Омыски мен Томыски
Жер шамасын шенейік [3,191].
немесе
Дарыйский ескі Омскиді билеп тұр,
Пұт шойынды Құдай қылып отттһаған.
Томскиде Кербегежин бұ да орыс
Сары жезін шоқынуға сақтаған [3,193].
Ал жырда кездесетін Хиуа хандығы – 1512 жылы құрылған мемлекет.
1920 жылға дейін өз алдына дербес ел болып өмір сүрді. Одан соң Өзбекстан мемлекетінің құрамына кірді.
Түркістанның төрінде,
Хиуаның түбінде
Қызылбас Шиға жау болып,
Көтеріліп біздің ел,
Осылай қорқып бөлінді [3,197].
Жырда кездесетін «Боғда» топонимикалық атауының төркініне де үңіліп көрген жөн. Жырдан мысал келтірсек,
Боғданың бойын қорытып,
Қыс қыстасам деп едім [3,55].
Яғни, бұл жер – қыс қыстауға ыңғайлы, сая боларлықтай жер. Біздіңше, ол Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы маңында орналасқан қырат болуы мүмкін.
XV ғасырдағы жыраулар поэзиясында да Еділ, Жайық атаулары көп кездеседі. Асан қайғы «Еділ бол да, Жайық бол» десе, Доспамбет «Айналайын, Ақ Жайық», «Еділдің бойын ен жайлап, Шалғынға бие біз байлап» деп қазақ халқы күн кешкен байтақ атырапты жырға қосқан. Ал «Орақ-Мамай» жырында бұл атаулар былайша көрініс табады:
Еділден шыққан екі су,
Ел жайлатсам деп едім.
Жайықтан шыққан салаға
Жалғыз қонсам деп едім [3,55].
Бұл жолдарды оқып отырғанда Махамбеттің:
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім [24,50].
деген өлеңі ойға оралады. «Орақ-Мамай» жырындағы «ел жайлату»,
Махамбетте «ел қондыруға» айналған. Тіпті мұндағы бастапқы 3 тармақтың басқы дыбыстарының ұқсастығы да бірдей (е,е,ж). Сонымен қатар, тармақтың соңында келетін «деп едім» сөзі екі жырда да бірдей қайталанады. Махамбет бұрынғы батырлық жырлардың дәстүрімен өлең жазған. Ондағы тілдік бірліктерді пайдалана отырып, өзінше түрлендірген.
Жырда кісі аттарының қолданылуында да біршама ерекшеліктер бар. Темірхан, Айжан, Қарашаш, Қараүлек, Мұса, Қарасай, Қази, Күңке Жәке, Смайыл, Жаңбыршы, Матрөшке құл, Телағыс, Ханбике, Шүршіт хан, т.б. есімдер кездеседі. Ал кейбір кісі аттары мен ел атауларының қойылуында өзіндік мән бар. Адамның не заттың ерекше күйіне қарай есім берген. Мысалы, қалмақтың халқына мейірімі жоқ басқарушысын «Қатты хан» десе, ол басқарып отырған қамалды «Безерген» деп атаған. Елден ел кезіп жүрген сұм диуанаға «Сұмрай» деген есім берген.
Уәкіл әкем – ер Орақ
Тоғаевтың аулында [3,220].
- деген жолдарға назар аударайық. Бұл үзінді жырдағы тама елінен шыққан Айжан қыздың сөзінен келтірілген. Мұнда Тоғай деген қазақ есіміне –ев орыстың кірме жұрнағының жалғануы арқылы адамның тегі жасалған. XV ғасырда қазақ есіміне –ов, -ев жұрнақтары жалғанып па еді? Бұлардың келгені XVIII-XIX ғасырлардың емес пе еді? Соған қарағанда, бұл жырды жеткізуші Нұртуған жыраудың жанынан қосқан сөзі болуы мүмкін.
Павел, Бапков секілді орыс билеушілерінің есімдері де ұшырасады. Жырдан үзінді:
Тек шамалы құралы,
Дорутскей еліне
Бес жүз адам шығады.
Ақылгөйі Пабылдай,
Бапков деген бір ері
Өз еліне дабылдай [3,212].
Қазақ сөздерінің жергілікті тілдік ерекшеліктеріне байланысты өзгеріп қолданылған тұстары оқтын-оқтын көзге шалынады. Өйткені фольклорлық туынды ең алдымен ауызша таралатындықтан, жыршының тілдік қолданысына, өмір сүрген ортасына байланысты сөздерді де айтушы өз жанынан қосып айтуы мүмкін. Сол себепті бір сөздің дыбыстық өзгеріске түскен нұсқасы, не бүтіндей сөздің жергілікті тұрғындар арасында ғана сақталған ерекше варианты қолданылған. Мысалы, Азаудан басқа бір мезгілдік жерде жәй салдырып, сонда тұрады екен [3,102] деген үзіндіні алып қарайық. Мұндағы «жәй» сөзі үй, тұрақ деген мағынаны береді. Сөздің бұлай қолданылуы – көбінесе оңтүстік аймақтарға тән. Ал бір талай уақыт бұрын деген мағына беретін солтүстік аймақтарда қолданылатын «бағана» сөзі мен еліміздің батыс бөлігінде жиі айтылатын «мана» сөздері қатар қолданылған. «Бағана» жырда 11 рет, «мана» 10 рет айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |