Диагнозын қою және екшеу-іріктеу диагнозы
Жедел лейкоздардың диагноз қою критерийлеріне жатады:
1) аурудың клиникасы;
2) шеткі қанды тексеру нәтижелері;
3) сүйек миын тексеру нәтижелері. Егер сүйек миындағы бласттық клеткалар саны 30% төмен болмаса, онда жедел лейкоз диагнозы сенімді деп есептеледі;
4) цитохимиялық тексеру нәтижелері; олар жедел лейкоздың түрін анықтауға мүмкіндік береді. Жедел лейкозды гипопластикалық анемиядан, агранулоцитоздан, инфекциялық мононуклеоздан, гемолитикалық анемиядан, созылмалы миелолейкоздан, инфекциялық мононуклеоздан, лейкомоидтық реакциядан ажырата білу керек.
Гипопластикалық анемияда лимфа түйіндері мен талақ үлкеймейді, қанда бласттық клеткалар болмайды. Сүйек миы мен трепанатта май тіні болады (сүйек миының жұтауы).
Агранулоцитозда шеткі қанда гранулоциттер саны өте азайып кетеді, сүйек миында бластоз болмайды, эритроидтық өркін тежелмейді, мегакариоциттер саны азаймайды.
Инфекциялық мононуклеозда шеткі қанда лимфоцитоз және моноцитозбен қатар мононуклеарлар анықталады, анемия мен тромбоцитопения болмайды. Сүйек миының пунктаты мен трепанатында бласттық клеткалар көбеймейді. Оң мәнді Пауль-Бунель реакциясы анықталады.
Жедел эритромиелозды гемолитикалық және В12-жетіспеушілік анемиясынан ажырата білу керек.
Гемолитикалық анемияда ретикулоцитоз көптеу болады, шеткі қанда бласттық клеткалар болмайды, сүйек миы пунктатындағы олардың саны көбеймеген. Оң мәнді Кумбс сынамасы болуы мүмкін.
Жедел лейкозда кездесетін мегалобласттық элементтер В12-жетіспеушілік анемиядағымегалобласттардан ядро мен цитоплазмасының құрылысына қарап ажыратылады, цитохимиялық тексергенде оларда PAS – оң мәнді субстанция табылады.
Жедел миелолейкоздың созылмалы миелолейкоздан айырмашылығы бұл ауруда сүйек миындағы бласттық клеткаларда Ph1-хромосомасының (филадельфия хромосомасы) болмайтыны. Адамның вирустық иммунитет жетіспеушілігі (АВИЖ) ауруы жедел лейкоз сияқты жайылмалы лимфаденопатиямен сипатталады. АВИЖ – инфекциясының диагнозын қанда вирус маркерлерін табуға қарап қояды.
Лейкомоидтық реакция лейкоциттер санының көбеюімен және лейкоцит формуласында солға қарай ығысудың болуымен сипатталады. Жедел лейкоздан айырмашылығы лейкомоидтық реакцияда бласттық клеткалар болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |