік енесімен бірге ұстайды. Бірақ, жас төл жеткілікті еркін уыз еміп, төзімділігін күшейтіп, салмағын арттыру және аналықтың сүтінің түзілуін жақсарту үшін жас туған төлді бар сүттік кезең бойына (5 тәулік) енесімен бірге ұстайды.

Сиыр бұзаулайтын бөлмеге кіретін есіктің алдына ұзындығы 1,5 м-ден кем емес, ені есіктің еніндей кіріп-шыққан адамдардың аяғының астына дезинфекциялық төсеніш жасалады. Оны 4 % күйдіргі натрий немесе 2-3 % креолин ертіндісімен шылап қояды. Туғаннан соң жас төлді аналықпен бірге ұстап (1-5 тәулік) бұзауды профилакторияға (сақтандыру) ауыстырады. Аналық тұрған жерді (тұрақты) ластардан тазалап, төсенішті ауыстырады. Малдың шуын жеке жәшікке жинап қойған жерінен өтелге жібереді.

Туған сиырды бұзаулау бөлмесінен 1-5 күн аралығында сиырдың туғаннан соң тұратын секциясына ауыстырады да, онда 8-10 тәуліктей ұстайды. Туған сиырға жарты сағаттан соң 1-1,5 шелек тұздалған (10 л суға 100 гр) су береді. Сол арқылы организмнің жоғалтқан электролиттері мен суының орнын толтырады және біртіндеп берілетін азық мөлшерін ұлғайтып, 8-10 тәулікте толық рационға көшіреді. Егер сиырдың желні іскен және ауруы болса (серпінділігі жойылған, қатайған, тығыз) азық мөлшерін көбейтпей, массаж жасап, жиі сауып, ем көрсетеді. Сиырдың биологиялық жалпы тонусын көтеріп, туғаннан соң резистенттілігін жоғарлату, зат алмасу процесстерін арттыру, жатыр орнының тез микробтардан өздігінен тазаланып, жыныс мүшелерінің асқыну аурулары болмау үшін активті серуен жасап отыру керек.

Сүт шаруашылықтарында, әсіресе сиырды тұрақта байлауда ұстау арқылы тудырған кездерде, бұзаулау және бұзаулаудан соңғы физиологиялық актыларының бұзылуы кездесіп, жаңа туған жас төлдердің ауруға шалдығуы жиі болады.


Тәжірибелік сабақ №6. Жас бұзауларды профилактикалық (сақтандыру) мезгіліндегі ұстау және азықтандыру гигиенасы, қойылатын гигиеналық талаптар мен микроклимат көрсетекіштері.
Жас туған бұзаулардың өсіп-дамуы және жалпы жағдайына қарап, оларды екі түрге бөледі: физиологиялық жетілген (нормотрофиктер), және толық жетілмеген (гипотрофиктер). Олай бөлуге мынандай көрсеткіштері негізге алынады: бұзаудың туғандағы тірі салмағы, денесінің ұзындығы, тісінің барлығы, жүнінің шығуы, жылдам аяқтануы, қыймыл-қозғалысының активтілігі, енесінің емшегін тауып, соруы т.б. қалыпты жағдайда өсіп, дамуы дұрыс жүрген жас төлдің туудағы тірі салмағы – 28-35 кг (енесінің тірі салмағының 8 %), туғаннаң соң 30 минут ішінде аяқтанып, бір сағаттан кеш қалмай аналығының желнін тауып, емуі, 3-4 тәулікте кіндігі құрғап және сыртқы ортаға реакциясы дұрыс пайда болуы ескеріледі.

Жаңа туған бұзаудың қаны мен ткань сұйықтарында, аурудан қорғайтын негізгі ірі малекулярлы гамма-глобулиндер болмайды. Бұл белоктарды жас төл тек енесінің уызымен алады. Аналық жатырында өсіп-дамуы кезінде оның плацентінен өтпейді де, ол белоктар желін бездеріне жиналады. Мұнымен қоса алғашқы тәуліктерде желін бездерінің өзінде де мұндай иммуно-глобулиндер түзіледі. Бұл сақтандырғыш уыз белоктары өзгеріссіз түрде бұзаудың ішек қабырғасынан өтіп, қанына түседі.

Егер ірі малдарының ішінде ол белоктар ыдырап сіңірілетін болса, жас туған төлдердің ішіндегі арнайы клеткалар уыздың белоктарын ұстап алып, ыдыратпай, алғашқыда бездерге, одан кейін қанға түсіреді де сол арқылы жас төлдің өздігінен қорғаныс белоктарын түзілгенге дейін қорын жасайды. Қорғаныс белоктарын өзгеріссіз түрде жас туған төлдердің ішек клеткаларымен ұстап тасымалдауы ұзақ уақытқа созылмайды – 36 сағаттан артық емес, көптеген бұзауларда – 6-12 сағат. Сондықтан жаңа туған бұзауларға бірінші рет ему рефлексі шығуынан соң қолма-қол, денеде қорғаныс белогінің қорын жасау үшін, уызбен қамтамасыз ету қажет. Егер бұзауға уыз беру уақыты 5-9 сағатқа кешеуілдеткен болса, қорғаныс белоктарының организмде тасымалдануының қарқыны -18-50 % төмендейді.

Бұзаулаған сиырдың желнінде уыздың түзілуі 4-7 тәулік аралығында ғана жүреді де, ондағы белоктың қорғаныс активтілігі бұзаулау мезгілінің ұзақтығына байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, алғашқы сауылып алынған уыздың құрамындағы қоғаныс белігінің мөлшері, 4-5 сауын уызымен салыстырғанда 60-80 % артық болады. Уыздың қорғаныс қасиеті ондағы қышқылдықтың жоғары болып, бұзаудың қарнындағы шіріткіш микроорганизмдердің өсіп-өнуіне бөгет болуына да тікелей байланысты болады. Мұнымен қоса уыздың қышқыл ортасының жоғарлылығы және ондағы тұздардың көп болуы ішек қабырғаларының босаңсып, ішін өткізіп оның алғашқы тоңғақтан тазарып және қалыпты жұмыс жасауына әсерін тигізеді.

Бұзаудың жатыр орнынан шығып, басы көрінгенде оның тілінің үші аузының бір езуінде тұрады және бірінші жұтыну қозғалысының кезінде белгілі мөлшерде микробтар түседі де, 2-3 сағаттан кейін төлдің ішек-қарнында өсе бастайды. Егер бұзау туғаннаң соң алғашқы сағаттарда уыз ембесе, микробтармен бөлінген улы заттар (токсиндар) 6-8 сағаттан кейін қанға түсіп уандырады (токсикоз).

Жас төлдер үшін уыздың рөлі оның организміндегі иммунитеттің түзілуімен ғана шектелмейді. Уызбен бірге жас организмеге көптеген витаминдер мен миниралдық заттар түседі. Мысалы, витамин – А 5-6 есе, витамин Е 6-7 есе, сүт құрамындағымен салыстырғанда, уызда артық болады. Бұзауды алғашқы ауыздандырып, уыз ішкізу, тәулік мезгіліне қарамай туғаннан соң 1,0-1,5 сағаттан кешіктірмеу керек. Туғаннан кейін енесінің бауырында болып уыз емген бұзаудың қанындағы қорғаныс белоктары, қолдан сауып ішкізген төлдердікімен салыстырғанда 2-3 есе көп болған.

Бұзауларды жасанды түрде азықтандырған кезде, таза, дезинфекцияланған шелекке сиырдың туғаннан соң 45-60 мин кейін уызын сауып береді. Сауып алынған уыздың температурасы 37-39 ºС болады да үлкен ыдысқа құйып, соған жалғанған еміздіктер арқылы беріледі. (сурет 5)

Егер уыз суып кеткен болса, оны жылы суы бар ыдысқа салып жылытады, бірақ ыстық суға салып қайнатуға болмайды, онда уыз ұйып қалады. Желінсау сиырдың сүтін бұзауға бермей жояды да сау сиырдың уызын береді. Ал артық қалған сүтті, үнем үшін 1,0-1,5 л шыны ыдыстарға бөліп, құйып тоңазытқышқа қояды да, керегінде ерітіп, 37-39 ºС температураға дейін жылытып ауру малдардан туған бұзауларға береді. Жас туған бұзауға алғашқы күнде азықты 3-4 реттен тәулігіне денесінің салмағынан 4-5 пайыз (немесе әр кг салмаққа 40 мл-ден) есептеп береді. Жасанды түрде көректендіргенде жас төлдерге, әсіресе гипотрофиктерге сүтті артық бермеу қажет. Оларға уызды аз мөлшерде бөліп-бөліп, тәулігіне 5-6 рет беру керек. Кей кездерде ему уықытын азайту үшін еміздіктің тесігін кеңейтіп қояды да, бұзау көптен жұтып, ол сілекейленбей қарынға тығыз түйір болып түседі де, ферменттік әсерге көнбей, толықтай сіңірілмейді. Сондықтан еміздіктің тесігінің диаметірі 2 мм-ден артық болмауы керек.

Бұзаудың ішкен сүті ауыздағы сілекеймен аралас ішке түседі және бұзау неғұрлым жай ішсе, солғұрлым сілекей көп бөлінді. Соның нәтижесінде сүт сілекеймен қосылып, қарында тез қортылатын бос ірімшік түзіледі. Егер бұзау сүтті жылдам ішсе, ол тығыз түйір түзіп қарынға түседі де қыйын қорытылады. Бұзау сүтті тез ішкенде ұлтабарға жетпей, алдыңғы қарынға сүт түседі де, ірі тығыз кесек болып біртіндеп шіріп, бұзаудың ауруына апарып соғады. Ал уыз өңіштен өткен соң қарынмен тақия қарыннан өтіп, ұлтабарға түседі. Егер бұзау енесін емгенде басын көтереді де, өңеш жолы жабылады да, ал басын еңкейтіп, шелектен ішкен кезде ашылады. Бірінші жағдайда сұйық тура ұлтабарға барады да, екіншіде-азықтың бір бөлігі жалбыршақ қарынға түседі. Сондықтан бұзауды азықтандыру кезіңде оның асқазанына шелектен ішіп, төменнен жоғары түскенді, еміздіктен беріп, жоғарыдан төмен түсумен алмастыру қажет.

Жас туған төлдерді әртүрлі аурулардан сақтандыруда өте маңызды роль-ыдыстардың және профилакторияның (сақтандыру орнының) санитарлық жағдайы атқарады. Бұзауды көректендіргеннен соң пайдаланған еміздіктер, шелектер, тағы басқа өлшегіш ыдыстар жылы сумен (40ºС) шайылып, соңынан мына ертінділердің бірі мен жуады: 0,5 % сульфанол, 0,5 % А, Б, В т.б. жуғыш заттардың ертінділері.

Сүт ыдыстарын дезинфекциялау үшін 0,25-0,5 % тұндырылған хлорлы әкі ертіндісін, 0,1 % хлормин, каустикалық сода немесе гипохлорид кальций ертінділерін қолданады. Ыдыстарды ертінділі ыдысқа 3-4 сағат бойына батырып қойып, соңынан таза сумен шайып, жоғары аузын төмен қаратып іліп кептіреді. Сүт ыдыстарын күнделікті дезинфекциялаудан өткізеді. Резиналы ыдыстарды таза сумен шайғаннан соң 1 % хлораминнің ертіндісі мен жуып, қайтара таза сумен шайып кептіреді. Жұмыс аяғында еміздіктерді ыстық су мен стерлейді. Сүт ыдыстары мен еміздіктерді, киімдерден жеке, арнайы шкафтарда сақтайды.

Профилактория (сақтандыру орны) – 4-9 жекелеме желдету және тазалау жүйелері бар бөлімдерден тұрады. Әр бөлменің ішіне бұзаулар тұратын 7-14 жекелеме клеткалар қояды. Әр клеткаға қай нөмірлі сиырдың бұзауы жазылған белгілі тақтайша бекітіледі. Профилакторияға басқа адамдардың кіруіне рұқсат етілмейді де, кіру есігінің алдында дезинфекциялы төсеніш (дезковрик) болуы керек.

Профилакторияның санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында әр бұзау тұратын клетканың енін 45-50 см, ұзынын 0,8-1,0 м еденнен 15-20 см биіктікте қылып ағаш, пластикалы материалдарынан жасайды.

Арнайы жасалған жекелеме клеткаларда (120×45×100 см) ұстау бұзауларға жеке күтім жасау және өндіріс орындарын үнемдеу үшін жасалады. Бірақ, жекелеме, тар клеткаларда бұзауларды ұзақ уақыт 3 ай бойына ұстау, олардың қозғалысын шектеп, резистенттілігін төмендетіп, буындарының ісіп ауруға шалдығып, өсіп-дамуына теріс әсерін тигізетіндігі дәлелденген. Сондықтан ондай тар жекелеме жасалған клеткаларда жас төлдерді бір айдан артық ұстауға болмайды. Олардың қозғалыста болып, қалыпты өсіп-дамуы үшін бірнеше басты біріктіріп, топпен ұстауды ұсынады.

Жекелеме орындарды жылыту үшін арнайы жарықты және инфрақызыл сәулелерін пайдаланады. Ол үшін профилакторияда екі біріккен клеткалардың үстіне белгілі биіктікке инфра-қызыл сәулелі шамдар ИКУФ-1, «ЛУЧ» т.б. іліп пайдаланады. Жаңа туған бұзауларды кептіріп, жылыту үшін тасымалды сәулелендіргіштер ИКЗК-220, 250 қолданылады.

Профилакторияның секцияларын әр шаруашылықтың циклограммасына сәйкес 3-4 тәуліктің ішінде толтырып отырған жөн. Секцияда жас туған бұзау 8-10 күн тұрған соң оны тазалап, дезинфекциялаудан өткізіп, профилакторлық үзіліс (5 күнге дейін) жасағаннан кейін жаңадан төлдер қабылданады. Секциялы профилакторияларды пайдалану кезінде мезгіл-мезгіл оның ауасын, еден, қабырғаларын және клеткаларды дезинфекциялауды жүргізіп, ондағы ауру тудырғыш микроорганизмдерді жою шараларын жасап отырады.

Бұзауларды 10-15 тәуліктік жасынан бастап, профилакториядан жалпы бұзау қораға көшіреді де, олардың алдағы күтіп-бағу және азықтандыру тәсілдері, шаруашылықтың пайдалану технологиясымен бағытына байланысты болады. Кәзіргі кезде бұзауларды өсірудің екі тәсілі: бірінші – қолдан көректендіріп өсіру – сүттік және сүт пен еттік табындарда, екінші көбінесе еттік табындарда қолданылатын енесінің бауырында бөлінбей өсіру. Бұл тәсіл – арнайы емізуге, арналған (бірнеше бұзауларды) сиырларды пайдаланғанда сүттік бағыттағы шаруашылықтарда да қолданылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет