1.2 КӨРКЕМ МӘТІНДІ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ
Көркем мәтінге лингвистикалық талдау жүргізудің теориялық мәселелеріне тоқталмас бұрын «мәтін дегеніміз не» деген сұрақтың басын ашып алғанымыз жөн. Осы уақытқа дейін ғалымдар арасында «мәтінге» түрліше анықтамалар берілді. Осы анықтамаларды сараптап, саралағанда И.Г.Гальпериннің «Мәтін – тақырыбы белгіленген жазба құжат түріндегі, аяқталған, күрделі фразалық бірліктер мен әртүрлі лексикалық типтерден тұратын, өзара грамматикалық, логикалық, стильдік байланысқа негізделген, прагматикалық бағыттағы шығармашылық туынды» [7,186] деген пікіріне жүгінеміз. Қазақ тіл білімінде де «мәтін» категориясын анықтап, нақтылап айтылған тұжырымдар бар. Ғалым Б.Шалабай «Мәтін – тіл жүйесіндегі өзінің мәні мен болмысына сай, сөйлемдердің жай ғана тізбегі емес, мағыналық күрделі тұлға» десе [8,19], Г.Смағұлова: «Егер мәтін адамның сөйлеу әрекетінің жемісі болса, онда мәтін тек лингвистикалық категория деген ғылымның көптеген салаларымен тығыз байланысты» [9,23] деп мәтіннің тек жазба тілдің туындысы ғана емес екендігін және оның ауқымының кең екендігін атап өтеді. Мәтін қолданылу саласына байланысты әр алуан болуы мүмкін. Мысалы, публицистикалық мәтін, ғылыми мәтін, ресми-іс қағаздарының мәтіні, ауызекі сөйлеу мәтіні және көркем мәтін. Бұлардың әрқайсысы мәтін деген ұғымға сай келеді, әрі мәтін талаптарының барлығына жауап береді. Біздің қарастырып отырғанымыз – көркем мәтін. Ал көркем мәтін – көркем әдебиет стилінде түзілген мәтін. Ол көркем шығарманың тегі мен түрі қарай поэзиялық, прозалық және драмалық шығармалардың мәтіні болуы мүмкін.
Сөз әлемі – көп қырлы әрі күрделі. Ол көркем мәтінге айналып, адамдарға эстетикалық қуат сыйлар болса, одан да күрделі болмақ. Сөздің құдіреттілігі соншалық ол көркем туындыға айналып оқырманға әсер ете алады. Алайда көркем шығарманың тілі әдеттегі күнделікті қарым-қатынас тілінен өзгеше болады. Өйткені олар тілдік-бейнелеу құралдарымен әсемделіп, түрлі ауыс мағынасында күңгірттеніп келіп қарапайым адамға түсініксіз болуы мүмкін. Сондықтан көркем мәтінді лингвистикалық аспектіде зерттеудің маңызы зор. Н.М.Шанский «Көркем мәтінді лингвистикалық талдаудың маңыздылығы – оның (шығарманың) көркемдік-идеялық ерекшеліктерін тануда. Шығарманың идеясын түсіну үшін, оның өзге шығармалардан айырып аларлықтай ерекшелігін табу үшін, көркем шығарманы эстетикалық ләззат сыйлайтын, сезім мен ойлауды қалыптастыратын хабарламалық және көркемдік тұтастықта қабылдау үшін оны алдымен жай ғана түсіну керек қой» - дейді [10,5]. Расымен де, ең алдымен шығарманың мәні мен мазмұнын ашып алмай оқып жатқан дүниеңді толық ұғыну мүмкін емес.
Сөз әдебиеттің алғашқы, әрі құраушы элементі болғандықтан, лингвистикалық талдау барлық зерттеулердің іргетасы саналады. Тек сөздің мәнін түсінгеннен кейін ғана барып, өзге идеялық-композициялық, тарихи-философиялық жағына үңілуге болады. «Кез келген көркем шығарма, ұсақ лирикалық туындыдан роман-эпопеяға дейін лингвистикалық талдауды қажет етеді. Өйткені олардың әрқайсысында көпқабатты, көпжоспарлы бір қарағанда түсінікті бола бермейтін, қазіргі нормаға сай келмейтін элементтер жасырынуы мүмкін» -дейді Н.М.Шанский [10,7]. Лингвистикалық талдау көркем шығарманың жанрымен, автордың сөз қолданысы және шығарманың жазылған кезеңімен тікелей байланысты. Өйткені әр дәуірдің, жекелеген әр ақын-жазушының өзіндік окказианал қолданысы болады. Өткен дәуірдің актив сөздері қазіргі тілімізде пассив қабатқа өтіп тілді қолданушыларға таңсық болып көрінуі ықтимал. Бұл жағдайда тілдік норманың уақыт талабына сай өзгермелі болатынын ескеруіміз қажет.
Көркем мәтін сөз арқылы құралады. Сөзден сөз тіркесі, одан сөйлем, сөйлемнен шумақ, шумақтан барып ойдың аяқталған ең үлкен бірлігі мәтін түзіледі. Көркем шығарманы зерттегенде оның тақырыбы мен идеясын анықтау сынды әдеби талдамалардан бөлек лингвистикалық зерттеуді қажет етеді. Өйткені көркем туынды авторының айтпақ ойын, бермек идеясын түсіну үшін сөз қолданысына, тілдік табиғатына үңілуіміз керек. Шығарманың мәтінімен тікелей жұмыс жасағанда ғана барып, көркем туындыны түсінуге мүмкіндік аламыз. Көркем шығарманы лингвистикалық аспектіде зерттеу керек екендігін өткен ғасыр басында орыс ғалыымдары айтып кеткен болатын. Олардың қатарында Г.О.Винокур, В.В.Виноградов, А.А.Потебня, С.М.Пешковкий, Л.В.Щербаның зерттеу еңбектерін жатқыза аламыз. Сөзімізге дәлел ретіде Л.В.Щербаның «Көркем туындыны түсіну үшін тар тілдік шеңберде қалуға немесе тек интуцияға сүйеніп, шығарманың идеясы туралы жайдақ пікір айтуға болмайды» -деген пікірін келтіруімізге болады [11,7]. Ғалымның айтуынша, көркем мәтінді талдауды әдебиетшілер мен тілшілер бірдей деңгейде меңгеруі керек. Өйткені кез келген көркем шығарма тек әдебиеттің, не тілдің ғана зерттеу нысанында қала алмайды. Зерттегелі отырған мәтінді толық ашып, түсіну үшін әдеби талдау мен тілдік талдау қатар жүргізілуі керек. Көркем мәтінді тілдік аспектіде зерттеу элементтерін А.Байтұрсынұлы еңбектерінен де аңғара аламыз. Әрине, ғалым бір шығарманы алып, бас-аяғын зерттемегенімен, «Әдебиет танытқыш» еңбегінде әдеби теориялық мәліметтерді беруде, қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерінен үзінділер келтіреді. Мысалы, әдеби әрі тілдік көріктеу құралы болып табылатын алмастыру, ауыстыру, мегзеу, кейіптеу сынды терминдерді түсіндіру барысында мысалдар келтіріп отырады. Әрі ғалым тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл лұғаты сынды мәселелердің басын ашып, тікелей мәтінмен жұмыс жасайды.
Ал қазақ тіл білімінде көркем мәтінді лингвистикалық талдаудың теориялық негізін салушылар қатарында Б.Шалабай мен Р.Сыздықты атай аламыз. 1989 жылы қос ғалымның бірлескен авторлық «Көркем тексті лингвистикалық талдау» атты зерттеу еңбегі жарияланды. Осы еңбек 2017 жылы өңделіп, «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау» деген атпен қайта жарық көрді. Мұнда ғалымдар лингвистикалық талдаудың негізгі принциптері мен әдіс-тәсілдеріне тоқталып өткен.
2013 жылы Г.Мұратованың «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау» атты оқулығы жарық көрді. Ғалым бұл еңбекте өзінің алдындағы ғалымдар пікіріне сүйене отырып лингвистикалық талдаудың онтологиялық және функционалдық белгілеріне, көркем мәтіндегі тіл мен дүниетаным тұтастығына, көркем мәтіндегі дүниенің тілдік бейнесі сынды мәселелерге тоқталады [12,4].
Көркем мәтінді лингвистикалық талдаудың негізгі мақсаты – көркем шығармадағы тілдік құралдардың көркем шығармадағы бейнесін анықтау. Әдеби туындыда пайдаланылған тілдік элементтердің мағына-мазмұнын ашып, оқырманға тизігер эстетикалық қызметін айқындау. Б.Шалабай көркем мәтінді талдаудың негізгі жолдарын атап өтеді: «Көркем шығарма құрылымында тілдің барлық аспектілері, барлық құрылым-қабаттары белгілі эстетикалық мәнге ие болып, эмоционалдық-экспрессивтік жүк көтеріп тұрады. Бірақ олардың арасалмағы, арқалар жүгі түрлі жағдайда түрліше өзгеріп отырады. Көркем мәтінді талдау тілдік тұлғалардың барлық деңгейлерін (фонетикалық, лексика-фразеологиялық, морфологиялық, синтакситік, композициялық-құрылымдық) қамтиды. Олардың әрқайсысы көркем мазмұнды бейнелеуге тікелей не жанама қатысты болып келеді» [13,11]. Көркем мәтінді тілдік аспектіде зерттеуде, оның ішінде мәтіннің семантикасын талдауда С.Жусанбаеваның еңбегін басшылыққа аламыз. Еңбекте өлең мәтінінің семантикасы, мәтіннің семантикалық тұтастығы және семантикалық құрылымы туралы айта келіп: «Өлең мәтінінде тілді басқа қызметтерімен салыстырғанда поэтикалық қызметі алдыңғы қатарға шығатындықтан, тілдің барлық семантикалық мүмкіндігі, сөздің бүкіл семантикалық қуаты пайдаланылады» деген ойға келеді [14,10]. Яғни көркем мәтінде, оның ішінде поэзиялық туындының мәтінде адамның эстетикалық қуатын арттыру үшін тілімізде кездесетін сөздерді поэтикалық құрал ретінде пайдалнып, оқырман санасына әсер етуге тырысады.
Н.М. Шанскийдің көрсетуі бойынша, көркем мәтінді лингвистикалық талдаудың тілдік материясының негізгі принциптері мынадай: 1) кез келген көркем шығарманы құрайтын тілдік бірліктер қазіргі әдеби тіл нормасымен байланыста қаралуы керек; 2) лингвистикалық материяның құрамдас бөлігі болып табылатын тілдік фактілер әдеби жүйемен сипаттамалы байланыста зерттелуі қажет; 3) көркем мәтіннің тілдік материалы тек тілдік нормамен ғана емес, тілдік эстетикалық нормасымен де қатарластырыла талдануы керек; 4) көркем шығармаға лингвистикалық талдау жүргізерде архаизмдердің дәуірге байланысты не автордың оқырманға эмоциялық әсер ету үшін мақсатты түрде қолданғандығына мән беру қажет; 5) лингвистикалық талдау жүргізерде тілдік ішкі факторларымен қоса экстралингвистикалық факторларды да есепке алған жөн; 6) поэзиялық шығармаларды лиингвистикалық тұрғыдан талдағанда олардың эстетикалық және көркемдік құндылықтарына байланыссыз ырғақтық-ұйқастық ұйымдасуына назар аудару керек; 7) екінші тілдегі шығармаларды талдағанда олардың сол тілдегі жалпы мән-мағынасына үңілу керек; 8) бір тілдегі шығарманы басқа тілмен қатар талдағанда әр тілдегі өмір бейнесін ескеру қажет; 9) лингвисткалық талдау жасағанда объективті тұрғыдан қарап, тілдегі бар нәрселермен зерттеу жүргізу керек. Сол кезде ғана мінсіз зерттеуге қол жеткізуге болады [10,21-28].
Көркем мәтінді лингвистикалық талдау жеке автордың стилін тануға, зерттеуге алып келеді. Өйткені көркем шығармада қолданылатын тілдік бірліктер ақынның не жазушының түпкі ойына, оның сөздік қоры мен лексиконындағы сөздердің ерекшеліктеріне байланысты болады. В.В.Виноградов: «Көркем шығарма, бір жағынан, автор ниетінің идеялық-шығармашылық көрінісі ретінде, екінші жағынан, халықтық көркемөнердің дамуы тұрғысынан зерттелуі қажет» - дейді [15,240]. Расымен де, көркем шығарма жеке автордың туындысы болғанымен, ол сол ұлттың қазынасы, сол халықтың ортақ мұрасы болып есептеледі. Себебі тіл халыққа – ортақ.
Достарыңызбен бөлісу: |