65
Сүлеймен қарақшы
— Аттар да, өзiмiз де аман сияқтымыз. Жұрттың бәрi аузынан
тастамай айтып жүретiн Құлажан деген осы екен ғой.
— Осы, осы. Бiр-бiрiңдi жақсылап танып алыңдар. “Ер
шекiспей, бекiспейдi” деген. Қол алысып татуласыңдар да,
аттарыңа мiнiңдер. Бiрге жүрейiк.
IХ
...Қаратаудың Шығыс жақ сiлемiндегi ұшы-қиырсыз кең
жазық далада тiгiлген ақбоз үйлерде есеп жоқ. Сол үйлерге
қарай аттылысы бар, жаяуы бар ағылған адамдар да қисапсыз.
Жан-жақтан айдалып келiп, үйлердiң
сыртын ала тартылған
шарбақтарға қамалып жатқан малдардың саны да есепсiз. Бұл
малдар — Керiмбай болыстың тойына “тойана” ретiнде түскен
малдар. Ауыл үстi айқай-шу. Бiр шетте әлдекiмдер домбыра,
қобыз тартып, ән салып жатса,
бiр шетте жастар жиналып,
алтыбақан тебуде. Әр ақбоз үйдiң алдында қойылған үлкен-үлкен
ошақтағы қазандарға толтыра ет салып, ас дайындап жатқан
аспаздар да өзара айқайласа сөйлеседi. “Әй, жай сөйлесеңдершi.
Iштегi кiсiлерден ұят-ты” — деп ақбоз үйлердiң есiгiнен сығалай
қараған қызметшi жiгiттер бақырып-бақырып қояды.
Сүлеймен, Құлажан, Нұржан үшеуi
Досалы би ауылынан
шыққалы берi жұптарын жазбады. Бүгiн де солай. Таң азанымен
тұрып алып, қай үй қай елден әкелiп тiгiлгенiн қызықтап, үйлер
арасын аралай ұзақ жүрдi. Түс әлетiне таман өздерi қонған үйге
қайта келдi. Ордабек болыс Қазығұрт маңындағы жаныстар үшiн
жиырма бес үй тiктiрген. Соның бiрi шабандоздарға арналған.
Сүлеймен осы шабандоздармен бiрге. Өз үйлерiнiң алдына
келгенде:
— Қанша үй санадық? — дедi Құлажан.
— Бiздiң үйлердi қосқанда, тiгiлген киiз үйдiң барлық саны
сегiз жүз жиырма сегiз болды, — дедi Нұржан.
— Түһ, бiр тойға екi рулы елдiң үйi тiгiлiптi-ау. Мұндай
жиынды
бұрын-соңды кiм көрген, — дедi Сүлеймен.
Осы сәт ар жақтағы би-болыстар отырған үйден Көбек шықты:
— Қайда жүрсiңдер? Билер iздетiп жатыр сендердi. Келiңдер,
кiрiңдер үйге!