Диплом жұмысы 5В020500 «Филология: қазақ тілі»


ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МӘТІН ТУРАЛЫ ТҮСІНІК



бет6/27
Дата20.05.2024
өлшемі1.61 Mb.
#501554
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27
961013450907 kz 5B020500 Зинедина Айерке Сағынғалиқызы

1.3 ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МӘТІН ТУРАЛЫ ТҮСІНІК
Фольклорлық туындылар біздің дәуірімізге ауызша жеткендіктен, олардың текстологиясында біршама қиындықтардың болатындығы белгілі. Бұл мәтіндер авторы белгілі көркем мәтіндерден өзгерек болады. Өйткені олар – сөйлеу актісінде пайда болған мәтіндер. «Фольклор мәтінтануы: өткені мен бүгіні» деген атпен жарық көрген жинақта: «Фольклорлық мәтін туралы сөз еткенде фольклор табиғатын, оның ерекшелігін ескеру қажет, солардың ішінде осы мәселеге қатыстылары мыналар: фольклорлық шығарманың ауызша туып, ауызша орындалатыны; ауызша түрде ұрпақ жадында сақталаныны; сондай-ақ ауызша орындалып (айтылып, тыңдалып) шәкірттерге ауызша жеткізілетін мәтіннің өмірі өте қысқа болатыны; ол тек сол сәтте ғана бар болатыны; ал оның өміршең болып сақталып, кейінгі ұрпақтарға жетіп, ғылым нысанына айналуы үшін хатқа түсірілуі керектігі немесе басқа техникалық құралдармен таңбалану керектігі; ол үшін орындаушы, айтшыдан мәтінді еш өзгертусіз жазып алуының маңыздылығы; бір шығарманың бірнеше вариант, версияларының болатыны; фольклор құрамындағы кейбір жанрлар эстетикалық емес, танымдық, утилитарлық қызмет атқаратындықтан олардың көркемдік деңгейі төмен болатыны, т.с.с. Осылардың бірі ескерілмесе мәтін ұғымының фольклорға қатысты анықтамасы толық болмайды. Мысалы, кезінде К.В.Чистов ұсынған анықтамада – «Жалпылама айтқанда мәтін – көркем шығарманың сөзбен берілген көрінісі» - деген фольклорлың көркемдігі төмен жанрлары назардан тыс қалған. Осы мәселені қарастырған Б.Н.Путилов: фольклорлық шығармаларға қатысты «мәтін» сөзінің екі мағынасы бар. Біріншісі – халық жадында сақтаулы мәтін, екіншісі – сол ауызша мәтіннің хатқа түскен түрі. Зерттеушілер, шындығында, жазбаша, хатқа түскен мәтінмен жұмыс жасайды. Сондықтан фольклорлық мәтін деп алған дұрыс» делінген [16,21]. Кез келген көркем шығарма автордың белгілі нәрсені мақсат етуінен туатыны белгілі. Ол авторы белгілі проза мен поэзияда шығарушының түрлі сезімдерді басынан кешкендігінен болуы мүмкін. Немесе өмірінде кездескен түрлі оқиғаларға байланысты туындауы да ғажап емес. Сол секілді фольклорлық шығарманың пайда болуында да себеп болады. Ол – ұжымдық ниет, халықтық сезім мен эмоция.
Фольклортануда «мәтін» сөзін үш түрлі мағына береді:

  1. Халық жадында сақтаулы, яғни ойдағы мәтін;

  2. Ауызша айтылып орындалатын мәтін;

  3. Ауызша мәтіннің орындалған сәтте қағазға түсірілген я басқа техникалық құралдармен таңбаланған түрі, демек дыбыс жүйесінен таңба жүйесіне ауыстырылып қағазға түсірілген жазба мәтін [2,25].

Зерттеушілер хатқа түскен мәтінмен, яғни фольклорлық шығарманың жазбаларымен жұмыс жасайды, таладу жүргізеді. Жалпы ғылымда жеке туындының мәтіні де, шығармадан алынған үзінді де, фольклорлық жинақта жарияланған барлық шығармалардың мәтіндері де жинақтың мәтіні делінеді.
Қазіргі таңда фольклор мәтінін екі бағытта қарайтындар бар:

  1. Классикалық бағыт. Фольклорлық туындыларды «ауыз әдебиетінің» тар мағынасында қарайтындар.

  2. Семиотикалық (таңбалық) бағыт. Оның өкілдері фольклор мәтінін кең ұғымда қарайды. Олар мәтінде түрлі кестелердің, таңбалардың, символдардың жиынтығы ретінде зерттейді. Осының негізінде ғылымда этнолингвистика, лингвофольклористика сынды бағыттар пайда болды.

Жоғарыда аталған еңбекте «Фольклор мәтіні, ең алдымен, көбінесе ауызша мәтін, сондықтан ол жазба тілдің заңдары бойынша емес, сөйлеу тілінің заңдары бойынша құрылады, ал сөйлеу тілі – тіл саласына жататын құбылыс» деген пікір келтірілген [16,50]. Осы ғылыми тұжырымнан фольклорлық мәтін лингвистиканың да басты нысанына айналу керек деген ой түюге болады. Себебі фольклорлық мәтін ауызша айтылып барып хатқа түскендіктен, онда ауызекі сөйлеу тілінің элементтері мен айтушының қолданысындағы сөздер болады. Сондықтан шығарманың мәні мен мағынасын ашып алу үшін тілін зерделеуіміз керек. Бұдан фольклорлық мәтін тек қана лингвистикада зерттеледі деген ой тумауы керек. Біз кез келген көркем туындыны зерделегенде әдеби жағымен қоса тілін де бірлікте қарауымыз қажет. Сонда ғана толық зерттеуге қол жеткізе аламыз. В.Я.Пропптың «Генетикалық жағынан фольклор әдебиетпен емес, тілмен жақындастырылуы керек. Өйткені ол да тіл секілді ешкімнің ойынан тумаған және авторы болмайды» деген пікірі де сөзімізге дәлел бола алады [17,97].
Ал эпостық шығармалар тілінің ерекшелегін зерттеген тілші-ғалым Есет Жұбанов мынадай пікір келтіреді: «Эпос туындысы қаншалық ескі болса, оның тіліндегі ерекшеліктер де соншалық мол. Әрине, бұл жағдай эпостың тілін елден ерек оқшаулап жібермейді, қайта оның әуел бастан халықтық, тарихи категория екенін аңғартады. Эпос халықтың рухани мәдениетінің мол көзді арнасы болғандықтан, оның тілі де өзін тұтынған халықтың өткендегі өмір жолын сәулелендіріпі, ол жайындағы таптырмас деректерді бойына жия, сақтай отырады. Тіл мамандары жырдың тіл байлығына, басқаша айтқанда оның лексикалық қорына назар аударады, қазірде ұшыраса бермейтін айшықты, әсем сөз орамдарын тереді, бұл сіріленген, архаизм қатарына өтіп кеткен лексикалық тұлғаларға, сөз бен сөзді байланыстырушы ежелгі синтаксистік амал-тәсілдерге көңіл бөледі. Сөйтіп, өткенді осы күнгі ой елегінен өткізе келіп, тіліміздің даму барысын бағдарлайды, сөздік қорымыздың толысу жолын меңзейді» [18,92]. Ғалым осылай айта келе, лингвистер арасында эпос тілін жеке нысан ететін зерттеу жұмысының жүргізілмей жатқандығын айтады. Сол кездегі тек екі еңбектің ғана атын атайды. Бірі – Ә.Қайдардың қазақ эпосында суреттелетін батырлардың сауыт-сайманы мен жау-жарағының атауларын этнолингвистика тұрғысынан түсіндіретін ғылыми еңбек болса, екіншісі – Т.Байжановтың «Қазақ тілінің жауынгерлік лексикасы» деген тақырыпта қорғалған кандидаттық диссертиция [18,93]. «Эпос тілінің өрнектері» еңбегінде ғалым эпостық шығармалар тіліндегі диалектілік, грамматикалық ерекшеліктер мен фразеологизмдер мен қос сөздердің қолданысына және эпостағы антропонимдерге тоқталып өтеді. Дәстүрлі фольклор туындысында белгілі дәрежеде орындаушы тілінің ерекшелігі де сақталатындығын және әрбір фольклор шығармасын жыршы (айтушы) өзі меңгерген диалектіге сай орындағанымен, сол диалектінің аясынан анағұрлым асып, шығандап кетіп отырататындығын, халық өлеңдерінің асқақ жанрларын орындау үшін сөйлеудің диалектіден гөрі ауқымды формасының қажет болатынлығын, соынмен қатар, ондай форма өзінің сыртқы сипаты жағынан жалпы халықтық тілдің әдеби нұсқасына жақын болып күнделікті тұрмыста қолданылатын қарым-қатынас тілінен ерекшеленіп тұратындығын айтады [18,94].
Фольклорлық туындыларды зерттеу кезінде эпос тілінде кездесетін тілдік ерекшеліктерге Р.Бердібай да тоқталып өткен. Ғалым: «Қазақ эпостарында ұшырайтын сөз қайталаулары, эпикалық аңыздауларға ортақ өрнек болып табылатын формулалықтың бір тобы қысқаша тілдік тіркестер, тұрақты эпитеттер мен теңеулер болып табылады. Бұлар жыр көлемінде әлденеше рет қайталанып келіп отырады, эпикалық бейнелеудің күрделі бөлігі болып табылады. Жыршы, жырау, ақындар бұл тәрізді дәстүрлі баламалардың жүздеген нұсқасын жатқа білуі олардың эпос оқиғасын қажет жерінде өзінше баяндап, еркін көсіліп кетуіне мүмкіндік берген. Өйткені мұндай теңеулер халық құлағына ежелден қанықты, жатық естілетін, ешкімнің «жеке меншігі» емес, кімде кім қисынын тауып, іске жаратуға да хақылы, үйреншікті сөздер болып есептелген. Эпостағы ауыспалы сөздер мен тіркестердің енді бір парасы – қайталанып келетін жолдар. Мұндай тармақтар эпикалық стильдің дәнекері, байланыстырушы элемент секілді» - дейді. [19,58-59]. Ғалым Р.Бердібай келтіріп өткен ерекшеліктер біз зерттегелі отырған жырда да кездеседі. Ол туралы келесі тарауларда айтатын боламыз.
Фольклорлық туындылардың тілін зерттеуден келіп тілде жаңа бағыт лингвофольклортану шығады. Бұл терминді 1974 жылы орыс ғалымы А.Т.Хроленко ұсынды. Ол өз еңбегінде К.Д.Ушинскийдің: «Дағдылы сөз бен фольклор сөзі екі бөлек нәрсе» деген пікірін алға тарта отырып, фольклорлық туындылардың тілін зерттеуде жаңа лингвофольклористика деген бағыттың керек екендігін айтады. Оның «Фольклор тілі» деп аталатын еңбегі фольклорлық шығармалардың тілін зерттеуде тілші-ғалымдар үшін үлгі бола алады. Ғалым: «Орыс фольклорының тілін зерттеу, ауыз әдебиетінің түп-тамырына тереңдей ену патриоттыққа тәрбиелейді, эстетикалық талғамды арттырады. Тілдік танымды дамытып, оның барлық мүмкіндікттерін сарқа пайдалануға мүмкіндік туғызады» дейді [20,7].
Тілдің негізгі зерттеу нысаны – мәтін. Орыс филологі М.М.Бахтин өзінің «Лингвистикадағы, филологиядағы және өзге де гуманитарлық ғылымдардағы мәтін проблемасы» деп аталатын зерттеуінде: «Мәтін жоқ жерде нысан да, зерттеу де жоқ» - деген болатын [21,7]. Ал Б.Н.Путилов болса: «Мәтін – вербалды фольклордың абсолютті шындығы» - деген пікір айтады. Иә, қандай мәтін болмасын ол тілдің зерттеу нысанына айналады. Бұған фольклорлық мәтіндер де жатады. Біздің, тілші-ғалымдардың барлық зерттеу жұмыстары «мәтін» төңірегінде болады. Қандай да бір тілдік құбылысты дәлелдеу үшін ең алдымен бізге тілдік дерек болатын мәтін керек. Сол мәтінге сүйіну арқылы барып қана зерттеу жүргізуге болады. Мәтін ауызша да жазбаша болады. Алайда ауызша мәтіндерді зерттеу жазба мәтіндеріне қарағанда қиындау. Өйткені ауызша мәтіндер фольклорлық туындыларға тән де оны хатқа түсіру кезінде алақұлалықтар мен өзіндік қиындықтары пайда болады. Жалпы текстология мәселесі қазақ филологиясында барынша зерттеуді қажет ететін сала болып тұр.
Фольклорлық шығармаларды зерттеу авторлы туындыларды зерттеуден өзгешелеу. Авторлы туындылардың шығарушысы белгілі болғандықтан, айтушының идесы мен ойы, оның өскен ортасы мен өмір жолы бірлікте қаралады да, содан келіп авторлық ұстаным шығады. Ондай шығармаларды оқу барысында идеялық-композициялық құрылымына қарап, оның бермек ойын түсінуімізге болады. Одан келіп сол ойды берерде қандай тілдік бірліктерді қолданды деген мәселе де өзінен-өзі шешіле қояды. Ал фольклорлық шығармаларда басқаша, ол – ұжымдық туынды болғандықтан мұнан жеке автордың қолтаңбасын іздеу мүмкін емес. Мұндай шығармалардың жанрына байланысты идеясы да бірдей болады. Мысалы, батырлық жырлар ерлік, жауынгерлік тақырыбында болатындықтан, бұлардың идеясы да ел қорғау, жерін жау қолына бермеу, қаһармандық істер турасында болады. Шығармадағы тілдік қолданыстарды зерттеу арқылы сол туындының идеясы мен тақырыбын аша аламыз. Фольклорлық шығармалардың тілін зерттеудегі қиындықтар негізінен туындының ауыздан-ауызға таралып, өзгеріске ұшырағандығымен байланысты. Оны хатқа түсіргенде дәл сол ерекшеліктерімен жазылды ма, әлде кітаби тіл нормасына сай өзгертілді ме деген де сұрақ туындайды. Әрине оған көбісі бас қатырып жатпайды, қолда бар тілдік деректермен (фактілер) жұмыс жасайды. Алайда ол өзгеріске ұшыраған болса, кейбір сөздері сол қалпында емес әдеби тілге сәйкестендірілсе, зерттеуде өткен күннің тілін беруде қайшылықтар туындайды. Сондықтан фольклорлық мәтіндерді зерттегенде әрбір сөзге, тілдің құрылымына абай болған жөн.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет