Қиял - ғажайып ертегілер. Бұл ертегілер тым ерте замандарда, адам табиғат сырын толық түсініп болмаған кезде туған. Мұнда өмір көрінісі аздау болады. Мифологиялық ойлау адамдардың топ-топ болып орман, тау-тас үңгірлерін мекендеп жүрген кезеңінен бастап туса да ғажап емес. Ол дәуірдегі адамдардың нанымдары, ойлау дәрежесі өте анайы болған. Күн, ай, от судың жойқын күштерінің сырына түсінбеген алғашқы қауым адамдары табиғатқа сыйынып, табынған: бірінен қорықса, бірін қастерлеген. Оларды адамша ойлап, әрекет жасайтын құбылыстар деп үққан. Мұндай сәби мифология тарихы үнді, грек, араб елдерінде көбірек сақталған. Кейбір елдерде киелі аңдарға сыйыну дәсТұрі де болған. Қазақтың мифологиялық ертегілері бұдан кештеу, матриархат пен патриархат дәуірінің ауысу кезеңдерінде туса керек. Аңшылық салты өмір сахнасынан шыққан кезде адамдар аң-қүстардың сырын танып, біліп, олар жайында сан-салалы образдар тудырған. Жалмауыз, мыстан кемпір, жезтырнақтар матриархат дәуірінің ұғым-нанымдары болмақ. Аңшылық кәсіп ер адамдардың әрекетімен көбірек байланысты болғандықтан, алғашқы ру қоғамының салт-санасы қалыптасып, жұбайлы неке туады. Бұл кезеңде туған қиял-ғажайып ертегілерінде адамға жат барлық күштермен күресушілер - мергендер, батырлар болып көрінеді.
Патриархат дәуірінде адамды ең басты киелі күш деп ұғыну үстем болған. Табиғаттың тілсіз күштерін мифтік ойлаумен образдап соған адам әрекетін қарсы қоятын қиял - ғажайып ертегілері осы ізде туған. Мұндай ертегілерде реалдық адам образдары мен мифтік образдар қаз-қатар суреттеледі. Ондай сюжеттердің қазақ ертегілеріндегі үлгілері - «Ер Төстік», «Еділ-Жайық», «Құламерген», «Аламан мен Жоламан», «Күн астындағы Күнекей қыз», «Алтын сақа», «Керқүла атты Кендебай», т.б.
Кейбір ертегілерде де ат иемдену, мал асыраудың іздері де айқын байқалады. Малшылық кәсіптің өзі аңшылық дәуірінен басталған еді. Ертегілерде бұрынғы магиялық ұғым, матриархат дәуірінің салт санасына қарсы күрес бастайтын Ерназарлар емес, Ер Төстіктер. Көп жайда оларды аты да жоқ, тек «бала деп аталады» (Тазша бала).
Қазақтың қиял- ғажайып ертегілерінде адамға жамандық ойлап жүретін мифтік образдардың бірі - жалмауыз кемпір. «Еділ-Жайық» ертегісінде ол адамға үстемдік етсе, «Алтын сақада» баладан жеңіліс табады. Жалмауыз кемпір табиғатының өзінде де елеулі өзгерістер бар. Мысалы, матриархат дәуірінде өндіріс күштері төменгі дережеде болғандықтан, адам етін жеу, алпысқа келген әкені өлтіру үрдіс болған. Оның ізі «Еділ - Жайық» ертегісінде бар. Ондағы жалмауыз қора-қора малы болса да, адам етін жейді.
Кенже туған әпостық жырлар мен қазақ ертегілерінде олар жалмауыз емес, патриархат дәуірінің батыр, мергендеріне қарсы күресіп жүретін, төтелей қауіптен гөрі айла-сиқыры көп, адамды алдаусырата келіп қолға түсіретін хандардың қол шоқпары ретінде көріне бастайды. Бұл кездегі аты - мыстан. Бірақ олардың матриархат кезеңіне тән басты белгісі үдайы сақталып отырады. Мысалы, ешбір ертегі, не әпостық жырда мыстандардың ер адамнан шыққандығы туралы дерек жоқ. Олар жұбайлы некені білмеген."Мүны олардың ерге шықпайтын, бала тумайтын қырық қызының табиғатынан да байқаймыз.
Ер Төстік, Кендебай, Аламан, Желім батырдың өзі ең алдымен аталық қоғамның ұйытқысы болған жұбайлы өмір, от басы үшін күреседі. Олардың жаулары әр салалы болып, табиғат, жалмауыз кемпір, диюлер, тіпті хандар ортасынан да табылып отырады. Мысалы, Аламанның алтын шашты әйелін хан мыстанды жұмсап, қолға түсіреді. «Қүла мерген» сюжетінде жұбайлы некенің ұйтқысын бүзушы дәулер болса да, мерген батырлар адамға жат барлық күштерді жеңіп отырады, Осы күресте ертегінің басты кейіпкеріне болысып, достық ықылас көрсететін жаңа мифтік образдар туады (Желаяқ, Таусоғар, Көлтаусар, Жарғаққұлақ, т.б.). Бұлар көбіне адам тұлғасында көрінетін мифтік образдар. Олар ертегінің бас қаһармандарына ұзақ сапарға шыққанда ғана қосылып, көбіне қыз үзату үстіндегі бәйге, күресте көрінеді. Мұндай образдар орыс ертегілерінде де бар (Ветрогон, Горокат т.б.).
Адам әрекеті күшейген сайын оның достары қүс (самұрық), қүмырсқадан да табыла бастайды. Адамның киелі күш екенін айту үшін ертегі күміс кездік, семсер, садақ сияқты сиқырлы құралдарды адам бойына телиді. Бұл - темір қолданудың қуатын көрсету болмақ.
Өмір ілгері басқан сайын, ит, түлкінің де қызметі жіктеле бастайды. Мысалы, «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегісіндегі көк төбет адам жейтін болса, «Алтын сақадағы» иттер адамның досы. Кейде пері қыздары өз сиқырын адам (батыр) пайдасына қолданады. Оған - Күнікей қыздың, ханды қасқырға, уәзірлерді түлкіге айналдыруы куә. Адам енді тілсіз күштердің, түрлі-түспен тұлғаға ене алатын сиқырмен де жан салып күреседі. Табиғат сырын танып білу тереңдей түседі. Мифтік ойлаудың астарында табиғат, өмір құбылыстарын адам әрекеті, еңбек үстінде танудың белгілері бар.
Сонымен, мифтік образдар табиғатында адам ойының сәби, жетілмеген кезіндегі ой-нанымдарының таңбасы басым дейміз. Оны бірде ертегі мазмұнындағы қайшылық десек, бірде образдық ойдың фольклорға тән жемісі деп білеміз. М. Горький сөзімен айтар болсақ, халық қиялы сан-алуан мифтік образдарды ойлап шығарып, солар арқылы табиғат сырын, өмір мақсатын танып білуге тырысқан.
Матриархат пен патриархат арасындағы қайшылықты білдіретін қазақтың мифтік (қиял-ғажайып) ертегілері - «Алтын сақа», «Күн астындағы Күнікей қыз», «Жерден шыққан Желім батыр», «¥шар ханның баласы», «Аламан мен Жоламан», «Керқұла атты Кендебай», «Ер Төстік», «Еділ - Жайық». Бұл ертегілерде тотемизм сарыны азайған.
«Алтын сақа» ертегісінен бақташылық өмір суреті көрініс тапқан. Ішінде тотемдік ұғым да бар. Мысалы, жалмауыз кемпір қуып жеткенде, екі түлкі келіп, бірі оның тісін, бірі кетпенін алып кетеді. Баланың сәлемін қарғалар емес, қарлығаш ғана оның бес төбетіне жеткізеді. Бес төбет жалмауыз кемпірді де, оның артынан іздеп келген қызын да өлтіреді.
Осы сарын «Сырттандар» ертегісінде тіпті айқын. Асылы бұл ертегі бөрі, ит тотемін символдау болса керек. Мұндай ертегілер қазақ фольклорында аз емес.
«Желім батыр», «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегілерінде тартыс жұбайлы неке жолындағы күреске негізделген. Алғашқы
ертегіде кемпірдің үш баласы болады. Олардың екеуі өліп, кіші баласы дәуді жеңеді. Қүдыққа жауып тастаған дәумен шешесінің көңілі жарасып, содан Желім батыр туады.
Жерден шығу ертедегі Тесік тау (Отүкен) аңызын мегзейді. Тұрік қағанаты кезінде Могилан өзінің алтынын киік, тай, қой, бүзау Түрінде құйғызып, шатыр астындағы көгалға малша Тұрғызып қоятын болған. Күнікей ертегісіндегі алтын мүйіз киік, «Бозінгендегі» басы алтын, күйрығы күміс бота Тұрік қағанаты заманында туады. Мұндағы құмырсқа - тотем.
Аламан мен Жоламан, Құламергендер ылғи дәу, мыстандармен күреседі. Осы мазмұндас мифологиялық ертегілерде қала, қамал, құдық (зындан) оқиғасы және кездеседі.
«¥шар ханның үш баласы» ертегісінде айдаһар тотемінің ізі бар. Мұндай мифология шығыс ертегілерінде көп болса да, бұл ертегі қазақтың төл ұғымынан туған. Айдаһардан қызды арашалап қалу батырлар жырында да кездесіп қалады. Ертегідегі Жандыбатыр күн (пері) қызын іздеп, екі айдаһарды, көлтаусар дәуді өлтіріп, Зәузәмір дейтін пері қызын алады. Тартыс жұбайлы некенің орнығу кезеңінен хабар береді. Мұндағы балаға болысатын жүлдызшы, кітапшы, суға түскен семсерді табатын дәулер Желаяқтар сияқты адамға дос. Матриархат дәуірінің мифінен мыстан мен Сары өзенді шайқайтын дәу бар. Дәузәмір «Оғызнамадағы» Күнсүлуға үқсас. География мен ұғымдар шеңбері өте кең. Айдаһар, мыстан, дәу ерте замандарға кетсе, жүлдызшы, кітапшы - Соғда, Қытай, Тибет елдерінің ұғымына бейім, Сиқырлы семсер темір қолданудың туғандығын білдіреді. Түрік қағанатында
темір табу IV ғасырдан бар десек, оқиға Алтай - Қытай қарым-қатынасын мегзейді. ¥шар - бірде Сібір тайпаларының аты болса, бірде Сібір ханы - Ишбара. Жандыбатыр ылғи ғана жаяу жүреді. Оның мәнісі мал шаруашылығының туа қоймағандығында болса да ғажап емес. Бұл қазақтың мифологиялық ертегілерінің ішіндегі көнелерінің бірі.
Мифологиялық ертегілердің бір жағында жалмауыз кемпірлер, дәулер, Тұрліше тотемдер, екінші жағында солармен күреске түсіп жүретін мергендер, аты жоқ балалар, Ер Төстік, оның Желаяқ, Таусоғар, Көлтаусар сияқты достары жүреді. Бұлардың ғашық қыздары көбіне пері болып келеді. Кенжекей ақ қасқыр қызындай сәуегей, ол мыстан, Бекторы, Шойынқұлақ жамандығын күн бұрын сезеді. Қыз біткеннің сиқыры, олардың әлеуметтік типі көп жағдайда бұлдыр. Проблемасы тек Жанды батыр, Ер Төстіктердің төңірегіне құрылған. Ғашықтық қыздар емес, ерлер, бала батырлар басында.
Мифологиялық ертегілердің бас қаһарманы - мерген балалар. Олар бірде кемпір мен шал, бірде бай, бірде хан баласы, кейде атасы жоқ, тек кемпір баласы делінеді. Кендебай, Қазанғап деген кедейдің баласы. Ол мифтік патшаға (пері патшасына) түтқын болған Мергенбайды қүтқарып, пері қызына үйленеді. Оның жолындағы бөгет - жеті басты дәу, арыстан, жалмауыз кемпір, ең үлкені - адам перісі. Мұның бәрі де миф. Қияли ертегіде ат иемдену, мал шаруашылығы туа бастаған. Қүйрығы алтын, жүні құндыз қүлындар да мифтік жылқылар.
Осы мазмұндас ертегілерде хандар бейнесі де бар. Олардың өздері де көп жайда мифтік образдар болып келеді. Кендебай «өзімдікі» дегенді білмесе, хандар бәрін «өзімдікі» дейді. Мифтік ертегілерде реалдық өмір суреттері аз, бұлдыр.
Мифологиялық ертегілердегі жамандық пен жақсылық көбіне табиғат пен адам арасындағы тартыстарға құрылады. Тұрліше тотем, миф ортасында реалдық адамдар - мергендер мен бала батырлар - арал сияқты болып көрінеді.
Ертегі сюжеттерінің локалдық шеңберде көрінуі арыда емес, қоғам бақташылық кәсіпке көшкен кезде туған сияқты. Ертедегі мифологиялық ертегілердің нанымдық-географиялық, өмірлік шеңбері кең де шексіз. Күн, жер, Тұрмыс суреті, кәсіп, нанымдар қазақ ертегілеріне ғана тән емес. Оларды Қытай, Алтай - Саян, Иран, Үнді, грек, орыс мифологияларымен де ұқсатуға рет бар.
Тылсымдау, сиқырлау, жәділеу, самұрықпен ұшу, теңіз кешу, айдаһармен алысу, жеті басты жалмауыз, адам етін жейтін кемпірлер үнді ертегілерінен алынған ба дейміз. Жамандық пен жақсылық, жеті пәле Иран елінің ұғымдарынан да көрініс тапқан. Ол замандарда политеистік наным бүкіл Азияға ортақ болған. Мысалы, «Қорқыт ата кітабы» сюжетіндегі Төбекөз дәу «Одиссеядағы» Полифемге үқсас. Скиф-сақ дәуірінен қалған Желаяқ (Ветрогон). Көлтаусар (Опивало яки Объедало), Таусоғар (Горокат) шығыс-батысқа бірдей ортақ. Жабайылық, аңшылық, бақташылық өмір сатыларын, космолгия, тотемизм, зороастризм, дуализм, монотеизм нанымдарын басынан өткермеген елдер кемде-кем.
Достарыңызбен бөлісу: |