ДӘрістердің комплексі fis 1203


«АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» АҚ



бет3/14
Дата24.02.2016
өлшемі1.42 Mb.
#16040
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

«АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» АҚ
Қалыпты физиология кафедрасы
2 Дәріс.

Дәріс тақырыбы: ОЖЖ-қозу және тежелу.

Мақсаты: ОЖЖ-дағы қозғыш механизмін түсіндіру, ОЖЖ қызметінің негізгі координациялық принципі жайлы білім түсіндіру және негізгі жүйке орталығының қасиеттерінің анализі мен суретін ұға білу.

Дәріс тезисі:

Орталық жүйке жүйесі денедегі барлық ағзалар мен физиологиялық жүйелер қызметін, зат алмасуын реттеп отырады, әрекеттер мен үрдістерді сыртқы орта құбылыстарына бейімдеп, тіршіліктің белгілі бағытта өтуін қамтамасыз етеді. Адамда жүйке жүйесінің ең жоғары бөлімі - ми. Ми сыңары қыртысының ерекше қызметі - ойлау, дүниетану, пікір тудыру. Мұның арқасында адам өзін сыртқы ортадағы құбылыстарға бейімдеп қана қоймай, сол ортаны өз мақсатына лайықты өзгерте алады, өткен-кеткенді талдап, келешекті болжайды. Аса күрделі тіршілік үшін зор маңызы бар бұл үрдістерді нейрондар мен жүйке орталықтары қамтамасыз етеді.



Нейрондар мен нейроглия

Нейрон дегеніміз - жүйке жасушасы. Ол - жүйке жүйесі құрамындағы жеке (дербес) бөлік, сол жүйенің морфоәрекеттік негізі. Нейрондардың арасын нейроглия толтырады. Ол нейрондарды жан-жақты қоршайтын құрылым.

Нейрондар пішіні, көлемі жағынан әртүрлі. Бірақ қай нейрон болса да, ол дене және өсінділерден (талшықтардан) тұрады. Нейрон денесінде протоплазма, ядро, басқа жасушаларға да тән органоидтар және тек нейронда кездесетін тигроид (қарала) заттар болады. Соңғыларының әрбіреуі түйіршікке не кесекке ұқсайды. Ядролық бояулармен боялатын болғандықтан олар нейрон протоплазмасын ала-құла етіп көрсетеді. Нейрон талшықтары ұзындығына қарай (1 микроннан - 1,5 метрге дейін) аксон, дендрит болып екіге бөлінеді. Аксон нейронның ұзын, ал дендрит қысқа талшығы. Әр нейронда бір аксон, бірнеше дендрит болады. Дендрит аксонға қарағанда көп тармақты келеді. Аксонның нейрон денесінен басталатын жері аксон төмпешігі деп аталады. Төмпешікте тигроид заттар мен миелин қабығы болмайды. Аксон төмпешігінің қозу қабілеті өте жоғары. Сезімтал нейронның шеткей орналасқан аксонының ұшында қабылдағыш (рецептор) болады. Ал орталық жүйке жүйесіндегі жүйке талшығының ұшы жуандап бүршікке ұқсайды. Нейрондардың осындай ұштары бір-бірімен жанасып түйіспе құрады. Қозу серпінін қабылдағыштан жүйке орталығына бағыттап өткізетін жүйке талшығы әкелетін (афференттік) деп аталады, ал орталықтан қозуды шеттегі ағзаларға жеткізуші талшықты әкететін (эфференттік) деп атайды. Жүйке талшықтары майлы, жұмсақ қабығының болу-болмауына байланысты миелинді, миелинсіз деп екіге бөлінеді.

Нейроглия деп нейрондар аралығын толтыратын жасушаларды (глиондарды) айтады. Глия грек сөзі - желім деген мағынада. Расында да олар нейрондардың денесі мен талшықтарына жабысып тұрады. Глиондар екі түрлі - астроциттер және олигодендроциттер. Бұлардың аксоны болмайды және өзара түйіспелер құрмайды.

Астроциттердің өсінді талшықтары көп болады. Олар жасуша денесінен күннің сәулесі тәрізді жан-жаққа таралады. Астроциттер көбінесе мидың қан тамырлары бойында орналасады да, нейрондар­ды олармен байланыстырады. Олигодендроциттер нейронның аксонын қоршайды, тармақтары өте аз болады.

Нейроглияның әрекеттік маңызы:

1. Нәрлендіру қызмет атқарады, яғни қаннан нейрондарға керекті қоректі заттарды алып, зат алмасу өнімдерін нейрондардан қанға өткізеді, олардың маңайын тазартады.

2. Нейрондардың тіршілігіне, қызметіне керекті жағдай жасайды. Нейрондардың айналасындағы сұйықтықтың иондық құрамын, медиаторлар мен судың деңгейін бірқалыпты сақтайды. Мысалы, К+ ионы көбейіп кетсе, артығын өзіне сіңіріп жұтады, ал медиаторлар көбейсе, олардың артығын ыдыратады немесе бейтараптандырады. К+ ионы көбейіп кетсе нейрондарда күшті тежелу пайда болады, оның салдарынан депрессия болуы мүмкін. Медиатор мөлшері көбейсе қозу күшейіп, тежелу үрдісінен адамның жұмысқа деген қабілеті төмендейді. Осыған орай нейроглия нейрондарды қатты қозудан және өте күшті тежелуден сақтайды.

3. Олигодендриттер нейрондар аксонының миелин қабығын жасауға қатысады.

4. Нейроглия нейрондар арасындағы қарым-қатынасты күшейтеді, есте сақтауды, уақытша байланыстардың пайда болуын жеңілдетеді.

Нейрон түрлері.

Тармақтарының санына қарай нейрондар көпүйекті (мультиполярлы), қосүйекті (биополярлы), бірүйекті (униполярлы) болып бөлінеді. Адамның жұлын түйіндерінде биполярлы және жалған униполярлы нейрондар бар. Ал мультиполярлы жасушалар көбіне қозғалтқыш (мотонейрондар) нейрондар арасындағы ең жиі кездесетіндері. Атқаратын қызметіне қарай сезімтал, қозғалтқыш, аралық нейрондар болып үшке бөлінеді. Сезімтал нейрон қабылдағыштарда туған қозуды орталыққа жеткізеді. Бұлар жұлын түйінінде, артқы ашасында, мидың барлық бөлімдерінде кездеседі. Қозғалтқыш нейрондар жүйке серпіністерін орталықтан шеткі ағзаларға апарады. Олар жұлынның сұр затының алдыңғы және бүйір ашасында, ми қыртысының қозғалтқыш аймақтарында (аймақтарында) ми бағанының ядроларында орналасқан. Аралық нейрондар сезімтал нейрондардан шыққан ақпараттарды (серпіністерді) қозғалтқыш нейрондарға жеткізеді.

Аталған жасушалармен қатар тежелу нейрондары да болады. Бұлар түңғыш рет жұлында табылған. Оларды Реншоу жасушалары (ней­рондары) дейді. Реншоу нейрондары көбінесе қозғалтқыш нейрондардың айналасында орналасады. Олар қозғалтқыш нейрондардың аксон бұтағына келіп түскен серпіністердің әсерінен қозып, мотонейрондағы қозуды бәсеңдетеді, не өткізбей оның қызметін тежейді, яғни тоқтатып тастайды.

Қазіргі кезде тежелу нейрондары мидың басқа да бөлімдерінде, мәселен, мишықта, ми қыртысында, ретикулярлық құрылымда болатыны анықталды.

Ми бағанында, ми сыңарларында келіп түскен ақпараттарды талдайтын, іріктейтін, сақтайтын арнайы нейрондар бар. Торлы құрылым нейрондары қозу және тежелу үрдістерін реттейді, олардың сөнуіне, тууына қажет жағдайлар жасайды.

Орталық жүйке жүйесінің рефлекстік қызметі

Орталық жүйке жүйесінің негізгі қызметі - рефлекс (reflecsus -латын сөзі - тойтарыс беру) тітіркендіруге жауап беру деген мағынада. Рефлекс сөзін тұңғыш рет қолданған француз философы Рене Де­карт (1664 ж.), оған ғылыми сипаттама" берген чех ғалымы Прохаска (1817 ж.). Рефлекс туралы ілімді одан әрі дамытып, рефлекстік теорияны пайымдағандар орыс ғалымдары И.М. Сеченов, И.П. Павлов, П.К. Анохин.

Рефлекс дегеніміз орталық жүйке жүйесінің сыртқы немесе ішкі тітіркендіргіштерге беретін күрделі жауабы. Рефлекстің морфологиялық негізі - рефлекстік доға, яғни қозуды рецепторлардан жүйке орталығына, онан шеткі ағзаға (эффекторға) жеткізетін жол.

Ол бес бөлімнен, атап айтқанда: 1) қабылдаушы құрылым - рецептордан; 2) қозуды орталыққа жеткізетін афференттік жүйкеден; 3) аралық нейрондардан тұратын орталықтан; 4) қозуды орталықтан эффекторға апаратын эфференттік жүйкеден; 5) жауап беруші құрылым - эффектордан тұрады. Рефлекстік доға бүтін болған жағдайда ғана рефлекс қызметін атқарады, яғни доғаның бүтіндігі бұзылса реф­лекс біржола жоғалып кетеді. Соңғы кезде рефлекстік доғамен қатар рефлекстік шеңбер деген ұғым қолданылады. Рефлекстік шеңбердің доғадан бір бөлімі артық болады. Оның алтыншы бөлімі эфференттік ағзадан орталық жүйке жүйесіне рефлекстік әсерленіс туралы хабар, яғни кері байланыс (афферентация) арқылы орталыққа жеткізіледі. Кері байланыс рефлекстік доғасын бекітіп, оны шеңберге айналдырады. Әрбір рефлекстің сезу өрісі болады.

Белгілі бір рефлекс қабылдағышы орналасқан аймақты рецептивтік өріс деп атайды.

Рефлекс түрлері.

Морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктеріне қарай рефлекс бірнеше топқа бөлінеді:

1. Қабылдағыштардың орналасуына қарай экстероцептивтік (exterus - сыртқы), интероцептивтік (interior - ішкі), проприоцептивтік (proprius - өзіндік) рефлекстер болып ажыратылады. Receptio-лат. - алу, қабылдау. Демек, рецептор - қабылдағыш деген сөз. Экстерорецепторлар дене сыртында: теріде, ауыз, көздің кілегей қабықтарында орналасқан, сырттан келіп түскен тітіркендіруші әсерлерді қабылдайды.

Интерорецепторлар ішкі ағзаларда, тіндерде, қантамырларында, ал проприорецептор сіңірде, буын қабында орналасқан.

2. Жүйке жүйесінің түрлеріне қарай рефлекстер денелік, вегетативтік болып екіге бөлінеді.

3. Рефлекстер қатысатын ми бөліміне қарай жұлын, сопақша ми, ортаңғы ми (мезенцефалды), аралық ми (диенцефалды), алдыңғы ми (қыртыстық) рефлекстер болып бөлінеді.

4. Қимыл-әрекетіне қарай жұту, кірпік қағу, жөтелу, қимылдау реф­лекстері болып ажыратылады.

5. Орталықта туатын үрдістер түріне қарай қоздырушы, тежелуші рефлекстер болады.

6. И.П. Павлов барлық рефлекстерді шартсыз (туа біткен), шартты (жүре біткен) деп екі топқа бөлді.

7. Рефлекстік доғаның орталық бөлімінде қатысатын нейрондар санына қарай екі, үш және көп нейронды рефлекстер болып та бөлінеді.



Жүйке орталығы туралы ұғым.

Жүйке орталығы деп бірыңғай қызмет атқаратын орталық жүйке жүйесінің белгілі бір жерінде топталған нейрондар жиынтығын айтады. Әрбір рефлекстің жүйке жүйесінде өз орталығы болады. Мәселен, тізе рефлексінің орталығы жұлынның бел омыртқа бөлігінде (сегментінде), зәр шығару орталығы жұлынның сегізкөз бөлігінде, тыныс орталығы сопақша мидың орта шенінде орналасқан. Бірақ бірыңғай қызмет атқаруға бір орталықтың нейрондары ғана емес, сондай-ақ орталық жүйке жүйесінің әр деңгейінде орналасқан көптеген басқа нейрондар тобы да қатысуы мүмкін. Сондықтан бірыңғай қызметті орталықтар тобы орталықтар үркері деп аталады. Сонымен орталық жүйке жүйесі көптеген жүйке орталықтарынан, орталықтар үркерлерінен тұрады.



Орталық жүйке жүйесінің қозуды өткізу ерекшеліктері

Орталық жүйке жүйесінде қозу тек түйіспелер арқылы тарайды. Сондықтан қозуды өткізу ерекшеліктері түйіспелердің физиологиялық қасиеттеріне байланысты.

1. Жүйке орталығында қозу бір-ақ бағытта, яғни сезімтал нейроннан аралық нейронға, одан әрі қозғалтқыш нейронға өтеді. Бұл үшін қозу түйіспеден өтерде алдымен түйіспеге дейінгі мембранадан меди­атор бөлінуі, соңғысы одан кейінгі мембранадағы қабылдағыштармен әрекеттесуі, осының нәтижесінде түйіспеден кейінгі қоздыру потенциалы пайда болуы керек.

Тәжірибе жүзінде жұлынның белгілі бір сегментінің артқы түбірін тітіркендіріп, сол сегменттің алдыңғы түбірінде әрекет потенциалын осциллограф арқылы тіркеуге болады. Ал тап сол сегменттің алдынғы түбірін тітіркендірсе, оның артқы түбірінде әрекет потенциалы пайда болмайды. Демек, бұл қозу тек артқы түбірден алдыңғы түбірге қарай ғана өтеді деген сөз.

3. Жүйке орталығын үздіксіз тітіркендіру арқылы оның ет және жүйке талшықтарына қарағанда тез қажитыны анықталды. Бұл, біріншіден, түйіспелерде медиаторлар мөлшерінің, екіншіден, ней­рон денесіндегі қуат қорының азаюынан, үшіншіден, нейрондарға оттегі жетіспеуінен (гипоксия) болады.

Тәжірибе жүзінде жұлын сегментінің артқы түбірін осы арадағы еттердің жиырылуы тоқтағанша үзбей тітіркендіріп, содан соң тітіркендіргішті сол сегменттің алдыңғы түбіріне көшірсе, жиыры­луы тоқтаған ет қайтадан жиырыла бастайды. Жұлынның артқы түбірін ұзақ уақыт үзбей тітіркендіру салдарынан ет жиырылуының тоқтауы орталық жүйке жүйесінің қажуын, ал тітіркендіргіштің орнын ауыстыру нәтижесінде еттің қайтадан жиырылуы оның қажымағанын көрсетеді.

4. Қозудың бастапқы толқыны жүйке орталығында баяу өтсе, келесі толқыны жылдамырақ өтеді. Бастапқы қозу келесі қозудың өтуін жеңілдетіп, жүйке орталығында із қалдырады, қысқасы, бастапқы қозу келесіге жол салады, сөйтіп оның өтуін жеңілдетеді. Қалған іздің ұзақтығы әркелкі. Қозу ізі қысқа яғни тез жойылатын болса, түйіспедегі әрекеттік құбылыстарға байланысты болғаны: қозудың өтуін жеңілдететін із біріншіден, түйіспе лабилдігінің жоғарылауынан, екіншіден, ондағы медиаторлардың ыдырауының баяулауынан. Қозу ұзақ сақталса тұрақты із қалдырады. Бұл түйіспелерде, нейрондарда пайда болатын морфобиохимиялық өзгерістерге байланысты: жүйке ұшындағы бүршіктер жуандайды, түйіспе саңылауы тарылады, жаңа түйіспелер, қалыптасып нейрон денесінде ерекше РНҚ түзіледі, жаңа белок пайда болады, әсіресе қозуды есте қалдыруға бейімделген нейрон­дарда соған тән өзгерістер туады.

5. Жүйке орталығында қозудың жиілігі мен күші тітіркендіргіштің жиілігі мен күшіне тең бола бермейді. Жеке тітіркендіргішке жауап ретінде жүйке орталығында көптеген қозу толқындары пайда болады. Сондықтан жүйке орталығы шеткі ағзаларға ешқашан жеке (дара) серпініс жібермейді, керісінше сол орталықтан ағзаларға буда-буда болып шыққан серпіністер барады. Жүйке орталығының осы қасиеті туралы физиологтар мынандай теңеу келтіреді: "Орталық жүйке жүйесі мылтықтың дара оғына пулеметтің дүркін-дүркін оғымен жауап береді". Мұнымен бірге жиі тітіркендіргіштің әсерінен пайда болатын қозудың саны орталықта бірсыпыра төмен болуы мүмкін.

6. Тітіркендіргіш әсеріне қарағанда оған қайырылатын жауап (рефлекстік әсерленіс) уақыты жағынан әлдеқайда ұзағырақ. Қабылдағышты тітіркендіру тоқтағанымен жүйке орталығында қозу көпке дейін тоқтамайды. Бұл үрдіс тітіркендіруден кейінгі әрекет деп аталады. Ол жүйке орталығындағы нейрондар арасындағы байланыстарға байланысты. Қозған нейроннан шыққан қозу аксон тармақтары арқылы айналасындағы нейрондарға жайылып, олардан алғашқы қозған нейронға қайтып оралады да қозу үрдісін одан әрі жалғастырады. Осындай нейрондар арасындағы сақиналық байланысты нейрондар тұзағы дейді.

7. Дивергенция мен конвергенция. Қозудың орталық жүйке жүйесінде өту ерекшелігі осы екі құбылысқа байланысты. Бір аксон тармақталып көптеген нейрондармен байланысады да түйіспе құрады, яғни бір нейрон аксонының серпінісі бірден бірнеше нейронды қоздырады. Мұндай құбылыс дивергенция (тармақталыс) деп аталады. Бұған қарама-қарсы құбылыс - конвергенция (түйістіріліс), яғни бірнеше нейроннан келіп түскен серпіністердің бір немесе азғана нейронда жиналуы.

8. 1862 жылы И.М. Сеченов ашқан жаңалық - орталық жүйке жүйесінде туған қозу тап осындай екінші бір қозуға ұласады да нейронның қозуын күшейтеді. Нейрондардың осы физиологиялық қасиеті қозуды жинақтау не жинақы қозу деп аталады. Жинақы қозу бір ізді не кезекті кеңістіктік не бір мезгілді болып екіге бөлінеді. Рецептивтік өрістің белгілі бір жеріндегі қабылдағыштарды тітіркендірсе, оларда пайда болған серпіністер бірінен соң бірі сезгіш нейрондардың жүйке талшықтары арқылы аралық, одан кейін қозғалтқыш нейрондардың белгілі түйіспелеріне ғана жеткізілетін болса, серпіністер жиналып ондағы қозуды күшейтеді. Осылайша белгілі бір жолмен таралған қозудың жинақталып күшеюі бір ізді жинақы қозу боп саналады. Серпіністер бірінен соң бірі бір жолмен нейронға келген сәтте түйіспеде бөлінетін медиаторлар саны көбейеді, ол постсинапстық қоздыру потенциалын күшейтеді де постсинапстық нейронды қатты қоздырады. Сол себепті рефлекстік жауап үдейді. Бір ізді жинақы қозуды тәжірибе жүзінде байқау үшін жұлыны сақталған бақа сирағын электростимулятордың бір жұп электродымен (табалдырық деңгейіне жетпеген күшпен) бір рет тітіркендіреді де рефлекстік жауап болмайтынына көз жеткен соң сол күшпен (10-15гц) бірнеше рет тітіркендіреді. Сол кезде бақа сирағы бүгіліп қозудың орталықта жинақталғанын көрсетеді.

Кеңістіктік жинақы қозуды байқау үшін табалдырық деңгейінен төмен күшпен бірден екі не одан да көп жұп электродпен бақа сирағын тітіркендіреді. Тәжірибе нәтижесі - бір пар электрод әсер етпейді, ал бірнеше пар электрод әсерінен рефлекстік жауап ретінде

бақа сирағы жиырыла бастайды. Мұның себебі - бір рецептивтік өрісте бірден бірнеше қабылдағыш тітіркендіріледі де, олардың серпіні бірнеше нейронды қоздырады. Рефлекстік жауап қозған нейрондар санына тікелей байланысты. Қозудың бұл кеңістік жинағы дивергенция мен конвергенция құбылыстарына тәуелді. Екі не бірнеше аксон арқылы орталыққа жеткен серпіністер көптеген нейрондарды (нейрондар қауымдалысын) қоздырады. Нейрондар қауымдалысы деп жалғыз жүйке талшығы тармақтарынан қозатын нейрондар тобын айтады. Олардың орта шенінде орналасқан нейрондарда түйіспелер көбірек, ал шеткі әрбір нейронда бір-ақ түйіспе болуы мүмкін. Денесінде бірнеше түйіспе болса, нейрон тезірек қозады. Екі нейрон қауымдалысының шеткі нейрондары ортақ болуы мүмкін. Сол себепті кеңістіктік жинақы қозуда көптеген орталық нейрондармен бірге шеткі нейрондар да қозады. Сөйтіп қозған нейрондар саны көбейеді де рефлекстік жауап күшейеді.

9. Орталықта қозу жинақталуымен қатар окклюзия (бітелу) құбылысы да жүріп жатады. Оның мәні мынада: қозудың кеңістіктік жинақталуы рефлекстік жауапты күшейтеді, бірақ оның нәтижесі арифметикалық жиынтықтан төмен болады. Мәселен, екі жүйке талшығын (А, В) тітіркендірсе серпіністер жинақталады. Жүйке талшығын жеке-жеке тітіркендірсе, орталықта әрбір қозған талшыққа 4 қозған нейроннан келеді. Екі талшықтың екеуін де бір мезгілде тітіркендірсе 8 нейронның орнына 6-ақ нейрон қозады, өйткені шеткі екі ней­рон екі талшыққа ортақ болуы мүмкін. Сондықтан қозу жиынтығы арифметикалық жиынтықтан төмен болғандықтан рефлекстік жауап әрине болжам жауаптан төмен болмақ.

10. Жүйке орталығы үздіксіз тонуста болады. Тонус деген сөздің екі түрлі мағыласы бар. Орталық жүйке жүйесінде тонус "үзбей қозу" дегенге келеді. Орталықтың тонусы күшейсе, бұл қозудың үдегенін көрсетеді, ал тонус төмендесе - қозудың бәсендегені. Мәселен, кезеген жүйке тонусы күшейсе, орталықтың қозуы күшейіп, жүрек соғуы сирейді.

11. Әрбір жүйке орталығы кейбір фармакологиялық заттарға (эфир, хлороформ, барбитураттар, апоморфин, лобелин т.б.) өте сезімтал келеді. Мәселен, ми қыртысы хлороформ мен эфирге өте сезімтал. Бар­битураттар (аминазин) торлы құрылымға (ретикулярлық формация) ғана әсер етеді. Апоморфин құсу орталығын қоздырады, ал лобелин тыныс орталығы тонусын күшейтеді.

12. Орталық жүйке жүйесі оттегінің тапшылығына (гипоксия) өте сезімтал. Гипоксияға әсіресе ми қыртысының нейрондары шыдамсыз, ол тіпті 5 минутке шыдамайды: нейрондар зақымданады, жойылады. Сопақша ми нейрондары 25 минуттік гипоксиядан зақымданады.

Орталық жүйке жүйесіндегі тежелу

1862 жылы М.И. Сеченов "Орталықтағы тежелу" атгы тақырыпта тәжірибе жасап, орталық, жүйке жүйесінде қозумен қатар тежелу де болатынын дәлелдеп берді. Тәжірибе қысқаша былай жасалады: көлбақаның миын көру төмпешігінен жоғарырақ жерінен кесіп алып тастайды да, тілік үстіне натрий хлоридінің кристалын қояды. Сол сәтте көру төмпешігі тітіркенеді де жұлынның қимылдатқыш рефлекстері біртіндеп ұзарып барып ақыры рефлекс тоқтайды. Жұлын рефлекстерінің тоқтауы мұнда тежелудің дамығанын көрсетеді. Көп ұзамай Н.Е. Введенский, А.А. Ухтомский, ағылшын ғалымы Ч. Шерингтон орталық жүйке жүйесінде тежелу шеткі қабылдағыштарды қатты тітіркендіру салдарынан да туатынын байқады.

Орталықтағы нейрондар қозса, шеткі ағзалардың қызметі күшейеді де олардағы тежелу қозу үрдісін бәсендетеді не мүлде тоқтатады, яғни қозудың тууына кедергі жасайды. Орталықтағы тежелу шеткі ағзалардың қызметін әлсіретеді не тоқтатады. Нейрондар қозған сәтте онда зат алмасуы, тотығу үрдісі күшейеді, бірақ қуат қоры азаяды, заттардың ыдырауынан пайда болған өнімдер көбейеді. Тежелу қозу сияқты белсенді үрдіс. Тежелу сәтінде нейрондарда зат алмасуы бастапқы (әдеттегі) қалпына келеді де нейрон қуаттанады, тотығу өнімдері азаяды, сөйтіп нейрондар қызметі қалыптасады.

Орталық жүйке жүйесінде тежелу арнайы тежеуші нейрондары қозған кезде басталады. Жұлыннан Реншоу жасушасы табылды. Бұл жасуша жұлын мотонейронының айналасында орналасқан. Оны мото­нейрон аксонының бұтағы қоздырады.

Тежелуші жасушалар мидың әр жерінен табылды. Тежеуші ней-ронның аксонының ұшынан тежелу медиаторы (гаммааминмай қышқылы не глицин) бөлініп шығады да оның әсерінен түйіспеден кейінгі тежеуші потенциал пайда болады (ПСТП).

Орталық жүйке жүйесінде туатын тежелу үрдістері пайда болу механизмдеріне қарай пресинапстық, постсинапстық, пессималдық және қозудан кейінгі тежелулер болып 4-ке бөлінеді.

1. Пресинапстық (түйіспеге дейінгі) тежелуге Реншоу жасушасы қатысады. Ол қоздырушы түйіспедегі медиатордың шығуын тоқтатады. Мәселен, тежеуші жасушаның аксоны мотонейронды қоздыратын жүйке талшығының ұшымен түйісіп, аксоаксондық тежеу түйіспесін құрады. Мотонейрон қатты қозған сәтте оның ак­соны арқылы Реншоу жасушасы қозады да, оның ұшында бөлінген ү-аминмай қышқылы екі талшықтың түйіскен жерінде орналасқан постсинапстық мембрананың СГ анионына өткізгіштігін күшейтіп деполяризациялайды. Бұл деполяризация әрекет потенциалын азайтады. Осыған байланысты тежеу түйіспесіндегі постсинапстық мембрана Са2+ катиондарын өткізбейтін болады. Мұның салдарынан мотоней­ронды қоздыратын жүйке талшығының ұшынан медиаторлар бөлінбей қояды да, оның қозуы бәсеңдейді, бара-бара тежеледі.

2. Постсинапстық (түйіспеден кейінгі) тежелу (Реншоу )жасушасы тәрізді тежеуші нейрондардың қатысуына байланысты туады. Тежеу-ші нейронның аксоны мотонейронның денесімен түйіспе құрады. Тежеуші нейрон қозған кезде оның аксонының ұшынан гаммаамин май қышқылы бөлініп шығады. Ол мотонейрон денесіндегі постсинапстық мембранадан К+ катиондарын сыртқа шығарумен катар СГ аниондарының ішке өтуін күшейтеді де, постсинапстық мембранада гиперполяризация тудырады, сөйтіп постсинапстық тежеуші потенциал пайда болады. Мұның салдарынан мотонейронның қозғыштық қабілеті төмендейді, оның қозуына кедергі туады.

3. Пессимумдық тежелу нейронды қоздырушы түйіспеде кездеседі. Күшті серпіністердің жиі-жиі түйіспеге келіп түсуіне байланыс­ты медиаторлар көбейеді де постсинапстық мембранада тұрақты жергілікті (жайылмайтын) деполяризация пайда болады, сондықтан қозу өрістемейді.

4. Қозудан кейін туатын тежелу реполяризация кезеңінің аяғында ғана туындайтын гиперполяризацияға байланысты. Оның ұзақтығы 50-150 мс, ал вегетативтік жүйке жүйесінде 1000 мс. Бұл кезде мотонейронның қозу қабілеті өте төмендейді де (субнормальдық кезең) ол қозбайды.



Орталық жүйке жүйесінің рефлекстерді үйлестіруі

Орталық жүйке жүйесінің ең көрнекті және маңызды қызметінің бірі рефлекстерді келістіру, үйлестіру, координациялау. Мысалы, оң аяқты бүгетін еттердің орталығы қозып тонусы көтерілсе, дәл сол сәтте бүгілген аяқты жазатын еттердің орталығы тежеледі және жұлынның екінші жартысындағы аталған орталықтарда қарама-қарсы үрдістер туады, яғни бүгу орталығы тежеледі, ал жазу орталығы қоза-ды. Сондықтан оң аяқ бүгілгеңде сол аяқ жазылады. Осының арқасында адам жүре алады. Адам бір сәтте тамақты шайнап және жұта алмайды, өйткені шайнау мен жұту орталықтары бір мезгілде қозбайды. Біреуі қозғанда, екіншісі тежеледі. Сондай-ақ дем алу орталығы қозса, дем шығару орталығы тежеледі. Осының арқасында тыныстың екі кезеңі өмір бойы бірін-бірі алмастырып отырады. Орталық жүйке жүйесі де қозу мен тежелу үрдістерінің тууы мен сөнуін, орталықтардың қарым-қатынасын үздіксіз жөнге келтіріп үйлестіріп отырады. Рефлекстерді келістіріп үйлестіруде орталық жүйке жүйесіндегі су­бординация құбылысы мен қозуды өткізу ерекшеліктері әсіресе жинақы қозу, конвергенция мен окклюзияның маңызы өте зор. Бұлармен қатар орталық жүйке жүйесіндегі кездесетін бірнеше құбылыстар (принциптер) рефлекстерді үйлестіру негізін құрады: қозу мен тежелудің жайылысы (иррадиациясы), бір жерге шоғырлануы (концентрациясы), үрдістердің индукциясы мен реципроктық тежелу, доминаттық қозу, кері байланыс, соңғы жалпы жол.

Орталықтағы қозу сол жерде қалмай, қызметі байланысты басқа орталықтарға жайыла бастайды. Қозудың жайылуын қозу жайылысы дейді. Қозу мен қатар оның айналасындағы орталықтарда тежелу туып, қозу үрдісін жан-жағынан қоршап, оны кері қарай алғашқыда пайда болған жеріне шоғырланады (концентрация). Қозу сияқты тежелу де орталықта жайылады, одан соң жиналады. Жүйке үрдістерінің бұл қасиеті ми сыңарлары қыртысында да кездесетінін И.П. Павлов әдейі қойылған тәжірибеде дәлелдеген. Қозу мен тежелудің жайылысы мен шоғырланысы тітіркендіргіштің күшіне байланысты. Торлы құрылым жүйке үрдістерінің жайылысы мен шоғырлануын реттейтін орталық болып саналады.

Жүйке орталығында пайда болған бір үрдіс екінші қарама-қарсы үрдістің тууына себепкер болады. Бұл индукция құбылысы. Жүйке жүйесінде қозу тежелуді, тежелу қозуды тудырады. Мәселен, жұлынның бір сегментінің жартысына бүгу орталығы қозады. Мұнымен бірге екінші жартысындағы жазу орталығы қозып, бүгу орталығы тежеледі. Келесіде осы орталықтағы үрдістер бірін-бірі алмастырады. Осыған орай индукция бір мезгілді және бір дәйекті кезекті болып екі түрге бөлінеді.

Индукция себебінен пайда болған тежелуді Ч. Шерингтон репрокциялық (жегілген немесе қосарланыс) тежелу деп атаған. Репрокциялық тежелудің арқасында бір сәтте орталықта қарама-қарсы қозғалтатын қимыл рефлекстері тумайды. Бұл құбылыс рефлекстердің бір-бірімен үйлесуін қамтамасыз етеді. Осыған орай дем алған сәтте дем шығарылмайды, ауыздағы ас шайналып тұрғанда жұтылмайды, бүгілген аяқ дәл сол арада жазылмайды т.т.

Көпке дейін репрокциялық (жегілген) тежелудің пайда болу меха­низмі белгісіз еді. Д.Ж. Экклс жұлын орталықтарында кездесетін бір мезгілді индукцияның Реншоу жасушалары тәрізді аралық тежелу жасушалардың қатысымен туатынын анықтады. Мысалы, бүгу орталығына арналған серпініс сол орталықты қоздырумен қатар қызметі қарама-қарсы орталықты, аралық тежеуші нейрондарды да сол сәтте қоздыру арқылы тежейтінін көрсетті.

Доминаттық қозу (лат. – dominantus- үстемдік, үстем). Белгілі бір жағдайда уақытша бір орталық Үстемдік ететін билеуші орталық бола алады (А.А. Ухтомский). Үстем қозу орталығы басқа орталықтардың қызметін тоқтата алады. Бұл орталықты ерекше қасиеттері бар:

1. Өте қозғыш келеді. Қозу табалдырығынан төмен күштерге жауап береді.

2. Басқа орталықтарға бағытталған серпіністерді өзіне тартып, өзіндегі қозуды күшейтеді де, басқа орталықтардың қызметін тежейді.

3. Қозу созыңқы (инертті) болады.

4. Қозудың күші, жиілігі тітіркендіргіштің күші мен жиілігінен көп артық. Сәл тітіркендіргішке күшті жауап береді.

5. Қозу тез жинақталады. Бұл орталық керексіз рефлекстерді тоқтатып тастайды. Организмге өте қажеттілерін тудырады. Сөйтіп оның организмді дегеніне, алдына қойылған мақсатына жеткізуде маңызы зор. Әдетте үстем қозу ұзаққа созылмайды, тіршілікке қажет қызметі орындалған соң оның үстемдігі жоғалады, билігі тоқтайды. Өте тұрақты үстем қозу сау адамда кездеспейтін ой пікірлердің пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет