Бата мен тілек
Бата мен тілек – егіз қозыдай ұғым. Тілек дегеніміз – бата, бата – тілек. «Үйің құтты болсын», «Сапарың оң болсын», «Жақсы жатып, жайлы тұрыңыз» деген тіркестерде бата да, тілек те бар.
Бата мен тілек, негізінен, адам баласына жақсылық ойлау. Ол жас ұрпақты білікке, әдептілікке, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейді. Бата ризашылық тілек-ниетінің көрінісі ретінде айтылады. Сапарға шығарда жанашыр үлкен адамнан бата алады: «Сапарың оң болсын, сәтті жол болсын, басыңа бақ қонсын, т.б». Іштей тілеу әрбір адамның сеніміне байланысты. Ол «құпияны» әркім біле бермейді. «Біреуге жамандық тілегенше, өзіңе амандық тіле» дейді қазақ мақалы.
(95 сөз)
Бейбарыс сұлтан
Қазақ елі тәуелсіздік алғанға дейін, Бейбарыс сұлтанның кім екенін білген жоқ. Ал көнекөз қариялар мен тарихшылар оның есімімен таныс еді. Иә, сонымен Бейбарыс сұлтан кім?
Ол түркі әулетінен шыққан – Мысыр билеушісі, тегі Қыпшақ. Бейбарыс өмірден өткенше тек қыпшақ тілінде сөйлеген. Ол шапқыншылық кезінде құл сатушылардың қолына түсіп, Сирияның астанасы Дамаскіде болды. Кейін Салих сұлтан Бейбарыстың күш-қабілетін байқап, өзінің жеке гвардиясына сардар етіп алады. Енді ол Әл-Салихи деген есім алады да, Мысыр әскерінің қолбасшысы атанады. Құтыз сұлтаннан кейін Бейбарыс Мысыр сұлтаны атанады.
Бейбарыс медреселер салуға көп күш жұмсайды.
Қазір Мысыр астанасы Каир қаласындағы мешіттердің бірі «Бейбарыс мешіті» деп аталады. Ата жұртына Бейбарыс есімі жеті ғасырдан кейін оралды. «Бейбарыс» атты кинофильм шығарылды. Туған жері Жайық өзенінің жағасында Бейбарыс ескерткіші орнатылды.
Бейбарыс сұлтанды туған елі ұмытқан жоқ.
(92 сөз)
Гете сөздігі
Әлемдік әдебиеттің алыбы Иоганн Вольфанг Гете кейінгі ұрпағына ұланғайыр мұра қалдырған. Ол мұра – 143 томдық шығармасы – 1887-1919 жылдары Веймарда толық басылып, жарық көрген еді. Осымен байланысты бертінде ғалымдар, тарихшылар, әдебиетшілер Гете тілінің бір тұтас сөздігін құрастырып шығаруды мақсат еткен еді.
Гете сөздігін жасау 1946 жылдан соң ғана түпкілікті қолға алынды. Әдебиетшілер, тіл білімінің мамандары Берлинде арнайы топ ұйымдастырып, табанды жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде Гете тілі сөздігінің бірінші томы баспадан шығып, бүкіл дүние жүзіне тарады. Қалған 79 томы 2000-ыншы жылға дейін жарық көрмек.
Біздің елімізде де Гете сөздігін тіл мамандары, студенттер кеңінен пайдаланып жүр.
(93 сөз)
Жаңа Астана
Ақмола – Есіл өзенінің жағасында аққайрақ тастан әдемілеп жасаған мола (ескерткіш). Бесінші, алтыншы ғасыр бойы бұл маңда ерекше көзге түсіп тұрған. Содан бері сол әдемі ақ мола сол өлкенің атына айналып, салынған қала да Ақмола деп аталып кеткен. Қала 1832-інші жылдан бері Ақмола деп аталып келеді. 1961-інші жылы Н.С.Хрущевтің ұсынысымен ол «Целиноград» деп аталды, 1996-інші жылдан бері «Ақмола» атын қайтарып алып, Республикамыздың жаңа астанасы болды.
Бұл қала да – ірі өндіріс және ауыл шаруашылығы, мәдениет орталығы. Сонымен қатар ол – ірі астықты өлке.
1999 жылдан бастап, Ақмола Астана қаласына айналды. Қазір Астанада көптеген құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Болашақта Астана жер бетіндегі ең ірі астаналардың қатарына қосылады.
(93 сөз)
Достарыңызбен бөлісу: |