Дәріс 18. Озат педагогикалык тәжірибе мен инновация.
Озат педагогикалық тәжірибе туралы ұғым.
Озат педагогикалық тәжірибенің маңызды белгілері.
1. Мектептерде педагогикалық тәжірибені зерттеу, жинақтау ісі күрделі және шығармашылық мәселелердің бірі болып табылады. Педагогикалық тәжірибе дегеніміз оқыту, білім беру және тәрбие практикасы, дәлірек айтсақ нәтижесі - оқушының жеке тұлғалық сапаларынан көрінетін, белгілі бір мақсатпен ұйымдастырылатын педагогикалық процесс.
Көпшілік мұғалімнің педагогикалық тәжірибесі - бұл педагогика ғылымының жетістіктерін қолданып жұмыс істеп жатқан білім беру ұйымдарының тәжірибесі.
Озат педагогикалық тәжірибе сөзін түрліше түсінеміз. Кең мағынада озат педагогикалық тәжірибе дегеніміз мұғалімнің шеберлігінің жоғары деңгейі, тұрақты түрде педагогикалық нәтиже беріп отыратын оқыту және тәрбие практикасы. Мұғалімнің тәжірибесінде жаңалық болмауы мүмкін, бірақ ол ғылымда белгілі принциптерді, өдістерді табысты түрде қолданып, басқа мұғалімдерге үлгі болады. Шебер мұғалімнің озат тәжірибесі басқа мектептерге таратылады.
Педагогикалық озат тәжірбиенің тар мағынасы: шығармашылық ізденіс, жаңалығы бар практика, басқаша айтқанда жаңашылдардың практикасы. Мұндай педагогикалық тәжірибе өте құнды, себебі ол мектептің практикасына жаңалық енгізеді. Сондықтан, бірінші кезекте осы тәжірибені талдап, баға беріп, тарату керек. Жай шеберлік пен жаңашылдық арасындағы айырмашылықты көру қиын, себебі мұғалім ғылымда белгілі принциптер мен әдістерді қолданып, қол жеткен жетістіктермен шектелмейді, жаңа әдістерді қолданып, немесе ескі әдіс-тәсілдерді тиімді етіп ұштастырып, бірте-бірте нағыз жаңашыл болады, олай болса кез келген жақсы тәжірибені мектептің практикасына енгізуге болады, бірақ жаңашыл-мұғалімдердің іс-тәжірибесін жан-жақты талдап, қорытындылап, тарату керек.
2. Озат педагогикалық тәжірибенің белгілері, оған қойылатын талаптар. Бірінші белгісі - оның қоғам дамуының бағытына, әлеуметтік сұранысқа сәйкестігі. Озат мұғалімдер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері өмір қойып отырған талаптарға сай жұмыс істейді, педагогикалық процесті жетілдірудің тиімді жолдарын табады.
Озат тәжірибенің екінші белгісі — педагогикалық қызметтің тұрақты, жақсы нәтижелері. Педагогикалық "өнім" - оқушылардың білім, іскерлік, дағдыларының, жалпы дамуының, тәрбиелілігінің деңгейі.
Мұғалім сабақтарының бәрін жақсы өтеді деп айту қателік болады. Қателеспеу үшін ең алдымен оқушылардың білім сапасын тексеріп, мына сұрақтарға жауап беру керек:
Оқушылар бағдарламада қарастырылған оқу материалын меңгерген бе?
Бағдарламаны қаншалықты деңгейде сапалы және берік меңгерген, өз беттерімен білім алып, алған білімдерін шығармашылықпен практикада қолдана ала ма?
Оқушылардың жалпы дамуы қандай?
Білім сапасы оқушылардың байқампаздығынан, талдау, жинақтау, абстракциялау іскерлігінен, оқу материалдарын мұқият талдап, онымен жұмыс істеу жолдарын анықтаудан, іс-әрекеттің жүйесін белгілеуден, өз іс-әрекетін бақылап, оған керек жағдайда түзетулер енгізуінен көрінеді. Оқушылардың тәрбиелілігі олардың пікірлерінен мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан байқалады. Озат тәжірибенің үшінші белгісі - оқыту, тәрбие, дамуда тұрақты, жақсы нетижелерге жету үшін мұғалімдер мен оқушылардың өз күштері және құралдарын орнымен жұмсауы. Оқушыларға шамадан тыс қосымша тапсырмалар беретін, басқа пәндерді меңгеруге зиян келтіретін, сол арқылы білім сапасын көтеретін тәжірибе озат тәжірибе емес.
Озат тәжірибенің төртінші белгісі - оның жаңалығы. Педагогикалық озат тәжірибе оқу-тәрбие жұмысын үнемі дамытып және жетілдіріп отырады. Сондықтан, әрбір мұғалім еліміздегі жаңашыл ұстаздардың бай тәжірибесін, белгілі педагогтар мен психологтардың ғылыми еңбектерін терең зерттеп, олардың ұсынбаларын өз ісінде шеберлікпен пайдаланғаны жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |