82
Сүлеймен қарақшы
Сүлеймендi жақсылап тынықтыр. Қол-аяғын уқала. Қайта
күреске түскенше көп тамақ берiп қойма. Әсiресе, қымыз, айран,
сүт берушi болма. Олар буынды босатып, iшектердi осалдатады.
— Керiмбай сiздерге айтты ма? Екiншi күрес қай уақытта
басталады екен?
— Бие сауым мезгiлден соң. Бiз ұлықтар жаққа қайта барайық.
Сендер кейiн келе бересiңдер.
— Жүрiңдер, мына үйдiң
iшiне кiрiп отырайық, — дедi
Көбек. — Әйтпесе, ерiккен кiм көрiнген келiп, Сүлейменнiң
мазасын алар.
Бәрi балуандарға арнап тiгiлген киiз үйге кiрдi.
— Әйтеуiр, бiр жерiң ауырып қалған жоқ па? — деп сұрады
Құлажан.
— Қазiрше аман сияқтымын.
— Келесi күресетiн адамың мен бiлсем, жаңағыдан күштi емес
сияқты. Қалай дегенмен де, оның айласы мол-ау деймiн. Бағана
анау орыс сенi мойныңнан ұстап төмен тұқыртқанда, өзiңдi “әй,
жеңiлдi-ау” деп ойлап едiм. Құлап бара жатып аяғынан шап
бергенiң мұндай жақсы болар ма.
— Оның аяғынан қалай ұстай алғанымды өзiм де бiлмей
қалдым.
Олар өткен күрес жайында сөйлесiп бiраз отырды. Көбек
пен Құлажан Сүлейменнiң
аяқтарын, қолдарын әбден уқалап
ширатты. Шалқалай жатқызып iшiн, етпеттей жатқызып мойны
мен бiлегiн умаждады. Мұның бәрi балуан адамға өте қажеттi-ақ
нәрселер.
Жарты сағатқа жуық уақыт өткенде қазы жақтан “күрес
алаңына жетсiн” деген хабар жеттi. Жiгiттер Сүлеймендi ортаға
ала сыртқа шықты. Төбе маңындағы адамдарда есеп жоқ. Бәрi
ентелей, Сүлеймендi бiр көрiп қалуға құмартып,
бұларға лап
қойды. Көбек пен Құлажан оларды өздерiне жақындатпай керi
итере жүрiп, әзер дегенде төбе жанына жеттi.
Төбе үстiнде бағана қазақты жеңген орыс балуаны маңқиып
тұр. Жаңағы досының есесiн тап қазiр-ақ қайтаратындай
сыңаймен алдыға бiр шүйлiгiп қойды. Қазы “сабыр сақтай тұр”
дегендей,
оның көкiрегiнен итерiп, кiлем шетiне тұрғызды.