ДӘрістердің комплексі fis 1203



бет6/14
Дата24.02.2016
өлшемі1.42 Mb.
#16040
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Бүйрекүсті бездері

Бүйрекүсті бездері бүйректердің жоғары жағында орналасқан. Олардың салмақтары 6-12 г. Әрқайсысы қыртысты және милы қабаттан тұрады. Қыртысты қабат без салмағының 4/5, милы қабаты 1/5 бөлігін алып жатыр.

Милы және қыртысты қабаттардың шығу тегі, құрылысы және қызметі жағынан әртүрлі. Олардың қанмен қамтамасыздануы ерекше.

Бүйрекүсті бездерінің салмағы аз болғанымен тіршілік маңызы өте зор. Егер жануардың екі безін де сылып алып тастаса (экстирпа­ция) 7-10 күннің ішінде ол өліп қалады. Мұндай жағдайда жануар еттері әлсіреп, тамақтан қалады, өте тез арықтап салмағы азаяды, кейіннен сіңірі тартып, ішкен тамағын құса береді, жүрек-қан тамырлар жүйесінің, тыныс ағзаларының, асқорыту, бүйрек, зәр шығару қызметтері нашарлайды қантамырлары қабырғасының өткізгіштігі күшейеді, қаны қоюланады және басқа өзгерістер пайда болады.



Жыныс бездері

Жыныс бездері - гонадалар (грекше gone - пайда болу, aden - без) аралас сөлініс бездері болып есептеледі. Олардың сыртқы сөліністік қызметі - жыныс жасушаларын (гаметоциттерді) жасау және шығару. Еркек организмдегі ұрық жолында сперматозоидтар, ал ұрғашы организмдегі аналық безде жұмыртқа жасушалары пісіп жетіледі. Демек, жыныс бездерінің негізгі қызметтерінің бірі - көбею немесе репродуктивтік қызметі. Сонымен қатар, бұдан кем түспейтін эндокринді қызмет атқарады. Зат алмасу, көбею жыныс белгілерін ажыратуынан (диференция) бастап, ұрықтың пайда болып, дамып, тууына дейінгі көптеген үрдістерді реттейтін жыныс гормондарын шығарады.



Эпифиз

(домалақ без)

Эпифиз жеткіліксіз зерттелген безге жатады. Төменгі сатыдағы жануарларда (кесіртке, сүйекті амфибия, қосмекенділер) эпифиз бастың төбе аймағында орналасқан. Оның үстінде тек жұқа дәнекер тінмен жабылған тесік болады. Қабылдағыштық қызмет атқаруына байланысты оны төбе көзі деп атайды.
Илюстрациялы материал Д-МІ-4

Әдебиет:

Қазақ тілінде

Негізгі:


  1. Адам физиологиясы. Х.К. Сәтбаева, А.А.Өтепбергенов, Ж.Б. Нілдібаева, Алматы, 2005, 663 б.

  2. Адам анатомиясы. А.Р. Рахишев, Алматы, 2005, 598 б.

  3. Қалыпты физиологиядан тәжірибелік сабақтарға жетекшілік нұсқаулар.

  4. Сайдахметова А.С., Рахыжанова С.О. Семей, 2006 г. - 174 бет.

  5. Қанқожа М.Қ. Қозғыш ұлпалар физиологиясы. – Алматы, 2004ж. 78 бет.

Қосымша:

  1. Рахишев А.Р. Русско-казахский толковый словарь медицинских терминов. (каз., русс.), А-Ата, 2002, 550 б.

  2. Ибраева С.С. Организмнің шартты-рефлекторлық әрекеті және оның нейрофизиологиялық тегершіктері. Жоғарғы жүйке іс-әрекетінің типтері. Астана, 2006, 52 б.

Орыс тілінде:

Негізгі:

1. Руководство по общей и клинической физиологии. В.И.Филимонов,МИА, 2002, 957 с.

2.Физиология человека, В.М. Покровский, Г.Ф. Коротько, М., 2004.

3. М.Р.Сапин, Г.Л.Билич Анатомия человека: Учеб. для студ. биол. спец. вузов. -М., Высшая школа, 1989. - 544 с.

4. Руководство к практическим занятиям по нормальной физиологии. К.В.Судаков, А.В.Котова, М., 2002.«Физиология с основами анатомии человека». А.В.Логинов, 1983 .

Қосымша:


  1. 1.«Основы физиология человека», 1 и 2 том, Б.И.Ткаченко, С.-Петербург, 1994г.

  2. 2.«Руководство к практическим занятиям по физиологии человека с основами анатомии» М.Ф. Румянцева и др., Москва, «Медицина», 1986 .

  3. Атлас по нормальной физиологии А.В.Коробков, С.А.Чеснокова, Москва, Высшая школа, 1987 .

  4. Нормальная физиология, под ред. К.В.Судакова, М., 2000.

  5. Ситуационные задачи по физиологии с основами анатомии для самостоятельной работы студентов. Под ред. А.А. Утепбергенова, Д.А. Адильбековой, Шымкент, 2006, 66 с.

  6. Справочник физиологических и лабораторных показателей здорового человека. А. А. Утепбергенов, 1995 .

  7. Физиология человека. Под ред. М.Покровского, Г.Ф.Коротько, в двух томах, М., 2001, 368 с.

  8. В.Я. Липченко, Р.П.Самусев Атлас нормальной анатомии человека: Учебное пособие.-2 изд., перераб. и дополн.-М.Медицина, 1988. 320 с.

  9. Агаджанян Н.А., Тель Л.З., Циркин В.И., Чеснакова С.А. Физиология человека. Санкт-Петербург, Sotis, 2000 г., 528 с.


Бақылау сұрақтары (кері байланыс):


  1. Парасимпатикалық және симпатикалық жүйке жүйесіне синергизм және антагонизм әсері.

  2. Симпатикалық жүйке жүйесінің жүрек бұлшықетіне тигізетін әсері.

  3. Гипертиреозаның негізгі белгілерін атаңыз.


«АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» АҚ
Қалыпты физиология кафедрасы
5 Дәріс.

Дәріс тақырыбы: Қанның физикалық және химиялық қасиеттері.

Мақсаты: қанның негізгі физика-химиялық қасиеттері туралы білім беру, қатты және жұмсақ қан тұрақтылығын айыра білу.

Дәріс тезисі:

Қанның физикалық және химиялық қасиеттері

Сұйық зат ретінде қанға физикалық және химиялық қасиеттер тән. Қан қызыл түсті, оның құрамы өте күрделі. Қанның түсі, реңі эритро­цит ішіндегі гемоглобиннің әртүрлі газдармен, басқа да химиялық заттармен реакцияға түсіп, тиісті қосындылар құруына байланысты. Мәселен, артерия қанының ашық қызыл түсі қанда оксигемоглобиннің (гемоглобинмен оттегі қосындысы ННвО2), вена қанының күңгірт түсі карбогемоглобиннің (гемоглобин мен көмір қышқылды газдың қосындысы - ННвСО2) көбірек болуына байланысты. Адамға иіс тигенде гемоглобин иісті газбен қосылып карбоксигемоглобин (ННвСО) түзіледі де, қанның түсі қызыл күрең (таңқурай түсті) тартады. Күкіртсутек (H2S) әсерінен сульфгемоглабин түзілсе қан қарайып кетеді. Гемоглобиннің оттегімен тұрақты қосындысы метгемоглобин қосындысынан қан қоңыр түске боялады. Қанның иісі оның құрамындағы тез буланатын май қышқылына байланысты, дәмі түзды, м. с. 1,050-1,060, плазманың м. с.-нан (1,025-1,035) жоғары, бірақ эрит­роцит тығыздығынан (1,090) төмен.

Есейген балаларға қарағанда жаңа туған нәресте қанының меншікті салмағы едәуір басым (1,060-1,080). Меншікті салмағы негізінен қанда эритроциттердің аз-көптігіне байланысты. Ол тұрақты көрсеткіштердің бірі, бірақ кейбір физиологилық және патологиялық жағдайларға байланысты өзгеруі мүмкін. Мәселен, адам бірнеше апта тауда болса, қанында эритроциттер саны көбейіп м. с. артады. Жаздың өте ыстық күндерінде адам қатты терлейді де оның қаны қойылып салмағы артады. Қара жұмыс істеп, қатты терлесе (әсіресе ыстық цехта) қанның меншікті салмағы 1,070-1,077-ге жетуі мүмкін. Қанның қойылуы көбінесе ішек індеттері кезінде байқалады. Науқас адам жиі-жиі құсса не оның іші өтсе қанда су мөлшері азаяды. Адам қансыраса, оның қан тамырлары тінаралық сұйықтыққа толып кетеді де қан сұйылады, яғни оның тығыздығы азаяды.

Қанның келесі физикалық қасиеті оның тұтқырлығы. Ол қан түйіршіктері мен плазмадағы, әсіресе ірі молекулалы заттардың деңгейіне байланысты. Қан тұтқырлығы қанның қойылуына не сұйылуына қарай әрдайым өзгеріп отырады. Демек, қанның бұл қасиеті қан түйіршіктерінің, плазма белоктарына, әсіресе глобулиндердің мөлшеріне байланысты. Қанның тұтқырлығы әдетте судың тұтқырлығынан 4-5 есе артық. Плазманың тұтқырлығы 1,7-2,2.

Жаңа туған нәресте денесінен су көп мөлшерде сыртқа шығады, осыған орай оның қаны қойылып, эритроциттер саны көбейеді де, қан тұтқырлығы 10,0-14,8-ге жетеді, біріқ 5-6 күннен кейін 8,6-8,8-ге дейін төмендеп, бір ай өткен соң есейген баланікімен теңеледі (4,6-5).

Қанның өте маңызды қасиеттерінің бірі - осмостық (итерме) қысымы. Қою және сұйық ерітіндіні қатар қойып, олардың арасына мем­брана салса, еріткіш (су) сұйық ерітіндіден қою ерітіндіге өте бастайды. Жартылай өткізгіш мембрана арқылы ерітіндіні өткізетін итерме күш осмостық қысым деп аталады. Ол жарғақтың екі жағындағы (бетіндегі) ерітінділерде еріген электролиттер мен молекулалар санына, олардың арасындағы айырмашылыққа байланысты. Ерітіндінің осмостық мөлшері мен осмостық қысымының аз-көптігі еріген бөлшектердің химиялық тегіне емес, жалпы санына байланысты, еріген заттардың иондар саны неғүрлым көп болса, оның осмостық қысымы соғұрлым жоғары болады. Қанның осмостық қысымының 60%-і ас тұзы (NaCI) иондарына байланысты. Плазма құрамында белок көп (7,2-8,5%). Бірақ оның молекулалары ірі болатындықтан саны бейорганикалық зат иондарының санынан аз, сондықтан қанның жалпы осмостық қысымының 1/200 бөлігі ғана белок қысымына байланыс­ты. Қанның осмостық қысымы оның қату температурасы арқылы анықталады. Әдетте қанның қату температурасы А (депрессия көрсеткіш) 0,56°С-0,58°С. Бұл шамада қанның осмостық қысымы 7,5-7,6 атмосфераға тең, ал СИ жүйесі бойынша 302-310 м.осм/л. Қан жасушалары мен плазманың осмостық қысымдары бірдей (тең). Қанның белок молекулалары тудыратын онкос (ісінді) қысымы коллоидтық-осмостық қысым деп аталады. Ол 0,02-0,03 атмосфераға не сынап бағанасы бой­ынша 25-30 мм-ге тең. СИ жүйесі бойынша 2,0-2,1 м.осм/л. Онкостық қысым аз, бірақ оның қан-тін арасындағы су алмасу үрдістерін реттеуде зор мәні бар. Белоктардың гидрофилдік (су ұстап түру) қасиеті өте жоғары. Бұл қысым белгілі бір деңгейге жетісімен плазма сұйықтығының сыртқа шығуы тоқтайды да тіндегі судың қан тамырына өтуі үдейді, сондықтан тамырдағы қанның көлемі плазмалық белок мөлшеріне байланысты. Сумен бірге ондағы еріген заттар мембраналар арқылы қанға, лимфаға немесе кері қарай тінге өтеді, яғни тіршілікке өте қажет сіңіру, сыртқа шығару үрдістері қандағы белок деңгейіне де байланысты.

Осмостық қысымы қанның қысымына тең тұз ерітіндісі изотониялық ерітінді деп аталады. Мысалы жылы қандылар үшін 0,85-0,9% NaCI ерітіндісі, салқын қандылар үшін 0,65%. Бұл ерітінділер физиологиялық ерітінді деп те аталады. Қанға қарағанда тұзы аз болса, гипотониялық ерітінді дейді. Мұйдай ерітіндіде су тіндерге қарай өтетін болғандықтан олар ісіп кетеді. Тұз мөлшері қандағы тұз мөлшерінен жоғары болса гипертониялық ерітінді дейді. Мұндай ерітіндіде жасуша құрамындағы су сыртқа шығады да жасуша бүрісіп қалады. Сонымен осмостық, онкостық қысымдар, тіршілік үрдістердің барысына тікелей әсер етеді. Жасушалар өлмей қалыпты қызмет атқару үшін осмостық қысым тұрақты болуға тиіс.

Адам қанының осмостық қысымы - бірден-бір тұрақты көрсеткіш. Оның тұрақтылығын күрделі механизмдер қамтамасыз етеді. Солардың бірі қан және тін иондарымен судың ара-қатынасы. Суды сіңіріп немесе қанға өткізуде эритроциттер маңызы өте зор. Эритроциттер микроосмометр ролін атқарады. Олар судың артығын өзіне сіңіріп бүйрек, тер бездері, өкпе сияқты ағзаларға жеткізеді, яғни эритроциттерді контейнер және тасымалдаушы ретінде тануға болады.

Осмос гомеостазын қамтамасыз ететін арнайы әрекеттік жүйе бар, оның бөлімдері осмостық қысымының өзгеруіне өте сезімтал келеді. Осмостық қысымды қан мен лимфа тамырларының және орталық жүйке жүйесі - гипоталамус қабылдайды да рефлексті түрде иондардың артығы көбінесе бүйрек арқылы сыртқа шығарылады, ал иондар қанда аз болса, олардың бүйректе қайта сіңуі күшейеді.

XIX ғасырдың аяғында Гамбургер қанның осмостық тұрақтылығын сақтауда, зат алмасуы барысында түзілген өнімдер мен суды, артық тұздарды уақытында сыртқа шығарып отыруда бүйрек т. б. ағзалардың айрықша мәні бар екенін дәлелдеді. Ол жылқының венасына 7 л күкірт қышқылды натрийдің 5%-тік ерітіндісін құйып тәжірибе жасады. Мұның нәтижесінде осмос қысымы көтерілмейтінін, тіпті өзгерместен бұрынғы қалпында қалатынын, бірақ ерітінді құйған соң 8-10 минут өтісімен аталған тұз ерітіндісі бүйрек арқылы яғни несеппен бірге сыртқа шығатынын байқады.


Илюстрациялы материал Д-МІ-5

Әдебиет:

Қазақ тілінде

Негізгі:

  1. Адам физиологиясы. Х.К. Сәтбаева, А.А.Өтепбергенов, Ж.Б. Нілдібаева, Алматы, 2005, 663 б.

  2. Адам анатомиясы. А.Р. Рахишев, Алматы, 2005, 598 б.

  3. Қалыпты физиологиядан тәжірибелік сабақтарға жетекшілік нұсқаулар.

  4. Сайдахметова А.С., Рахыжанова С.О. Семей, 2006 г. - 174 бет.

  5. Қанқожа М.Қ. Қозғыш ұлпалар физиологиясы. – Алматы, 2004ж. 78 бет.

Қосымша:

  1. Рахишев А.Р. Русско-казахский толковый словарь медицинских терминов. (каз., русс.), А-Ата, 2002, 550 б.

  2. Ибраева С.С. Организмнің шартты-рефлекторлық әрекеті және оның нейрофизиологиялық тегершіктері. Жоғарғы жүйке іс-әрекетінің типтері. Астана, 2006, 52 б.

Орыс тілінде:

Негізгі:

1. Руководство по общей и клинической физиологии. В.И.Филимонов,МИА, 2002, 957 с.

2.Физиология человека, В.М. Покровский, Г.Ф. Коротько, М., 2004.

3. М.Р.Сапин, Г.Л.Билич Анатомия человека: Учеб. для студ. биол. спец. вузов. -М., Высшая школа, 1989. - 544 с.

4. Руководство к практическим занятиям по нормальной физиологии. К.В.Судаков, А.В.Котова, М., 2002.«Физиология с основами анатомии человека». А.В.Логинов, 1983 .

Қосымша:


  1. 1.«Основы физиология человека», 1 и 2 том, Б.И.Ткаченко, С.-Петербург, 1994г.

  2. 2.«Руководство к практическим занятиям по физиологии человека с основами анатомии» М.Ф. Румянцева и др., Москва, «Медицина», 1986 .

  3. Атлас по нормальной физиологии А.В.Коробков, С.А.Чеснокова, Москва, Высшая школа, 1987 .

  4. Нормальная физиология, под ред. К.В.Судакова, М., 2000.

  5. Ситуационные задачи по физиологии с основами анатомии для самостоятельной работы студентов. Под ред. А.А. Утепбергенова, Д.А. Адильбековой, Шымкент, 2006, 66 с.

  6. Справочник физиологических и лабораторных показателей здорового человека. А. А. Утепбергенов, 1995 .

  7. Физиология человека. Под ред. М.Покровского, Г.Ф.Коротько, в двух томах, М., 2001, 368 с.

  8. В.Я. Липченко, Р.П.Самусев Атлас нормальной анатомии человека: Учебное пособие.-2 изд., перераб. и дополн.-М.Медицина, 1988. 320 с.

  9. Агаджанян Н.А., Тель Л.З., Циркин В.И., Чеснакова С.А. Физиология человека. Санкт-Петербург, Sotis, 2000 г., 528 с.


Бақылау сұрақтары (кері байланыс):

  1. Гемоглобиннің түрлерін атаңыз

  2. Лейкоциттік формула?

  3. Эритроциттің осмостық гемолиз қандай концентрациялы ерітіндіде жүреді?


«АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» АҚ
Қалыпты физиология кафедрасы
6 Дәріс.

Дәріс тақырыбы: Жүрек бұлшықетінің физиологиялық қасиеттері. Гемодинамикалық өлшемдері.

Мақсаты: Жүрек бұлшықетінің негізгі физиологиялық қасиеттерін үйрену, жүрек бұлшықетінің автоматты механизмін және артериальды қысымның тіркелуін түсіндіру,қан жолдарының таралу механизмдерін түсіндіру.

Дәріс тезисі:

Қанайналым жүйесі жүрек пен қанайналымының үлкен және кіші шеңберінен тұрады. Бұл жүйенің кіндігі - жүрек насос тәрізді қанды сығымдап қантамырларына айдайды да оның үздіксіз ағысқа айналуын қамтамасыз етеді. Жүрек тоқтап қалса, табиғи ырғағы бұзылса, не әлсіресе, қан дене тіршілігіне қажет мөлшерде тарамайды да, сан қилы өз қызметін атқара алмайды.

Қанайналымының үлкен шеңбері жүректің сол қарыншасынан - қолқадан басталады. Қан қолқадан артерияларға одан әрі капиллярларға (қылтамырларға) жетеді. Онда қан құрамындағы оттегі тіндерге, ал ондағы көмір қышқыл газы қанға өтеді де, артериялық қан вена қанына айналады.

Вена қаны капиллярлардан жіңішке венулаларға, одан әрі веналаларға, жоғарғы және төменгі венаға (V. cava inferior, V. cava superior) жетеді де, сол арқылы жүректің оң жүрекшесіне құйылады. Сонымен қанайналымының үлкен шеңбері бітеді.

Қанайналымының кіші шеңбері он қарыншадан шығатын өкпе сабауынан (truncus pulmonalis) басталады. Оң қарыншадан шықақан өкпе сабауындағы қан көмір қышқыл газға бай веналық қан. Бұл өкпе көпіршіктеріне қарай артериялар арқылы ағып отырып өкпе капиллярларына жетеді, осы сәтте қандағы көмір қышқыл газ өкпеге, ал оттегі керісінше, қанға өтеді де веналық қан артериялық қанға айналады. Одан әрі артериялық қан әр өкпеден екі-екіден жұптасып шығатын төрт вена арқылы ағып отырып сол жүрекшеге құйылады. Сонымен қанайналымының кіші шеңбері 4 өкпе венасымен аяқталады. Адамда жүректен шыққан қан үлкен-кіші шеңберлерімен ағып отырып, 20-30 се­кунд ішінде қайтып оралады.

Қанайналымын қамтамасыз ететін бұл арнайы жүйенің аса күрделі қызметін және мұндағы түрлі физиологиялық үрдістерді жете түсіну үшін алдымен жүрек қызметін, содан соң қанның қан тамыры арқылы ағуын талқылаған жөн.

Жүректің қан айдау қызметі

Жүрек (лат. сог, грекше cardia) - қалың жолақты еттен тұратын төрт қуысты, үлкендігі адамның жұдырығындай (250-300 г) жұмыр ағза. Жүрек кеуде қуысында екі өкпе аралығының алдыңғы жағында орналасқан, ірі қан тамырларға ілініп тұрады. Оның үзындығы 12-15, ені 8-11 см, ұзын білігі оңнан солға, жоғарыдан төмен, арттан алға қарай бағытталған. Жүрек ұшы кеуде қуысында сол жақтағы бесінші қабырғаға не қабырға аралығына тіреледі. Жүрек қуысын бітеу перде екіге бөледі. Кейде жүректің осы екі бөлімін оң жүрек, сол жүрек деп атайды. Оң жүрек пен сол жүрек қуыстары бір-бірімен қатыспайды. Әр жүрек жүрекше (atrium) мен қарыншадан (ventriculum) тұрады. Сонымен жүректе 4 қуыс бар, олардың екеуі жүрекше, екеуі қарынша. Жүрекше мен қарынша арасында атриовентрикулярлық (жүрекше-қарынша) тесік болады. Бұл тесікті жабатын екі, үш жақтаулы атриовентрикулярлық қақпақшалар бар. Жүрек қабырғасы үш қабаттан тұрады. Ішкі - эндокард, ортаңғы - миокард, сыртқы - эпикард.



Эндокард жүрек қуысын іштей көмкерген атриовентрикулярлық тесікке және қарыншалардан қолқа мен өкпе сабауы шығатын жерге жеткенде бұрылып қос қабат құрады да, сол тесіктерді жабатын екі не үш жақтаулы және айшық тәрізді қақпақшаларға айналады. Соны­мен әр қақпақша эндокардтың екі жапырағынан тұрады. Миокард -жүректің ортанғы қабаты, ол көлденең жолақты ет талшықтарынан тұратын ең қалың қабат. Жүректің сыртқы қабаты - эпикард оны сыртынан қаптап, жүректен шығатын не оған келетін ірі қантамырларына жеткен жерде кері бұрылып жүрек сыртын екінші рет қаптайды. Бұл эпикардтың сыртқы қабаты, яғни перикард - жүрек қабы. Эпи­кард пен перикард арасындағы саңылауда аздаған серозды сұйықтық болады. Бұл сұйықтық эпикард пен перикардтың ішкі бетін майлап қажалудан сақтайды. Перикард жүрек қуыстарының қанға толып қатты керілуіне кедергі жасайды. Жүрекше мен қарынша арасындағы тесікті жауып тұратын қақпақшалардың он жақтағысы үш жақтаулы (valvula tricuspidalis), ал сол жақтағысы қос жақтаулы (V. bicuspidalis)-митральды. Қолқа мен өкпе артериясының қарыншадан шығатын жерінде айшық қақпақшалар (V. semilunaris) орналасқан. Қақпақшалар жүрек жиырылған сәтте (систола) қанның белгілі бір бағытта ағуын қамтамасыз етеді. Қан жүрекшеден қарыншаға, қарыншадан артерияларға (қолқа мен өкпе сабауына) қарай ғана ағады, сау адамда қан кері ақпайды. Тек, жүрегі ауырған адамда қақпақшалар толық жабылмай, соған байланысты қанның біразы негізгі бағытынан айырылып кері қарай ағуы мүмкін. Мұны жүректің негізгі тондарына (дыбыстарына) шуыл араласуынан байқауға болады.

Жүрек қақпақшаларының қандай қызмет атқаратынын көрсету үшін мынадай тәжірибе жасалды. Жануар жүрегін оның денесінен бөліп алған соң, 4 ірі қан тамырының әрқайсысына шыны түтікше (ұзын канюля) кіргізіп, оны жіппен (лигатура) тамырға бекітеді. Одан кейін жүректі штативке іліп қояды да, сол жақ жартысы қызыл түске, оң жақ жартысы көк түске боялған физиологиялық ерітіндіге толтырылады. Тәжірибе жасаушы адам жүрек қарыншаларын алақанына салып қысады. Сонда қарыншадағы ерітінді қолқа мен өкпе сабауына бекітілген түтікше арқылы жоғары көтеріледі, ал жүрекшелермен байланысқан түтікшедегі ерітінді деңгейі өзгермейді. Қысқан кезде қарыншалардың қуысы тарылады да ішіндеті ерітіндінің қысымы көтеріледі, сондықтан жүрек бөлімдері арасындағы жақтаулы қақпақшалар жабылады, ал айшық қақпақшалар керісінше ашылады. Қарыншалардағы ерітінді қолқа және өкпе сабауымен байланысқан түтікшеге өтеді. Алақанды жазып, жүректің қарыншаларын босатқан соң қолқадағы, өкпе сабауындағы түтікшеде ерітінді деңгейі көтерілген күйінде қалады, олардың үстіне ерітінді құйып қысымын одан әрі күшейтсе де айшық қақпақшалар жабылған күйінде ерітінді деңгейін ұзақ уақыт сол шамада ұстап тұрады. Бұл тәжірибеден жүрек қақпақшалары қанның бір бағытта ағуын қамтамасыз ететінін көруге болады. Жүректің ортаңғы қабаты (миокард) өзара жарыса орналасқан жолақты ет талшықтарынан тұрады. Ет талшықтары түйіскен жерлерде қатар жатқан екі талшықты жалғастыратын дискілер (мембрананың жуамдау жері) болады. Талшықтардың дискілер арқылы беттескен жерін нексус деп атайды. Нексустер арқылы миокардта қозу өте тез жайылады, өйткені қозу бір талшықтан екінші талшыққа медиатордың қатысуынсыз-ақ әрекет потенциалы күйінде өтеді, сондықтан әр ет талшығы жеке қозып, жеке жиырылмайды, топтасып жиырылады, яғни жүрек еті әрекеттік синцитий (жалгам) ретінде қызмет етеді. Биологияда құрылымдық синцитий деген ұғым бар. Электрондық мик­роскоп болмаған кезде жүрек етінің топ-тобымен жиырылуы, яғни қозу үрдісін жүрек етінде бір талшықтан екіншісіне өткізетін құрылым ет талшықтары арасындағы протоплазмалық көпіршелер деп есептелетін. Сөйтіп бұл құбылыс құрылымдық синцитиймен түсіндірілетін. Қазір электрондық микроскоп арқылы жүрек етінде мұндай плазмалы көпіршелер болмайтыны дәлелденді. Сондықтан жүрек етін әрекеттік синцитий деген жөн. Жүректің жиырылып онан соң босауы миокардтың қызметі. Жүрек қуыстарындағы қан қысымы Жүрек өмір бойы белгілі бір ырғақпен жиырылып отырады, яғни соғып тұрады. Адамның жүрегі орта есеппен минутына 65-80 рет соғады.

Жүректің жиырылуы систола, босауы диастола деп, ал систола мен диастолаға кететін мерзім жүрек қызметінің оралымы (циклы) деп аталады. Айналым уақыты жүрек соғуының жиілігіне байланысты. Айналым кезінде жүрекше мен қарынша белгілі бір тәртіппен (ретпен) жиырылады. Жүрек жиырылған сәтте ондағы қанның қысымы көтеріледі. Жүрек қуыстарындағы қан қысымының өзгеруі белгілі бір заңдылыққа бағынады. Осыған сәйкес қақпақшалар бір ашылып, бір жабылып отырады. Бұл айтылғандар қанның бір бағытта ағуын қамтамасыз етеді.

Жүректің әрбір бөліміндегі қан қысымын өлшеу үшін қан тамыры арқылы резеңке түтіктің (катетердің) бір ұшын жүрек қуысына енгізеді де, екінші ұшын қысым өлшейтін аспаппен жалғастырады. Осы әдіспен тұңғыш рет жылқының жүрек қуыстарындағы қан қысымын Шаво мен Марей тәжірибе түрінде өлшеді. Тәжірибе былай жасалады. Жүрек жанындағы ірі артерия арқылы бір ұшына жұқа баллон бекітілген резеңке түтік жүректің оң жақ қуысына енгізіледі де, оның сырттағы ұшы Марей капсуласымен жалғастырылады, сөйтіп жабық түтіктер жүйесі ауаға толтырылады. Жүрек жиырылып, оның қуысындағы қысым арта бастаса түтік жүйесіндегі ауа баллоннан капсулаға қарай ығысып, оның қаламын көтереді. Жүрек еті босаңсыған кезде қысым азаяды, сондықтан ауа керісінше, капсуладан баллонға өтеді де қалам төмен қарай ығысады. Қысым мөлшері қаламның қағазға түсірген сызығы арқылы анықталады.

1950 жылы хирургтер адам жүрегі қуысындағы қысымды артерия арқылы жүрекке катетер енгізу әдісімен өлшеуге болатынын көрсетті.

Жүрек оралымы 0,1 секундке созылатын жүрекше систоласынан басталады. Оң жүрекше жиырылуы 0, 01 секунд ертерек басталатынын көрсетті. Өйткені онда жүректі қоздыратын синосшриалдық түйін орналасқан. Қозу осы түйінде туады да, оң қарыншаға бұрынырақ жайылады. Систола кезінде жүрекшелерде қан қысымы сынап б.б. 5-8 мм-ге жетеді. Бұл уақытта қарыншалардиастолада болады, ал атриовентрикулярлық қақпақшалар ашық болғандықтан қан жүрекшеден қарыншаға құйылып тұрады. Жүрекше жиырылған сәтте оған қан жеткізетін веналардың өзегі қысылып жабылып қалады. Сондықтан қан жүрекшеден веналарға қарай кері қайтпайды, веналарда қысым төмен болғанмен де қан өтпейді. Систоладан кейін жүрекше диастоласы және қарынша систоласы бір мезгілде басталады. Қарынша систоласы 0,33 секунд созылады, ол ширығу және қан айдау (шығару) кезеңдері болып екіге бөлінеді. Ширығу - 0,08, қан айдау – 0,05 секунд созылады. Ширығудың өзі екі кезеңнен тұрады: 0,05 секундке созылатын асинхрондық жиырылу мен 0,03 секунд созылатын изометрлік жиырылу. Асинхрондық кезеңде қарынша еттерінің бәрі бірден жиырылмайды. Жиырылу қозуға сәйкес ет талшықтар тобын біртіндеп қамтиды. Қарынша қуысында қысым онша өзгермейді, сондықтан атриовентрикулярлық қақпашалар ашық калпында қалады.

Изометрлік кезеңде қарынша еті түгелдей ширығады (қатаяды), бірақ оның қуыстары қанға толы болғандықтан жиырыла алмаиды, яғни ет талшықтарының үзындығы өзгермейді. Сондықтан да бұл кезең изометрлік кезең деп аталған. Мұнда ет талшықтарының қатаюына байланысты қарыншалардағы қан қысымы біртіндеп көтеріледі. Жүрек қақпашалары жабық қалпында қалады. Сондықтан қан қысымы көтеріледі, ол қарыншалардан шығатын қолқа мен өкпе сабауындағы қысымнан асып түскен соң айшық қақпақшалар ашылып, ширығу кезеңі қан айдау кезеңіне ұласады.

Қарыншалар систоласының қан айдау кезеңі айшық қакпақшалардың ашылу мезгілінен басталады. Бұл тез және баяу қан айдау кезеңдеріне бөлінеді. Тез қан айдау кезеңі - 0,12, ал баяу қан айдау кезеңі -0,13 секунд созылады. Қан айдау кезеңінде айшық қақпақшалар ашылғаннан кейін қанның қарыншалардан қантамырларына шығуына мүмкіншілік туып, ет талшықтары жиырылып қатты қысқарады, сондықтан қарыншадағы қан қысымы арта түседі. Баяу кезең аяқтала бастағанда миоциттер қатты жиырылғандықтан қысым одан әрі көтеріледі. Сол қарыншадағы қысым с.б.б. 120-130 мм-ге дейін артады, ал оң қарыншада 25-30 мм-ге жетеді. Қан айдаудың баяу кезеңінде қанның қарыншадан қолқа мен өкпе артериясына өтуін қамтамасыз ету үшін қантамырлары қысымынан көтеріліп келе жатқан қарыншадағы қан қысымы жоғары болуға тиіс. Осыған орай жүректің жиырылуы да күшейе түседі.

Қан айдау кезеңі аяқталысымен қарынша диастоласы басталады, ол 0,47 секундке созылады. Бұл 4 кезеңнен тұрады: протодиастола, изометрлік босау, қанға толу, пресистолалық.

1. Протодиастола кезеңі қарынша диастоласының алғашқы 1-ші сатысы, оның ұзақтығы 0,04 секунд. Жүрек еттерінің бәрі бірдей бір мезгілде босай алмайды, біртіндеп топ-тобымен босайды. Сондықтан қарыншаларда қан қысымы әлі де болса жоғары болғандықтан, ол біртіндеп төмендейді, айшық кақпақшалар ашылған күйінде қалады.

2. Изометрлік босау кезеңінде (ұзақтығы 0,08 секунд) айшық қакпақшалар жабылады да, ал жақтаулы қакпақшалар ашылмай жабық күйінде қалады. Ет талшықтары тұтас және бір мезетте босаңсуына байланысты қарынша қуысында қысым азая бастайды. Бұл қысымның деңгейі жүрекшедегі қысымнан төмендеген сәтте қос жақтаулы және үш жақтаулы қақпақшалар ашылады да, қан қарыншаға құйыла бастайды. Одан әрі үшінші кезең басталады.

3. Жүректің қанға толу кезеңі - ең үзақ - 0,25 секунд созылады. Бұл екі кезеңнен тұрады: тез толу (0,08 с), баяу толу (0,17 с). Қарыншаның қанға тез толу себебі: жүрекше-қарынша систоласы кезінен бастап ұзақ уақыт босаған қалпында (диастола) қалады да әбден қанға толып керіледі, ондағы қан қысымы қаннан босаған қарыншадағы қысымнан едәуір артық келеді. Сондықтан қан жүрекшелерден лақылдап қатты ағады. Бірақ келесі кезеңде қарынша қанға тола бастасымен жүрекшедегі қанның қарыншаға ағуы баяулай бастайды. Қарыншалардың систоласы және диастоласы кезінде жүрекшелер диастола қалпында болғандықтан да оған уысты веналардың екеуінен де қан құйылып тұрады, сөйтіп жүрек диастоласының үшінші кезеңінде жүрекше де, қарынша да қанға толады. Екеуінің аралығындағы қос-жақтаулы және үш жақтаулы қақпақшалар ашық күйінде қалады. Қорыта келгенде, жүрек көбіне диастола кезінде қанға толады.

4. Пресистола кезеңінде (ұзақтығы 0,1 с) жүрек оралымының жаңа кезеңі басталады, яғни жүрекшелер жиырылады да қарыншаға қосымша қан құйылады. Жүрек минутына 60-90 рет соғады. Жүрек соғуы сиресе (минутына 40-50 рет) брадикардия деп, ал жиілесе (минутына 160 рет) тахикардия деп аталады. Сырқаттанған кезде жүрек шектен тыс жиі соғуы мүмкін. Минутына 400 рет соқса, оны лупілдеу (трепе­тание) деп, ал 600-ге жиілесе, оны жыбырлау (мерцание) деп атайды.

Электрокардиография

Жүрек еті қозған кезде көптеген ет талшықтары теріс зарядқа көшеді де, қозбай қалған ет талшықтары бұрынғысынша оң зарядын сақтап қалады, сөйтіп қозған және қозбаған миоциттер арасында электр айырмашылығы яғни электр потенциялы туады. Бұл потенциал белгілі бір тіндер аррқылы бүкіл денеге тез тарап кетеді. Сондықтан оны қолға, аяққа, кеудеге қойылған электордтар арқылы электрокардиограф аспабымен жазып алуға болады. Бірінші стандарттық тіркелімде электродтар оң қол мен сол кол білезіктеріне, екінші тіркелімде оң қол мен сол қол, үшінші тіркелімде сол қол мен сол аяққа байланады. Электрокардиографтан жа­зып алынған қисық сызық - электрокардиограмма латын алфавитінің соңғы әріптерімен (Р Q R) белгіленген бес тістен тұрады. Оның үшеуі (Р, R, т) электр есінен жоғары? екеуі (Q, S) төмен қарай бағытталған.

Жүрек етінде туған қозу, деполяризацияға тән заряд миокардтың бір жерінен екінші жеріне көшіп біртіндеп барлық ет талшықтарын қамтиды.

Электрокардиограмма тістері еттің кері және қайта үйіктелуіне сәйкес келеді. Р - тісі екі жүрекше қозған кезде туған ток жиынтығын көрсетеді. Оң және сол жүрекшеде туған токтар қосылып, жинақталмаса ЭКГ-да қос Р тісі пайда болады. Р мен Q аралығы 0,12 – 0,18 секундқа созылады, ол қозудың атриовентикулярлық түйінінен, Гис шоғырына өту жылдамдығына байланысты. Ауруға шалдыққан адамда, осы түйін (Гис шоғыры) жарақаттанса, P-Q уақыты үзарады, кейде қозу жүрекшеден қарыншаға өтпей қалады. Р, R, S, Т - тістері қозудың (деполяризациясын) қарынша еттеріне таралуын, одан әрі оның "сөнуін" (реполяризациясын) көрсетеді. Сондықтан бұл тістер қарынша комплексі деп аталады. Q-тісі екі қарыншаны бөліп түрған перденің сол жақтағы орта бөлігінің деполяризацияланған (сол зарядталған) кезінде пайда болады. R-тісі қарынша пердесінің төменгі жағына және қарыншалардың ішкі бетінен сыртына қарай сол зарядтың таралуын көрсетеді. S-тісі қарыншалардың түп жағындағы ет талшықтарының деполяризациясынан пайда болады. Сонымен S-тісі пайда болған кезде қозу қарыншаны тұтас қамтиды. Т-тісі қарыншалардың реполяризациясын көрсетеді. Қарыншада де­поляризация оның ішкі бетінен (эндокардтан сыртқы бетіне - эпикардқа) қарай тараса, реполяризация керісінше, қарыншаның сыртқы бетінен басталып, ішкі бетінде бітеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет