Еңбекке жарамсыздық сараптамасы. ЖЛ-бен ауыратындардың бәрі еңбекке жарамсыз болып келеді, сондықтан оларда МӘСК жолдама беру керек. Бұл аурулар 1-ші топтың мүгедегі, өте сирек жағдайда 2-ші топтың мүгедегі болып табылады.
Санаторийлық-курорттық ем жасауға болмайды.
Болжамы. ЖЛ-бен ауыратындардың орташа ғұмыр ұзақтығы 12,5 айға тең, бірақ бірінші ремиссия индукциясы табысты болса, ауру адам 3-5 жыл өмір сүруі мүмкін. 5% жағдайда сауығу болады (көбіне жедел лимфобласттық лейкозбен ауыратын балаларда)
Созылмалы лимфолейкоз (СЛЛ) – морфологиялық субстраты пісіп-жетілген немесе жетілу сатысындағы лимфоциттер болатын иммунокомпетенттік жүйенің қатерсіз ісік ауруы. Лейкоздардың ішінде созылмалы лимфолейкоз жедел лейкоздан кейін екінші орын алады. Онымен 50 жастан жоғарғы адамдар ауырады, ауыратындардың ішінде еркектер басым болады.
Этиологиясы және патогенезі. Созылмалы лимфолейкоздың дамуының себептері жедел лейкоздың себептерімен бірдей. Аздап басымдау маңызы бар себеп факторларға кәсіби факторлар, радиация және рентген сәулелері жатады.
Ісік болғандықтан, созылмалы лейкоз өзінің даму және тарау жолында ісік прогрессиясының заңдарына бағынады. Аурудың даму негізі – патологиялық лимфоидтық элементтердің моноклонды пролиферациясы. Созылмалы лимфолейкоздың морфологиялық субстраты пісіп-жетілген лимфоциттерден, негізінен В-лимфоциттерден (95% шамасы) сирегірек Т-лимфоциттерден тұрады. Созылмалы лимфолейкоздағы лимфоциттердің ерекшелігіне олардың функциялық сапасыздығы, оларда антидене түзілу механизмінің бұзылғандығы жатады. Мұның өзі инфекциялық асқынулардың туындауына себеп болады. Иммунологиялық гомеостаздың бұзылуы әр түрлі аутоиммундық келіспеушіліктерді (гемолитикалық анемия, тромбоцитопения) тудырады. Функциялық қабілетсіздігі бар лимфоциттердің екінші ерекшелігі – олардың тіршілік циклінің ұзаратындығы. Осы себепті олар қан түзу органдары мен паренхиматозды органдарда жиналып, бұл органдардың қызметін бұзады.
Достарыңызбен бөлісу: |