КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаты. Көркем туындыны толық, терең әрі жан-жақты түсіну оны талдаудың түр-түрін жетік меңгеріп, оларды жоғары мәдениеттілікпен ғылымдық сапада жүргізуді керек етеді. Олардың қай-қайсысында да зерттеушінің алдына әдеби шығарманың шынайы, көркем табиғатын тану мақсаты қойылады.
Көркем мәтін аяқталған, біртұтас күрделі құрылым ретінде қаралады. Оның эстетикалық тұрғыдан ұйымдасқан тілдік формасы мәтіннің идеялық-көркемдік мазмұнын бейнелейді. Тілдік талдау – талдаудың ең қарапайым түрі. Оның мақсаты – көркем мәтінде пайдаланылған, әдеби шығарманы дұрыс ұғынуға тікелей қатысы бар тілдік тұлғалардың мән-мағыналары мен қолданылу жағдайларын ашып беру.
Тілдік талдаудың негізгі нысаны – шығарманың сөздік құрамы. Сөздік құраммен жұмыс қаламгер қолданған сөздердің мағынасын ашып, айқындау үшін қажет. Өйткені сөз мағынасы – тілдің ең өзгергіш бөлігі: ол оқушыға түсініксіз болса, мәтінді түсіндіруде де қиындық туады. Мәтіндегі кейбір сөздердің шығу тарихы, қолдану аумағы мен жиілігі, экспрессивтік бояуы сынды жағдайларға талдау барысында көңіл бөлінеді.
Диплом жұмысы тақырыбының өзектілігі. Қазақ тіл білімінде көркем шығарманы лингвистикалық тұрғыдан талдаулар азды-көпті жүргізілді. Алайда зерттеу еңбектерінің көбі дерлік прозалық шығармалардың тіліне арналады да, поэзиялық туындылар шетте қалып келеді. Әсіресе, фольклорлық туындылардың тілін зерттеу әлі де болса толық орныққан жоқ. Тіліміздің мол мұрасымен, ғасырлар қойнауына жасырынған асыл маржандарын теріп зерттеу қажет. Сол себепті фольклорлық туындыларды тілдік тұрғыда зерттеудің зәрулігі туып тұр.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты – «Орақ-Мамай» жырының тілін зерттеу. Ондағы қолданылған сөздердің табиғатына көңіл бөліп, қолданыс ерекшелегіне тоқталу. Біз диплом жұмысымызда негізгі талдаудан бөлек көркем мәтінді лингвистикалық талдау мен фольклорлық мәтін турасында ақпарат беретін боламыз. Көркем мәтінді лингвистикалық талдаудың теориялық жағына да мән беруді мақсат етіп алдық. Осы мақсатқа жету негізінде мынадай міндеттерді шешу көзделді:
Көркем мәтінді лингвистикалық тұрғыдан талдаудың мақсат-міндеттері мен әдіс-тәсілдерін айқындау;
Лингвофольклортану ғылымының бағыт-бағдарын саралау;
«Орақ-Мамай» жыры нұсқаларының жиналуы мен зерттелуін жүйелеу;
Эпостық шығарманың тілдік табиғатын тану;
«Орақ-Мамай» жырының лексикалық және грамматикалық ерекшеліктерін айқындау.
Достарыңызбен бөлісу: |