290
Сүлеймен қарақшы
Вагон iшiндегiлердiң таласа-тармаса нан алып жатқанын көрген
дәу орыс жанындағыларға бiрдеңе деп күбiрледi. Сол-ақ екен, екi
орыс тұрып, қазақтардың нандарын тартып ала бастады. Өздерi
аш болса да, тағы да оларға дау айта алмаған байғұстар нандарын
орыстарға ұстата бердi. Орыстар нанмен қатар қазақтардың
үстiндегi жылы киiмдерiн де шешiп алды. Киiмдердi үшiншi
бiреу жинап жүр.
— Әй, мыналар тым басынып барады ғой, — дедi Аязбек.
— Үндемей отыра бер. Бiзге жақындасын, — деп Сүлеймен
үш үзiм нанын жемей, етегiне қойды. — Нандарыңды әзiрше
сендер де жемеңдер.
Бұл уақытта орыстар өздерiне жақындап қалған. Сүлеймен
нанын жемей, етегiне қойып отырғанын басқаша ойласа керек:
“Ох, какой хороший здоровый казах. Хлеб для нас сохранил. Бык
хороший”, — деп бiреуi
алдындағы нанды ала бергенде, бұл
ол оның бiлегiнен шап берiп ұстай алды. Қапелiмде мұндайды
күтпеген орыс екi көзiн бажырайта: “Ой, что ты?” — деп қолын
тартып алмақ едi, алайда тырп етуге шамасы келмедi. Ашуланып
кеткен ол екiншi қолымен мұның қақ төбесiнен құлаштай перiп
қалды. Сүлеймен қолын тосып үлгердi. Бiлегi мұның көлденең
тосқан қолына сарт ете қалғанда, анау бақырып жiбердi. Осы сәт
атып тұрған Сүлеймен, оның бетiне басымен қойып қалды. Орыс
вагон ортасына шал-қасынан түстi. Сөзге келместен, екiншiсiн
құлаштай соқты. Ол жағалай отырғандардың аяқтарын құша,
етпеттей құлады. Қолына жылы киiмдердi жиып алып, сәл
арырақ тұрған үшiншiсi төрдегi серiктерiне қарай қаша жөнелдi.
Екi серiгiнің көздi ашып-жұмғанша
сiлейiп қалғанын көрген
төрдегi дәу орыс орнынан атып тұрды. Орысша әлдененi айтып
айқайлап-айқайлап алды да, үстiндегi қалың шекпенiн шешiп,
бұрышқа лақтырып, ортаға атып шықты. Ортада отырғандар
шетке ысырылды. Бәрiнiң әлгiден үрейлерi ұшып кеткен сияқты.
Шынында, ананың түрi жаман. Қараңғыда қарсы кездесiп қалса,
жүрегi нашар онша-мұншаның сол заматта өлiп кетерi хақ. Әрi,
дәулiгiн айт. Әрбiр бiлектерi орта жiгiттiң балтырындай. Мойны
семiз бұқаның желкесiне парапар. Жалпиған бетiн анау-мынау