І-кезең (1940-1950 ж.ортасы) мектептерде ақпарат алатын әртүрлі техникалық құралдардың пайда болуымен сипатталады: жазу, дыбыс шығару және кескінді бейнелеу сияқты «аудио-визуалды құралдар» өмірге келді. Осылайша, оқыту үдерісіне «тенологияның» енуі «педагогикалық технология» ұғымын оқытудың технологиялық құралдары ретінде қарастырып, педагогикалық технологияны оқыту технологиясына айналдырды.
ІІ кезең (1950ж. ортасы -1960ж) тұтастай оқыту үдерісін құруда технологиялық бағыт пайда болды. Бұл кезеңде «педагогикалық әдістер технологиясы, яғни оқыту үдерісін құрудың технологиясы» өмірге келді.
Осылайша, бұл кезең соңғы нәтижеге кепілдік беретін педагогикалық үдерістің әдіс-тәсілдер жиынтығын сипаттайтын «білім беру технологиясы» ұғымының ғылымға енуімен ерекшеленеді.
ІІІ кезең (1970 - 1980ж.ж.) – жүйелік бағыт негізінде педагогикалық технологияны құрумен байланысты: білім беру саласындағы көкейкесті дидактикалллық мәселелерді шешуге бағытталған педагогикалық технологиялллар пайдаланылады.
Бұл кезең педагогикалық технологиялық мәселелерді шешудің арнайы ерекшеліктерімен сипатталады:
1) педагогикалық технологиялардың базасы кеңейді: білім берудің аудиовизуалды жүйесі мен бағдарланған оқытудың орнына педагогикалық технологияның іргетасы - информатика, телекоммуникация теориясы, педагогикалық квалиметрия, жүйелік анализ және психологиялық-педагогикалық ғылымдар (оқыту психологиясы, танымдық іс-әрекетті басқару теориясы, оқыту үдерісін ұйымдастыру, педагогикалық еңбекті ғылыми ұйымдастыру);
2) соңғы нәтижелерде вербальды оқытудан аудиовизуалды оқытуға өтетін педагогикалық технологияның әдістемелік негізінің өзгерісі;
3) кәсіби педагог-технологтарды белсенді даярлау;
4) жаңа аудиовизуалдық құралдарды (үнтаспа, видеомагнитофон, кадрпроектор, полиэкран, интерактивті тақта және т.б) жаппай шығару.
Осылайша, «педагогикалық технология» ұғымын сипаттауда сапалық өзгерістер болды: «оқыту технологиясы» терминінің орнына «педагогикалық технология» термині келді. Осы кезеңдегі педагогикалық технологияға төмендегідей анықтама беруге болады: бұл тек оқытудың технологиялық құралдары мен компьютерді
пайдалану саласындағы зерттеулер емес, бұл білім беру үдерісінің тиімділігін арттыратын факторларды талдау, қолданылатын әдіс-тәсілдерді бақылау болып табылады.
IV кезең (1990ж. - 2000 ж.басы) «педагогикалық технология» ұғымы эволюциясында тұтастай алғанда педагогикалық үдерістің технологиялық аспектілерін қарастырумен сипатталады.
V кезең (2000 ж.аяғы - қазіргі кезеңге дейінгі аралық) «педагогикалық технология» ұғымына «жаңа» сөзі қосылып, «инновациялық технология» термині педагогика ғылымына енгізілді. Бұл кезең білім беру саласында жаңа парадигманың енгізілуіне байланысты оқу-тәрбие үдерісінде педагогикалық технологияны жаңа бағытта жаңаша қолдануымен ерекшеленеді.
Педагогикалық технология - жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына толық мүмкіндік беретін біртұтас педагогикалық үдерістің барлық дара, инструменталдық және әдістемелік құралдарының қолдану реті мен жиынтығының жүйесі, жобасы.
В.П.Беспалько педагогикалық технологияны практикада жүзеге асатын педагогикалық жүйенің жобасы ретінде қарастырады. Ғалым педагогикалық технологияның төмендегідей сапаларын атап көрсетеді:
- Технология нақты күтілетін нәтижеге кепілдік беретін педагогикалық бағдар мен құндылыққа негізделеді.
- Технология оқушыға мемлекеттік білім беру стандартын толық меңгеруге мүмкіндік беретін педагогикалық іс-әрекеттің реттелген жүйесін қамтитын технологиялық бөліктерді (операцияларды ) құрайды.
- Технология жеке тұлғаның дара, дербес ерекшеліктерін (қабілеттерін) ескеретін мұғалім мен оқушы арасындағы өзара байланысқан іс-әрекеттер қызметін көздейді.
- Педагогикалық технологияның белгілі бір ретпен, кезеңмен жүргізілуі педагогтың қолтаңбасын қалдыра отыра, басқа педагогтың өз іс-тәжірибесінде оңай пайдалана алады.
Ғалым В.А.Бухвалов оқыту әдістемесі мен технологиясы ұғымдарын аша келе, «Оқыту әдістемесі оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың жалпы заңдылықтарын қарастырады. Сонымен қатар, оқушыларға адамның мәдени іс-әрекетінің нақты әдістерін меңгертуіміз қажет, осы нақты әдістер технология деп аталады және оны мектепте үйрету білім мен іскерлікке үйретуден еш кем түспеуі керек» деп атап өтеді.
«Технология» ұғымына әртүрлі анықтамалар беріледі. 1-кестеде «технология», «педагогикалық технология», «инновация» ұғымдарына ғалымдардың берген анықтамалары топтастырып көрсетіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |