Дәpiс тезис Cөзжасам, морфология және оқыту-05.22.023
Дәріс 15. ШЫЛАУ,ОДАҒАЙ,МОДАЛЬ СӨЗДЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ОҚЫТУ 1. Шылаудың мағыналық түрлері
2. Одағайдың мағыналық түрлері
3. Одағайдың құрамы, қолданысы
4. Модаль сөздер
5. Шылау, одағайларды оқыту
Шылау сөздер семантикалық сипаты жағынан белгілі бір сөздердің жетегінде келіп, оларға түрлі мән, грамматикалық мағына үстейтін, кейбірі сөз бен сөзді байланыстырып тұратын, көмекші сөздер тобына жататын сөз табы екенін түсіндіру, мағыналық түрлері – жалғаулықтар, септеу-ліктер, демеуліктерді бір-бірінен ажырата алу. Сырттай ұқсас шылау түрлерін ажырата білу, шылаулардың емлесіне жаттығу. Шылаулар – грамматикалық мағынаны білдіру қызметі жағынан, дыбыстық құрамы жағынан көмекші сөздердің ішінде қосымшаларға ең жақын тілдік бірліктер.
1.Бірсыпыра шылаулар қосымшалар сияқты дыбыстық вариантқа түрленіп қолданылады. Мысалы, да,де,та, те, ма, ме, ба, бе, па, пе; қой, ғой, ды, ді, ты, ті; қана, ғана; құрлы, ғұрлы, ғұрлым; бойы, бойымен; әйтсе де, әйткенмен, әйткенде, әйтпегенде; я, яки, яғни; бірде, біресе; не, немесе; болмаса, не болмаса, мен, бен, пен, менен, пенен, т.б
2.Шылаулардың біразы тіркесетін лексикалық мағыналы сөздің тұлғасын таңдайды. Олардың бірсыпырасы тіркесетін сөзінің белгілі грамматикалық категорияның көрсеткіштерімен ғана қолданылып, сол категорияға қызмет етеді. Мәселен, септік шылаулар септік категориясына ғана қызмет етеді.
Шылаулардың бұл қасиеттері олардың көмекшілердің ішінде өте абстракты тілдік бірліктер екенін дәлелдейді. Демек, шылаулар деп сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыратын, сөзге әр түрлі грамматикалық мағына қосатын, сөздің грамматикалық тұлғасын түрлендіретін көмекші сөздердің бір түрі аталады. Шылаулардың мағынасы да сөзге тіркесу қабілеті де, атқаратын қызметі де алуан түрлі. Осымен байланысты шылаулар үш түрге бөлінеді: 1) септеуліктер, 2) жалғаулықтар, 3) демеуліктер.
Одағай – адамның әртүрлі көңіл күйін, соған байланысты шығатын дыбыстық ишаратты және төрт түлік малға, үй хайуанаттарына арнайы шақырыла айтылатын сөздер екендігі. Одағайлардың сөйлемде басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспейтіндіктен, сөйлем мүшесінің қызметін атқара алмайтындығы, оның оқшау сөздердің қатарына жататыны.
Модаль сөздер айтушының ойға деген түрлі көзқарасын білдіретін сөздер екендігін және өзіне тән синтаксистік ерекшелігі барын сөйлем талдау арқылы түсіну. . Одағайлардың басқа сөз таптарынан өзіндік көп ерекшелігі бар:
1. Одағай сөздердің мағынасы шындық өмірдегі затты, құбылысты, қимыл-әрекетті білдіруге қатысты емес. Осымен байланысты ол сөйлемдегі ойды білдіруге де қатыспайды.
2. Одағайлар сөйлем құрамына кірмейді, сөйлемнен оқшау тұрады. Мысалы, Тәйт, олай айтуға болмайды (М.Ә.). 3. Одағайлар сөйлем мүшесі қызметін атқармайды.
4. Одағай – түрленбейтін сөз табы, одағайдың грамматикалық категориясы жоқ.
5. Одағай сөйлем мүшелерімен байланысқа түспейді.
6. Одағай сөйлемнен тыс тұрып, тұтас сөйлемге реңк қосады. Мысалы, Бәрекелді, жеңісің құтты болсын (С.М.). Осы сөйлемдегі бәрекелдә одағайының ризашылық, қуаныш мағынасы сөйлемге тұтас қатысты.
7. Одағайлар – сөйлемде ерекше интонациямен айтылатын сөздер. Алдымен, одағайлар сөйлемде оқшауланып, өзінен кейін сәл үзіліспен айтылады. Мысалы, Алақай, папам келді! деген сөйлемді алсақ, алақай одағайы ерекше көтеріңкі дауыспен айтылады да, одан кейін сәл үзіліс жасалып, содан соң сөйлем айтылады. Бұл жағдай сөйлем мүшелеріне қатысты емес. Сонымен бірге одағай сөздің дауысты дыбысын созып айту жиі кездесетін құбылыс. Мысалы, ай-й-хай, бәсе-е-е, бә-ә-ре-келді-і, әй-й-й, ә-ә-й, па-а-а т.б. Сонымен, одағай деп адамның сезімі мен көңіл-күйін білдіру үшін, адамға, жан-жануарға бұйыру, шақыру, ренжу ишарасын сөйлемнен тыс тұрып білдіру мақсатында қолданылатын сөздер аталады.
Модаль сөздер, басқа барлық көмекші сөз таптары сияқты, ұзақ уақытқы лексика-грамматикалық даму, яғни грамматикалану үдерісінде дербес сөз табы ретінде қалыптасқан. Олай деуімізге себеп: флективті де, жалғамалы да тілдерде аналитизмнің дамуы мен синтаксистің жетіліп шыңдалуы көмекші сөздердің әртүрлі топтарын үнемі байытып отырады және біртіндеп даралай түседі. Тек өзінің заттық (номинативтік) мәнінен ажырап барып, модальдық семантикаға ие болған сөздер ғана грамматикалық (модальдық) мағына білдірудің арнайы лексикалық құралы бола алады. Модаль сөздер сөз табы ретінде осындай «грамматикалық мағынаға ие болған», яғни толық мағыналы жеке дербес сөздердің біртіндеп грамматикалануы нәтижесінде пайда болған сөздерден құралады.
Модаль сөздердің семантикасында айқын сезілетін заттық, номинативтік мағына болмайды. Оларда өзге көмекші сөздердегі сияқты (сөздікте алынатын реестрлік) мағына грамматикалық мағынаға дәл келеді, нақтырақ айтсақ: грамматикалық деңгейде модальдық мағына білдіреді. Модаль сөздердің лексика-грамматикалық мағынасы негізінен айтылған хабардың ақиқат шындыққа қатынасы жөніндегі сөйлеушінің (жазушының) көзқарасын анықтауға барып саяды. Модаль сөздер деп тұлғалық жағынан өзгеріске түспейтін, сөйлеушінің (жазушының) айтылған ақиқат шындыққа өзіндік көзқарасын, қатынасын білдіретін сөздер аталады.
Шылау, одағай, модаль сөздер және оларды оқытуда «Миға шабуыл», «ББҮ стратегиясы», «Блум түймедағы», «Сұрақ ілмегі» ,«Даналық ағашы», «Автор орындығы», «Ойлан, жұптас, бөліс», «Ақылдың алты қалпағы» т.б. интербелсенді әдістерді пайдалануға болады.
Жаңа интербелсенді әдістердің барлығы грамматикалық материалдарды оқушыға түсіндіру жолын ықшамдап, әрі оқушының ақыл-ойына қонымды ұйымдастыру, оның түсінікті болу жағын қарастыру. Сондықтан меңгерілуге тиіс материалдардың түйінді мәселелерін оқушының өздері табатындай жағдай тудыру, бұл олардың ақыл-ой белсенділігін дамытуға бағытталады.