Тоңдық деформациялар
Көп жылдық тоң аймағының жерасты сулары тоң үстіндегі, тоң арасындағы және тоң астындағы суларға бөлінеді. Егер тоң арасындағы немесе тоң астындағы сулары бір жерге жиналса, онда мұз өзегі бар жер бетінде ірі төбешіктер қалыптасады, мұндай төбешіктерді гидролакколиттер деп атайды. Бұлардың биіктігі 70-80 м-ге дейін жетеді, диаметрі 200 м шамасында, жергілікті халық мұны булгуннях деп атайды.
Егер жерасты тоңаралық немесе тоңасты сулар тікелей жер бетіне шықса, онда олар қызылсу (наледи) дейтін ерекше мұзды пішіндерді құрайды. Осындай пішіндер өзен сулары аңғарының түбіне дейін қатқан мұздың бетінде де пайда болады. Мұндай түрлерін тарындар дейді.
Рельефтің тоңдық пішіндері Қызылсудың ірі пішіндері жаз кезінде де сақталады. Олардың геоморфологиялық маңызы осы пішіндер тараған аймақтарда аяздық үгілу мен солифлюкция процесі қарқынды түрде жүреді. Мәңгі тоң тараған аймақтарда құрылымдық топырақтар деп аталатын ерекше микро- және мезорельеф пішіндері кең тараған. Мұндай пішіндер әр түрлі суға қаныққан топырақ массасының іріктелу нәтижесінде және олардың қатуы немесе еруі бірнеше мәрте болғаннан кейін қалыптасады. Олардың ішінде тасты көпбұрыштар, тасты сақиналар, тас жолақтар кездеседі. Осылардың ішінде ең кең тараған тасты көпбұрыштар. Бұлар кішігірім жал тәрізді тас үйінділермен қоршалып, тұтқыр майда топырақтан құрылған, сәл дөңестеу келген дақтар.
Егер көрші дақтардың тасты үйінділері бір-біріне жанаспаса, онда тасты сақиналарды түзеді. Осы тасты сақиналардың және көпбұрыштардың көлденең ені полярлық тундра 1 м-ден 2 м-ге дейін болса, таулардың гольц белдеулерінде 0,25 м-ден 0,5 м-дің шамасында. Білік тәріздес тасты үйінділердің ені 30-50 см болады. Тасты сақиналар мен көпбұрыштардың қалыптасқан кезіндегі топырақтардың іріктелуі ірі бөлшектердің мұздап қатуынан және олардың дақтардың ортасынан шетіне ығысуынан пайда болады. Жайпақ беткейлерде солифлюкциялық құбылыс әсерінен тасты көпбұрыштар иректеліп жоғарыдан төмен қарай созылады. Одан еңкіш беткейлерде олар тасты таспаларға айналып, беткей бойында ұсақ топырақты таспалармен кезектесіп ауысып тұрады. Мұндай таспалардың ені 5 см-ден 5 м-ге дейінгі аралықта.
Достарыңызбен бөлісу: |