Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Зерттеудің теориялық негіздерінің құрамын сипаттаңыз.
2. «Педагогикалық факт» ұғымының мәнін ашып көрсетіңіз.
3. Сіздің зерттеуіңіздің негізіне қандай педагогикалық теориялар алынды.
4. Педагогикалық үдерістің заңдылықтарын түсіндіріңіз
5. Келесі зерттеулердің теориялық негіздерін анықтаңдар:
«Самоорганизация учебной деятельности как фактор становления субъектности старшеклассников в профильном обучении» (Е.В.Камалетдинова);
«Описание новизны результатов педагогических исследований с позиции объектно-компонентного метода» (М.А. Алтухова).
3-дәріс. Педагогика мен психология ғылымдарының әдіснамасы және әдіснаманың негізін салушы ғалымдар. Психологиялық-педагогикалық зерттеулердің әдіснамалық тұғырлары.
3.1. Педагогика әдіснамасы: мәні, қызметтері, негізгі ұғымдары. Ғылым дамуының басты шарты – жаңа деректермен үздіксіз толығып отыру. Ал деректердің жинақталуы мен олардың түсініктемесі ғылыми негізделген зерттеу әдістеріне тәуелді келеді. Әдістер өз кезегінде ғылым аймағында әдіснама атауын алған теориялық ұстанымдардың бірлікті тобымен міндетті байланыста болады.
Ғылымда әдіснама деп ғылыми-танымдық іс-әрекеттердің түзілу принциптері, формалары мен тәсілдері жөніндегі білімді айтамыз. Ғылым әдіснамасы - зерттеу жүйесіндегі құрылымдық бірліктердің нысаны, талдау пәні, зерттеу міндеттері, зерттеу құралдар тобы т.б. сипаттамасын береді. Сонымен бірге зерттеу міндеттерінің шешімін табу үрдісіндегі әрекеттер бірізділігін белгілейді. Осыдан, педагогика әдіснамасын педагогикалық таным және болмысты қайта жасаудың теориялық ережелер топтамасы ретінде қарастыруға болады.
Әдіснама – бұл объективті нақтылықтың түрленуі мен танымның жалпы қағидалары, ғылыми жетістік жолдары, тәсілдері туралы ғылым. Педагогикалық құбылыстарды диалектика тұрғысынан оқып-зерттеу олардың өзіндік ерекшелігін, басқа құбылыстар мен үдерістер арасындағы байланыстарды анықтауға мүмкіндік береді. Негізінен, әдіснама жаңа, іргелі білімді алу тәсілдерін қамтамасыз етеді. Өз кезегінде, іргелі зерттеулер құбылыстардың мағынасын айқындайтын болса, қолданбалы зерттеулер таным қорытындыларын тәжірибеге енгізу жолдарын қарастырады. Заманауи ғылыми, соның ішінде, педагогикалық зерттеулер үлгісі барлық аталған қызметтерді қамтиды.
Э.Г. Юдин әдіснамалық білімдер тобын төрт деңгейге бөледі: философиялық, жалпы білімдік, нақты ғылымдық және технологиялық. Әдіснаманың ең жоғары деңгейі философиялық деңгейі - танымның жалпы принциптері мен бүкіл ғылымның категориялар құрылымын негіздейді. Осыдан философиялық білімдердің барша жүйесі әдіснамалық қызмет атқарады. Екінші – жалпы ғылымдық әдіснама деңгейінде ғылымдардың баршасында не көпшілігінде қолданылуы мүмкін теориялық тұжырымдарды белгілейді. Үшінші деңгей – нақты ғылым әдіснамасы қандай да нақты ғылыми тануға тән мәселелерді, сондай-ақ жоғарылау келген әдіснамалық деңгейлерге байланысты алға тартылатын мәселелерді де қамтиды, мысалы: педагогикалық зерттеулердегі жүйелестіру мен жобалау (модельдеу) мәселелері. Төртінші деңгей – технологиялық әдіснама – зерттеу әдістері мен техникасын белгілеп, деректі эмпирикалық материалдарды жинақтап, алғашқы өңдеуден өткізіп, кейін оларды ғылыми білімдер өрісіне қосу қызметтерінен хабар береді. Бұл деңгейдегі әдіснамалық білім нақты көрсетпе нұсқау сипатына ие. Әдіснаманың барша деңгейлері күрделі жүйеде бірігіп, өзара сабақтастықпен байланысты келеді. Ал әрқандай әдіснамалық деп танылған білімнің мазмұндық негізі философиялық деңгейден іздестіріледі, себебі, таным үрдісі мен болмысты қайта жасау әрекеттерінің дүниетаным, көзқарас бағдары осы философиямен анықталады.
Әрқандай әдіснама - қалыпты көрсетпе – нұсқау және реттестіру қызметтерін атқарады. Дегенмен әдіснамалық білім екі күйде іске асырылуы мүмкін: дескриптивті немесе прескриптивті.
Дескрептивті әдіснама – ғылыми білімдердің құрылымы мен ғылыми таным заңдылықтары жөніндегі білім ретінде зерттеу үрдісіне бағыт-бағдар береді, ал прескрептивті әдіснама – зерттеу іс-әрекеттерін реттеп барудың жол жобасын белгілеп, көрсетеді.
Дәстүрлі әдіснамалық талдауда ғылыми іс-әрекеттерді жұзеге асыру тиімділігімен танылған ұсыныстар және ережелеріне байланысты құрастыру міндеттері басымдау болса, ал дескриптивті талдауда ғылыми таным үрдісінде іске асырылған зерттеу әрекеттерін қайталап баяндау, түсіндіру қызметтері атқарылады.
Педагогикалық ғылыми әдебиеттерде “әдіснамалық ұстанымдар” ұғымы сирек кездесетіні белгілі. Әдіснамалық білімдер жүйесінде “әдіснамалық талаптар” ұғымы педагогиканың теориялық және практикалық әрекеті ретінде әдіснамалық ұстанымдардың бір түрі ретінде үлкен маңызға ие. Сол себепті “әдіснамалық талаптар” ұғымы “әдіснамалық ұстанымдардың” қолдану аспектісін нақтылай түседі.
Әдіснамалық ұстанымдардың мазмұны мен құрылымы Б.Г. Ананьев, В.И. Андреева, В.И. Беляева, Ю.К. Бабанский, Л.С. Выготский, Б.С. Гершунский, В.И. Загвязинский, А.Н. Леонтьев, Б.Т. Лихачев, В.А. Сластенин, Н.Д. Хмель, Ш.Т. Таубаева және т.б. педагог және психологтардың еңбектерінде көрініс тапты.
Педагогикалық зерттеудің негізін қалаушылардың ішінде В.И. Загвязинский әдіснамалық білімдер жүйесіндегі ұстанымдар мен талаптарды белгіленген заңдар мен заңдылықтардың жалпы зерттеушілік тұғыры деп қарастырады. Оның пікірі бойынша ғылыми ұстаным ұғымының терең ғылыми негіздемесі болуы қажет деп есептейді.
В.И. Загвязинский педагогикалық зерттеудің мынадай ұстанымдарын көрсетеді:
ғылымилық;
тарихи және логиканың бірлігі;
зерттеушілік және практикалық оқу-тәрбие жұмысының бірлігі.
Көптеген зерттеуші ғалымдар педагогика және барлық қоғамдық ғылымдарға қоғамдық құбылыстарды меңгерудің негізгі әдіснамалық ұстанымдары ортақ екендігін ескеріп, мынадай негізгі ұстанымдарды ұсынады:
барлық нақты – тарихи қоғамдық құбылыстарды меңгерудің жан-жақты байланысы мен бағыныштылығы;
бір ғылыммен екінші бір ғылым заңдылықтарының сәкессіздігі (зерттеу нысаны мен ерттеу пәні жақын болса да);
жалпы педагогикалық құбылыстардың диалектикалық бірлігі ;
тәрбие мен өмірдің бірлігі;
педагогикалық теория мен практиканың өзара байланысы мен өзара бағыныштылығы;
Жалпығылымдық әдіснама қоршаған болмыс құбылыстары мен үрдістерінің жалпыланған байланысы және өзара шарттастығына негізделген жүйеліліктен танылуы мүмкін. Ол әрбір зерттеуші мен практикті белгілі құрылымға, сондай-ақ өзінің жасау заңдылықтарына ие өмір құбылыстарының белгілі жүйесін бағдарлайды.
Жүйелілік мәніне орай әрқандай салыстырмалы дербес бірліктер өз бетінше шектелмей, өзара байланысқан даму мен қозғалыста қарастырылады. Осыдан ол жүйені құраушы элементтерде көріне бермейтін біріктіруші жүйе қасиеттері мен сапалық белгілерді анықтауға көмектеседі. Жүйеліліктің заттасқан және тарихи қырлары мынадай зерттеудің ұстанымдарын бірлікте іске асыруды қажет етеді: тарихилық, нақтылық, көптарапты байланыстар мен дамуды ескеру.
Достарыңызбен бөлісу: |