Дәріс 3. ЗАТ ЕCІМ СӨЗЖАСАМЫ ЖӘНЕ ОНЫ ОҚЫТУ
1.Зат есім сөзжасамы туралы түсінік. Зат есімнің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуы
2.Зат есімнің аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы
3.Зат есімнің лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалуы
4.Жұрнақ арқылы жасалған туынды сөздерді және күрделі сөздерді ауызша және жазбаша тілдесім барысында қолдану
5.Зат есім сөзжасамын оқытудың әдіс-тәсілдері
Жаңа атауды, туынды сөзді талап ететін құбылыстардың түріне қарай түрлі сөз таптарының сөзжасамы қызмет етеді. Зат есім - туынды сөздерге ең бай сөз табы. Бұның түрлі себептері бар. Ең алдымен ол өмір шындығымен байланысты. Өмірде ең көп нәрсе ол заттар, олар үздіксіз өмірге қосылып отырған. Екіншіден, адамдар өздері таныған заттарын атап отырған. Заттарды атау зат есім сөзжасамы арқылы жүзеге асқан.
Зат есім сөзжасамында барлық сөзжасамдық тәсілдер өте белсенді қызмет атқарады. Зат есім сөзжасамында жұрнақ тәсілі негізгі орындардың бірін алады. Сондықтан сөзжасамдық жұрнақ тәсілі арқылы жасалған туынды түбір зат есім сөздерге тіліміз өте бай. Туынды зат есім жасайтын жұрнақтардың мағыналық құрамы да әртүрлі. Бірсыпыра жұрнақтар түрлі мағыналы туынды зат атауларын жасайды. Мәселен, -лық, -лік, -дық, -тік, -тық, -тік жұрнағы түрлі сөз табының түбірлерінен түрлі мағыналы туынды түбір зат есім сөздер жасайды. Ол тек зат есім сөздердің өзінен түрлі мағыналы туынды сөздер жасайды. Мысалы, молдалық, шабындық, патшалық, қалыңдық, жиеңдік, апталық, қолтық, қастық, оттық сияқты туынды түбірлердің мағыналары әртүрлі. Молдалық - кәсіпті, шабындық - орынды, патшалық - лауазым, қалыңдық - дәстүр, жиендік - туыстық, апталық - мезгіл, қолтық - дене мүшесін, қастық - дерексіз ұғым, оттық - нақтылы зат атауын, ондық - сандық мәнді білдіреді. -лық, -лік жұрнағы түрлі мағыналы зат атаулар жасауда ерекше орын алады. Зат есімнің сөзжасамындағы сөз мағынасын түрлендіруші жұрнақтары, түрленген туынды мағына мәселесі З. Құрманәлиева зерттеуінде талданды. Ол зат есімнің реңк мәнді 42 сөзжасамдық жұрнағын анықтаған. Ғалым бұл жұрнақтардың сөз мағынасын түрлендіретінін дәлелдеген.
Етістік - зат есім сөзжасамындағы өте өнімді уәждеме. Етістіктен туынды түбір зат есім жасайтын арнайы жұрнақтар бар. Олар өте көп. Етістіктен зат есім жасайтын жұрнақтар арқылы жасалған туынды түбір зат есімдер етістік уәждемелі туынды түбір зат есімдер деп аталады.
Күрделендіру тәсілі – зат есім сөзжасамынан негізгі орын алатын сөзжасамдық тәсілдердің бірі. Сондықтан да сөздік қорымыз күрделі заттық атауларға өте бай.
Тіркесті күрделі зат атаулары деп екі не одан да көп сыңарлардан құралып, бір лексикалық мағына беретін, бір лексема қызметін аткаратын, бірақ бөлек жазылатын күрделі заттық атаулар аталады. Біріккен, кіріккен күрделі заттық атаулар бірге жазылса, тіркесті күрделі зат атауларының ішкі сыңарлары бөлек жазылады. Мысалы, азу тіс, ақ түйіршік, бас бармақ, ақ бата, бақ дәулет, жақ сүйек, желке тамыр, кәрі жілік, мүшел жас, қан қымысы, түскі ас т.б.
Сөзжасамдық мағына тәсілі деп тілде қолданыста бар сөздердің бұрынғы мағынасының үстіне жаңа мағына қосып, ол сөздің тілде екі, кейде үш сөздің қызметін атқаруын қамтамасыз ету аталады.
Тілде сөздердің екінші мағынаға ие болуы қолданысқа байланысты. Олардың көбі сын есім, сан есім сөздер. Сын есім, сан есім, етістік сөздер қолданыста заттық мағынаға ие болып, бара-бара зат есімге көшеді. Бұл үрдісте ықшамдалу заңдылығының қызметі күшті. Сын есімдер сөйлемде соңындағы зат есім сөздің қолданыста түсіп қалуы арқылы оның мағынасын қосып алып, заттық мәнге көшеді. Мысалы, кәрі кісілер - кәрілер, жас адамдар - жастар, қызыл әскерлер - қызылдар, ақ әскерлер -ақтар, ыстық күн - ыстық, бөрікті қыз - бөрікті, атты адам - атты, қорқақ адам – қорқақ т.б.
Зат есімнің басқа сөз таптарынан ерекшеленетін бір белгісі – көптік, тәуелдік, септік категорияларының болуы. Зат есімнің грамматикалық категорияларын шығармашылық тұрғыда жүйелі оқыту және оны оқушыларға сапалы білгізіп, тиянақты меңгерту оған керекті әдістемелік әдіс-тәсілдерді дұрыс қолданып отыруға байланысты. Ол үшін мұғалім зат есімнің грамматикалық категорияларына тән белгілерін бағдарлама бойынша жоспарлап, одан ұйымдастырылатын сабақ түрлері мен өтілетін материалдардың көлеміне қарай әдістерін белгілейді.
Достарыңызбен бөлісу: |