Эвфемистік ирония. Əдетте ирония деп сөздің не сөйлемнің тура мағынасы мен оның астарлы мазмұнының қайшы келуін айтады. Бұл қазақтың «Сырты бүтін, іші түтін» деген мəтелін еске салады. Шындығында, ирония өз нысанын сырттай құптап немесе мақтап-мадақтап тұрғандай əсер қалдырғанымен, ауыспалы астарлы мазмұны арқылы оны түйрей шымшып, түкке алғысыз етіп кемітіп, кекетіп, жермен жексен етеді. Мысал:
Біржан: ...Тез алдырт күйеуіңді Сара саңлақ,
Көрейін күйеуіңді тиген таңдап.
... Шыбықтай жігіт шығар өңі нұрлы,
Өнері өзің теңдес сегіз қырлы.
Шеңберден мін алатын мініскерсің,
Ер шығар тоты құстай неше түрлі...
Сара: ... Əркімнің қолда бары өзіне алтын,
Біржанға бір тырнағын тұрмын сатпай
Көрінсін Біржан салға ай секілді,
Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді.
Ұсынса қол жетпейтін арғымағым,
Арғынға баламаймын тай секілді...
Бұл үзінділер иронияға лықа толы. Сырттай қарағанда, Біржан да, Сара да Жиенқұлды жер-көкке сыйғызбай мадақтап, мақтап тұрғанға ұқсайды. Ал істің шындығына келгенде, бұл мақтау екі ақынға да ащы шындықты бүркемелеу немесе оның тігісін жатықтау етіп сездіру үшін ғана қажет болып тұр. Болмаса, Жиенқұлда жоғарыда аталған асқақ қасиеттердің бірі де жоқ екені, керісінше, оның қай жағынан болмасын Біржанның тырнағына татымайтыны əрі Сараға да тең емес екені қос ақынға да, басқа жұртқа да белгілі жай. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, жоғарыда курсивпен берілген жолдар таза поэтикалық ирония ғана емес, эвфемистік те ирония. Демек, эвфемизмдердің қалыптасуына ирония да өзінің үлкен үлесін қосып отырады деп толық айтуға болады.
Эвфемистік парафраза. Əдетте парафраза деп белгілі бір ұғымды өз атымен тура атамай, оны басқа сөздер арқылы сипаттай түсіндіруді айтамыз. Мəселен, Астана деудің орнына - еліміздің астанасы, президент деудің орнына ел басы немесе конституцияны - ата заң деу парафразаға нақты мысал бола алады. Алайда, парафразалардың бəрі бірдей эвфемистік қызмет атқара бермейді. Эвфемистік парафразаның атқаратын қызметі мүлде бөлек. Негізінен ол табу сөздерді немесе, мағынасы суық, дөрекі, ыңғайсыз, қолайсыз ия анайы ұғымдарды майдалап, тігісін жатықтау етіп жеткізу үшін қолданады. Бұған төмендегі мысалдар айқын дəлел:
... Өзі залым зəкүншік
Танып алды талайды,
Көрмей тұрып құсамын
Темір көзді сарайды (Абай).
- Əй, қураған-ай!.. - деп, соған қосып аса қатты, сұмдық бір боқтықты айтып қалады (М. Əуезов).
... Ауыл үстінде тынбай ойнақтайтын сөздер - сиыр, есек, ит, шошқа болып басталады да, аяқ жағы бір ана сорлының атын былғап бітеді. (Ғ. Мүсірепов) Бұл мысалдардағы әдейі курсивпен терілген сөз тіркестерінің бәрі де парафраза, бірақ олар жай парафраза емес. Өйткені олардың қай-қайсысы да ашық айтуға ыңғайсыздау белгілі бір ұғымның мағынасын бүркемелеп, астарлы эвфемистік мағына тудырып тұр. Демек, эвфемистік мағына тудыруда басқа троптар сияқты парафразаның да атқаратын қызметі ерекше.
Фразалық тіркестерден болған эвфемизмдер. Фразалық тіркестер әдетте идимдар және фразалар болып екі топқа бөлінеді. Бұлардың екеуі де тұрақты сөз тіркестері. Солай бола тұра, идиомдар мен фразалар бір-бірінен өзіндік ерекшеліктері арқылы ажыратылады. Мәселен, идиомдардың құрамына кіретін сөздер өздерінің тура мағынасынан айырылып қалады да, бір-бірімен жымдасып, басқа мағынаға ие болады. Керісінше, фразаның мағынасы сол фразаны құрайтын сөздердің тура мағыналарынан туындайды. Мысалы, «Қабырғамен кеңесу», «қас пен көздің арасында», «жүрек жалғау», «қырғи қабақ болу», «тонның ішкі бауындай» дегендердің бәрі де идиомдар. Ал «белін қынай буынды», «ата жолын қуу», «егіліп жылау», «асқар тау», «шалқар көл», «жосадай қан», «мидай дала» деген тіркестер – фразалар.
Осы сияқты фразалық тіркестердің ішінде ара-тұра эвфемистік мағынада жұмсалатындары да болады. Айталық, Асан Айдарды ауыр сөздердің астына алып сыбаса, Асан Айдардың ит терісін басына қаптады немесе жерден алып жерге салды дер едік. Ал егер олар осыдан кейін бірін-бірі өте жаман сөздермен балағаттаса, ауыздарынан ақ ит кіріп, қара ит шықты деген фразалық тіркестің көмегімен жайсыз сөздердің бетін бүркемелеп, тігісін жатық етіп білдірер едік. Дәл осы тұрғыдан алып қарағанда, түс шайысу, сөзге келу, қызыл кеңірдек болу, тіл тигізу т.с.с фразалық тіркестерді эвфемистік фразалық тіркестер деп айтуға толық болады. Өйткені бұл тіркестер де ұғымы дөрекі немесе қағаз беті көтере бермейтін анайылау ұғымдардың атын тура атамай-ақ майдалап немесе сыпайылап жеткізу үшін қоланылады.
Есімдерден жасалатын эвфемизмдер. Есімдіктер де эвфемизм бола алады. Бұл – әсіресе ауызекі тілде кездесетін құбылыс. Мәселен, бірдеме, бір нәрсе, анау-мынау, солай, олай-бұлай т.с.с есімдіктер айтуға ыңғайсыз саналатын ұғымдардың атауларының орнына қолданыла береді. Айтылатын ой жалпы контекстен айқын сезіліп тұратындықтан, жайшылықта есімдіктердің ондай қызметіне мән де беріле бермейді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақтылы мысалдар келтірейік:
... Елімнің айқын көсемі
Батыр Шеген дер еді,
Достарыңызбен бөлісу: |