Денсаулық сақтау технологиясының мақсаты - баланың денсаулық сақтау мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, оған салауатты өмір-салты туралы қажетті білім, қабілет пен дағдылардың қалыптасуы болып табылады. Денсаулық сақтау технологиясынын таңдау мыналарға тəуелді: мектепке дейінгі ұйым типіне, мектепке дейінгі ұйымда балалардың болу ұзақтығына, педагогтардың жұмыс жасайтын бағдарламаларына, мектепке дейінгі ұйымның нақты жағдайларына, педагогтың кəсіби құзыреттілігіне, балалардың денсаулық көрсеткіштеріне.
Ойын технологиясының мақсаты: дидактикалық, тəрбиелік, дамытушылық, əлеуметтендірушілік мақсатқа жету. Ойын технологиясының ерекшелігі ойындық іс-əрекеттің психологиялық тетігі жеке бастың өзіндік талап-талғамдарына сүйенеді. Баланың бойындағы білімділік, танымдық, шығармашылық қасиеттерін аша түсуді көздейді. Ойын — балалар үшін оқу да, еңбек те. Сонымен қатар ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймайды, олардың ұйымдастырушылық қабілеттерін де қалыптастырады.
Жобалау технологиясының мақсаты - белгілі бір теориялық немесе тəжірибелік мəселелерді шешу арқылы нəтижеге қолжеткізу, оны көзбен көру, санада сəулелендіру, көңілге тоқу жəне оны жүзеге асыру. Балалардың өздігінен дербес əрекет етуіне жағдай жасау (жеке, жұппен жəне топпен жұмыстар). Жобаның мазмұндық бөлігінің құрылымын жүйелей алу.
Ақпараттық-қатынастық технологиялар деп оқыту педагогикасында арнайы техникалық ақпараттық құралдарды (интерактивті тақта, электронды-есептеуіш машиналар, аудио, бейне) пайдаланатын барлық технологияларды атайды.
Ақпараттық-қатынастық технологиясының мақсаты ақпаратпен жұмыс жасау қабілетін қалыптастыру, коммуникациялық қабілеттіліктерді дамыту, «ақпараттық қоғам» тұлғасын дайындау, зерттеу қабілетін қалыптастыру, оңтайлы шешімдерді қабылдау қабілеті болып табылады.
Өнертапқыштық тапсырмаларды шешу теориясынның (ӨТШТ) басты идеясы тапсырмаларды шешу үшін қолдануға, баланың сөйлеуін, тапқырлығын, шығармашылық елестетуін, диалектикалық ойлауын дамыту үшін балабақшаларда табысты қолданылады.
М.Монтессори технологиясының мақсаты - балаға өзін-өзі тəрбиелеуге, өз бетінше оқуға, өз бетінше дамуға жағдай жасау. Балалардың логикалық ойлау қабілеттерін, əр түрлі жаттығулар арқылы дамыта отырып, ұйымшылдық, тапқырлық, ізденімпаздық қабілеттерін қалыптастыру. Монтессори педагогикасын пайдалану арқылы балалардың табиғи мінезін, қабілетін, тəрбиешінің нұсқауымен емес, өз еркімен тəуелсіздік рухында тəрбиелеу жүзеге асырылады. «Өзімнің жасауыма мүмкіндік бер», — дейді мұндағы бала.
Компьютерлік технология - білім беру жүйесін компьютерлендіру, оқытудың, тəрбиелеудің психологиялық-педагогикалық мақсаттарын іске асыруға бағытталған əдістемесін білім беру саласында компьютерлік технологияларды қолдану арқылы қамтамасыз ету үрдісі. Мектеп жасына дейінгі балалардың өміріне компьютерді енгізудегі ең басты мақсат - ақпараттық технологияларға толы қоғамдық өмірге психологиялық дайындығын қалыптастыру. Компьютерлік сауаттылыққа үйретудің алғышарты – балаларға танымдық түсінік беру. Балалар берілген тақырыптарға сай əрекет етуді үйренеді, нəтижесінде олардың дүниетанымы, зейіні, есте сақтау қабілеті, қабылдауы, шығармашылық қабілеті, ойы мен қиялы, жан-жақты ойлау қабілеті, ой-өрісі, логикалық ойлауы, айналадағы қоршаған ортамен байланысы одан əрі дами түседі.
Сын тұрғысынан ойлау технологиясының мақсаты - шығармашылық, сын тұрғысынан ойлауды дамыту, рухани дүниесін байыту, оқырмандығын күшейту, ауызша-жазбаша тіл мəдениетін дамыту, ойлау, елестете алу қабілетін қалыптастыру, көзқарасын тереңдету, өзінше бағалап, ой түюге баулу, ойын жеткізе алу, танымдық оқу ауқымын кеңейту, шығармашылық ізденісіне жол ашу.
Терапия технологиясы: балалармен психологиялық жұмыс жүргізуде орны баға жетпес əрі өте тиімді əдіс. Бұл емдеу ғана емес, сонымен қатар креативтің дамуы, тұлғаның дамуы мен үйлесімділігі, кез келген жағдайды шешуге көмек көрсету технологиясы.
Тəрбиеші мен баланың портфолиосы технологиясы: бұл баланың жəне тəрбиешінің белгілі бір даму кезеңінде оның жеке жетістерін бағалау, жинақтау жəне белгілеу тəсілі. «Педагог – бала – ата-ана» өзара байланысы, бала тұлғасын қалыптастыру.
Осындай инновациялық технологияларды меңгеру педагогтың интеллектуалдық, кəсіптік, адамгершілік, шығармашылық, зерттеушілік, тағы басқа қасиеттерінің қалыптасуына оң əсерін тигізеді, əр педагог өзін-өзі дамытып, оқу тəрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі жəне көп күш жұмсауды қажет етеді.
Инновациялық технологияларды енгізуде балабақша педагогтары төмендегі маңызды мəселелерді ескеру қажет:
– инновациялық бағытты балалардың жас жəне даму ерекшеліктерін ескере отырып, дұрыс таңдай білу;
– инновациялық технологияларды жүзеге асыруда қажетті құжаттар мен құрал-жабдықтарды, кəсіби сауаттылық тұрғысынан дайындап алу;
– инновациялық технологияны жүзеге асырудың тиімді жолдарын анықтау;
– инновациялық технологияны жүзеге асырудың тұжырымдамасын, жоспарын бағдарламасын жасау.
Балалардың əр жас кезеңдерінің психологиялық жəне баланың жеке даму ерекшеліктерін оқу тəрбие жұмыстары барысында ескеріп отыру қажет. Маманға мектеп жасына дейінгі балалардың əр жас кезеңдеріне байланысты түйсік, қабылдау, зейін, ес, ойлау, қиял жəне сөйлеу қабілеттерінің даму ерекшеліктері бала жасына қарай даму сатысы жəне балалардың таным қабілеттерін инновациялық технологиялар негізінде жетілдіру жолдары, оқу іс-əрекеттерінде инновациялық əдістерді қолдану, қазақ этнопедагогикасы материалдарын инновациялық технологиялар негізінде ұйымдастыру.
Аталған педагогикалық технологияларды қолдану негізінде келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына жағдай жасау қазіргі таңда əр педагогтың міндеті болып табылады. Ал оларды дұрыс пайдалану бірден бір ұстазға, тəрбиешіге, өз мамандығын терең игерген маманға байланысты.
Осыған орай, қазіргі таңда балабақша тəрбиешілеріне келесі бірыңғай əдістемелік талаптар қойылады:
– педагогикалық жəне психологиялық деңгейін арттыру;
– оқыту мен тəрбиелеудің жаңа педагогикалық технологияларын зерттеп меңгеру жəне оны өзінің кəсіптік жұмысында қолдана білу;
– білімін арттыруға, шығармашылықпен жұмыс атқаруға ынталандыру;
– авторлық бағдарламалар, оқу құралдарын, мақалалық ізденістер жасауға ұмтылдыру;
– тəрбиешінің педагогикалық-кəсіптік оң көзқарастарының жəне құндылықтарының қалыптасуына жағдай туғызу.
Ф.Н. Жұмабекова осыған сəйкес тəрбиешінің жұмысынан күтілетін нəтижеге қолжеткізу жолдарын төмендегідей үш кезеңге бөліп көрсеткен:
1. Мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық технологияларды оқып үйрену кезеңі – бұл уақытта тəрбиешілер ақпарат көздерімен жұмыс істеп, ғылыми-педагогикалық, əдістемелік əдебиетерге талдау жасауға үйренеді. Эксперимент жұмыстарын жүргізе алу дағдыларын қалыптастыру. Ол үшін тиісті зерттеу жүргізуге қажетті білім көлемін арттыру жолдарын табу керек.
2. Мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық технологияларды тəрбиелеу мен білім беру мазмұнына қатысты пайдалануда кейбір тəжірибелер жинақтау кезеңі – эксперимент жұмыстарын жүргізу үшін жеткілікті тəжірибе қалыптастыру. Ол үшін тəрбиеші арнайы эксперимент жоспарын құрып, бақылау, қалыптастыру жəне қорытынды эксперимент жүргізеді.
3. Мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық технологияларды пайдалануда өзіндік зерттеу жүргізу кезеңі – мұнда балалармен зерттеу жұмысын жүргізу, пікірін дəлелдеу, көпшілік алдында еркін сөйлеу дағдыларын қалыптастыру. Ол үшін тиісті зерттеуге байланысты білімдер жинақтау, əдіс-тəсілдердің тиімдісін таңдай білуге дағдылану [5].
Ал, Ə.С. Əмірова жəне К.А. Анартаева инновациялық жаңа технологияларды іске асыру барысында төмендегідей міндеттерді жүзеге асыруды ұсынады:
1. Педагогтың педагогикалық кəсіби іс-əрекетіне деген сенімділігі, шығармашылық шеберлігі.
2. Тəрбиелеу мен білім беру бағдарламасын таңдау мүмкіндігі.
3. Тəрбиенің жеке тұлғаға бағытталған модельге көшуі.
4. Балалардың тұлғалық бағдарлы дамуының ескерілуі.
5. Оқу урдісінің кез келген кезеңіндегі бала дайындығының іске асырылуы мен кепілдігінің міндеттілігі.
6. Оқыту технологиясында пайдаланылатын педагогикалық ақпараттың міндеттілігі.
7. Балалардың білімді меңгерудегі танымдық қызығушылығы мен қажеттілігінің ескерілуі.
8. Балаларды өздігінен қорытынды жасауға белсенді іс-əрекетті ұйымдастыру.
9. Оқу процесін жобалағанда іс-əрекеттің, оқу материалы мен оқыту материалының дəлелділігінің бірлігі.
10. Оқу процесінің жобалау технологиясы негізінде іске асырылуы.
11. Балалардың шығармашылық іс-əрекетін ұйымдастыру.
12. Шығармашылық іс-əрекетті нəтижеге жеткізу.
Қорытындылай келе, қоғам дамуындағы, заман ағымындағы болып жатқан соңғы өзгерістер мен білім беру саласының алғашқы сатысы болып табылатын мектепке дейінгі ұйымдарда болашақ ұрпақтың дүниетанымын дамытуға, жеке тұлға ретінде қалыптастыруға сəбилік шақтан бастап толық жағдай жасауды, тəрбиелеу мен білім беруге аса жауапты қарауды басты міндет етіп қойып отыр, аталған міндеттерді шешуде кезек күттірмейтін мəселелердің бірі ретінде мектепке дейінгі кезеңде білім мазмұнын жаңартуды қамтамасыз етудің жолдарын нақтылау - болашақ маман қолында екенін ұмытпайық.
Осы дәріске ағымдық, аралық, қорытынды бақылау бойынша тест тапсырмалары және сұрақтар
Білімді пысықтау мен бақылауға арналған сұрақтар
1. Педагогикалық технологияларды жүйелеуде нені басшылыққа алған жөн?
2. Педагогикалық технологиялар классификациясын ашып көрсетіңіз.
3. Инновациялық педагогикалық технологиялар классификациясының мәнін ашып көрсетіңіз.
4. «Жаңашылдық» ұғымының мәнін ашып көрсетіңіз.
5. Жаңашылдық деңгейіне қарай инновацияның ү түріне сипаттама беріңіз.
6. «Педагогикалық технология» ұғымының негізгі аспектілеріне тоқталыңыз.
7. Педагогикалық технологияның ғылыми аспектісінің мәнін ашып көрсетіңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |