1.2.2. Анатомия мен физиологиялық процестерге қатысты атаулар
Табу сөздер мен оларды алмастырып отыратын эвфемизмдердің ендігі бір тобы анатомия мен физиологиялық үрдістерге қатысты кейбір ұғымдардың атауларымен байланысты. Мәселен, моральдық немесе этикалық нормалардың тұрғысынан өрескел немесе ұят саналатындықтан, көптеген тілдерде адам мен жануарлардың анатомиясына қатысты кейбір терминдер мен физиологиялық құбылыстардың атаулары тура атала бермейді. Демек, олар – табу. Қажет болған жағдайда жаңағылардың ашық қолдануға дөрекі ия ұят саналатын атаулары эвфемизмдермен ауыстырылып отырады. Мысалы, әйел адамдарға тән табиғи физиологиялық үрдістердің бірі – бала көтеру. Солай бола тұра, о баста құрсақ көтерген әйел болсын, ішінде төлі бар ұрғашы мал болсын, екеуіне де тең қолданыла беретін түркі тілдерінің көбіне ортақ «буаз» (боғаз өзб., бооз қыр., боос алт., поос хак., богаз өз., буваз кбал., бываз баш.) деген сөз қазіргі кезде жартылай табуға айналып, тек малға байланысты ғана қолданылады. Ал әйел адамдардың ондай жағдайларын қазақ екі қабат, аяғы ауыр немесе жүкті дейді.
Қырғыздар да аяғы ауыр әйелдерді қош қабат (қос қабат), бош бойлу (қос бойлы) немесе бойунда бар (бойында бар) сияқты эвфемистік сөз тіркестері арқылы білдіреді. Керісінше өзбектер іккі қабат (екі қабат) деген тіркесті ерсі санап, оның орнына һоміладор немесе оғір айоқлі (аяғы ауыр) сияқты эвфемизмдерді пайдаланады. Соңғы эвфемистік тіркесті басқа түркі халықтары да қолданады. Мысалы, тувалықтар екі қабат әйел туралы хол буду ар 'та (қол-аяғы ауыр) деп астарлап сөйласе, əзірбайжандар бойында ол (бойында болу), гəфəсі (бойну) долу ол (бойы толы болу), һəмлі ол (жүкті) секілді эвфемизмдерді де қоса пайдаланады [6].
Түркі тілдерінде жоғарыда аталған физиологиялық үрдіспен байланысты тура атауы ашық қолданыла бермейтін, сондықтан да эвфемизмдерге орын беріп отыратын тағы бір ұғым бар. Ол – «туу» деген етістік. Қазақ тілінде "əйел туды" деуден гөрі "əйел босанды" деу анағұрлым жатықтау естіледі. Құлаққа ерсілеу тиетіндіктен "туу" деген етістіктің орнына қырғыздар етегінен жалғады, бойынан босанды деген эвфемистік тіркестерді пайдаланса, өзбектер көз жарды деген астарлы тіркесті қолданады.
Түркі халықтарында сонымен қатар, дүниеге келген жас нəрестенің жынысын да ашық айтпайды. Мысалы, қазақтар ондайда "ұл ма, қыз ба?" деудің орнына "қойшы ма, жылқышы ма?" десе, өзбектер "ұл ма, халва ма?" немесе "бөрі ме, түлкі ме?" деп астарлайды.
Табу мен эвфемизмдердің қалыптасуына əсер ететін себептердің енді бірі ас қорыту процестерінің нəтижесінде адам организмінен сыртқа бөлінетін заттар мен соларға қатысты кейбір ұғымдардың құлаққа оғаш немесе жағымсыз естілетін атауларында жатыр. Ондай сөздер табу ретінде эвфемизмдерге орын беріп отырады.
Қай тілді алмасақ та табу мен эвфемизмдердің ендігі бір тобы адам мен жануарлардың кейбір анатомиялық мүшелері жəне жынысқа қатысты ұғымдардың атауларымен байланысты қалыптасады. Ауызекі тілде де, ақын-жазушылардың шығармаларында да ондай атаулар табу ретінде айналымнан шығып, олардың орнын үнемі эвфемизмдер басып отырады.
Физиологияға тікелей қатысы бар ұғымдардың ішіндегі, əсіресе ұят немесе ерсі саналатындардың бірі - əйел мен ер адамның арасындағы табиғи жыныстық қатынас. Алайда қалыптасқан этикалық нормаға байланысты мəдениетті ортада бұл мəселені ашықтан-ашық сөз ету, ара-тұра, болмаса сирек кездеседі. Ал оның есесіне «бұралқы сөз күлмекке жақсы» демекші, бұл тақырыптың төңірегінде əзіл-қалжың айтылып, немесе шынайы əңгіме туа қалса, айтатын ойды майдалап, тұспалдап немесе астарлап жеткізу үшін кез келген тілдің эвфемистік сөздік қоры мен мүмкіншілігі жеткілікті.
Қай тілде, қай мəдениетте болмасын табу мен эвфемизмдердің ендігі бір үлкен тобын қоғамда қалыптасқан моральдық-этикалық нормаларға қайшы келетін өрескел қылықтарды, атап айтқанда, зинақорлық, маскүнемдік, ұрлық-қарлықты сипаттайтын сөздер жəне солармен ұштасып жататын ұғымдардың, атаулардың атаулары құрайды. Өйткені бұл топқа жататын эвфемизмдер айналымнан өте тез шығып, оларды жаңа эвфемистік синонимдер алмастырып отырады.
Бұл сияқты эвфемистік неологизмдер түркі тілдеріне, оның ішінде қазақ тіліне де тән. Мысалы, қалыптасқан моральдық-этикалық нормалардың шеңберінен шығып, өрескел немесе сорақы қылықтарымен көзге түрткі болып жүретін адамдар жөнінде: тәртібі нашар, бұзылған, бетімен кеткен, шектен шыққан, жолдан шыққан, жүгенсіз, беті ашылған, жеңіл жүрісті, суық жүрісті т.б. эвфемистік синонимдер қолданады. Бұлардың тасасында тұрған ыңғайсыз саналатын ұғымдарды атамаса да түсінікті. Мәдениетті орталда ондай сөздерді атау ұят немесе ерсі саналады. Олардың басым көпшілігі адамның мәдениетті сөйлеуге, ұғымы жаман сөзлерден аулақ болуға тырысып отыратындығынан келіп қалыптасады.
Достарыңызбен бөлісу: |