Дәріс 1. Денсаулық әлеуметтік құндылық ретінде. Әлеуметтік жұмыс: негізгі түсініктер, категориялар, бағыттар
Әлеуметтік-медициналық жұмыс – бұл денсаулықты қайта қалпына келтіру, сақтау және нығайтуға бағытталған, көптеген пәндердің негізінде қалыптасқан медициналық, психологиялық және әлеуметтік-құқықтық кәсіби іс-әрекет түрі.
Әлеуметтік-медициналық жұмыстың мақсаты – денсаулық деңгейінің максималды мүмкіндігіне қол жеткізу, физикалық және психикалық ауытқушылығы бар және әлеуметтік жағдайы нашар адамдармен жұмыс істеу және оларды бейімдеу.
Әлеуметтік-медициналық жұмыстың объектісі – медициналық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша жағдайы қиын адамдар, олар: мүгедектер, кәрі адамдар, жетім балалар, жас аналар, көп балалы отбасылар, ЖҚТБ-мен ауыратын адамдар, табиғи апаттардан зардап шегушілер, қашқындар, жұмыссыздар және т.б.
Әлеуметтік-медициналық жұмыстың ерекшелігі – ол кәсіби іс ретінде екі жеке дара – денсаулық сақтау мен тұрғындарды әлеуметтік қорғау сияқты салалардың тоғысқан жерінде қалыптасады.
Әлеуметтік-медициналық жұмысты ұйымдастыруда әрекеттің осы түрінде кәсіби толық ыңғайды қамтамасыз ететін қағидаларды ұстанған жөн. Олар: экожүйелілік, полимодальділік, ынтымақтастық, конструктивті ынталандыру, континуальділік.
Әлеуметтік-медициналық жұмысқа:
· әлеуметтік-медициналық көмекке мұқтаж жандарға кепілдік беруді қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
· денсаулықты қорғау мәселелері бойынша азаматтардың құқықтарын әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету;
· салауатты өмір салтын қалыптастыру;
· отбасына және оның әр мүшесіне әлеуметтік-медициналық көмек көрсету;
· медициналық көмек және сырқат адамдарға күтім жасауды ұйымдастыру;
· медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге қатысу;
· сырқат жандар мен мүгедектерді әлеуметтік-медициналық сауықтыру;
· психиатрия, наркология, онкология, гериатрия және медицинаның басқа салаларында әлеуметтік жұмыс жүргізу;
· денсаулық сақтау, тұратын ортаның жағдайы, азық-түлік және шикізат сапасы мәселелері бойынша ақпараттарға қол жеткізу;
· тұрғындардың көмекке мұқтаж тобына әлеуметтік-медициналық көмек кешенді бағдарламасын жасауға қатысу;
· міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмектің кепілді көлемі мен сапасын бақылауға қатысу;
· әлеуметтік-медициналық патронаж және т.б. жатады.
Кәсіби әлеуметтік-медициналық жұмыс әлеуметтік қызмет көрсетудің келесі мекемелерінде тиімді жүзеге асады, олар: отбасы мен балаларға әлеуметтік көмек көрсетудің аймақтық орталықтары; кәмелет жасына толмағандарды әлеуметтік сауықтыру орталықтары; балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік жетімхана; геронтологиялық орталықтар; әлеуметтік қызмет көрсетудің стационарлық мекемелері (қарт адамдар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлері, психоневрологиялық интернаттар, жетімдер үйі, физикалық жетіспеушілігі бар балаларға арналған интернат-үйлері). Дайындығы бар білікті мамандар қызметтерін ведомстволық тәнділігіне немесе меншік түріне қарамастан кез-келген мекемеде атқара алады.
Әлеуметтік-медициналық жұмыскердің кәсіби іс-әрекетінің келесідей негізгі бағыттары көрсетіледі:
1) жұмысқа қабілетті жастағы, бірақ жарақат алған және мүгедек болып қалған, қайта қалпына келтіру емін, шектеулі мүмкіндігіне орай тұрмыстық ортаға бейімделуді, отбасы мүшелері мен қоршаған адамдардың психологиялық қолдауын, жаңа кәсіп пен жұмысқа орналастыру сияқты әлеумметік көмекке мұқтаж адамдар;
2) созылмалы ауруы бар және жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі егде жастағы адамдар;
3) құрамында созылмалы, инкурабельді (емделмейтін) ауруы немесе мүгедек жандары бар отбасылар;
3) толық емес (әкесіз немесе анасыз), көп балалы, қамқорлық, жас, аса мұқтаж, асыраушысын жоғалтуына байланысты зейнетақы алатын және басқа да аз қамтылған отбасылар;
4) ахуалы нашар, бейәлеуметтік отбасыларындағы балаларды дер кезінде анықтау, туылған күнінен бастап диспансерлік бақылауға алу, қиын немесе психикалық дамуы артта қалған балаларды қажеттілігіне қарай балабақшаға, шипажайға бағыттау аномальді құбылыстардың (темекі шегу, алкоголизм, наркомания) алдын алуға және әлеуметтік өмір процесіне салауатты өмір салтының элементтерін ендіруге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік-медициналық іс-әрекеттің маңызды бағыты ретінде уақытша экономикалық немесе әлеуметтік сипаттағы қиын жағдайға ұшыраған адамдардың денсаулығын қолдауға нақты мүмкіндіктер және қолайлы жағдай жасау есептеледі.
Мультипәнаралық іс-әрекет түрі бола отырып және тұрғындардың денсаулығын сақтау және әлеуметтік көмек көрсету салаларында жүзеге асырыла отырып, әлеуметтік-медициналық жұмыс қалыптасқан үлгі мен әдістерді қолданады:
► денсаулық сақтау жүйесінде – алдын алатын, сауықтыратын, психотерапевтік және т.б.;
► тұрғындарды әлеуметтік қорғау жүйесінде – әлеуметтік кеңес беру, әлеуметтік жәрдемақылар, үйге әлеуметтік қызмет көрсету, стационарлық мекемеде әлеуметтік қызмет көрсету, әлеуметтік қызмет көрсету мекемелеріне күндізгі уақытта келуді ұйымдастыру, уақытша баспана ұсыну және т.б.
Сонымен қатар, әлеуметтік-медициналық жұмысты шартты екі құрамалыға бөлуге болады: алдын алуға (профилактикалық) бағытталған әлеуметтік медициналық жұмыс және патогенетикалық бағыттағы әлеуметтік медициналық жұмыс.
Алдын алуға (профилактикалық) бағытталған әлеуметтік медициналық жұмысқа:
• соматикалық, психикалық және репродуктивті денсаулықтың әлеуметтік тәуелді бұзуларының алдын алу шараларын орындау;
• салауатты өмір салты бағдарларын қалыптастыру;
• денсаулық мәселелері бойынша ақпараттарға қол жеткізуді қамтамасыз ету;
• әлеуметтік-медициналық көмектің мақсатты бағдарламаларын жасауға қатысу;
• әлеуметтік басқару;
• денсаулықты қорғау сұрақтары бойынша азаматтарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету және т.б. кіреді.
Патогенетикалық бағыттағы әлеуметтік медициналық жұмысқа:
■ әлеуметтік-медициналық көмекті ұйымдастыру іс-шаралары;
■ әлеуметтік-медициналық сараптама жүргізу;
■ мүгедектерді медициналық, әлеуметтік және кәсіби сауықтыруды жүзеге асыру;
■ әлеуметтік жұмысты медицина мен денсаулық сақтаудың басқа салаларында да жүргізу;
■ клиенттің психикалық статусына жөндеулер жүргізу;
■ әлеуметтік-тұрмыстық сауықтыру инфрақұрылымдарын жасау;
■ бір-бірімен байланысты мамандықтардың мамандарының өзара іс-әрекетінде жалғастырушылықты немес орнын басуды қамтамасыз ету және т.б.
Өзінің бағытында әлеуметтік-медициналық жұмыстың медициналық көмек пен денсаулық сақтау ұйымдарының іс-әрекетімен ұқсастықтары көп. Бірақ ол өз құзыреттілігінің шегінен аспайды және емдік-диагностикалық қызметтер атқармайды. Медицина қызметкерлерімен өзара іс-әрекетті және жауапкершілік саласының нақты шегін қамтиды.
Әлеуметтік-медициналық жұмыстың маңызды құраушы бөлігі болып әлеуметтік-медициналық патронаж (франц.тіл. patronage – қамқорлық) табылады. Әлеуметтік-медициналық патронаж – үйде жүргізілетін, алдын алу (профилактикалық) бағытындағы жұмыс; жеке тұлғалар, отбасылар, тұрғындар тобының әлеуметтік-медициналық көмекке қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жүзеге асатын медициналық, әлеуметтік және қоғамдық ұйымдардың іс-әрекет түрі.
|